Көшпелі Өзбек мемлекеті (Әбілхайыр хандығы). ХҮ ғасырдың 20-30 жылдары Ұлы ұлыстың сол қанатындағы территорияда бiрнеше жартылай тәуелсiздiкке қол жеткiзген иелiктер пайда болды. Солардың бiрi — көшпелi өзбек мемлекетi, 1428 жылы бұл мемлекетте Едiгелiк Бақас бидiң қолдауымен 17 жасар Шейбани ұрпағы Әбiлқайыр хан сайланды. Ұлы ұлыстың мемлекеттiк басқару жүйесiн қайта қалыптастырып, оны бiр орталыққа бiрiктiру жөнiндегi азғана кезең сол Әбiлқайыр атымен тығыз байланысты.
ХҮ ғасырдың 30-40 жылдарында Әбiлқайыр Ұлы ұлыстың сол қанатын өз билiгi астына бiрiктiре бiлдi. Ол өз билiгiне Шыңғыс ұрпақтарын ғана бағындырып қоймай, Едiге ұрпақтарының билерiн де қосып алды. Оның иелiгi Шығыстан Батысқа қарай, Ертiстен Волга жағалауына дейiнгi жерлердi алып жатты. Бұл жерлер шығыс жазбаларында Өзбек ұлысы деп аталады. Бұлай деп аталуы Өзбек хан есiмiмен тығыз байланысты болды. Оның беделi ХIҮ ғасырда тым асқақ болып, өзбек терминiн қалыптастырды. ХҮ ғасырдың алғашқы жартысында аталған термин ұлыстың сол қанатын жайлаған халық арасында бекiп, орнықты. Мысалы, темiрлiк тарихнаманың авторы (ХIV ғасырдың аяғы — ХV ғ.) Дештi Қыпшақтағы мемлекеттiк құрылымдарды көрсету үшiн хандардың есiмдерiмен және негiзiнен “өзбек” деген этнополитониммен қосып, “ұлыс”, “дийар” (ел), “уәлаят” (облыс), мамлакат (мемлекет) деген терминдердi пайдаланды.
Әбiлқайыр ханның Ұлы ұлыстың саяси жүйесiн қайта қалпына келтiруге деген ниетi сәтсiз аяқталды. Бiрiншiден, Өзбек ұлысындағы сауда-саттықпен айналысатын жоғарғы көпестер әлсiз болып, үлкен орталық болатын қалалар жоқтың қасы болды және халықаралық сауда да нашар жүргiзiлдi. Сөйтiп, мемлекеттiң қазынасы толмай, мемлекеттiк аппаратты ұстайтын кiрiс мүмкiндiгi шамалы болады. Осыған қарамай хан Ұлысты билеушiлердi өзi тағайындайтын. Өзбек ұлысының саяси ұйымы Әбiлқайыр хан кезiнде бiр орталыққа бағынған, хандық билiк институттарының ерекшелiгiмен көзге түстi.
1428-1429 жылдары Әбiлқайыр хан Түркiстан, сондай-ақ, Хорезм территорияларына бiрнеше әскери жорықтар жасады. Ол алғашқы кезде өз қазынасын толтыру мақсатында жүргiзiлдi. Бұл мәселеде аталған жорық өте сәттi өттi. Әбiлқайыр өзiнiң төңiрегiне көптеген әскери жасақ жинаумен бiрге, өзiне ұйғыр және найман руларының беделдi билерiн қаратып алып, дала лидерi атанды. Әбiлқайыр хан өзi қалыптастырған мемлекеттiк басқару орган жүйесiн нығайту үшiн фискальдық жүйе нысанын ендiрдi.
1446 жылы Әбiлқайыр ханға Мұстафа бей жорық жасады. Бұл кезде Әбiлқайыр өзiнiң атақ-дәрежесiнiң ең биiк шыңында тұр едi. Сондықтан, хан өзiнiң қарсыласына тойтарыс бердi. Мұстафа бей Хорезмге қашуға мәжбүр болды. Сол 1446 жылы Әбiлқайыр Сырдарияның бойында өзi иық тiрейтiн Созақ, Аққорған, Үзгент қалаларын жаулап алып, Сығанақ қаласын өзiнiң астанасы еттi. Әбiлхайыр хандығы кезiнде отырықшылық пен мал шаруашылығы қалыптасты.
Мемлекеттiк басқару жүйесiнде өкiлеттi және алқалық орган билiгi-хан кеңесi мен дуан маңызды орынға ие болды. Хан кеңесiнде күрделi деген мәселелер шешiлiп отырды. Хан кеңесi оғлан, сұлтан, дiн басылары, ру басылары және атқарушы орган болып саналатын сарай дивандары құрамынан тұрды. Диванды ханға ерекше берiлген “кошчи” немесе “ұйғыр” руларынан бiрiккен өкiлдiктер басқарды. Дивандар iрi сұлтандықтардың жанынан құрылды. Сарай өмiрi мен ел iшiндегi жағдайларды таратушылар ханның уәзiрлерi және оның көмекшiлерi — нәбилер едi. Мемлекеттiк билiк жүйесiнде тақ мұрагерiн тәрбиелейтiн, сосын тақ мұрагерлерi билiк жасына жеткенге дейiн удельдердi басқарушы “атабектер” қызмет еттi. Әскердi хан басқарды. Ханның әскери жасағы — нөкер және негiзгi қарулы күш болып екiге бөлiндi. Негiзгi қарулы күш соғыс кезiнде ғана жиналып, өз еңбектерiне сыйақы алмайтын. Атабектер тақ мұрагерлерiн тәрбиеледi.
ХҮ ғасырда Қазақстанның құқықтық мәдениет саласында едәуiр өзгерiстер болды. Ұлы ұлыс дәуiрiнде Әлемдiк Заңдылықты (төре) сақтаушы және таратушы хан болса, ендi хан билiгiнiң әлсiреуiне байланысты, оны Шыңғыс ұрпақтары — оғландар иелендi. Шыңғыс ұрпақтары осы кезден бастап төре және сұлтан деген терминге ие болды. Шыңғыс ханның Ясасының рөлi бiрте-бiрте әлсiреп, құқықтық қайнар көз ретiнде адат — әдеттегi құқық пайдаланыла басталды.
Әбiлқайыр хандығы кезiнде, ол билеген территориялардағы отырықшы халық пен қалалықтар “жасақ” салығын төледi. Ал, “копчурдi” барлық көшпендiлер мен отырықшы халықтар бiрдей дәрежеде берiп отырды. Сонымен бiрге, көшпендiлер жылына бiр рет “зекет” салығын төледi. Ол Шариатпен бекiтiлген болатын.
Жалпы, Ақ Орда ыдырағаннан кейiн Қазақстанның Орталық, Шығыс және Солтүстiк бөлiгiн, Сiбiрдiң үлкен аймағын Әбiлқайыр хандығы (1428-1468 ж.ж) алып жатты. Ол Жошының Шейбан атты ұрпағынан тарап, кейiн тарихта көшпелi өзбек хандығы аталып кеткен. Әбiлқайыр хандығының саяси, салық, әскери жүйесi Ақ Орда және Моғолстан мемлекетiнiнiң жүйесiне ұқсас болды. Хандық iшкi қайшылықтардан ыдырап кеттi.
Достарыңызбен бөлісу: |