1 глоссарий 1 СӨйлеу



бет1/6
Дата11.06.2016
өлшемі388.5 Kb.
#128852
  1   2   3   4   5   6




ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ

СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ



3-деңгейлі СМЖ

құжаты

ПОӘК


ПОӘК 042-18-28.1.10/03-2013



ПОӘК «Прагмалингвистика» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар

______2013 жылғы

№ басылым



5В 012100 Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына арналған

«Прагмалингвистика»
ОҚУ- ӘДІСТЕМЕЛІК КЕШЕНІ

ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК МАТЕРИАЛДАР




СЕМЕЙ


2013

Мазмұны

1 Глоссарий

2 Дәріс сабақтарының мазмұны

3 Тәжірибелік сабақтардың мазмұны

4 Студенттердің өздік жұмысы

5 Өзгерістерді тіркеу парағы

6 Әріптестердің танысуы



1 ГЛОССАРИЙ
1 СӨЙЛЕУ – бір мезгілде болатын нақтылы сөйлеу. Сөйлеудің дыбыстық және жазба түрлері бар. Сөйлеуге сөйлеу қызметі және сөйлеу нәтижесі жатады. Әдетте, сөйлеу мен тіл қарама-қарсы қойылады. Тіл – араласу құралы болса, сөйлеу – осы құрал арқылы араласуды жүзеге асырады. Сөйлеу арқылы тіл қолданыс табады. Сөйлеу әрқашанда нақтылы болады, тіл – абстрактілі болып қайталануы мүмкін. Сөйлеу – кеңістік пен уақытта жасалады, оның шегі болмайды, сөйлеу – материалды құбылыс, ол есту мүшелері арқылы қабылданады.

2 ДИАЛОГ – ( грек. dialogos – әңгіме, екі адамның сөйлесуі) – екі немесе бірнеше адамның сұрақ-жауап ретіндегі сөйлесіп, тіл қатысуы. Диалогтың сөздік құрамына әсер ететін факторлардың негізгі сөзді қабылдау не қабылдамау.

3 ДИСКУРС – (фр.discours – сөйлеу)– экстралинвистикалық, яғни, парадигматикалық, әлеуметтік, мәдени, психологиялық факторлармен байланыста болатын мәтін. Белгілі бір оқиғаны баяндайтын мәтін. Дискурс – өмірдің тілі, сондықтан да дискурс термині «мәтін» терминімен салыстырғанда көне, басқа да бүгінгі өмірмен байланысы жоқ текстерге қолданылмайды.

4 ПАРАЛИНГВИСТИКА – (грек. para – қасындағы, маңындағы және лингвистика) – 1. Сөйлеуде қолданылатын мағыналы хабар жеткізуші, бірақ тілге жатпайтын құралдар; 2. тілдік байланысқа қатысатын тілдік емес (вербальды емес) құралдардың жиынтығы.

5 РИТОРИКА – (грек. rhetorike – шешендік өнер) – прозалық қара сөз және ауызекі көркем сөздің жасалуын зерттейтін филологиялық пән. Поэтикамен, стилистикамен тығыз байланысты болады.

6 МОНОЛОГ – (грек.monos – бір және logos – сөз, сөйлеу) – белсенді сөйлеудің нәтижесінде пайда болатын сөйлеу түрі. Монологқа интраперсональды сөйлеу деген анықтама береді.

7 ӘДЕБИ ТІЛ – орныққан, тұрақты нормалары бар, жалпыға бірдей түсінікті, ортақ, қоғамдық қызметі әр алуан, жалпы халықтық тілдің екшеленген, сұрыпталған, сымбатталған жүйелі түрі. Әдеби тіл жалпыхалықтық тілдің бір түрі.

8. ТАБУ – (полинезия сөзі) – кейбір сөздерді, есімдерді, сөйлемдерді атауға тиым салу. Т. құбылысы тілдің магиялық қызметімен байланысты, яғни, сөз арқылы қоршаған әлемді өзгертуге болады деген нанымнан туындайды. Т. Барлық тілдерде бар. Ең көп тараған Т. адам есімімен байланысты: туыстардың атын айтуға тиым салынған, сонымен қатар құдайдың, патшаның атын атауға болмайды. Т. эвфемизм түсінігімен тығыз байланысты болады.

9.ЭВФЕМИЗМ – (грек.euphemis –mos, eu жақсы және phemi – сөйлеу)- эмоция жағынан бейтарап сөздер. Э. құлаққа ерсі естілетін сөздердің синонимдері ретінде жұмсалады. Мысалы: «семіз-толық, кәрі-егде, өлді-қайтыс болды» және т.б, эвфемизм– дисфемизм сөздерге қарсы қойылады.

Дисфемизмде керісінше, эмоциялы бейтарап сөз орнына әдейі тұрпайы сөздер қолданылады.

10. Транскрипция (лат. Trancriptio - көшіріп жазу) – сөз дыбыстарын хатқа түсіру (жазу) әдісі.
2 ДӘРІСТЕР

1-Дәріс.

Тақырыбы: Прагмалингвистика семиотика мен лингвистиканың аралығында пайда болған ілім екендігі. Прагмалингвистиканың лингвистикалық зерттеу саласына айналуы
Коммуникативтiк мақсат – тiлдiк қарым-қатынаста адресант көздейтiн негiзгi мақсат. Коммуникативтiк мақсатқа жетудiң өзiндiк жолдары мен әдiстерi болады. Бұл мәселенi терең зерттеген ғалымдар О.Я.Гойхман мен  Т.М.Надеина өз еңбектерiнде  (46) тiлдiк  коммуникацияның ерекшелiктерiн көрсете келiп, тiлдiк қызметтiң өзiндiк кезеңдерi болатынын айтады. Оларда: 1) айтылатын ойды даярлау, 2) айтылатын ойды ретке келтiру, 3) ойды сыртқа шығару, 4) сөйлеудi қабылдау, 5) түсiну, 6) айтылатын ойға жауап беру деп бөлiп, айтылған ойды түсiнудiң деңгейi әр түрлi жағдайға байланысты болатынын ескертедi. Бұл жағдайлардың жиынтығы – контекст деп атап көрсетедi. Контекстiң ашық (эксплициттi), жасырын (имплициттi) болатынын, жасырын контекске мақсат, мүдде, мотив (уәж), коммуниканттардың жеке басының ерекшелiктерi (бiлiм деңгейi, әлеуметтiк жағдайы, мiнезi) кiретiндiгiн айтады.

Тiлдiк коммуникацияда табысқа жетудiң логика, психология және тiл сияқты үш категориясы бар. Аталған үш категорияның iшiнде барлық ақпарат тек сөз арқылы жеткiзiлетiндiктен тiл – тiлдiк қарым-қатынаста мақсатқа жетудiң ең маңызды құралы.

Пiкiрталаста көбiнесе шындықты жақтайтындар емес, қарсыласының ойын тез, нақтылы анықтап, қарсы айтатын ойын жинақы, шебер жеткiзетiн адам жеңiске жететiнi белгiлi. Бұл пiкiрталасқа қатысушылардың тiлдiк стратегия мен тактикаларды жылдам, ұтымды ұйымдастыра бiлуiнiң нәтижесi.

Бұл жерде бiз коммуникативтiк мақсатқа сай қолданылатын коммуникативтiк тактикалар жайында айтпас бұрын тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнiн айта бiлген қазақ халқына тән шешендiк өнер жайлы ой бiлдiрудi жөн көрдiк. Сонау ерте заманнан бастау алып, бүгiнгi саяси-әлеуметтiк өмiрiмiзге жеткен шешен сөйлеу дәстүрiнiң маңыздылығы бүгiн арта түскен.

Қазiр шешендiк өнер ұжымды, қоғамды басқарудың, заң органдарындағы қызметкерлердiң, ғалымдар мен оқытушылардың, сайлау науқаны кезiндегi кандидаттардың сенiмдi өкiлдерiнiң, телерадио хабарларды жүргiзушiлердiң, газет тiлшiлерiнiң маңызды құралы болып отыр, өйткенi айтар ойларын әсерлi, ұтымды, жинақы жеткiзе бiлсе, тiлдiк коммуникацияға қатысушылардың барлығы да көздеген мақсаттарына жетедi.

Бiрақ шешендiк өнердiң нәтижесi тыңдаушыларға айтылған ақпараттың қажеттiлiгiне, шынайылығына, сөйлеушiнiң негiзгi мақсатына да байланысты болады. Газет тiлшiсi оқырманға айтар ойын пәрмендi жеткiзу үшiн қанатты сөздердi, мақал-мәтелдердi, әйгiлi адамдар айтқан құнды сөздердi келтiредi.

Осы ерекшелiк жайында профессор Р.Сыздықованың: «Публицистика – жазба әдебиет жанры. Сөйте тұра ол – әдеби тiлдiң ауызша түрiне ең жуық келетiн жанр. Өйткенi публицистиканың саяси-көркем очерк, памфлет, эссе, репортаж тәрiздi салалары информация берумен қатар, оқырманға әсер ету, оны иландыру, жиiркендiру, сүйiндiру т.б. сияқты мақсаттарды да көздейдi. Сондықтан мұнда да, ауызша шешендер сөзiндегiдей, эмоциялы-экспрессивтi элементтердi таңдап алу, құлаққа жағымды дыбыстар үйлесiмiн (аллитерация) жасау, метафора, теңеулердi еркiнiрек қолдану, модальдық реңк беретiн элементтердi (қыстырма сөз, сұраулы сөйлемдер т.т.) жатсынбау тәрiздi құбылыстар орын алады» деген пiкiрiне қосыла отырып, баспасөз тiлiн шебер қолданудың негiзi газет тiлшiлерiнiң қазақ халқына тән шешендiк өнердi жете түсiне бiлуiне байланысты екендiгiн айтамыз.

Газет тiлiн жазбаша берiлетiн шешендiк өнердiң бiр түрiне жатқызсақ, газет тiлшiлерiнен коммуникативтiк мақсатқа сай ойын жинақтап, оқырманға әсерлi жеткiзу үшiн қажеттi тiлдiк құралдарды талғаммен таңдай бiлу, таңдап алынған тiлдiк құралдарды коммуникативтiк тактикаға негiздей жеткiзу талап етiледi. Қазақ газеттерiнiң тiлшiлерi үшiн Жиренше шешен, Асан қайғы, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би, Төле билердiң, т.б. шешендiк өнерлерi үлгi болуға лайық.

Осы күнгi риторика ғылымының негiзi сонау Ежелгi Грециядан, Римнен басталғаны белгiлi. Бұл ғылымның дамуына Платон, Аристотель сияқты ойшылдар мен Сократ сияқты шешендер көп үлес қосқаны белгiлi. Қазiр ғылымда мәтiн лингвистикасы, стилистика, психолингвистика сияқты ғылымдар негiзiнде пайда болған неориторика ғылымы дамып келедi. Бұған қарап шешендiк өнердiң маңыздылығы бүгiн де өз мәнiн жоймағандығын айтуға болады. Шешендiк өнердiң қыр-сырын зерттеген еңбектерге Р.Сыздықова, Б.Адамбаевтың ғылыми еңбектерiн жатқызуға болады.

Бiз жұмысымызда газет тiлшiсiнiң алға қойған коммуникативтiк мақсатына жетуде қолданатын стратегиялар мен тактикалардың бiр шетi осы шешендiк өнермен байланысатындығын айтамыз. Бiрақ, бұл мәселе - қазақ тiл бiлiмiнде жазба тiл бойынша зерттелуi әлi қолға алынбаған тың тақырып.

Әрбiр тiлдiк қарым-қатынас жағдайының стратегиясы болады. Стратегияға жағдайды бағдарлау, тiлдiк қарым-қатынаста табысқа жету үшiн ықпал етудiң бағытын анықтап, ұйымдастыру жатады. Тiлдiк қарым-қатынастың стратегиясы белгiлi бiр жағдайда алға қойған мақсатқа жету үшiн тiлдiк құралдарды қолданатын коммуникативтiк тактикаға негiзделедi. Коммуникативтiк тактикалар белгiлi бiр ортаның ерекшелiктерiне байланысты қолданылады. Басқаша айтқанда, коммуникативтiк тактиканы орнымен қолдану керек.

Тiлдiк қарым-қатынас стратегиясына байланысты қолданылатын тактиканың түрлерi көп. Олар (тактикалар) тiлдiк қарым-қатынас iс жүзiне асатын ортаға, коммуниканттардың ерекшелiктерiне (жасы, бiлiмi, тәжiрибесi, қоғамдағы әлеуметтiк орны, т.б.), айтылатын ойдың мақсатына сай болуы керек. Сондай-ақ коммуникативтiк тактика әр халықтың Ұлттық ерекшелiгiне де негiзделедi. Коммуникативтiк мақсаттан туындаған автордың стратегиясы мен тактикасы – газет мәтiнiнiң прагматикалық функциясын қамтамасыз ететiн микрокомпоненттер.

М.К.Мурзагалиеваның тiлдiк қарым-қатынастың стратегиясы мен тактикасы жайында: «Если коммуникативные стратегии универсальны для всех языков, то национально-культурные различия должны проявляться именно на этапе формирования и вербализации стратегии в различных тактиках. Иначе говоря, выбор тех или иных тактик обусловлен национальной принадлежностью участников речевого акта» деген пiкiрiне толық қосыламыз.

Газет мәтiнiнiң коммуникативтiк мақсатына сай қолданатын коммуникативтiк стратегиясы мен коммуникативтiк тактикасын зерттеудiң барысында бiз қазақ газеттерiнде қолданылатын коммуникативтiк тактикалардың төмендегiдей түрлерiн анықтадық:



1. Абырой беделдi алға тарту.

2. Коммуникантты өзiмсiну (интимизация).

3. Фактiлердi қарама-қарсы қою.

Аталған коммуникативтiк тактикалар – газет авторларының коммуникативтiк мақсатқа жету үшiн ұйымдастырған стратегиясын iс жүзiне асырудың жолдары мен әдiстерi.



1. Абырой беделдi алға тарту тактикасы

Адамның абырой беделiн бетке ұстау үшiн әрине кезiнде сол адамның айтқан сөзiн, пiкiрiн, оның мәнiн, ең басты бұл адамның қоғамдағы дәрежесiн ескеруге тура келедi. Айтқан қанатты сөзi сол сәтте тiлдiк қарым-қатынасқа түсушiлердi белгiлi бiр iске, iс болғанда парасатты, игiлiктi iске бастай алғандағы, қателiктi көрсетiп, дұрыс бағыт бере алғандығы да негiзге алынады.

Бұл әдiс – қазақ халқы бұрыннан қолданатын тиiмдi әдiс. Өйткенi «Өнер алды қызыл тiл» деп шешендiктiң мәнi мен мағынасын ертеден терең түсiнген халықтың бiрi – қазақ халқы өз ойын ашық жеткiзiп, тыңдаушысына әсер ету үшiн ұлы, ойшыл, бiлiмдар адамдардың, ғалымдардың, ел сыйлаған қариялардың, шешендердiң сөздерiн алға тартып, олардың абырой беделiне арқа сүйей отырып, түпкi мақсатына қол жеткiзген. Осы әдiстi қазақ газеттерiндегi жарияланым авторлары да шебер қолданады. Мысалы:

«Құлақтан кiрiп бойды алар жақсы ән мен тәттi күй» деп ұлы Абай айтпақшы, сонау жас шағымнан-ақ жақсы ән мен тәттi күйдiң қадiрiн бiлiп, тыңдауды әдет еткен, күйтабақ, күйтаспа жинайтын қазақтың бiрiмiн.

(Қазақ әдебиетi, 28 қаңтар, 1997 ж.)

Автор Абайды» өлең жолдарынан үзiндi келтiре отырып, ұлы ақынның абыройына арқа сүйейдi.



... Мұхтар Әуезов «төзiмдiлiк қазақ халқының маңдайына жазылған жақсы қасиет, бiрақ оның ұзақ болмағаны жақсы», деген екен. Сол ғұлама жазушы айтқандай үмiттенейiк, бiрақ үмiтiмiз 2030-ншы жылға кетiп қалып жүрмесiн.

(ХХI век, 23 наурыз, 2000 ж.)

Автор кемеңгер жазушы М.Әуезовтің сөзiн бере отырып, беделiн алға тартады. Бiз келтiрiлген мысалдарымызда подтекстi (астарлы ойды) талдап жатпадық, бұл жерде тек сөздерiнен үзiндi келтiрiлген адамдардың абырой, дәрежесiн (әрине соған сай айтқан сөздерiн) алға тартып отырғанын көрсетудi мақсат еттiк.



Ай, заман-ай, заман-ай,

Түстi мынау тұман-ай.

Iстiң бәрi күмән-ай!

деп Бұқар жырау бабаның дағдарғанындай, қай жерде де қазақтың: «Апыр-ау мына заман не боп кеттi, бұның ұшығына шығып, кiм ұғындырып бередi? деп ақылы айран, ойы сайраң болған кездерi аз болмаған.

(Ана тiлi, 13 маусым, 1997 ж.)

Бұл жерде «Ана тiлi» газетiнiң ұжымы Бұқар жыраудан үзiндi бере отырып, қоғамдағы әлеуметтiк-экономикалық жағдайдың барысын түсiндiруде атқаратын мiндеттерiн саралайды.



Баяғыда аталарымыз: «Молотов берген байталды, Хрущев келiп қайта алды» деп кекесiнмен әндетедi екен. Филармонияның жағдайы осыны еске түсiредi.

(Ана тiлi, 4 қараша, 1999 ж.)

Жарияланым авторы ата-бабаларымыздың өмiр тәжiрибесiнен туындаған, белгiлi бiр оқиғаларға байланысты айтқан сөздерiн алға тартып, олардың абыройына арқа сүйейдi.



ХХІ ғасырдағы Қазтуған ақынның «Қайран менiң Едiлiм, Мен салмадым, сен салдың», немесе ХХI ғасырдағы Жиембет жыраудың «қол-аяғым бұғауда, Тарылды байтақ кең жерiм», деп апанға түскен бөрiнiң бөлтiрiгiндей аласұруы, сондай-ақ Мұраттың «Едiлдi келiп алғаны, етекке қалын салғаны, Жайықты келiп алғаны, жағаңа қолын салғаны» - деп қазақтың басына тақаған ақырзаманды сезiп дабыл қағуы, өз мұңының өртiне оранып, жалғыздыққа ұшыраған жаралы рухтың көрiнiсi едi. Ақиқаты Ақтамбердi жыраудың «Жалауы найза жанға алып, Жау қашырар ме екемiз» сынды жүрегiнен төгiлген асыл сөздер қазақтың арман-аңсары ғана емес, жоғалған рухқа іңкәр ностальгиялық сағыныш болатын. Далалық рухы мен еркiндiгiнен айырылған елдiң жоғалған рухты кеш келген көктемдi аңсағандай сағына кетуi тегiннен-тегiн еместiк.

Жаралы рухтың ең биiк көрiнiсi «Қайрыла алмай барамын, қайранда қалған елiме», деп жаралы жолбарыстай жанын қоярға жер таппаған Махамбеттiң тууы табиғи заңдылық едi. «Алғаным ару болмаса, алдыма алып сүймендi» (Шалкиiз) деп, дүниедегi сұлулықтың өзiне асқақ қарайтын көшпендiлердің рухы Махамбеттен кейiн жеңiлiске ұшырады. Абай атамыздың аяусыз сынайтын «өтiрiк, өсек, мақтаншақ, ерiншек, бекер, мал шашпақ» сынды қазақтың табиғатындағы мiндер, ата-бабаларымыздың бойында о баста жоқ қасиеттер едi.

(СолДат, 22 ақпан, 2000ж.)

Әрине абырой беделдi бетке ұстау тактикасын орынды, шебер қолданудың нәтижесiнде жарияланым авторы өзiнiң бiлiктiлiгiн көрсете отырып, тiлдiк қарым-қатынаста өзi алға қойған коммуникативтiк мақсатының стратегиясын тиiмдi белгiлеген.

Абырой беделдi алға тарту тактикасына бiз газет мәтiнiнде мақал-мәтелдердi қолдануды да жатқыздық. Өйткенi мақал-мәтелдер кезiнде белгiлi бiр халықтың өмiрлiк тәжiрибесiне байланысты түйген ойларының нәтижесi екендiгi даусыз.

Мақал-мәтелдi кез-келген адамның ойлап шығаруы мүмкiн емес. Оған қазiргi кезде жекелеген ұлы адамдардың айтқан қанатты сөздерi дәлел бола алады. Ұлы ақын Абай өлеңдерiнiң мына бiр жолдары қазақ халқы арасында өсиет, нақыл сөздерге айналғаны белгiлi. «Бiлiмдiден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», «Өлең сөздiң патшасы, сөз сарасы», «Ғашықтың тiлi тiлсiз тiл, көзбен көр де, iшпен бiл», т.б. Соған байланысты бiз мақал-мәтелдердi қолдануды абырой беделдi алға тарту тактикасына қосып отырмыз. Бұл жерде қазақ атты бүкiл бiр халықтың беделi, өмiрлiк тәжiрибесi алға тартылады.

Бiз де коммуникативтiк тактиканың осы түрiне талдау жасауда ғалым А.Нұрмахановтың сөзiн алға тартуды жөн көрдiк: «Түркi халықтары өздерiнiң мақал-мәтелдерiн «аталар сөзi», «ақыл сөзi», «нақыл сөзi», «даналық сөз», «көсем сөз» дей отырып, «Атаңның сақалына қарама, айтқан мақалына қара”, «Мақал-мәтел - маржан сөз, қоса көрме арзан сөз» деген. Расында мақал-мәтелдердiң тағылымдық, тәрбиелiк, өсиет-өнегелiк маңызы аса зор. Ең бастысы мақал-мәтелдер тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнiн әрi қысқа, әрi нұсқа жеткiзедi. Сондай-ақ мақал-мәтелдер тура және ауыспалы мағынада айтылатын, адам және оны қоршаған табиғат пен жер бетiндегi тiршiлiк атаулыны ой елегiнен өткiзген өсиетнама десе де болады.

Мақал-мәтел жайында Б.Адамбаев: «Мақал-мәтел халықтың өзi жасап алған заңы, өмiрде болатын әр түрлi жағдайларды ұғындыратын, түсiндiретiн оқу құралы iспеттi. Мақал-мәтелде, көбiнесе, ортақ ой, жалпы ереже, анықталған қағидалар айтылады, формасы жағынан тiлге жеңіл, құлаққа жағымды дыбысқа, ырғақ ұйқасқа құрылады, көбiнше көркем тiлмен – өлеңмен жасалады» деген. Бiз ғалымның пiкiрiне қосыла отырып, жұмысымыздың тақырыбына сай газет тiлшiлерiнiң осы мақал-мәтелдердi қолдану тактикасы арқылы тiлдiң прагматикалық функциясын iс жүзiне асырып, коммуникативтiк мақсатқа жету мүмкiндiктерiне тоқталамыз.



Бiрақ жұмысымызда газет мәтiнiнде қолданылған мақал-мәтелдердiң мәнiне тоқталып жатпай, мақал-мәтелдердi қолданған жарияланым авторының тактикасын айқындау мақсатында қалай қолданылатынын басқаша айтқанда, мәтiнде мақал-мәтелдердi қолдану түрлерiн көрсету үшiн бiрнеше топқа бөлiп, үзiндiлер берудi жөн көрдiк.

1) мақал-мәтелдердiң бiр жолын түсiрiп қолдану түрi.

«Сенген қойым сен болсаң» дегендей, олар Үндiстан мен Тәжiкстанда қанша және қандай жарылыс жасап жатқанын анықтау үшiн бiзге келiп арнаулы «бақылау» жарылыстарын жасайтын көрiнедi.

(Егемен Қазақстан, 2 қыркүйек, 1999 ж.)

«Толқыннан тасқын туады» өмiрдiң өзi де толқыннан құралады. Толқын туласа, туламаса, тiршiлiк жоқ.

«Дос жылатып айтады» дегендей барлық өкпемiздi осылай ашық айтсақ, келешек президенттерге де белгiлi сабақ болар деп ойлаймын.

(Дат, 1 шiлде, 1998 ж.)

2) мақал-мәтелдердiң компоненттерiн өзгертiп қолдану түрi.

Дiн басымыз Рәтбек қажының басқа да жауапкер дiн қызметкерлерiнiң құлағына күмiс сырға, мешiтте басына сәлде орап, кәсiпкерлiк iстеушiлердiң құлағына мыс сырға ұры алыстан келмейдi, абайлаңдар!

(Қазақ әдебиетi, 5 ақпан, 1999 ж.)

Кәрi қыз ұл тапса қоярға жер таппайды екен. Ежелден аңсаған тәуелсiздiкке қол жеткiзiп едiк, ендi келiп сол тәуелсiздiктен шошып отырған жайымыз бар.

(Қазақ әдебиетi, 5 наурыз, 1996 ж.)

Мұндай жағдайды барлық мемлекеттер өтпелi кезеңде бастарынан өткерген. Қазақта «көршiңмен тату бол» деген қағида бар. Бiрақ «жетi өлшеп, бiр кестi» ұмытпауымыз керек.

(Ана тiлi, 23 қыркүйек, 1999 ж.)

3) мақал-мәтелдiң автордың сөз қолдану ерекшелiгiне қарай сөйлеуге кiрiге берiлу түрi.

Қателессек, бiз-ақ қателесейiк, байқауымызша осы бiрер аптаның iшiнде әкiм мырзалардың да «iшкендерi iрiң, жегендерi желiм» болғанға ұқсайды.

(Ана тiлi, 18 ақпан, 1999 ж.)

Дегенмен 5 жылдан асса да азаматтық ала алмай қиналып жүрген оралмандар үшiн «жығылғанның үстiне жұдырық» болмасына кiм кепiл?

(СолДат, 22 ақпан, 2000 ж.)

«Жақсысын асырып, жаманын жасыру» газет атаулының бүгiнгi ұстатар қағидасы емес. Неғұрлым ашық жазған, ақиқатты ашық көрсеткен газет қана халықтық басылым.

(Ана тiлi, 12 наурыз, 1998 ж.)

Алайда «77»- iнi тамашалай отырып, ерiксiз алаңдай беретiн бiр түйткiл бар. Ол «77 күндiк» әрiптестерiмiздің кейде ұлтымыздың қанына сіңген әдептiлiктен ауытқып кететiнi. «Әзiлiң жарасса атаңмен ойна» деп әзiлдей бiлген халқымыз, алайда, ешкiмнiң намысына орынсыз тиiп, мазақ, келеке, әжуа етпеген. Ал бiздiң «77»-мiз соңғы кездегi кейбiр қойылымдарын әсiресе әжуаға, орынсыз келекеге, мәнсiз мазаққа айналдырып барады. Былай қарағанда, «онда тұрған не барға» салынуымыз мүмкiн. Дегенмен, халық алдында өнерiмен кең танылған кiсiлердiң түймедейiн түйедей қылғаннан ұтарымыз не?

(Ана тiлi, 11 ақпан, 1999 ж.)

4) мақал-мәтелдерде айтылатын ойды алға тарта отырып, ой өрбiту түрi.

«Қалауын тапса, қар жанады» дегендей, АҚШ-тың араласуымен Каспий теңiзiндегi бiрқатар кенiштерге байланысты түрiкмен-әзiрбайжан дауы жуық арада шешiлетiн түрi бар.

(Ана тiлi, 23 қыркүйек, 1999 ж.)

«Ауруын жасырған өледi» дегендей, мен бұл жолы кемшiлiкке әдейi көбiрек тоқталдым.

(Қазақ Елi, 27 қыркүйек, 1996 ж.)

«Бiтер iстiң басына, жақсы келер қасына» демекшi, өткен жылдың көзiнен берi Түркiстанның бағы ашылған тәрiздi.

(ХХI век, 23 наурыз, 1999 ж.)

«Алтын көрсе, перiште жолдан таяды» демекшi, ауылдағы анасына қол ұшын берудi де ұмытты. Ал анасы болса Алматы жақтан келетiн қара жолға қарай-қарай көзi талды.

(Егемен Қазақстан, 21 қаңтар, 1998 ж.)

«Айдағаны бес ешкi, ысқырығы жер жарады» дегендей, төрт партияның он адамын «көп партиялы парламент» деп жарияға жар салудамыз.

(Ана тiлi, 4 қараша, 1999 ж.)

Әрине, газет тiлшiлерiнiң коммуникативтiк тактиканың (әдiстердiң) бiрi ретiнде мақал-мәтелдердi қолдану түрлерiн одан әрi жалғастыра беруге болады.



«Алыстан арбалап тасығаннан, жақыннан дорбалап жина», «Кiсiдегiнiң кiлтi аспанда», «Бай өзiнен ауысқан қалдығын бередi» деген халқымыздың аталы сөзiн басшылыққа алсақ, кiсiге шетелдiк алпауыттарға алақанымызды жаймай, халықтың тұтынатын бұйымдарын, азық-түлiктi өз жерiмiзде өндiргенiмiз тиiмдi.

(Қазақ Елi, 19 қыркүйек, 1997 ж.)

Осы дәстүр, салттар «ағайын өкпеге қиса да өлiмге қимау» шарты, «жаным үшiн малым құрбан, арым үшiн жаным құрбан» деген мәрттiгi, «кiсi елiнде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан бол» деген патриотизм дала демократиясының бұлжымас заңына айналды.

(Жас Алаш, 22 наурыз, 1996 ж.)

Газет тiлшiлерi келтiрiлген мысалдардағыдай мақал-мәтелдердi топтастыра, түйдектете беру әдiстерiн де шебер қолданады. Бiрақ бұл әдiстiң газет бетiнде сирек кездесетiндiгi байқалады.

Газет тiлшiлерi адамның абырой беделiн алға тарта отырып, газет оқырмандарына әсер ету, үгiт-насихат жүргiзу, белгiлi бiр iс-әрекетке бастау сияқты көптеген мақсаттарға қол жеткiзуге тырысады. Бұл газет тiлшiлерiнiң коммуникативтiк мақсаттан туындайтын стратегиясына сай коммуникативтiк тактикаларды шебер қолданатындығын көрсетедi.

Газет тiлшiсiнiң коммуникативтiк мақсатынан туындайтын тактикалардың бiрi – «Коммуникантты өзiмсiну (интимизация)» әдiсi.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет