1929 жыл 14 мамыр, Қызылорда қаласы



Дата23.02.2016
өлшемі128.5 Kb.
#4616
«Аймауытовты тінту протоколі

1929 жыл 14 мамыр, Қызылорда қаласы.
Карл Маркс көшесі, 54 үйде тұратын Аймауытовты тұтқындау және тінту жүргізу. Тінтілген кезде табылған заттар:

  1. Хаттар, барлығы 88 дана.

  2. Екі фотосурет.

  3. Жеке басының құжаттары, 20 дана.

  4. Аймауытовтың қолжазбасы және газет қиындылары, 34 бума.

  5. Қалың дәптердегі қолжазбалар, 33 дана.

  6. Кітаптар, 6 дана.

Аймауытов тұтқынға алынды, тұтқындау және тінту кезінде қарсылық болмады. Тінтуге куә болып қатынасқан Ысқақов. Тінтуді жүргізген, әрі тұтқындаған ОГПУ-дің өкілетті өкілі И. А. Шумилов». 58 бет.

«Тергеу протоколі, 29 жыл 16 мамыр. Тергеуді жүргізген ОГПУ өкілі Саенко.

Мен, Жүсіпбек Аймауытов, 40 жастамын, қазақпын, Семей губерниясына қарасты Павлодар уезі Қызылтал болысының 1 ауылында туып өстім. Әке-шешем орта шаруа, өз еңбектерімен күнелткен кісілер. Әйелім, 3 балам бар. Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітірдім, орташа білімім бар. Қазіргі кезеңде партияда жоқпын. 1920-22 жылдары ВКП(б) мүшесі болдым, өзгедей партияға енгенім жоқ. Өз еңбегіммен күн көріп келемін. Мамандығым мұғалім. Халық комиссарлары Автономиясының Орталық Комитетінде қызмет істедім. 1926 жылы Қылмыстық кодекстің 113 статьясы бойынша істі болдым, кейін ақталдым».

Осы тұста тергеу біраз үзілген.

«Әке-шешем 6 бастан артық алдына тұяқ бітпеген кедей шаруа болғанын анықтап айтамын. Ол кісілер марқұм болған. 16 жасқа дейін туысқандарымның қолында өстім».

Бір ескеретін жәйт: тергеу протоколі жазушының айтуымен орысша, сиямен жазылған. Әр беттің аяғына Аймауытов «таныстым» деп қол қойып отырған.

«Семей семинариясында оқып жүргеннін, өзінде әдебиетпен, жазумен айналыстым. 1918 жылдан бастап алаш мүшелерінің ортақ жолдастық қаржысымен шығатын «Абай» журналына редакторлық жасадым. Бұл журналды шығаруға мұрындық болған сол кезде Семейде «Жанар» атты мәдени-ағарту қоғамының мүшесі, оның ішінде семинарда оқитын қазақ жастары еді. Әлгі қоғамға мұғалімдер мен оқушы қазақтар енді. Осы жерде «журналды шығаруға мұрындық болған» деп екінші мәрте қайталап баяндайды (Д. Д.). «Егер қателесіп кетпесем, сол кездегі алашордашылар жиналысына Тұрғанбаев жетекшілік жасады. Мен бұл қоғамға кіргенім жоқ. «Абай» журналына редактор болғаннан өзге сайлауға, араласқан емеспін. Алғашқы кезде «Абай» журналын қолжазба күйінде шығарып тұруға келіскен едік, кейін жоғарыда айтқанымдай, алаштың жолдастық жолмен жиналған қаржысына басуды ұйғардық, бұл қаржы мәдени, оқу-ағарту ісіне жұмсалмақ болатын. Алаштың жолдастық ұйымы шығаруды өз мойнына алды.

Журнал өзінің 12-ші саны шыққаннан кейін, тапшылықтан жабылып қалды. Оның үстіне «Сарыарқа» газеті журналға кырын қарап, жабуды көздеді. «Сарыарқа» газетінде «Абай» журналына дейін істеген едім. «Сарыарқа» газетінің екінші санына «Тұр бұқара, жинал кедей, ұмтыл жастар» деген ұзақ мақалам жарияланды. 1917 жылдың көктемінде болыстық Қырғыз комитеті құрылды, бұл болыстық қырғыз Комитеті мен болыстық правителдердің бірігуінен пайда болған нәрсе еді.

«Әлгі қоғам өзінің ұстаған саяси бет-бағдары жағынан болсын, басқару тәсілі, түрі жағынан болсын алашордашылардан пәлендей айырмашылығы жоқ еді. 19-жылы семинарияны жақсы бітірдім. Колчак үкіметі құлағаннан кейін Семейдегі төңкерісшіл губерниялық комитеттің басшылық бөлімінің меңгерушісі болдым, әрі «Кедей таңы» атты жаңа газеттің редакторы болып белгілендім. Бұл кезде ВКП(б) мүшелігіне өткен едім. 1920 жылдың қазан айында Қазақ Атқару комитетінің мүшесі және оқу-ағарту наркомының орынбасары болып сайландым. 21-жылдың қыс айында Ысқақов пен Сәрсеновтің үйінде, кімнің пікірі бойынша жиналғанымыз есімде жоқ. Семейдегі қазақ қызметкерлері, партияда бары және жоғы аралас, алашорда көсемдері болып бас қосқанымыз бар. Алашордашылардан Дулатов, Ғаббасов, Тұрғанбаев қатынасты, өзгесі жадымда қалмапты. Әңгіменің ешқандай қортындысы болмады, бір шешімге келе алмай тарқастық. Осынау бас қосуда әлі ашылмаған қызметке базбір кісілерді ауызша апарып, тағайындап жатқанды өз басым ерсі санадым, маған түсініксіз көрінді. Сіздің сұрап отырғаныңызға орай сондай жиналыстарда ВКП(б) мүшелігіне кабылдау мәселесі қаралды ма, жоқ па, ол арасын білмеймін».

Мәлімдемені оқып таныстым: Аймауытов; тергеу жүргізген Саенко: қолдары қойылған.

Құжаттың 119 бетінде Аймауытовты екінші тергеуге әкеледі. Мұндағы қойылған сұрақтың көбі баяғы өмірбаяндық, анкеталық жәйітті анықтау үшін емес, жазушының астыртын ұйыммен, алашордашылармен байланысын түбегейлі тексеруге бағытталған. Аз қысқартумен сол тергеу хаттамасын келтіріп отырмыз.

1929 жыл 21 мамыр.

«Өз басым Ташкентке жұмыс істеуге 24 жылдың аяғында келдім. Бұған дейін Ташкентте ешқашан болмаған едім. Бұл қалаға қазақ оқу-ағарту институтының шақыртуы бойынша оқытушы болмақшымын. Бұрынғы таныстарымның ішінен жалғыз семейлік Ысқақов Даниялды ұшыраттым. Аз уақытта Байтасовпен, М. Кемеңгеровпен, Ғалымжановпең, Досмұхамедов Халилмен танысып үлгердім. Оқу-ағарту институтында сабар бере жүріп «Ақ жол» газетінде істедім. Орынборда шығатын «Жас қазақ» газеті мен «Пионер» журналынан басқа өзгедей басылымдарға материал берген емеспін. Мен келгенше «Ақ жол» газетінде Жұмабаев істеген екен, ол кезде ұлтшылдық, ұлтқа жаны ашыған мақалалар көбірек басылыпты, ал менің кезімде байсалды, салқын қанды материалдар жиірек көрінді.

«Шынымды айтсам, қазақ әдебиетінің даму жағдайы туралы Жұмабаев пікіріне қарағанда менің пікірім қарама-қайшы. Бұл ойымды оның «Алқа» әдеби платформасын талдаған кезімде ашық айтқанмын. Бұл платформаның тарихы тарихы туралы мен төмендегіні мәлімдеймін:

«25 жылдың көкегінде Ташкенттен Орынборға демалысқа бардым. Сол жерде бұрынғы «Жас қазақтын» редакторы Алдоңғаров мені Сәрсембин деген кісімен таныстырды. Сәрсенбин Москваның жоғары оқу орнында оқиды екен. Сол кезде елге демалысқа келіпті, қостанайлық, партия мүшесі. Сол жерде Сәрсенбиннің сөзінен платформаны өзге жас әдебиетшілермен қосылып Жұмабаев жазып шыққанын түсіндім. Алдоңғаровтың пәтерінде Сәрсенбин төтесіне көшті: платформаны қолдайсыздар ма, әлде өзгеріс, түзету енгізесіздер ме деп сауал қойды. Содан кейін мен Жұмабаевқа хат жазып, платформаның базбір баптарымен келіспейтінімді ашық білдірдім. Көп ұзамай Жұмабаевтан хат келді. Біз пікірін дәлелдепті. Сонымен хат арқылы ешқандай келісімге келе алмай тоқтадық. Кейін платформаны талқылау үшін Кемеңгеровтың пәтерінде және бір мәрте бас қостық. Баспасөз бетіне «Әдеби анкета» деген мақала жаздым, әйтсе де бұл мақаламен платформаны сынап... (осы тұста текст өшіп кеткен, Д. Д.). Менің мақалам бұрынғы баспа бетінде көріп жүрген әдеби мәселелерді кеңінен талдауға арналды. Сонымен Жұмабаев, платформасы, әдеби кружок құру мәселесі әрі тарт, бері тартпен іске аспай қалды».

«Бұдан артық мәлімдейтін ештемем жоқ мәлімдемені оқып шықтым, айтқан сөзімнен алшақ кетпеген, Аймауытов» деп қол қойыпты.

Істі болу құжаттарында ұзын саны Аймауытовты бес рет тергеген, екі рет куәлармен бетпе-бет жауап алу болған. Сосын барып айыптау қорытындысы жазылып Біріккен саяси Бас басқарма коллегиясының карауына берілген. Қолымызға түскен негізгі құжаттардың ең қажетті дегендерін, кейінгі зерттеушіге қажеттерін, бірін-бірі қайталамайтын мәлімдемелерді рет-ретімен жүйелі түрде таныстырып өтуді жөн көрдік.

Сонымен Аймауытовтың үшінші тергеу хаттамасы төмендегіше:

Тергеу протоколі, 1929 жыл 23 мамыр

«Өз басым Әділовпен 1921 жылы, Орынборда оқу-ағарту наркомының орынбасары болып істеп жүрген кезімде танысқан болатынмын. Ол кезде не істеп жүргенінен хабарым жоқ, әйтсе де Қазақ Атқару комитетінің мүшесі екенін білетінмін.

Осы тұста тергеу шамалы қысқарды. Өйткені тергеушінің сауалы, одан кейінгі айыпкердің жауабы бұрыннан белгілі мәлімделген жәйттерді қайталап кетеді екен.

«Кейінше сол Әділев сұйық жігіт дегенді естідім: жолдастарынан қарыз ақша алады екен де қайтармай кетеді екен. Ташкентте тұрған кезімде үйіме бір мәрте келді, сосын жазғы демалысқа үйелменімді жаз жайлауға жіберіп алсам қайтеді деп хат жазғаным бар. Бұл шаруаны кейін Ташкентте ауызба-ауыз шешіп, келіскен болатынбыз.

Аймауытов» деп қол қойыпты.

58-62 беттер

«Қаулы, 1929 жыл 20 мамыр, Қызылорда қаласы.

Қазақ Автономиялық республикасы бойынша Біріккен саяси Бас басқармасы өкілетті өкілі бастығының көмекшісі Саенко Аймауытовтың ісін; 40 жаста, қазақ, бұрынғы Семей губерниясы Павлодар уезі Қызылтал болысына қарасты бірінші ауылда туған, сауатты, партияда жоқ, әйелі бар, кедей № 6 тергеу ісі бойынша өтетін іс қылмыстары Қылмыстық Кодекстің 58 статьясының 7, 11, 59 статьяның 3 баптарына (1926 жылғы редакциясы) сай келетіндігін.

Тапты:

6 іс бойынша өтетін Аймауытовты тексере келгенде онын, төңкеріске қарсы жасырын ұйымның белсенді мүшесі екені, Совет үкіметін құлатуға әрі Орта Азиядағы басмашы қозғалысымен, ағайынды Әділовтердің бандылық тобымен байланыс жасап келгендігі дәлелденді, сондықтан Қылмыстық Кодекстің 128, 147 статьялары бойынша айыпқа ілігіп,



Қаулы қабылданды:

Жоғарыдағы көрсетілген қылмысты істерге тікелей қатысы барлығы анықталып, Аймауытовты қылмыскер деп табуға.

Алдын-ала қылмысты істің жолын кесу үшін Қазақ ССР-і ОГПУ-дің қамауына алынсын. Қаулының көшірмесі ССРО ОГПУ істері Басқармасына жіберілсін.

ОГПУ бастығының көмекшісі Саенко

Бастығы Логачев.

ОГПУ өкілетті өкілінің

орынбасары Альшанский.

Айыптау ісімен таныстым, өзімді айыпкер деп санаймын» деп Аймауытов қызыл сиямен қол қойыпты.

62-63 беттер.

Аймауытов пен Әділов, 1929 жылғы 29 мамыр.
Аймауытовқа сауал: Әділовпен соңғы мәрте қай кезде кездестіңіз?

Ж а у а п: 27-жылдың жазында. Бұл кісіні кездейсоқ көшеде ұшыраттым, ұмытпасам, қасында ешкім болған жоқ. Губерниялық атқару комитетінің төрағасы Сәдуақасов Жанайдарға ауылдың әлдебір шаруасымен келгенін айтты. Иә, дәл солай айтты.

Әділовке сауал: Кездескеніңіз туралы мойындайсыз ба?

Жауап: 1927 жылы Шымкент қаласында ешқашан, ешқандай жағдайда болған емеспін. Сондықтан Аймауытов мәлімдеген әлгі кездесудің болуы қисынға келіп отырған жоқ.

Аймауытов: дәл мерзімі жадымнан шығып қалыпты, әйтсе де Смағұл Сәдуақасов Сырдария Губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып тұрған кезде ұшырасқанымыз рас. Содан кейін Әділовпен бетпе-бет жүздесіп отырғаным осы.

Әділовке сауал: Аймауытовпен соңғы рет қашан кездесіп едіңіз.

Ж а у а п: соңғы рет бұл кісімен 28-жылдың маусым айында, маусымның басында Ташкентке бара жатқан жолымда Шымкентке тоқтаған кезде жолыққан болатынмын. Байдуллаев Ағабекті босатып алу жағдайына келетін болсақ, Аймауытов бұл ойымды құптайтынын айтқан еді.

Аймауытовқа сауал: бұл кездесу есіңізде ме?

Ж а у а п; мұндай ұшырасу болған емес. Сіздің көзіңізше Әділовке мынандай сауал қойғым келеді: бұрын-соңды ақыл-кеңесіммен Әділовке жолбасшылық жа-сап ылғи көмектесіп жүріппін бе?

Әділов: әлдекімнің ақыл-кеңесіне сүйендім бе, жоқ па, ол өз алдына әңгіме, ал жазылып отырған жағдайға байланысты Аймауытов маған ешқашан кеңес берген емес, көмектескен жоқ.

Аймауытовқа сауал: саясат жағдайына байланысты Әділовке бұрын-соңды тапсырма берген кезің болды ма?

Ә д і л о в: жоғарыдағы айтқаннан басқа маған тапсырма берілген жоқ».

Осы жерде аз ғана түсінік берелік: Әділовтің жоғарыда айтқан «тапсырма» деп тұрғаны қазақ зиялыларының Ташкент тобына елдегі қазақтардың жағдайын жан-жақты жеткізіп тұру, аштыққа, кәмпескеге қарсы көмек керектігін баспа бетінде үзбей жариялау мәселесі ғана болатын.

«Аймауытов: егер Әділов менің ақыл-кеңесіме, нұсқауыма ділгір болып жүрсе сол ойлардың нәтижесі қайда деген заңды сауал туындауы қажет қой.

Әділов: Шымкент қаласында, жазда Аймауытов өзінін, берген уәдесін күзде Дулатов арқылы менің елші жігітім Нұрланға беріп жіберді.

Бұдан артық ештеме айта алмаймыз, мәлімдемені оқып шықтық, Аймауытов, Әділов». Қол қойылған.

71-72 беттер.
«УПО инспекторы Гразбергке

Жолдама, 1929 жыл 8 шілде.
Осы жолдаманы алысымен Москваға, Біріккен саяси Бас басқармаға тізімде көрсетілген тұтқындағы 7 (жеті) адамды күзетпен жеткізу үшін қам жасалсын.

Тұтқындарды алып бара жатқанда төмендегі жәйіттер есте болсын:

1. Жол бойында тұтқындар бір-бірімен сөйлесіп қоймасы үшін әр вагонға 3 кісіден артық отырғызбай, күзетпен, бір-бірінен бөлек орналастырылуы керек.

Тұтқындағы Байтұрсынов пен Дулатовты бөлек вагонға бір-бірден отырғызған жөн.

2. Жол бойында тұтқындар тәулігіне бір рет түскі ыстық аспен қамтамасыз етілсін, өз бетінше тамақ сатып алуға тиым салынсын, аз мөлшерде алғаннын, өзінде қасында күзетші конвоир болсын.

3. Тұтқындардың қашып кетуіне жол берілмесін, әсіресе Есболов, Дулатов, Бірімжановқа қырағы болған жөн. Қашқан жағдайда устав бойынша қимылдауға
рұқсат етілсін.


4. Фрунзе станциясына жеткен кезде тұрақты елшілікке хабар берілсін, ал Арыс станциясында басқа поезға ауысып мінгенде поездың номерін, жүрер уақытысын айтып телеграмма берілсін.

5. Москваға жетісімен Біріккен саяси Бас басқарманың шығыс бөлімінің бастығы Балдаевтің өзіне есеп берілсін, онын, әмірі келгенше вокзалда ұстай тұрып, Балдаевтің жарлығымен тұтқындар тиісті жеріне тапсырылсын.

Келген кезі тұтқындарды тапсыру ісі тұрақты елшілікке хабарлансын.

Қазақ ССР-і бойынша Бірік-кен саяси Бас басқарма өкілі Альшанский

ВО бастығы Логачев». 73 бет.
«Осыдан бұрынғы мәлімдемелерге қосарым аз, қосымша айтарым төмендегіше:

а) 1928 5кылдық көктемінде Шымкент қаласында мен Әділов Дінмұхамедпен кездескен едім. Ол түн ішінде, күтпеген жерден үйіме кіріп келді. Сол жерде асығып-аптырып шет елге кетуді ойлағанын айтты. Қожанов арқылы шетелдік паспорт алуыма көмектес деп жата-жармасып отырып алды. Отырып-отырып айтқаны: Сәдуақасовты ұстап әкетті, көп ұзамай басқаларға да зұлмат төнеді. Голощекинді өлтіруді ойладым дегенді де айтты. Сол жерде қастандық жасау қауіпті нәрсе, оған әуес бола берудің қажеті жоқ екенін айттым. Бір кісіні өлтірсең екіншісі орынға отырады, содан үшіншісі... ештеме өзгермейді. Олай болса осы ойды Дулатовқа жеткіз деп қояр да қоймай өтініш жасады. 28 жылдың аяғында Дулатовқа кездескенімде ол бұл сөзді бұрындары естігенін мәлімдеді, ешқандай жаңалық деп қарамады, Әділовтің бұл әлегіне мүлдем қарсы екенін айтты.

1927-28 жылдары, Шымкентте тұрған кезімде Дулатовтан әлдебір қазақ қызметкері келіп әлдебір күдікті жаулық әрекетін сезген бойда далаға, ел ішіне кету керектігін айтқанын білемін.

в) 1925 жылы Москвадан, Жұмабаевтан хат алдым. Ол өзінің жасаған «Алқа» деп аталатын платформасы жөнінде пікір білдіруімді, ой қосуымды сұрапты. Өз басым «Алқа» бағытының жоспарына қарсы еместігімді, әйтсе де базбір бабына қосылмайтынымды білдіріп жазып жібердім. «Алқа» ұйымының басқадай әрекеті-мен хабардар емеспін. Бұл айтқандарыма жаңадан ештеме қоса алмаймын.

Аймауытовтың қолы, Тергеуші Павловтың қолы».

74-75 беттер.

ТЕРГЕУ ПРОТОКОЛЫ
С ұ р а қ: жасырын ұйым «Алаш» партиясының қатарында болғаныңызды растайсыз ба?

Ж а у а п: ешқандай жасырын ұйымда болған емеспін.

Сұрақ: «Ақ жол» газетінде ұлтшыл сарында материалыңыз басылды ма?

Жауап: қандай сарын екенінде шаруам болмады, әдебиетімізге байланысты, сол кездегі казақ кедейінің халі туралы мақалаларым басылды.

Сұрақ: Жұмабаев туралы не білесіз?

Жауап: ол қазақтың көрнекті ақыны, өлеңдерін сынаушылар болған, өз басым таза ақындық пафостың иесі деп білемін.

Сұрақ: Жұмабаевтің ұйымына ендіңіз бе?

Жауап: «Жұмабаев ұйымы» деген жасырын ұйым болған емес, ондай ұйымды естіген жоқпын.

Сұрақ: Дулатов жайлы не айтасыз?

Жауап: Дулатовтың «Оян қазақ» деген жинағын оқығаным бар, ол «Ақ жолды» шығарып тұрды, саяси істері жағынан ешқандай баға бере алмаймын, ал, әдебиетшілігі көпке пайда беретін дәрежеде дегім келеді.

Сұрақ: жасырын ұйымның жоспары болды ма?

Жауап: ешқандай жасырын ұйымның болмағанын біле тұрып оның жоқ жоспарын қалайша көзге елестете алмақшымын».

76-77 беттер.
Айыптау қорытындысы

78754 іс бойынша



1930 жылғы 12 наурызда Біріккен саяси Бас басқарманың Шығыс бөлімінің 2-ші бөлімшесі бастығының көмекшісі Павлов Қазақстан бойынша Біріккен саяси Бас басқарманың өкілетті өкілі жіберген, әрі Москва Біріккен саяси Бас басқармасы тергеп толықтырған 44 адамның № 78754 Қылмысты ісін қарай келіп төмендегіні

ТАПТЫ:

Ақпан төңкерісінен кейін Қазақстанда қазақтың ұлттық интеллигенциясын біріктірген «Алаш» деген атпен ұлтшылдық партиясы пайда болған. 1917 жылғы желтоқсанда Алаш көсемдерінің ұйғаруымен жалпы-қырғыз съезі шақырылып, Қазақстан (Киркрай) автономиясы жарияланып Алашорда деген басқару үкіметін сайлаған.



Осыдан кейін Алашорда басшылары бүкіл Қазақстандағы орыс ақгвардияшыл казактармен бірігіп алып советтерді таратып, оның орнына шаруа қожалық мекемелері мен азаматтық комитеттер құрған. Совет үкіметіне көмектесіп жатқан төңкерісшіл мүддедегі қызметкерлерді қуғындаған, әрі базбірін атып өлтірген. Әскери топтар құрыла бастаған (Торғайда), ондай топтарды Есболов, Дулатов, Байтұрсынов, т. б. кісілерден құраған әскери кеңестер басқарып тұрған. Мұндай топтар Жиляев, Таран секілді қызыл партизан бөлімшелерімен қарулы қақтығысқа дейін барған: (Таранды Алашорда әскери кеңесі атып өлтірген, 4-ші томдағы іс қағазының 20-бетіндегі Дулатов Міржақыптың көрсетуін қараңыз).

1918 жылдың көктемінде алашорда басшылары өздерінің автономиялығын тану туралы Сібірдегі ақтар үкіметіне мәлімдеме берген. Ақтар үкіметі жарытымды жауап қайтармаған соң алашордашылар Самараның құрылтай кеңесі Комитетіне барып жолыққан. Құрылтай кеңесі Қомитеті Қазақ автономиясы мен алашорда басшылығын таныған.

Көп ұзамай Директорияны сайлаған Уфа мәжілісі етті. Онда алашорданың мемлекет басшылары меньшевиктер мен эсерлер жағында екенін танытты. Осы жерде алашордашылар башқұр Валидовпен байланыс жасады.

Директория өздерінің соңғы күндерінде алашорда мемлекет басшыларын таратуға ұйғарым жасады.

Тарамай қалған батыс белігі (Закаспий, Орал, Бөкей ордасын біріктірген), Орал және Орынбор казактарымен, әрі башқұрлармен бірігіп, Совет үкіметінен ашық күреске шықты, оның үстіне генерал Толстовка барып қосылды, Шығыс белігі (Торғай, Ақмолда, Семей және Жетісу облыстарын біріктірген) Колчак үкіметі мен және Дутовпен (Торғай әскері кеңесі) байланыс жасап үлгерді.

Колчак пен ақтар үкіметінің талқандалуы алашордашыларды Совет үкіметімен бейбіт келіссөз жургізуге мәжбүр етті, оның үстіне олардың барша айыптары, төңкеріске қарсы әрекеттері кешірімге жатқызылды.

Осы уақыттан бастап Алашорда өзінің басшылық әрі партиялық ұйымын түгел жойды, әйтсе де төңкеріске қарсы орталық күшін сақтап қалды, Советтерге қарсы залалды жұмыс жүргізуден танбады.

Байтұрсынов пен Ермеков 1921 жылдың басында Москвадан болған кезінде сонда жүрген Валидовпен келіссөз жүргізген».

Осы тұста құжатта айыпкердің куәлік сөзінен үзінді келтірілген:

«Жасырын ұйым құрудың кажеттігіне сөз байласты».

«Ұйымның орггалығы Орынбор болып белгіленді. Ұйымға Байтұрсынов, Бөкейханов, Омаров Елдес, Болғамбаев, Әділов Дінмұхамед, тағы басқалар енді.

1921 жылдың қыс аяғында Дулатов пен Досмұхамедов Халелдің ұйғарымы бойынша Ташкенде дәл осындай ұйым құрылғаны белгілі. Осы екі ұйым да арнайы адам арқылы төңкеріске қарсы Валидовпен байланысып тұрған. Ол кезде төңкеріске карсы Орта Азиялық ұйымды басқарушы Валидов Бұхарада жасы-рынып қызмет атқарып жүрген болатын.

Алашорда ұйымының өкілі Әділов тікелей Валидов ұйымының басшыларымен келіссөз жүргізгеннен кейін Ферғанада, қырғыз (қазақ) басмашы топтарын құрып жүрген Жанұзақовтың басмашы тобына барып жолығуға жіберілген.

Басмашылар талқандалып, Валидов шет елге қашып кеткеннен кейін алашордашылар өздерінің Совет өкіметіне қарсы ашық күресін сап тиып, Совет аппаратына (әсіресе оқу-ағарту наркомына баспасөзге), партия қатарына еніп алуға күш салған».

Осы тұста құжатта айыпкердің куәлік сөзінен үзінді қыстырылған:

Ұйым алғашқыда өз күшін жойған еді... Алғашқы кездегідей ұйым болмаса да олардың көне көз мүшелері бірімен-бірі үзбей байланыс жасап тұрды, ұйымға мүдделес болғандықтан бір-бірімен жылдам-ақ тіл табысып кететін еді.

Сол уақытта Қызылордада қазір деп те айтуға болады, ұлтшыл ұйымның мүшелері Совет мекемелеріне сіңіп кетуге тырысып бақты, әрі абайлап жүрудің әдісін үйренді» (Әділовтің айтқандары, 1-ші том, іс қағазының 95 беті).

«Мұның үстіне алашордашылар астыртын кеңес өткізіп, совет үкіметінің басшылық орындарын басып алу үшін мүмкіндігінше партияға кіруді міндет етіп қойған».

«Бұл кезеңде алашордашылар жастарды жасырын үгіттеуге (Москвадан пайда болған жасырын әдеби «Алқа» кружогі) белсене кірісті. Орынборда, Қызылордада, Ташкентте баспасөз арқылы өз мүдделерін насихаттап отырды».

«Шет елге қашып кеткен Валидов, Мұстафа Шоқайұлымен алашордашылар астыртын байланыс жасап тұрған. Бұл мақсатқа сол ұйымның мүшелері, шет елге оқу үшін жіберілген Битілеуов пен Берімжанов пайдаланылған».

«1927 жылғы Қазақстандағы байлар мүлкін кәмпескелеуге және ағылшын-совет елшілігінің үзілуіне байланысты алашорда көсемдері Дулатов, Байтұрсынов, Есболов және Ғаббасовтар «қазақтар козғалысын көтеру мақсатында далаға кетуге әзірлене бастаған» (Әділовтің айтқандары, 4-ші том, іс кағазының 6-беті).

Қазақ даласында қарулы қозғалысты ұйымдастыруға алашордашылар төмендегі саяси жағдайларды бел қылып ұстаған:

«...1927 жылы, бұл жылы ағылшын-совет арақатынасының күрт салқындауына байланысты Совет мемлекетінің жағдайы мәз емес еді, троцкийшілдермен болған дау-дамай интеллигенцияның миын әбден ашытып біткен, осындай жағдайда соғыс басталып кетуге тиіс деген күдікте жүрдік?... (Дулатов, 4-ші том, іс қа-ғазының 17 беті).

Соғыс басталса Совет өкіметі құлайды деген ойда болған.

«Соғыс басталса Совет өкіметі құлайды»... (Дулатов, сонда).

Осыдан барып қарулы көтеріліске ұйымдасудың пісуі жетті деп болжанған.

Далаға кетудің, әрі сол жақта қарулы көтерілістің ұйымдастырылу жағдайы жоспарлы түрде күн тәртібінен түспеген.

1) 1925 жылдан бастап қаладағы Алашорда көсемдері (Дулатов) мен ауылдағы байшыл алашордашылардың (алашорда көсемдерінің туған жерлерінде)
арасында күшті сығымдай тусу жолында ылғи байланыс болып тұрған.


2) Ең әуелі алашордашылар осы мақсат жолына байлардың қарулы шайкаларын пайдалануды көздеген, әрі сол кездің өзінде-ақ Дулатов ыңғайлы сәттен көз жазып қалмай Батыс Қытайға жасырыну үшін үкіметтен бой таса жасай жүруге, Қытай шекарасына таман ығысуға директива берген болатын.

Алашордашылар байлар мүлкін кәмпескелеу кезеңінде қарсылықты күшейтеміз деп жоспарлаған.

«...Қарулы көтеріліске даярлық 1928 жылдың күзінен, байлар мүлкін кәмпескелеу кезеңінен басталған болатын (Төңкеріске қарсылардың көсемдерінің бірі Наурызбеков Орманбектің айтқандарынан, Т... іс қағазы... (орын қалдырылғанымен беттер көрсетілмеген, Д. Д.).

Қостанай округіндегі бас көтеру дәл осы даярлықтың тікелей нәтижесі болатын.

Осынау іс қағазында тіркелген материалдарда қылмысты іс бойынша өтетіндердің төңкеріске қарсы әрекеттері төмендегіше дәлелденіп отыр:

1. 1921-22 жылдары астыртын ұйым құрылған. Бұдан былайғы кезеңде олар совет құрылысына қарсы әрекет етіп келген, әрі «ұйымға қатысты болғандықтан»
бір-бірімен тығыз байланысып кеңесіп отырған.


2. Шет елдегі Валидовпен байланыс үзілмеген.

3. Күшті топтастыру, сығымдай түсу жолында әрекет жасап келген («Алқа» кружогі – жастарды үгіттеу, байлармен байланыс жасау үшін құрылған болатын).

4. Совет үкіметін құлату үшін қарулы көтеріліске үндеген.

Тексеру кұжаттарын жан-жақты зерттей отырып айыпкерлердің төңкеріске қарсы әрекеттерін бас-басына өлшеп келгенде айыптары төмендегіше деп табылды».

Айыптау қорытындысының орысшадан дәлме-дәл аудармасы осындай. Машинкамен басылған. 4-ші томның аяқ жағына тігілген. Енді әрбір айыпкердің бас-басына қысқаша анықтама жазылып, осынау айыптау қорытындысының соңына тіркеліпті. Айыпкерлердің тікелей жеке басына байланысты кінәлары тізілген.

Осы күнгі оқушыға түсінікті болу үшін жеке айыптаудың бір әрпін өзгертпей түгел келтіруді жөн көрдік.

78754 іс бойынша Айыптау қорытындысы ІV-ші том, 256-беттен басталады.



6. «Аймауытов Жүсіпбек: 40 жаста, қазақ педагог – әдебиетші, партияда жоқ, ССРО азаматы, 1925 жылы Қылмыс Қодексінің 113-статьясы бойынша істі болған».

Осы тұста тағы бір түсініктемеге жүгіне кетелік. Қазақ совет әдебиетінің классигі Жүсіпбек Аймауытов біраз жерде 1889 жылы туған болып жүр. 1989 жылы «Жазушы баспасынан шыққан шығармаларынын, бір томдығында да солай көрсетілген. Сол томның алғы сөзін жазған Серік Қирабаев былай деп жазады: «Жүсіпбектің туған жылы жайлы деректер әрқилы С. Мұқанов «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты кітабында 1893 жылы туды деп көрсетеді. С. Сәдуақасовтың сұрақтарына берген жауабында «сиыр жылының аяғында, яғни 1890 жылдары... тусам керек» («Қазақ әдебиеті», 1988 жыл 23 желтоқсан) дейді. «1890 жылдар» дегеніне қарағанда, бұл жылды ол да жобалап айтқан тәрізді. Ал сиыр жылы – жылдың аяғы болуы мүмкін. Кейінгі біраз деректерде де осы жыл көрсетіледі». Бұл Серік Қирабаевтің жазғаны. Аймауытовтың туған жылы туралы «Ана тілі» газетінде де жоба мақала басылды. 1929 жылғы тергеу ісінің құжаттарымен таныса келіп, Аймауытовтың туған мерзімі 1889 жыл емес, 1890 жыл деген тұжырымға келдік. Өйткені сот құжаттарында, хаттамада, түсініктемеде 1890 жылы туылған деп анық көрсетілген, Жүсіпбек Аймауытовтың өзі осы жылды растап қол қойған.

Екінші жәйіт: Аймауытовтың қолтаңбасы, почеркі жайында. 8 томдық іс қағаздарында жазушының өз қолымен жазылған мәлімдемесі, түсініктемесі, ұзын саны онға тарта құжат бар, мұның бәрін әрпін бұзбай, қисайтпай көшіріп алдық. Аймауытовтың қолтаңбасы аса сұлу, қыздың жазғанындай деп айтатын сұлу кал-лиграфия, сиямен жазған, орысша қатесіз, аса сауатты қолжазбалар. Базбір тұста жүйкесі сыр беріп, қолы тайып, ойы бұзылып, қағаз бетіне сия тамып кетеді. Әйтсе де жазушының жан толғанысының айнасы секілді, жүрек лүпілінің соңғы лебі есетін, сырын сездіретін, құны түспес қазына айғақтар осы. Келешекте жазушы музейі ашылар болса – соған табыс етерміз деген ойымызда бар.

Аймауытовтың істі болу кұжаттарына қайтып ораламыз.

«Аймауытов Жүсіпбек айыпталады:

1. Дулатов басқарған жасырын қазақ ұйымына енген.

1922 жылғы 19 қарашада Дулатов Міржақып былай деп мәлімдеген: «...мен бар білетінімді бүкпесіз айтып шығуға бел байладым... әйтсе де сондықтан өз ұйымымыздың... Аймауытов секілді мүшелерімен ақылдасып алуға пұрсат берулеріңізді сұраймын. (Аймауытовтан өзге мүшенің аты аталған). (4-ші том 17 бет).

Ал, Аймауытовтың өзі «бұрынғы қазақ алашордашылардың жасырын ұйымында болдың ба» деген сауалына «жоқ, болған емеспін деп жауап берген» (1930 жылғы 3 ақпан протоколында).

2. ВКП(б) Орталық Комитетінің мүшесі Голощекинге қарсы террорлық әрекет жасау мәселесін ақылдасуға қатысың болды ма деген сауалға Аймауытов былай деп мәлімдеді:

«...1928 жылдың көктемінде Шымкент қаласында мен Әділовті ұшыраттым... Сол жерде Әділов үрей үстінде Сәдуақасовты қамағанын, енді басқаларды да ұстап қамайтынын айтты, Голощекинді өлтіруді ойлағанын мәлімдеді... Осы ойын Дулатов Міржақыпқа жеткізуімді сұрады. 28 жылдың аяғында бұл хабарды Дулатовқа айтқан кезімде ол бұл жайлы естігенін білдірді» (4-ші том, іс қағазының 66-беті).

3. Совет үкіметіне қарсы қарулы көтеріліске шығу үшін далаға кетуге әзірленіп жүргені туралы Аймауытов 1929 жылдың 29 қарашасында былай деді:
«...1927-28 жылдары Шымкентте жүргенімде Дулатов бір қазақ арқылы қауіпті жағдай туа калған күнде далаға кетуімді тапсырыпты», (4-ші том, іс кағазының 66-шы беті).


78-84 беттер.

ДУЛАТОВТЫҢ ҚОСЫМША ТЕРГЕУІ

1929 жылғы 30 қаңтар

Бесінші тергеу
«Мен төмендегі жағдайды мәлімдеймін: Ақмола милициясының бастығы Қараноғай елге шығып, зорлық-зомбылық, теріс қылықтар жасап, даладағы елдің намысын қорлағаны үшін Әділовтың ағасы оны атып өлтірген. Бұдан кейін Әділов біразырақ Ташкентте тұрды, сосын Қызылордада жұмыс істеді. 1925 жылы ұшырасқанымда ол маған рулық айтыстың салдарынан Сәдуақасов Жанайдардың әкесі өзіне көптен бері тісін қайрап жүргенін айтты. Сәдуақасты баласы Жанайдар қолдайды деді. Сол кездесуде Қараноғайдың өліміне байланысты жағдайды анықтау үшін мұның ізіне түсуді доғарғанын мәлімдеді. 1925 жылы оның ағасы Әділов Байсейіт Қызылордада тұрған.

Әлі есімде, қызметін тастап неге ел ішінде жүргенін сұрадым. Қараноғай үшін заң адамдары торуыл салғанын доғарса да ол жеке басына қастандық жасаушылардан, әсіресе Қараноғайдың туыстарынан қорқатынын айтты, соның ішінде Жоғарғы сотта істейтін Мұстафиннің атын атады».

Осы тұста тергеу шамалы үзіледі. Сосын Әділовтың бірде үйіне келіп «түнеп шығатын үй тауып бер» деп көмек сұрағанын, оған жататын үй іздегенін біраз тәптіштейді.

Тергеуші енді арада жүрген Кәрібаев Нұрлан есімді жігіттің жайын сұрайды.

«Соңғы рет 1928 жылы, қыркүйек айының аяғында болуы мүмкін, маған Нұрланның соққаны бар. Әділовтың Голощекиннің өміріне қастандық жасағысы келетінін, менің бұл іске ақыл-кеңесімді сұрайтынын жеткізді. Сол арада Әділовқа айтып бар деп мынаны ескерттім: қастандық деген ойды басынан шығарсын, бұдан былай менімен байланыс жасауды доғарсын. Елде жүріп те бір пәлені бүлдіріп алмасын деп қатты ескерттім».

Тергеуші Дулатовтың Әділов туралы қандай ойда екенін қадалып сұраған.

«Мен оны жеңілтек жігіт қой деп ойладым».

Тергеушінің осы пікіріңізді бұрын неге айтпағансыз деген сауалына былай деп жауап береді:

«Алғашқыда мұның бәрін айтпаған себебім: оны жақсы көруші едім, жас кезінен көз алдымда өсті, оқып, білім алуына жәрдем жасадым, қызбаланып жүріп бірдемеге ұшырап қала ма деп аяғанымды жасыра алмаймын.

109-110 беттер.

Валидов өзіне кешірім жасауды сұрап арыз беріпті дегенді кімнен естідіңіз?

Дәл кімнен естігенім есімде жоқ, әйтсе де сондай сыбыстың тарағаны рас.

Байтұрсынов пен Ермеков Москвада болған кезінде Валидов оларға совет үкіметіне қарсы күресу туралы сөз салғанын естіген боларсыз.

Дәл нендей әңгіме болғанын білмеймін, әйтсе де Байтұрсынов пен оның жанындағылардың, Валидовтың ұстанған күрес жолын қатеге санаймын.

114 бет.
Сіздің топта ұлтшылдарға арналған белгілі бір қаржы болды ма? Және ол каржыдан, атап айтқайда, Бөкейхановқа жәрдем жасадыңыз ба?

Ешқандай қаржы болған емес. Сол уақытта Бөкейханов қызметсіз қалған еді, сосын ортадан жинап ақшалай жәрдем жібергеніміз бар. Осы жөнінде Ермеков, Байтұрсынов, Ғаббасов арасында ақылдасқан әңгіме болды.

Қанша ақша жиналды, оны кім жинады?

200 сом, Байтұрсынов, немесе Қадырбаев арқылы жиналып, кісі арқылы жіберілді. Әуелі бұл соманы Байтұрсынов маған берді, мен Мурзинға апардым, Мурзин Москваға жол жүріп бара жатқан Сұлтанбеков арқылы беріп жібермекші болды. Сұлтанбеков пен Мурзин ол кезде бір пәтерде тұратын.



115 бет.
ДУЛАТОВ ПЕН ӘДІЛОВТЫҢ БЕТПЕ-БЕТ ЖАУАПТАСУЫ

1929 жылғы 22 көкек.
Әділов: «Ақ жол» газетінің редакциясына бардым, редакциядан Дулатов екеуміз бірге шығып скверге бардық, сонда отырып мен оған барша жағдайды айттым. Кауфман ескерткішінің түбінде отырып сөйлестік. Орынбор орталығы мұндағы Дулатовқа сәлем жолдап, Ташкентте жасырып ұйымның бөлімшесін құруды тапсырғанын айтқан кезімде, ол бұл шаруаның әлдеқашан орындалып қойғанын, Ташкент ұйымының атынан Валидовқа Бірімжанов суыт жүріп кеткенін мәлімдеді.

Дулатовқа сауал: Әділовпен осылай сөйлескеніңіз есіңізде ме?

Дулатовтың жауабы: Әділов жалған сөйлеп отыр. Кауфман ескерткішінің жанында тізе бүгіп сөйлескеніміз шындыққа жанаспайды.

Әділов: бірнеше мәрте Ташкент бөлімшесінің кеңесі өткен, онда Тынышбаев қатысып сөз сөйледі.

Дулатов: мұндай мәжілістің болғаны өтірік деп мәлімдеймін. Шынын айтсақ, әлгі кісілер әр кезде бас қосып, бір пәтерде дәм-тұзға жиналып жүрдік, әйтсе де Әділов айтқандай жасырын ұйым жөнінде сөз қозғаған емеспіз.

Қол қойған: Дулатов, Әділов, Саенко».

119-120 беттер.
Айыпталады:

1. 1921 жылы Ташкентте астыртын төңкеріске қарсы ұйым құрған.

Бұл жөнінде Дулатов төмендегіні мәлімдеді: «Біздің әңгімеміз Совет өкіметінің ерте ме, кеш пе әйтеуір бір құлайтыны жөнінде, сол кезде не істейтініміз турасында өрбіді. Біздер мұңсыз, қамсыз тіршілікке үйренгенбіз. Болашақта қайда барамыз, нендей жолмен жүреміз – біліп болжап жатқан біріміз жоқ. Келешекке көз жіберіп, ұйымдасып өмір сүргеніміз мақұл болар...» (Дулатов, ІV-ші том, іс қағазының 21 беті, 29 жылғы 30 қараша). 1921 жылдын, қыс аяғында ұйымдастыру жиналысы өткен. Бұл ұйым туралы Дулатов былай деді:

«...ұйымның іс-әрекеті туралы мәселе қозғалған кезде, әзірге Түркістан республикасы болып аталу жайы айтылды. Ұйымның жоспарын жасау үш адамға тапсырылды: Досмұхамедов Жаһаншаһ, Досмұхамедов Халел және маған. Ұйымға жаңа мүшелер тарту мәселесі де сөз болады».

146-147 беттер.
«24-жылдың аяғы, әлде 25-жылдың басында Москвада өлкентанушылардың съезі өтті. Қазақтардан делегат ретінде Байтұрсынов пен Бөкейханов Әлихан келіп қатынасты, сол кісілермен бірнеше мәрте кездесіп, пікірлестім».

Тергеуші «Алқа» әдеби кружогының іс жоспары туралы сұрайды.

«Алқа» программасын өз басым жеке жазып шыққанмын, содан кейін Сәрсенбин және Сегізбаевпен бас қосып бірнеше рет талқыладық, өзгертулер мен түзетулер енгіздік».

Тергеуші «Ақ жол» газеті туралы не білесіз деп сұрайды.

«Ақ жол» газеті маған дейін, Ташкенде шығып тұрған басылым болатын».

Тергеуші Бөкейханов пен Байтұрсынов екеуімен қандай байланыста болдың, олармен көзқарас жақындығың болды ма деп сұрайды.

«Байтұрсынов пен Бөкейханов екеуі жалпы әдебиет, оның ішінде әдеби сын туралы менімен ылғи кереғар көзқараста жүрді. Өз басым әдебиетті рухани кемелденуге, жанға, жанның рахаттануына қызмет етеді деп санадым, ал жоғарыда аты аталған кісілер әдебиетті ең әуелі халықты жаңа бағытқа, тың іске үндеу қосады, үгіттейді деп түсіндіреді. Әдебиетті өнер деп қарамай, насихатшы сыйпатында қабылдады. Осындай ой қайшылығына түсе берген соң олармен жолымның бір болмайтынын түсіндім. Сөйттім де «Тоқсанның тобы» деген өлең жаздым, мұндағы тоқсан процент жарлы-жақыбай қалың бұқара да, қалған он процент жұрт үстінен күн көрген жатыпішер байлар деп шенеп жаздым.

«Осы өлең арқылы болып жатқан төңкеріске өзімнің көзқарасымды білдірдім. «Алқа» атты платформаны сол өлең арқылы насихаттаған едім. Бұл өлеңді бұрынғы оқу-ағарту наркомының Ақмола орталығындағы төрағасы Жолдыбаев Молдағалиге жолдадым. Мұнымен қоса оған «Толғау» атты өлеңмен жазылған программалық үлкен еңбегімді жібердім. Бұл «Толғау» баспа бетіне жарыққа шықпай қалды. Әлгі аталмыш ұзақ шығармада дәл мерзімі көрсетілмесе де өзімнің бүкіл өмір жолымды, қандай қателіктер жібердім, қалай олқылы-толқылы жолды ұстандым, баршасын шолып бейнелеп шықтым.

«Алқа» үйірмесі түптің-түбінде ұйымдаспай қалды. «Бөкейхановпен кездескен кездерімде әңгімеміз әдебиет жайлы пікірлесуден әрі аспайтын».

Тергеуші осы жерде баяғы «Ақ жол» газетіне қайта айналып сауал қояды.

«Ақ жол» газетінің саяси бет-бағдары айқын болмады, онда ұлтшылдық көзқарасты ұстанған мақала мен коммунистік күресті уағыздайтын мақала қатар басыла беретін. Ол кездегі редакторы Сұлтанбек Қожанов болды. Ұлтшылдардан сол газетте Әуезов істеп жүрді, Әуезов «Шолпан» журналында қатар қызмет істеді».

245-246 беттер.


«... «Алқа» кружогі ұйымдасып үлгермеген болатын:".. Өз басым әдебиеттің бағыты туралы «Алқа» атты жоспарлы сын мақала жазған едім, бұл мақаламен Сәрсенбин Жәкен мен Сегізбаев Аманғали танысты. Осы екі жолдас мақаланы жіліктеп шағып, қосымшалар мен өзгерістер енгізді, сосын біздер қайта көшіріп, почта арқылы Семейдегі Әуезовке, Ташкендегі Аймауытовқа, Байтасовқа жібердік. Бұл жоспарды тағы қандай кісілерге жібергеніміз тап қазір жадымда жоқ. Тек қана оны әуелі танысып, пікір алысу мақсатында жер-жерге жолдағанымыз анық» (1-ші том, іс қағазының 350-351 беттер)». 258 бет.
Сұрақ: «Алқаның» программасын кімдерге жібердіңіз, және алған адамдар ол жоспарға қалай қарады?

Жауап: Ташкентке, Орынборға, Семейге жібергенімді білемін. Бұл әдеби үйірме жұмысының жоспары ғана, Совет үкіметінің төңкерісшіл саясатына ешқандай қатысы жоқ, эстетикалық көзқарас, ой-пікір тұжырым дегенге келеді. Бұл жәйітті бұрынғы, 1929 жылғы мәлімдемемде толық түсінікті етіп айтқанмын. Осынау программаға жазушылар ішінен Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов теріс көзқарастарын білдірді, біраз мәселеде пікіріміз тоғыспайтыны байқалды. Жалпы «Алқаның» жұмысы олар үшін бейтарап, бас қатырар шаруа болып елестеген секілді.

Сұрақ: Ленинградта тұрғанда кімдермен байланыс жасадыңыз?

Жауап: Ленинградта көп тұрғаным жоқ. Елден әйелімді шақыртып алдым. Досым, әрі поклоннигім Әлкей Марғұланов есімді жігіт жиі келіп тұрды, әйтсе де көп ұзамай ол жігіт ауырып, ауруханаға түсті. Содан байланысымыз үзіліп қалды». 267 бет.

Сұрақ: сіздің жолыңызды түсінбей қайшы пікір айтқандардың ішінен кімді айтасыз?

Жауап: әдебиетте әркім өз биігінен ала-құла пікір айта береді, шын талантты шабыт иесі мұндаға пәлендей мән бермеуі табиғи жағдай. Әйтсе де мақталғаным-нан сыналғаным көп. Өз өлеңдеріме айрықша шұқшиып қатты сын айтқан кісілерден Шәймерден Тоқжігітов пен Әбдірахман Байділдинді бөліп атар едім. Әбдірахман Байділдин Москвадағы Бутырка абақтысында менімен бірге отырды. Ал, Шәймерден Тоқжігітов енді өсіп,тпікірі ұшталып келе жатқан жас сыншы болар деп ойлаймын.

Сұрақ: 27-28 жылдардағы творчестволық жолыңызға осы күні қанағат-танасыз ба, сол кезде Советтік өмір шындығына қалай үн қостыңыз?

Жауап: ол жылдары (атап айтқанда 27-28-жылдары) бұрынғы рухани қазынамызды қайта қарап бағалау тұрғысында жан дүниемде біраз өзгерістер мен қайшылықтар болғаны рас, қарап қалмай советтік тіршілікке үн қосуға ұмтылып бақтым, бірнеше толғау өсиет жаздым, яғни үлкен өмір ағысына бұлақ болып қосылғым келді. Әдебиеттің сол кездегі ауа райын жасушылар, жасыратын не бар, менің ұмтылысымды түсінгісі келмеді. Жалпы менің жазғандарым үгіт, насихаттан гөрі кісі жан дүниесінің, сезім сырларының болмысынан туатын. Менің шындығым олардың шындығына үндесе қоймағаны мәлім».

267-268 бет.
Сұрақ: «Алқа» программасы туралы Мұхтар Әуезов не айтқаны есіңізде ме?

Жауап: сол кезде Семейдегі Әуезовтен бұл туралы хат алғам, онда платформаны тым солшыл, алдағы уақытта әдебиетшілер жиналысын шақырып талқылау керек деген ұсыныс жазылыпты. Кейін кездескенде ол программаны жетілдіре жазып, іске асыруға жағдайымыз болмады, қуғын-сүргінге ұшырап, көбіміз қамалып, істі болып кеттік. Көңілдегі көрікті ой көкірек түкпіріне көмілді сөйтіп.

Сұрақ: Сәрсенбин Жәкен туралы не айтасыз?

Жауап: Өздеріңізге белгілі, 1924 жылғы 24 қарашада Москвадағы қазақ жастарының «Жерлестік» деп аталатын ұйымы, әдебиетшілер, оқығандар, жалпы саны алпыстай адам катынасып менің өлеңдерімді талқылапты. Ең ғажабы, сол жиналысқа өзім шақырылмай қалдым, қатынаспадым. Баяндамашы белгілі әдебиетші, журналист, партия қайраткері Нәзір Төреқұлов болыпты. Тұрпайы социалогизм сынының иісі аңқыған, көріне көзге қаралуға, даттауға құрылған жиналыс «бұдан былай ақын шығармалары газет-журнал бетіне тексерусіз басылмасын» деп аса қатал үкім айтқан қаулы алыпты. Сол жиналыста мені жалғыз Сәрсенбин Жәкен жақтап сөйлепті. Кейіннен ой бөлісіп, пікірлесіп дос болып кеттік.

Сұрақ: 1925 жылдан бері өткен өміріңіз туралы не айтасыз.

Жауап: 1931 жылдан бастап Сібірдің және Соловецкінің лагерлерінде азабы мол айдауда жүрген кезімнен бастап өткен өмірімде бірте-бірте ықыласпен еске, алар ештеме қалмағанын сездім, өткенім өкініш қана деп түсіндім». 271 бет.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет