№1128-xii қазақстан Республикасының Заңы 2007. 15. 05. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен



Дата04.03.2016
өлшемі171.7 Kb.
#38484
Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы 1992 ж. 15 қаңтардағы

№ 1128-XII Қазақстан Республикасының Заңы

(2007.15.05. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

     1 тарау. Жалпы ережелер (1 -  6 баптар)              жөніндегі хұқылық қатынастары     5 тарау. Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер   (22 - 24 баптар)     туралы заңдардың сақталуын бақылау және оны           бұзғандық үшін жауапкершілік2005.08.07  № 67-III ҚР  Заңымен  кiрОсы Заң Қазақстан Республикасының әрбiр адамның наным бостандығы құқығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылатынын таниды, азаматтардың діни сеніміне қарамастан, тең құқылы болуына кепiлдiк бередi, Қазақстан халықтарының рухани мұрасымен үйлесетін дiндердiң мәдени және тарихи құндылығын және конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiктi және азаматтардың дiни нанымдарын құрметтеудi таниды.

1 тарау. Жалпы ережелер



2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) 1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) 1-бап. Заңның мiндеттерi

Осы Заң Қазақстан Республикасының Конституциясында, сондай-ақ адам хұқықтары туралы халықаралық актiлер мен келiсiмдерде баянды етiлген азаматтардың дiни сенiм бостандығы жөнiндегi хұқықтарын iске асыруға кепiлдiк бередi.

Дiн ұстану және нанымды уағыздау бостандығының жүзеге асырылуы қоғамдық тәртiптi және басқа азаматтардың өмiр сүру, денсаулық хауiпсiздiгiн, имандылығын немесе хұқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында ғана заңмен шектелуi мүмкін.

2005.08.07  № 67-III ҚР  Заңымен  1-1-баппен  толықтырылды

1-1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

1) ғибадат үйі (ғимараты) - құдайға құлшылық етуге, дұға оқу мен діни жиналыстарға, тәу етуге (мінәжат етуге) арналған объект;

2) миссионерлiк қызмет - өз қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын дiни бiрлестiктердiң жарғылық ережелерінде жоқ дiни сенiмдi діни ағартушылық қызмет арқылы уағыздау және тарату;

3) дiни бірлестіктермен байланыстар жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрі - уәкiлетті орган) - Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын дiни бiрлестiктермен байланыстар жөнiндегi мемлекеттiк орган.



2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) 2-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

2-бап. Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы заңдар

Қазақстан Республикасының дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы заңдары осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады. Жергiлiктi өкiмет пен басқару органдарының, ведомстволардың осы Заңға қайшы келетiн нормативтiк актiлердi шығаруына жол берiлмейдi.

Eгep Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

3-бап. Дiни сенiм бостандығы хұқығы

Қазақстан Республикасының, басқа мемлекеттердiң азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар жеке өзi, сондай-ақ басқалармен бiрге кез келген дiндi еркiн ұстануға немесе ешқайсысын ұстанбауға хұқылы, дiнге деген, құдайға құлшылық жасауға, дiни жоралар мен рәсiмдерге, дiндi оқып-үйренуге қатысуға немесе қатыспауға көзқарасты айқындау кезiнде қандай да бiр күштеп мәжбүр етуге жол берiлмейдi.

Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге көзқарасына қарамастан экономикалық, саяси, әлеуметтiк және мәдени өмiрдiң барлық салаларында заң алдында бiрдей жауапты. Азаматтардың дiнге көзқарасына қарай олардың хұқықтарын тiкелей немесе жанамалап шектеу немесе қандай да бiр артықшылықтар белгiлеу, немесе соған байланысты өшпендiлiк пен жеккөрушiлiк туғызу, не азаматтардың сезiмдерiн жәбiрлеу, сондай-ақ қайсы бiр дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке әкелiп соғады.

3аңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ешкiмнiң де өз діни сенiмдерiн себеп етiп азаматтық мiндеттерiн атқарудан бас тартуға қақысы жоқ.

Дiни наным себебiмен атқарылуға тиiс бiр мiндеттi екiншiсiмен алмастыруға тек қана Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жол берiледi.

2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2005.23.02. № 33-III  ; 2005.08.07  № 67-III ҚР Заңдарымен 4-бап толықтырылды

4-бап. Мемлекет және дiни бiрлестiктер

Дiни бiрлестiктер мемлекеттен бөлiнген. Барлық дiндер мен діни бiрлестiктер заң алдында бiрдей. Ешбiр дiн немесе дiни бiрлестіктер басқаларға қарағанда ешқандай артықшылықтарды пайдаланбайды. Дiни бiрлестiктер қандай да болсын мемлекеттiк қызметтер атқармайды, мемлекет те дiни бiрлестiктердiң қызметiне, егер ол заңға қайшы келмесе, араласпайды. Мемлекет дiни бірлестiктердi қаржыландырмайды.

Дiни бiрлестiктер мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдарының сайлауына қатыспайды. Дiни сипаттағы партияларды және өзге де саяси құрылымдарды құруға, сондай-ақ дiни бiрлестiктердің саяси партиялар қызметiне қатысуына немесе оларға қаржы жағынан қолдау жасауына жол берiлмейдi. Дiни бiрлестiктердiң қызметшiлерi саяси өмiрге барлық азаматтармен бiрдей тек өз атынан ғана қатыса алады.

Діни бiрлестiктер заң талаптарын және хұқық тәртiбiн сақтауға мiндеттi. Мемлекет дiн ұстанатын және оны ұстанбайтын азаматтар арасында, сондай-ақ әртүрлi дiни бiрлестiктер арасында өзара төзiмдiлiк пен құрмет қатынастарын орнықтыруға жәрдемдеседi.

Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелмеген дiни бiрлестiктердiң қызметiне жол берiлмейдi.

Мемлекетте бір дiннің үстемдігін орнықтыруға, дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты қоздыруға бағытталған діни бiрлестіктi құруға және оның қызметiне тыйым салынады.

Діни экстремизмді насихаттауға, сондай-ақ конфессияаралық айырмашылықтарды саяси мақсаттарға пайдалануға бағытталған iс-әрекеттер жасауға тыйым салынады.

Мемлекет Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген негiздер бойынша дiнтану сараптамасын жүргiзуге құқылы.

Дiнтану сараптамасы дiни ұйымдар, қоғамдық бiрлестiктер, мемлекеттiк органдар өкiлдерiнiң, дiнтанушылардың, заңгерлердiң және ар-ождан бостандығы құқығы саласындағы басқа да мамандардың қатысуымен жүргiзiледi.

Дiнтану сараптамасын жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.

2005.08.07  № 67-III ҚР Заңымен 4-1-баппен  толықтырылды

4-1-бап. Миссионерлiк қызмет

Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар (бұдан әрi - миссионер) Қазақстан Республикасының аумағында миссионерлiк қызметтi уәкілеттi органда есептiк тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырады.

Миссионерлiк қызметтi есептік тіркеусіз жүзеге асыруға тыйым салынады.



2005.08.07  № 67-III ҚР Заңымен 4-2-баппен  толықтырылды

4-2-бап. Миссионерлiк қызметті жүзеге асыратын адамдарды

есептік тiркеу

Миссионерлiк қызметпен айналысатын адамдарды есептік тiркеудi жергiлiктi атқарушы органдар жүргiзедi.

Қазақстан Республикасының аумағындағы миссионерлер жергiлiктi атқарушы органдарда жыл сайын қайта тiркеуден өтуге мiндеттi.

Миссионерлер есептік тiркеу үшiн жергілiктi атқарушы органға мынадай құжаттар мен материалдарды ұсынады:

1) ұстанатын дiнi, миссионерлiк қызмет аумағы мен мерзiмi көрсетiлген өтiнiш;

2) миссионерлiк қызметті жүзеге асыру құқығына дiни бiрлестiк берген сенiмхаттың немесе өзге де құжаттың көшiрмесі;

3) тiркеу туралы куәлiктiң немесе миссионер оның атынан өкілдiк ететін дiни бiрлестiктің өз елiнiң заңдарына сәйкес ресми тiркелгендiгiн куәландыратын өзге де құжаттың көшiрмесi;

4) Қазақстан Республикасында тiркелген дiни бiрлестiктің жiберген шақыруы;

5) миссионерлік қызметке арналған әдебиет, дiни мақсаттағы аудио-, бейне материалдар және (немесе) өзге де заттар. Есептiк тiркелгеннен кейiн дiни мазмұндағы материалдарды қосымша пайдалану жергiлiктi атқарушы органдармен келiсiледi.

Өтiнiш берушi көрсетiлген құжаттарды ұсынған кезде белгiленген тәртiппен тiркелген төлқұжатын немесе жеке басын куәландыратын өзге де құжатты көрсетедi.

Миссионерлiк қызметтi жүзеге асыратын тұлғаларды есептiк тiркеудi құжат берiлген күннен бастап жетi күннен аспайтын мерзiмде жергiлiктi атқарушы орган жүргiзедi.

ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2488 Жарлығымен; 2005.08.07  № 67-III   (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен  5-бап өзгертілді

5-бап. Мектептi дiни бiрлестiктерден бөлу және мемлекеттiк бiлiм берудiң рухани сипаты

Республикада бiлiм беру мен тәрбиелеудiң мемлекеттiк жүйесі діни бiрлестiктерден бөлiнген және рухани сипатта болады.

Ата-аналар немесе олардың орнындағы адамдар балаларын өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуге қақылы, бiрақ балаларды дінге баулуға мәжбүрлеу шараларына жол берiлмейдi. Баланы дiни тәрбиелеу оның тәндік, психикалық саулығына және имандылық рухында дамуына залал келтiрмеуге тиiс.

Күндiзгi жоғары және орта дiни оқу орындарында оқып жүрген азаматтар әскери қызметiн өтеудi кейiнге қалдыру, мемлекеттiк оқу орындарының оқушылары үшiн белгiленген тәртіппен оқу уақытын еңбек стажына енгiзу жөнiндегi хұқықтар мен жеңiлдiктердi пайдаланады.

2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) 6-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)

6-бап.  2005.08.07  № 67-III ҚР Заңымен  алып тасталды (бұр.ред. қара)



2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) 6-1-баппен толықтырылды ; 2005.08.07  № 67-III ҚР Заңымен  6-1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

6-1-бап.  Уәкiлеттi органның құзыретi

Уәкiлеттi  орган:

1) азаматтардың дiни сенiм бостандығы құқықтарын қамтамасыз ету және дiни бiрлестiктермен өзара iс-қимыл жасау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын қалыптастыруға және iске асыруға қатысады;

2) Қазақстан Республикасының аумағында құрылған дiни бiрлестiктердiң, миссионерлердiң және заңды тұлға белгiлерi жоқ саны аз дiни топтардың қызметiне зерделеу мен талдау жүргiзедi;

3) өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша ақпараттық-насихаттау iс-шараларын жүзеге асырады;

4) азаматтардың дiни сенiм бостандығы құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттiк саясат мәселелерi бойынша түсiндiру жұмыстарын жүргiзедi;

5) азаматтардың дiни сенiм бостандығы құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;

6) дiни бiрлестiктермен қарым-қатынасты реттеу саласында облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының қызметiн үйлестiредi;

7) дiни ұйымдар, қоғамдық бiрлестiктер, мемлекеттiк органдар өкiлдерiнiң, дiнтанушылардың, заңгерлердiң және адамның ар-ождан бостандығы құқығы саласындағы басқа да мамандардың қатысуымен дiнтану сараптамалары жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi;

8) дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы Қазақстан Республикасының заңдарын бұзушылыққа қатысты мәселелердi қарайды;

9) шет мемлекеттердiң тиiстi ұйымдарымен халықаралық байланыстар орнатады және оларды қолдайды;

10) Қазақстан Республикасының заңдарын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың, соның iшiнде дiни бiрлестiктердiң қызметiне тыйым салу жөнiнде құқық қорғау органдарына ұсыныстар жасайды;

11) өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша ресми түсiнiктемелер бередi.



2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) 6-2-баппен толықтырылды ; 2005.08.07  № 67-III ҚР Заңымен  6-2-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

6-2-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) дiни бiрлестiктермен қарым-қатынастарды реттеу саласындағы жергiлiктi атқарушы органдарының құзыретi

Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) дiни бiрлестiктермен қарым-қатынастарды реттеу саласындағы жергiлiктi атқарушы органдары:

1) өңiрдегi дiни жағдайға зерттеу және талдау жүргiзедi;

2) миссионерлердi және заңды тұлға белгiлерi жоқ саны аз дiни топтарды есептiк тiркеудi және қайта тiркеудi жүргiзедi;

3) уәкiлеттi органға  азаматтардың дiни сенiм бостандығы құқығын қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасының заңдарын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;

4) өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша өңiрлiк деңгейде ақпараттық-насихаттау iс-шараларын жүзеге асырады.

2 тарау. Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктер



ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2489 Жарлығымен; 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара) ; 2005.08.07  № 67-III  (бұр. ред. қара)  ҚР Заңдарымен  7-бап өзгертілді

7-бап. Дiни бiрлестiктер

Жергiлiктi дiни бiрлестiктер (қауымдастықтар), дiни басқармалар (орталықтар) , сондай-ақ дiни оқу орындары мен ғибадатханалар Қазақстан Республикасындағы дiни бiрлестiктер деп танылады.

Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi дiни бiрлестiктер (қауымдастықтар) дiни мүдделер мен қажеттердi бiрлесiп қанағаттандыру мақсатында құрылған азаматтардың ерiктi құрамалары болып табылады.

Дiни басқармалар (орталықтар) өздерiнiң жарғыларына (ережелерiне) сәйкес өз жарғылары (ережелерi) негiзiнде әрекет ететiн дiни оқу орындарын, ғибадатханалар мен өзге де дiни бiрлестiктердi құруға хұқылы.

Республика шегiнен тысқары басшы орталықтары бар Қазақстан Республикасындағы дiни бiрлестiктер, егер бұл орайда Қазақстан Республикасының заңдары бұзылмайтын болса және олардың жарғыларын (ережелерiн) Қазақстан Республикасының Юстиция министрлiгi тiркесе, олардың жарғыларын (ережелерiн) басшылыққа ала алады.



ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2489 Жарлығымен 8-бап жаңа редакцияда

8-бап. Дiни бiрлестiктiң жарғысы (ережесi)

Дiни бiрлестiк өз қызметiн жарғының (ереженiң) негiзiнде жүзеге асырады, онда мыналар:

- дiни бiрлестiктiң атауы, орналасқан жерi және шегiнде ол өз қызметiн жүргiзетiн аумақ;

- ұстанатын дiнi, қызметiнiң мәнi мен мақсаты;

- дiни бiрлестiктiң құрылымы, қалыптасу тәртiбi, оның басқару органдарының құзыры мен өкiлеттiгiнiң мерзiмi;

- дiни бiрлестiктiң құқықтары мен мiндеттерi;

- дiни бiрлестiк мүлкінiң құралу тәртiбi;

- дiни бiрлестiк жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгiзудiң тәртiбi;

- дiни бiрлестiктi қайта ұйымдастыру мен тарату тәртiбi болуға тиiс. Дiни бiрлестiктiң жарғысында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қолданылып жүрген заңдарға қайшы келетiн ережелер болмауға тиiс.



ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2489 Жарлығымен 9-бап жаңа редакцияда

9-бап. Дiни бiрлестiктердi тiркеу

Дiни бiрлестiктi кемiнде кәмелетке толған 10 азаматтың бастамашылығымен құрылады. Бұл үшiн олар жиналыс шақырады, онда жарғы (ереже) қабылдайды.

Дiни бiрлестiк мемлекеттiк тiркеуден өткен сәттен бастап заңды тұлғаның құқықтық қабiлетiне ие болады.

Республиканың екi немесе одан да көп облыстарының аумағында қимыл жасайтын дiни басқармаларды (орталықтарды), бiрлестiктердi, сондай-ақ олар құратын дiни оқу орындарын, монастырьларды және басқа да бiрлестiктердi мемлекеттiк тiркеудi Қазақстан Республикасының әдiлет министрлiгi, ал жергiлiктi дiни бiрлестiктердi тiркеудi аумақтық әдiлет органдары жүзеге асырады.

Мемлекеттiк және есептiк тiркеу, қайта тiркеу, тiркеуден бас тарту қолданылып жүрген заңдарда көзделген тәртiп пен мерзiмде жүзеге асырылады.

Мемлекеттiк тiркеу мерзiмi дiнтану және өзге сараптама жүргiзу, сондай-ақ дiни бiрлестiк берген құжаттар бойынша маманның қорытындысын алу қажет болғанда тоқтатыла тұрады.

10-бап. ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2489 Жарлығымен алып тасталды



2005.08.07  № 67-III   ҚР Заңымен  10-1-баппен толықтырылды

10-1-бап. Дiни бiрлестiктiң қызметiн тоқтата тұру

1. Дiни бiрлестiктiң қызметi:

1) Қазақстан Республикасының заңдарын бұзған;

2) дiни бiрлестiктiң жарғысына (ережесiне) қайшы келетiн iс-әрекеттердi жүзеге асырған жағдайларда соттың шешiмiмен үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтатыла тұруы мүмкiн.

2. Дiни бiрлестiктiң қызметi тоқтатыла тұрған кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарында оның атынан сөйлеуге, жиналыстар, митингілер және өзге де жария сөз сөйлеудi ұйымдастыруға және өткiзуге тыйым салынады, сондай-ақ еңбек шарттары, дiни бiрлестiктiң қызметi салдарынан келтiрiлген залалдың орнын толтыру және айыппұлдар төлеу жөнiндегi есеп айырысуларды қоспағанда, дiни бiрлестiктің банк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатыла тұрады.

3. Егер дiни бiрлестiктiң қызметi тоқтатыла тұрудың белгiленген мерзiмi iшiнде бұзушылықтар жойылатын болса, дiни бiрлестiк өз қызметiн қайта бастайды.

4. Дiни бiрлестiктiң анықталған бұзушылықты жойғаны жөнiндегi фактiнi дiни бiрлестiктiң қызметiн тоқтата тұру туралы шешiм шығарған сот белгiлейдi.



ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2489 Жарлығымен 11-бап жаңа редакцияда; 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара) 11-бап өзгертілді ; 2005.08.07  № 67-III ҚР Заңымен  11-бап жаңа редакцияда  (бұр. ред. қара)

11-бап. Дiни бiрлестiктi қайта ұйымдастыру және тарату

1. Дiни бiрлестiктi қайта ұйымдастыру (қосылу, бiрiгу, бөлiну, бөлiнiп шығу, қайта құру) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде және дiни бiрлестiктің жарғысында (ережесiнде) көзделген тәртiппен оның Қазақстан Республикасының аумағындағы жоғары басқару органының шешiмi бойынша не сот шешiмi бойынша жүргiзiледi.

2. Қайта ұйымдастырылғаннан кейiн жаңадан құрылған дiни бiрлестiктi тiркеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

3. Дiни бiрлестiк:

1) оның жоғары органының;

2) соттың шешiмi бойынша таратылады.

4. Дiни бiрлестiктi таратуды дiни бiрлестiктiң жоғары басқару органы тағайындайтын тарату комиссиясы немесе Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген тәртiппен сот жүргiзедi.

5. Соттың шешiмi бойынша дiни бiрлестiк:

1) осы Заңның талаптарын орындамаған;

2) дiни бiрлестiктiң қызметiн тоқтата тұру үшiн негiз болған бұзушылықтарды сот белгiлеген мерзiмде жоймаған;

3) дiни бiрлестiктiң жарғысына (ережесiне) қайшы келетiн iс-әрекеттердi үнемi жүзеге асырған;

4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынған қызметтi жүзеге асырған не Қазақстан Республикасының заңдарын бiрнеше мәрте (кемiнде екi рет) немесе өрескел бұзған;

5) дiни бiрлестiктi құру кезiнде жол берiлген, түзетуге келмейтiн сипаттағы заңнаманы бұзушылықтарға байланысты оны мемлекеттiк тiркеудi, жарамсыз деп таныған не дiни бiрлестiктi мемлекеттiк тiркеудің күшi, жойылған жағдайларда;

6) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда таратылуы мүмкiн.

3 тарау. Діни бірлестіктер мен азаматтардың діни сенім

бостандығына байланысты хұқықтары

12-бап. Дiни жоралар мен рәсiмдер

Дiни бiрлестiктер құдайға құлшылық етуге немесе дiни жиналыстар өткiзуге жұрт емiн-еркiн келе алатын орындар, сондай-ақ қайсыбiр дiндi ұстанушылар құрметтейтiн орындар (қажылық және басқа орындар) ашып, оларды ұстауға хұқылы.

Құдайға құлшылық ету, дiни жоралар мен рәсiмдер соларға бөлiнген территориядағы ғибадат үйлерiнде, қажылық орындарында, дiни бiрлестiктер мекемелерiнде, зираттар мен крематорийлерде, сондай-ақ азаматтардың пәтерлерi мен үйлерiнде бөгетсiз жүргiзiледi.

Азаматтардың дiни жоралар мен рәсiмдер жасауға және әскери бөлiмдерде, ауруханаларда, қартайғандар мен мүгедектер үйлерiнде, алдын-ала қамау және жазаны өтеу орындарында оларға қатысуға қақысы бар. Әскери бөлiмдер командованиесi және аталған мекемелер әкiмшiлiгi азаматтардың дiни сенiм бостандығы хұқысын жүзеге асыруды қамтамасыз етуге және дiни қызметшiлердi шақыруға, құдайға құлшылық ету, дiни жоралар мен рәсiмдер өткiзу уақытын, орнын және басқа да жағдайларды айқындауға жәрдем көрсетуге тиiс.

Басқа жағдайларда жұрт алдында құдайға құлшылық ету, діни жоралар мен рәсiмдер өткiзу жиналыстар, митингiлер, демонстрациялар мен шерулер өткiзу үшiн белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.



2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi)  (бұр. ред. қара)  ; 2005.08.07  № 67-III  (бұр. ред. қара)  ҚР Зандарымен  13-бап өзгертілді   

13-бап. Дiни әдебиет және дiни мақсаттағы заттар

Дiни бiрлестiктер мен азаматтар өздерi қалаған дiни әдебиетті, сондай-ақ дiни мақсаттағы басқа да заттар мен материалдарды сатып алып, пайдалануға хұқылы.

Дiни бiрлестiктердiң дiни мақсаттағы заттарды, құдайға құлшылық ету әдебиетiн және дiни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды басып шығаруға, өндiруге, шетелге шығаруға, шетелден әкелуге және таратуға қақысы бар.

Дiни бiрлестiктер құдайға құлшылық ету әдебиетiн шығару және дiни мақсаттағы заттар өндiру жөнiндегi кәсiпорындар құруда айрықша хұқықты пайдаланады.

Басқа мекемелер мен ұйымдар мұндай қызметтi тиiстi дiни бірлестiктердiң, басқармалар мен орталықтардың келiсiмiмен ғана жүзеге асыра алады.

Дiни сипаттағы мерзiмдi басылымдарды және құдайға құлшылық ету мақсаты көзделмейтiн өзге де дiни әдебиеттi шығару Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

Дiни бiрлестiктер бұқаралық ақпарат құралдарын қоғамдық бірлестiктермен бiрдей пайдалануға хұқылы.

Дiни бiрлестiктер шығарған дiни әдебиетте және дiни мазмұндағы басқа да баспа материалдарында оның толық ресми атауы болуға тиiс.

ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2488; 05.10.95 ж. № 2489 Жарлықтарымен 14-бап өзгертілді

14-бап. Қайырымдылық және мәдени-ағарту қызметi

Дiни бiрлестiктердiң жанынан қайырымдылық жасау, дiни әдебиеттi және өзге де мәдени-ағартушылық қызметтi зерделеп, тарату үшiн азаматтар қоғамдары, бауырластықтары, басқа да бiрлестiктерi құрылуы мүмкiн. Олар өз жарғыларына (ережелерiне) ие бола алады.

Дiни бiрлестiктер ерiктi түрде ассоциацияларға (одақтарға) бiрiге алады.

Дiни бiрлестiктер қоғамдық қорлар арқылы да, сондай-ақ дербес те қайырымдылық қызметiн жүзеге асыруға және рақымшылық жасауға, сондай-ақ қайырымдылық үйлерiн (баспаналар, интернаттар, ауруханалар және басқаларын) ашуға хұқылы.

15-бап. Дiнге сенушiлердiң және дiни бiрлестiктердiң халықаралық байланыстары мен қатынастары

Азаматтар мен дiни бiрлестiктер топтық немесе жекеше негiзде халықаралық байланыстар мен жеке қатынастар орнатуға, оны сақтауға, соның iшiнде қажылық, жиналыстар мен басқа да дiни шараларға қатысу үшiн шетелге шығып тұруға хұқылы.

Дiни бiрлестiктер дiни оқу орындарында оқу үшiн шетелге азаматтар жiберiп, осы мақсатта шетел азаматтарын қабылдай алады.

4 тарау. Діни бірлестіктердің мүлік, еңбек және қаржы

жөніндегі хұқылық қатынастары



ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2488 Жарлығымен; ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 16-бап өзгертілді

16-бап. Дiни бiрлестiктердiң меншiгi

Yйлер, мiнәжат заттары, өндiрiстiк, әлеуметтiк және қайырымдылық мақсаттағы объектiлер, ақша және олардың қызметiн қамтамасыз етуге қажеттi басқа да мүлiк дiни бiрлестiктердiң меншiгi болып табылады.<*>

Дiни бiрлестiктердiң өз қаржысына сатып алған немесе жасаған, азаматтардың, ұйымдардың қайыр-садақаға берген немесе мемлекет берген және заңға қайшы келмейтiн басқа да негiздер бойынша сатып алынған мүлiктi меншiктенуге қақысы бар.

Дiни бiрлестiктер меншiгiнде сондай-ақ шетелдердегi мүлiк те болуы мүмкiн.

Дiни бiрлестiктер ерiктi түрде қаржылай және басқадай қайыр-садақа сұрауға және оларды алуға хұқылы.

Дiни бiрлестiктердiң меншiк хұқысы заңмен қорғалады.

2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) 17-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

17-бап. Мемлекеттiң, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың меншiгi болып табылатын мүлiктi пайдалану

Дiни бiрлестiктер өздерiне мемлекет, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар шарттық негiзде берген үйлердi, территорияны және мүлiктi пайдаланады.

Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары ғибадат үйлерi мен мемлекет меншiгiндегi өзге де мүлiктi дiни бiрлестiктердiң меншiгiне немесе тегiн пайдалануға беруге хұқылы. Дiни бiрлестiктердiң өздерiне айналасындағы территориясымен қоса ғибадат үйлерi берiлуiне артықшылық қақысы бар.

Тарих және мәдениет ескерткiштерi болып табылатын объектiлер мен заттарды дiни бiрлестiктерге беру және олардың мұны пайдалануы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады. Дiни бiрлестiктердiң аталған объектiлердi ұстау тәртiбi тиiстi мемлекеттiк органдармен келiсiледi. Мемлекет тарихи-мәдени құндылығы бар ғибадат үйлерiн қалпына келтiруге материалдық көмек көрсете алады.

Дiни бiрлестiктер жер иемдену мен пайдалануды заңдарда белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.



ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2488 Жарлығымен 18-бап өзгертілді

18-бап. Дiни бiрлестiктердiң өндiрiстiк және шаруашылық қызметi

Дiни бiрлестiктер заңдарға және өз жарғыларына (ережелерiне) сәйкес заңды ұйым хұқығы бар баспагерлiк, полиграфиялық, өндiрiстiк, қалпына келтiру-құрылыс, ауыл шаруашылық және басқа да кәсiпорындарды құруға хұқылы.

ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2489 Жарлығымен 19-бап өзгертілді

19-бап. Таратылған дiни бiрлестiктiң мүлкiне иелiк ету

Дiни бiрлестiк таратылған ретте оның меншiгiнде болған мүлiкке иелiк ету оның жарғысына (ережесiне) және қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

Діни бірлестік қызметі тоқтатылған жағдайда оның меншігінде болған мүлікке иелік ету оның жарғысына (ережесіне) және қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

Діни бірлестіктерге тиесілі мінәжаттық мақсаттағы мүлікке кредит берушілердің талаптары бойынша өтем салынбайды.

Хұқықтық мұрагерлер жоқ болған жағдайда мүлік мемлекет меншігіне көшеді.



ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2488 Жарлығымен 20-бап өзгертілді ; 2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 20-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

20-бап. Дiни бiрлестiктердегi, олардың кәсiпорындары мен мекемелерiндегi азаматтардың еңбек жөнiндегi хұқықтық қатынастары

Дiни бiрлестiктер, олар құрған кәсiпорындар мен мекемелер жазбаша еңбек шартын мiндеттi түрде жасаса отырып, азаматтарды қызметкер ретiнде жұмысқа қабылдауға хұқылы. Еңбекке ақы төлеу шарттары, тәртiбi және мөлшерi дiни бiрлестiк пен азамат арасындағы келiсiм бойынша белгiленедi және жасалған еңбек шартында көрсетiледi.

Дiни бiрлестiктерде, олардың кәсiпорындары мен мекемелерiнде еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн азаматтарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы, салық салу тәртiбi мемлекеттiк және қоғамдық кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлерімен тең дәрежеде қолданылады.



2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 21-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)

21-бап. Дiни бiрлестiктерде, олардың кәсiпорындары мен мекемелерiнде жұмыс істейтiн азаматтарды әлеуметтiк қамсыздандыру және әлеуметтiк сақтандыру

Дiни бiрлестiктерде, олардың кәсiпорындары мен мекемелерiнде жұмыс iстейтiн азаматтар, бұған қоса дiни қызметшiлер мемлекеттiк және қоғамдық кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлерімен тең дәрежеде әлеуметтiк қамсыздандырылуға және әлеуметтiк сақтандырылуға жатады.

Осы мақсатта дiни бiрлестiктер, олардың кәсiпорындары мен мекемелерi мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру мен қамсыздандыру қорларына қоғамдық бiрлестiктер кәсiпорындары үшiн белгiленген тәртiп пен мөлшерде қаржы аударып отырады.

Дiни бiрлестiктерде, олардың кәсiпорындары мен мекемелерiнде жұмыс iстейтiн барлық қызметкерлерге заңдарға сәйкес жалпы негiзде мемлекеттiк зейнетақылар тағайындалып, төленедi. Бұл орайда дiни бiрлестiктердегi, олардың кәсiпорындары мен мекемелерiндегi жұмыс әлеуметтiк сақтандыруды белгiлеу және сақтық жарналарын iс жүзiнде төлеу басталғанға дейiн сақтық жарналарының төленген-төленбегенiне қарамастан зейнетақы тағайындау үшiн жұмыс стажына есептеледi.

5 тарау. Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер

туралы заңдардың сақталуын бақылау және оны

бұзғандық үшін жауапкершілік



2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) 22-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)

22-бап. Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы заңдардың сақталуын бақылау

Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы заңдардың сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының атқарушы өкiмет органдары мен хұқық қорғау органдары заңдарда белгiленген өз құзыретiне сәйкес жүзеге асырады.

23-бап. Дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер туралы заңдарды бұзғандық үшiн жауапкершiлiк

Дiни сенiм бостандығы мен дiни бiрлестiктер туралы заңдардың бұзылуына кiнәлi лауазымды адамдар мен азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке тартылады.

24-бап. 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)



Қазақстан Республикасының

Президентi Н.Назарбаев

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет