Қайталау сұрақтары
«Туристік революция» ұғымының мағынасын қалай түсінесіз? Оның маңызы неде?
«Туризм географиясы» ұғымының екіталай болуын түсіндіріп беріңіз. Оның мағынасы және оның дұрыс шешілуі.
Франциядағы туризм географиясының дамуына сипаттама беріңіз. Осы елдегі негізгі зерттеу орталықтары мен ең белгілі ғалымдарын атап беріңіз.
__________
*Бас статистикалық басқарма (GUS) ресми және міндетті статистикалық есеп беруді тек 1967 жылы ғана енгізді.
Солтүстік Америкадағы туризм географиясының дамуына сипаттама беріңіз: зерттеу мәселелері, ең белгілі ғалымдары мен олардың еңбектері.
Бұрынғы КСРО туризм географиясының дамуына сипаттама беріңіз. Негізгі мәселелерді, зерттеу кезеңдерін және белгілі ғалымдарды атап шығыңыз.
КСРО мен ТМД туризм бойынша ең маңызды еңбектерді, оның ішінде жаңадан шыққан жұмыстарды атап шығыңыз.
Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріндегі туризм географиясы бойынша қазіргі зерттеулерге сипаттама беріңіз. Белгілі ғалымдар мен олардың зерттеу тақырыптарын атап шығыңыз.
Польшадағы туризм географиясының дамуына сипаттама беріңіз. Ең ірі орталықтары мен мекемелерін, белгілі зерттеушілерін атап шығыңыз.
4-ТАРАУ. ҚАЗАҚСТАН ТУРИЗМІНІҢ ДАМУЫ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕЛУІ
4.1. Қазақстан туризмінің тарихы
Қазіргі Қазақстан аумағындағы алғашқы ұйымдастырылған саяхаттар жаһандық туристік нысанмен – б.з.д. ІІІ мыңжылдықта қалыптаса бастаған Ұлы Жібек жолымен байланысты. Біздің заманымызға дейінгі дәуірдің өзінде зерттеушілер Қытай және оған жету жолы жөніндегі мәліметтерді өз жұмыстарында келтірген. ІІ ғасырда өзінің «Географиялық нұсқауында» Клавдий Птолемей осы мәселелерге назар аударады. Дәл осы жұмыста кейін Ұлы Жібек жолы деп атанған жолдың алғашқы сипаттамасы беріледі. Бұл суреттеменің түбі б.з.д. І ғасырда жатыр. Птолемей біздің дәуірімізге дейін сақталмаған Марк Тирскийдің шығармасын, ал Марк болса, саудагер Май Тициан мәліметтерін қолданған екен [131].
Зерттеушілердің көпшілігі Ұлы жол атауын неміс ғалымы Ф.Рихтгофен өзінің «Қытай» атты кітабында (1877) берді деп есептейді [131].
Қазақстандағы туризмінің даму алғышарттары ХІХ ғасырда пайда болды деп айтуға болады. Оған еліміздің географиясын зерттеген көптеген ғалымдар: П.П.Семенов-Тян-Шанский, Н.М.Пржевальский, И.В.Мушкетов және т.б. өз үлесін қосқан. Алғашқы ғылыми зерттеушілердің қатарынан ұлы қазақ саяхатшысы әрі ғалымы Шоқан Уәлихановты атау қажет.
Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде атақты аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов отбасында дүниеге келген. Арғы атасы Абылай жоңғарларға қарсы соғыста асқан ерлік көрсеткен, ел бірлігі мен тыныштығы үшін күрескен, ақылды қолбасшы, іскер дипломат, амал-айласы мол Орта жүз ханы болған.
Шоқанның балалық шағы Сырымбет тауының баурайында, туған елі Көкшетауда өткен. Шоқан әжесі Айғанымның тәрбиесінде болған. 1847 жылы 12 жасар Шоқанды әкесі сол кездегі ең таңдаулы оқу орны болып есептелген Сібір кадет корпусына оқуға орналастырады. Шоқанның бүкіл келешегі мен ғылым, өнер жолындағы талантын ашуда бұл оқу орнының маңызы ерекше болды.
Шоқан Уәлиханов 1853 жылы кадет корпусын бітіріп, Омбыда әскери қызметке қалады. Ол Сібір қазақ-орыс әскерінің 6-атты әскер полкына офицер болып тағайындалады, іс жүзінде Батыс Сібір мен Қазақстанның Солтүстік-Батыс аймағының генерал-губернаторы Г.X.Гасфорттың адъютанты қызметіне белгіленеді. Сондай-ақ, Батыс Сібір өлкесінің Бас басқармасы оған айырықша тапсырмаларды орындайтын офицер ретінде қарады. Қызметі барысында Шоқан Уәлиханов патша өкіметінің отаршылдық саясаты туғызған әділетсіздіктерді жете танып, қарсы батыл пікірлер білдіруге тырысты. Осы қызметтерді атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен географиясын зерттеуге белсене араласты.
Омбыдан кетуді, өзінің туған халқына пайдасы тиетін істермен шұғылдануды армандағанын өзінің достары Ф.М.Достоевскийге, К.К.Гутковскийге жазған хаттарынан анық көруге болады. 1855 жылы Шоқан Уәлиханов Омбыдан Семей, Аякөз, Қапал арқылы,
Іле Алатауынан өтіп, Жоңғар қақпасына дейін келеді, қайтарда Алакөл, Тарбағатай жерлерін аралайды. Орталық Қазақстан – Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетау арқылы Омбыға оралады. Бұл сапарда ол қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрпы, діни ұғымдары жайында көптеген материалдар жинайды. Сонымен бірге өзі болған аймақтардың тарихы, ескі қалалардың орны, шың-тастардағы жазу, белгілерін, көне ескерткіштер, аңыз-әңгімелер, ертегілер мен өлеңдерді жазып алады. Осы материалдардың негізінде «Тәңірі», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» сияқты еңбектер жазады.
1856 жылы Шоқан полковник М.М.Хоментовский басқарған әскери-ғылыми экспедицияға қатысады. Қырғыз елін жете зерттеуге, Ыстықкөл аймағының картасын түсіруге тиіс болған бұл экспедияцияға қатысу Шоқанның зерттеу жұмысын ойдағыдай жүргізуіне мүмкіндіктер туғызады. Ыстықкөлге, Қытай империясының Құлжа қаласына саяхаты және 1856-1857 жылдары Жетісу, Тянь-Шань сапарларында П.П.Семенов-Тянь-Шанскиймен бірге болуы, Кырғыз Алатауына екінші рет сапарының нәтижелері оның «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Ыстық көл сапарының күнделіктері», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы» атты еңбектерін жазуға септігін тигізеді.
Ш.Уәлихановтың тарих, география, әдебиет саласындағы зерттеу еңбектері Петербург ғалымдарының назарына ілігіп, құнды ықылас-ілтипаттарына ие болады. П.П.Семенов-Тянь-Шанский өзінің Жетісу бойындағы зерттеулерін жүргізген кезде Шоқан пікіріне үнемі ден қойып, ақылдасып отырған. Ыстықкөл сапарында біраз жерлерді бірге аралаған. Семенов-Тянь-Шанскийдің ұсынуымен 1857 жылы 27 ақпанда Шоқан Орыс География қоғамының толық мүшелігіне сайланады. Бұл орыс қоғамы зиялыларының, орыс ғылымының жас ғалым еңбектерін зор бағалағандығы, ғылым мен мәдениетке қосқан үлесін мойындағандығының дәлелі еді.
1858-1859 жылдары Шоқанның «Жарық жұлдыз», «Қашқария сапары»
оны ғылыми-зерттеушілік, ағартушылық саласында жаңа биікке көтерді. Ол кезде Қашқария Ресей тарапынан зерттелмеген өлке болатын. Еуропа ғылымы үшін белгісіз, құпиясы мол ел болатын. Себебі, XII ғасырдың соңғы ширегінде Марко Поло, 1603 жылы саяхатшы Голе Қашғария жерінде болғаннан кейін, бұл өлкеге ешкім аяқ баспаған Шоқаннан бір жыл бұрын Қашғарияға Үндістан арқылы барған немістің белгілі географы Адольф Шлагинтвейтті жергілікті билеушілер басын кестіріп өлтірткен. Адольфтің бұл қайғылы тағдыры жөнінде алғаш мәліметті жеткізген Шоқан болды.
1870 жылдары Петербургте Шоқанның «Жонғария очерктері», «Алты шаһардың немесе Қытайдың Хан-Лу провинциясының шығыстағы алты қаласынын жағдайы туралы», «Адольф Шлагинтвейттің өлімін әкелген жағдайлар туралы мәліметтер» туралы еңбектері жарияланды.
1860 жылғы 8 сәуірдегі Үкімет қаулысы бойынша поручик сұлтан Шоқан Уәлихановқа штабс-ротмистр әскери атағы, 4-дәрежелі ізгі Владимир ордені, 500 сом күміс ақша берілген. Шоқанның ұсынысы бойынша, осы экспедицияның жұмысына қатысы бар 22 адам қоса марапатталған, оның ішінде керуен басы Мұсабай, Семей көпесі Бұқаш, К.К. Гутковский т.б. болды. Ш.Уәлиханов Петербургте болған жылдары (1859-1861) оның ғылыми-шығармашылық қызметінің аса елеулі кезеңі болды. Мәселен, Бас штабының әскери-ғылыми комитетінің тапсыруы бойынша, ол Орта Азия мен Қазақстанның карталарын жасайды. «Балқаш көлі мен Алатау жотасы аралығының картасы», «Құлжа қаласының жобасы», «Ыстықкөл экспедициясының қорытындысына қосымша карта», «Қытай империясы батыс өлкесінің картасы» т.б. дайындалады.
Шоқан Уәлиханов 1865 жылы сәуір айында қайтыс болды. Алтынемел тауының баурайындағы Көшентоған деген жерге қойылады. Қазіргі Алматы облысы Шоқан атындағы шаруашылықта «Алтынемел» мемориалдық комплексі бар.
Белгілі қазақстандық туризм зерттеушісі В.Н.Вуколов айтқандай, Қазақстандағы туризм дамуы өлкетану негізінде дамыған.
Қазақстандағы өлкетанулық зерттеулер ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында басталған. Ол кезде өлкені зерттеу мақсатында ресейлік мемлекеттік және қоғамдық ғылыми ұйымдарының алғашқы экспедициялары ұйымдастырылды.
ХІХ ғасырда жергілікті және сырттан келген әуесқойлар жеке түрде немесе топ құрамында экскурсиялар, жорықтар мен серуендерді жасай бастаған. Ал Қазақстанды алсақ, ондай жерлер көбінесе, таулы аймақтарда кездеседі. Таулар еліміздің 10 % ғана алып жатса да, саяхатшыларды ең алдымен өз сұлулығымен тартады. Осылардың ішінде Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан Жетісу жері ерекше тартымды. Бір күннің ішінде шөл даладан бастап, мәңгі қар басқан барлық табиғи зоналарды кесіп өтіп, жетуге болады.
ХХ ғасырдың басында Верный қаласында Орыс тау қоғамының бөлімшесі ашылып, 1927 жылға дейін өз жұмысын атқарды. Жетісудың алғашқы туристі деп казак жасауылы А.В.Хорошхинді есептеуге болады: Іле Алатауы бөктерін аралап шығып, 1875 жылы Алатаудың ең биік шыңы Талғарға шығу әрекетін жасаған, бірақ 4 мың биіктігіне ғана жете алған. Тауға барғандардың ішінде оқушы жастар мен зиялы қауым өкілдері көп болған. Осындай жорықтарға Верныйда тұрған Лев Толстойдың немересі Михаил Сухотин қатысыпты. Тау-кен инженері К.И.Богданович оқушылармен бірге экскурсияларды ұйымдастырып тау жыныстарының үлгілерін жинаумен айналысқан. Кейде онымен бірге Мушкетовтың баласы да барып жүріпті. Атақты сәулетші П.Зенков Алмаарасаннан Жосалыкезең асуынан асып Үлкен Алматы көліне жетіпті [79].
1918 жылы Әліби
Жанкелдин Каспий теңізінен, Каспий маңындағы шөлдерден өтіп, Ақтөбе майданына кеңестік Түркістан қорғаушыларына қару-жарақ жеткізгені баршаға мәлім. Бірақ 1910-1912 жылдары Әліби жаяу «Жерді айналып шығу» саяхатын жасағанын көпшілік жұрт біле бермейді. Осы саяхаттың мақсаты өз еркімен білім алу, басқа елдерді, онда тұрған халықтарының өмірі мен салттарын білу тұғын.
1910 жылы 9 маусым күні (ескі стиль бойынша) үш серіктерімен бірге (Пламеневский, Полевой, Коровин) Мәскеуден жолға шығыпты. Жер айналатын саяхатшының кітапшасы Николай Степанов (оның революционерлік құпия аты) атына берілген. Онда: «Н.Степанов немесе Али-Бей Джангильдин, қаржысыз Жерді айналып шығу саяхатына қатысушысы», – деп жазылған (басқа мәліметтер бойынша, Степнов). Осы кітапша мен фотоаппарат арқасында Әліби жол шығындарына ақша табуға мүмкіндік алған.
Осы жылдың тамыз айында Петербург, Псков, Варшава мен бүкіл Польшадан өтіп, Жанкелдин Австро-Венгрияның шекарасына жетті. Варшавада серіктері одан бөлініп кетті, бірақ жаңа жолдас табылды да, Степанов-Жанкелдин Львов үстімен Венаға бағытталады. Венаға жетпей, оның соңғы серігі кетіп қалады да, бұдан әрі Әліби саяхатын жалғыз өзі жалғастырады.
Оның осыдан әрі жүрген жолы мынадай: Вена – София, Белград, Мұстафа-Паша, Андрианополь, Киркенес, Константинополь, одан кейін Кіші Азиядан өтіп, Палестина, Египет, Судан, Абиссиния – барлығы, теңіз бен теміржолды есептемегенде, он екі мың шақырым. Қайтарда – Арабия түбегі, Мадагаскар, Месопотамия, Персия, Үндістан, Цейлон,
Малай архипелагы, Зонд аралдары, Үндіқытай (Сиам корольдігі мен Аннам), Қытайдың оңтүстігі, Формоза (Тайвань) аралы, Жапония, Сібір, Еуропалық Ресей болды [79].
Салт атты туризм Қазақстанда бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін пайда болды. Верныйда шығатын «Семиреченские областные ведомости» газетінде 1913 жылы мамыр айындағы санында: «24 сәуір күні Батыс-Сібір казак бригадасы офицерлерінің Жаркенттен Құлжаға дейін салт атты жорығы өтті»; «...жолға таңғы сағат төртте шықты. 14 сағат ішінде 130 шақырымдай жол жүріпті. Күні бұрын Қорғас пен Сайдунде [дерекнамада солай деп жазылған] бақылау пункттері қойылған, онда қатысушылар үшін шай мен жеңіл тамақ дайын тұрды. Жорыққа 18 адам қатысты», – деп жазылған [79].
Алғашқы нұсқаушыларының бірі Г.И.Белоглазов болды. Ол 1925 жылы жазда әскерге келешекте шақырылатын жастармен бірге Алматы-Ыстықкөл жаяу жорығын өткізді. Олар Көлалматы (Озерный) мен Ақсу асуларынан асып, Чоң Ақсу өзені бойымен Сазоновкаға (қазіргі Ананьево) жетті.
Желтоқсан айында Алматы әскери комиссариатының әскерге болашақта шақырылатындардың оқу пунктінің жанында Белоглазовтың қатысуымен «Допризывник» спорт клубы ашылды. Клуб жанынан Г.И.Белоглазов Қазақстандағы алғашқы альпинизм секциясын ашты.
Г.И.Белоглазов Алматының № 10 мектебінде дене шынықтыру мұғалімі болып істеген. Өз оқушыларымен бірге қала маңындағы шатқалдарға жиі сапарлар жасаған. 1926 жылы ол оқушыларымен бірге тағы да Ыстықкөлге дейін жорық жасады. Бірте-бірте секция жалпы қалалық секцияға айналды [79].
1929 жылы тау туризм әуесқойлары Г.И.Белоглазов, Ф.Л.Савин, В.М.Зимин Іле Алатау өңірінде бірнеше туристік жорық ұйымдастырды, оның ішінде осы жылдың жаз айларында Есік көліне алғашқы туристік жорық жасады. Оған Алматы мектептерінің 17 мұғалімі қатысты [82].
1930 жылы Ф.Л.Савинның басқаруымен Алматы қалалық пошта мен телеграф қызметкерлері (16 адам) Алматы – Медеу – Көкжайлау – Үлкен Алматы көлі жеңіл маршрутын жасады. 1931 жылдың қаңтар айында В.М.Зимин Алматы – Ұзынағаш – Қордай асуы маршруты бойынша алғашқы қысқы шаңғы жорығын ұйымдастырды. Жанында ұлттық кавалерия полкының салт атты жауынгерлері бар сегіз шаңғышы «еңбек пен қорғаныс эстафетасы» шеңберінде Алматыдан шығып, Қордай асуында осы эстафетаны Қырғызстан командасына беріп, олар оны одан ары жалғастырды [82].
Дәл осы жылы республика астанасында Жетісу губерниялық мұражай жанында пролетарлық туризм мен экскурсиялардың Бүкілодақтық ерікті қоғамының (ПТЭҚ) алғашқы бастауыш ұйымы құрылды. Оның құрамына 10 адам кірді. Г.И.Белоглазов, В.Д.Городецкий, Н.Н.Дублицкий және т.б.-дың ықпалымен ПТЭҚ-ның Қазақстандық өлкелік кеңесі ұйымдастырылды.
Оның мүшелері Ф.Л.Савин, А.П.Берггрин, Н.Н.Дублицкий, А.Н.Ионов, В.Д.Городецкий болды. ПТЭҚ құрамына Ресей географиялық қоғамының бөлімшесі де кірді. Қоғам мүшелері бір күндік жаяу және салт атты жорықтарды ұйымдастырған. Өз меншіктеріндегі 7 атты жалға берген, тау көріністері бейнеленген ашық хаттарды сатқан [79].
Туризм белсенділері Алматы маңындағы Күйгенсай (Горельник) шатқалында туристерге арналған лашық салған. Ол 1936 жылы 50 түнеу орынды «Горельник» туристік базасына айналды [82].
1936 жылдың 8 қыркүйек күні ПТЭҚ жұмысы тоқтатылды, оның орнына кәсіподақтар жанында Қазақстандық туристік-экскурсиялық басқарма (ТЭБ, орысшасы – ТЭУ) ұйымдастырылды.
1938 жылы алғашқы бұхаралық туристік шара жолға қойылды: 200 қатысушы Көкжайлауда жиналды.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Қазақстандық ТЭБ оның қызметкерлері мен белсенділері майданға аттанғандығынан қызметін тоқтатты. «Горельник» туристік базасында 1943 жылдың басында Кеңес Армиясының тау атқыштары нұсқаушыларын дайындау бойынша Бүкілодақтық мектеп орналасты. 2 жыл ішінде мектеп Ұлы Отан соғысының көптеген майдандарында соғысқан 1500 нұсқаушы мен 12 мың тау атқыштарын дайындады. Соғыстан кейін мұнда республика үшін альпинистер мен тау шаңғышылар мамандарын даярлау жұмысы басталды. 1955 жылы Есік көлінің жанында «Есік» турбазасы ашылды. Ұзақ уақыт өткеннен кейін сел қауіпіне байланысты бұл турбазалар жабылды [128].
1945 жылы күзде Алматыда Дене шынықтыру институты ашылды. 1946 жылы 1 қаңтарда оның жанында В.Зимин басқарған туризм-альпинизм кафедрасы құрылды, бірақ бұл кафедра бір жыл ғана жұмыс істеді.
1955 жылы Алматыда «Интурист» Бүкілодақтық акционерлік қоғамының Қазақ бөлімшесі ашылған. 1956 жылдың 12 мамыр күні Алматыға турист ретінде 25 шетелдіктер келді, келесі жылы олардың саны 157 жетті, ал 1971 жылы Қазақстан 8 мың шетел туристерін қабылдады. 1995 жылы шетелдік туристердің саны 28 мыңға жетсе, 2001 жылы – 2507 адам ғана елімізге келген [129]. 1991 жылы аталған қоғам «Интурист Казахстана» ұлттық компаниясы болып өзгертілді.
1959 жылы Алматыда қалалық туристік база ашылды. 1961 жылы Қазақ КСР Ағарту министрлігі Жасөспірім туристердің республикалық станциясын ашты. Оның директорлығына И.И.Самойленко тағайындалды. Станция ашылғаннан бастап көптеген жылдар бойы мұнда Қазақстанның ең атақты туристерінің бірі Т.К.Жездібаев, алдында әдістемеші болып, ал 1973 жылдан 1997 жылы жабылғанына дейін директордың орынбасары ретінде қызмет атқарған. Қайтыс болған И.И.Самойленконың орнына тағайындалған С.С.Абдамбаев бар күшін осы жұмысқа жұмсап, өз борышын орындаған. Ол 1994 жылға дейін директор болып істеген, ол қайтыс болғаннан кейін О.Б.Мазбаев директор болды [79].
1961 жылдан бастап Қарағанды облысындағы «Қарқаралы» турбазасы туристерді қабылдауда. 1962 жылы Павлодар облысында Жасыбай көлінің жағасында «Баянауыл», ал Оңтүстік Қазақстанда Бадам өзені бойында «Южная» турбазалары ашылды. 1962 жылы Бұқтырма «теңізінің» шығанағында Зырянов қорғасын комбинаты екі балықшылар үйін салды. 1963 жылы олар «Алтайская бухта» турбазасына айналды. 1963 жылы Ыстықкөл жағалауындағы Бозтери кентінің жанындағы туристердің шатыр лагері кейін «Қазақстан» турбазасына айналды. Республикамыздың басқа да көрікті жерлерінде: Орал қаласының маңында Жайықтың жағасында «Уральская», Қостанай маңындағы «Лесная», Көкшетаудағы «Золотой бор» және т.б. турбазалар салынды.
Қандай турбазаны алсақ та, өзінің қайталанбас қасиеттері бар: «Золотой бор» қарағай ормандары ішінде, «Южная» – альпілік жайылымдар мен бау-бақшалар арасында, «Уральская» үлкен дария жағасында орналасқан, «Қарқаралы» турбазасы өзінің тау оазисіндегі велосипед маршруттарымен әйгілі, «Алтайская бухта» турбазасынан Алтай тайгасына, Марқакөл мен Рахман бұлақтарына апаратын маршруттар басталады.
1962 жылы 20 маусымда БОКОК-тің «Туризмнің одан әрі дамуы туралы» қаулысы шықты. Онда туристік жорықтар мен саяхаттарға 10 миллион адам қатысады деп айтылған. Туризмді одан әрі
дамыту және басқару мақсатында, КСРО спорттық қоғамдар мен ұйымдар одағының орталық кеңесі туризм федерациялары мен секцияларын жою шешімін қабылдағанын ескере тұра, БОКОК Президиумы Орталық, республикалық және облыстық туристік-экскурсиялық басқармаларын Орталық, республикалық, өлкелік және облыстық туризм бойынша кеңестеріне ауыстыру шешімін қабылдады. Осыған орай, облыстық ТЭБ туризм мен экскурсиялар бойынша кеңестерге айналды. Облыстық кеңес қарамағында Алматы қалалық туристер клубы жұмыс істей бастады. Оның бірінші төрағасы Н.Лапшин болды. Клубты: 1963-1964 жылдары – Ю.Накатков, 1964-1967 жылдары – Г.Гурьенков, 1968-1969 жылдары – А.Иванов, 1969-1971 жылдары – А.Чукреев, 1971-1977 жылдары – Т.Попова, 1977-1978 жылдары – В.Гутмахер, 1978-1979 жылдары – А.Көпжанов, 1987-1988 жылдары – О.Симанович, 1988-1990 жылдары – С.Бабрашинова, 1990-1995 жылдары – А.Ким [79] басқарды.
1965 жылы Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) және Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облыстық туризм бойынша кеңестері және осы облыстардағы экскурсиялық бюролар ұйымдастырылды. Турис клубтары да ашыла бастаған.
1962 жылдың мамыр айында Кіші Алматы шатқалындағы «Просвещенец» демалыс үйінің маңайында бірнеше жүз оқушылар қатысқан Алматы мектептерінің жасөспірім туристері мен өлкетанушылардың үлкен жиыны өткізілді.
Туризмнің дамуына «Елдегі туризм мен экскурсиялардың одан әрі дамуына арналған шаралары туралы» қаулысы (1969) зор ықпал жасады. Қазақстанда туризм мен экскурсиялар бойынша жаңа облыстық кеңестер, экскурсиялық бюролар, саяхаттар мен экскурсия бюролары ашыла бастады. Республикамызда туризмнің материалдық базасын: мейрамханалары, кинотеатрлары, басқа да мәдени және тұрмыстық қызметтері бар жаңа туристік базалар мен қонақүйлердің құрылысын жеделдетуге ерекше көңіл аударылды. Туристік құрал-жабдықтарды жалдау пункттері, моторлық-қайықтық станциялар, мамандандырылған автобазалар ашылды.
Республиканың облыстық орталықтарында еліміздің елді мекендерінен, достас республикалардан, шетелден келген туристерді қабылдауға дайын туристік кешендер жұмыс істеді. Демалыс күндік маршруттарға еңбекшілер мен олардың жанұялары белсенді қатысты, қажет болса, оларға «Денсаулық пойыздары» қызмет етті.
1971-1972 оқу жылында Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтының жанында тау туризмінің нұсқаушыларын даярлау бойынша факультативтік курс ашылды. Курсты белгілі альпинист, КСРО спорт шебері А.Вододохов басқарған.
1973 жылдың маусым айында республика үкіметі мен Қазақстан кәсіподақтары кеңесінің біріккен отырысында туристер мен экскурсанттарға қызмет көрсету сапасын жақсарту шаралары талқыланды. Онда 1970-1972 жылдар аралығында қызмет көрсету көлемінің үш есе артқаны белгіленді. Алматы, Қарағанды, Орал (қазіргі Батыс Қазақстан), Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан), тағы кейбір басқа облыстарда жаңа базалар мен қонақүйлер, сонымен қатар Қырғызстанның Ыстықкөл жағалауында «Қазақстан» турбазасы салынды. 1973-1975 жылдары барлық облыстарда туризм мен экскурсиялар бойынша кеңестерін құру, ірі қалаларда экскурсиялық
ұйымдарды қалыптастыру, Алматыда «Алатау» мен «Медеу» қонақүйлерін салу және іске енгізу, Ақтөбе, Өскемен, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай мен Орал қалаларында қонақүйлерді, «Алматау» турбазасында клуб-асхана салу жоспарланды.
1973 жылы апатты сел «Горельник» турбазасын жойып кеткенін айтпасқа болмайды.
1979 жылға дейін Қазақстанда жұртты қызықтыратын үңгірлер жоқ деген пікір болған-ды. 1979 және 1980 жылдары Оңтүстік Қазақстан мен Қаратауда екі экспедиция өткізілді. Екі жыл ішінде спелеотуристер 50 шаршы км аумағында 50 астам үңгір тауып, топографиялық түсіру жұмыстарын жүргізді, Боралдай үстіртіндегі үңгірлерді зерттеді.
Тура төмен қарай 160 м тік кететін ең үлкен үңгір «Ленинская» деп аталды. Боралдай маржаны («Жемчужина Боролдая») үңгірінің тереңдігі 78 м, ал «Весенняя» үңгірі 110 м тереңдікке жетеді. Боралдай үстіртіндегі осы жер асты сарайлары туралы хабарды естіген Орта Азия мен Сібір спелеологтары осында ұмтылды. Өткізілген экспедициялар мен осыған арналған семинарлардың нәтижесінде Ақтөбе мен Өскеменде спелеотуризм секциялары ашылды. Ақтөбенің спелеологтары өз қаласынан 40 шақырымда орналасқан 20 үңгір тауып алды, оның ең үлкені 200 метрге жетеді, түбінде жыл бойы жер асты өзені ағады. Өскемен спелеологтары К.Серафимов басқарған «Кальцит» клубын ашты. Клуб мүшелері Үлкен Бөкен маңынан үңгірлер тапты, Бұқтырма бөгенінің сол жағалауындағы карст жыныстарынан тұратын алаптарды зерттеді. 1982 жылы «Кальцит» мүшелері Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысындағы Шыңғыстауда үңгірлер іздеді. Алматы спелеотуристері Қырғыз Алатауында экспедиция өткізді.
1979 жылы Оңтүстік Қазақстандағы Ұғам жотасында А.Л.Резенгауз басқарған Ташкент спелеологтары «Журчащая» үңгірін ашты. Осы жылдың қараша айында Свердловск спелеологтары (жетекшісі С.И.Голубев) тереңдігі 270 м «Улучарская» үңгірін тауып алды [79].
Алатау бөктерінде орналасқан Алматы мен астаналық облыстағы туризм қарқынды дамыды. 1959 жылы қала ішінде орналасқан «Алматы» («Алма-Атинская») турбазасы ашылды. 1972 жылы Алматының маңайында Талғар ауданындағы Горный садовод ауылынан жоғары орналасқан «Алматау» турбазасы іске қосылды. 1970 жылдан бастап туристік ұйымдарға қызмет көрсететін Алматы автобазасы қызмет көрсетті. 1975 жылы «Медеу» мұз айдыны және «Медеу» мен «Алатау» туристік қонақүйлері ашылды. Дегенмен, мұның барлығы жеткілікті емес екендігі айқын аңғарылған.
Алматы қалалық туристер клубының мәліметі бойынша, 1979 жылы қалада 100 жуық туристік секция, 7 туристер клубы істеген. Туризммен 213 мың адам айналысқан (Алматы халқының саны ол кезде 900 мың болған). Алматының 2100 тұрғыны «КСРО турисі» белгісінің нормаларын орындады, туризм бойынша 134 дәрежелі спортшы, үш спорт шебері, 100 астам төреші даярланған. 1978 жылдың өзінде өзіндік жорықтар мен саяхаттарға 500 топ (7 мың адамнан кем емес) қатысқан. Қалалық клуб үлкен жұмыс атқарған. Жүйелі түрде тау-туристік техникасы бойынша жарыстар, жыл сайын туристердің қалалық слеттері, турис кештері және Горький атындағы Орталық паркте «Туристер күні» мерекелері өткізілген [79].
1983 жылдың қаңтар айының соңында Алматыда облыс туризм басқарушыларының жиналысы өтті. Онда Қазтуркеңесінің төрағасы Р.Шарипов: өткен жылда туристік жолдамалар бойынша миллионнан астам қазақстандықтар демалды, тағы да 4 миллион 300 мыңы 860 тақырыптарда өткізілген экскурсияларға қатысты. Отыз туристік ұйым Орталық Кеңестің Құрмет қағаздарымен марапатталды, ал Көкшетау (қазіргі Ақмола) облыстық кеңес пен Ыстықкөлдегі «Қазақстан» пансионаты ауыспалы Қызыл ту жеңіп алды. Жалпы сыйымдылығы 7400 орындық 10 турбаза мен 9 туристік-қонақүйлік кешен жұмыс істейді, олар арқылы 4 бүкілодақтық және 76 жергілікті маршрут өтуде. Соңғы кезде Семейде жаңа туристік қонақүй ашылды. Көкшетау, Павлодар мен Целиноградта қонақүйлер салынуда. Өзіндік туризммен 21 туристік клуб айналысады, – деген мәлімет келтірген [79].
Алматы спорттық туризмнің альпинизм сияқты сүйікті орталығы болып есептеледі. 1936 жылдың өзінде «Горельник» лагерінің жанында республикалық альпинистер клубы құрылды. Альпинизмнің белсенді ұйымдастырушылары мен насихатшылары Г.Белоглазов, В.Зимин, Е.Колокольников, П.Попков, М.Погребецкий, О.Үсенов және т.б. болған.
1935 жылдан бастап альпинистер көпшілік шыңға шығу, ал 1954 жылдан бастап клуб біріншілігін өткізген. 1960 жылдан бастап клуб альпинизм бойынша Қазақстан чемпионаттарында қатысқан. Жартастарға өрмелеу спорты 1948 жылдан бастап дамыған, ал 1952 жылдан бастап Орта Азия республикалары мен Красноярск өлкесінің командаларымен дәстүрлі жолдастық жарыстар өткізілген.
Сонымен қатар клуб ғылыми-тәжірибелік маңызы бар экспедицияларын да ұйымдастырған. 20-30-жылдарда Алматы альпинистері Тянь-Шаньның онша белгілі емес шыңдарына шығып, ауданның географиялық карталарын түзеткен, 1935 жылы В.Зимин
Талғар шыңына, 1936 жылы Е.Колокольников Хан Тәңіріне шықты. Уақыт өте бере клуб түлектері КСРО-ның ең биік жеті мыңдық: Ленин, Коммунизм, Жеңіс, Е.Корженевская шыңдарын бағындырды. Республикамызда өзіміздің «қар барыстары» (КСРО барлық жеті мыңдықтарына шыққан) көрінді. 1982 жылы одақтық алғашқы Гималай құрама командасына бес алматылық: Қ.Уәлиев, В.Хрищатый, Ю.Голодов, Е.Ильинский, С.Чепчев кірді. КСРО-дағы альпинизмінің дамуына еңбек сіңіргендері үшін Алматы клубының көптеген түлектері орден және медальдармен марапатталды. Қазақстан альпинистерінің: Уәлиевтің, Хрищатыйдың, Ильинскийдің, Сувиганың, Жұмаевтың, Букреевтің, Моисеевтың т.б. есімдері бүкіл әлемге жайылған. Қазақстан құрама командасы әлемде алғашқы болып 8 мың метрден асқан барлық 14 шыңды:
Дхаулагири (8167 м) – 1991жылы;
К2 (Чогори, 8611 м) – 1993 жылы;
Лхоцзе (8506 м) – 1995 жылы;
Манаслу (8163 м) – 1995 жылы;
Чо-Ойю (8201 м) – 1996 жылы;
Эверест (8848 м) – 1997 жылы;
Хидден 8068 м) – 2001 жылы;
Гашербрум ІІ (8035 м) – 2001 жылы;
Канченджанга (8586 м) – 2002 жылы;
Шишапангма (8046 м) – 2002 жылы;
Нангапарбат (8125 м) – 2003 жылы;
Броуд Пик (8048 м) – 2003 жылы;
Макалу (8475 м) – 2004 жылы;
Аннапурна (8091 м) – 2004 жылы бағындырды.
Қазақстандық Денис Урубко ТМД елдерінде барлық 14 «сегізмыңдықтарға» шыққан жалғыз альпинист. Дүние жүзінде осындай он екі ғана спортшы бар. Мақсұт Жұмаевтің көрсеткіші осыған жақындады – 13 шың.
1988 жылы КСРО туризмінің басқару құрылымы өзгеріске ұшырады. Туризм мен экскурсиялар кеңестерінің орнына аумақтық негізінде туристік-экскурсиялық өндірістік бірлестіктері (ТЭӨБ) құрылды. Басқа республикалардағыдай, Қазақстанда да бұрын туризм мен экскурсиялар кеңестерінің қарамағында болған туристік кәсіпорындар мен ұйымдар (турбазалар, қонақүйлер, кемпингтер, тамақтандыру кәсіпорындары, автобазалар және т.б.) ТЭӨБ-ға берілді.
ТЭӨБ іс-әрекеті «Мемлекеттік кәсіпорындар (бірлестіктер) туралы» Заңның және толық шаруашылық есеп пен өзін-өзі қаржыландыру негізінде жүргізілді. ТЭӨБ алдында тиісті аумақтардағы туристік-экскурсиялық іс пен өзіндік туризмді дамыту, туристік-экскурсиялық қызметтің жаңа формаларын іздестіру мен оның сапасын жоғарылату, экскурсиялар мен жорықтардың танымдық қасиетін жетілдіру міндеттері қойылды. ТЭӨБ мүшелері – туристік кәсіпорындары мен ұйымдары – өз шаруашылық тәуелсіздігін сақтап отырды. Басқару органы ретінде бірлестіктің барлық тәуелсіз мүшелерінің Директорлар кеңесі құрылды.
Қайта құру басталысымен туристер клубтарының қаржыландырылуы күрт қысқартылды, одан кейін олар шаруашылық есепке көшірілді. Халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған олардың іс-әрекетінің жағдайы нашарлады. Саны жүзге жақындап қалған клубтар жабыла бастады [79].
1990-жылдары Қазақстанда коммерциялық туризм дами бастады. Алматы, кейін басқа қалаларда, көбінесе, туристерді шетелге жіберетін туристік фирмалар пайда болды. Туристік фирмаларды бұрын туризммен айналыспаған кең қалталы азаматтар басқарғандығынан, олар туристерді лайықты сапаны сақтап қабылдай алмады.
Туризмнің қиын жағдайының себебінің бірі республикамызда кәсіби дайындығы бар мамандардың жетіспеуі еді. Оларды даярлайтын Қазақстанда бір де бір мамандандырылған оқу орны болмады. Туристік базалардың, туристер клубтарының жабылуына және туризмнің белсенді түрлерінің жойылуына байланысты, тіпті, қоғамдық туристік мамандарды даярлау үрдісінің өзі тоқтатылды.
Туризмнің материалдық-техникалық базасы лайықты дамымаған, туристерге қызмет көрсететін көлік нашар күйде, туризмнің құқықтық құжаттары халықаралық нормаларға сәйкес келмеді. Оның өзінде осының барлығы туризм дамуын тежейтін себептердің толық тізімі емес. Туризмнің басқарушы билігінің өзіндік туризмге көңіл бөлмеуі жөнінде мынадай мәліметтерді алға тартсақ та жеткілікті: 1989 жылы 5282 адам қатысқан 569 категориялық жорықтар өткізілсе, 1991 жылы 1744 турист қатысқан тек 221 жорық жасалған [79].
1990-1991 жылдары КСРО Геодезия мен картография бойынша бас басқармасының (ГУГК СССР) Қазақ аэрогеодезиялық кәсіпорыны Солтүстік Тянь-Шань мен Жоңғария бойынша бірнеше маршруттық туристік карталарды басып шығарды. Бұған тәжірибелі туристер А.М.Артемьев пен В.Н.Вуколов көмек берді.
Осы кезеңде Қазақстандағы
барлық туристік республикалық, шығыс-қазақстандық және шымкенттік бақылау-құтқару қызметтері жойылды. Апат жағдайына ұшыраған туристер енді жәрдемсіз қалды.
ТЭӨБ екі жылдық жұмыс тәжірибесі мемлекеттен тыс құрылымдармен басқарылатын туризм Қазақстанда лайықты жетістіктерге жете алмағандығы айдай ашық болды. Барлық туристік ұйымдардың негізгі қорларының құны 1991 жылы 1 қаңтарға 52,7 млн сом ғана, ал негізгі және айналмалы қорлардың жалпы баланстық құны 73,2 млн сом болды. Бұл республикалық бюджеттің тек 0,59 %-ы ғана. Туристік қызметтердің жылдық көлемі 117 млн. сомнан, ал табыс 12 млн. сомнан аспады, бұл өндірілген ұлттық табыстың 0,43 %-ы ғана еді. 1993 жылы республикамызда шетел туризмінен түсетін пайда 0,06 % болды, ал кейбір елдерде бұл көрсеткіш 20 %-ға жақын [79].
90-жылдарында болған экономикалық дағдарыс және нарық қатынастарына көшу үрдісі туризмнің дамуына да терең әсер етеді. Қоғамның топтарға жіктелуі мен табыстардың төмендеуі туристік қозғалысты тежеді. Өндірістік кәсіпорындар өздерінің демалыс базасына жұмсайтын қаржы көлемінің өсуіне және бұрын демалыс пен туризмге жұмсалатын ақшаны күн көріске ғана жіберетіндіктен әлеуметтік туризм де ыдырауға ұшырады.
Қазақстандағы халықаралық туризм 90-жылдардан бастап «саудалық туризмге», яғни шопинг-туризмге айналып кетті. Туристік сапарға халықтың аз ғана бөлігі аттана алды, сондықтан туристердің арасында Қазақстан мен Польша, Түркия, Қытай, Үндістан, Араб Әміршіліктері арасында жылпылдап жүрген саудагерлер басым болды.
Осы кезеңде туризммен айналысатын ұйымдар қаражатының жетіспеуі айқындалды. Мұндай жағдайда, бір жағынан, ішкі туризм жоққа шықты, екіншіден, көптеген жеке меншікті және акционерлік туристік фирмалар пайда болды. Осындай фирмалардың өзінің туристік базалары жоқ та еді, сондықтан туристік қызметте олар көбінесе, делдалдық іс-әрекетпен айналысты.
Сонымен қатар КСРО-ның дәстүрлі, ескіріп кеткен ұйымдастыру формалары жойылып, жаңа, нарыққа лайықты құрылымдар күш алды. Өндірістік кәсіпорындарының меншікке өтуі немесе жұмыс көлемінің төмендеуіне байланысты, олардың меншігінде болған әлеуметтік нысандардың жеке меншікке ауысу үрдісі басталды. Осының нәтижесінде бұрын халық демалысының негізгі формасы болған әлеуметтік туризмнің даму жағдайы нашарлады. Осы күнге дейін болған демалыс базалары жеке меншікті болып кетті де оларға деген қол жетерлік нарық заңдарына бағына бастады.
Қоғамның әртүрлі топтарға жіктелуінің нәтижесінде жұрттың демалыс пен туризмдегі мүмкіншіліктері де топтарға бөлінді. Республикамыздың кең қалталы азаматтары отельдер мен пансионаттардағы қызмет стандарттарына сәйкес қызмет сапасын іздеді. Табысы орташа немесе кедей қазақстандықтар демалысының арзан, кейде тым қарапайым формаларын таңдап алды: мұндай демалыс шатыр қалашықтарында, кемпингтер мен меншікті пәтерлерде өткізілді. Балалар мен жасөспірімдердің бұқаралық демалыстарының қымбат емес формаларының құрып кетуіне байланысты каникул кезіндегі және демалыс күндеріндегі жорықтар мен демалыстың арзан формалары кең қолданылды. Республика халқының қаражаты шектелген бөлігінің өз мекенжайынан тыс жерде демалу мүмкіншіліктері одан сайын азайды.
Қаражаттық проблемалар Қазақстан Үкіметін туризмнен түсетін пайданы дене шынықтыру мен спортты дамыту мақсатында жұмсау үшін туризм мен дене шынықтыру және спортты біріктіруді қолға алды. Осы мақсатта 1991 жылдың 29 қараша күні Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Кабинеті № 750 «Туризм, дене шынықтыру және спорт министрлігін орнату туралы» қаулысын жариялады.
1992 жылдың 3 шілде күні Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің «Туризм туралы» Заңның іске қосылуы жөніндегі қаулысы шықты. Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 ж. 15 шілде № 635 және 15 тамыз № 853 қаулылары мен ҚР Министрлер Кабинетінің 1992 ж. 7 қазан № 839 қаулысына сәйкес, Туризм, дене шынықтыру және спорт министрлігінің тапсырмасы бойынша «Казгипроград» институты Қазақстан Республикасының туризм индустриясы дамуының Ұлттық бағдарламасын әзірледі.
Бағдарлама жобасында:
халықаралық туристік нарықтағы тенденцияларын талдау;
Республикамыздың туристік-рекреациялық ресурстарының бағалануы;
Қазақстанда күтілген туристік ағымның болжамы;
туристерді орналастыру орындарының қажеттілігі мен жаңа құрылыстардың қажетті көлемі;
туризмді дамытудың ең лайықты аудандары;
құрылысы жоспарланған нысандардың тізімі;
құрылыстың бірінші кезегіне жоспарланған қаржыландыру көлемі;
бағдарламалық шаралар мен орындаушылар анықталған.
Қазынаны толықтыру мақсатында шетелдік туристерге қызмет көрсету үшін жасалған бағдарлама әртүрлі себептерден іске асырылмады. Қазақстан халқына арналған сауықтыру туризмін дамыту бағдарламасын да Министрлік қажеті жоқ деп есептеді [79].
Спорттық туризмнің Республикалық федерациясы ұсынысы бойынша Туризм, дене шынықтыру және спорт министрлігінің Коллегиясы 1993 жылдың 29 шілде қаулысымен (№ 6 хаттама, 2 параграф) «Қазақстан Республикасы аумағындағы туристік спорттық жорықтарды өткізу ережелерін» бекітті. Бұл Ережелердің 1987 жылдың 26 мамырында Туризм мен экскурсиялардың Орталық Кеңесі бекіткен Бүкілодақтық «Спорттық жорықтарды өткізу ережелерінен» ешқандай айырмашылығы жоқ деп айтуға болады. Осы қаулыда Қазақстан Республикасының спорттық туризмінің спорттық дәрежелерге қойылатын талаптар бекітілді.
1993 жылдың 17 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Президенті № 1460 «Қазақстан Республикасы Жастар, туризм мен спорт министрлігін құру туралы» Жарғысын шығарды. Осы жарғыға сәйкес Министрлер Кабинеті 1994 жылы 10 қаңтарда Министрлік туралы қағидаларды бекіту жөніндегі № 49 қаулысын жариялады. Осы қағидалар бойынша Министрліктің Орталық аппараты 117 қызметкерден тұратын болды. Министрліктің жанынан Қазақстан Республикасының Туризм басқармасы құрылды. Басқарманың басқару құрамына басқарма бастығы, оның орынбасары, туризмді ұйымдастыру мен дамыту бөлімдері, 4 бас және 4 жетекші маман кірді [79].
1994 жылы 23 сәуірде Республикамыздың Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының спорттық туризм федерациясының жаңа жарғысын тіркеді (тіркеу № 0424). Федерация президенті орнында оны көптеген жылдар басқарған В.Кораблев қалды. Республикалық федерацияның ізімен туризмнің облыстық федерациялардың да тіркелуі басталды, бірақ бәрі де өзін-өзі қаржыландыра алмағандығынан толығымен бұл рәсімнен өте алмады.
1995 жылы Алматының қалалық туристер клубы өз жұмысын тоқтатты. Алматы облыстық федерациясы да өткізетін шараларын қысқартты. 1996 жылдан бастап, Алматы мен облыста туристік спорттық категориялық жорықтарға өтініш құжаттары онға да жетпей қалды.
Ұлттық туристік ұйымдастырылуының үшінші қопарылысы 1997 жылы болды. Қазақстан Республикасы Жастар, туризм мен спорт министрлігінің орнына Білім, мәдениет пен денсаулық сақтау министрлігінің құрамындағы Туризм мен спорт комитеті пайда болады. Бұдан кейінгі өзгеріс 1999 жылы орын алды.
1999 жылдың 22 қаңтарында Қазақсан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» жарғысы шықты. Осы жарғыға орай Көлік, коммуникациялар мен туризм министрлігі құрылды. Туризм жағдайы одан сайын нашарлады. Алматыда қала Туризм департаментін құрылды.
Көп уақыт өтпей, осы 1999 жылдың соңында туризм басқаруында тағы да «қайта құру» болды: Қазақстан Республикасының туризм мен спорт агенттігі құрылды. Осындай әрекеттердің нәтижесінде, Қазақстан пайданың орнына шығынға ұшырады.
Қолдағы мәліметтерге сүйенсек, кейінгі жылдары шығу және кіру туристер ағымдары мен туризмнен түсетін пайда көлемі төмендеп келеді, Қазақстан Республикасының ЖІӨ туризм үлесі мардымсыз болғаны сөзсіз
(1-кесте). Осының барлығы бірталай әлеуметтік-экономикалық және саяси факторлардың әсерінен орын алды.
Қазақстанның туристік шығу нарығындағы жағдайға әсер ететін факторлар:
кейінге қалдырылған сұраныстың үлкен көлемі. Шетелге шығудың шектелмеуі, шығу құжаттарының рәсімделуінің жеңілденуі нәтижесінде шетелге бару тек қана адамның қаражатына байланысты болды;
шетелдік сапар жасауға қаражаты жеткілікті адамдардың саны өсті. Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, қазақстандықтардың 10 %-н табысы жоғары тобына жатқызуға болады;