23-бап. Ұлттық стандарттарға өзгерістер енгізу және олардың күшін жою 1. Ұлттық стандарттарға өзгерістер жекелеген талаптарды ауыстыру, толықтыру немесе алып тастау, олардың қолданылуын ұзарту, шектеу немесе қалпына келтіру, жаңа талаптарды енгізу және халықаралық стандарттармен үйлестіру кезінде енгізіледі, бұлар қолданыстағы ұлттық стандарт бойынша дайындалатын өніммен жаңа өнімнің өзара айырбасталу және сәйкестік талаптарының бұзылуына алып келмейді.
2. Ұлттық стандарттарға өзгерістер енгізу рәсімдерін уәкілетті орган белгілейді.
3. Ұлттық стандарттардың күшін жою үшін мыналар негіздер болып табылады:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келу;
2) қолданыстағы ұлттық стандарттың орнына жаңасын қолданысқа енгізу;
3) Қазақстан Республикасының аумағында мемлекетаралық стандарттарды қабылдау;
4) ұлттық стандартты қолданудың өзекті болмай қалуы.
4. Ұлттық стандарттың күші жойылған кезде ұлттық стандарттың күшін жоюға бастама жасаған тұлғалар уәкілетті органға ұсыныс жібереді.
5. Осы баптың 1, 2, 3 және 4-тармақтарының ережелері әскери ұлттық стандарттарға өзгерістер енгізген және олардың күшін жойған кезде қолданылмайды.
24-бап. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын әзірлеу және бекіту 1. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын әзірлеудің басталғаны және аяқталғаны туралы хабарламалар, сондай-ақ ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының жобалары стандарттау жөніндегі ұлттық органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының жобаларын стандарттау жөніндегі ұлттық органның интернет-ресурсында жария талқылау күнтізбелік алпыс күн ішінде жүзеге асырылады.
2. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауышын бекіту алдында әзірлеуші оның жобасын стандарттау жөніндегі ұлттық органға сараптамаға жібереді.
3. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары бекітіліп, ұлттық стандарттау жүйесінің тізілімінде тіркелгеннен кейін уәкілетті орган сақтау үшін депозитарийге береді.
25-бап. Ұлттық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын, стандарттау жөніндегі ұсынымдарды тіркеу Ұлттық стандарттар, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары, стандарттау жөніндегі ұсынымдар міндетті тіркеуге жатады.