Сәлем – сөздің анасы
Қазақ тілінде сәлемдесудің (амандасудың) түрі өте көп. Соның ішінде жас адам жасы, жолы үлкен ер адамға алдымен ұмтылып, екі қолын кеудесіне қоя қусырып, «Ассалаумағалайкум» деп дауысын шығарып амандасады. Бұл арабша «Сізге Алланың нұры жаусын !» деген мағынаны білдіреді. Қарсы жақта дауысын шығарып, ізетпен «Уағалейкум ассалам» деп қол алысады. Бұл арабша «Сізге де Алланың нұры жаусын» дегенді білдіреді.
Егер жас адам қарияға жол үстінде кездессе, амандасудан кейін «Жолыңыз (сапарыңыз) оң болсын» дейді. Қария «Әлей болсын» деуі керек.
Ауылдың бір адамы ұзақ сапардан оралса, мейлі ол жас болсын, оған ел адамдары барып амандасады. Халқымызда «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деген мақал содан шыққан.
Қазіргі кезде сәлемдесудің ең көп тараған түрі – «Сәлеметсің (Сәлеметсіз) бе», «Амансың (Амансыз) ба!» немесе «Есенсің (Есенсіз) бе!». Содан кейін орыс тіліндегі үлгісен :
Хош келдіңіз!
Қайырлы таң!
Қайырлы күн!
Кеш жарық!
Қайырлы түн! –
деген сияқты сәлемдесу сөздері ретіне қарай айтыла береді. Ерте замандарда «Армысың»», «Армысыз!» деп амандасқанда, жауап беруші жақ «Бар болғын балам!» дейтін болған.
Достарыңызбен бөлісу: |