Зейнолла Шүкіров



бет9/11
Дата11.06.2016
өлшемі1.27 Mb.
#128863
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

Менің білетінім, Ақиректі әйдербектің сатып алғаны анық. Жалғыз үй қалған Әнетей қоралы малмен көшті. Жылқы батыр екі жағына да қарап алды. — Бекбауылдың сөзінен байқағаным, нағашысының қонысынан сыбаға дәметеді екен. Оны да мақұл делік. Ақирек жері кең. Маған Енесейдің жерін тауып беріңдерші!

— Көкшекөл! — деді Бекбауыл сақ еткізіп.

— Көкшекөл ат шаптырым көл. Бір Енесей жеке алған жоқ шығар. Көп қияттың қонысы, ортақ пайдаланған... Сегіз дау айтты.

Оны басқа жұрт та растады. Көп, қияттың бірі Мәтнияз, Жылқы батырдың қасында қоңсы қонып отыр... Осы жиында ол да жүр еді. Жер шекарасын сол анықтап берді.

— Ендеше Кәпірарықтың Көкшекөл тұсындағы арғы беті, құрманай-құттық саған тиеді. Қалған Ақирек әйдербектің еншісіне берілсін...

— Сонда біз құр қаламыз ба? — Есенәлінің бір баласы палуан руынан шыққан жас жігіт Қорен ішікті жамылып отыр еді, орнынан тұрды. — Ата-бабамыз Ақпайдың сыртындағы құмды жайлап келді. Ақпайдың жағасында қарақалпақтар бар заманда, тары салып, дән жегенбіз... Қыс қыстау, жаз егіндік жер бізге де керек!

Бұл сөзді де Бекбауыл үйретіп еді. Ақиректі даулаушы басы көбейсе, түйін де шешілмейді. Сегіз соны байқады. Дағдарып қалған Жылқы батырдың аузына сөз салды.


  • Азғантай палуан өкпелемесін. Ақпайды алсын!

Осымен дау да тынды.

Ертеңіне Кәпірарықтың бойында омақа үйіліп, жер шекарасы айырылды. Билік айтқан аға баласы жақайымның сыбағасына Ақбөгет жақтан жер берді. Белгілі-белгілі алты ру басына "аталыққа" жер бөлінді. Бидай батыр, Жәніке батыр, Нұрымбет сияқты ылғи ығай мен сығайлар еді...

— Әкем бүлінген елден бүлдіргі алма деуші еді. Жанқожа Сегіз бен Балпанды аулына ертіп қайтқан, көкейдегі түйткілін айтып келе жатыр. — Кеше қарақалпақ бүліне көшіп еді. Олар қалдырған жерді бөлісе алмай, қазақтар қырылысады. Жалғыз Ақирек болмас, бұл жер әлі талай жұртты бүлдіретін шығар...

Ақирек жанжалы бір пәленің басы еді. Ұзаған жоқ, әр жерден қыстауға таласып, қырқысып жатқан ауылдардың хабары шықты. Жанқожа біліп айтқандай екен.

Х Х Х
Жан-жағындағы жамау түскен қоңырқай үзіктілердің ортасында, алты қанат ақ шаңқан үй оқшау көзге түседі. Тәуір атының басын солай қарай қырындатты.

— Байділда да үзігін ақтан жауыпты. 0 тоба! Қазақ қалай оп-оңай баии қояды осы! — деп күңкілдеп келеді.

Шағыр көзі есіктің алдындағы желіге түсті. Артық-кемі жоқ, он бес құлын. Биылғыдай жұт жылы, екінің бірі жүгенін ұстап қалғанда, Бәйділда он бес бие сауып отыр... Нұрыбай бидің немересі Тәуірдің желісінде жалғыз құлын... Былтыр ғана бір үйір жылқы еді. Сол есіне түскенде, ішін ит тырнағандай. Санатқа қосылмаған Қожамбердінің желісіне қарап тұрып, жарылып кете жаздады.

— Ау, хабарлас-ау!

Бәйділда көлеңке беттің шиін түргізіп тастап, омырауын керегеге тақап жатыр еді. Бір аунап түсті. Дауыстаған Тәуір екенін білгенде, жыны құрыстағандай. Нұрыбайдың тентек немересі, бас тартпаған үйдің қазан-ошағын қиратып кететіні бар. Сонан келе бір аттың майын беруге жарамайды. Бәйділда қазір Тәуірде өткен-кеткен өкпе-кінәсін жіпке тізіп жатыр... Бір жылы Тәуірдің көк жорғасына көңілі кетіп, қолқа қылғанда беті қайтқан... Өмірі Тәуірдің үйінен бір аяқ көже ішіп көрмегенін де ойлап қойды.

Бүгін Байділда ұрынатын қара таппай отыр.

Асан төртеу болғанда, өсіп-өнген аталығы Сырлыбай. Ал Қожамберді мен Құдайбердіге тастаған толарсақ тимейді. Сондықтан, Сырлыбайдың белді биі Нұрыбайдың тұқымында Бәйділданың баяғыдан тісі бар...

Қарақалпақ көшіп, қанша қыстау қаңырап қалғанда, Қожамбердінің сыбағасына бір көл тимейтін не әкесінің құны бар? Рас, былтырғы жұтқа шейін алыс көшіп, шет жайлап жүрді... Көзі жоқ адамның обалы жоқ па? Бекарыстанға өз көмекейі толса болды. Бір көлді жеке алып, "Нұрыбай" атандырып қойыпты. Қожамберді мен Құдайберді қыстау таппай отыр...

Ақиректің дауында өзі де араласып, көп нәрсеге көзі жеткен Бәйділда, көктем туғалы алас ұрып қыстау іздеп жүр. Көздеп келгені Қотанкөл еді. Әзір белгілеп жіп таққан ешкім жоқ, бір жыл Бәйімбет, бір жыл Көлімбет... жақайымдар қыстайды екен. Осындай әуір-сәуірді пайдаланып қалғысы келген Бәйділда, сүмбіле тумай Сыр бойына қарай үдере көшкен. Қотанкөл жиырма үйді паналатуға жетеді. Құдайбердіден тараған аз ауыл сойырқас туысын да желіктіріп, еріте келді. Он екі үй Қожамберді, жер дауы теке тіреске кетсе тұрысуға аздық қылады. Сонда сойыл соғарға сойырқастың Шорабайы керек...

Сыр бойына жақындаған соң, Шорабай екеуі алға түскен. Қотанкөлдің сыртындағы құба дөңнің басында ауыл көрінді. Игілік жақайым Толыбай батырдың үйі шаңырағын көтеріп жатыр екен. Бұлар екеу, жақайым көп... Толыбай екеуі тілмен шарпысып бір дәуір уақыт тұрды. Бірақ, қол қимылға барған жоқ.

Көлден айрылып, сіркесі су көтермей жатқанда, дәудірлеп Тәуір келіп тұр...

Бәйділда күдіктенді. Кеше Қотанкөлде Толыбаймен кездесіп кал­ған соң, көш амалсыз Қыдырдың бөктеріне қона кеткен-ді. Бұйырғынды нұрада көк сораң мен тырбық жусаннан басқа шөп шығып жарымайды. Асығыс қимылдаймын деп, тәңірдің тәлкегіне ұшырағандай еді. Бәйділда аулының жылқысын Нұрыбайдың көліне айдап салып отыр. Ол да ағайынға көрсеткен бір қыры сияқты. Тәуір бекерден бекер келе жатқан жок. Нұрыбай көлінде Бәйділданың жылқысы жатса, күзді күні жағасында мал шалатын от қалдырмайды. Тәуір дау іздеп келіп тұр...

Бәйділда айқайлай кірген Тәуірге басын да көтерген жоқ. Өп-өтірік ұйқтаған болып, қырыстанып жатыр.

Бәйділданың құйрығына қамшы шып етті. Тәуір белгілі тентек. Оның үстіне жасы үлкен кісі, бір жағынан базыналық қылады. Асанда Нұрыбай тұқымының алдынан шығатын адам да жоқ... Тәуір келгенде, Бәйділданың басын көтермеуі, ірілік көрсетіп жатқаны... Оны да көңіліне дық алды.

Бәйділда қарғып тұрды. Бірі шағыр, бірі қисық біткен екі көз кездесіп қалған. Байділданың жүзінде қанына қарайған ашу білінді. Тәуір онан айылын да жимайды.

— Енеңді ұрайын! Көтенге өкпелеген қойшы құсап, тоңқайып жатырсың. Сәлем жоқ, саухат жоқ...

Бұл жеңетін жері. Қойшыны айтқан жері шамына тисе де, Бәйділда ашу шақыруға ұялды. Ықылассыздау сәлемнің ишарасын жасап, қыңырая отырды.

Тәуір үйдің ішін көзімен шолып отыр. Жаңа бастырған тар көз керегенің көзіне жұдырық симайды. Биыл тоқылған басқұрдың қошқар мүйіз оюы көз жауын алып қаратпайды. Шашағы төгілген уық баулар, шым ораулы ши... Тәуірдің көзіне ат көпір болып жататын өз үйі елестейді. Тамсанып отыр, таң қалып отыр. Әрі-беріден соң шөл қысты. Қайыстай қатқан қара келіншектің қозғалатын түрі жоқ. Шыпта ашылмады, аяқ-табақ салдырамады.

— Келін, қымыз әкел.

Қара келіншек орнынан шүйіле тұрды. Бірақ, ол шыптаны ашып үлгірмеді, Бәйділда шаңқ етті.

— Қымыз жоқ!

— Енеңді ұрайын, он бес бие сауасың...

— Бие суалған. Діңді Нұрыбай баласы өзің аласың, Қотанкөлді құдаң Толыбайға бересің,— деді, соңғы ұтымды сөздің аузына қалай түскеніне Бәйділда өзі де таңырқап қалған. — Қожамберді мен сойырқастан қымыз сұрайтын не бетің бар еді, бидің баласы!?

— Оттаған екенсің!

Бұлай сөйлеу Тәуірдің салты, жаны қиналмай-ақ айта салатын еді. Бәйділда тарс айрылды.

— Нұрыбай тұқымы, көз еттерің өсіңкі еді! Баяғы азғантай Қожамберді, желкесіне мініп үйреніп қалғансың ғой. Ата сақалың аузыңа шықты, не деп үріп отырсың!?

Көз тостағанға құйған бір жұтым қымыз Тәуірге бұйырмады, "Ата сақалды" ауызға алу — қазақ үшін ауыр сөз. Онысы аз болғандай итке теңеп отыр. Жасы құрбы болса бір сәрі, Бәйділда баласындай еді.

— Қап, әкеңнің аузын!..

Көз тостаған Бәйділданың басына сарт етіп, быт-шыты шықты. Екі тентек бірінен бірі асыра боқтайды. Шаңқылдаған дауыстан ауыл дүрлікті.

Тәуір иесі ұрған итке ұқсап, сүмірейіп шыққан. Белдеудегі көк бестінің үстіне қалай қарғып шыққанын білген жоқ. Тебініп қалғанда, біреу тізгінінен ала кеткендей болды. Шорабай екен.

— Ақсақал, біреудің ауылын қалай басынасың!? Қазық қылып қағып жіберейін бе өзіңді! — деп тап-тап береді.

Бәйділда ым қақса, Шорабай тұра шабатын еді. Бұл жолы да сонысын істеп тұр.

Тәуір көк бестіні сауырдан тартып қалғанда, атып кетті. Артына қарай-қарай барады.

— Адамда сойырқас, малда сиыр қас. Алты аласы, бес бересісі жоқ, мұнікі не, жаным-ыу!

Тәуір сатырлатып шауып барады, сөйлеп барады. Бәйділданың ағасы Жанділда інісіне ренжіді.


  • Атақты жынды емес пе, оның несіне байланыстың!?

Сойырқаста Төлеген би сәуегей кісі болыпты. Осы Тәуір дүниеге келген күні, Нұрыбай бидің үйінде қонып отыр екен. Нәрестенің шырылдаған даусынан шошып, Төлеген би жағасын ұстайды. "Тумай жатып, қылығы мынау, бұл ержеткен соң жүрген жері қиқу болар.

Ырым болсын, атын Тәуір қояйықшы" дейді екен.

Жанділда соны еске алып отыр.


  • Жылқының басында өзің бол. Бәйділданың түсі бұзылыңқырап айтты. — Түнгі күзетке абай болыңдар!

  • Қонақ келген екен, мейлі ол жақсы болсын, мейлі ит болсын, сыйлап жіберу үй иесінің борышы. Бәйділда Тәуірді үйден қуып отыр. Кім көрінген қаймана қазақтың бірі емес, Нұрыбай бидің немересі. Немерелерін есептемегенде, бидің кіндігінен сегіз ұл тарайды екен. Сегіз ауыл... Бұл оқиғаның ақыры ат шапан айыпқа соғады...

Тәуір қатты ашумен шыққан беті, бір бауыр жер тасырлатып барып, ат басын тежеді. Айдалада қаңтарылып тұр. Ауыл Қызылдың құмында... Тәуір Нұрыбай көлінде Бәйділданың жылқысы жатқанынан да хабарсыз еді. Толыбайдың Қотанкөлді бетке алып көшіп келе жатқанын әлде қалай есітті, Нұрыбай аулынан бала барса да, жақайымдар төбесінен тік тұрып күтеді... Алты ай жаз үй көрмей, ауыл-ауылды қыдырып күнін жұбататын Тәуір, кенет атының басын Қотанкөлге қарай бұрды...

Қыдырдың нұрасында бейсаубет ауыл көзіне түсе кетті. Бәйділда ма, басқа біреу ме, — Тәуір үшін иісі қазақтың жаттығы жоқ, бұрыла салды. Нұрыбайдың әруағын сыйлайтын қазақ, оның немересінің еркелігін де көтереді. Тәуір ат маңдайын тіреп барған үйінен бір бас мүжімей шыққан жері жоқ... Қымыз сұрап, сақалын боқтатты. Енді есіткен жұрт дабырайтып әкетеді...

Тәуір барған той төбелессіз тарқамайтыны бұрын да бар еді, Қазір іргелі ауылға қара басы қайрат көрсете алмай, іш пыстаны ішіне түсіп келе жатыр. Ылаң салып бағатын ауыл да алыс... Оған да кәдіктенеді. Нұрыбайға қараған бүкіл өрен-жаран осы күні оны ауыздықтап ұстайды... Жұрт "Тәуір тентек" атандырып қойыпты. Талай аттан салып шауып, бірақ, соңына бір Сырлыбай ермей, діңкесі кұрыған бір кездерін еске алды...

Бәйділдадан қайткенде кек қайтарады?

Айтпақшы, Толыбай бар екен-ау... Бәйділда оның атын да ауызға алды... Қотанкөл...

Тәуір Толыбай аулына жеткенше асықты...

Астындағы көк бесті ақ сабын болып терлегенін ақ боз үйдің алдында аттан түсіп жатқанда байқады. Өзінің халі онан да нашар еді. Аузы құрғап, дыбысы шықпай қалған. Хабарлас қылып керіліп тұрудың реті келген жоқ.

Биылғы қыстан Толыбай аулы да жүдеп шыққаны көрініп тұр. Желісінде төрт-бес құлын көрінеді. Тәуірдің көңілі онан сайын омсырайды.

Игілік аулының жұтқа ұшырап, толысы шайқалғаны бір биыл емес. Сонда да ата қоныстан табан аударып, Сырдың бойын сағалаған кезі жоқ-ты. Шаруасы шын жүдеп шыққан жылы, аржағындағы арғын-қыпшақтан жылқы алады... Ортайған деулеттің орны солай толып, енді бір жылы қайта байып дүрілдеп шыға келетін еді...

Толыбай Сарарқаны кезіп, биыл да бір ай жорытты. Ондағы жұрт та ақ сүйек болып жүдеп, жүген ұстап қалған жайы бар екен... Біреу-жарым жұттан көп шығындамай шыққан байлар, жылқы күзетін күшейткен. Алдырмады. Бір рет өзі қолға түсіп қала жаздап, байтал түгіл бас қайғы, қара басы әзер қашып құтылды...

Қайтар жолында шөмекей аулының далада жатқан төрт-бес түйесі ұшырасып, айдай кеткен. Соған ырза болды.

Сыр бойын содан соң еске алды. Көл сақтаған жұрттың жағдайы тәуір. Әр кімнен құлақ кағыс қылып сұрап байқаса, Сыр бойында бос жер қалып жарымаған екен. Қотанкөлге жұмсаған Жылқы батыр еді. Оты, суы мол көл... Бір жыл Бәйімбет, бір жыл Көлімбет қыстайды. "Әзір менікі деп меншіктеп, жіп таққан ешкім жоқ" деген...

Бірақ, доңыз жұты талайды тәубесіне келтірді. Қотанкөлдің иесі бұрын болмаса, енді табылады. Аурудың алдын алу керек. Толыбайдың асығыс қимылдайтын мінезінің пайдасы тиді. Бір күн кідіргенде, Қотанкөлді Бәйділда кағып кететін екен. Құдай сақтап, бұл алдын орап кетті.

Толыбай Тәуірге қой сойып жатыр.

Бұл үйден бір тостағаннан артық қымыз табылмады.

Тәуір төрде, тай тері жастықты қолтығына тыға түседі. Қол-аяғында тыным жоқ, тыпыршып кетті. Бәйділданың үйінде осы шыдамсыздығынан сөз естіп еді, шекесіне тимеген екен. Бір тостаған қымызға қанбай қалып, тағы сұрады.



  • Тәуір аға, биыл қымызға ұяттымыз. — Соны айтқанда Толыбайдың ақ сары өңі күреңітті. — Қойыртпақ...

  • Ұзын бойлы ақ сұр келіншек лып етіп тұрып шыптаны ашты. Қара сабаны шайқап-шайқап пұшпағын шешті.

Не шұбат емес, не айран емес, қойдың қатығына түйенің сүті араласқан қойыртпақ еді. Тәуір ұрттап алып, қабағын кіржитті. Қойшының сыбағасы Нұрыбайдың немересіне бұйырды. Онан артық қорлық жоқ. Бірақ, Толыбайдың кінәсі не? Жоққа жүйрік жетпейді. Тәуір сыр бермей бақты.

Қанымбикенің керік қасы дір етіп, төмен қарады.



  • Төке, биыл жылқыдан қол жудық. Бүкіл ауылдың сусын қылып отырғаны екі-үш бие. Балалар түске жетпей-ақ местің түбін сарықады. Бұрын қымыз ашытатын Қанымбикенің қара сабасы, бүгінде қойыртпақ құйылып, қор болып тұр.

  • Жаман Бәйділда он бес бие сауып отыр! — Тәуір осқырынып қойды. Қойдың сүті таңдайына татымаған соң кегежесі кейін тартып, жаны қайта құрыстап келе жатыр.

  • Рас шығар, кеше аулымызға келіп, ылаң салып кетті. Он бес биенің буы шыдатсын ба!?

  • Сендерге де тиісті ме! — Тәуір ежірейді. — Бәйділда әлі құтырады!

—Қотанкөлді даулап жүр. "Қарақұмнан қаңғып келдің, қалай ие боласың" деп кергиді. — Толыбай Тәуірден сыр тартқалы айтып отыр. — Қожамберді, Сойырқас болып, Қотанкөлді қыстау қылмақ ойы бар екен...

  • Екі кері кеткен қосылған екен!.. Тәуір мырс-мырс күлді. — Екі кері кеткен қосылған екен!

Толыбайдың Бәйділдаға тісін басып отырғанын Тәуір жаңа байқады. Көктен сұраған дауы жерден табылып, басын көтеріп алған.

  • Әлгіде айтып отырған. Мен сол Бәйділданың үйінен шықтым. "Атаңанәлет жақайымға Қотанкөлді бұйыртсам, Бәйділда атым өшсін!" деп отыр. Жыным ұстап кеткені тостағанмен қақ басына бір қойдым!

Толыбай сұрланды.

  • Атамды боқтайтын Бәйділдаға не жазығым бар еді? Нағашылы-жиенді болса, бір сәрі, құдай айдап іргеміз жақындағаны еді, тыныш отырғызбайтын шығар...

  • Ит қой ол, ит! Әкесіндей менің ата сақалымды аузына алды ғой! Күйіп кетіп май құйрықтан тартып қалғаным. Өмірі адамға қамшы үйірмейтін едім. Өз қолынан талай жұрттың басы жарылғанын Тәуір ұмытып кетті. Ал әлгі сөзінің ақпарын жек көріп, ат басын сіздің ауылға бұрдым. Әйтпесе, ауылға тартатын едім. Бәйділданың түндігін түріп қойып шауып алатын едім...

  • Сізге не деп тиіседі?

  • Нұрыбайдың маңдайына біткен жалғыз көлді қызғанады. Қотанкөлге сені де мен шақырып әкеліппін. Аппақ сақалымды боқтады. Тәуір иегіне біткен бес-алты түйір қылды бір сипады. — Содан соң аяйын ба, жостырдым!

  • Бәйділда туысың емес пе?

  • Сырлыбай мен Қожамберді ат құйрығын кесіскелі қашан!

Тәуір ойына келгенін айта салды. Толыбай бәтуасыздың сөзін шындыққа жорыды. Түнімен төсегінде дөңбекшіп шыққан. Тәуір тентек екені рас, бірақ, өтірік айтпайды. Бәйділда ашумен кеткені анық... Толыбайдың атасына тіл тигізгенін Тәуір айтып отыр. Оны естіп, шыдап жатқан адам, еркек емес! Бірақ, Тәуір де, Бәйділда да бір асанның баласы... Дау ушықса, ағайынды елдің бөрідей ұлып қосылатыны тағы бар. Асан ішінде өскен-өнген аталық Сырлыбай. Бәйділданың Нұрыбай тұқымынан шығысқаны рас болса, Сырлыбай оған ат тізгінін бермейді... Басқа кішкенені қойшы, Алыс ағайында бұларға жақыны әйдербек екен. Көктемде Ақирек үшін есенәлі-әйдербек қырылысып қалғанын Толыбай да есіткен. Сонда Қабанбайға шылбыр ұшын беретін осы Бәйділда болыпты. Ендеше Қожамбердінің сөзін әйдербек те сөйлемейді...

Бір дауды бастап жіберетін иіні келіп тұр еді.

Бәйділда он бес бие сауып отырған көрінеді. Жылқысы Нұрыбай көлінде жатқанын Бозорыс айтып отыр. Жігіттерді атқа қондырып, көп жылқыны қудырып алу керек...

Көпке жүгінгенде, Толыбайдың куәсі Нұрыбайдың немересі Тәуір болады. Атасына тіл тигізгенін айтып отыр. Тәуір бір айтты, бітті, басын кессең қайтпайды. Толыбай Бәйділдаға ауыр айып салдырады... Адам тілінен, сиыр мүйізінен байланады. Тентек Бәйділданың көзін бір қорқытып қойғанның өзі не тұрады...



  • Төке, мен күйіп тұрмын. Бәйділда ауылға келіп, шаңырағыма ат ойнатады. Онысы аз болғандай, үйінде жатып, атамды тағы боқтайды. Не істеймін енді?

Тәуірді аттандырып жатып, сыр тартқалы айтты.

  • Шауып ал аулын! Тәуір барқ етті. — Сен шаппасаң мен шабам! Ауылға тірі жетейін! Бес жүз үй Сырлыбайды түгел атқа қондырмасам бетіме түкір!

  • Менің қысылатыным Сырлыбай атам балалары, өздерің ғой. Қожамберді неге тұрғандай, әйтпесе...

  • Қалың Сырлыбай қасыңнан табылады. Ол итті есігімнің алдына еңбектетіп әкеліп, ат-шапан айып алмасам, Тәуір атым құрысын! Тәуір кіжінді.

  • Қонағы төбенің астына түсер-түспесте Толыбай да қимылдады. Бозорысты шақыртқан.

  • Қасыңа бес жігіт ертесің! Бүгін түн Бәйділданың жылқысын қуып аламын. Өзім бастап барам!

  • Төке-ау, өзім-ақ...

  • Үнің шықпасын!

Екі ауылдың арасы қозы көштей ғана жер. Қатын-баланың құлағына тиді дегенше, жер түбіне жайылады. Тәуір сияқты қаңғыған біреу түстене кететіні бар. Құлағы есіткен жамандық хабарды жатқызбайды қазақ, сол қалпында Бәйділдаға жетеді... Толыбай сақтық ойлап тұр.

Сол түні Бәйділданың жылқысына жау тиді. Жанділда соққыға жығылыпты. Ауылға жаяу қайтты.

Бәйділда аттан салып жатыр.
Х Х Х
Жан-жаққа Бәйділда аттандырған шапқыншылардың алды ертеңіне-ақ оралды.

Бекарыстан сәлем айтып отыр: "Бәйділданың ісі тентек. Ағасы Тәуірдің ата сақалын ауызға алады. Толыбайдың атасына тіл тигізеді. Жақайым жылқы қуса, намыстанғаны шығар... Адал мал ешқайда қашпайды. Мықтаса ат-шапан айыбы бар. Біз барамыз. Бірақ, бейбіт тынымын жасауға мұрындық боламыз, деп барамыз..."

— Жаман күйеу қайынсақ. Бәйділда кекетті. Амалдықтың баласы нағашысының сойылын соғып отыр...

Жанқожа мен Бекбауыл атқа қоныпты. Бірақ қасына еріткен адамы шамалы. Бәйділданың іші кіпі алды.

Ақжігіт пен Қыдырдың арасыңдағы нұрада халық қаптап кетті. Бәйділданың аулын қонақ басып жатыр. Ең алдымен келген құрманай. Қабанбай- отыз жігіт алып келіпті. Кішкененің қалған балаларынан Жолшоры мен Үсен бар... Екі күннің ішінде жігіт саны жүзден асты.

Бәйділда асықты.

Осынша адамды асырап-бағу бір ауыл үшін ауыр тиетін еді. Оның үстіне ертең Бекарыстан мен Жанқожа келеді...Олардың ойлайтыны бейбіт тыным Сүттей ұйып отырған ағайынның арасында алауыздық туады. Жұрттың басы ыдырайды.

Жылқысын қуып алған Толыбаймен бір айқаспай Бәйділда тоқтай қоймас!

Ертерек іс қылмаса, ертеңге қалса - кешігеді!

— Аттанамыз!

Зауал ауған шақ. Сал күреңді шоқырақтатып Шорабай ауылды бір айналып шықты.

— Ау, батыр келеді дейді, кідрсек қайтеді.

Біреу-жарым ақсақалдар ақыл қосқан, Бәйділда оларды құлағына ілген жоқ.

— Ат төбеліндай жақайымға Жанқожасыз да бірдеңе қылармыз! Мен деген ағайын атқа қоныңдар!

Жұрт жабыр-жұбыр атқа жүгірді.

Толыбай қапыда қалды.

Екі күннен бері ол да қарап жатқан жоқ. Жан-жаққа шапқыншылар жосылтқан. Жақайым жайлаудан құлай қоймаған уақыт. Шапқыншылар кідіріп жатыр. Бар бітіргені, Бәйділдадан алған жылқыларын Сырдың арғы бетіне айдап салды. Бір адамды Нұрыбай аулына аттандырып еді, Бекарыстан Бәйділдаға айтқан сөзін оған да айтыпты. Сырлыбайдың аузы қалай қисайса, асан солай –қарай жығылады. Көйлектей ағайыны Асан бейбіт бітім сұрап отырса, қалған кішкененің Бәйділда үшін отқа түсетіндей несі бар? Толыбайдың арқасы енді кеңіске түскен.

Ауылдағы біреу-жарым шал-шауқан қаша көшкісі келіп, қопаңдап еді, Толыбай тыпыр еткізбеді.

Қызыл іңір шақ. Қатын-қалаш сүт пісіріп, құрт қайнатып сапсып жүр. Жерошақта от жалпылдайды.

Толыбай көйлек-дамбалшаң үйден шықты. Ауылдағы он шақты үйдің жігіт-желеңі Бозорыстың қасына жиналыпты. Үй сыртында сүйеулі найзалар көрінеді. Желіде қаңтарулы аттар, құр жусап тұр.

Толыбай жігіттерге қарай жүрді.

— Сол Жанқожаның өзімен салысар едім!

Желпініп тұрған Бозорыс еді. Еңгезердей Бозорыстың қарасын көріп әркім-ақ сескенгендей. Оның қайратына шәк келтіретін адам жоқ. Бірақ, кез-келгеннің жылқысын бағып күні өткен Бозорыстың аты бір шықпайды. Қазір жасы отыздың үстінде екен. Толыбай былтырдан бері қасына алыған. Бір жағынан қыз алыспайтын туысы... Оны бауырға тартып жүр.

— Жанқожамен ұстаса алсаң, көрерміз...

Толыбай аңқау Бозорысты қайрап қойғалы айтып тұр.

— Көрсек көрерміз!

Ана жақта Саққұлақ арс-арс етіп, тұра ұмтылды.

Жігіттердің назары Саққұлақ кеткен жақта, сөз тиылды. Шапқыншыларын күтіп, құлақтары елеңдеп отыр еді. Саққүлақ Қотанкөлді жағалай жүгірді.

— Ойбай, жау!

Төбенің басына шыға келген салтатты жау қарасын әуелі Бозорыс көрді.

— Аттан, аттан!

Сасып қалған Толыбай біресе атына, біресе найзаға жүгіреді. Шырқырап етегіне жармасқан тоғыз жасар ұлы Көтібарды қағып жіберді.

— Асан, Асан!

— Үсен, Үсен!

— Жиеней!

Жау үндемей бас салған екен. Бұлардың аттандаған даусын есіткен соң, айқай-сүреңді күшейтті.

Бозорыс тұра шапты.

— Игілік, Игілік! — деп ұран салып барады.

Он шақты жігіттің ізінде сол көйлек-дамбалшаң күйі Толыбай да кетті. Жау қарасы молайып, тасқын судай қаптап бара жатқанын көргенде, ет жүрегі сескенді. Алға түспей, ат басын іріке шабады.

Бозорыс жаудың қалың ортасына қойып кетті. Найзасын оңды-солды сілтеп жүр. Мың сан қолмен жалғыз айқасатын бағы заманның ерлерінше қимылдайды. Толыбай опынды. Алда, аңғал Бозым-ай! Шеттен тиіп, жеке-жеке түсіру керек еді. Алды-артын қамап алған соң, аңдыған біреу көк желкеден қондырады ғой...

Қалған жігіттерді қаптаған жау селдей шайып жоқ қылды.

Толыбай енді айналған жоқ, аттың басын кері бұрды. Кертөбелді төпеп барады. Артында шулаған дауыс келеді.

— Толыбай әне кетті!

Қалт еткенді көзден таса қылмай, андып келе жатқан әккі Бәйділда, көйлегі ағараңдап бара жатқан жалғыз аттының Толыбай екенін айнытпай танып еді.

— Жігіттер, Толыбай кетті!

Сал күреңді бұл да төпеді. Аты дәмелі он шақты жігіт қосыла салған. Толыбайдың астындағы торы төбел, екі-үш жылдан бері бәйгеге косылып жүрген жүйрік еді. Үш күннен бері суытып, үстіне жан шығармай күтініп отырған. Жануар бауыры жазылған соң, қайыстай созылып, бүктетіле тартты. Әрі-беріден соң қараңғылық қалыңдады. Толыбайды түн жасырып, қуғыншыларға шалдырмай кетті.

— Қап, жіберіп алдық!

Толыбай қолға түссе, Бәйділда тірідей түтіп жер еді. Айрылып қалып өкініп келеді.

— Толыбай басына жаулық тартып алыпты. Әдейі танытқысы келмегені ғой... Қатын болды...

Бәйділданың аузынан шыққан осы сөз, аңызға айналып елден елге тарады. Біреулер Толыбайды әжуа қылып айтады... Ер жігітке күші асқан жаудан қашып құтылу ұят емес. Ал басына жаулық салу қатынның ісі еді...

Қас қағымға созылған қақтығыс қазақ үшін қымбатқа түскен. Бозорыстың найзасынан төрт жігіт жарақат алды. Толыбай аулының жігіттерінде сойыл тимеген біреуі жоқ. Бозорыстың басы жарылыпты. Жауырын ортасы көкпеңбек талақтай, қозғаса зар қағады. Ессіз жатқан жігітті Бәйділда тұтқын қылып алып кетті.

Оған салғанда, Толыбай аулын тонаудан тайынбайтын еді. Біреу-жарым ақсақалдар басалқы болып, ондай артық қимылға жол берген жоқ...

Ауылды талауға салу қазақ салтында ауыр қылмыс. Қазақтың ұғымында үйдің құты кара шаңырақта... Қарғыстың үлкені "шаңырағың ортаңа түссін"... Үй ұлы ірге, оған қол жұмсалған жерде, кешірілмейді...

Толыбай аулы улап-шулап жатқанда, Бәйділданың үйінде дырду күшейе түскен. Есерсоқ жігіттер бір-бір қойдан алдарына өңгере кетіпті. Бәйділда ол ауылдың түйе түлігін де қудыртып алдырган. Тоғыз жерден жерошақ, қаздырып, қызыл қуырдақ қуырылып жатыр. Аш құрсақ қазақ аузы-мұрнынан бір шықты...

Бәйділда бір топ жігітті жылқы қууға алдын ала жіберіп еді. Құр сандалып қайтты. Жігіттер ұзаңқырап шығып, із кесуге қорқа соқтап... Сырдарияның жағасындағы қалың қамыстың арасында түнімен жатып, күн көтеріле қайта оралған... Онысын жасырады. ,

— Жер асырып жіберген екен! Көре кезге зорлық қылып, ақ адал малымның қарасын құртпақшы!

Бәйділда байбаламды күшейтті.

Бозорысты Шорабайдың үйіне қаматып еді. Ашу қысқанда, соған қарай жүгірді.

— Жылқы қайда? Бозорыстың халі ауыр еді. Жауырын сүйегі қақ жарылғанын білетін бір жан жоқ. Ессіз жатыр. Анда-санда есі кіріп кетсе, көкірек сүйегінің зар қақсатқан ауруына шыдай алмай өкіреді. Өзі ірі жігіттің даусы да зор, әлем тапырақ екен, бала-шаға ұйқыдан безіп кетті.

Ең болмаса, ауру дене өз ыңғайымен жатса екен-ау, Артына қайырып байланған екі қол, Бозорысты тырп еткізбейтін еді. Екі аяқтың көмегімен, аударылып түскелі ұмтылады да, есінен қайта танады.

Бәйділда осының үстіне келді.

— Жоқ, бұл ит өп-өтірік өлген болып жатыр. Бәйділда ақырды. — Шорабай, түр құйрығын! Соқ дүрені!

Тығыншықтай сары Шорабай орнынан тұрды. Быттиған бет-аузы адамға тән аяушылық сезімінен жұрдай еді. Сап-сары көз қарашығында қуаныш ұшқыны жылт етті.

Шорабайдың жалғыз құмары азаптау. Тірі жәндіктің азап тартып жатқанын көрсе жаны рахат табатын еді. Қыста ауыл маңында қасқыр төбе көрсетсе, Шорабай ізінде кетеді. Бүкіл тазы соңында, қасқыр жер түбіне тығылса да, Шорабай таппай қайтпас. Басқалар сияқты, сойып терісін алумен қанағаттанбайды ол. Қасқырды ауылға тірі әкеледі. Аузы тұмылдырықталған қаскырда дыбыс жоқ. Шорабай екі тілерсектен бастап іреп отырып, қасқырдың терісін мес қылып сыпырып алып өзін қоя береді. Хайуанның кыңсылап дыбыс шығармаған мінезін қайсарлық біледі. Өзі де сонысына ерегісетіндей. Жаны ышқынған қасқыр тұра қашқан беті бір төбенің баурайына жетіп жығылады. Шорабайдың екі езуі құлағында, біраз жерге шығарып салып қайтады...

Бұл елде домбыраға ішек таппаған жұрт, Шорабайға жүгіреді. Тірі мысықты асып қойып, көтеншегін ойып қоя береді екен. Зәресі ұшқан жәндік, қашан ішегі таусылғанша алды-артына қарамай зытады... Мысық қылжиған жерде, Шорабай жас ішекті жинап алады...

Бірақ, адамға азап берудің сәті түспей жүрген.

Бозорыстың қолын артына қайырып байлап тастап, енді оның өкіріп жатқанын көрген кезде, Шорабай адам айтқысыз рахатқа кенелді. Жұрт бес қанат қоңыр үйдің маңынан безіп кеткенде, Бозорыстың1 қасында жалғыз отыр еді.

— Ә, ә, қалай екен? — деп сұрап қояды.

Бүл сөзді қасқырдың терісін сыпырып жатқанда, жыртқыш аң мықшиып сыр берген кезде айтатын еді. Бозорыстың қиналғанын көріп, жаны кіріп барады.

Қазір Бәйділданың бұйрығын естіп тұрып, қуаныштан есі шықты. Бозорыстың қолын шешіп, жауырын ортадан бір нұқып, етбетінен салған. Дал-далы шыққан жейдені жұлып тастап, шалбарын аяғының басына қарай сыпырып қойды. Қолында сегіз өрме қамшы, Бозорыстың үстінде отыр.

— Соқ дүрені!

Шорабай шьп еткізіп тартып қалды.

Бұл қасқырдың терісін сыпырғандағыдай емес, кұмары таркамай-ды. Сонан кейін бас жоқ, көз жоқ төпей берді.

— Жетер, Шорабай!

Бәйділда бұл сөзді Бозорысты аяғандықтан айтқан жоқ. Шорабайдың соғысына қарап тұрып жүрегі айныды. Анау тым сүйсініп кеткен екен. Бозорыстың үстінен екі рет айтқызып әрең тұрды. Қаскыр да жанына қатты батқанда, қырқырап сыр беретін еді, мынада дыбыс жоқ. Шорабай Бозорыстың қайсарлығына таң қалды.

Жаралы жігіттің қайсарлығы ұстап жатқан жоқ-ты. Жан азабына, таяқ азабы қосылып, ес кеткен. Шорабайдың қамшысы оған бит шаққан ғұрлы сезілмейді. Миына зақым келген Бозорыстың жан тәсілім кезі жақындап қалып еді.

- Су...

Бозорыстың ерні быт-шыт, езуінде қанды көбік бұрқырайды. Шорабай жырқ-жырқ күлді.



  • Бұл итке біздің қатынның сі... ішкізу керек...

Бәйділда тұра жөнелді.

Сол күні-ақ Шорабайдың сөзі жалпақ елге тарады. Бірақ, басқа түрлі болып жайылып кетіпті. Бозорысқа- Бәйділда қарагер қатынының дәретін ішкізіпті-мыс... Есіткен жұрт жағасын ұстап отыр.

Бозорыс қайтып көзін ашқан жоқ. Күзетіп отырған Шорабай тұтқын жігіттің қалай жан кешкенін де байқамай қалған.

Бәйділданың есі шықты. Енді Толбайдан жылқы даулап алу балай қалып, басы шарға түсті.

Жанқожа мен Бекарыстан осы оқиғаның үстіне келді.
Х Х Х
Бұл күні Қотанкөлдегі Толыбай аулында үлкен жиын еді. Ағайын бір өліде, бір тіріде, "жау шауып жатыр" деп хабар тиді. Қырдағы жақайым тік көтеріліпті. Бірақ, мойны қашық жерде отырған ел, бірінен-бірі құлақтанып, бастары қосылғанша, бес-алты күн өтіп кетті.

Жақайым төрт ата — ақбура, тоқбура, ағыс, көгіс болып бөлінеді. Сыр бойына жақын отырған ауылдар ақбураға қарағандар еді. Ақбураны да кейде асан деп атап, — оны бәйбіше асан, тоқал асанға айырып жатады. Әуелі жеткендер осы ақбура тұқымы еді. Жылқы батыр бастап келді.

Алыстағы ағайындардан көгістің ұрпақтарын бастап, Жылқайдардың Байшоқысы жетті. Қазір ол отыздың үстіне шыққан. Ата. көрген оқ жонады, соңғы төрт-бес жылдың бедерінде, иісі жақайымның сөзін Байшоқы ұстай бастап еді.

Бозорыстың хабары ертеңіне-ақ естілді.

— Атама тіл тигізіп, Бәйділда қонысымнан қумақ еді. Ашу үстінде жылқы алғаным рас. Толыбай шағынып отыр. — Бәйділда азаматым-ды өлтіргені мынау...

Бозорыстың азаппен өлген хабары дабырайып жетті. Ақсақалдар тоқтау салып, Толыбайды әзер ұстап отыр. Бар-жоғы жүз қаралы жігітпен қалың кішкенені шауып алу қиын. Әрі Бәйділданың аулыңда Жанқожа мен Бекарыстан жатқан көрінеді. Жылқайдардың кегін алатын жолы, аса қайрат көрсеткен Жанқожаны Байшоқы да, Жылқы батыр да сыйлайтын еді. Бекарыстан болса, Жылқайдардың жиені...

— Әуелі сүйекті алдырыңдар...

Жылқы батырдың жарлығымен төрт-бес жігіт қожамбердіге аттанды. Бозорыстың сүйегі әкелінді. Жалғыз шешесінен басқа жақыны жоқ, жеке жігіт еді. Алпыстағы кемпір ақ сүтін сауып аңырағанда, ел күңіренді.

Бесбасбай осы жылаудың үстіне келді. Жақайым ішінде Жылқыдан кейінгі жасы үлкені сол, Тентек шал "жаман туған інілерін"-шетінен боқтайды. Оған салса, мейманасы тасқан қожамбердінің биін қазір шауып қайтар еді. Олай босқа арандауға ақсақалдар жібермей отыр.

Бүкіл кішкене жиылды. Бітім сұрай Бекарыстан мен Жанқожа батыр келеді...

Бұл Бозорысты алып қайтқан жігіттердің сөзі.

Бозорыс Қотанкөлдің сыртындағы төбенің басына қойылды. Басында қай рудың моласы тұрса, төбе де соныкі. Енді Қотанкөлге ешкімнің дауы жоқ еді.

Жанқожа мен Бекарыстан жаназаның үстіне келді.

Намазға жиналған жұрт желі басында иіріліп тұр. Қонақтарды көрген ақсақалдар шетке қағылып шықты. Бесбасбайдың қолында сегіз өрме қамшы, бәрінің төбесінен аса қарайды.

Жанқожа мен Бекарыстан анадай жерде аттан түсіп, бері қарай жаяу жүрді. Екі жақ жамырай сәлемдеседі. Жаназа үстінде артық сөз қашырып, сыр беруге болмайды.

Артында қалған анаға,

Ағайын-туған, ағаға,

Арыздасып қоштаспай

Арманда кетті-ау арысым,

Атаңанәлет Бәйділда,

Ит басыңа сарысын!

Қатындардың даусы ашына шығады. Елшілікке келген екі жігіттің еңсесі түсіп тұр.



  • Арысымды азаптап өлтіріп, алдыма қалай келіп тұрсың!

Қолын ұсынып жақындай берген Жанқожаның басына Бесбасбайдың қамшысы сарт етті. Тентек шал қайта ұмтылып үлгірмеді, бір жағында Жылқы батыр Бесбасбайдың қолына шап беріп еді. Жанқожаның даңқын сырттай есітіп, ерлігіне тәнті болып жүрген жұртта ес қалған жоқ. Батыр болған соң, шарт кетеді... Содан соң...

Бекарыстанның маңдайынан суық тер бұрқ етті.

Жанқожа басынан ұшып түскен қалпағын еңкейіп алып, шаңын қақты.

— Бекеме менің жазығым жоқ еді, Бәйділдаға сілтеген қамшысы мені тапты-ау...

Жанқожаның қолынан алдымен Байшоқы келіп алды. Сол-ақ екен, жұрт жаппай ұмтылды. Толыбайда үн жоқ, қонақтарды үйге қарай бастайды.

Ана жақта Бозорысты азалаған әйелдердің даусы күңіреніп жатыр. Бұл жақта дау қызды...

Аузы жылдам Бесбасбай басқа жұртты сөйлетпейді. Бәйділданы қанды мойын қылмыскер атандырып, бәле-жаланы үйіп жатыр үстіне. Оған дау айтқан да ешкім жоқ. Елшілікке келген екеу бірдеңе айтуға, жасы үлкендердің алдында сабыр сақтайды. Әлден уақытта Байшоқы қақырынды.


  • Бәке, бір айтқанды қайта айтып, сөзді ұзартып қайтесің. Бұл отырғандардың ішінде Бәйділданы ақтап алатын ешкім жоқ. Сыңар езулей бергенше, бітуажаны ойласайық, - деді, Байшоқының салмақты даусы Бесбасбайды ықтырғандай екен. — Болар іс болды, өлген Бозорыс тірілмейді. Онан да осы даудың тынымына келейік те...

— Бәрекелде! — деді біреу.

—Тынымын мен айтайын! Бесбасбай сартасынан жүгініп отыр. — Маған Бәйділданың басы керек! Қан орнына қан!

Жанқожаның түсі сұрланды.

Қанды кек жайында әкесі көп айтатын. Бір заманда қазақ даласындағы талай қанды қырғын бір адамның қазасынан өрбиді екен. Қанды кектің халық арасындағы апатты зардабын ескерген әз Тәуке, атақты "Жеті жарғысында" адам құнын малмен өтетуге кесім шығартады. Жанқожа "Жеті жарғыны" жетік білетін еді...

Бекарыстан тершіген маңдайын етектей орамалмен сүртіне берді. Толыбайдың беті бүлк еткен жоқ. Байшоқы ғана қабағын шытып, Жылқы батырға қарады.

— Ендігі үлкеніміз едің, Бесбасбай ағам не деп отыр? Ағайынмен қырылысамыз ба?



— Бесбасбай ашумен айтып отырған болар. Қазақ-қарақалпақтың кісі өлімінде де құн алып бітісетін едік қой. Ат үсті ұрыста жаза тиген таяқтың ұшында кім жазым болмайды... Жылқы батыр қақырынды.

  • Оларда да үш жігіт қансырап жатыр... Бекарыстан қарттың соңғы сөзіне жармасты.

  • Құн алып бітіңдер. Жылқы еөзді қысқа қайырды.

Дау енді қызды. Толыбай өркештеніп алған. Бозорыстың өлімі жазым іс емес, азапқа саяды. Есіл ердің арқасыңдағы сала-сала қамшының ізі соның айғағы... Екі ердің құнын сұрап отыр. Оның үстіне атасына тіл тигізген Бәйділданың ат-шапан айыбын қосты.

  • Сол сөзге кәдігім бар. Жанқожа уәж айтты. — Ұрыстың басы "боқ жеме" дейтін еді. Осы қырғын да бір ауыз сөзден ұшынып отыр екен. Сонда Бәйділданың атаға тіл тигізгенін :кімнен ,естіп жүрсің?

  • Құлағын кесіп алатын болсаң, Тәуір ағаң айтты.

—Тәуір ағам қыдырып қайтқан сапарында жағасы бүтін қайтса, үш күн ұйқысынан айрылады. Бекарыстан сылқ-сылқ күлді. — Оның жағасы үшін жылқы қуып, кісі өлтіре берсек, елге сиямыз ба? Бәйділда сақал боқтамайды. Ата сақалы аузына шыққанын айтамын деп, қамшы жепті. Тәкем кейде өзінің айтқан сөзінен жаңылып қалып жаласын біреуге жаба салатыны бар еді...

  • Аға сенікі. Біз қайдан білейік. Нұрыбай атамның тұқымы болған соң қойымызды сойып, қолымызды қусырамыз, сөзіне сене береміз. Толыбай көре көзге кекетіп отыр.

  • Толыбай сенікі тентек. Жылқы батыр кейіді. —Бәйділда мен Тәуірді қатар алып отырып, кінәласпайсың ба? Ақсақалға салып, ат-шапан айыбыңды алмайсың ба? Сөйдеді екен деп, бас салып жылқысын қуғаның, тентектің ісі...

  • Ендеше Бозорыстың құнын да маған төлетіңдер!

Даудың қайта өршитін түрін байқаған Жанқожа, алдын алуға асықты.

  • Қате кімнен кетпейді. Тәкем айтқан, Төкем сеніп қалған. Біз асығыс қимылдады деп те айыптамаймыз...

  • Кісі өлтіріп отырып, айыптап көр! Бесбасбай тағы киіп кетті.— Осының бәрі, Жанқожа, сенің ісің! Исі кішкене сені арқаланып құтырып жүр!

  • Біз ұрыстан бір күн кейін келдік. Бекарыстан ақталғысы келгендей еді.

  • Дауды доғарындар Жылқы батыр Бесбасбайға жақтырмай қарап қойды. — Құн жайын айтып едік қой. Толыбай екі ердің құнын сұрап отыр. Жанқожа, сен не айтасың?

  • Төкемнің мөлшері дұрыс. Бозорыс екі өліп отыр. Бірі сойылға жығылып мертікті. Екінші ретінде, Бәйділда жылқыны таптырып алам деп, дүре соқтырған. Мен Бәйділдаға екі ердің құны төленетінін айтқанмын...

Толыбай азғантай сұрап қалғанына өкінді.

  • Ердің құны екі мың қой! Бесбасбай осы жерде тағы бір даудың басын қылтитты.

"Жеті жарғыға" жетік Бекарыстан сөз алды. Оны Байшоқы қостап отыр. Қазақ ішінде белгілі мөлшер болған емес. Бірде өлген кісісіне қарайды, кейде жылдың жайлы-жайсыздығы да ескеріледі... Бірде екі жүз, бірде бес жүз, бірде мың... Ердің құны әр жылы әр қалай бағаланған екен. Естеріне түсірісті. Бірақ, ердің құны екі мың қой деген кесікті есіткен адам табылмады.

Ақыры "Жеті жарғыға" тоқтады. Ердің құны мың қой. Бозорыстың құнына Бәйділда екі мың қой төлейді. Он бес үй қожамберді мен сойырқастың бар дәулеті алақанда... Мұндай ауыр құнды көтеретін әлі жоқ еді. Оны бәрі де біліп отыр. Бірақ, қысылған жерде, жама ағайыны көмекке келеді. Бәйділда үшін ең алдымен көйлектес ағайыны Бекарыстан күюі керек... Төрт асанның бірлігі. Онан қалса, салмақ кішкененің алты баласына түседі. Соның бірі Жанқожа...

Толыбай Бәйділданың жылқысын қайтаратын болды. Бірақ, әлгі құнның үстіне ат-шапан айыбын қосады. Аулын шапқан қожамберділер жүз қой, он бес түйесін айдап кетіпті. Бұл жерде қой санын екі есе өсіріп айтып отыр...


  • Бәрі де қайтарылады,— деді Бекарыстан.

Сонымен Бәйділданың шығыны бастан асқан. Бір тостаған қымыздың өкпесінен осыншалық өрт шықты. Бейкүнә жігіт мерт болып, момын халық жапа тартты.

  • Сөз ұстап барғанда, келістіріп қайтқан екенсіңдер! — Бәйділда екі иінінен дем алып отыр. — Қожамберді мен Сойырқас енді қоңыз теріп кетсін дегендерің ғой! Ердің құны мың қой, қайдан шыққан кесік!

Бәйділда да Жанқожаға тісін қайрап отыр.

  • Әттегене-ай, мыналардың қол байлағаны... Жаман жақайымға есе берді-ау!

Оны айтқан жас жігіт Раманқұл, Жанқожаға төрт атадан қосылатын туысы, Кенжеғұлдың баласы еді.

Жанқожаға Толыбай да ызалы. Баяғыда Нұртайды өлтіріп, абыройға ие болса, бүгін кісі өлімін бітістіріп тағы атақ алып отыр...

Жанқожаның қаперінде түк жоқ, ауылға қайтты. Киікбай аулы мен Нұрыбай аулының ақсақал-билері түгел еді. Бекбауыл да бар. Жанқожадан үлкен, бұрын құттықтың сөзін сол ұстайтын. Бұл жолы қағыс қалды. Азамат өліп жатқанда, екі тентектің арасында жүріп, абырой таппасын сезген. Мұндайда бұққан озады. Қазір де үнсіз келе жатыр.


  • Әй, сені Бесбасбай сабапты ғой!?

Жақай Жанқожаны қамшының ұшымен түртіп қалды.

  • Оны кім айтып жүр? Бекарыстан жақтырмай қалды.

  • Айтқан Рас, көзімен көріпті...

Мырта жақайым Рас, Жанқожаның құрдасы еді.

  • Рас айтқан болса, рас шығар...

Жанқожа күлді де қойды.

Бекарыстан сөзді басқа жақка бұрғанша асықты.



  • Биыл жер дауы көбейді-ау, Жәке. Жазғытұрым әйдербек пен құрманай болып, Ақирекке таласты. Енді Қотанкөл үшін қырылыстық. Қарақалпақ бізге жер емес, қып-қызыл өрт тастап кеткен болды ғой...

  • Бүлінген елден бүлдіргі алма...

Жанқожаның есіне әкесінің сөзі түсті. Нұрымбетте әлі белгілі қыстау жоқ, Қызылқұм мен Қарақұмның екі арасын жол қылады. Биыл бұлар да жүдеңкіреп шықты.

  • Ру-рудың ақсақалдарын жинау керек. Бір қыстауға екі ауыл таласып күнде қырқысады. Бекарыстан көкейінде көптен жүрген ойын айтты. — Жұрт шекарасын ашып алсын!

  • Бекарыстан дұрыс айтады!

  • Бұл көп болып қолға алатын жұмыс!

Қыстау жайы жол бойы ұзақ-ұзақ сөз болды.
Х Х Х
Ақирек сапарынан ауырып қайтқан Жәніке, үйіне жетіп құлады. Науқас түрі жаман, қос өкпеден тұрған шаншу қозғалтпайды. Ағайын қорықты. Жақын-жуық қадірі қаза үстінде білінеді. Жәнікенің қазасы оңай емес. Бар жаманкөздің бір жерден төбе көрсеткені дұрыс... Батырдың аулы Көкқабақтан бері қарай жылжыды...

Көш жөнекей неше өліп, неше тірілген шығар. Жасы тоқсанға шыққан қарт батыр ауыр сырқатпен арыстандай алысты. Көкшоқатқа бір-ақ көштік жер қалғанда, Жәніке батыр көз жұмды...



  • Мені Сырдарияның жағасына қойыңдар... Қашан кеудесінен жаны шыққанша, есін жоғалтпаған шалдың, ақырғы тілегі осы болыпты...

Оны әркім әр түрлі жориды. Қосаралдан жоғарырақта, Таңсыққожа қойылып еді. Екі туыстың тіршілікте жөндеп сыйласа алмай өткенін бәрі де біледі. Түбі бірге үйірін іздейді екен-ау десті.

Шалдың Сырдарияны неге ауызға алған себебін Рахметәлі ғана дұрыс түсінді. Тоқалға қарағандарда қыс қыстау жоқ еді. Жәніке көзі тірісінде сол жайды жиі еске алатын. Ақирек жанжалы бұрқ еткенде, бес күндік жерден ат сабылтып келгенде де батырдың көкейінде осы түйткіл жатқан...

Рахметәлі сыртқа сыр шашқан жоқ, бірақ. Хан өткелінен он шақырымдай төменірек, дарияның құйылысына таман Жәнікенің денесі қойылды...

Батырдың жаназасы шығарылды. Әлі жаз ортасынан ауған жоқ. Жәнікеге қараған ауылдар Көкшоқатта отыр...

Жаназада алты әлімнің игі жақсылары түгел төбе көрсетті. Бәрі де батырдың мәрттігін таңдай қағып сөз қылады... Өмірі қыр жайлап жүріп, өлетін кезде Сыр бойын тапқаны жұмбақ еді...

Оның сырына Рахметәліден басқа тағы бір адам, Топы шал түсініп еді.



  • Мынау туыстарыңның ниетін байқап отырсың ба! Жәніке ағам мәңгілік мекеніне Сыр бойын таңдап алғанда, артында сойқаны жатыр екен. Мана құдық басында Сайлыбай кездесіп еді. Тұмсығын көтеріп көкіп тұр. "Бар Қосаралды бәйбішенің баласы жеке жайлап, ол ненің ақысы", — дейді. Биыл күз басып қонатындарын айтты.

Сегіз де бірдеңеден кәдік алғандай, Рахметәлінің әр қимылын сырттан бағып жүр еді. Тіксініп қалды.

Сайлыбай жанынан шығарып сөз айтпайды. Бұл сөздің түп төркіні Рахметәліден шығып отыр...

Сырлыбайдың балалары неше ұрпағынан бері қыстап келе жатқан қонысын өлсе бермейді. Бір жанжалдың ұштығы шығып тұр еді.

Жәніке-Сарыға қараған туыстарын Сегіз де жақтырмайды. Тоқалдан тарағандарды құл орнына жұмсайтынымен тұрмай, соңғы жылдары Сегіздің ізіне шырақ алып түскен. Мақпалға да таңбаған атақтары жоқ. "Ат көті күң" атап қойыпты.

Тек Жәнікенің әруағын сыйлап жанпелінде жүргендері болмаса, Сегіз ол ауылдың әңгіме-дүкеніне араласпайды...

Ертең үлкен жанжал ұшынады екен... Оны біліп отырып, Сырлыбай аулының азаматтарынан жасыратын болса, ар алдында айыпты саналады. Ал шындықты мезгілі жетпей жариялайтын болса, өз туыстары "өсекші" атандырады.



  • Мен көшемін!

Сүмбіле туған. Сегіз көші-қонның қамына кірісті. Топы шалдың кіндігінен екі бала, екі шаңырақ еді. Дөңгелек шаруасы бар. Жеті-сегіз түйелі көш Ақиректі бетке алып, шұбыра тартып барады.

  • Ау, жол болсын!

Бір қырдан асқан кезде, алдынан Сайлыбай шықты.

  • Ақирекке барамыз. Қарақалпақтан сатып алған қонысымыз ғой. Бір пұпшағы тиетін шығар...

Сайлыбай аңқиып қала берді...

  • Жаман күйеу қайынсақ, Күржібайды сағалаған ғой, — деді Рахметәлі сұрланып отыр.

Онысының жаны да бар еді. Биыл қыс Сегіз Мақпалкөлді сактады.

Жәніке-Сары аулына келер жылы да қайтып оралған жоқ. Бұл беттегі ағайын Қаракұмды жайлағайда, Топанның балалары Қызылға қарай көшіп шыққан. Оның ізіне кұдасы Күржібай ерді. Қомшабай сияқты малшы, қосшы, қоңсылары бар, өздері он шақты үй, қоңырқай ғана ауыл еді.

Сегіз Қызылға қарай жылжығанда, бір жағынан Мақпалдың өтеуіне кеткен қарындасы Қаракөздің де жағдайын ойлайды. Жаңадарияны көктей өтіп, Әмударияға жақындап барып қонды. Жабының қыстауы аржағында төрт-бес көштік қана жер еді. Қатысып тұр.

Тоқалға қараған Әліқұл ұрпағының арасына жік ссылай түсті.

Қосарал жанжалы Сегіз көшіп кеткен соң екі айдан кейін басталды...
Х Х Х
Жәнікенің қырқы өткен соң еді...

Жаз ортасынан ауған. Таңсыққожаға ас беріліп, әлім-шөменнің игі жақсылары түгел жиналды.

Жаманқұлдың дәулеті жетеді. Талай ту биелер пышаққа жығылды. Қой жүздеп сойылады. Ат бәйгісі болып, балуан күрестірілді. Үш-үш тоғыздан бәйгі тігіліп, жұрт қызықтан қырылып қалып еді... Сонша халық жиналғанда, шашау шыққан бір жан жоқ.

Бұл өңірде көп заманнан бері жанжалсыз тараған осы болды...

Қазақтың жоңғардан мықты жауы болған жоқ. Жәнікенің атағы жоңғар заманында шыққан. Жақын туысы Тайлақ жоңғарлардың қолынан қазақ тапқаннан кейін, Кіші жүздік қазақ қосын бастаушылардың бірі болды...

Ал Маңғыстаудың Адайынан кейін, жәуміттің жылқысын қууға тәуекелі жеткен ерлер де осы ауылдан төбе көрсетіпті. Бұл жақта Жәнікенің атағымен қоса қабат, Рахметәлі, Мелдебек, Сахар батыр, Бақаның даңқы да дабырайып естілетін...

Халықтың осы ықыласы Таңсыққожаның асы үстінде де байқалды.

Ас тарқады, Әліқұлға қараған ауылдардың ер-азаматтары сөктей екшеліп оңаша қалған. Жаманқұл тағы бір тай сойдырып, ет жақын туыстарына қонақасы беріп отыр.

Бір кикілжіңнің жақын қалғаны осы қонақасының үстінде көрінді.

Қаратау өңірінен көшіп келген Әліқұл тұқымы төрт ауыл болып отыр. Қыс қыстау керек. Рахметәлі алыстан орағытқанда, айтатын сөзінің ақыры соған саятын еді.

Сырлыбайға қарағандардың ішінде әзір жауабы Дайрабай, іле тіл қатты.


  • Әйдербектің баласы болып, ақ адал малымызға алған Ақирек бар емес пе? Соны айтқанда Дайрабайдың көңілінде ештеңе жоқ еді.

  • Алтынбайлар отыр...

  • Ақиректегі алтынбай қырық-отыз үйден артық емес. Бір көкшекөлдің ұлтаны төрт әйдербекке жетеді!

  • Оны Рахметәлі де біліп отыр. Бірақ, ортақ өгізден, оған оңаша бұзауы артық. Жұтқа ұшыраған алтынбай ауылдары ендігі Ақиректің, басында шоғырланып қалды. Олармен іргелес отырып, берекет таппайды. Кедей ағайын... Біреуі аттың майын, біреуі сауын дәметеді. Оның арты өкпе...

Рахметәлінің көкейін тескен Қосарал еді...

- Сонда біз көп әйдербектің бірі болғанымыз ба?

- Мен сірәдағысын айтамын...

- Одан да айтатын сөзді айтсайшы. Қосаралды Сырлыбай атам балдары жалғыз қыстап отырсың. Ақирекке сілтегенше, қасыңа неге шақырмайсың?

Бұл Дайрабайдың күтпеген сөзі еді.

Бір кезде Тоқалға қарағандар, Жәнікеңнің ізіне еріп Қаратау асқанда, Сырлыбай жалғыз ауыл Қарақұмда қала беріпті. Шаруа жайын жетік білетін Таңсыққожа, кейін қыстау қарастырып жүріп, Қосаралға жіп тағады. Қарақалпақтардың көтеріліп кете қоймаған кезі. Сыр бойында бос жатқан жер жоқ. Естек биі Орматбеттің шапқыншылығынан кейін, босып кеткен Қарақалпақ, топырағы егінге қолайсыз Қосаралға қайтып жоламайды. Дарияның аяғында балық аулап кәсіп қылатын бір-жар үй Мүйтендер, қолы ашық байды жатырқаған жоқ...

Басқа қазақ баяғы дағдысымен құмды кезіп көшіп-қонып жүргенде, бұлар күзге салым Қосаралға жылжитын еді. Сырлыбай ауылының қанша жұтты бастан кешіріп, бірақ дәулеті ортаймай шыға беретін бір себебі сонда жатыр.

Рахметәлі оны да біледі.

Бұл жолы қажасқан жоқ. Ас жаңа тарқап жатыр. Жарқын жүзді ағайынның қабағына кірбің түсіруден тартынғандай.

Жәнікеңнің қырқы өткен күннің ертеңіне Ботатқа қараған төрт үй Тұщы көлінің жағасына барып қонды.

Тоқалға қараған төрт ауыл баяғында ірге айырған. Бірақ, қоныстарын жақын ұстайтын еді. Бұл жолы Кенже бала Ботат, Рахметәліге ойлласқан жоқ. Демек, Дайрабаймен астыртын сөз байласқан болды. Жаман Ботат бәйбішеден туған бай ағайынның қолтығына кіргені ғой... Рахметәлі шамданды.

Содан бері Рахметәлі ат үстінде, дұрыс ұйқы жоқ, қыс қыстау іздеп жорытып жүр. Сырдың екі бетінде не көп, көл көп. Ешкімнің атадан қалған қыстауы жоқ. Қарақалпақ тастап кеткен жер екен. Кім бұрын қонса, сол ие болып жатыр. Қыр қазағы солай ойлайды.

Бірақ, аралай жүріп, онысының бекер екеніне көзі жетті. Бұлар қаратауда жүргенде, Сырдағы ағайындар қарап отырмапты. Бос жатқан көл көрінбейді. Таласып тартып алмасаң, төрелесіп түкте жоқ. Туысы дайрабайдың сөзі анау, басқа жұртқа не жорық? Таңсыққожаның асынан түйткелденіп қайтқан Рахметәлі, сырқат жатқан Жәнікеге барған. Қарт басын шайқады. «Бәйбішенің назары қатты, туысыңмен ренжіспе...» Жәнікеңнің сол сөзі қолын байлап отыр...

Қоныс іздей жүріп көп нәрсеге көз жеткізді. Кейбір аталықты ауылдар-біреуі Кішіқұмды, біреуі Қызылқұмды жайлайды... Содан келе Сыр бойында бір-бір қыстау сақтап отыр. Қыс қара өткен жылдары жоламайды. Бірақ, Нұрыбай көлі, Бекбауыл қыстауы, Жылқы батырдың Лайкөлі сйяқты ат қойып, айдар таққан. Басқа жұртты маңынан жүргізбейді...

Бір апта жорытты. Дарияның арғы жағынан бір көңді көздеп қайтқан. Бұдан төрт бес жыл бұрын біреу қыстап кеткені байқалады. Қойдың қиы жатыр. Көң ескілікті көлдің ұлтаны, қамысты ықтасыны мол көрінді. Бір жағы нұралық, қой мен түйенің жайы. Жылқы екібастан ауыл маңында ұсталмайды...

Ауылға соны айтып келді.

Неге болса, ертерек басып қалу керек еді...

Қоқаннан қашқанда үйренген әдеті, бір күнде жау тигендей бүлініп, ауыл дүркірей тартты...

Жылқы айдасуға, көшке көмктесуге жеті жігіт қалдырды. Рахметәлі мен Мелдебек төрт жігіт ертіп, алға түсті. Көңге жақын маңайдан, күзек алуға қолайлы жер қарастыра жүрулері керек еді. Бір күн бұрын жетті.

Құрымбай Шалқошқар батырдың жасы жетпіске еді. Бір жыл Қызылды жайлайды, бір жыл Қарақұмға жылжиды. Кей жылы алыс ұзап, Мұғалжар тауына шығып кетеді. Алдыңғы жұтта бар жылқыдан қол жуып, бір таудың қойнауында қалып қойған... Төрт жыл өткізіп, Сыр бойына қайтып оралды...

Рахметәлінің көздеп жүрген көңі Шалқошқардікі еді.

Екі тентектің басы түйісті.

Шалқошқар жасы ұлғайғанмен, жортуылдан қалған кісі емес. Қайың шоқпары тақымында жүреді.

Оның көші де кейінде келе жатқан. Қасында бес жігіт, озыңқырап кетті. Қыстауға таласып жатқан жұрт... Екі адамның бірі қауіптеніп, қару-жарағын сайлап жүреді.

Рахметәлі де жетті...

Екі жағы да одырайысып, бір-біріне осқырына қарасады. Амандық қысқа қайырылды. Шал жол мәнісін сұрап тұр.



  • Мынау бір бос жатқан көң екен...

Рахметәлі жағдайлатып келе жатыр еді. Шалқошқар онан ары сөйлеспей киіп кетті.

  • Оны саған кім айтып жүр!?

Екеуінің сөзі содан соң-ақ шәлкем-шалыс келді. Айдала, екіленген оларға басалқы айтар жан жоқ. Аңдыған сайтан мәз-мейрам, алақанын шапаттап қуанар еді. Шалқошқар тақымындағы шоқпарын ала тап беріп ұмтылды.

Қамсыз тұр еді, шалдың шоқпары Мелдебекке тиді.Онда да қаға тиіп жаны қалған. Қояншық шалдың екі езуінде ақ көбік бұрқырайды.

Рахметәлі найзасына екі-үш оқталып,бірақ өзін-өзі ұстады.Құрымбай көп кішкененің белді аталығы. Жынды шалдың көзі түк көрмейді.Найза жаза тиіп, жазым болса артының құн дауы одан да жаман. Қаратаудан ауыл келді. Енді ағайын арасын ушықтырса, есіткен жұрт неше саққа жүгіртіп алып кетер... Содан қысылды.


  • Қашыңдар, жігіттер!

Алты жігіт шоқыта шауып қырдан асты.

  • Сыр бойында бос жер қалмаған екен...

  • Көшті қайттік?

  • Дариядан өте қойған жоқ шығар. Сарыатан заузанға қарай бұрыңдар. Бәйімбеттер келіп қалмаса ,отыра тұрармыз. Рахметәлі ендігі кесіп-пішіп қойып еді.-Салдыбай, сен Дайрабайға барып қайт! Ағайын адам, малымызды қыра алмаспыз. Қосаралды қосыла қыстайтынымызды айт!

Х Х Х
Cалдыбай дариядан өткен соң, Сіңіртектіде отырған Сырлыбай ауылдарына қарай ат басын бұрды.

Сонау Шықыманның тұсынан басталып, теңізді жағалай созылып жататын құмды өңір, Сіңіртектіге жақындаған жерде қоңырлыққа ұласады. Алты шақырым жерде Тұщы көлі... Оның аржағындағы Қосарал еді...

Қыс Қосаралды қыстап, қалың қойды Тұщының қопасына айдап салып отыратын Жаманқұл,жылдағы салты, Сіңіртектінің құмында күзеу алатын еді. Ана жақта Жәнікенің қырқы беріліп жатқанда, Бекқұлының баласыБайқонақтың қасына он екі жасар баласын қосып, қойды Сіңіртектіге қарай құлатқан. Байқонақ бес қанат үйін ала кетті.

Кейінде қалған байдың үйі келгенше Тұщы көлінде қой тоғытты.Оның өзі екі-үш адамға бір апталық жұмыс еді.Бір қой емес,екі қой емес,ұзын саны бес мыңнан асып жығылады. Байқонақ,келіншегі, Томан үшеуі сапсып жатыр.

Ауыл көшіп келген соң ертеңіне-ақ қой күземі басталыпта кетті.Жаманқұл Бөгенбайдың балаларына салмақ салмайды. Араларында өкпе бар. Немерелерін қосқанда, Бекқұлыдан алты-жеті адам келеді.Төлебайды Медеттің аулына шаптырады. Екі-үш бала одан да қосылады. Соның өзіне болдырмай,қойдың қырқымы созылыңқырап кетсе,көрші ағайындарды үмеге шақыратын еді...

Жерошақта қазан бұрқ-бұрқ қайнайды. Әлгіде Бекқұлы ақсақал бір тұсақтың желкесіне мініп отыр еді. Сәтке апармай қолын қол, бұтын бұт қылып, қазанға салды.

Жалпақ сары Томан отқа абынып отыр

- Жас сорпаға бір тояйықшы. Бүгін бе бүгін,бес аяқ сорпа ішпесем, маған кел!

Бес күннен бері қой тоғытудан босамай, күйіп жүр. Байқонақтың сараң қатыны тамаққа да жарытпады.

Томан өзін Таңсыққожаның сүт кенжесі түсінеді. Әкесі өлгелі,малға көбірек айналып,күнде бір есептеп қоятын еді. Мыңға шейін дұрыс санап көрген емес.Әйтеуір көп қойдың есебіне бір шыға алмай қор болды. Таңсыққожадан үш шаңырақ... Шешесі Күңшаш солай үйретеді.Үш шаңырақ болу үшін Томанның да үйленуі керек екен... Сонда мынау малдың үштен біріне ие болып, ақ боз үйдің төрінде Томан қарнын сипап жатады...

Інісінің осы ниетін Жаманқұл да байқайды. Кейде жалқау томан қисалақтай бастаса, алдына малды тартады.



  • Тілеуі болғыр-ау, осы малдың егесі өзің емессің бе?

Бұл Томанның жанына жағатын сөз, қойдың ізінде қомпалаңдап бара жатады. Қазір де бетін алып-салып, қой қырқып жатыр. Басқа жұрттан қалмауға тырысады. Бай ағасынан бір ауыз мақтау сөз есітудің өзі неге тұрады...

Күн бата тамақ пісті. Он екі адам үш жүзге жақын қой қырқыпты. Жаманқұл қырықтық алып алып тастаған саусағын шүбірекпен байлап тұр.



  • Жігіттер, бүгінге осы да жетер. Ас қаужап алып, ертерек дем алайық. Ертең боз ала таңнан тұрып кірісеміз. Сонда өндіріп тастаймыз!

Тамақ үстінде бай Медеттің Бұршайы жаяу жүргенін еске алды. Оған сақтап жүрген дөнені бар екен... Бүгін керек Бұршай, ертең де керек... Жаманқұл соны есептеп отыр.

Ас қайырылды

Далада қатты жүріп келген ат тұяғының дүрсілі естілді. Әлде көмекке келе жатқан Бөгенбай аулының жігіттері ме? Жаманқұл елеңдеп отыр еді. Шалқар кірді. Бұл күнде сары жалақ шал болған. Бірақ, жасы елуге жақындаған Шалқарды Бөгенбайға қарағандардың басқа жасы үлкендері баланың орнына жұмсайды...


  • Жағасы қыстау, төбесі жайлау, отыр ғой мыналар! Жұртты жау шауып жатқанда!... Шалқар кейіп кірді.

Отырғандар тіксініп қалған.

- Тоқалдың балдары «аулыңды шабамыз» деп жатыр! Қосаралға басып қонбақшы! Дайрабай саған жіберді, Жаманқұл! – Шалқардың арыны қатты көрінді. – Ертең таңертең мына жігіттерді алып, біздің ауылға жет!

«Тоқалдың балалары» деп отырғаны кім екенін түсінді, Жаманқұл қыңған жоқ.

- Туысқан адам не айтпайды. Бізді итеріп тастамас. Көп болса, Қосаралды қосыла қыстармыз...

- Бәсе десейші!

- Өзің не оттап тұрсың! Шалқар ашу шақырды. – Екі тоқалдың астына кіреміз бе? Таңсыққожа өлді, бас көтерер кімі бар дейтін шығар. Енеңді ұрайын! Бір Дүйсенбайдың садағының жебесіне он тоқалдың баласы сияды!

Алдыр-салдыр ақ көкірек Шалқар бір қызса басылуы қиын. Дүйсенбай сияқты тентектер сарының батыр ұлдарының атағын қызғанады. Әлгі соның сөзі. Енді үйдей бәледен үндемей құтылу керек. Жаманқұл мақұлдаған болды. Жауласқан туыстардың тұрысатын жері Сарыатан заузан жақтағы қоңыр төбе екен. Жаманқұл соны ғана сұрады.

Шалқар кеткен соң, қу жақ Бұршайға бұрылды.



  • Ал не қылдық?

  • Оны өзің білесің де...

  • Мен білсем, мұндай даудың басына бармаймын. Бәрі жиналғанда, бір Әліқұл тұқымы екен. Бір көлдің қамысына таласып қырылысып жатқанымыз ұят. Осы бүткіл Сырлыбайдың мал түлігін бір жерге иіргенде, Таңсыққожаның бір отарына жетпейді. Жер алдымен маған керек екен. Бөгенбайдың балдары қай жылқысын сиғыза алмай жүр.

Дүйсенбай батырлық салыстырғысы келіп жүрген ғой...

  • Ендеше Дайрабайға сен бар. Менің сөзімді жеткіз. Соғысын қойсын, ауылды үркітпесін!

  • Ойбай, мені тыңдамайды!

  • Мен айтсам ерегісіп қалады. Жаманқұл қынжылды. – Бекқұлы ағам... Айта беріп мүдірді. Жуас Бекқұлыны «бес қойшы» аттандырып жүрген Дайрабай еді. Момын байғұстың сөзін құлағына қыстырмайтынын біліп отыр.

  • Қойымызды қырқа алмай жатып... Төлебай торсаңдады. – Ұрысы өз басына, тақиясы таз басына...

  • Тап осының айтқаны дұрыс, - деді Бұршай. – Ұрыс керегіп алақандары қышып жүрсе, өздері барсын. Біздің неміз бар? Ашуы басылған соң қояр. Біз қозғалмасақ, бас-аяғы бес-алты жігіт жауға аттанып кімді қырады? Ақсақалға түскенде де бізді айыптайтын жөні жоқ...

Жаманқұл толқып тұр. Сайлыбайдың кейкиген тұмсығы қолайсыз еді. Дайрабайға ірілік көрсетті ғой... Бұл да дауды сатып алатын атақты тентектердің бірі... Сөз содан ұшынды... Бірақ, Рахметәлі... есі бар азамат еді. Салдыбайдың айтқанына еріп, ұрысуға шыға қоймас...

Жәніке жоқ, Таңсыққожа жоқ. Жақсылар да таусылды-ау... Қанша жауыққанда, сыртқа білдірмей өткен екен. Бас кеткен соң кеуде лас, бір көлдің қамысына таласып қырылысып жатқандары мынау... Жөні түзу жалғыз Сегіз еді. Ол да Ақирек асыпты. Оған хабаршы жеткенше, бұлар қырылысып та бітер...

Жаманқұлда үн жоқ, сұлқ түсіп қалған.
Х Х Х


  • Бәйбіше баласының адамы Таңсыққожа еді. Ендігі үлкенің Дайрабай болған соң, не берекет іздерсің...

Бұл Рахметәлінің үйде айтқан сөзі еді, өр көкірек Салдыбай Дайрабайдың бетіне айтты. Басқа бәле тілден, Бөгенбай ауылынан қамшы жеп қайтқан. Сабап жүрген Дайрабай.

- Ертең түсте қоңыр төбенің бер жағында күтем. Рахметәлі қатын болмаса, алдымнан табылсын!

Дайрабай соны айтып қалған. Салдыбай кеткен бойда, Шалқарды Жаманқұлға жұмсады. Төрт Сырлыбайдың үшеуі Таңсыққожаның аузына қарайтын еді. Қазір де сол үйді жағалайды. Жаманқұл қозғалса, бәрі бірге қозғалады.

Дайрабай туыстарын сәскеге шейін күтті. Бір үйге кіреді, бір далаға шығады. Ауылдағы үлкен-кішіні бір тарының қауызына сыиғызып, бидайықтай қуырды.

Жаманқұлдан хабар жоқ.

- Өңкей жаман. Рахметәлі соны біліп басынып отыр ғой. Жәніке – Сарының найзасынан қорқып, бастарын екі бұтының арасына тығып отырған шығар...

- Жалаңаш бар да жауға шап, ажалың жетпей өлмейсің. Енді кешіксек, қорықты деп насақ қылады. Қоныңдар атқа!

Бөгенбайдың бес ұлына, немереден Саданбайдың Қожақметі, Шалқардың Алашы ерді. Жеті жігіт басын қарайтып ауылдан шыққан. Басқалары қолына найза ұстағанда, Дүйсенбай иығына садақ асынып еді.

- Иә, әруақтар, қолдай гөр!

Бақадан бастап Сахараға шейін, ылғи жау түсіргіш батырлар. Дүйсенбайдың сескенетін жөні бар еді.

Қоңыр төбе ауылдан жеті шақырым жер. Шоғыта тартқан жігіттер әпсәтте-ақ жетіп келді.

Сары садақты еңіретіп... Шалқар тілім-тілім ернін бір жалап қойды.

Ауылдан шыққалы неше айтқан шығар. Оның түсінігінде, садақтан мықты қару жоқ. Дүйсенбайдан асқан батыр жоқ. Талай киік қуып шыққанда, сары садақтың құдіретін көріп, тәнті болған. Дүйсенбай ерегіссе, дәу текені көзінен атып тигізер еді. Сонда екі жүз қадам жерден құлата береді.

Рахметәлілер көрінбейді.

- Тоқалдың балалары артын қысқан екен...

Шалқар аузын жиып үлгермеді. Саданбай Сарыатанзаузан жаққа қолын шошайтты.



  • Келе жатыр...

Шалқар жым болды. Дүйсенбайға жалтақ-жалтақ қарап, өзі жұрттың артына қарай жылыстап барады. Рахметәлінің ізінде де сегіз-тоғыз жігіт еді. Қорыққанға қос көрінеді, Шалқардың көзіне жер қайысқан қол болып елестейді...

Салдыбайдың таяқ жеп барғаны қырсық болды. Оған қоса, Дайрабай кездесетін жерін атапты. Рахметәлі тентек ағасы Бақаны ұстап тұра алмады. Салдыбайды сабағаны, Жәнікенің әруағын сыйламағаны... Бәйбішенің балалары бұрыннан басынып үйренген жаман әдеттерін қоймаған екен. Баяғы заманда, Әліқұл болып енші алысқанда, жалғыз Сырлыбай екі сыбаға болғаны еске түсті.

Рахметәлі Дайрабайды шыға қояды деп күткен жоқ-ты. Кілкендей жау түсіргіш аш бөріге қарсы, жүрегінің түгі бар адам ғана келеді. Шалқар мен Бұршайды ертіп кімді қырады? Ендеше «тұрысатын жерді» айтқаны жел сөз... Салдыбайдың көңілі үшін қара көбейтіп аттанған болды.

Қоңыр төбенің басында иіріліп тұрған Сырлыбай аулының жігіттерін көргенде, батыр қысылды.

Ертең бұл оқиға ұзын елдің ұйырына, қысқа елдің қиырына тарайды. «Басында кім болыпты?» Ауызға алдымен Рахметәлі-Мелдебек түседі. Қаратауға сыймай ауып келген тентектер... Кеше көңге таласып Шалқошқардан таяқ жейді... Бүгін туысымен жауласып жатыр... Рахметәлі ат басын тежеді. Оны көріп басқалар да тоқтады.

Ертелі бұлардың бар қимылын қалт еткізбей бағып тұрған Дүйсенбай, садағын кезей берді...

- Әй, саған не болған!? Саданбай ұмтылып келіп қалған. - Әуелі тілге келейікші, адам жазым болар...

Ешкімнің де соғысқа құлқы жоқ, бір тентектің айтқанынан шыға алмай жүр. Түбі бірге адамдар, Бір-бірін өкпеге қиғанмен, өлімге қимайды. Дайрабайдікі әйтеуір намыс... Қосаралды қызғанса, малын сыйғыза алмай жүрген Жаманқұл қызғансын... Бөгенбай тұқымы бар түлігін бір шұңқырға жинағанда, үйірлі жылқы, қоралы қойдан артық түгі жоқ...

Саданбай соны ойлап тұр. Бұрын-соңды бәйбішенің баласына тоқалдан қол көтерген ешкім жоқ екен. Бұл жолы да солай, Рахметәлі өзі бастап тиіспейді. Ал Дүйсенбай оқ атып... онысы біреуге жаза тиіп, жазым болса... онда арадан қан өтеді. Ұрпақтан ұрпаққа созылатын жаулықтың бір түрі осындайдан басталатын еді...

Дүйсенбайдың сары садақты шірене тартқанын көріп, Саданбай қорқып кетті.



  • Сені жын ұрған шығар!

Шалқардың түсі құп-қу, енді бажалақтады.

- Дүйсенбай, кідір! Аналардың тоқтағанын қарашы! Қорыққаны ғой! Оғыңды шығындап нағыласың, сенің садақ кезегеніңді көріп, өздері-ақ зытады!

Атса, ұрыс басталарын ол да түсініп тұр.

Дүйсенбай садақты тартып қалды. Адырнаның сарт еткен дыбысы ғана шығып, жыландай ысқырынған жебе ғайып болған. Саданбай тентек Дүйсенбайдың қолына жармасып үлгере алмай қалды.



  • Ойбай-ай!

  • Қорықпа адам аман. Рахметәлінің басындағы қалпағын көздедім. Өзінен басқа жан жоқтай астамсып жүр ғой! Бәйбішенің баласының қол күшін байқап қойсын!

Рахметәліні басында қайдақы қара бөрік еді. Жалаңбасын сипап тұрған көк бестіліге қарап, Саданбай ішегін тартты. Інісінің қылығынан біржола түңіліп қалған. Жазым боп сұр жебе Рахметәләнәң басына қадалса қайтер еді? Айпырай, ақ көз-ау бұл...

Бөрікі басынан қалай ұшып кеткеніні Рахметәлі аңғармай қалды. Жүзі аппақ шүберектей еді.



  • Ойыны шығар десем, мыналар шындап жүр ме еді? Бақа аузындағы насыбайын аттың жалына былш еткізіп түкіріп тастады. – Кәне, Жәніке Сары, ізіме еріңдер! Мейманасы тасқан екен, Найзаның ұшымен ұшықтап жіберейік.

Атын тебінген Бақаны Сахар ұстап қалды. Ақ көз ағасы ашуланса, ықты-жөнді тыңдамай кетеді. Дүйсенбайдың да қанына қарайып тұрғаны анық еді. Жүз елу қадам жерден бөрік атып түсірген адам, найза жетер жерге келгенше тағы бір екеуін жайратып үлгірер. .. Сахар содан қауіптенді.

  • Бәке, қоя тұр, - деді Рахметәлі де.

  • Өй сөздеріңді...!

  • Ағатай!

Сахардың даусы барқырап кетті. Қасына ерген жігіттердің ішінде Баха оған жан теңгермейді. Атының басын тартты.

  • Қайтамыз ба?

  • Қайтайық!

  • Ертең қорқыттық деп мақтанатын болды-ау...

  • Қайтер дейсің Рахметәлі түнеріп тұр. – Дайрабай Сайлыбайды сабады. Дүйсембай мені оққа байлады. Білмейтін едім, шын тентек қасымызда жүр екен ғой. Ұзай қоймас...

  • Бақа тұрып –тұрып, қалтасынан мүйіз шақшасын алды. Бұл мақұлдағаны еді. Қайтты.

Содан кейін бір апта өткен. Жаманқұл аулында қырықтықшылар тарқай қойған жоқ-ты. Бөгенбай аулынан жан қатынамайды. Ұзын құлақтан есіткендері, екі ауылдың жігіттері артық ұрысқа бармай тарасыпты.Соған қуанады.

Тал түс еді.Қырықтықшы жігіттердің қарқыны төмендеп,жерошақ жаққа көбірек жалтақтайды.

Шалқар келді.Өң-түс жоқ,қалтырап тұр. Дүйсенбайдың хал үстінде жатқанын айтты.

Әр жерде тырыспай тиіп, өліп жатқандардың хабары естілетін еді.Жаманқұлдың түсі бұзылды.

- Байқонақ, Бұршайлар қырқымнан босамас. Бекем екеуіміз барайық, - деді. - Әлде қалай ауырған шығар...

Сол түні Дүйсенбай дүниеден қайтты. Алдыңғы күні Саданбай Дайрабай да құлайды екен. Әкесінің жаназасы үстінде Дүйсенбайдың жалғыз баласы жығылды...

О жақ, бұ жағы бір апта өткен жоқ, бір ауылдан төрт жігіт көз жұмды. Есіткен жұрт жағасын ұстайды. Дүйсенбайдың Рахметәліге оқ атқаны да ауызға алынды. Жаманқұл да солай ойлайды. Әруақ аттағанның оңған жері жоқ, бұлар Жәніке-Сарының қарғысына ұшырап отыр...

- Ауылды көшіріңдер!

- Қайда барамыз? Шалқар үрейленді.

- Біздің ауылға қосыласыңдар. Ұзамай қараша түседі. Әркімнің шаруасы бар. Екі ауылдың арасы көш жер. Бір жерде отырайық. Науқас адамға күтім керек. Өліктің артында мың да бір жұмысы бар...

Қазақ тырыспайдан қорқады. Шалқарда зәре жоқ еді. Бөгенбай ауылы көшті.

Жаңа жұртта Бөгенбайдың кенжесі Тілеу өлді.

Жаназаға Әліқұл аулының өзі түгел қатысқан жоқ.

Қырқым жайына қалды. Жаманқұл туыстарын аяғынан тік тұрып күтіп, бір өзі жайғастырып жатыр.



  • Шиеттей бала бағып отырмыз... құдай-ай!

Бес жасар Нәдірі құшағында, Жаманқұлдың келіншегі Қаракөз зар қағады. Баладан бір ұл, бір қыз еді. Үлкен әжеде де зәре жоқ.

  • Бүйте берсе, біз де аман қалмаспыз...

  • Жұрт ауыстырып қонса, тырыспай қашатын еді...

  • Көшейік...

Бұл күндері Жаманқұлдың құр сүлдері еді. Тілеудің сүйегін жуарда сыр берді. Адам жоқ. Жаманқұл шиге Шалқарды сүйрегендей қылып кіргізді. Өзі су құйып тұр...

Түнде Бекқұлының үйі қаша көшіпті...

Бұл ауылдан ағайын біткен безіп кетті. Жаманкөздің ендігі үлкені Ақан. Жаназада сол ған көрінеді. жәніке-сары Дүйсенбайға бір төбе көрсетіп еді, онан соңғы жаназаларға қатысқан жоқ. Дайрабай өзі өлгенімен тұрмай, артына араздық отын тастады. Бар салмақ бір басына түскен соң, Жаманқұлдың да жаны күйіп жүрген. Бір жағынан қатында қысып, «көшейкті» көбейткенде, айқайды салды.

- Атаңанәлеттер, бәрін неге қырылмайсыңдар! Бала, бала деп басты ауыртып! Бала менің бауырымнан қымбат емес! Дүйсенбайдан жаның артық па, тырыспай келсе өлерсің! Қарамола бәріне жетеді. Өшіріңдер үндеріңді!

Жаманқұл керегенің басындағы қылышқа тап бергенде, Қаракөз тұра қашты.

Қазан соқты. Соңы Тілеу екен, онан кейін ауырған адам жоқ. Тырыспайдың жөнін тапқаны анық еді.

Бес азаматтың қырқы бірге берілді. Сіңіртектіде берілді. Тырыспайдың тиылған хабарын есіткен жұрт, ағылып келе жатыр. Саданбай, Дайрабай екінші рет өлді... Жоқтаған, жылаған дауыстан жер күңіренді...

Алып қашпа өсек сахара кезіп ауыл-ауылға тарап кетіпті. Дүйсенбай Рахметәліге оқ атты... Қарғысқа ұшырап отыр. Бес азаматты өз қолымен жөнелткен Жаманқұлдың үйінен неге бір бала шетінемейді? Ағайын арасындағы араздықта қалыс қалған да сол екен. Құдай-ақ бейіліне қарай, апатты аурудан қағыс қалдырды... Сырт ағайын солай сөйлейтін көрінеді. Ағаларының қазасы осылай халық алдында Жаманқұлдың абыройын тіпті көтерді.

Бекқұлы мен Бұршай сіңірі шыққан кедей. Қазаның артын жайғастырып жатқан да Жаманқұл. Қырқы берілген жолы, қатысқан ағайын айта-айта кетті...

Таңсыққожа өлгенмен, ұлы іргесі берік екен. Артында мынадай ұл қалған ерде арман жоқ десіп еді.

Қарашаның алдын ала, сіңіртіктегі ауыл Қосаралға қарай көшті. Қаралы көш шұбала тарты. Қатындар неше жерден дауыс қылды. Кешегісі есінде жоқ, Бекқұлы мырс-мырс жылайды.


  • Жол менікі еді, қайтейін...

Х Х Х
Лайкөлден жоғарырақ, Сырдариядан алты-жеті шақырым жерде, тағы бір көл жататын еді. Оңтүстік-Шығыс беті қалың қопалы. Қарақалпақтар ескі ұра атап кеткен ол жерді асан жақайымның Дәулет атты аталығы қыстап отыр. Солтүстік бетінде екі қырат жатады. Жері тастақ, көлдің бүл жақ жағалауында құрақ та сирек шығады.

Қотанкөл оқиғасынан кейін Байділдәдан айырыла көшкен сойырқастар осы көлдің жағасына келіп қонды. Өзі дөңгелек шаруалы ауыл, алдында ғана ауыр құн төлеп шыққан. Бәйділдә сойырқастарды шыңғыртып отырып, үй басына он қойдан салық салып еді. Құйрық сұрап барып, мүйзінен айырылған ешкінің кері келді. Он үй сойырқас онсыз да аз дәулетті одан әрі жұқартты. Қазір Шорабай ызалы.


  • Құтынайы қашқан жер екен...

Қатын-қалаш тұңіліп отыр.

Шорабай оларға жағадағы жартусыз құрақты көрсетеді. Қыс түсіп, мұз қатады. Қой-ешкіні үйдің іргесіндегі қопаға айдап салып отырмай ма?

Тағы бір қырсығы, күзді күні жайлаудан құлаған ел осы көлдің үстімен өтеді екен.

Құдық пен құдықтың арасы ұзақ көштік жер. Қарақұмнан шыққан көш Сыр бойына жеткенше сүрініп жығылады. Қамысты көлінің басында бір күн еру болады. Онан көтерілген күні көш көлігі сай ауылдар Талбөгетке жетіп қонады. Онда қайық бар. Ал кежегесі кейін тартса, Шорабайдың ауылы отырған көлдің басында еру бола салады. Бұрын ылғы солай жасайтын еді. Ел жоқ. Бір қонып, ертелетіп қозғалап кеткен көш, Талбөгетке таңғы салқынмен жетіп барады. Қайықтан да күндіз өткен артық...

Шорабай қыс қыстауын қызғыштай қорып жүр...

Бұлар келгелі ағылып жатқан ауылдар. Күнде нешеуі өтеді. Шорабай бірде-біреуін қондырған жоқ. Талай салығып жеткен көш, түнделетіп Талбөгет асты.

Қарасақал руының азғантай үйлі аулы Шықыманның Сыр жақ бетіндегі қоңырлықта жаз жайлайтын еді. Өздері қазып алған құдығы бар. Ол құддық аулының бас көтерер азаматы Райдың есімімен аталып кеткен-ді. Ауыл отырған құба дөң де Рай аталады...

Райдың жасы қырықтың үстіне жаңа шыққан. Алты әлімге белгілі азамат. Кіндіктен жалғыз еді. Аталықты ауылдармен таласа жүріп Сырдарияның арғы жағындағы көлдің біреуіне бұл да қыстау басқан...

Бұрын Райдың аулы бір көшіп хан өткеліне жетіп қонатын еді. Ол өткелдегі Қарақалпақтардың соңы былтыр Жаңадарияға көшті де, қайықта құрыды. Енді жақын өткел Талбөгет, Райдың аулы солай қарай тартып келеді. Ертең бір күн қарашасы соғады. Жұрт асығыс...

Алдыңғы күні Қамысты көліне жетіп, Кетіксуаттың қолтығында қонып шыққан. Одан Қамыстының ала басын айналып, үдере тартып Талбөгетке жетіп қонатын болса, түн ортасы ауады. Рай Шорабайдың аулы отырған Домалақ көлдің жағасын межеге алып келеді...

Биік таудың етегіне ілінгенде күн батуға тақап еді. Үдере тартқан көш жасы жеткен қарттар мен жаңа туған нәрестеге қиын. Райдың қырқынан жаңа шыққан ұлы шыр-шыр етеді. Қоршаулы түйенің үстінде , кәрі әженің әлдилеген дауысы естіледі. Көлге тақай бере көштің алды иірілді.

Көштің қарасын көрген Шорабай атқа қонған. Ауылдағы алты-жеті жігітті аяғынан тік тұрғызды. Көштің тоқтағанын көріп күйіп кетті.

Шорабай қимылдың адамы. Раймен тілге келген жоқ. Шөгеріліп жатқан түйелерді сойылдай келді. Көш астан-кестен. Қоршаулы түйе үркіп кетіп, қарғып тұрғанда, құшағында нәресте кемпір әже жерге домалады...


  • Әй, мына ит қыра ма!?

  • Ұр, жігіттер!

Шарт-шұрт төбелес басталды. Райдың қолында қамшы, Шорабайдың басынан тартап қалған. Жан-жағынан сойыл жауып кетті. Басқа жігіттер көмекке жетіп үлгергенше, ол да аттан ұшты...

Есіл азамат Рай опат болды.

Бір ауыл шулап қалды...

Осы оқиғадан бір күн кейін еді. Өкше ізі Қосаралдағы Жаманқұл аулынан шыққан, бір топ атты дарияны жағалай жортып келе жатты. Жанқожа мен Бекарыстан бастаған кішкененің жақсылары... Күзгі көші-қон Бөгенбай балаларының жаназасына қол босатпады. Бір ауылда бес азамат өліп отыр. Құлақ есітпеген сұмдық. Аяғы жетіп қол жайғаны осы болды.

- Ақырзаман болғанда, жердің бетінде екі-ақ адам қалып, олардың да басы пісіп жүре алмайды екен. Бірінің түбіне бірі жететін болғаны да. Сөйлеп келе жатқан Бекарыстан еді. – Дәрменқұл қожаның сол айтқаны рас-ау деймін. Бір кезде осы Сырдария бойында он төрт ру қарақалпақ сыйып еді. Қазақ Қарақұм, Қызылқұмды жайлайды. Сонда өлген жоқ. Енді Сыр бойынан қарақалпақ босып, жүз қыстаудың орны босап қалды. Қонысқа таласып қырылысып жатқан ел мынау. Жер тарылып –ақ кеткені ме?

Әңгіме жәніке-сары тұқымы мен Бөгенбай аулының арасында болып өткен қақтығыстан шықты. Атасын айтсаң алыс емес, бір шалдың үрімбұтағы екен. Не жетпей жүр?

- Жер емес, бейіл тарылды, - деді Жанқожа, түнерген бойда келеді. – Бір Ақиректің астында қарақалпақтың жиырма қыстауы бар еді. Қазір отыз үй алтынбай мен жиырма үй құрманай сыйыспай отыр. Әр ру бір-бір көлді бауырына басып алған. Сондағысы бес алты үй. Маңына келгенді иттей қауіп жолатпайды. Қазақтың басы жерге сыймайды, көзі малға тоймайды.

Биыл көктемнен бері ғана – Ақирек, Қотаңкөл. Қосарал үшін таласып, жұрт қырылысып қалды. Қыстауға өкпелі ағайын тіпті көп. Сыр бойынан алты әлім түгел дәметеді... Жәніке-сарының тентек ұлдары келіп еді, жанжал бұрқ етті. Шалқошқармен де қақтығысып қалған. Қазақ қысылып кетсе, туысын аямайды. Бұл үлкен шайқастың басы ғана. Рахметәлі мен Мелдебек әзір ағайынның аужайын бағып жүр. Ерегіссе біреудің көліне басып қонады. Өз туысын аямағанда, кімнің бет-жүзіне қарайды...

Жанқожа солай топшылайды.

Бекарыстанның іші бірдеңеден кіпі алды. «Әр ру бір-бірі көлді басып алды» деді-ау Жанқожа. Жай айта салған жоқ шығар. Осы қарақалпақты Сыр бойынан аударған Жанқожаның айбары сияқты... Нұртай мен Тықыны жекпе жекте өлтірді. Қазақ өркештеніп, қарақалпақтың есі кетті. Содан келе, қыстау басатын жерде, Нұрымбет балалары еленбеді. Жанқожаның басқа жұртта есесі кетіп жүр... Батырдың көңілінде сәрі түйткіл бар-ау...

Бекарыстан қабағының астымен Жанқожаға қарап қойды.

- Дүние көөздің құрты ғой. Оған кім тояды? Артылсын деу – доңыздықты, көбейтем деу – қоңыздықты тудырады. Пенденің ол мінезіне тәңір тоқтау салмаса, адам тыйып болмайды. Қай тентекпен алысарсың. Тыям десең, өзің тентек аталасың. Қолдан келсе, бүлінген елге бүтінші боларсың...

- Сонда қазақ қонысқа таласып, қырқыса берсін. Біз әр қайсысына бір шапқылап жүргеніміз ғой. Жанқожа қынжылып айтты. – Сен бисің ғой, осы бүлінген елді бүтіндеудің амалын ойластырып көрдің бе?

- Ақсақал-билердің кеңесін шақыру керек. Бекарыстан көкейінде жүрген ойын айтты. – Күл төбенің басында күнде кеңес құратын Әз Тәуке заманы есіңде ме? Онда да әр би әр жаққа тартып, қызыл кеңірдек дау болғаны ғой. Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа деп жүрген заман екен ол. Әз Тәуке «Жеті жарғыны» бекер ойлап тапқан жоқ. Көп пікірі сонда тоқырап еді. Біз де байқап көрейік. Керезулер керілдесіп-керілдесіп басылар. Көп жиналған жер ақиқатқа көз жеткізеді. Көп талқысы-Ғаділдік таразысы. Құр қалып есесі кеткендер қыстау алады. Әркімнің қонысы белгіленіп беріледі. Одан әрі ешкімнің өкпесі жоқ, бір көлдің қамысына екі рулы ел таласпайды.

- Бұл сөзіңнің жаны бар...

Жүргіншілер Райдың қазасын жол үстінде есітті.

Бұл жаназаға алты әлімнің аталықты билерінің көбісі қатысып еді. Кішкене тағы бір ауыр құн арқалады. Ашынған Жанқожа, кеше Бекарыстанға айтқан сөзін жұрт алдына салды. Орынды ақылды жұрт теріс деп айта алған жоқ.

Бірақ, айтуға жеңіл болғанмен, жер бөлісінің қитұрқысы көп, бір жылда біте қояр іс емес. Алты әлімнің баласы түгел қатыспаса, артында өкпесі қалады. Сондықтан, билер кеңесі келер жылдың көктеміне қалдырылды.



  • Жер қайта бөлінеді екен...

  • Қыстауы жоққа қыстау беріледі!

Осы әңгіме әр жерде айтылып жүрді. Әр рудың билері, бір-біріне кісі салып, оңаша бәтуа жасап жатыр.
Х Х Х
Мамыр айы туа көші-қон аяқталады. Қозы алынып біткен. Қой қырқуға әлі ертерек. Билер осы екі аралықты, бес-он күн кеңшілікті пайдаланып қалуға асықты.

Ақшатау Қызылқұм мен Қарақұмды жайлайтын елдің екі жағына да бірдей еді. Биік таудың тасасындағы оймақ көл. Кішкене мен жақайым рулары бұл жерге де таласа қонады. Кеңес осы Ақшатауда өтетін болды.

Жазық дала төсіндегі жалқы шоқы, қырымнан көзге түседі. Етегіндегі терең көлдің жағасында көк шалғыны жапырыла толқиды. Бүгін тау бөктерінде он шақты ақ боз үй шаңырақ көтерді.

Қарақұм мен Қызылқұмнан атқа қонған билер Ақшатауға ағылып жатыр. Бекарыстан білген екен. Ақшатау жиыны Күлтөбенің басында Тәуке хан құрған кеңестен оңай болған жоқ. Қызыл кеңірдек дау бір аптаға созылды.

Билер ұйқысын қандырып тұрады. Сәске түске таман бір сусындап, түске таман қонақасы жейді. Түс қайта Байшоқы тіктірген сегіз қанат үйде игі жақсылар іріктеліп бас қосады. Содан түннің бір уағы болғанша керкіл... Ақыры қарындары ашқан соң, үйді үйлерге тарайды.

Даудың қоздырушылары, қонысқа өкпелі-Бәйділда, Рахметәлі сияқты атақтылар еді. Райдың қазасынан кейін сойырқастар да қыс қыстаудан айрылды. Шұқыркөлдің басында Райдың моласы тұр. Мола кімдікі болса, жер де сол руға тиеді... Ал Сыр бойында бұрын-соңды ат тұяғы тиіп, мал суармаған қанша ауылдар бар? Қыстау дәметкендердің саны молайып кетті...

Әншейінде жерге сыймай, бір көлдің қамысына бола, кісі өлтіріп, құн төлеп жүрген халық, қайдан аянып қалсын... Тәуір-тәуір көлді ертерек басып қалып, қулығын асырып кеткен ру басыларға ауызды салды...

Бұл кеңестің міндеті, өкпелі жұрттың көңілін бітіріп, ағайын арасындағы араздық отын сөндіру екен. Барша халықты ырза қылу кімнің қолынан келсін. Бітуажа ойлайтын азамат басы да санаулы. Кішкене Жанқожа, Бекарыстан, Жақайым ішінде Байшоқы. Бұрқ етіп тұтанып кеткен жанжалға тосқауыл қойып жүргендер де солар... Шаруа баққан момын ауылдың Жаманқұл сияқты байлары, әлгілердің ыңғайына бейімделеді. Бесбасбай мен Шорабайлар қанша бәле іздеп бұлқынғанмен, көпшіліктің талқысына түскен кезде, аузына құм құйылады. Сөз бір арнаға түсіп келе жатыр...

Жұрттың көбісі Сыр бойындағы көлдерді қайта бөліске салғысы келіп қиғылық салып еді. Ақсақалдар мақұлдамады. Он бес жыл қыстаған көлін Нұрыбай өлсе бермейді. Әйдербек болып мал жинап, Ақиректі сатып алған. Қырық жылғы қонысы Қосаралды тастап, Жаманқұл қайда барады?

Бірақ, бір өзі екі көл алып, жұртқа жымын білдірмей жүргендер табылды. Ақшатау, Шәудіркөл сияқты қыс қыстаулық әлде неше көлдің басы ашылды. Көптің көзі сыншы – талайдың қулық-сұдығын әшкерелеп, қоймасын ақтарды.

Шәуіркөл аз үйлі сойырқасқа берілді.

Енді Шөмішкөл, Ақшатау сияқты бір-екі көлдің басы ашық тұр. Осы жерде Рахметәлі килікті.

Оған Жылқы батыр билік айтты. Шеттеп жүрген ауыл еді, ағайын сағынып келген екен. Сырлыбай тұқымы шетке қақпасын... Қосарал мен Тұщыны азсынса, дарияның өріне қарай, Жәнікеңнің қорымына шейінгі өңірді тағы кесіп берейік. Қонысы тар басқа күлік туыстарын қасына алсын. Одан жоғарырақ дария бойынан Хан өткеліне шейін біраз жер алтынбайларға аталды. Әйдербек ырза еді.


  • Төреңе құлдық, аға!...

Бұл өңірдің жер жайын жақсы білетін Жаманқұл, Жылқы батырдың алдында құлдық ұрып отыр. Рахметәлі үндеген жоқ.

Енді Ақшатау қалды, Шөмішкөл қалды. Әйдербектің бір аталығы ардананың қыстаулық көлі жоқ. Жақайым ішінде шаңырақ саны мол ру Бейімбеттің де қонысы тарлық қылғандай екен...

Бұл жолы қаракесек Ақтан батыр билік айтты.

- Шектінің үлкені Шыңғыс қой. Атан түйедей ірі денелі Ақтан батыр, отырған жерінде бір қозғалып қойды. – Жақайым аға баласы. Таңдауын соған беріңдер. Екі көлдің бірінен-бірінің артық жері шамалы көрінеді ғой...

- Дұрыс, дұрыс!

Жақайымдар бір-біріне қарайды. Шөмішкөл де, Ақшатау да таныс жер. Екеуінің де қопасы қалың, қарасы шамалас еді. Бірақ, кім біліпті, жақайымның таңдауына күнде сала бермейді. Ертеңгі күні өкініп жүретіні болады. Сондықтан жер жағдайын білетін адамдар болып ойланып айтуы керек...



  • Бесбасбай ағам сөйлесін!

Бесбасбай қипақтады.

- Өзді-өзіміз ойласайық, - деді Байшоқы оның алдын орап. – Жауабын артынан береміз.

Әр жерде қора-қора болып шоғырлаған адамдар. Ру-рудың билері бөлек-бөлек сөйлеседі. Кеңес екі көлдің айналасында еді. Жақайымның таңдауынан қалған көл арданаға тиеді. Сондықтан, әйдербектер жағы белсеніп жүр.

Шөмішкөлді бір жыл ардана қыстап кеткен. Көлі қопалы, айналасында оты мол. Шаруаға жай. Ақшатаудың айналасында ат шалатын шөп өспейді.

Бесбасбай әр топқа бір-бір жігіттен тыңшы салып, тың тыңдатты.

- Пай-пай, Ақшатаудың шоқысы-ай!

- Қойды былай қарай, жылқыны былай қарай айдап салып... Ақшатаудың басында қарауыл қарап отырсаң...

- Айнала алақандағыдай көрінеді...

Қызылдан келген құттықтар да, Қарақұмның алтынбайлары да тамсанып отыр. Әйдербектердің араға сөз жүгіртіп әлгі сөзді әдейі айтқызып отырғанын Бесбасбай білген жоқ.

- Біз Ақшатауды аламыз!

Бесбасбай айтпайды. Бір мойындап кетсе, айтқан ақыл ем болмайтын еді.

Ақшатау жақайымға тиді.

Жұрт бөлек-бөлек тарап барады.

Бір топ бидің ортасында Толыбай, даусы жарқын-жарқын шығады. Мұқатқаны Бәйділда еді.

– Басқа пәле тілден дейді. Пәле көзде ме дедім ғой. Шағыр көз Бәйділда бір жылда екі құн төледі. Рахметәлі неге тентек десем, оның көзі шегір екен. Атасы әліқұл жаманкөз атанып кетіп еді. Мынаның көзі онан да өткен шығар. Бір тентекпен жақын қондық, құдай ақырын берсін...

Толыбай шектіде атағы шыққан адамға бір мін тақпай қоймайтын еді. Бұрын Жанқожаны қыжыртып жүретін. Қазір жәніке-сарының азаматтары – Рахметәлі, Мелдебек, Сахар, Бақаны жұрт көбірек ауызға алады. Бәйділда туралы бастап, оған Рахметәліні апарып теліді.

- Ақшатаудың айналасында тұлдыр жоқ, Бесбасбай оның несіне қызығып жүр?

Жанқожа былай шыққан соң Бекбауылға сұрақ қойды.

- Батыр неме, басына шығып, қарауыл қарап тұрғысы келген ғой, деп Бекбауыл мырс етті.

Әйдербектердің қалай қулығын асырып кеткенін Жақай айтып келе жатыр.

- Ақшатауды алған аңқау жақайым!

Жақайыммен нағашылы-жиенділігі бар сырт ағайын, Бекбауылдың осы сөзін мақалға айналдырып алып кетті.

Қарабұтақтағы төртқара, теңіздің артқы бетіндегі Бөлектің ауылынан басқа, әлім баласының құр қалғаны жоқ. Ауыл басы бір қыстаудан тиді. Бір көлге Жанқожа да жіп тақты.

- Шырағым, бұл қарақалпаққа опа бермеген жер. Ата-бабан «бүлінген елден бүлдіргі алма»,-деп кетіп еді. Әр нәрсеге бір зауал. Қазір құдайдан қорқатын адам аз қалды ғой. Жанқожаны аттандырып жатып, Нұрымбет бір ауыз сөз айтқан. Сөзімді жұрт тыңдасын десең, жақыныңа тартып сөйлеме. Қыстау алма. Өзің алмасаң, басқа ағайынның да өкпесі жоқ. Әй, бәрекелдісін айтады...

Бірақ, кеңестің үстінде Бекарыстан мойындап кетті.

- Қарақалпақ-қазақ жауласқанда, қол бастамасаңда алға түскен, қазақтың кегін қайтарған азаматтың бірі едің. Бекарыстан сөзді алыстан орағытып әкелді. – Бір қыстаулық еңбегің бар. Өкпең болса, оныңды айт.

Жұрт бас шұлғып қостап отыр.

- Киікбай тұқымының сыбағасын Бекбауыл алып отыр. Жанқожа жалтарды.

- Біз сені бір Киікбайдың емес, алты әлімнің Жанқожасы деп жүр едік. Енеңді ұрайын! Жылқы батыр кейіді. – Жылқайдар ағам тірі болғанда, осы қоныстың ең тәуірі соған тимес пе еді? Батырдың кегін қайтарып, айызымды қандырған інім едің. Ал, таңдаған қыстауыңды!

Көпшілік Нұрымбетке жан-жағы тоғай, шөбі шүйгін бір көлді атады. Жанқожа ырзалық білдірген болды. Өз басы осы қыстауда қалып отырған тіршіліктен гөрі, қыс болсын, жаз болсын, кең сахарады емін-еркін көшіп-қонып жүргенді артық көреді.

Енді он шақты жылдан кейін жұт кездесерін, жылқысын қырып алған Нұрымбет балалары Сырға қарай үдере тартатынын Жанқожа онда білген жоқ...
Х Х Х
Биыл жаз Қарасақал аулының жігіттері Шұқыркөлдің басында бір апта ошарылып жатқан. Былтыр Шорабайдың сойылынан опат болған есіл азамат Райдың басына төрт құлақты там тұрғызылды.

- Райым!...

Жетпістегі аңыраған кәрі әженің даусын есіткен адам шыдап тұра алмады.

Өткен-кеткен жолаушы тау басындағы жалғыз бейтті көріп атының басын бұрады...

-Райдың басына аят оқи кетейік, марқұм жақсы жігіт еді-ау...

Шұқыркөл ақшатаудағы мәслихатта жақайымға тиіп еді. Қарасақалдар қарғыс атқан жерге жолағысы келмеді. Райдың көші көрінгеннен Шатырқұлдардың бала-шағасы далаға шығады. Кемпір әженің даусына салып мазақтайды.



  • Рай-ем!

  • Ал, Райым келе жатыр...

Қоршаулы түйеде кәрі әже дауыс шығарып келе жатыр...

  • Райым, жалғызым, боздағым...

  • Райым келе жатыр!

Көптің аузынан шыққан сөз тез тарайды. Бұл жердің қарақалпақ заманынан қалған аты ұмытылды. Тау да, оның етегіндегі көл де қазір Райым аталып кетіп еді. Қарасақалдардың жаз жайлауы да Рай. Рай қаздырған құдықтан жұрт осы күнге шейін су ішіп отыр...



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет