Закон Республики Казахстан о реабилитации и банкротстве Қазақстан Республикасының Заңы



бет2/11
Дата24.02.2016
өлшемі0.55 Mb.
#17889
түріЗакон
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Азаматтық кодексінде көзделгендерден өзге мәмілелердің жарамсыздығына мыналар негіз болып табылады:

1) жасалған мәміленің бағасы және (немесе) өзге де шарттар, егер мәміленің салдарлары қаржылық шығындарға әкеп соқтырса, салыстырмалы жағдайлардағы бағадан және (немесе) өзге де шарттардан борышкер үшін айтарлықтай нашар болып табылатын ұқсас мәмілелердің жасалуы;

2) мәміле борышкердің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, құрылтайшылық құжаттарында шектелген қызметіне сәйкес келмейді не жарғыда айқындалған құзыретті бұза отырып жасалған;

3) мүліктің (оның ішінде уақытша пайдалануға) өтеусіз не салыстырмалы экономикалық жағдайлар кезінде біртекті немесе ұқсас тауар бағасынан борышкер үшін айтарлықтай нашар болып табылатын бағамен не кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіре отырып негізі болмастан берілген;

4) егер банкроттық және (немесе) оңалту туралы іс қозғалғанға дейін алты ай ішінде жасалған мәміле бір кредитордың талаптарын басқаларына қарағанда артықшылықпен қанағаттандыруға әкеп соқтырса;

5) кәдімгі коммерциялық операциялардың шеңберінде жасалған шарттарды қоспағанда, егер осындай мәміленің оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін бір жыл бұрын жасалған мәмілелерден айтарлықтай айырмашылығы болса, борышкердің мүлкін сыйға тарту шарттары.

3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар кезінде жасалған мәмілелер анықталған жағдайда, әкімші мұндай мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге, оның ішінде мәмілені анықтаған кредитордың өтінішхаты бойынша жүгінуге міндетті.

4. Мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы өтінішті кредиторлар комитеті белгілеген мерзімде әкімші ұсынады.

5. Мәміле жарамсыз деп танылған кезде жауапкер мәміле бойынша алғандардың бәрін қайтаруға міндетті, заттай қайтару мүмкін болмаған кезде - қайтарылуға жататын мүліктің, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құнын өтеуге міндетті.



Бұл ретте жауапкер осы Заңда көзделген тәртіппен қанағаттандыруға жататын, борышкерге талап қою құқығына ие болады.

6. Осы бапта көзделген жағдайларда мүлікті қайтару мүмкін болмаған кезде немесе мүлік оның жоғалуына, бүлінуіне не оны кейіннен үшінші тұлғалардың адал жолмен сатып алуына байланысты өтеусіз берілген кезде талап етілетін мүліктің бастапқы сатып алушылары борышкер алдында жоғалған, бүлінген не үшінші тұлғалар адал жолмен сатып алған мүліктің құны шегінде осыған байланысты туындаған залалды өтеу бойынша жауаптылықта болады.

7. Бастапқы сатып алушылардың мүлік құнын өтеуі мүмкін болмаған кезде борышкердің мүлкін иеліктен шығару туралы шешім қабылдаған тұлға, сондай-ақ осы Заңда белгіленген жағдайларда осындай мәмілені келіскен уақытша әкімші және уақытша басқарушы сот тәртібімен субсидиарлық жауаптылыққа тартылуға тиіс.

8. Осы баптың талаптары жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру мәмiлелерiне қолданылмайды.

9. Әкімші банкроттық туралы іс қозғалғанға дейінгі үш жыл ішінде біріктіру, бөлу немесе бөліп шығару жолымен жасалған және активтерді шығаруға әкеп соққан борышкердің қайта ұйымдастырылуын жарамсыз деп тану туралы сотқа жүгінуге құқылы.

 

8-бап. Шарттардың құқықтық режимі

1. Банкроттық туралы iс қозғау банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін борышкер контрагентінің бастамасы бойынша борышкер жасасқан шартты орындаудан біржақты бас тарту үшін негіз болып табылмайды және осы шарттың қолданысын тоқтатуға әкеп соқтырмайды. Тараптардың банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін жасасқан, шартты орындаудан бас тарту және банкроттық туралы іс қозғау себебі бойынша осы шарттың қолданысын тоқтату туралы келісімі жарамсыз болады.

2. Оңалтуды басқарушы мынадай мән-жайлардың бiреуi болған кезде:

1) шарт үлестес тұлғамен жасалса;

2) бұрын жасалған ұқсас шарттармен салыстырғанда шартта борышкерге ауыртпалық салатын жағдайлар болса;

3) шарт ұзақ (бір жылдан астам) мерзiмді болса не борышкердiң нәтижеге жетуi тек ұзақ мерзiмдi перспективаға есептелсе;

4) борышкердiң шартты орындауы қалған кредиторлар үшiн жағымсыз салдарларға әкеп соқтырады деп пайымдауға өзге де негiздер болса, оңалту туралы iс қозғалғанға дейiн борышкер жасасқан, екi тарап толық немесе iшiнара орындамаған шарттарды орындаудан бас тартуға құқылы.

3. Банкроттықты басқарушы кредиторлар комитетінің шешімі негізінде, банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін жасалған шартты өзгертуге, бұзуға, орындаудан бас тартуға немесе оның жарамдылығына дауласуға, борышкер берген мүлікті қайтаруды талап етуге міндетті.

4. Оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғалған кезден бастап және оңалту немесе банкроттық туралы істі тоқтату туралы сот ұйғарымы не борышкерге оңалту рәсімін қолдану немесе борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін борышкер мен оның кредиторлары арасындағы өзара талаптарды есепке алуға жол берілмейді.



Оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы, егер талаптарды есепке алу кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру кезектілігін бұзбаса, басқа тұлғалар тартылмай, тікелей, өзара негізде болып табылса, талаптарды есепке алу туралы кредиторға мәлімдеуге міндетті. Ақшаны төлеу туралы талаптар бойынша ғана есепке алуға жол беріледі.

5. Электр және жылу энергиясын, су шаруашылығы және кәріз жүйелері, байланыс жөніндегі, сондай-ақ борышкердің мүлкін қорғау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді беруші борышкерді банкрот деп тану себебі бойынша борышкермен жасалған шарттан бас тартуға құқылы емес. Оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғалғаннан кейін осы шарттарды орындауға байланысты шығыстар әкімшілік шығыстарға жатады.



 

9-бап. Үлестес тұлғалар



Осы Заңда мыналар үлестес тұлғалар деп танылады:

1) борышкердің немесе кредитордың акционері, құрылтайшысы (қатысушысы);

2) борышкер-дара кәсіпкердің, сондай-ақ осы баптың 1), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген жеке тұлғаның жақын туыстары, жұбайы (зайыбы), жұбайының (зайыбының) жақын туыстары;

3) шартқа сәйкес борышкер қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқылы, оңалту және банкроттық рәсімдеріне қатысушымен жасалған шартпен байланысты тұлға;

4) оңалту және банкроттық рәсімдеріне қатысушының немесе осы баптың 1), 3), 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген заңды тұлғаның лауазымды адамдары;

5) оңалту және банкроттық рәсімдеріне қатысушы оған қатысты акционер, қатысушы болып табылатын не мүліктегі тиісті үлеске құқығы бар заңды тұлға;

6) оңалту және банкроттық рәсімдеріне қатысушымен бірге үшінші тұлғаның бақылауында болатын заңды тұлға;

7) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес оңалту және банкроттық рәсімдеріне қатысушының үлестес тұлғасы болып табылатын өзге де тұлға.



 

10-бап. Құпиялылық

1. Уәкілетті орган және әкімші борышкерді банкрот деп тануға дейінгі кезеңді қоса алғанда, банкрот мүлкінің меншік иесінің, құрылтайшыларының (қатысушыларының) келісімін алмастан, борышкердің қаржылық-шаруашылық қызметі туралы мәліметтерді сұратуға және алуға құқылы.

2. Әкімшінің не уәкілетті органның осы мәліметтер сеніп тапсырылған немесе оған қызметі немесе жұмысы бойынша белгілі болған лауазымды адамының қаржылық-шаруашылық қызмет туралы мәліметтерді жария етуі, сол сияқты осындай мәліметтерді қамтитын құжаттарды жоғалту Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. Осы баптың күші әкімші тартқан тұлғаларға қолданылады.

3. Уәкілетті органның немесе әкімшінің өздеріне ұсынылған ақпаратты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда мемлекеттік органдарға беруі құпия ақпаратты жария ету болып табылмайды.

4. Осы Заңда көзделген рәсімдерді жүргізу кезінде мынадай ақпарат құпия болып табылмайды:

1) әкімші болып тағайындалған адам туралы;

2) кредиторлар комитетінің құрамы және ол қабылдаған шешімдер туралы;

3) кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген талаптар сомасы туралы және оларды кезек бойынша қанағаттандыру мөлшері туралы;

4) рәсімдерді жүргізу мерзімдері туралы;

5) кредиторлар алдындағы берешекті өтеу кестесін орындау туралы;

6) әкімшінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдардың болуы және оларды қарау нәтижелері туралы;

7) әкімшіні анықталған құқық бұзушылық фактілері бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы;

8) оңалту рәсімін тоқтатудың негізі туралы;

9) әкімші кредиторлар комитетіне шешім қабылдау үшін ұсынатын;

10) осы Заңда белгіленген құқықтарды іске асыру шеңберінде осыған уәкілеттік берілген адамдар бастамашылық жасаған сот талқылаулары туралы ақпарат.



 

11-бап. Борышкердің құқықтық жағдайы

1. Борышкер:

1) өзінің төлем қабілетсіздігі салдарынан ақшалай міндеттемелерді және (немесе) еңбек және соған байланысты қатынастардан туындайтын міндеттемелерді белгіленген мерзімде орындауға жағдайының болмайтынын куәландыратын мән-жайлар болған кезде оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге;

2) оңалту жоспары бекітілген кезден бастап мүлкі мен істерін басқару құқығын сақтау туралы сотта өтініш білдіруге;

3) сотта кредиторлық берешек сомаларына дауласуға, сондай-ақ осы мақсаттар үшін аудитор ұйымдарды тартуға;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да құқықтарды пайдалануға құқылы.

2. Борышкер:

1) оның мүлкінің меншік иесі, ол уәкілеттік берген орган, заңды тұлғаның құрылтайшылық құжаттармен осыған уәкілеттік берілген органы оны тарату туралы шешім қабылдаған, ал мүлкінің құны кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болған жағдайда өзін банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге;

2) егер бір кредитордың немесе бірнеше кредитордың талаптарын қанағаттандыру оның басқа кредиторлар алдындағы ақшалай міндеттемелерін толық көлемде орындаудың мүмкін болмауына әкелсе, өзін банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге;

3) борышкер төлем қабілетсіздігінің басталғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған кезден бастап алты ай ішінде өзін банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге;

4) әкімшіні тағайындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сотқа және әкімшіге қаржылық-шаруашылық қызмет туралы ақпаратты, оның ішінде борышкерде бар мүлік, оның ішінде кепіл ауыртпалығы салынған, мүліктік жалдауда (жалға алуда) және (немесе) лизингте тұрған мүлік туралы, банктік шоттарда жатқан ақша туралы, шоттардың нөмірлері және банктердің орналасқан жері, дебиторлық берешек сомасы туралы мәліметтерді ұсынуға;

5) оңалтуды басқарушыға ол тағайындалған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде құрылтайшылық құжаттарын, мөрлерді, мөртабандарды, он бес жұмыс күні ішінде - есепке алу құжаттамасын, екі ай ішінде - материалдық және өзге де құндылықтарды беруге;

6) уақытша басқарушы тағайындалған күннен бастап қарау арқылы зерделеу үшін есепке алу құжаттамасына оның қол жеткізуін қамтамасыз етуге;

7) бухгалтерлік құжаттаманың, бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік жүйелерінің толықтығы мен анықтығын қамтамасыз етуге;

8) оңалту жоспарын кредиторлар жиналысында қарау күнінен кейінгі күннен кешіктірмей, оны танысу үшін уақытша әкімшіге ұсынуға;

9) құпия болып табылатын мәліметтерді қоспағанда, оңалту рәсімін жүргізу кезінде борышкердің кез келген кредиторына оның жазбаша сұрау салуы негізінде сұрау салуды алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей өз қызметінің жүзеге асырылу барысы туралы ақпаратты ұсынуға;

10) сұрау салу негізінде сотқа, оңалтуды, уақытша немесе банкроттықты басқарушыға және кредиторлар комитетіне өзінің қаржылық жағдайы мен шаруашылық қызметі туралы ақпаратты, түсіндірмені ұсынуға;

11) әр айдың он бесінші күнінен кешіктірмей, оңалту рәсімін жүргізу кезеңіндегі қаржылық жағдай, алдыңғы айдағы кәдімгі коммерциялық операциялар барысында жүргізілген мәмілелер туралы ақпаратты кредиторлар комитетінің назарына жеткізуге;

12) егер осындай іс-әрекеттер оңалту жоспарында көзделмесе, оңалту рәсімін жүргізу кезеңінде заңды тұлғаның мүлкін пайдаланбауға немесе оны кредиторлар жиналысының шешімінсіз пайдалануға жол бермеуге;

13) оңалту рәсімін жүргізу кезеңінде кәдімгі коммерциялық операциялар шеңберінен тыс мәмілелерді уақытша әкімшімен келісуге;

14) осы Заңда көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

3. Борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығы борышкер мүлкінің меншік иесінде, құрылтайшыларда (қатысушыларда) қалған жағдайларда борышкердің органдарына осы Заңда оңалтуды басқарушы үшін көзделген, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде өкілеттіктер және жауаптылық қолданылады.

4. Борышкердің құрылтайшысы (қатысушысы), борышкер мүлкінің меншік иесі немесе лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда аталған адамдар өздерінің іс-әрекеттері нәтижесінде келтірілген залалды өтей отырып, тиісті жауаптылыққа тартылады.

5. Осы баптың 2-тармағының 1) - 6) тармақшаларында көзделген талаптарды орындау міндеттеріне кіретін борышкердің лауазымды адамдары борышкердің мүлкі барлық кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болған жағдайда, осы баптың 2-тармағы 1) - 6) тармақшаларының ережелерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ортақ субсидиарлық жауаптылықта болады.

 

12-бап. Әкімші

1. Осы Заңда белгіленген жағдайларда, оңалту рәсiмiн, борышкердiң қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинауды немесе банкроттық рәсімін жүзеге асыру мақсаттарына қол жеткiзу үшін оларды өткізу кезеңiнде борышкердің барлық органдары басқарудан шеттетiледi және борышкердiң мүлкi мен iстерiн басқару жөнiндегi өкiлеттiктер әкімшіге берiледi.

Әкімші борышкердiң жалғыз басқарушы органы ретiнде әрекет етедi және өз өкiлеттiктерiн борышкердiң орналасқан жерi бойынша жүзеге асыруға мiндеттi.

Осы тармақтың ережелерi осы Заңның 69-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларға қолданылмайды.

2. Уәкiлеттi органда тiркелген адам осы Заңда белгіленген тәртіппен әкімші болып тағайындалады.

Осы Заңның 78-бабының 2-тармағында және 118-бабында көзделген жағдайды қоспағанда, әкімшіге осы Заңмен жүктелген өкiлеттiктер өзге адамдарға берілмейді.

3. Мыналар:

1) үлестес тұлғалар;

2) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар;

3) наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған адамдар;

4) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар әкімші болып тағайындалмайды.

4. Әкімші ретінде қызметті жүзеге асыру үшін адамдарға қойылатын біліктілік талаптары мыналар:

1) жоғары заңгерлік немесе экономикалық бiлiмiнiң болуы;

2) экономикалық, қаржылық немесе заң қызметі салаларында кемінде үш жыл жұмыс тәжiрибесiнiң болуы;

3) Қазақстан Республикасының азаматтығы.

5. Біліктілік емтиханын тапсыру және біліктілік талаптарына сәйкес келу әкімші ретінде тіркелу үшін негіздер болып табылады.



Біліктілік емтиханы қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.

Біліктілік емтиханын өткізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.

6. Уәкілетті орган тіркеу туралы өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей тіркеуді жүргiзедi.



Уәкiлеттi орган осы тармақта көзделген мерзiм iшiнде өтiнiш берушiге - тiркелгенi туралы растауды, ал тiркеуден бас тартқан жағдайда бас тартудың себептерi көрсетiлген дәлелдi жауапты жiбередi.

Тiркеу туралы өтiнiште көрсетiлген деректер өзгерген кезде, уәкiлеттi органда тiркелген адам уәкiлеттi органға бес жұмыс күнi iшiнде хабарлауға мiндеттi.

7. Уәкiлеттi орган мынадай:

1) құжаттардың толық топтамасы ұсынылмаған;

2) өтiнiш берушi осы бапта белгiленген талаптарға сай болмаған;

3) біліктілік емтиханының қорытындылары қанағаттанарлықсыз болған;

4) өтiнiш берушi бұрын осы баптың 8-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген негiздердiң бiрi бойынша тiркеуден шығарылған жағдайларда тіркеуден бас тартады.



Осы тармақшаның ережелерi осы баптың 8-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша тiркеуден шығарылған өтiнiш берушiге үш жыл бойы қолданылады.

8. Уәкiлеттi орган әкiмшiнің қызметiн жүзеге асыру мақсатында тiркелген тұлғаны тiркеуден шығаруды мынадай:

1) тiркеу кезiнде анық емес мәлiметтерді ұсыну фактiсi анықталған;

2) кредитордың немесе борышкердің мүдделеріне нұқсан келтіруге әкеп соққан, осы Заңда белгіленген талаптар бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан көп рет) бұзылған;

3) осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасына орай әкімшіні тағайындауға кедергі болатын мән-жайлардың болуы себебінен оның бас тартуын қоспағанда, әкімші ретінде қызметті жүзеге асырудан бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде екі және одан көп рет) бас тартылған;

4) қайтыс болған;

5) өз еркімен тiркеуден шығару туралы өтiнiш берілген;

6) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған;

7) экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы не экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарылған;

8) осы адамға қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енген;

9) наркологиялық немесе психиатриялық диспансерде есепке қойылған;

10) сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған;

11) әкімші осы баптың 3-тармағы негізінде оның оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы болып тағайындалуына кедергі болған мән-жайлардың болуы туралы хабарламаған, оларды кейіннен оңалту рәсімі немесе банкроттық рәсімі барысында уәкілетті орган анықтаған жағдайларда жүргізеді.

9. Уәкілетті орган тіркеуден шығарғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде:

1) сотқа - уақытша басқарушыны, уақытша әкімшіні тіркеуден шығару туралы;

2) кредиторлар жиналысына - оңалтуды не банкроттықты басқарушыны тіркеуден шығару туралы хабарлама жібереді.

10. Әкімші мынадай:

1) уәкілетті органда тіркеуден шығарылған;

2) осы баптың 3-тармағының 1) тармақшасына орай әкімшіні тағайындауға кедергі болатын мән-жайлардың болуы себебінен ол өкілеттіктерді орындаудан бас тартқан;

3) кредиторлар жиналысы оны шеттету туралы шешім қабылдаған;

4) тексеру нәтижелері бойынша осы Заңда белгіленген талаптарды әкімшінің бұзғаны анықталған жағдайларда өз өкілеттіктерін орындаудан шеттетіледі.

11. Әкімші өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш берген жағдайда, осы Заңда белгіленген тәртіппен жүктелген өкілеттіктерді орындаудан босатылады.

12. Әкімші жүктелген өкiлеттiктердi орындаудан шеттетiлген немесе босатылған жағдайда жаңадан тағайындалған әкімші өзінен алдыңғысының құқық мирасқоры болып табылады.

13. Әкімші уәкілетті органда тіркелген кезден бастап әрбір үш жыл сайын уәкілетті органға растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсына отырып, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен экономика, қаржы немесе заң салаларында өз біліктілігін арттыруға міндетті.

14. Әкімші осы Заңмен реттелетін қатынастарға уәкілетті орган белгілеген тәртіппен электрондық тәсілмен қатысуға құқылы.

 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет