1.«Өлкетану» түсінігі, зерттеу обьектісі, міндеттері.
Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алған жылдардан бастап, бүгінгі күнге дейінгі өзекті тақырыптардың бірі ― халықтың әл-ауқатын көтеретін, ел экономикасын дамытатын, ішкі-сыртқы байланысты тұрақтандыруға орасан зор үлес қосатын ішкі туризм саласын өркендету болып табылады.
Қазіргі таңда ішкі отандық туризм саласының қарқынды дамып келе жатқанына куә болып отырмыз, оған басты себеп әлемдік жағдайдың күрт өзгеру. Ішкі туризмді дамыту үшін, ең бірінші жастарды өз елінің тарихи-мәдени мұраларын құрметтеуге үйретуіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда мектеп қабырғасынан бастап, жоғары оқу орындарында оқытылатын өлкетану пәнінің алар орны ерекше.
Қазақ тарихындағы мыңжылдық тарихы бар тарихи орындарды, археологиялық зерттеу барысында табылған жәдігерлерді насихаттап, туризм тарихын ғылыми әдіс-тәсілдер арқылы зерттеу, олардың бүгінгі тағдырына қорытынды жасау өте маңызды.
Заманауи білім берудің маңызды стратегиялық міндеті — жас ұрпақты жан-жақты дамыту болып табылады. Соның ішінде, студенттердің өлкетану пәні арқылы тарихи туризмді дамыту жастардың жеке тұлға болып қалыптасуына кешенді әсер етудің тиімді құралдарының бірі.
Өлкетану пәнінде тарихи туризмді оқыту негізінде педагогикалық құрылыммен тәрбиенің барлық негізгі аспектілері қалыптасады: саяси, адамгершілік, еңбек, эстетикалық, физикалық, студенттердің таным дәрежесі едәуір кеңейеді, әрі психикалық дамуына да ерекше әсер ететіні айқын.
Туризм өте ауқымды, әрі бұл саланы тарих тұрғысынан зерттелмегенін ескерсек, оның ішінде өлкетану ғылымы арқылы зерттеу тақырыптың өзектілігін аша түседі.
Бүгінде қазақстандық туризм нысандарының тарихы мен қызметі, әлемдік маңызы бар мәдени- тарихи ескерткіштері туралы тың ақпараттар жүйелі түрде жинақталып, тарих тұрғысынан ғылыми айналымға түскен жоқ. Осы негізде туризм тарихы, оның ішінде аймақтық туризм тарихын, республикалық және жергілікті мұрағат қорларынан алынған тың деректерді ғылыми айналымға енгізу және осы нәтижелерді өлкетану пәнінде енгізу қажеттілігі туындап отыр.
Туризм елдің аумағы мен оның жеке аймақтарымен тікелей байланысты. Сондықтан да өлкетану туризммен тығыз байланыстағы ғылым саласы болып табылады. Қазақстан өңіріндегі мәдени-тарихи туризм тарихы — пәнаралық байланысты қамтитын тақырып.
Қазақстандағы аймақ туризмінің дамуы және қалыптасу тарихын зерттеу бүгінгі Отан тарихының өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Білім және тәрбие жағына да әсер ететін бұл пәннің мәні зор болғанымен, өлкетану пәнінде туризм бағыты аз қолданылады.
ХХІ ғасыр ғылым мен технология заманында тек бір жақты теориялық білім беру студент үшін жеткіліксіз екенін көруімізге болады. Cтуденттің танымдық іс-әрекетін арттыру мақсатында тәжірибелік бағытына да жеткілікті көңіл аударуымыз керек. Көру, қызығушылық таныту арқылы тыңдау, ынта негізінде қабылданған білім ғана жас жеткіншекті тұлғалық дамуға апаратын негізгі бір жол болып табылады. Егер өлкетану пәнін оқытуда алдыға мақсат қоя отырып, жүйелі ұйымдастыра білсе, оның білімдік, танымдық, дамытушылық және тәрбиелік маңызы ерекше. Әсіресе, ішкі туризмді дамытуда тарихи мәдени орындарға, мұражайларға бару, тарихи маңызы бар туристік нысандарға саяхат жасау арқылы, деректерді жинау, оны тиімді пайдалану білім алушылардың тарихты жаңа бағыт тұрғысынан пайымдауға, ғылыми негізде түсінуіне мүмкіндік тудырады.
Достарыңызбен бөлісу: |