Ерлі-зайыптылық құрылымы. Отбасы адамға толық психо-физиологиялық комфорт туғыза отырып «эмоциялық баспананың» қызметін атқарады. Л.Б.Шнейдердің айтуы бойынша «отбасында жеке тұлға өзінің керектігін сезінеді. Көптеген жағымсыз жағдайлар, трагедиялар «керексіздігін» түсіне отырып жүзеге асырылған. Отбасы әр адамды өзінің бірегейлігін, қайталанбастығын, керектігін қажетті көлемде қанағаттануына жағдай жасайды [2].
Бала туу құрылымы. Л.Б.Шнейдер сенімді түрде әкелікке даярлықтың ерекше бөлімі - балажандылықты тәрбиелеу деп санады. А.И.Антонова бойынша репродуктивті құрылымдар жеке тұлғаның әр түрлі жағдайларға деген өзара бір келісімділігін ескертетін және туылған бала санына жағымды немесе жағымсыз қатынасының психикалық күйі деп түсіндіреді [3].
Психология ғылымында жүктілік кезеңіне қатысты әйел адамдардың бойындағы тұлғалық ерекшеліктері авторлардың зерттеулеріне сәйкес көрсетілген болатын. Отандық психологтардың ішінде, Г.Г.Филиппова “Жүктілікті жағымсыз қабылдау, іштей қайшылықтарға әкеледі, яғни оның көрінісі, баланың мазасыз болып тууы” деген сипаттама берген. Ал батыстың психологтары, Ф.Хорват “Жүктілік, тұлғалық сапаларына байланысты, әйелдердің бойындағы биологиялық және психологиялық ерекшеліктері, көркемдік қабілет секілді тума дарындылық” деп түсіндірді. Г.И.Брехман, жүктілік кезеңі бұл - жұбайлар арасындағы қарым-қатынасты жақсартуы да, әлсіретуі де мүмкін деп көрсетіп өткен. Э.Берн “Жүктілік кезеңіндегі уақыт аралығы жанұядағы қарым-қатынасқа әсер етеді” деген.
И.А.Антонов және В.А.Борисов бала туылуын зерттей келе мынадай қорытындыға келіп отыр: бала көбеюі отбасының жақсы тарапқа қарай дамуына әсерін тигізетіндігін, ал керісінше бала жоқтығы немесе аздығы әйелі немесе күйеуінің отбасынан тыс қызығушылығының пайда болуына және некенің тұрақсыздығына әкелетіндігін айтады [3].
Жыныстық рөлдер құрылымы. В.А.Сысенконың айтуы бойынша жастар өз жұбының мінез ерекшеліктерін көңіл аударулары тиіс. Өйткені әйелдің де ер адамның да өз мінезінде айыра білетін бітстер болады [4].
Отбасылық құндылықтар құрылымы. Жастарды отбасылық өмірге даярлаудағы маңызды элементтердің бірі - отбасы құндылығын қалыптастыру, яғни неке сенімділігі, бір-бірінің қамын ойлау, сезімнің болуы, парыздарын орындау және т.б. Қазіргі таңда отбасы адамдық қасиеттерді, (бір-бірін сыйлау, сезімге берік болу, бір біріне қолдау көрсету, ұрпақ тәрбиелеу т.б.) құндылықтарды сақтап қалу және оны әрі қарай жалғастырып отыратын жүйелердің бірі болып табылады.
Жүктілікте әйел бойын қорқыныш билейді. Құрсағындағы жүрегі соққан болашақ бөбегінің дүниеге келу сәтін асыға күтеді. Жүктілік 16 жастан кіші, 35 жастан асқан әйелдерде ерекше бақылауды қажет етеді. Көктем кезінде жүкті болған әйелдер денсаулығына, тамағының нәрлілігі мен ұйқысының қанық болуына көп көңіл бөлуі керек. Күз мезгілі жүктіліктің ең қолайлы кезеңі десек те болады, адам ағзасында жазда дәрумен қоры жиналып, жүктілікке байланысты өзгерістерге үйренісу көбінесе суық айларда жеңілірек болады. Жалпы жүктілік соңғы етеккір келген күннен бастап орташа есеппен 280 күн, яғни 40 аптаға созылады.
Жүктіліктің 3 негізгі кезеңдерін атап көрсетуге болады:
• алғашқы кезең – І триместр
Әйелдің психологиялық қалпында да аса зор өзгерістер орын алады. Бұл өзгерістердің дағдарысы кезеңі деп аталады. Оның ішкі, құпиялы «Мен» атты кеңістігінде басқа адамның кеңістігі де пайда болады. Бұл кеңістіктің бар болуымен есептесумен қатар, бүкіл өмірінің жоспарларын да өзгертуге тура келеді. Бұл бала көптеп бері күтілген және арман етіп күтілген сәби болса да әйелдің барлық ой-толғауларын қайта құруына тура келеді.
Бұдан мынадай сұрақтар туындай бастайды: «Менің болашақ өмірім қалай болады екен?», «Жүктілік қандай өтіп жатыр екен?», «Мен жақсы ана бола аламын ба?», «Менің карьерам қандай болады екен?» және т.б.. Мұндай сұрақтар болашақ ананың мазасын алып, тыныштық бермейді. Кезектегі баласына жүкті болған әйелдерде «Отбасыда кішкентай сәбидің туылуына үлкен баланы қалай дайындасақ екен?», «Олар бір-бірімен достасып кете ала ма?» іспеттес сұрақтар туындайды. Аса жоғары ашушаңдық пайда болады. Әйел эмоциональдық тұрғыда нәзік, тыныштықсыздыққа бет бұрғыш, негативті күйзелістерге сезімтал болып қалады. Оның жүрегінде, көңілінде сан мыңдаған өзгерістер орын алып, ол өзін жаңа күйзелістердің қоршауында қалады. Оны қоршайтын адамдар сол қалпында қалады, тек ол ғана өзінің «жүктілік сезімдерінің» билігінде болады.
Кейбір фильмдер немесе теледидардан көрген жаңалықтарының әсерінен, бастығының қатты ескертуінен де көзіне жас келуі мүмкін. Әйелдің психологиялық қалпының өзгеруі оның әлеуметтік қоршауына да қатты әсер етеді. Үйіндегі жақындары да болашақ ананың мінез-құлқын түсінбей қалулары мүмкін. Бұған байланысты отбасыдағы өзара түсініспеушілікті тудырары сөзсіз. Бірақ әйелге ең маңыздысы – сүйген адамының өзіне көңіл аударуын қалайды. Алайда, ері әйелінің жүктілік процесіне бейімделуі, көндігуі қиынға соғады.
Сонымен қатар, жұмыстағы әріптестерімен өзара түсініспеушілік орын алуы, бастығымен өзара келіспеушіліктер туындау қаупі де болады. Дегенмен, бұлардың барлығы әйелдің қалауынан тыс, яғни бұл «гормондардың» әсерінен жүзеге асады.
Ал кезектегі баласын босанатын әйелдерде бұл кезең үйреншікті болғанымен, ағзасында болатын әрқилы өзгерістерге әрдайым да дайын бола бермейді. Бұдан бөлек, оларда басқа да проблемалар толып жатыр. Бұл проблемалар үлкен балаларымен байланысты болып, олардың өзі де ата-аналары тарапынан қажетті назарды талап етеді. Мұндай проблемалар жүктіліктің дерлік барлық кезеңін қамтиды.
І триместрдің соңы – көптеген жүкті әйелдер үшін оның көңіл-күйіндегі «өзекті бетбұрыстың» бастамасы болып саналады. Ерте токсикоз өзінің күшін жоғалта бастайды. Барлығы да жайымен, ақырындап тұрақтала бастайды. Жүктіліктің бірінші және екінші триместрінің шекарасында ана болуды сезіну орын алып, бұл сезім күннен күнге көптеген әйелдер үшін құнды сезімдердің біріне айналады.
• орта кезең – ІІ триместр
Дәл осы триместрде болашақ ана құрсағындағы кішкентай сәбиінің қимылдарын байқай бастайды. Ал бұл жағдай психологиялық тұрғыда жүктіліктің өте маңызды сәті болып саналады. Әйел өзінің жаңа «Меніне» үйрене бастайды.
Ол өзінің өмірінде атқарып отырған барлық іс-қимылдарына жауапты түрде қарауды үйренеді. Жүкті әйел жүктіліктің басынан бастап баланың өміріне қауіп төндірген іс-қимылдарын есіне түсіріп, ой елегінен өткізіп отырады. Дәлірек айтқанда, жүктілікті білмей ішіп қойылған бір бокал шарап немесе аспирин жайлы, өмір сүретін қаласының лас ауасы немесе жұмысшы үстеліндегі компьютер мониторының сәулесінің қаупін естеріне түсіріп, сәби өміріне тигізетін әсерін ойланып уайымдайды. Бұл да қалыпты жағдай болғанымен, болашақ анада үлкен үрей туғызады. Ол өзінің болашақтағы өмірі жайлы көптеп ойланады. Тұңғыш тумалар босанудың шын мәнінде не екені туралы ешнәрсе білмейтіні белгілі. Олар босану жайлы кітаптардан оқып, өз шешелері мен құрбыларының әңгімелерінен естіп, хабардар болады. Айтарлықтай олардың барлығында босану алдынан қорқыныш пайда болады.
Сонымен қатар, бұл кезеңде көптеген болашақ аналар жүктілік қаупі проблемасына тап болады. Көп жағдайларда мұндай әйелдер ауруханаға жатқызылып, оларға қажетті ем-дом жасалынады. Бұл жүкті әйел үшін қосымша мағынадағы өте қиын кезең болып саналады.
Бірақ ІІ триместрдің аяғында әйел «Жүктіліктің екінші триместрі» атты керемет қойылымның бас қаһарманы рөлін жақсы игеріп те үлгереді. Тіпті Болашақ Ана атына да әбден лайық. Оның айналасындағы қоршаған адамдар да оның мұндай рөліне үйрене бастайды. Зайыбы мен жақын туыстары бұны толығымен, саналы түрде ұғынады. Әдетте, бұл кезеңге келіп отбасы құрамына жаңа адамның қосылуына да дайын болады. Барлығы да жүкті әйелге көмектесіп, сүйемелдеу амалдарын іздестіреді. Алайда, жұмыстағы немесе оқудағы келеңсіздіктер әлі де сақталуда.
• соңғы кезең – ІІІ триместр
Психологиялық тұрғыдан әйел баланың жиі қимылдауына, әрекеттенуіне үйреніп те кетеді. Олар бөлінбейтіндей біртұтас болып, бұны кез келген жүкті әйел саналы түрде түсініп, қабылдайды. Осы кезеңге келіп дерлік барлық жүкті әйелдерде өз баласының болашағын ойлап уайымдау сәттері көбейеді.
Осыған орай тағы да мынадай сұрақтар туындайды: «Мен қашан босанамын?», «Босану қалай өтеді екен?», «Бала аман-есен дүниеге келер ме екен?». Көптеген әйелдер дүниеге кім келетінін әлі де білмейді. Оларды мынадай сұрақтар пайда болады: «Кім және қандай салмақпен туылады екен?». Алғаш рет босанатын әйелдердің айтарлықтай барлығында алдағы босанулардан қорқу сезімдері күшейе бастайды. Олар тіпті өлімнің алдындағы қорқынышты сезінгендей қалыпта болады. Мұндағы психологиялық ерекшелік әйелдің өз өмірі үшін емес, құрсағындағы баласының өмірін ойлаумен байланысты.
Алайда, дамып келе жатқан тірі адам тек сенсорлық ақпаратты ғана емес, сонымен бірге эмоциональдық сипаттағы мәліметтер клеткаларын да есінде сақтайды. Осылайша, қоршаған орта жайлы алынған ақпараттар, ондағы өзгерістерге болған эмоциональдық реакция – болашақ адамның күрделі психологиялық іс-әрекетіне негіз болады.
Туылғанға дейін тәрбиелеу. Ана – бұл баланың алғашқы өмір сүру дүниесі болғандықтан, ананың басынан өтетін барлық жағдаяттар мен оқиғаларға құрсағындағы бала да анамен бірдей толғанады. Анасының сезімдері мен эмоциялары балаға оның психикасы мен мінезінің қалыптасуына оң немесе кері әсерін тигізе отырып өтеді.
Болашақ баланың ағзасы ана ағзасынан келетін материалдардың көмегімен құрылады. Сонымен қатар, оның өмір сүру қалпы, тамақтану мәдениеті, зиянды әдеттерінің бар болуы немесе жоқтығы – осылардың барлығы болашақ бала денсаулығының іргетасын қалайды.
Ананың өзін-өзі дұрыс ұстамауы, оның өміріміздегі ауыр да кикілжіңдерге толы стресстік факторларға көптеп әсерленуі босанғаннан кейінгі ауруларды туғызады. Дәлірек айтқанда, невроздар, мазасызданған қалыптар, көптеген аллергиялық аурулар, ақыл-ой дамуының артта қалушылығы және басқа да көптеген патологиялық жағдайлар.
Өте керемет ана мен бала бейнесі – бұл біртұтас сана, біртұтас энергетикалық жүйе болып, ол жүктілік кезінде қалыптасады, ал босану кезеңі – бұл ана мен баланың өзара даму процесінің аяқталу кезеңі болып табылады. Егер де бұл жүйе дұрыс қалыптаспаса, онда ана мен бала арасында босанудан кейін де өзара үйлесімділік пен түсіністік болмайды.
Баланың әкесіне де айрықша рөл жүктеледі. Жүкті әйеліне деген қарым-қатынасы, оның жүктілігі туралы ойлануы, сонымен бірге болашақ баласына деген көзқарасы – болашақ сәбиде бақыт пен күшті сезінуді қалыптастыратын маңызды факторлардың бірі болып саналады. Бұл сезімдер құрсақтағы сәбиге тыныш және өзіне сенімді болған ана тарапынан беріледі.
Жұмыстарының аса тығыздығына қарамай, ата-ана өздерінің болашақ баласымен сөйлесуге, сырласуға уақыт табулары қажет. Дәл осы уақытта ата-ана балаға оны қаншалықты сағынып, күтіп жүргендері, аман-есен дүниеге келуі және де дені сау, мықты болуы жайлы әңгімелеп берулеріне болады. Табиғат ата-анаға осындай саналы түрде тырысуларын, әрекеттенулерін, сөзсіз, дені сау және мықты да әдемі баламен марапаттайды.
Пренатальдық тәрбие берудің негізінде құрсақтағы балаға ең жақсы материалдарды жеткізу мен жағдайларды жасауды қамтамасыз етуге бағытталған ойлар жатады. Бұл аналық клеткада бұрыннан орналасқан барлық мүмкіншіліктерді, барлық қабілеттерді дамытудың табиғи процесінің бөлігі ретінде болуы тиіс.
Пренатальдық тәрбие беруде дыбыстар мен музыка айрықша орын алады. Егер де әке күніге құрсақтағы баласымен сөйлесетін болса, онда бала туылған соң әкесінің дауысын бірден танитын болады. Көптеген ата-аналар өз балаларының пренатальдық кезеңде естіген музыкаларын немесе әндерін танитындарын байқағандарын айтады. Бұған қоса бұл музыкалар немесе әндер балаға зор тыныштандыратын құрал ретінде әсер етіп, күшті эмоциональдық зорығуды түсіреді.
Сонымен бірге, құрсақтағы бала ананың концертте зер салып тыңдайтын музыкасын да жақсы қабылдайды. Ол таңдаулы түрде бағдарламаға әсер етеді. Осылайша, Бетховен мен Брамстардың музыкалары балаға қоздырғыш ретінде әсер етсе, Моцарт пен Вивальдилердің музыкалары оның жанын тыныштандырады. Ал рок музыкаларға тоқталатын болсақ, мұндай музыкалар баланы нақұрыстайды. Көптеген жүкті әйелдер баласының зорығып қимылдауынан концерттен кетуге мәжбүр болғандарын айтады. Осылайша, олар басқа, яғни анағұрлым құрылымға ие болған музыканы тыңдауға мәжбүр болады.
Музыканы үнемі тыңдау нағыз оқыту процесіне айналуы мүмкін. Американдық дирижер Борис Брот теледидарға берген жеке интервьюсінде, музыкаға деген жылы сезім қашан пайда болды, деген сұраққа мынадай жауап берген болатын: «Бұл жылы сезім менде туылғанға дейін болған еді». Белгілі бір музыкалық еңбектермен енді ғана таныса отырып, ол партитураның келесі парағына ауысудың өзінде скрипка партиясын әлдеқашан білетін. Брот мұндай құбылыстың шынайы себебін түсіндіре алмайтын. Күндердің күнінде ол бұрын виолончелистка болған шешесінің алдында осындай жағдай туралы айтып қалады. Шешесі өзінің жүкті кезінде ойнаған бұрынғы ескі бағдарламаларын парақтап, баласының өзі жаттаған еңбектерді жатқа білетінін байқайды.
Жүктілік кезінде құрсақтағы балаға саналы түрде оңды қарым-қатынас жасау өте маңызды. Материяны құрайтын әртүрлі энергияларды жұмылдыратын орталық – бұл жүкті әйел болып саналады. Себебі ол өзінде тірі адамды алып жүреді. Әйелдің іс-қимылдары, ой-пікірлері мен сезімдері энергияның белгілі бір типтерінің пайда болуы немесе тартылуының басты себептері болады. Ол өзінің қалауымен баласының қолайлы ортада өмір сүруі үшін бұл энергияларды дұрыс бағытқа бағыттап отыра алады. Сонымен бірге, бұған оны қоршаған адамдар да – жанұя мүшелері де тікелей қатысты рөл атқарады. Болашақ ана өзінің шығармашылық мүмкіншіліктерін көрсете отырып, жан-жағына өзінен тек қана мейірімділік пен махаббат шашады.
Тамақтануға деген саналы қатынас пікірін де қарастырамыз. Бәрімізге белгілі болғандай, сау, пайдалы тамақ пен мәзір де баланың дамуында елеулі орын алады. Алайда, тамақтанудың механикалық тәсілі асқазан арқылы ас қорыту жүйесіне келіп түсетін химиялық элементтерді ғана қабылдайды. Жазды күндері жемістер, көкөністер мен дәнді дақылдар күн сәулесінің белгілі бір шамада энергиясын өзіне жинақтап, бұл энергия асықпай шайнау арқылы пайдаға асуы мүмкін. Бұған диеталық тамақтанудың барлық мамандары да айрықша көңіл аударады. Егер де болашақ ана тамақтану барысында қуанышқа бөленіп, табиғаттың осындай сыйлары үшін риза болып, алғыс айтатын болса, мұнымен ол құрсағындағы баласына тамақтану мәдениетін, өз халқының дәстүрлерін де өткізеді. Бұдан бөлек, баласындағы тамаққа деген оңды қатынасты тәрбиелейді.
Жалпы жүкті әйелдер тіркелмеген болса да, тұратын жеріне қарасты аумақтық емханаға есепке алынады. Жергілікті дәрігерге көрініп, акушер-гинекологқа есепке тұрады. Алдыңғы балалар шетінеген, түсік тасталған болса немесе қандай да бір гормондық, генетикалық үйлесімсіздіктің туындауынан секемденген жағдайда жоғары технологиялық мүмкіндіктері бар, жақсы жабдықталған арнайы мекемелерге қосымша қаралған артық емес. Жүктіліктің белгілі уақыттарында қажетті талдау, тесттер арқылы баланың жатырдағы даму барысын, проблемаларын бақылауға болады.
Ерте диагностика қай кезде де алдын алу шаралары үшін ең маңызды қадам болып табылады. Жүктілік мерзімі барысында әр кезеңде бір рет, яғни жүктіліктің қалыпты дамуы жағдайында дәрігердің шешімімен бас-аяғы 3 рет балаға ультрадыбыстық зерттеу жасату жеткілікті. Қаншалықты зиянсыз деп танылғанмен керексіз жасата беру де жөнсіз.
Жүкті болған кезде жеке бас гигиенасын сақтаудың үлкен маңызы бар. Күнделікті душ немесе ванна өте пайдалы, өйткені ол жүкті әйелге бәсеңсуге және денесін әсіресе жыныс органдарын тазалықта ұстауға, мүмкіндік береді. Өте ыстық ваннаға түсуге болмайды, сондай-ақ бұл кезеңде ыстық моншаға барудан бас тарткан дұрыс. Жүкті әйелдің киімі мен аяқ киімі қолайлы және денесін, әсіресе кұрсақ көлемін қыспауы қажет. Бұл кезеңде емшек тартқышқа үлкен мән беріледі. Жайшылықта жүкті кезде әйелдердің кеудесі өседі, сондықтан емшек тартқыш емшектің көлеміне сай болуы керек. Жүктіліктің соңғы айларында жатырдың дұрыс жағдайын сақтау және құрсақтың алдыңғы қабатының қатты созылуының алдын алу үшін бандажды пайдалану ұсынылады. Бандажды дұрыс пайдалану туралы кеңесті дәрігерден алуға болады.
Алғашқы 4-5 айда арнайы киімге қажеттілік болмағанмен, 5 айдан кейін киім тарыла бастайды. Жүкті әйелдің өзін жақсы сезінуі үшін арнайы, әдемі, жарасымды киім киуі керек. Жүкті әйелдің киімі белі жоғары әрі кең тігілген, кеудесі қыспайтын, қозғалысқа ыңғайлы болуы дұрыс. Матасы мақта, бөз секілді табиғи өнімдерден, яғни мүмкіндігінше, синтетикалық бұйымдарды қолданбаған жөн. Жүктіліктің қалыпты жағдайында барлық дәрігерлер жыныстық қатынастарға рұқсат береді. Бірақ, жүктілік мерзімі ұзарғанда іштің үлкендігі кейбір қолайсыздықтар туғызуы мүмкін. Бұл жөнінде дәрігермен кеңескен дұрыс. Жүктілік кезінде шамадан тыс шаршап-шалдықудың үлкен маңызы бар, ауыр салмақты көтеруге және алып жүруге, дененің сілкінуіне байланысты жұмысты атқаруға болмайды.
1.2 Жүкті әйел адамдардың эмоционалды өрісіндегі психологиялық ерекшеліктері
Ананың эмоциясы мен болашақ сәбидің тағдыры арасындағы байланыс сипаты өте күрделі процесс болып табылады.
Жүкті әйелдің кейбір эмоциялары, дәлірек айтқанда, сенімділік, тәуелсіздік, абырой, жауаптылық эмоциялары ана мен құрсақтағы бала үшін жалпы болған бейімделу жүйесін бекітеді, ал басқа – үрей, уайым, қорқыныш, жабырқау, шарасыздық сезімдері – сәбидің дамуын тікелей, сонымен бірге жанама тұрғыда да әлсіретеді.
Психологтар мен психиатрлар маңызды фактордың бар екенін анықтады. Бұл фактор – ана мен баланың арасындағы белгілі бір эмоциональдық байланыс сапасы болып саналады.
Эмоциялар мен адамды қоршап тұратын кеңістік өте жақын өзара байланыстылықпен сипатталады. Бақытсыздық, жүрек жарасы жүректің қысылу, ауа жетіспеу сезімдерін оятады. Қорқыныш, қызғаныш, зұлымдық сияқты теріс эмоциялар ауырлық сезімі, өзін нашар сезіну, қысылу сезімдерінің пайда болуына әкеп соқтырады. Ал қуаныш сезімі біздің жүрегімізді «ән айтуға» итермелейді.
Жүкті әйел өзінде бақыттылық пен ішкі еркіндік сезімдерін тудырып, құрсағындағы баласына өткізетін болса, онда ол да қуаныш сезімдерін өзінің клеткаларында сақтап қалады. Музыка, поэзия, ән айту, өнер, табиғат осындай ішкі сезімдерді сезінуге көмектесіп, баладағы әдемілік сезімін тәрбиелейді. Ананың балаға деген махаббаты, мейірімі, оның өмірге келуімен байланысты ойлары, ана мен құрсақтағы бала арасындағы қарым-қатынас байлығы баланың дамып келе жатқан психикасына және оның клеткалық есіне әсер етіп, ондағы бүкіл өмір бойы сақталынатын тұлғаның негізгі қасиеттерін қалыптастырады. Құрсақтағы бала өз шешесінің оңды және теріс стресстік факторларға әсерін ажырата алады.
Үрей мен қорқыныш жоғары деңгейде көрінетін тұлғаларда уайымдау деңгейі төмен дәрежеде көрінетін тұлғаларға қарағанда, қоршаған орта тарапынан қауіп-қатер сезімдері байқалады.
А.М.Прихожанның ұстанымы бойынша, үрей – өзін қоршаған адамдардың эмоционалды қатынасына алаңдау, өзінің ар-намысы мен қоғамда алатын орнына деген жағымсыз үміттер болып саналады [5].
«Мазасыздық – тұлға ерекшелігінің немесе темпераментіне тән эмоционалды күй мен тұрақты қасиеттері болып бөлінеді».
Р.С.Немовтың берген анықтамасына орай, «мазасыздық – ерекше жағдайда адамның үрей мен қорқыныш сезімдерін бойынан өткізуі, тұрақты және ахуалды жағдайларда жоғары мазасыздану күйінде болуы» [5].
Л.А.Китаев–Смык, психологиялық зерттеулерінде мазасыздықтың 2 түрін: «мінез-құлық мазасыздықы» мен «ахуалды мазасыздық» атап көрсетті [5].
В.М.Астапов пен Н.И.Наенко, мінез-құлықтың қауіпті жағдайларға жауап беру күйі және олардың әрқайсысы, субъектінің мінез-құлқының беталысын өзінше өзгертуі мүмкін деп, оларды бірнеше топтамаларға бөлді:
– қашу (қауіп төндіріп тұрған объектінің мүмкін болған қақтығыстары арқылы жою);
– есінен танып қалушылық (кез-келген белсенділікті ұйыту арқылы жүзеге асады);
– агрессия (қауіп-қатердің қайнар көзін құрту арқылы) [5].
Л.И.Божович, үрейді – бұрынғы тәжірибеде орын алған, қарқынды ауруды сезіну немесе ауруды болжау сезімдері деген анықтама берген.
Н.Д.Левитов ойынша, «үрей – мүмкін немесе ықтимал болған жағымсыз жағдайлармен, күнделікті ахуалдың өзгеруімен, іс-әрекетінің, қалауының кешеуілдеуі, ерекше жағдайлар мен реакцияларда (мысалы: толқу, тынымның кетуі, қауіп-қатерден қорғануында) байқалады» [6].
А.М.Прихожан, үрейді тұрақты бітіс ретінде 3 формаға бөліп, қарастырды, үрей сезімдері пайда болғанда мінез-құлқы мен іс-әрекетінде саналы түрде уайымдалатын «ашық» 3 құрылымды көрсетті:
– шұғыл реттелінетін немесе әлсіз реттелінетін үрей;
– реттелінетін немесе орны толтырылатын үрей;
– әдетке айналған үрей, тұлға сапаларының құнды қасиеті;
– құпиялы үрей формасы, көп жағдайларда бейсаналы, тынымдық, жағымсыз жағдайларды сезінбеуі, оларды теріске шығаруы (пара-пар емес тыным) немесе жанама түрі («ситуациядан қашу») [6].
Үрей күйінің болашаққа деген бағыттылығы нақты болып табылады. Уайымшыл адам, болашақта не болуы мүмкіндігіне мазасызданады. Оның өте аз мүмкіндіктерге ие болатын жағымсыз жағдайлар мен апаттар жөніндегі ойлары бойын билейді.
Кейбір зерттеулерде, үрей, ағзаның қатал әрі көп уақытқа созылған стрестік жағдайларға бейімделуі туралы мәліметтер бар.
Басқа зерттеушілердің ойынша, үрей, тек психологиялық бейімделу формасы емес, оның бұзылуы жайында да ақпарат береді деген.
Мінез-құлықтың бейімделуіне – үрейдің ұзақ, қарқынды, адекватты жағдайларға төтеп беруін қалыптастыру жөн.
А.И.Захаров, үрей – қауіпті алдын-ала сезіну, мазасыздық күйі деп жазған. Ол көбінесе белгілі бір жағымсыз әсер қалдыратын, қауіп төндіретін, болжамы қиынға соғатын жағдайларда айқындалады. Жағымсыз жағдайдағы анық емес күйде, үрей, белгі ретінде пайда болады.
А.И.Захаров үрей мен қорқынышты бөліп, бөлек, жеке-жеке қарастырды. Үрей – қауіп-қатер жөніндегі белгі, ал қорқыныш – оған жауап, үрей – алдын-ала сезіну, ал қорқыныш – қауіп-қатер сезімі, үрей – психикаға қоздырушы әсер етсе, ал қорқыныш – оны тежейді, үрей ұстанымдары жалпы, анық емес болса, ал қорқыныш – нақты, үрей – болашақты болжаса, ал қорқыныш бастауы – бұрынғы тәжірибе болып саналады [6].
А.М.Прихожанның, мазасыздық ұғымдарына берген анықтамасы: «Үрей – тұлғааралық қарым-қатынастарының психологиялық бейберекет күйінің субъективті көрінуі, оның дезадаптациясы» деген негізгі ұстанымы, бұл зерттеудің түпнегізі болып табылады [6].
Үрей (гр. рапіһоп — қорқыныш сезімін туғызатын) — жалған немесе ақиқат қауіптерден жаппай үрейлену. Үрей моральдік-психикалық көңіл-күйдің, рух күшінің төмендеуі, қабылдаудың бəсеңдеуі, еліктеу, ретсіз қозғалыс, илану механизмдері белсенді əрекеттерінің күшеюі. Үрейленушілік — арнайы əлеуметтік жағдайларда адамның мазасыздануы мен үрейленуі, қатты əсерленгіштігі нəтижесінде болатын толғаныстар.
Үрейленуді 5 түрге бөліп көрсетуге болады:
• ырықты түрде үрейлену;
• белгілі бір объекті немесе субъектімен тығыз байланысты үрей;
• кеңістіктен үрейлену;
• тірі денелерден үрейлену;
• əлеуметтік үрей.
Ырықты үрейлену кез келген заттан, тіршілік иесінен, сондай-ақ нақты жағдаят пен процестерден үрейлену болып табылады. Екінші, белгілі бір объекті немесе субъектімен тығыз байланысты үрей — бұл нақты бір оқиғадан кейін пайда болған үрейлену түрі. Мəселен, ит қауып алса, адам оны өмірінің соңына дейін ұмытпады. Итті көргенде бойын үрей билеп, қорғаныс реакциясы пайда болады. Кеңістіктен үрейленуге лифтіден, ұшақтан, көліктен, қараңғыдан жəне т.б. үрейленуді жатқызуға болады. Тірі денелерден үрейленуге тышқан, өрмекшілерден, жыланнан жəне т.б. үрейлену мысал бола алады. Əлеуметтік үрей түріне танысу, амандасу, қарым-қатынас орнату кезінде туындайтын үрейді жатқызамыз.
Бейімделу – қоршаған ортаның құбылмалы жағдайларына ағзаның икемделуі.
Адамның күнделікті тіршілік жағдайларында ақпараттық түрткілер, мәселен, жалған немесе оқыс, жеткіліксіз немесе артық хабарлар төтенше ықпал жасайды. Ағза осы жағдайларға бар мүмкіншілігінше өзінің құрылымдық және әрекеттік әсерленістері арқылы бейімделіп отырады. Оның табиғи орталығы әртүрлі маусымдық жағдайларына икемделу құбылысын акклиматизация деп атайды.
Физиологиялық бейімделу — әрекеттік жүйе, ағза, ткань белсенділігі мен өзара байланысын реттеуші механизмдердің, орнықты деңгейін айтады. Бұның мәні ортаның жаңаша жағдайларында организмнің сақталуына, дамуына, қалыпты тіршілігін қамтамасыз ететін әрекеттердің қайта құруына келіп тіреледі.
Бейімделу механизмдерінің жіктелуі
Достарыңызбен бөлісу: |