Туризм тарихы



бет5/66
Дата27.03.2023
өлшемі0.5 Mb.
#471207
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   66
Òóðèçì òàðèõû

Қайталау сұрақтары

  1. Алғашқы туристік саяхаттардың мақсаттары қандай болған?

  2. Жол тораптарының туристік саяхаттарды дамытудағы маңызы қандай?

  3. Ежелгі Грекиядағы туризм дамуының ерекшеліктері қандай?

  4. Геродот пен Страбон туралы айтып беріңіз.

  5. Ежелгі Римде туризмнің қандай түрлері дамыған?

  6. Секвий Локат деген кім және аты қандай себептен белгілі болған?

  7. Ежелгі Римде қандай тасымалдау қызметтері атқарылған және оларды кім атқарған?

  8. Ең алғашқы қандай жолнамаларды білесіздер?

  9. Ежелгі Римдегі ең атақты шипалы шомылу орындарын атап шығыңыз.

  10. Ежелгі Римдегі білім алу туризмінің дамуы туралы айтып беріңіз.

  11. Ұлы Жібек Жолы жайлы әңгімелеп беріңіз.


    1. Орта ғасырлар мен Қайта өркендеу дәуіріндегі туризм

Орта ғасырларда туристік қозғалыс қарқындылығы әлдеқайда төмендеді. Ішкі жағдайы тұрақсыз көптеген жаңа мемлекеттердің пайда болуы бұрын жұрт білмеген саяси толқуларды тудырды. Еуропа аймақтарының феодал жүйесіне байланысты саябыр тартуы, бұрынғы жолдар торабы мен түнеу орындарының ыдырауы, саяхатшылардың қауіпсіздік деңгейінің шұғыл төмендеуі, көптеген қалалардың қирауы туристік саяхаттардың тоқырауына әкеліп соқты. Тек III, IV ғасырларда зиярат ету қайта қалпына келе бастап, діни туризмнің жақсы дамыған түріне айналды. Осындай мінажат етуге Еуропаның көптеген елдерінің тұрғындары қатысқан, олар қасиетті жерлерге, ең алдымен, Италиядағы Римге, Испаниядағы Сантьяго де Компостелаға (мұнда Қасиетті Иаков жерленген) және Палестинаға аттанған. Саяхаттың бұл түрі – ешқашан маңызын жоғалтпаған және сол дәуірдегі туристік қозғалыс құрылымында өте маңызды рөл ойнаған құлшылық етуді дүниені тану шабытымен үйлестіретін» туризм формасы.


Пилигримдердің Палестинаға сапар шегуі III-IV ғасырларда басталды. Константин императоры дәуірінде Иерусалимде, оның ішінде Иса моласының үстінде ғибратханалар салынды. Константиннің анасы Елена қартайған кезінде Иерусалимге сапар жасаған. Мұнда Елена Голгофа маңайындағы үңгірлердің біреуінде Құдай Крестінің Ағашын ашуға септігін тигізген. Осы дәуірде аты белгілі болған мінажат етушілердің қатарында қасиетті Порфирийді, Кремонаның Евсевийін, Вифлеемде Қасиетті Кітапты зерттеген әулие Иеронимды; Иса пайғамбар (Иисус Христос) туған жерінің маңайында жерленген Гракх әулетінің өкілдері қасиетті Павел мен оның қызы Евстахияны атауға болады [130].
IV ғасырда Қасиетті Жерге зиярат ету бұқаралық құбылыс болып кеткендігі соншалық, тіпті, мінажат етушілердің арасында бұл жай ғана «шетелдік туризм» болып кеткен. Осыған қарап, шіркеу жағынан бұндай саяхаттарға шектеу қойылды. Бұл жөнінде қасиетті Григорий Нисскийдің Иерусалимде Құдайға табыну сапарындағы шектен шығулар мен қауіптер жөнінде: «Христос пен Әулие тұратын бір жері екіншісінен артық емес. Қасиетті Жерді мекендеген Иерусалим тұрғындарын күнәсіз деп айтуға болмайды», – деген сөздері белгілі. Уағыз жасағанда шіркеудің беделді қайраткерлерінің, мысалы, қасиетті Августиннің: «Жаратушы шығысқа барып ақиқат ізде, батысқа барсаң жарылқанасың, деп айтпа. Алыс сапарға аттанба, Құдайға табынған жеріңде бола бер, өйткені, Жаратқанға теңіз арқылы емес, сүйсіну арқылы жетеді», – деген сөздері келтірілген.
Бұл жөнінде қасиетті Иероним де: «Көктің аспан патшалығы Иерусалимге де, Британияға да ашық», – деп айтқан. Ғұламалардың осындай ойлары қасиеттілер Иерусалимді көрмей-ақ мәңгі өмір жазылды деген пайымдау. Бірақ айтылған сөздің бәрі мақсатына жеткен жоқ.
Христиан дінінің Еуропада таралуымен бірге, Палестинаға баруды іңкәр еткендердің саны да өсе берді. V ғасырдың өзінде Галлиядан аттанған мінажат етушілер үшін Рона мен Дордона жағаларынан Иордан жағалауына жетуге көмек беретін маршрут (жолнама) құрастырылды. VІ ғасырда қасиетті Антонин
мен оған табынатын тобыр жұрт Пьяченцадан Қасиетті Жерге аттанды. Осы сапардан кейін Қасиетті Жерді суреттейтін және Антониннің атын жамылған тағы бір жолнама шықты.
VІІ ғасырда халиф Омар билігіндегі мұсылмандар Иерусалимді жаулап алды. Бірақ мінажат ету осымен тоқтаған жоқ. VІІІ ғасырдың басында Галлия епископы әулие Аркульф Иерусалимге барған саяхаты жөнінде естелігін қалдырған. Саксон епископы Гилебальд жасаған сапары туралы онымен бірге болған туысқаны – монах-әйел жазған.
Пилигримдер Палестинаға тек дұға жасау үшін емес, олар шірімей сақталған өлік қалдықтары мен басқа жәдігерлерді алуға құштар болып келген. Иерусалимде Жыл сайын 15 қыркүйекте Мария Тәңірана шіркеуінің жанында жәрмеңке ұйымдастырылған. Мінажат етушілер жүрген жердегі сауданың табыстылығы соншалық – қалада Генуя, Венеция, Пиза, Марсель саудагерлерінің кеңселері мен қоныстануға арналған нағыз көшелері болған.
Қажылық үшін ең қолайлы жағдай аббасидтер әулетінің өкілі Һарун әл-Рашид (786-809 ж.) халифтың билігі кезінде туған. Халиф пен Ұлы Карл император (768-814) арасында өте жақсы қарым-қатынастар орнаған. Осындай біріне бірі құрметтейтін қатынастардың куәсі – Һарун әл-Рашидтің Карлға жіберген сыйлығы: халиф Ұлы Карлға Жаратушының Моласы (христиандар Иса пайғамбар жерленген моланы және оның табылған жерінде салынған шіркеуді осылай деп атайды) мен қасиетті қаланың кілттерін сыйлапты. Осы заманда Ұлы Карл жарлығымен Иерусалимде мінажат етушілер үшін арнайы жиһангездер үйі салынған. Француз монахы Бернардың айтуынша, ІХ ғасырда бұл «он екі үй немесе қонақүйлерден тұрған, мұнда, Ұлы Карл Еуропада ашқан жиһанкездер үйлеріндегідей, мінажат жасаушылар үшін кітапхана ашылған. Осы игілікті мекеме меншігінде бақша жүзімдіктері және Иосафат алабында орналасқан бақ болған [130].
Ұлы Карл пилигримдер демалатын үйлерді VІІІ ғасырда Еуропада салғызды. Кейбір серілер (рыцарь) ордендердің басты іс-әрекеті пилигримдерді қорғап, оларға қасиетті жерлерге барған жолдарында қонақжайлық көрсету болған. Осындай үйлердің бірі, Ронсеваль шатқалындағы аббаттықта кезбелерді қақпа алдында құшақпен қарсы алып, оларға нан, аббаттық қоймаларынан жеміс пен жаңғақ тегін берілген, шаштараз бен етікші қызметі көрсетілген, үміт үзген зағиптер үшін екі хоспис, тіпті, дұға жасайтын, жерлеу орнын ұйымдастырған.
Монастырь тамағы қарапайым болса да, басқа жерлерден сапасы жоғары болған. Монахтар өз жерінде көкөніс өсірген, мал баққан. Аспаздықтары меншікті үйлерге қарағанда, таза әрі ретке келтіріп ұсталынған. Оның үстіне монахтар астықты қатты қадағалаған, сондықтан бағалары да төмен келген. Нәтижесінде пилигримдер мен жай кезбелер өз үйлерінде тұрған ақсүйектерден де монастырда жақсы өмір сүрген.
Қала гильдиялары да пилигримдер үшін ашық болған. Тұрмыс жағдайы монастырдан кем түспеген. Мысалы, атақты Ганза одағының Лондондағы «Безмен» резиденциясындағы ережелер монастырдағыдай қатал болған.
ІХ ғасырдан бастап, мінажат ету қоғамдық жаза, күнәсін ақтау тәсілі ретінде қолданылатын болды. 868 жылы өзінің немере ағасы мен ағасын өлтірген бай және мәртебелі бретондық Фротмонд Қасиетті Жерге өз күнәсінен арылу үшін үш рет баруға «жазаланған». Папаның өзін Санта Мария Маджоре шіркеуінің алтарында тұтқындап, түрмеге отырғызған Рим префекті Цензий Жаратылушының Моласының алдында дұға жасап күнәсін ақтауға мәжбүр болған. Жылнамаларда мұндай оқиғалар көп кездеседі.
ХІ ғасырда католик шіркеуі жазалау ретіндегі опық жеуді мінажат етуге ауыстырды. Күнәлі адамдар Отанынан қуылып, Каин сияқты безіп, жиһан кезіп жүрулері керек болды. Бірақ опық жеудің осындай формасы Батыс Еуропа халықтарының белсенді және мазасыз мінезіне дөп келе қалды.
Мінажат ету сапарлары атам заманнан басталған және оны барлық діни конфессиялары қолдаған. Еуропада IV ғасырдың өзінде христиан дінін таратқан алғашқы миссионерлерінің қатарында Турдың Мартині болған. Өз уағыздау әрекетін солтүстік Галлиядан бастап, Британияға аттанады. Онда жасаған насихаты өте тиімді болған: көптеген шоқынған бриттердің өздері миссионер болып кеткен. Олар христиандықты Ирландия мен одан әрі Исландияға дейін таратқан.
Мінажат ету себептері әртүрлі болған. Кейде соғыста жеңіске жету үшін, кейде аурудан жазылып кету немесе қауіптен аман қалу үшін Жаратушыға алғыс айтылған. Кейде сапарға шығу себебі түс көру немесе ұйқы кезіндегі қиял көрінісі болған. Кейбір ата-аналар балаларын бесігінен бастап, дінмен айналасуға тәрбиелеген. Есейген кезінде олар зиярат етуге аттануға мәжбүр болған. Пилигримдерді барлық жерде қонақ қылып, қонған ақысы ретінде үй иелері үшін дұға жасауын сұраған. Жиһанкездердің крестен басқа қорғаушысы болмаған, оларды «Құдай өз балаларын сақтауды, оларға жол көрсетуді жазған» періштелер жетектеп жүр деп есептеген.
Зиярат етуден кейінгі игілік ретінде мінажат етушілерге көмек беру болып есептелген. Жиһангездерді күту үшін қонақүйлер – госпитальдер (hospes) ұйымдастырылған. Олар өзен жағаларында да, тау шыңдарында да, үлкен қалаларда да, құлазыған шөлде де орналасқан. ХІ ғасырда Ценис тауындағы Бургундиядан Италияға бара жатқан мінажат етушілерге баспана берген монастырдың ерекше аты шыққан. Венгрия, Кіші Азия мемлекеттері болсын, басқа христиандардың арасында пилигримдер ең мәртебелі тұлға ретінде қабылданған.
Діни саяхат жасаушылар үшін ерекше «сервис қызметін» серілердің Госпитальерлер (иоанниттер) ордені атқарған. Бұл орденнің тарихы Иерусалимдегі Тәңірана Мария монастырының жанындағы госпитальден (hospitale hierosolymitanum) басталған. Мұнда араб жорықтарынан әлдеқайда ерте заманның өзінде Қасиетті Жерге келген пилигримдерді қабылдап, емдеген. Осы мекемені Герард басқарғанынан бастап орден құрылады, оның жарғысын Римнің басты діни қызметшілері ХІІ ғасырда бекітеді [130].
Алғашқыда бауырластықтың басты міндеті зағиптерге, мінажат етушілерге, саудагерлерге көмек беру, «кәпірлердің» шабуылдарынан қорғау болған. Осыған орай осы орден серілерінің әскери рухы өте биік болған. Жаратушының Моласының тура қарама-қарсысында орналасқан қонақ үйлердің пилигримдер арасында ерекше аты шыққан. Бірте-бірте госпитальерлер қонақ үйлер торын Қасиетті Жерден басқа да аймақтарда: бүкіл Таяу Шығыс мінажат орталықтарының қалалары мен кенттерінде салып таратқан. Госпитальерлер сапар шегушілерді «мырза», ал өздерін олардың «малайлары» деп айтқан. Саяхатшыларға олар кейде ақшалай жәрдем берген. Иерусалимде госпитальерлер күндік табысын қонақүйге әкеліп, толығымен пилигримдерге берген жағдайлар белгілі.
«Діни туризм» өте табысты іске айналған. Орден Шығыста, Еуропада: Францияда, Италияда, Англияда, Германияда, Кастилия мен Арагонда сыйлық ретінде алынған ауқымды жер иесі атанған. Орден уық шашқаны сондай, ХІІ-ХІІІ ғасырларда тіпті, Орден мемлекеті пайда болған. Бірақ ол 1291 жылы жойылды. Госпитальерлер Палестинадан кетіп, Кипрге баруына мәжбүр болды. Мұнда олар қайта күшке кіріп, Родос аралына ие болып, арал мемлекетін құрды; бұл мемлекет ұзақ уақыт Шығыста христиан дінінің тірегіне айналды. Алайда, түріктер оларды Родостан ығыстырып жіберді. Госпитальерлердің ең соңғы баспанасы – 1530 жылы император Карл V оларға сыйлаған Мальта аралы болды, осыдан бастап Орден Мальта ордені болып кетті [130]. Мінажат етушілерді басқа да серілер ордендері, мысалы, Тамплиерлер ордені, қорғаған.
Діни орталықтарына аттанумен бірге саяси сипатындағы саяхаттар да, әсіресе, билік ұйымдастырған сапарлар орын алды. Ғылымның дамуы, осыған байланысты университеттердің ашылуы ХІІІ ғасырдан бастап студенттердің елдерді кезу үдерісін туғызды – студенттердің көбі итальяндық университеттерге аттанған.
Орта ғасырлардың соңғы кезеңінен Жаңа дәуірге дейін туристік қозғалыс құрылымында дін орындары мен университеттік орталықтарға сапар жасау басым болған. Қайта өркендеу дәуірінде саудагерлер мен қолөнершілердің сапарларының саны көбейді. Осылардың аз ғана бөлігі туристік саяхаттарға жатты. Ал таза түрдегі туристік саяхаттар өте аз болды. Кейбір авторлар [93] таза туристік саяхатқа тек қана ақын Франческо Петрарканың 1336 жылы Прованс Альпілеріндегі Мон Венту (Mons Ventuosus, 1909 м) тауына жасаған жорығын теңейді. Сонымен қатар, бұлар Марко Поло саяхаттарының (1271-1295) туризм дамуындағы рөлін ерекше атайды.
Орта ғасырлардағы діни сана тұрпының жаңа гуманистік санаға – адам мен қоршаған ортаны тануына ауысуы – саяхат мәдениетінің де өзгерісіне әкелді. Күнделікті өмірді қызықты ету, ой өрісін кеңейту, жаңа өмірлік тәжірибе мен жаңа білім алу қажеттері өзгеріске ұшыраған эстетикалық құндылықтарымен бірге, саяхаттардың жаңа қырларын ашқызды. Саяхаттар, бұрынғыдай емес, енді дербес және өзіндік құны бар демалыс іс-әрекетіне айналды.
ХVІ ғасырдың соңына қарай саяхаттарды демалыс өткізу түрі ретінде ағылшын ақсүйектері игере бастады. Бай ағылшындар үшін Еуропаны аралап шығатын ойын-сауық пен білім беру бағытындағы саяхат – гранд-тур ұйымдастырылды. Бұл турдың ең қызықтыратын бөлігі, «уызы» – Италияда ұзақ уақыт өткізу болатын: көркем өнерінің үлгісі деп саналатын Италияда эстетикалық талғам мен білім қалыптасқан. Италия сапарының бағдарламасы кең ауқымды болған: саяхатшылар Рим, Флоренция, Милан, Верона, Туриннің қызықты жерлерін тамашалаған; Помпеи қабырғаларын көрген, Неаполь операсын сүйсіне тыңдаған, Венеция карнавалына қатысқан. Маршрут Италиямен бірге, бүкіл Еуропа үшін сән заңнамашысы болып есептелген Франция жерінен өткен.
Саяхаттар тарихының бұл кезеңі туралы 1976 жылы баспадан шыққан «Туризм: өткен шағы, бүгінгі таңы және болашағы» деген кітабында ағылшын авторлары А.Буркарт пен С.Медлик өте тиянақты жазған.
Гранд-тур, әрине, ағылшын жұртының көпшілігіне қол жетерлік болмаған. Континентке, әсірес ұзақ уақытқа сапар жасау қыруар ақшны қажет еткен. Саяхаттардың әлеуметтік базасы ХVІІ ғасырдың екінші жартысынан кейін кеңейеді. Ал Гранд-турдың «алтын ғасыры» ХVІІІ ғасырда, әсіресе, оның соңғы 30-жылдарында өткен. Шығармашыл зиялылардың дәрменділері континентке лап қойды. Дж.Локк, Ж.-Ж.Руссо адамның дұрыс тәрбиесі үшін ұзақ саяхаттардың маңызды екенін дәлелдеген. Ағарту қайраткерлерінің өздері де жиі және көптеген саяхат жасаған.
Ағылшын ақсүйектерінің бос уақыт өткізудің жаңа формалары мәдени-танымдық саяхаттардың салтын байытып, оларға тұрақты және кері айналмайтын сипат берді.
Орта ғасырлардың ең белгілі саяхатшысы венециялық саудагер Марко Поло (1254-1324) болған. 1271 жылы әкесі, оның ағасымен бірге Шығысқа сапарға аттанады. Саяхаттары жөнінде Генуя республикасына қарсы әскери әрекеттеріне қатысқаны үшін түрмеге қамалған пизалық Рустичаноға әңгімеледі. Осының негізінде «Әлем ғажайыптары туралы кітап» жазылған. Осы «Кітап» ХІV-ХV ғасырлар картографтары үшін өте маңызды нұсқау болды. Үндістан бағытындағы португал экспедицияларының ұйымдастырушылары Марко Поло мәліметтері бойынша құрастырылған карталарды пайдаланған. Бұл «Кітап» көптеген теңізшілер мен жаңа ашушылардың, оның ішінде Христофор Колумбтың қолдан түсірмейтін кітабы болған. Марко Поло саудагер болғанын ұмытпайық: оның кітабын экономикалық географиядан алғашқы оқу құралы деп есептеуге де болады. Марко Поло қытай тілін білмегендігінен және де көрген-білгеннің бәрін өз шығармасына енгізуді қажет етпегендіктен қытай халқының кейбір салттары кітабына кірмегені кемшілік емес. Бірақ шайды тұтыну мен Қытай экспортының негізгі тауарларының бірі болып есептелетін шай саудасын жасау сияқты сұрақтары кітабында толық көрініс таппағандықтан кейбір авторлар Марко Поло Қытайда ешқашан болмаған, ал кітабы қиялдан туған жеміс деп санаған.
Дегенмен, осындай әдейі адастырушылық саудагерге не үшін қажет және оған әлі де келмес еді. Марко Полоның білімі тапшы болғаны белгілі, ал «Кітабында» келтірілген өте ауқымды нақты материалды жинап, оны өңдеу үшін қаншама жазбалы дерекнамаларды ақтару керек! Мұндай әрекет венециялықтың білім деңгейінің төмендігіне, осындай мағлұматтарды іздестіру қиындығына, тіпті, қол тимеуіне (оның негізгі іс-әрекеті сауда болғандығын ұмытпайық) байланысты мүмкін болмаған.
Шығыстың ең атақты саяхатшыларының біріне Әбу Абдаллаһ Мұхаммед ибн Баттута (1303-1377) жатады. Жастық шағында жақсы білім алған, ол алғашқы саяхаттары кезінің өзінде қади міндеттерін орындаған жағдайлары жиі кездескен. Нағыз діншіл мұсылман болғандықтан, бірінші саяхатын Меккеге жасаған. Кейін ибн Баттута өз сапарларын мұсылмандардың қасиетті жерлеріне баруға арнаған. Құрлық пен теңіз бойымен 130000 шақырым шамасында жол жүрген ибн Баттута ортағасырлық саяхатшылардың алдынғы қатарынан орын алады. Өз саяхаттары жөніндегі ибн Баттута әңгімелерін патшаға жақын әдебиетші ибн Джузайя жинақтап, «Рихле» атты кітап шығарды. Ибн Баттута дәл болмаса да, орта ғасыр картографиясының деңгейін көрсететін 70 карта құрастырған. Сапарға шыққан кезде алдына ғылыми мақсаттар қоймаған. Оның қызығушылық тудырғаны әлем елдеріндегі мұсылмандардың өмір салты болған.
Орта ғасырларда теңіз саяхаттары өте маңызды орын алған. Теңіз саяхаттарын ирланд монахтары жиі жасаған. Христиан діні құтқарылу жолы деп есептеп, олар миссионерлік іспен айналысқан. Тарихта орын алған саяхаттар жөнінде айтып кетейік.
900 жылы теңіздегі шторм Гренландияның ашылуына әкеліп соқты. Сұрапыл дауыл Норвегиядан Исландияға бара жатқан Гуннбьерн басқарған кемені бейтаныс жағалауларға ығыстырып тастаған. Ал Гренландияны зерттеп, оңтүстік және оңтүстік-батыс жағалауларында колониялардың қабырғасын көтерген адам соқыр тәуекелші Сарыбас Эрик болған. Сагаға сүйенсек, «ұрыс-талас кезінде бірнеше адам өлтіргені үшін» туған жерінен Исландияға жол тартуға мәжбүр болыпты [130]. Бірақ оны Исландияда жергілікті тинг (халық жиналысы) тағы да оны қылмыскер деп жариялағаннан кейін ұзақ теңіз сапарына аттану үшін кеме жабдықтауына тура келген. Кезекті «қашуға» аттанар алдында «Гуннбьерн көрген жерді іздеп тауып алғым келеді», – депті. Сарыбас Эрик осы жерді тауып алып, үш жыл бойы жағалауларын кезіп зерттеген.
Коныс аударушылардың көңілін аудару үшін тіпті, осы онша жайлы емес жерді Жасыл Жер (Гренландия) деп атаған.
1000 жылы Сарыбас Эриктің баласы Лейф Эйриксон Американы ашқан. Бұл жолы жаңа жерлерді ашу кездейсоқ оқиға болған жоқ. Командасы 35 кісіден тұратын («олардың арасында Тюркир деген бір оңтүстік адамы болған») ол кеме жабдықтап, сапарға шыққан. Олар Баффин Жерінде (оны Хеллуланд – «Тас тақталарының жері» деп атады), Лабрадор түбегінде (оған Маркланд – «Орманды жер» атауын берді) және соңында, Ньюфаундленд аралы немесе Жаңа Англия өңірінде (бұл жерге Винланд – «Жүзім жері» деген атақ берілді) тоқтап аялдаған. Мұнда Тюркир «жүзім сабақтары, жүзімі де көп жерде туғандықтан» өзі жақсы білетін жүзім сабағын тауып алыпты [130].
Ұзақ саяхаттар мен жаңа жер ашуға қарқынды кіріскен Еуропа елдерінің арасында бірінші Португалия болған. Испаниядан бөлініп, қазірге дейін сақталып қалған шекаралары анықталғаннан кейін сәл артта қалған экономикасын көтеріп, озық елдер қатарына кіру үшін Португалия үкіметі теңіз саяхаттарын қолдаған. Бұл тұрғыда ханзада Генрих Теңізшінің (1394-1460) (өзі бір де бір теңіз саяхатына бармаса да) үлесі өте зор. Оның қолдауымен үлкен флот салынды, 1438 жылы Сагриште теңізшілер мектебі ашылды, навигаторларды мұхитта жұлдыздар арқылы бағдарлануды үйрететін обсерватория құрылды. Осы қалада, сонымен бірге, өзінің карталар мен кітаптардың коллекциясын орналастырды.
Жас ханзада 1415 жылғы әскери операциясында маңызды рөл атқарып, арабтардан (маврлардан) Сеутаны тартып алуға үлкен үлес қосты. Осыдан кейін португалдықтар Мароккоға енуге мүмкіншілік алды. Генрих Теңізші Ішкі Африка жөнінде мәліметтерді жинаған. Басқалардан бұрын, оны Гвиней жағалауынан алтынды Жерорта теңізіндегі араб қалаларына жеткізу керуен жолы қызықтырған. Алтын Лиссабонға жеткізілу үшін Гвиней жағалауына жету керек болған.
XV ғасырдың басында Гибралтар бұғазынан өтіп, Африканың батыс жағалауын зерттеді, ғасырдың ортасына қарай Жасыл мүйіс аралдарын ашты. Осыдан бастап, Португалия әлем нарығына негр құлдарды жеткізе бастады. Сөйтіп Африканың отарлануына жол ашылды. Құлдарды сату әрекетінен оның пұтқа табынушыларды шоқындыру, христиандарға айналдыру мүмкіндігіне жол ашатынын Генрих қана емес, Рим папасы Евгений ІV де сезді. Папа Генрихтің өтінішіне орай, португалдарға осыдан бастап жаңадан ашылған жерлерден жабайы халықтарды сыйлау жүзеге асты. Кейін рим-католик шіркеу басшылары бұл ұсынысты қолдаған.
Генрих Теңізші, оны жақтырмайтындар айтқандай, «өзі ешқашан теңізде жүзбеген» болса да, құрлықтарды зерттеуде көптеген саяхатшылардан артық қызмет етті. Ол Үндістанға теңіз жолын ашуды көздеген жүйелі зерттеу экспедициялардың демеушісі болған. Генрих Теңізші өмірден озар жылы (1460) осы саяхатты іске асырған Васко да Гама туды.
Португалиядан Үндістанға жаңа маршрутпен алғашқы рет аттанған экспедиция Лиссабон айлағынан 1497 жылдың жазында шыққан. 4 кемеден тұратын шағын флотилияны Васко да Гама басқарған. Португалдық кемелер Мадагаскардан өткен кезде, Африка мен Үндістан арасындағы думанды сауда жолына түсіп кетті. Мұнда кең тараған сауда тілі араб тілі болған. Мелиндиде португалдықтар мавр-штурманды жалдады да, ол флотилияларды Үндістанға дейін жеткізді. 1498 жыл көктемінде теңізшілер Үндістанның батыс жағалауына жетіп, еуропалықтар ол кезде Каликут деп атаған қалада (Орта ғасырларда бұл қалада түссіз шыттың бір түрі – миткаль немесе калико өндірісінің атағы шыққан, осыдан қаланың атауы пайда болған) кемеден түскен. Португалдықтарды Каликутта сауда бәсекесі ретінде салқын қабылдаған соң, олар басқа үнді қаласы Каннанорда сауда жасау рұқсатын әрең ала алды.
Жол ауыртпалықтарынан команданың жартысынан айрылып, Васко да Гама екі жылдан кейін ғана, алтын мен қадеге жарайтын жүгімен Португалияға оралды. Корольге сыйлық ретінде тағайындалған алтын пұттың салмағы 30 кг шамасында болған, көзі изумрудтан жасалған, ал кеудесінде грек жаңғағындай лағыл болған. Үндістанға теңіз жолы ашылуының маңызы сондай – португал королі І Мануэль «Құтты» және «Теңіз саяхаттарының, Эфиопия, Аравия, Персия мен Үндістанның билеушісі және сауда әміршісі» деген атақты өзіне иеленген. Португалдықтар Африканың батыс жағалауын айналып, Үндістанға аттанса, көршілес Испания дәл сол Үндістанға басқа жол іздеді. Мұхиттің ары жағына бағытталған жорыққа король билігі, католик шіркеуі, қала буржуазиясы да, дворяндардың өздері де мүдделік танытқан.
Осы экспансияны бастау үшін барлау экспедициясы қажеті туған. Сөйтіп Генуя тұрғыны Христофор Колумб (1451-1506) Испанияның корольдық ерлі-зайыпты – Фердинанд пен Изабеллаға осындай батыс бағыттағы Үндістан сапарының жобасын ұсынды.
Испандықтардың зерттеу саяхаттары басқа ел ғалымдарының зерттеулеріне сүйенген. Мәселен, неміс географы Мартин Бехайм (1459-1506) 1492 жылы біздің заманымызға дейін жеткен ең ескі үлкен глобус жасаған, сонымен қатар, ол күн биіктігі бойынша бағдарлану әдісін тапқан.
Итальян астрономы Паоло Тосканелли (1397-1482) де Жердің шар тәрізді екенін жақтаған және Үндістанға батыс жолымен жетуге болатынын дәл осы ғалым ұсынды деген жорамал бар. Сондықтан өз саяхаттары басталмай Американы ашқан Христофор Колумб М.Бехайм және П.Тосканеллимен хат жазып, хабарласып тұрған [130].
Христофор Колумбқа екі кеме беріледі. Палостың бай кеме иелері – үш ағайынды Пинсондармен келісімге келіп, олардан үшінші кемеге жеткілікті көмек алған. Экипаждың бір бөлігі айбынды корольды жәбірлегені үшін бір жылға тұтқындағы жұмыстарға жазаланғандар мен қылмыскерлерден қалыптасқан, бірақ, әрине, өз еркімен жалданған матростардың саны басым еді. Ол кезде ерсі болып көрінетін ақиқат – кемелерде бір-де бір монах немесе дін қызметшісі болмаған. Ал есесіне экипаж құрамына ол заманда халықаралық сауда тілі болған араб тілін білген және «Үнділерде» хабары бар шоқынған еврей Луис Торрес кірген.
Су ығыстырғыштығы 100 тоннадай бірінші каравелла «Санта-Мария» капитаны Колумбтың өзі еді. Бұл, оның өзі айтқандай, «нашар, ашуларға жарамайтын кеме» болған.
Одан кішіректеу екінші, «Пинта» каравелласының капитаны үш ағайынды кеме иелерінің үлкені Маргин Алонсо Пинсон болып тағайындалды.
Ең кіші кемені – су ығыстырғыштығы 40 тонна болған «Ниньяны» («Бөпе») Висенте Пинсон басқарды.
Флотилия экипажы шамамен 90 адамды құраған (Верн Ж. История великих путешествий. Полное издание в одном томе – М.: Альфа-книга, 2008. – 772 с.).
1492 ж. 12 қазан күні таң атарда «Пинтаның» матросы Родриго де Триана «жер көрінді», – деп хабарлады (дегенмен, Колумб оның алдында кешке таман құрлықта жылтыраған оттарды көргенмін деп сылтауратып, кейін матростың сүйінші сыйлығын тартып алады). Бірақ бұл Кариб теңізіндегі Багам аралдарының бірі тұғын. Оны алдындағы азаптардан құтылу үміті пайда болғандықтан Сан-Сальвадор («Қасиетті Құтқарушы») деп аталды.
Кейін Куба мен Гаити сияқты ірі аралдар ашылды. Кубаны Колумб Қытай жері деп ойлаған. Кейбір жерлерді Сипанго (Чипангу) немесе Жапония деп жаңылған. Аралдарда бұрын кездеспеген елді, тұрмыс салттарды және бейтаныс жануарлар мен өсімдіктерді көрген. Сәл кейінірек Ескі Әлем жүгері (маис), картоп, қызанақ (томат), темекі және басқа өсімдіктерді таныды.
Колумб өзі ашқан жерге төрт рет барып қайтты, оның экспедициялары Оңтүстік Американың шығыс жағалауын зерттеді, бірақ ол Азия құрлығының, «Үндістанның» бір бөлігі деген сенімде қалды. Жергілікті халықтардың «үндістер» деп аталып кету себебі осыдан. Алайда, жаңадан ашылған «Батыс Үндістанда» (Вест-Индияда) уық шанышқан «Шығыс Үндістанмен» (Ост-Индия) салыстырғанда қалалар саны да аз, өркениеті де өте нашар дамыған-ды. Жергілікті елдерде табылған алтын мен күміс король қазынасына күтілген мөлшерінен әлдеқайда мардымсыз көлемде түсіп, Колумб король сарайының қаһарына ұшырап қалды. Ол өмірден озар алдында жалғыздық пен қайыршылыққа ұшырап, азап шеккен.
Колумбтың ең ұзақ, 40 жыл бойы өткен «саяхаты» қайтыс болғанынан кейін басталды. Дүниеден кеткен жері Вальядолид қаласынан сүйегі әуелі Севильяға, одан кейін, XVI ғасырдаң ортасында, Гаитидегі Санто-Доминго қаласына әкелінді.1792 жылы Испания Гаитидің бір бөлігін Францияға тапсыруға мәжбүр болғанда, адмирал табыты Гаванаға жеткізілді. Испания мен Америка арасындағы соғыс (1898-1899) нәтижесінде Испания Кубадан айырылды. Енді Колумб сүйегі Испанияда қалу керек деген шешімі қабылданып, оны қайтадан Севильяға әкелді. Сонымен Колумб сүйегі қазір Севильяның кафедралдық соборында жатыр.
Христофор Колумб жаңа құрлықпен бірге, Кариб теңізінің ең маңызды аралдарын да ашты. Ол Оңтүстік Америка құрлығы мен Орталық Америка мойнақтарының ашылуына септік тигізді. Бүкіл континенталдық Американы ашу үрдісі өте ұзақ уақытқа, екі ғасырға созылды.
Америка өз атауын басқа бір итальяндық (Колумб оны «жылпос флорентийлік» дейтін) Америго Матео Веспуччи (1454-1512) есімінен алған. Ол Колумбтың досы болыпты. Америго алғашқы шетелдің саяхатын бозбала шағында жасаған: оны дипломат қызметін атқарған немере ағасы Парижге ертіп апарған. Есейген кезінде, Медичи банкінде жұмыс істеп, Испания мен Португалияға талай рет барып келген. Америгоның айтуынша, португал экспедициялары құрамында Жаңа Әлемге бірнеше рет барып, Оңтүстік Американың шығыс жағалауларын зерттеген-мыс. Бүкіл әлемге 1503 және 1504 жылдары жазған хаттары арқылы аты шыққан. Бұл хаттар тек жарияланғанымен шектелмей, көптеген Еуропа тілдеріне аударылды. Құпия сақтау қажет болғандықтан Христофор Колумбтың күнделіктері жарық көрмегенін атап кеткен жөн. Америго хаттары болса, оларда жаңа жерлердің ашылуы, жануарлар мен өсімдігі, жергілікті тұрғындардың өмір салты бейнелі түрде сүреттелген. 1503 жылғы хатында: «Бұл елдерді Жаңа Әлем деп атаған дұрыс. Көне авторлардың көбі экватордан оңтүстікке қарай құрлық жоқ, тек қана теңіз бар деген, ал егер осылардың арасындағы біреулер ол жақта құрлық бар деп мойындаса, ол адам өмір сүрмейтін құлазыған жер деп есептеген. Алайда, менің соңғы жасаған саяхатым осындай пікірді жалған және ақиқатқа сәйкес еместігін дәлелдейді, себебі, мен оңтүстік аймақта біздің Еуропа, Азия немесе Америкадан гөрі халық пен жануарлар тығыз мекендеген құрлық тауып алдым; және бізге белгілі қандай да болсын өңірден бұл құрлықтың климаты адамға жайлы болып келеді», – деген [130].
Жаңа құрлықтың атын «қолы жеңіл» Мартин Вальдземюллер берді. Ол Лотарингияда пайда болған география үйірмесінің мүшесі болған-ды. 1507 жылы «Космографияға кіріспе» атты кітабын шығарып (бұл кітапқа Америгоның жоғарыда аталған екі хаты да кірген), әлемге мәлім үш құрлыққа: Азия, Африка және Еуропаға әйелдердің аттары берілгенін біліпті. Ал енді төртінші құрлық ашылды, және оның ашылуына үлкен үлес қосқан кісі – Америго Веспуччи. М.Вальдземюллердің бұл сөздерін ауыспалы мағынада түсіну керек: шынында да, жұртшылық бұқарасы өзі үшін осы жерді суреттеген Веспуччи хаттарындағы мәліметтер арқылы Американы «ашты», сондықтан М.Вальдземюллер жаңадан ашылған жерге Америго атын беруді ұсынды. Көп уақыт өтпей бұл аумақ «Америго жерлері», ақырында, басқа құрлықтардың аттарына ұқсап, жай ғана Америка деп аталып кетті.
Колумбтың жолын қуғандардың саны көп болған. Мыңдаған тәуекелге сыйынғандар Жаңа Әлемге ұмтылды.
Ең белгілі саяхатшылардың қатарына Фернан Магеллан (1480-1521) да жатады. 1519 жылдың 29 қыркүйегінде Магеллан Сан-Лукардан теңізге шықты. Магелланның флотилиясы: адмиралдың жалауы желбіреген су ығыстырғыштығы 110 тонналық «Тринидад» («Троица»); су ығыстырғыштығы 120 тонналық «Сан-Антонио»; су ығыстырғыштығы 90 тонналық «Консепсьон» («Бала біту»), флот қазынашысы Лусиа де Мендоса басқарған су ығыстырғыштығы 85 тонналық «Виктория» («Жеңіс») және су ығыстырғыштығы 75 тонналық «Сант-Яго» сияқты бес кемеден тұрған.
Бес капитанның төртеуі және штурмандары барлығы дерлік португалдықтар тұғын. 265 кісіден тұрған экспедиция құрамында 37 португал, 30 итальян, 19 француз, бірнеше фламанд, неміс, сицилиялық, ағылшын, зәңгі (негр) және басқалары болған, арасында тіпті, Магелланның Үндістаннан ертіп әкелген құлы Энрике деген малай да жүрген, алайда, испандықтардың саны басқалардан асып түскен.
Кемелер ашық теңізге шығып, оңтүстік-батысқа бағыт алған. Алты-ақ күнде олар Канар аралдарына, кейін экваторға жетіп, Магеллан Қасиетті Крест Жеріне (Бразилия) бұрды,1519 жылдың 10 қаңтарында экспедиция Ла-Плата деген үлкен өзенде тоқтайды. Болашақта бұл жерде қазіргі Уругвай астанасы Монтевидео орналасады.
21 желтоқсанда Магеллан кейінірек өзінің атын алатын бұғазға жетеді. Бұғаздан өтіп, саяхатшылар өздерінің алдында шексіз мұхитты көрді, оны Магеллан Тынық мұхит деп атайды. Осы мұхитты төрт ай шамасында аралап, жүзген.
1521 жылдың наурыз айының басында ғана экспедиция тығыз мекенденген аралдарға жеткен. Жергілікті жабайы халық жеке меншік деген ұғыммен таныс емес-ті. Сондықтан өздеріне ұнап қалғанын тартып алып, алыстан келген бөгде адамдарға қалағанын бере берген. Бірақ Магеллан оларға қарсы жазалаушы жасақ жібереді. Бұл аралдар кейін «Қарақшылар» аралдары деп аталады (1668 жылдан бастап Мариан аралдары). Одан кейін саяхатшылар Филиппин аралдарына келеді. Филиппин аралдары ХІХ ғасырдың соңына дейін Испания отаршылығында болады.
Екі тайпа көсемдерінің арасындағы ұрыс-таласына араласып, 1521 жылдың 27 сәуірінде ұлы теңізші қаза табады. Дегенмен, Магеллан экспедициясы аман қалған бір капитанының басқаруымен өз мақсатына жетеді. 1522 жылдың 6 қыркүйек күні Элькано басқарған «Виктория» каравелласы саяхат басталған Сан-Лукар де Баррамеда айлағына кіреді. Команданың 265 адамынан 17-сі ғана аман оралады.
Карл V қолынан Элькано 500 дукат көлеміндегі зейнетақы мен латын тілінде «Сен алғашқы болып мені айналып өттің» деген жазуы бар жер шары бейнелеген таңбаны сыйға алады.
Жер шарын алғашқы айналған Фернан Магеллан экспедициясы (1519-1522) Жердің шар тәрізді екенін тәжірибе жүзінде дәлелдеді, сонымен қатар, көптеген жаңа жерлерді: Оңтүстік Америкадағы Магеллан бұғазы мен Отты Жерді, Ұлы (Тынық) мұхитындағы талай аралдарды және т.б. ашты.
Ұзақ уақыт географиялық ашулар мен зерттеулерде Испания мен Португалия мемлекеттерінің үлесі орасан зор болған. Осының куәсі Рим папасының төрелік етуімен 1494 жылы жасалған келісім – Тордесильяс келісімі. Ол бойынша, Атлант мұхитының дәл ортасынан батысына қарай жаңадан ашылған жерлер – испандықтардың иелігіне, ал шығысқа қарайғы жерлер португалдықтар иелігіне өтті. Бұл келісімнің бір айғағы – қазіргі португал тілді Бразилияның Оңтүстік Американың шығысында орналасуы, ал испан тілді елдердің жалпы түрде батысында орналасуы.
Орта ғасырлардағы саяхаттар жөнінде әңгіме жүргізгенде, орыс көпесі Афанасий Никитиннің Үндістанға жасаған «кезбесі» түседі. Ол алыс жерлерде табаны тиген алғашқы орыс жиһанкездері мен теңізшілердің қатарында мәртебелі орын алады. Никитин Алдынғы Азия елдеріне Марко Полодан 200 жыл кейін барды, теңізді Ормуздан Үндістанға дейін жүзіп өтті, одан бұрын еуропалықтар мүлде болмаған Үндістанның ішкі аудандарына барып қайтты.
Каспий маңындағы Кавказдағы Ширван хандығының елшісі Хасан-Бек 1468 жылдың басында Мәскеуге келгенде Никитиннің алыс сапарға аттануына мүмкіншілік туды. Мәскеу мен Тверь көпестері еліне қайтып бара жатқан елшінің керуенімен бірге Каспий мемлекеттері мен Парсы елінде сауда жасау мақсатында еріп барды. Бірнеше кеме болып 30 жуық көпестер жолға шықты.
Елші және көпестердің кемелері Астраханға дейін аман-есен жетті. Бірақ Астрахан маңында кемелерге татарлар шабуыл жасап, оларды тонады. Бүкіл керуеннен екі-ақ кеме аман қалды.
Еділ сағасынан олар Дербент қаласына бағытталды. Жолында Хвалын (Каспий) теңізінде қатты дауыл соғып, бір кеме жағаға соғылып қирайды, ал екіншісін жергілікті тайпалар тонап талқандайды.
Көпестерден тауарларды несиеге алған Никитин туған жеріне құр қолымен қайта алмағандықтан ол Персияға барып, онда екі жылдан астам тұрды. Парсы жерін аралаған кезінде 2 мың шақырым жол жүрген. Парсы шығанағындағы порт және ортағасырлық Шығыстың ең ірі сауда орталығының бірі Ормуз қаласына жеткенде Никитин Үндістанда жылқы өте жоғары бағаланатынын естіп, бар мүлкін ат сатып алуға жұмсап, Хорасан саудагері қажы Жүсіп (Юсуф) жалған атпен дабаға (шағын каботаждық кеме) мініп, Үндістанға аттанады. Алты апта теңіз жолымен жүзіп, А.Никитин мен оның жол серіктері Үндістанның Малабар жағалауында Бомбейден оңтүстікке қарай орналасқан Чаул портында тоқтайды.
Өзінің жібегімен, металл бұйымдарымен, асыл тастарымен атағы шыққан Бахманидтер патшалығының астанасы Бидарда Никитин төрт ай өткізеді. Осыдан саяхатшылар Виджаянагарға барады, мұнда үнділермен бірге үнділердің діни орталығы Парватқа аттанады.
Никитиннің Ресей мен Үндістан арасындағы сауда жасау үміті ақталған жоқ, себебі арзан бұрыш пен индиго бояуынан басқа Ресейге қажетті тауар болмады; кірген тауарлары үшін жоғары баж салығын төлеу керек-ті. Оның үстіне теңіздерде қарақшылар (пираттар) ешкімге маза бермеген.
Осыған орай, Үндістанда төрт жылға жуық уақыт болып, Никитин бар ақылы мен байқағыштығын сиқырлы үнді жерінің өмірі мен табиғатын зерттеуге жұмсады. Өз көрген-білгендерін «Каспий (Хвалын), Қара (Стамбулдық), Аравия (Гундустандық) үш теңіздің ар жағына барып қайту» деген жазбаларында баяндаған. Орта ғасырларда Кавказ аудандарына Батыс пен Шығыс саяхатшылары дін және сауда мақсаттарымен бірге танымдық мақсатында да келген. Олар үшін көптеген керуен жолдары салынған.
Осылардың бірі көне заманнан бастап «Үндістан жолы» атында белгілі болған. Қара теңіз жағалауындағы қазіргі Сухумидің жанында басталып, Кавказ тауынан асып, Албания (Әзірбайжан) үстімен Үндістанға апарған. Армения, Әзірбайжан, Дағыстан және Кавказдың басқа жерлерінде транзит жолдарының бойында қонақүйлер мен керуен-сарайлар салынған.
XIV-XVI ғасырларда Қырым мен Кавказдың Қара теңіз жағалауларындағы Генуя мен Венецияның экспансиясы кезінде жерортатеңіздік саудагерлер мен саяхатшылар Кавказда арнайы қонақүйлерде тоқтаған. Олардың қалдықтары Жаңа Афонда, Гаграда, Хостада, басқа жерлерде бүгінге дейін сақталған. Оларды генуялық және венециялық қонақүй-мұнаралар деп атайды. Батыс Грузияда, мысалы, аджарлар мен лаздар арасында, екі бөлмелі бір қабатты ағаш үйлер түрінде қонақүйлерді салу салты ХІХ ғасырға дейін сақталған. Саяхатшылар, әдетте, дәл осындай қонақүйлерде тоқтаған.
Орта ғасырлардың ұлы саяхатшылары Марко Поло, А.Никитин, Жорж Шарден және т.б. Кавказ қонақжайлығын жоғары бағалаған.
Басқа елдер өкілдерімен болған түйіспелер сауда-экономика тұрғысымен қатар ғылыми-білім алу мақсатында жасалған. «Білім алу саяхаттары» орта ғасырларда жиі көрінген құбылыс.
Еуропадағы алғашқы университет ХІ ғасырдың соңында Болоньяда ашылды. Ұзақ уақыт өтпей ХІІ ғасырдың басында «жалпы мектеп» ретінде жұмыс істеген оқу орны 1200 ж. Филипп ІІ Августтың «Сорбонна құқықтары туралы» және 1230 ж. Папаның жарлықтарымен Париж университеті болды. Орта ғасырларда Парижды «ғылым қаласы» және «жаңа Афина» деп атайтын.
ХІІІ ғасырда Англияда Оксфорд пен Кембридж университеттері, Испанияда Саламанка университеті және Италияда Неаполь университеті ашылды. XIV ғасырда олар Прага, Краков, Гейдельберг қалаларында пайда болады, ал 1500 жылға қарай бүкіл Еуропада 65 университет ашылған. Университеттер факультеттер мен «нацияларға» бөлінген.
Кіші, бастаушы факультет «нацияларға» – осы университетке бір қаладан келген студенттерді біріктіретін жерлестіктерге бөлінген. Үш бітіруші факультет – теологиялық, құқық және медицина факультеттерінде студенттер саны аз болғандықтан «нацияларға» бөлінбеген.
ХІІ ғасырда Болоньяда құқықтануда революция жасаған, өз заманының ең үздік заңгері Ирнерий (1055-1130) білім берген. Ол әртүрлі дерекнамаларда шашылған заңдық үзінділерді егжей-тегжейлі түсіндірмелермен қамтамасыздандырылған біртұтас Рим құқығы жүйесіне жинақтаған. Болон университеті Еуропада өте жоғары бағаланған, оны жан-жақтан келген студенттердің өте үлкен саны дәлелдейді. Дәл осы университет бірінші болып Alma mater studiorum (білімнің сүт анасы) аталып кетті.
Университет жүйесінің іске асырылу қағидалары бүкіл Еуропа үшін біркелкі болған. Университеттер әмбебаптық бастамаларды күшейтіп, біріктіруші рөл атқарған. Университет берген ғылыми дәреже бүкіл христиандық әлемде мойындалуы қажет болған. Ол кездегі жалпы әмбебап билігі болған папа билігі мұның кепілі атанған. Дегенмен, осындай хартияларды корольдер мен императорлар да берген, бірақ ол үшін бәрі бір олар Рим папасынан тиесілі құжат сұрастырған. Осыған орай, біреудің ғылыми дәрежесін мойындамау тек қана католик шіркеуіне ғана емес, оның басшылығына қырын қарау саналған. Осындай қағида еуропалықтарға өздері қалаған жерде білім алу мүмкіндігін берген және «ғылыми немесе студенттік туризмді» ынталандырған.
Университеттер ғылыми дәрежелерін ешкімге бағынбай, тәуелсіз түрде берген. Шіркеу де, басқа да билік бұл үрдіске қол сұқпаған. Осындай жағдай ғылыми-педагогикалық іс-әрекеті зиялы Византия да, ғұламалы араб Шығысы да білмеген еркіндіктің кепілі болған. Оның үстіне Еуропада ғылыми дәреже әлеуметтік айырмашылықтарын жоятын.
Антикалық дәуірімен салыстырсақ, христиан, ислам діндері арқылы идеология аса сіңіп кеткен Орта ғасырлар дәуірінде барлық саяхаттар дерлік, қалай да тауап ету сипатына ие болған. Дегенмен, тәуекелге барған саяхатшылар да кездескен. Осылардың қатарына ХІІ ғасырда өмір сүрген Вениамин Тудельский жатады. Ол Шығыс елдеріне сапар жасап суреттеген алғашқы еуропалық саяхатшысы тұғын.
Орта ғасырларда емдік туризм де жақсы дамыған. Ұлы Карл мемлекетінің астанасы деп саналған Ахен (Аахен) қаласы бұрын рим мен кельт байлары демалып емделген белгілі термалдық курорттың орнында орналасты. Осы сулардың шипалығын Гранн құдайының ықпалына байланыстырған. Ұлы Карл әкесі Пипин ІІІ сияқты, бұл жерді жақсы көрген. Карл термалдық моншалардың жанында өзінің корольдық сарай ансамблін салған. Бұл ансамбль сол дәуірдің сәулет өнерінің шыңы деп есептелген.
Сол кездегі саяхатшылар көптеген кедергілер мен ауыртпалықтарға ұшыраған, оның ішіндегі ең қиыны жол торының нашар дамуы еді. Кейбір авторлардың [70] айтуынша, Орта ғасырлар мен Қайта өркендеу дәуіріндегі жолдардың күйі мыңыншы жылдағы ахуалындай яғни оларды жаулап алушылар тас-талқан қылған уақытына сәйкес болыпты. Жолдар нашар күйде болғандықтан және сирек орналасқандықтан көлік те жеткіліксіз дамыған, ал бұл көлік құралдарының нашар техникалық хал-күйі (XV ғасырдың соңына дейін) саяхаттарды салт атты түрде, әсіресе, жол ұзақ болса, жасауға мәжбүр қылған.
Орта ғасырларда қолданылған көлік құралдары варвар халықтарының да, антикалық дәуірдің де «мирасы» болған. Жол жүру үшін жеңіл екі және төрт дөңгелекті арбалар қолданылған. Олардың негізінде XІV ғасырда жолаушыларды тасымалдайтын әртүрлі экипаждар пайда болды. Жүк тасымалдау үшін үлкен жабық жүк арбаларын пайдаланған, олардың дөңгелектері әдетте тұтас ағаштан жасалған. Жолаушыларды тасымалдау көлігі онша көп қажет болмағандықтан оны жақсартуға көңіл аударылмаған. Жолаушыларды таситын көлік пен жүк арбаларының айырмашылығы тек қана олардың безендірілуінде ғана көрінген. ХІІІ ғасырдан бастап, Францияда шанақтың сырты әшекейленген экипаждар қалыптасқан. Шанақтың төбесі құрсаулар бойынша қымбат кілемдермен тартылған, ал ішкі жағына селкілдеп жүрген кезде соққыны азайту үшін жастықтар төсеген. Тұрпаты экипаж безендірілуіне сәйкес болуы үшін аттың арқасына қымбат терлік кигізген.
Саяхат жасау үшін арбалармен қатар зембілдер (портшездер) де қолданылған. Мұндай көлік түрін сырқатты саяхатшылар және атқа мініп селкілдеп жүруден гөрі жайланып отырғанды қалайтындар пайдаланған. Ұзақ сапарларда зембілдің алды мен артына бір-бірден екі ат жеккен. Атбегі қамшысын ұстап зембілдің жанында жүрген. Саяхатшының байлығы мен мәртебесін портшездің әшекейінен, қымбат перделер мен жастықтан көруге болатын. Өте сирек пайдаланғандықтан экипаж көп өзгерістерге ұшырамаған. XVІ ғасырға шейін не атқа мініп, не ат жеккен арнайы зембілдерде жол жүрген. Көркем Филипп жарлығы (1294) бойынша, экипаждарды пайдалану құқығы тек қана жоғары мәртебелі әйелдер мен олардың жақындарына берілді. Сондықтан XV ғасырдың өзінде экипажды өте сирек қолданған және сән-салтанат түрінде көрсеткен.
Саудагерлер, әскери басшылар, елшілер және бай саяхатшылар ұзақ жолға аттанғанда қолдан жасалған суретті карталардың негізінде құрастырылған жолнамаларды пайдаланған.
Ертедегі Орта ғасырлардағы жүйелі жол қатынасы Рим жолдары арқылы жасалған. Олар VI ғасырдан қалпына келтіріле бастаған. Ол кезде Еуропада жаңа, алғашқы мезгілде варварлық корольдіктер пайда болды. Орта ғасырларда қала тұрғындары мен шаруалар олардың жерінде орналасқан жолдар мен көпірлерді күтіп, тазалап, қалпына келтіріп жүруге міндетті болғанын атап айтқан жөн. Христиан дінінің тарауымен бірге мұндай іс құдайға игілікті деп саналған.
Орталық Еуропадағы алғашқы мемлекеттік дәрежедегі жол Майнц пен Кобленц арасында салынды. Ені 6 м болған. Жолға төселген тақталар кейбір мұражайларда көрсетіледі. Бүкіл Орталық Еуропаны «Виндобонд жебесі» деп аталған қара жол кесіп өткен. Бұл жолмен Балтық елдерінен Неман сағасына, одан әрі Виндобонаға (Вена) янтарь тасымалданған. І мыңжылдықтың соңындағы экономиканың өрлеуіне байланысты, Еуропадағы жол құрылысы да өркендеген [130].
Еуропадан Византия да қалыспаған. Империяның ең жақсы жолдары Балкан түбегінде болған. Олар барлық тау жолдарын айналып өткен. Балкан жолдары Триесттен Дунай бойымен Қара теңізге, одан әрі Константинопольге барған. Бүкіл осы даңғыл жолдардың бойында саяхатшылар демалған, тамақтанған және кез келген сауда операцияларын жасай алатын керуен-сарайлар салған. Еуропада олар баспана, госпиталь, жиһанкездерді қабылдайтын үйлер деп аталған. Әдетте, олар «меже бағаналары» сияқты, бір-бірінен бір күндік жол аралығында орналасқан. Бұл керуен-сарайлар үлкен қамбаларға ұқсайтұғын, жарық жасалған тесік жерлерден кірген. Адамдарды төбесі жабық ауланы айналып салынған сәкі-төсектерге жатқызған, ал олардың тақтайшаларына аттарын байлаған. Сөйтіп, қонақтар өз атын көзінен тасамалаған, ұрлап әкетеді деп алаңдамаған.
Константинопольдың Византиядағы ерекше рөлі, елді қызықтыратын тарихы мен көрнекті орындары, империя астанасына ағылып келіп жүрген саяхатшылардың мүдделері осы жерде жолнамалардың шығуына ықпал тигізді. Ең бірінші жолнама ерте антикалық дәуірдің өзінде – VI ғасырда пайда болды. Бұл латын тілінде жазылған vademecum* «Константинополь шаһары – Жаңа Рим» деп аталған [130].
Жолнамалардың сапасы онша жоғары болмаған, мұндағы берілген астана жөніндегі тарихи және топографиялық мәліметтер дұрыстап үйлестірілмеген-ді. Осы деректердің бірі, «Қысқаша тарихи шолу» VIII ғасырға жатады. Бұдан гөрі көбірек мәліметтер кірген үш бөлімнен тұратын «Отанымыз Константинополь» жолнамасы Х-ХІ ғасырлар қиылысында құрастырылды. Бірінші бөлім қала мен қала аудандарының пайда болу тарихы туралы әңгімелейді. Екіншісі __________

*Vademecum (латын тілінен – менімен бірге жүр) – жолнама, қалталық анықтама кітабы, нұсқаушы


Константинопольдың топографиясын суреттейді. Үшінші бөліміне қаланың негізгі көрікті жерлері – ескерткіштері, император мен жеке тұлғалардың сарайлары, моншалар, ауруханалар, монастырлер, шіркеулер , т.б. туралы мәліметтер кірген. Әулие София храмының құрылысы мен дәріптелуі туралы бөлек айтылған. Құрылымы бойынша, бұл жолнама қазіргілерге өте ұқсас. Қаланың өте дәл және егжей-тегжейлі жасалған топографиясымен бірге, «Отанымыз Константинополь» жолнамасы өте көп дерекнамаларға сүйенген. Мұнда Прокопий Кесарийский, Иоанн Лид, патриарх Фотий, VIII-ІХ ғасырлардың жылнамашыларының шығармалары кең пайдаланған.
Мысырды арабтар жаулап алудың қарсаңында Египетте VII ғасырдың бірінші жартысында жазылған папирус табылған. Бұл папирус – Мысырдағы Гелиопольден Константинопольға дейінгі жолды сүреттеген жолнама, оған 62 топоним кірген. Константин VII жазған «Империяны басқару туралы» трактатының аумақ жерін сүреттейтін 42 тарауы жолнамалар негізінде құрастырылған. Және де, нағыз итинерарий қағидаларына сәйкес, мұнда барлық арақашықтықтар мен топографиялық атаулар белгіленген. Византияда шыққан жолнамаларды, әдетте, мінажат етушілер үшін жасаған.
Саяхатшылар көп болғанымен сапар жасау қауіпсіз болды деп айтуға болмайды. Қарақшылар топтары кез келген адамды, оның ішінде пилигримдерді де, тонап кетуі мүмкін-ді. Бай сауда керуендерін тонау рыцарлардың да, тіпті мәртебелі сеньорлардың: графтар мен барондардың да «сүйікті» ісі болыпты.
Дөңгелектердің солқылдауын басатын рессорлардың пайда болуы көлік тарихында нағыз қопарыс туғызды. Венгрияда алғашқы жасалған, бұл жабдық XV ғасырдың соңынан бастап Еуропада өте жылдам тарады. Бұған қарамастан, бүкіл XVІ ғасыр бойы экипаждардың жаңа түрі комфорт пен сән-салтанат белгісі болған, ал саяхаттың көпшілігі салтатты жүзеге асқан. Экипаждарды әдетте, тек салтанатты мереке кезінде пайдаланған.
Англияда көліктің таңдаулы түрі пошталық карета дүниеге келген. Лондоннан Батқа дейін үш күнде жететін-ді. Жолда карета таверналар мен пошта станциялары деп аталатын қонақ жайларында бірнеше рет аялдама жасаған. Қазіргі кезде Лондоннан Батқа дейін машинаға мініп екі жарым сағатта жетуге болады.
Орта ғасырларда саяхат саны өсті, осыған орай, жол бойындағы қонақжайлар саны да көбейді. Қазіргі стандарттармен салыстырсақ, бәрі бір олар өте қарапайым келген. Қонақтар бір үлкен бөлменің тура еденіне төселген матраста үйіліп жатып ұйықтаған. Әр «клиент» өзі алып келген тамағын ішкен немесе үй иесінен сатып алған. Әдетте, нан мен ет (кейде балық немесе тауық балапанының еті) жеп, сыра ішкен. Осындай жерлердегі қызмет сапасының көтерілуімен бірге сапар жасайтын кісілердің саны да көбейген. Олардың арасында әбден жайлы өмірге әдеттенген бай адамдар да болған. Олар осыған сәйкес күтімді қажет еткен – бұл жағдай қызмет көрсету саласының прогрессіне септігін тигізген.
Континенталдық Еуропа қонақжайлары ағылшындарға қарағанда, әлдеқайда нашар болған. Жайлылық жағынан көнбіс, онша күй талғамайтын ағылшындар Еуропаға келгенде қонақжайларындағы жағдайға (әсіресе, ағылшын қонақүйлерімен салыстырғанда) қарап жаны түршіккен. Тіпті, сол заманның өзінде өте жоғары аспап стандарттарымен белгілі Францияда қонақжайларындағы тамағы жеуге келмеген, оның үстіне оларда неше түрлі жиіркенішті жәндіктер топырлап жүрген.
Діни миграциялардың, саудагерлер мен студенттердің саяхаттары қонақүй ісінің дамуына, әсіресе, ірі діни орталықтарында және сауда, мәдениет, ғылым шоғырланған жерлерде өте маңызды септігін тигізді. Ол кездегі деректерде hospes деген сөз жиі қолданылады, бұл сөзден hospitum – іс-әрекеттің жаңа түрін, қонақтарды қабылдау ісін белгілейтін ұғым пайда болды. Бұл іс-әрекетпен сол кездің өзінде көп жұрт айналысқан [70]. Басында өте қарапайым болған қонақүйлер XІV ғасырдың өзінде түнеуге жайлы баспаналарға айналды. Қонақүй кәсібінің кейбір қалалардағы дамуының нәтижесінде XІV ғасырдың өзінде қонақүйлердің иелері өзінің жарғысы бар дербес цехтерге біріге бастады. Осындай цехтың ең алғашқысы 1356 жылы Венецияда пайда болды. Бұл жерде қала билігі Италияда ең бірінші болып туризмді өз табыстарын шұғыл көбейтетін іс ретінде қарастырды. XІV ғасырда осындай цехтер Римде, Сиенада, Флоренцияда да пайда болды (Флоренцияның қонақүй цехына қонақүйлер мен жалға берілетін бөлмелердің 600 иелері кірген). Венецияда қонақүй иелерінің цехы қала билігінің нұсқауымен ашылса, басқа итальян қалаларында мұндай бірлестіктерді қонақүй иелерінің өздері қалыптастырған [70].
Ұлы географиялық ашулар дәуірі және XІV-XV ғасырлардағы теңізде жүзу техникасының жетілдірілуі [70, 93] ұзақ теңіз саяхаттарына жол ашып, туризм дамуында өте маңызды рөл ойнағанын еске салайық.
XVІ ғасырдың екінші жартысында танымдық мақсаттағы саяхаттар іске асырыла бастаған және саяхатшылардың ең көп баратын, қалаған жері Италия болған. Мұнда сапар жасаған шетелдіктердің ішінде Испания, Франция және Германиядан келгендердің саны басым келген. Дәл сол дәуірде саяхаттардың көптеген суреттемелері пайда болды, оның ішінде атақты француз жазушысы, философы және гуманисты М.Монтень жазған «Саяхаттар күнделігі» («Journal de voyage»). Мұнда автордың 1580-1581 жылдары Еуропаны аралап саяхат жасағанындағы байқаулары мен ойлары кірген.
Шетелдіктер келуінің өсуіне байланысты ең маңызды қалалар, ескерткіштер, маршруттар жөніндегі ақпарат қажеттілігі күшейді. Осындай мақсатта саяхатшыларға ең қажетті мәліметтерді қамтитын жолнамалар шығарыла бастады. XVІ ғасырдың ең үздік жолнамасы ретінде Леандр Альбертидің «Бүкіл Италия суреттемесі» (1550) деген жолнама саналады [70].


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   66




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет