«Күйсек, бiз күйейiк, сендер өздерiңдi сақтаңдар. Елге екi сөз айта алмаймыз. Ал сендер келешек үшiн керексiңдер», – деген сөзiн iс жүзiнде дәлелдеген.
Мұны Мағжан да түсiнген. Сондықтан да тергеушiлердi «жалған iзге» салып, әр адамның iс-әрекетiн дербестендiруге тырысқан. Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың, Мiржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаевтың, Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедовтердің, Әлімхан Ермеков пен және Жаһанша Досмұхамедовтің, Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтiң ұлттық рухани тұтастығын және олардың бiр бағытта, бiр майданда күрескенiн досы да, дұшпандары да мойындады. Алайда саяси күреске әбден шыныққан алаш қайраткерлерi өздерiнiң достығын, ұлы мақсатын ұлтының қаскүнемдерiне ашып бергiсi, Абайша айтқанда, «ақ көңiл, ашық жарқын боламын деп, көрiнгенмен жыртақтағысы» келмедi. Қосақ арасында қоса кетпей, қалайда бiр-бiрiн сақтауға тырысты.
Алғашқы тергеудегі барлау мен арбау сұрақтарына берген (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):
«Бөкейхановпен кездескен кезімізде әңгімеміз әдебиет туралы пікірден әрі аспайтын»;
«Ақ жол» газетінің саяси бағыт-бағдары айқын болмады, онда ұлтшылдық көзқарасты ұстанған мақалалармен қатар коммунистік күресті насихаттайтын мақалалар да қатар жариялана беретін. Оның сол кездегі редакторы Сұлтанбек Қожанов болды. Ұлтшылдардың ішінен ол газетте Әуезов «Шолпан» жураналымен сәйкестендіре істеді»;
«Заки Валидов туралы ешқандай мағлұматым жоқ. Шоқаев туралы газеттерден оқығамын, Бірімжановпен таныс емеспін», – деген жауаптарынан бұл анық аңғарылады.
Сөйтіп, «терiстеудi терiстей отырып», ұлттың мәйегiн аман алып қалуға ұмтылды. Тіпті басты «куәгер» Дінше Әділев те:
«Қазақстандағы астыртын әдебиет үйірмесінің бар екендігі туралы мен ештеңе естігемін жоқ. Ұлтшыл көсемдердің жанама аттары маған белгісіз. Мен Ташкентте жүрген кезімде бір күні маған Байтасов па, әлде басқа біреу ме, ұмытып қалдым, маған Жұмабаевтің бағдарламасын көрсеткені есімде. Өзімнің әдеби үйірмеге тікелей қатысым болмағандықтан да, оған қатысқан жоқпын, ол жөнінде ештеңе айта алмаймын», – деп бас тарта жауап беріпті.
Айыптау қорытындысында:» ж). Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн эпикалық сарында әспеттей суреттедi, оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде – кең байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды», – деп жазылған.
Ал оған М.Тынышбаев: «Ал «Алқа» әдеби үйірмесі туралы ештеңе білмеймін. Әдеби үйірмелер Сібір үкіметі тұсында болған шығар, оған Мағжан Жұмабаев, Әуезов, Смағұл қатысқан шығар. Ал оның қалай аталғанын білмеймін. Олардың идеялық бағыты біздің алашорданың бағыты болуы тиіс. «Алқа» үйірмесі туралы Халел Досмқхамедов білуі мүмкін. Ол әдебиетке жақын әрі өзі де айналысады», – деп жауап беріп, аттың басын теріс бұрып жібереді.
Әйтпесе, баспасөзде даңғазалықпен желпілдетіп жатқан әдеби айтыстан хабардар болғаны айдан анық. Еш күмән туғызбайды. Халел Досмұхамедов бірнеше рет:
«Тағы да қайталаймын: 1) «Алаштықтармен» 24-жылдың қыркүйегінен бастап барлық байланысымды үздім және олардың Қазақстандағы қылмысты әрекетnеріне ешқандай да қатысым жоқ. 2. „Алқа” үйірмесіне қатысқамын жоқ. Ол туралы білгендерімді бұрын айтқанмын», –деп жазып берген.
Ал бұрынғы айтқандары Қазақ ғылым комиссиясындағы атқарылған жұмыстар, шығарылған кітаптар, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспары туралы болатын. Сол жауаптардың барлығының басы қосылып, қорытылып «Айыптау қорытындысында»:
«Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық... «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм». (Досмұхамедов Х., № 2370-iс, 1 т., 221-парақ)», – деп «толықтырылып», шындықтың астары өзгертіліп берілді.
«Терісті теріске шығару» тәсiлін жауап беру барысында Мағжан да қолданды. Ол өзiнiң түсiнiктемесiнде:
«Байтұрсынов пен Бөкейхановтың жалпы әдебиет, оның iшiнде әдеби сын туралы көзқарастары менiң пiкiрiммен үнемi қайшы келiп отырды. Өз басым әдебиеттi рухани толысуға, рухқа, рухани құштарлыққа қызмет етедi деп есептедiм, ал жоғарыда аты аталған адамдар: әдебиет – ең алдымен халықты жаңа бағытқа, жаңа iске шақырады, оларды үгiттейдi, – деп түсiнедi. Әдебиеттi – өнер, – деп емес, насихатшы құрал, – деп қабылдайды. Мiне, осындай пiкiр қайшылықтарының нәтижесiнде жолымыз екi айырылды. Осыған орай «Тоқсанның тобы» деген толғау жаздым, мұндағы негiзгi ойым: тоқсан деп көрсеткенiм – қалың бұқара халық, қалған оны – еңбексiз күн көретiн тоғышарлар...
Осы толғау арқылы болып жатқан төңкерiске өзiмнiң көзқарасымды бiлдiрдiм. «Алқа» атты үйiрменiң бағдарламасын сол толғау арқылы насихаттадым. Бұл толғауды Оқу-ағарту халық комиссариатының Ақмоладағы бұрынғы төрағасы Молдағали Жолдыбаевқа жiбердiм. Сонымен қоса «Толғау» атты өлеңмен жазылған бағдарламаны да қоса жолдадым. Ол «Толғау» баспасөзде жарияланбаған күйiнше қалды. Аты аталған ұзақ толғауымда өзiмнiң бүкiл өмiрiмдi, жiберген қателiктерiмдi, оңды-солды толқуларымды, соқпақсыз жолдарымды, тұтастай жалпылама баяндап шықтым.
Ақыры «Алқа» үйiрмесi ұйымдастырылмай, аяқсыз қалды», – деп көрсеттi.
Әрине, мұндағы Бөкейханов пен Байтұрсыновтың көзқарасының Мағжанның көзқарасымен үйлеспеуiнiң шынайы мәнiсiн, саяси астарын жоғарыда ескерткен жайды еске ала отырып түсiнген абзал. Әйтпесе, ұлтын ояту үшiн Мiржақып пен Мағжанның тартынып қалған жерi жоқ. Ахмет Байтұрсыновтың:
«Мен үшiн әдеби бағыттардың – пролетарлық немесе ұлтшылдық бағыттардың қайсысы басымдық танытаса да бәрiбiр», – деп немқұрайлы қарамағаны анық.
Бұл тергеушiнi iзден жаңылыстырудың ғана амалы. Рас, Бөкейханов пен Байтұрсыновтың ұлт алдындағы жауапкершiлiгi аса үлкен, тек көзқараспен шектелiп қалмайды. Олардың басты мақсаты – барлық мүмкiндiктi пайдаланып, ұлттың рухани мәдениетiн көтерiп, жаңа танымдық сатыға көтеру едi. Көркем әдебиет саласындағы белдi таланттардың өзiн, Мағжан мен Жүсiпбектi, Мұхтарды, Халел және Жаhанша Досмұхамедовтердi, Мұхамеджан мен Елдестi, Даниал мен Қошкенi оқу-ағарту саласына тартып, ғылымның барлық саласынан ұлтына мағлұмат берудi көздедi. Бұл идея олардың өзара жазысқан хаттарында да басты тақырыптың бiрi болды.
Алайда, қандай да қолға iлiнетiн суыртпақты iздеген кеңестiң кекшiл тергеушiлерi мұны мүлдем басқаша баяндап, контрреволюциялық ұлтшыл әрекеттiң қатарына жатқызды.
Оған Ә.Байділдиннің: «Тағы да: «Алқаның» бар екенін мен жақсы білдім. Алғаш рет шамамен 1925 жылдары білдім. «Алқа» ұлтшыл Жұмабаевтің бастауымен Москвада ұйымдастырылған. Бұл әдеби үйірмені бүркемелген астыртын ұйым болатын... Семейден рабфакқа оқуға келген Ыдырыс Мұстамбаевтің туысы Смағұл Нұрпейісовтен ұйым туралы сұрадым. Ол көпке дейін жасырып айтпады... Ақыры Смағұл: өзінің Аймауытовпен, Байтасовпен, Кемеңгеровпен байланысы бар екенін, оларда астыртын қоғамның платформасы бар екенін, ол қоғамға мұны да тартқанын айтты. Оның бастаушысы Жұмабаев екенін білдім. 1927 жылдары Аймауытовтың, Кемеңгеровтің, Әуезовтің, Байтасовтың арасында хат арқылы пікір алысулар болыпты. Жұмабаев Москвада, қалғандары Шымкент пен Ташкентте тұратын» – деген көрсетіндісі негіз қалады.
Араларында пікір алысудың тәжірибесі болғандықтан да және сол тұстағы маңдай алды жазушының қатарына көтерілген сөз қайраткері ретінде «Алқаның» «Табалдырық» атты бағдарламасын Мағжан Жұмабаевтiң Жүсiпбек Аймауытовқа жiберуi заңды да, орынды да едi. Бұл Аймауытовтың айы оңынан туған дүлдүлдi шағы болатын. Мағжан жолдаған бағдарламаны қалай алғаны туралы түрме тергеушiсiне Жүсiпбек:
«24 / VI – 29 жыл. Мен «Алқа» үйiрмесiнiң бағдарымен бiрiншi рет 1925 жылдың басында Орынбор қаласында мынадай жағдайда таныстым.
Мен Ташкент қаласында шығатын «Ақ жол» газетiнде iстейтiнмiн, содан Орынбор қаласына демалысқа келдiм. Сол жолы редакцияда Сәрсембинмен кездесiп қалдым, ол өзiнiң менде жұмысы бар екендiгiн айтты. Екеумiздiң сөзiмiздi Алдыоңғаров тыңдап отырған болатын, содан кейiн бiз соңғы адамның (Алдыоңғаровтың – Т.Ж.) пәтерiнде кезiгуге уәделестiк. Сәрсембин: «Онда бiзден басқа да бiрнеше адам болады», – дедi. Сөйтсем Алдыоңғаров үйiрме бағытымен (платформасымен) таныс екен. Келесi күнi, әлде сол күнi ме, әйтеуiр түс әлетiнде бiз Алдыоңғаровтың үйiнде жолықтық, онда – Сәрсембин, Алдыоңғаров, Сегiзбаев, мен аты-жөнiн бiлмейтiн тағы да басқа адамдар отыр екен. Менiң ойымша, олар қостанайлық студенттер болуы керек. Сәрсембин «Алқаның» бағдарын оқып шығар алдында:«Мұны Жұмабаевтың қатысуымен мәскеулiк студенттер жазған», – деп түсiнiктеме бердi. Кейiннен Жұмабаевпен хат алысудың барысында ол бағдарды жазған Жұмабаевтiң өзi екенiн бiлдiм, себебi оның маған жолдаған бағдарының үлгiсi әлгiден айнымайды. Бұл iске Бөкейханов Әлихан мен Байтұрсынов Ахметтiң қатысының бар-жоғын бiлмеймiн, ол туралы Сәрсембин ештеңе деген жоқ. Ол маған бұл бағдарды Байтұрсыновқа оқып бергенiн айтты, бiрақ бұл жөнiнде Байтұрсыновтың не дегенiн бiлмеймiн. Бағдарды Сәрсембин тағы кiмге оқып бердi, одан да хабарым жоқ. Бағдарды оқып болғаннан кейiн, өзiм келiспейтiн бiрнеше тармағын қағазға түртiп алдым да, бұл туралы пiкiрiмдi Жұмабаевтың өзiне тiкелей жазып жiберемiн, – дедiм. Ол тармақтарда не жөнiнде айтылғаны қазiр есiмнен шығып кетiптi.
Қатысқандар Сәрсембиннен: «Алқа» сияқты үйiрмелер өзге жерде бар ма, ондайды ұйымдастыруға мүмкiншiлiк бола ма?», – деп сұрады. Оларға Сәрсембин: «Мәскеуде орыс жазушыларының «Алқа» iспеттi үйiрмелерi бар, «Алқаны» ұйымдастыратын күш те бiзде бар», – дедi. Сөзiнiң соңында Сәрсембин: «Кiмде-кiм үйiрменiң бағдарымен келiспесе және оған мүше болғысы келсе Мәскеудегi Жұмабаевқа не Сәрсембинге хабарлассын», – дедi.
Содан кейiн мен өзiмнiң әдеби бағыттардың ағымдарымен таныс емес екенiмдi айтып, Жұмабаевқа осы мәселе турасында жазылған кiтаптарды жiберудi өтiндiм. Ол маған «Символизмнен бастап қазан төңкерiсiне дейiн» деген кiтапты жiбердi.
Орынборда үйiрме жұмысы ұйымдастырылмады. Мүмкiн менсiз өтуi де мүмкiн, өйткенi, мен iле Ташкентке кеттiм. Онда барған соң әлгi бағдарлама тағы да алдымнан шықты, оның бiр данасы Мәсекуден Қошмұхамед Кемеңгеровтiң атына жiберiлiптi. Бiр күнi мен, Кемеңгеров пен Байтасов және маған белгiсiз тағы екi студентпен бiрге Кемеңгеровтiң үйiнде отырып, тағы да сол бағдарды талқыладық, «Алқа» үйiрмесiн ұйымдастыра аламыз ба, оған кiм қатысуға келiседi, кiмдер қарсы болады – соны талқыладық.
Негiзiнен алғанда үйiрменi ұйымдастыруды қатысқандардың бәрi де қолдады, ал жекелеген тармақтарымен келiспеген нәрселерiн Мәскеудегi Жұмабаевқа жазып жiберуге уағадаластық. Олардың барлығыда: үйiрме мүшелерi бағдарламада көрсетiлген талаптардың негiзiнде көркем шығарма жазуы тиiс, қазақ әдебиетi жас әрi жұтаң болғандықтанда, әдеби мәселелердi талқылау үшiн құрылтай шақыру керек дегенге келiстi.
Қорыта айтқанда, үйiрменiң негiзгi мiндетi – қазақ әдебиетiн дамытуға үлес қосу болатын.
Құрылтайды шақыру жөнiндегi барлық жауапкершiлiктi мәскеулiк студенттер өз мойындарына алсын дестi жиналғандар. Кейiн менiң өзiм Жұмабаевқа хат жазып, құрылтайдың қай жерде өткенi оңтайлы деп сұрадым. Мәскеуде ме, Орынборда ма, Ташкентте ме? Олардың көпшiлiгi Ташкент қаласында жиналуға тiлек бiлдiрдi. «Алқа» үйiрмесi сол күйi ұйымдастырылмай қалды, себебi айтылған мәжiлiстен кейiн бiз бiрде-бiр рет бас қосқамыз жоқ, Жұмабаевтың бағдары өзiне қайтарылып берiлдi. Ол бағдарға мен қол қойдым ба, жоқ па, есiмде қалмапты, сондай-ақ өзгелердiң де қол қойған - қоймағанын бiлмеймiн.
Осы бағдардың негiзiнде жазылған шығарма жарық көрдi ме, оны да айта алмаймын. Жеке басым ол бағдарды негiзге алып ешқандайда туынды жазғамын жоқ. Кемеңгеров пен Байтасов бағдардың көшiрмелерiн өздерiнде қалдырды ма оны да бiлмеймiн. Ал менiң өзiмде оның ешқандай көшiрмесi қалған емес. Кейiннен мен бұл бағдар туралы Жұмабаевпен, Әуезовпен пiкiр алысып, хат жаздым»,
Өмiрiнде де, өнерiнде де шындықты ту қып ұстап өткен Жүсiпбек Аймауытовтың бұл жауабында ешқандай жала да, жалтаң сөз де жоқ. Олар «Алқа» үйiрмесiнiң бағыт-бағдарын ашық мәлiмдеп, ондай ниеттiң болғанын бiр ауыздан тайсақтамай мойындайды. Өздерiне: пәлендей кесiрiн тигiзедi, айып ретiнде тағылады, үйiрменi астыртын ұйым ретiнде бағалайды – деп қауiптенбегендерi байқалады.
Алайда, қандай да қолға iлiнетiн суыртпақты iздеген кеңестiң кекшiл тергеушiлерi мұны мүлдем басқаша баяндап, контрреволюциялық ұлтшыл әрекеттiң қатарына жатқызды. Мұны олардың барлығында кеш, өте кеш, айыптау қорытындысымен танысқанда бiр-ақ бiлдi. «Алқа» әдеби үйiрмесiн алдыға тарта отырып тергеушi Поповтың Мұхтар Әуезовке қойған сұрақтарына алған жауабы мынадай:
«Ал «Алқа» үйiрмесiне байланысты айтарым мынау: 1925 жылдың басында «Табалдырық» әдеби тобының декларациясы қосып салынған Жұмабаевтың хаты маған почта арқылы келдi. Ол партияда бар және партияда жоқ 6-7 адамнан тұратын топ жария түрде «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрғандығын, бұл туралы менiң пiкiр бiлдiруiмдi, егерде бұл үйiрменi қостайтын болсам, онда соның құрамына кiруiмдi өтiнiп, тiлек бiлдiрiптi. Мен ол кезде Семейде болатынмын. Мен «Табалдырықтың» декларациясын губерниялық комитеттiң үгiт–насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Тоқжiгiтов жолдасқа көрсеттiм, бiрақ та ол мұны бiр айдай ұстады да, қайтарып бердi, алайда нақты ештеңенi ашып айтқан жоқ.
Бұл декларацияның мазмұнынан ұққаным: үйiрме ашық жұмыс iстеу керек екен және баспасөзге араласуы тиіс көрiнедi, өйткенi өзiнiң бағыт-бағдарынан байқалып тұрғанындай, М. Жұмабаевтiң бұрынғы көзқарастарына қарағанда мүлдем басқаша, мазмұны жағынан солшылдыққа жақын, бүгiнгi күнге бейiмделе жасалған едi. Жұмабаев бұл бағдарлама (платформа) туралы маған баспасөз бетiнде пiкiр бiлдiруiмдi өтiнiптi, бiрақ та мен олай iстемедiм және оған жауап хат жаздым, мазмұны толық есiмде жоқ, бiрақта: әдеби мектептiң өмiр сүруi аса қажеттi, көкейкестi мәселе, «Алқаның» талап–тiлектерiн қостаймын, кейбiр дiттеген ұсақ мәселелер жазушылардың кеңесiнде талқылануы тиiс – екендiгiн ескерттiм.
Жұмабаев екеумiз бұдан кейiн де хат жазысып тұрдық, мен оған шақыру, қалайда кеңесу керек екендiгi туралы жаздым, алайда «Алқа» жөнiндегi мәселе бiрте-бiрте өшiп тынды.
Қандай да бiр астыртын ұйым туралы ештеңе естiгенiм де жоқ, бiлмеймiн де.
Күдеринмен арадағы қарым - қатынасым туралы Ташкентте берген жауабымда айтқан болатынмын».
Қат-қабат хатталған көп томдық тергеу iсiнiң iшiндегi жауаптардың арасынан «Алқа» әдеби үйiрмесi жөнiндегi барынша толық тоқталған жауаптың бiрi осы. Мұнда Мұхтар Әуезов өзiнiң көзқарасын ашық бiлдiредi. «Алқаны» ешқандай күдiксiз-ақ ақтап шығады. Сонымен қатар, Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовке қойылған тергеушiлердiң сұрақтарының астары да өзгеше. Екi сұрақ-жауаптың арасын бiр жыл төрт ай уақыт бөлiп тұр. Осы мерзiмнiң iшiнде Жүсiпбек пен Мағжанның тергеу iсi аяқталып, сотқа берiлген болатын. Олардың iзi суымай жатып ұлтшылдардың екiншi тобын әшкерелеу қолға алынды.
Тергеу iсi жаңа басталғандықтанда, бұл мәселеге Голощекиннiң және барлық жазалау мекемелерiнiң қандай астарлы мән берiп отырғандығын аңғармаса керек. Кейiнгi тергеулердегi пiкiрлерiнде оған барынша елеусiз етiп жауап берген.
Кейiнгi тергеулердегi пiкiрлерiнде М.Әуезов:
«Байділдиннің «Алқа» туралы берген көрсетіндісі дұрыс, әдеби үйірмені принципті түрде қолдағанымды бұрынғы түсінігімде жазған болатынмын. Мен Жұмабаевқа бір-ақ рет хат жаздым, астыртын ұйым туралы ештеңе естігемін жоқ», – деп оған барынша елеусiз етiп жауап берген.
Сөйтіп, Ә.Байділдиннің көрсетіндісіне жүгіне отырып «Алқаны» астыртын идеологиялық-контрреволюциялық ұйым ретінде бағалаған тергеушілер түрмедегі әр адамға сұрақ қойып, жауап алып отырған. Олардың мазмұны жоғарыда келтірілген мәтіндерден алшақ кетпейді. Сондықтан да «Алқаның» ұйымдық бағыт-бағдары қақындағы көрсетінделерді осымен шектеп, қорытынды тұжырымды ұсынамыз.
Жоғарғы соттың анықтамасынан: «...Жұмабаевты, Омаровты, Байтасовты және Жәленовті “Алқа” атты жасырын, ұлтшыл бағыттағы әдеби үйірмені ұйымдастырды және оның жұмыстарына қатысты деген айып та негізсіз. Бұл әдеби үйірме болғандықтан да, өзінің алдына совет өкіметін құлатуды, немесе оған қастандық жасап, күшін әлсіретуді мақсат етіп қоймағаны, сондай-ақ контрреволюциялық қылмыстарды жасауға шақырмағаны тергеу материалдарынан-ақ көрініп тұр. Аталған үйірме мүшелерінің әдеби шығармаларында да мұндай іс-әрекетке шақырған үндеулер кездеспейді. М. Жұмабаев осы үйірменің жетекшісі болғанымен де, өзінің алдына контрреволюциялық мақсат қойған жоқ».
Бірақ, “Алқа” – алқадан тұзаққа айналды.
3.
Мiне, «Алқа» әдеби үйiрмесiнiң құрылу қарсаңында қазақ көсемдерiнiң iшiнде осындай қоғамдық саяси-рухани жаңғырулар жүрiп жатқан болатын. Тарихи дерекке сүйiнсек, сол кезде оқулық жазуға арласпаған бiрде-бiр зиялы жоқ. Тiптi Мұхтар Әуезовтiң өзi де «Құрылыс туралы», «Жердiң жаратылысы туралы» оқулықтарды аударуға қатысыпты. Қаражат та қажет болған шығар, бiрақ, түпкi мақсат – қазақ елiн ғылымның әр саласымен жан-жақты суару, ғылыми ұғымдар мен тiлдi, жаңаша ойлау жүйесiн қалыптастыру болатын. Ұлт iшiндегi рухани түлеудiң осындай толқынды тұсында көркем әдебиет туралы пiкiрдiң қозғалмай қалуы мүмкiн емес-тiн. Мұның өзi өмiрлiк қажеттiлiк әрi көркем ойдың дамуының өзектi мақсатын өгей қалдыруды ойларына да алмады. Көркемдiк iзденiстiң өзi – өмiрлiк шешiмнiң көрнiсi едi. Арпалысып тұрған заманды бейнелей отырып, көркем тұжырым жасау болатын. Әсiресе, Мағжан, Жүсiпбек, Мұхтар сияқты насихаттық әдебиеттен көркем әдебиеттi екшеп, тiл-жағын айырып алу – өздерiнiң өмiрлiк мақсатын таңдап алумен бiрдей талқы едi. Мұндай пiкiр алысулар екеуара жүрiп жатты. Ұлттық даму бағытын мұрат еткен жазушылар барған сайын қоғамдық өмiрден шеттетiлiп, әрбiр қадамы аңду мен арандатуға ұшыраған тұста олар жан сырын бiр-бiрiне ашты. Өзара пiкiр бiлдiру арқылы болашақ «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрудың алғы шарттарын жасады.
Өзара пiкiр алысуларда осыншама тереңдеп барған зиялылардың көзқарасы қалайда жарыққа шығып, талқыға түсуi қажет едi.
Ахмет Байтұрсынов 1929 жылы маусымның 18 күнi берген жауабында:
«Менiң әдеби шығармаларымның iшiнен самодержавие тұсында басылып шыққандары: Крыловтың мысалдарының аудармасы және «Маса» деген атпен шыққан өзiмнiң өлеңдерiм мен аудармаларым. Кеңес өкiметi тұсында мен әдеби iспен айналысқамын жоқ. Көркем шығарма туралы мәселеге келетiн болсақ, мен көркем дүниенiң құндылығын оның қандай идеяны негiзге алғандығымен емес, адамның жандүниесiне, сезiмiне қалай әсер етуiне байланысты бағалануы керек – деген көзқарастары жақтаймын. Қазақстандағы әдеби ағымдармен таныспын, бiрақ та олардың ешқайсысына iш тартпаймын, себебi мен үшiн әдеби бағыттардың – пролетарлық немесе ұлтшылдық сарынның қайсысы басымдық танытса да, бәрiбiр. Оқу орындарындағы жастарды тәрбиелеу жолындағы ұстаздық қызметiмді және әдебиет жөнiндегi дәрiстерiмдi жоғарыдағы айтқан пiкiрiмнiң негiзiнде жүргiземiн...», – дейдi.
Иә, «Алқа» үйiрмесi мен «Табалдырық» атты бағдарламада ешқандай «жасырынбақтың» жоғы анық едi. Алайда, тергеушiлердiң қаламының күшiмен ол «контрреволюциялық ұлтшыл астыртын ұйым» болып шыға келдi. Оған таңданатындай ештеңе жоқ едi. Бұл кезде Ресейдiң өзiндегi әдеби ағымдардың жетекшiлерi бiрiнен кейiн бірі жазаға тартылып, қудалауға ұшыраған болатын. Есенин өзiнiң күретамырын қиып жiбердi, Маяковский атылып өлдi. Тарихтың бiр тәлкегiн ретi келгенде айта кетейiк: Маяковский Есениннiң қазасына арналған сөзiнде оны кiнәлай сөйлеген болатын, iле шала өзi де соның таңдаған өлiм жолын өзiне мұрат етiп алды. Маяковскийдiң басында тұрып сөйлеген Фадеев те кейiннен өзiн-өзi атып өлтiрдi. Тура бiр қарғыстың қамыты сияқты қаралы нышан.
Мәскеудiң данышпандарының өзi осылай «құрбандыққа шалынып жатқанда», Ахаң –Ахмет Байтұрсынов айтқан «бiздiң 96 – пробалы коммунистер» бұл науқанды одан әрi өршiтiп жiбердi. Оның кесiрi Жүсiпбек сияқты адал да абзал азаматқа тидi. Мұхтардың да, Жүсiпбектiң де, Мағжанның да «терiстеудi терiске шығарған» тәсiлi iске аспады. Бiрақ олар айтарын ашық айтып барып қанатынан қайырылды. Бұл ретте әдебиет туралы Жүсiпбек пен Мағжанның пiкiрi барынша айқын көрiндi. Тергеушiлердiң қолына түскен Жүсiпбектiң хаты мен «Алқаның» бағдарламасы дербес талдауды қажет етедi. Мұнда саяси көзқараспен қатар Мағжанның iшкi ақындық әлемiнiң де жаңғырығы қылаң бередi. Бiз олардың әр пiкiрiн жiк-жiкке бөлмей, ойлары орайласқан тұстарды ғана қысқаша үзiндiмен салыстырып өтемiз. Мағжанның пiкiрi – «Алқа» үйiрмесiнiң ресми бағдары. Ал Жүсiпбектiң пiкiрi сол «Табалдырықты» оқып шыққаннан кейiн жазылған хат. Хаттың бас жағын әдейi кiрiстiргенiмiз жоқ. Тек «Кәке-бай» дегенiне қарап Жүсiпбек мұны Қошке Кемеңгеровке жолдаған ба деп жорамал жасаймыз. Ал үшiншi сөз – Мұхтардың «Ашық хаттың» iшiндегi пiкiр. Үш пiкiр үш түрлi жағдайда жазылғанына қарамастан ұзын сарыны ортақ желi тартады. Әңгiме – әдебиеттiң ұлттық, таптық, көркемдiк сыпаты қақында өрбидi. Соның iшiнде маркстiк iлiмнiң қағидаларын талдайды. Алғашқы кезектi Мағжан ақынға беремiз. Ол бiрден Маркстi аузына ала ой сабақтайды:
Мағжан Жұмабаев, «Алқаның» бағдарламасынан: «Әдебиеттiң өзiнше дәуiрлеуi – техника мен әдебиеттің өзiнше дәуiрлеуіне бағынбайды». (К. Маркс. Введение к критике политической экономии. Изд. «Московский рабочий», 1922 г.). Маркс осы пiкiрiн бекiту үшiн грек тарихының Гомер заманы мен Еуропа тарихының Шекспир заманын көрсетедi. Шынында да Гомер заманындағы – гректiң, Шекспир заманындағы – Еуропаның техника мәдениетiнiң бала болғаны рас. Алайда сол дәуiрде грек пен Еуропа мәдениетi құлашты аспанға сермеген. Неге бұлай болғандығын тексеру әдебиет тарихының мiндетi. Бiздiң бұл жерде айтатынымыз: Маркстiң мынау пiкiрiн қазақ өмiрiне қабыстырсақ, қазақтың техника мәдениетi тiптi төмен болған. Сондықтан да, әдебиеттi де «жоқтың жанында болған» деген пiкiрдiң тууы қате. Шындығында да қазақтың өзiнше терең әдебиетi болған. Һам бiр қазақ әдебиетiнiң түрлi өзгерiсi, өрi – қыры, қайғысы – қуанышы, ойы – қиялы әдебиетiне түсiп отырған».
Жүсiпбек Аймауытов, хаттан үзiндi: «... Сiрә, бiздiң жас марксшiлер үлкен кiтаптарды оқып алады да: мынау қазаққа келедi екен, деп жалшының не мұжықтың көзiмен қазақты өлшейдi. Маркстi бiздiң жiгiттер қазаққа жанастыра алмай, шатақ осыдан туып жүр ғой деп ойлаймын. Қазақ өзгеше (своеобразный) тұрмысты, тарихты, салт-саналы жұрт болуға керек. Қисыншыл (теоретик) болу мен тәрбиешiл болудың арасы алыс. Бiздiң Ғаббас (Тоғжанов – Т.Ж.) алдыңғысы болар деймiн. Әуелi қазақты оқу керек. Қазақты бiлемiн дегенiмiзбен, көбiмiз бiле бермеймiз, оны Бройданың кiтабынан оқып отырмын. Бiз анық бiле алмай, көмескi көрген нәрселердi ол анық айтып отыр. Қазақ ұйымсыз, қазақ берекесiз, (бiрақ) қазақ ұлтшыл емес. Малы қандай болса, мiнезi де сондай жұрт. Бұл мәселе түбiрленбей тұрғанда бiздегi даудың шегi болмайды».
Мұхтар Әуезов, «Ашық хаттан» үзiндi: «Өзiмнiң сондай топтармен («Алашордамен» - Т.Ж.) байланысқан артқы күнiмдi осылайша нақ тексерiп, қайта бағалап келгендегi ендiгi байламым: сол ескiлiгiмнен өз арымды бұдан былай бiр жола үзiп, жарып алу және сол ескiлiкпен менi байланыстырып, жақындастырған жайлардың барлығынан үзiлдi-кесiлдi арылып шығу. Осы сияқты жаңа түсiнiк, жаңа бағыт тұрғысынан алғанда ендi менiң жүрiп өткен әдеби және қазақ әдебиетiнiң тарихын қарастырғандағы зерттеушiлiк қызметiмдi шолып өткенде айтатыным: ол қызметтерiм Қазақстандағы мәдени төңкерiстiң жол – бағытымен үйлескен жоқ. Қайта соған қайшы келiп отыр».
Алдыңғы екеуi теориялық тұрғыдан пiкiр қозғаса, Мұхтар Әуезов әдебиет тарихшысы ретiнде «өткендегісінен арылған». Әрине, «Ашық хатта» терiске балаған iсiн оң деп түсiнсек, мұның астарын тез аңғарамыз. Үш пiкiрдiң айтар түйiнi – қазақтың төл ұлттық әдебиетi мен мәдениетi дербес көркем ойлау жүйесi қалыптасқан, тарихи танымдық сынақтан өткен және сол мәдени-рухани жәдігерлер ұлттық мүдденiң тұтастығын көздеген. Демек, таптық мүддеден гөрi биiк мұратты нысанаға алған. Мұхтардың жазғанындай, бұл пiкiр «Қазақстандағы мәдениет төңкерiстiң жол – бағытымен үйлескен жоқ. Қайта соған қайшы келiп отырды». Мағжан бұл ойын былай дамытты.
Мағжан Жұмабаев (жалғасы): «Әлi тiптi тексерiлмеген дәуiрдi қоя тұрып, соңғы дәуiрдi алсақ, кешегi Мұрат, Махамбет, Базар, Шортанбай, Ақан серi сықылды ақындардың елдiң мұңын, зарын ой-қиялын жырлай бiлген шын жыраулар екенi анық. Бұлар қазақ даласына бет алған Еуропаның, орыстың қарабоз отаршылығының қарасын көрiп, бiрiншi уланған ерлер. Қазақ әдебиетiнiң алыбы Абай қазақ даласына кеулеп кiрiп келе жатқан капитализмге, отаршылдыққа қазақтың қанды жас төгiп, ерiксiз шалған бiрiншi құрбаны. Ел билеп, елге ақыл айтудан бастап өмiрден үмiт үзуге, тұңғыш тұңғиық ойға барып келген Абайдың өмiрiнiң ақындық трагедиясы да, тереңдiгi де осында. Абайдың алыптығы – қыл көпiрдiң үстiнде тұрғандығы. Екi қолмен, екi өмiрмен алысқандығы. Сондықтанда қазақ әдебиетiнiң ескi мағнасын, бұрынғы бағытын тереңдеткендiгi, әдебиетке жаңа түр кiргiзгендiгi. Абай жиын-тойдың ақыны болмағандықтан, әсiресе, баспасөздiң жоқтығынан Абайдың әдебиеттегi бағыты, әсiресе, түрi сол дәуiрде қазақ даласына тарай алмады. Сол дәуiрде қазақ даласына капитализм кеулеп кiре бердi. Ел езiле бердi. Әдебиет те, бағыт та, түр де қалмады. Әдебиет: «ғизатлы», «матурлы», «бисмилла деп башлиын сөздiң басын» сықылды балдыр-батпаққа айналды.
Бiрақ, Еуропа отаршылдығының «бiр қасиетi» - «құлды қуып батыр қылды». Өлiмге бұйырылумен өмiрдi сүйгiздi, езiлген елдiң ұлттық сезiмiн оятты. Осы заң бойынша, 1905 жылғы төңкерiстен соң соққы жеп, сiресiп жатқан қазақ елi есiн жия бастады. Жаралы жанның есiн жия бастағандығы үнi – ыңырсу, күрсiну, күңiрену болмақ. 1905 жылдан соңғы әдебиетiмiз - «Оян қазақ», «Қырық мысал» сықылды «елiм-жұртым» деген әдебиет. Сол күңiренген жаралы жанның көзiне әлгiндей қылышынан қан тамып, майданда жүргенi елестеген.
Ояна бастаған ер – кешегi ел болған күнiн есiне түсiрдi. Әдебиетiмiз мынау «Оян!» деген зармен бiрге елдiң өткен күнiн есiне сала бастап едi. Өткен(дегі) тағы болып жүрген дәуiрдi қайта орнату үшiн емес, жасынан елдiң жанына үмiт салу үшiн өткендi жырлай бастап едi. Жырлап үлгерген жоқ едi, жырлай бастап едi. Әдебиет осы күйде тұрғанда бiз үстiмiздегi зор төңкерiске келiп кiрдiк».
Жүсiпбек Аймауытов (жалғасы): «Менiң бiр қосылмайтын жерiм бар, мысалы Плеханов: «Ақын таптың ғана ақыны болады. Бiрақ кейде тұрмыс жағдайымен, таптан мойыны асқан, тап шарасынан жоғары, өзге таптың да сойылын соғатын бұқарашыл, ұлт санасын меңгерген ақын да болады», – деп айтады. Оны Ғаббас жазып отыр. Олай болса, қазақ ақындары тапқа неге қамалып қалады? Неге байшыл, неге дiншiл болуға мiндеттi? Отаршылдық зардапты бай, кедей – ұлт болып тартқан жоқ па едi? Жерiнен бай да, кедей де қуылған жоқ па едi? Малы жоғалса – хохолдан бай да, кедей де таяқ жеп өлген жоқ па едi. Ұлт мұңы бұрын бiр емес пе едi? Бiр болса, Асан қайғысы, Бұқар жырауы, Шортанбайы, Абайы, Ахметі, Мiржақыбы, Мағжаны, тағы басқалары отаршылдыққа, орысқа, патша өкiметiне қарсы болып келген жоқ па едi? Осы өткен ақындардың бәрiн түгелiмен байшыл, кедейшiл қылып алып, одан кейiн Мағжанға, тағы тағыларға келсе, сонда жүлгелi (последовательный) болып сынаған болмай ма, әйтпесе, Мағжан – байшыл, Міржақып (?) байшыл, Бейiмбет – кедейшiл деген сөз бола ма? Төңкерiстен бұрын қара кедей Сәбит Дөнентайұлы да, Бейiмбет те, бәрi де ұлтшыл болып жазып жүрсе, ендi кедейдi бетке ұстады деп, олар тап ақыны бола қалмақ па? Бояма ақын бола ма? Әдебиеттiң сұйылуы боялудан шығады деп бiлемiн. Шындап ақын жаза алмаса, ақын емес – етiкшi».
Мұхтар Әуезов: «Менiң өткендегi жазушылық қызметiмнiң айқын белгiлерi - «Еңлiк - Кебек», «Қаракөз» сияқтылары едi. Бұлар бүгiнгi төңкерiс дәуiрiнен алыстағы қазақ салтын көрсетумен қатар, өздерiнiң екшелiп алынған тақырыптары бойынша төңкерiс тематикасынан әдейi аулаққа жайылып кеткендiгi және ұлтшыл жазушылардың тобына бiлдiретiн нәрселер. Мен сол жазушылардың қатарына кiрiп, 1920 жыл мен 1928 жыл, аздап 1929 жылдың аяғында Қазақстандағы және Ташкенттегi баспасөзге әсер етiп, баурап алмақ боп әрекет еттiк. Сол жылда оқушы тобына тар ұлтшылдық бағытында әсер етiп, әдеби шығармалар, сындар, айтыстар арқылы ұйымда қандай iс жүргiзсек, жастар арасына (сондай – авт.) ұлтшылдық күйiн тараттық. Бұл әрекеттiң ортақшыл партиясы мен кеңес үкiметiнiң сол жастарды интернациональдық рухында баулимын деген мiндет бағытына негiзсiз қарсы жүрiп отыр. Мен қазiр де жаңағы сияқты шығармаларымның бүгiнгi күннен аулақ кетiп, бiр беткей тақырыптарды ғана екшеп алғандығын айып деп, кiнә деп қоймаймын. Сол тақырыптарды суреттеген, таратқан әдiсiн санашылдық-суреттеулiк ретiндегi қалыптасуын да терiс деп бiлемiн.»
Үшеуiнiң мұндағы шүйiлiп отырған басты мәселесi – әдебиеттiң ұлттық сыпаты. Ұлттық сыпаттан айырылған көркем өнерде не қасиет қалады. Бұл – ұлттың тарихын, танымын, сенiмiн, салт-дәстүрiн, тiлiн, өзiндiк ерекшелiк сыпаттарын жоюмен пара-пар қылмыс. Ұлттың мұңы – оның ұлының да мұңы. Ал кеңестiк кесiр идеологиялық саясат ұлттық сананы өшірiп, оның орынына тексiз таптық, массондық будан ұрықты сепкiсi келдi. Мағжан да, Жүсiпбек те, Мұхтар да елдiң өткендегi тарихы мен тағдыр тәлкегiн суретттей отырып, ұлттық сананы оятпақ болды. Сол үшiн де олар «Батыр Баянды», «Қорқытты», «Қартқожаны», «Қилы заманды», «Хан Кененi» жазды. Ал кеңес бұларға мүлдем жат бағытты ұсынды. Бiрақта көркемдiк ойлау жүйесi мен қалам қуаты әбден қалыптасқан үш арыс оған көндiге қоймады. Мойынсынбады. Олар тарихи шындықты, кеңес өкiметiнiң билiгiн жоққа шығарған жоқ. Алайда оның кесiрлi саясатына ерiп те кетпедi. Бәрiн де суық ақылмен қабылдап, өздерiнше қортынды жасады.
Мағжан Жұмабаев: «Үстiмiздегi зор төңкерiс – бiздiң өз тарихымыз тудырған, өз тарихымыздың қатынасы болған таныс төңкерiс емес, Еуропа тарихы тудырған жат төңкерiс едi. Осы себептен, бiздiң әдебиетiмiз бастапқы жылдарда төңкерiс туралы ешнәрсе жаза алған жоқ... Бiр жағынан, орыс отаршылығының зардабынан елге кiрген бүлiншiлiктi, бұзықты суреттеп, екiншi жақтан, елдiгiн ұмытып, жасып қалған елдiң өткенде өзiнше ел болғанын есiне салып, табиғи жолмен келе жатты... Осы жолда жаңа әдебиетiмiз бiрталай iлгерi аттап та қалды. Қияға қарғып шығамын деп мертiгiп қалмай, тұрмыстық тарихтың заңы бойынша табиғи жолмен жүрiп, күн санап өсiп келе жатқан кешегi, бүгiнгi әдебиетiмiздi қарғауға емес, алқауға мiндеттiмiз. Төңкерiс туралы тез үндей қоймады деп томпиып өкпелеуге емес, не себептi үндемегенiн ұғынуға мiндеттiмiз. Әдебиетiмiзге төңкерiстiң мәтiбiнiң түспеуiнiң, бiрен-саран түсiрем деген топас тәжiрбиелер де терiс жағынан түсушiлiктiң бiр себебiн (аңғартады). Төңкерiстiң өзiнiң қазақ даласына күнгей бетiнен емес, терiскей бетiнен, оңынан емес, солынан кiруi алақандағы нәрсе ғой. Оны бүркеп қоюға болмас... Зор төңкерiске пролетариат зеңбірек, пулемет, машинамен кiрсе, қазақ қамшы, сойыл, балпаң етiп малма тұмағымен жолдан қосылып отыр... Осы төңкерiстiң екпiнiнен қазақ сықылды құр қалған елдер өмiр үмiтi кiргенiн жырлай бiлсе, төңкерiсшiл әдебиет болғаны. Марксшыл зор ғалым белгiлi ақын Луначарский жазады: «Жаңа ұлт, жаңа тап бұрынғның бiтiрген жерiнен бастап кетпейдi... Жаңа тап, яки жаңа халық бұрын өздерiн билегендерге қас болып, олардың мәдениетiн жек көретiн болып өсiп-өркендейдi», – дейдi. (Основы позитивной эстетики. Москва. 1923. стр. 125.). Сондықтан да осы мiнез, осы құлық үстiнен қарап айтқанда, осы қияңқылық, осы ыстық қандылық қазақ әдебиетiнде де болуға мүмкiн, болғанда да өзiнше, қазақша, азияша болуға мүмкiн.»
Жүсiпбек Аймауытов: «Рас, пiкiр жүре өзгередi. Орыс жазушылары да төңкерiстен кейiн кейбiрi жарамсақтанған, олардың жарамсақтықтан аманы да бар. Қазақ ақындарының пiкiрi соншама күрттен өзгеретiндей жағдай болған жоқ, өйткенi төңкерiске көлденеңнен қосылдық. Ащысы, тұщысын, тауқыметiн басымыздан кешiргемiз жоқ. Сондықтан тек думанга, дүрмекке қызып, төңкерiстiң маңызын, дәнiн тата алмай қалдық. Сол дүрмекпен әлi де келе жатырмыз. Күшенгенмен сөзiмiз үйлеспей жатыр.
Мен өз басымдағыны айтайын. Өзiм нағыз кедейдiң баласымын. Бай туысқандарымнан зорлық, қысым көрiп өстiм. Балаң орыс боп кетедi, солдатқа алып қояды деп немере ағам орысша оқытқызбаған. Өз баласын оқытып жүрiп, менi оқытпаған. Сөйтiп мен байға, жуанға өш болып өстiм. Бiрақ жүре, оқи, көз ашыла келе байдың да, кедейдiң де орыстан көрген қорлығын көрдiм. Шорман ауылының Қаракөл деген ата қонысын, Баян төңiрегiндегi қазақтың шұрайлы жерлерiн келiмсектер алды, оны мен естiдiм де көрдiм. Орыс стражниктерiнен, полицейлерiнен қазақтың талай таяқ жегенiн көрдiм. Ана жылғы Қарақаралыға хохолдан қорқып, қашып келiп жүрген Жетпiсбайлар есiмде. Хохол жоғалған малы үшiн оның (надан адам ғой) атын тартып алса, ол сотқа берген ғой. Сотқа беретiн неме екенсiң деп, хохолдар оның ауылына жиналып келiп өлтiрмек болған. Сонда қорқып, қыстай үйiне жолай алмай жүрдi ғой. Ақмола үйезiнде Төкiш деген бiр кедей әншi бар едi. Жақ жоқ әнші едi. Соның ауылын малы жоғалған хохолдар шауып, Төкiштi тепкiлеп өлтiрген. Бұлар 22 – 23 жылдардағы оқиға. Осыларды көрiп, естiп тұрып, қалай тапқа кiсенделерсiң? Кеше ғана осы жылдың сентябiрiнде Қарқаралының алты кедейi Қояндыдан Орынборға жылқы айдауға бiр орысқа жалданып келсе, мұнда келген соң орыс ақысын бермей, қашқан да кеткен. Олар менi тапты. Бiреуi ана жылы Торғайға мал айдауға жалданған, менi бiлетiн Сәбiкей деген жiгiт екен. Сорлы кедей қаңғып, зарлап қайтып кеттi. Қолдарында түк белгi жоқ. Не қыларсың? Осының бәрi – жүзден бiрi, бәрін көрiп, естiп жүрсiң. Қай қазақ хохолдың жерiн тартып алды, үйiнен бездiрдi? Ауылына ат ойнатты, өлтiрдi, ақысын бермей, сауырға бiр салып қоя бердi? Мұнша зорлықты кiм iстеп отыр? Осының бәрiн көре-бiле тұра кiмшiл болу керек? Рас, бұқарашыл болу керек. Байды мақтауға болмайды. Өзiм байдан жақсылық көргем жоқ, байды жақтап жазғам жоқ. Бiрақ мен тап ақыны бола алармын ба? Менiң миымдағы перне – шұп-шұбар. Сыртқы әсерден қалған миымдағы iздер де бар. Ол iздермен жүрмесiме мүмкiн бе? Ғаббас қалай жүргiзбейдi екен? Құлағымнан, көзiмнен миға хабар жеткiзетiн жүйкелерiмдi (нерв) кесiп тастамақ па екен? Әлде, жүйкемдi мүлде құртпақ па екен? Көлденең адам жазушыға, ақынға көтен зорлық қылуға жарамайды. Өзiнше ойлатам деу – қиянат.
Рас, қазақ кедейi теңдiкке жеттi, жетiлдi. Жаңа тұрмысқа аяқ басты. Бiрақ екi зорлықтан әлi айырылған жоқ, жуықта арыла алмайды: бiрi – өз байынан көретiн зорлық, бiрi – жатынан көретiн зорлық. Соңғыны айтайын десең ұлтшыл болып шығасың, немесе, байшыл боласың. Бастапқыға қанағат етуге болмайды. Қашаннан қалып алып қалған нәрсе, тұрмыс талқысымен болмаса, бұдан оңай шыға қоймайды. Шыға қойса, әлгi алты кедей неге сандалып қалды? Қағаз жүзi мен өмiр жүзiн айыру керек. Ғаббас, Әбдiрахмандар қағаз жүзiн алса, мен өмiр жүзiн алғым келедi. Мiне, менiң пiкiрiм осы».
Мұхтар Әуезов: «Менiң шығармамның көпшiлiгi сарыннамашылық бетiмен болуымен бiрге, өткен дәуiрдi төңкерiсшiл сарыншылдық жолымен сипаттаудан қашық болды. Қайта ескiлiктiң кейбiр залалды салттарын жарыққа шығарып, өсумен, ол салтты жақтаушыларды аз-аздап пiкiрi жолындағы құралсызданумен қатар, бәрiбiр, мен өз шығармаларымның көпшiлiгiмен, анығында бетi ашық ұлтшылдық күйiндегi жазушы боп шықтым... Қорытындысын айтқанда, менiң әдеби қызметiм, сол жастардың көңiлiндегi, салт-санасындағы ұлтшылдық күйiн жеңiлдетiп, сейiлдетуге арналмай, қайта соны нығайта түсуге арналып кеттi. Қазiргi күнде мен өзiмнiң бұрынғы жазушылық жолымдағы бағытыма ғана емес, қазақ әдебиетiн тексерген тарихшы, зерттеушi есебiндегi қызметiме де терiс деп қараймын. Түгелдеп айтқанда, төңкерiс жолдарының қоғамдық заказы мен төңкерiсшiл жұртшылықтың тiлегiне бiржолата үйлеспейтiн сөздерiм болған. Бұл ретке қосылатын төңкерiс жолындағы жылдар iшiнде қазақ әдебиетiнiң жолы қандай болуы туралы «Шолпан» журналының бетiнде ертеректе айтқан пiкiр едi. Сол қаталарым кейбiр кейiнгi тексерулерiмнен де арылған жоқ. Мысалы, соған ұқсаған қаталар Абай шығармаларын тексеруiмде де бар».
Жә, үш арыстың әдебиет туралы пiкiр таласын осымен тоқтатамыз. Сұлу сөздiң насихаттық құрал емес екендiгi, өнердiң мiндеттерi туралы қилы-қилы қисындар бұрын да, бүгiн де, ертең де айтыла бермек. Үш түрлi жағдайда, үш түрлi көңiл күйде жазылған бұл үш пiкiрдiң түп қазығы – ұлттың рухани тәуелсiздiгi едi. Үш арыс бұл мүдденi азаматтық арымен қорғай бiлдi. Сол арқылы ұлттық сананы мәңгүрттенiп кетуден сақтап қалды. Мұхтар айтқандай, «ұлтшылдық күйiн жеңiлдетiп, сейiлдетуге арналмай, қайта соны нығайта түсуге арналды». Олардың басты мақсаты да сол болатын. Ең маңыздысы – кеңестiк жазалау саясатының диiрменiне өздерi жаншылса да ойларын жаншылдыртпады. Отаршылдық коммунистiк пиғылдың еркiнде кетпей, оны әшкерелей бiлдi.
Бұл олардың үлкен рухани ерлiгi едi. Талқыға түстi. Талқыланды. Бiрақ рухтары талқандалған жоқ. Осынау үш дерек – Мағжан мен Жүсiпбектiң соңғы сөздерi, Мұхтардың ең талмалы мәлiмдеуi болғандықтан да, олардың сол тұстағы жандүние тебiренiсiн сезiндiру үшiн аталған құжаттардағы олардың соңғы пiкiр – тiлектерiн оқырманға жеткiзудi парыз деп санадық. Бұл олардың бiзге жолдаған жүрек сәлемi едi.
Мағжан: «Домбырада бiрi – қоңыр, бiрi – ащы үн беретiн екi шек бар. Екi шек екi түрлi үн шығарып тұрса да бiр-ақ күй тартылмақ. «Алқа» осы. Жөн iздеген жас болсаң, жол iздеген жолаушы болсаң, тез iздеген естi тентек болсаң, мынау «Алқа» сенiкi! «Алқаға» кiрейiк! Өзiңнiң сұмырай мақсұтыңа шындықты құрбан қылып шалып, қайқайып жүре беретiн соғылған болмасаң, балапан әдебиетiмiздiң шын әдебиет болып ержетуiн шын тiлейтiн болсаң, мынау «Алқа» сенiкi. «Алқаға» кiр. Шын әдебиетшiл, шын ақын болсаң, мынау «Алқа» Сенікi».
Жүсiпбек: «Мен осы пiкiрiмдi газетке жазуға Смағұлдан рұқсат сұрап, толық хат жазып отырмын. Өрiс берер-бермесiн бiлмеймiн. Iшiмде қайнап жатқанша тым болмаса сендей жолдасқа ағытайын деп жазып отырмын. Сен бұған өз пiкiрiңдi жаз. Терiс, бұрысын көрсет! Бұл пiкiрiмдi Ғаббасқа да айт. Жөнi келсе, керек жерiн оқып жiбер.
Ордадан (Қызылорда – Т.Ж.) хат-хабар алмаймын. Сенiмен жазысып тұрайық. Сен не оқып жүрсiң? Жақсы кiтап болса маған жiбер. Мұхтардың адресiн бiлсең, жазып жiбер. Балалар аман. Тұрмыс – сәл, жалақы – 72 сом. Тезiрек хат жазарсың. Қош, сүйдiм. Жүсiпбегiң. Адрес: Орынбор, Совет көшесi, дом 51, астыңғы қатар. Маған. Орынбор. 2 январь».
Мұхтар: «Тағы бiр сөз, ауыр қатам деп санайтыным – қазақ баспасөзiнiң жүзiндегi төңкерiсшiл марксшiлдiң сынына құлақ салмауымда. Дәлелсiз сыңаржақтықпен қарап, барлық сынды түгелiмен ұйымсыз жазушыларға арналған жаулықтың ғана сыны деп санап жүрдiм. Өз iшiмнен: ол сынның ролi де, мұраты да, ортақшыл емес. Жазушыны әдебиет жүзiнде соққыға жығудан басқа емес – деп, бiр жақты терiс баға берiп жүрдiм, сонымен сынның негiздi – ғылыми негiздi төңкерiсшiл басшы екенiн ескермедiм. Сынға осылайша терiс қараған көзқарасыммен соңғы жылдарға шейiн келдiм де, әдейi ұстаған көңiл құрылысы есебiнде, жұртшылық алдында өзiмнiң қаталарым туралы да үндемей, сөз көтермей келдiм. Бұл да қатамның бiрi едi. Ендi «Қазақстан правдасы» мен «Социалды Қазақстан« арқылы барлық Қазақстан жұртшылығының алдында өзiмнiң бұрынғы әдеби-саяси iстерiмдi осылайша айқын күйiнде айыптайтынымды ашық жарияламақ боламын. Сонымен бiрге, ендi бұрынғы қаталарымды төңкерiс iсiне барымша бой салып ұдайы, адал қызметпен түзетуге бекiнгенiмдi бiлдiрмекпiн. Ендi мәдениет, салт-сана майданының ең жауапты, ең тартысты кезеңдерiнде iс iстеуге өзiмдi өзiм мiндеттiмiн деп санаймын».
Мiне, талқы осылай аяқталды. Бiрi – «Алқаға» ақылдасуға шақырды, екiншiсi – өзiнiң өзгелерден бұрын атылып кететiнiн бiлгендей «Қош, сүйдiм. Жүсiпбегiң!», – деп бақұлдасып қалды, үшiншiсi – «ең жауапты, ең қызу тартысты кезеңдi» күтiп алуға бел буды. Бұл олардың ақ қағаз бетiндегi соңғы пiкiр бөлiсулерi болды. Үш тұлға. Үш тағдыр. Үш түрлi қаза. Ендi олардың басын қазақ ұлтының тәуелсiздiгi ғана мәңгi қосты. Олардың асыл бейнелерi қатар iлiнiп, есiмдерi де құрметпен қатар аталатын болды. Әрине, мұны барлығы көңiл жұбанышы ғана. Үшеуi тiзе қосып өмiр сүрiп, қаламдарын қатарласа ұстап, көркем сөзбен еркiн айналысқанда, қазақ ұлтының рухани мұрасы мен көркем ой деңгейi сол тұстың өзiнде-ақ әлемдiк сатыға көтерiлер едi. Өкiнiшке орай, бұл салмақты Мұхтар Әуезовтiң жалғыз өзi көтердi және ұлтының рухани байлығы мен мәдениетiн дүниеге мойындатты. Бiз соған шүкiршiлiк жасаймыз. Әйтпесе, екi досымен бiрге одан да көз жазып қалуымыз әбден мүмкiн едi. Құдай оның бетiн аулақ қылды. Бұған да тәубә.
Міне, ІІІ томда тіркелген тергеу ісінің реті мен ұзына мазмұнының бір желісі осындай.
Достарыңызбен бөлісу: |