Астана ақшамы. – 2010. №101. – 16 қыркүйек Сұлтанқажы С. Бабаларға бас иіп



жүктеу 27.49 Kb.
Дата09.07.2016
өлшемі27.49 Kb.
Астана ақшамы. – 2010. - № 101. – 16 қыркүйек

Сұлтанқажы С.


Бабаларға бас иіп

Тарихта таңбаланған батырлар мен ақын-жыраулар – ұрпақ үшін ұлағатты жандар. Ел жүрегінде тербелген бабаларымыздың есімі бүгінгі ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелеуді көздеген халық үшін қасиетті. Мәселен, өткен ғасырда тамырымыздан ажыраудың азабын өте терең түсінген қазақтың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлы: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқамын.Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсең, кімді болса да шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже, әке жоқ» деп өсиет қалдырған екен.

Ал, қаладағы қасиетті бабаларымыздың рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл қою рәсімінің бүгінгі жастар үшін мәні зор. Ендеше, Қазақстан халқа тілдерінің ХІІ қалалақ фестивалінің аясында Бөгенбай батыр, Бауыржан Момышұлы және Жамбыл Жабаев ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылып, «Тағзым мен тағылым» атты мерекелік шараның да маңызы арта түспек. Бұл рәсім Бөгенбай батыр ескерткішінің алдында бастау алып, оған батырдың ұрпағы Қайролла Қайырұлы, Республикалық ардагерлер қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Бекболат Мұқышев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Айтбай Бұлашев және Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы, сондай-ақ мектеп оқушылары қатысты.

Тарих беттерін парақтар болсақ, 28 жасында 30 мың қолды бастап, жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық жорығын ұйымдастырушылардың бірі болған атақты батыр бабамыз, бүгін өзіне ұлағат еткен ұрпағына ризашылықпен бір аунаған болар. Бөгенбай батырдың даңқты есімін, ерлігін дәріптеу мақсатында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің мұғалімдері мен студенттері арасында жас ақындардың жыр мүшәйрасы өтті. Оның ішінде «Жарқын болашақпен» номинациясы бойынша Сұлтанбек Смағұлов, «Нәтижелі бастама» номинациясы бойынша Мадияр Әбілов жеңімпаз атанса, ал бірінші орыннан аталмыш оқу орнының студенті Ақтілек Ибрайымов көрінді. Жарыста екінші және үшінші орынды місе тұтқандар қатарында Қытайдан келген қандасымыз Нүрила Нұрсапақызы мен Жадыра Жалмұрат сынды аруларымыз болды.

«Тағзым мен тағылым» рәсімі түстен кейін атақты жазушы, патриот, қоғам қайраткері, ең бастысы, баһадүр батыр әрі мықты әскербасы Бауыржан Момышұлы ескерткішінің жанында жалғасты. Мұнда да бабасының ерлігін еске алу үшін жас өрендер жиналыпты.

Бүгінде ұлтжанды, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеудің басты символына айналған Бауыржан атамыз тек қазақтың ғана емес, кешегі кеңес заманының рухын көтерген қолбасы. Сондықтан аталмыш шара аясында Бауыржан Момышұлы бейнесі арқылы жастардың бойында отаншылдық қасиеттерді оятуды басты мақсат екені анық.

Отан қорғау жолында от кешкен батыр бабамыз сол бір қиын-қыстау заманда ана тілі, ұлт мәселесі, дәсүр туралы толғамды ой айтып, болашақты болжаған. Жамандыққа қашанда жол бермеуді әрбір қазаққа парыз екенін шегелеп жеткізген жан еді. Осының бәрін бойға сіңіру бүгінгі ұрпақтың еншісінде.

Қазақстан халқы тілдерінің ХІІ қалалық фестивалінің аясында қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаев ескерткішіне де тағыз етілді. Бұл шараны Астана қаласын Тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті ұйымдастырып отыр.

Қазақтың танымал ақыны Жамбыл атамыздың шығармашылығы арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған жиында аталмыш университеттің оқу әдістемелік және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзамбекұлы және басқарма бастығы Оразкүл Асанғазықызы сөз сөйлеп, фестиваль аясында өткізіліп жатқан әрбір шараның жастар үшін маңызы мен мәні күн сайын артып отырғандығын жеткізді.



Елорда төрінде «Абай дара, Абай дана» атты Абай рухын ұлағаттаумен, ақынның ескерткішінде басталған қалалық фестиваль жөнінде Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы: «Қазақтың қасиетті ұлдарына тағзым ету – бүгінгі жастардың борышы. Елдікті сақтап, ертеңгі күнге бастамашы болатын әр ұрпақ үшін Бауыржан бабамыздың өсиеті бойтұмар болуы қажет» деп жеткізді.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет