№3 дәрістің тақырыбы: Мәтін лингвистикасының тарихы
1. Мәтін лингвистикасының тарихы.
2. Мәтін лингвистикасының зерттелуі.
Дәрістің мақсаты: Мәтін лингвистикасының даму тарихымен таныстыру.
Мәтін мәселесі қазақ тіл білімінде толық мәнінде әлі зерттеу объектісі болған жоқ. Оны зерттейтін мәтін лингвистикасы, мәтін теориясы дейтін ілімдер орыс, шет ел білімінде соңғы 20 – 30 жылдар аясында ғана қалыптасты.
Мәтін лингвистикасының теориясы 1960 жылдары қалана бастады (П. Хартман, Э. Харвег, З. Шмид). 1970 жылдарға дейін мәтн құрылымдық жағынан қарастырылса, ал кейін мәтінді коммуникативтік процесс ретінде зерттеу көрініс бере бастады.
Тіл білімінде мәтін лингвистикасы ХХ ғасырдың соңғы ширегінде қарқынды дами бастады. Мәтін лингвистикасына қатысты И.Р. Гальперин, С.И. Гиндин, З.Я. Тураева, Л.Г. Бабенко, А.А. Залевская, Г.Я. Солганик, Ю.А. Левицкий т.б. ғалымдардың еңбектері жарық көрді. Олардың зерттеу еңбектерінде мәтіндегі прагматика мен интонация, мәтін құрылымы, көмекші сөздердің ерекше жұмсалуы, мәтіндегі ұсақ тілдік бірліктер (фонема, морфема), мәтіннің жалпы құрылысы, мәтін типологиясы т.б. мәселелер жайында сөз қозғады.
Қазақ тіл білімінде көркем шығарма тілін зерттеу жалғасы үзілмей келе жатқан іргелі сала. Ол ілімнің іргетасы Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, М. Балақаев еңбектерінде қаланды.
Кезінде Л.В. Щерба мектептер мен гимназияларда әдебиет пәнін оқытудың жайына көңілі толмай, өз сабақтарында әдебиетті талдаудың жаңа әдіс – тәсілдерін қолданған болатын. Оны өзі былай түсіндіреді: «әдеби шығарманың идеялық және сонымен байланысты эмоционалдық мазмұнын бейнелейтін тілдік құралдарды көрсету».
Көркем мәтінді лингвистикалық талдау пәнінің нысаны – көркем шығармадағы тілдік құралдардың көркем мазмұнды бейнелеуге қатысы. Көркем мәтінде қолданылған тілдік құралдардың мәнін ашып түсіндіру, сол арқылы түпкі нәтижеге, яғни көркем туындының көркем бейнелі болмысын түсінуге қол жеткізу – курстың басты мақсаты.
Көркем мәтінді талдау үшін қазақ әдеби тілінің жүйесін жетік білуі шарт. Қазақ әдеби тілінің қазіргі нормалық құрылысын, тарихын, болашақ даму тенденцияларын білмейінше, көркем шығарма тілін талдау мүмкін емес.
Көркем әдебиет мәтіні әдеби тілде жазылса да, көркем шығарма тілі мен әдеби тіл арасында принципті ерекшеліктер бар. Олардың ең бастысы әрқайсысының атқаратын қызметінен туындайды. Әдеби тіл коммуникативтік қызмет атқарып, адамдардың күнделікті қарым – қатынас жасауының құралы болса, көркем шығарма құрылымына түскенде ол басқаша қырынан көрінеді. Өзінің белгілі құралдары арқылы оқырманның сезіміне әсер ете отырып, ол эстетикалық, көркемдік қызметте жұмсалады. Соған сәйкес әдеби тіл нормасы мен көркем әдебиет тілі нормасы арасында да ерекшелік болады. Әдеби тілде нормаға жатпайтын тілдік дерек өнер туындысында жазушының алдына қойған мақсатына сай келіп, эстетикалық қызмет атқарып тұруы мүмкін.
Көркем сөз сыртқы тұлғасы жағынан да, ішкі мазмұны жағынан да ерекше ұйымдасқан эстетикалық құрылымға ие. Көркем мәтінде тілдік құралдардың мағыналық жағын айтпағанда, дыбыстық ұйымдасу жағы, сөздердің бір – бірімен байланысы, орын тәртібі, дауыс кідірісіне дейін үлкен мәнге ие болып тұрады. Оның себебі өзінің поэтикалық деңгейінде тіл белгілі бір мазмұнды сырттай бейнелеуіш қана болып қалмайды, ал барлық мән – мағынасымен, ішкі- сыртқы болмысымен образды мазмұнының өзіне оның құрамды элементіне айналады. Басқаша айтқанда, тілдік таңба көркем әдебиетте мазмұнды формаға ауысады.
Сөйтіп, көркем шығарма тілі – күрделі, қыры мен сыры мол құбылыс. Өзінде тілдегі дәстүрлі қалыпқа сай келе бермейтін көптеген ерекшеліктерді де қамтиды. Сондықтан көркем мәтінді лингвистикалық талдау, бір жағынан әдеби тілдің тарихи ерекшеліктерін ескеруге, екінші жағынан, жалпы тілдік фактілер мен авторлық даралық құбылыстарды айқын ажыратып дұрыс бағалай білуге негізделеді.
Бақылау сұрақтары:
Мәтін лингвистикасы теориясының негізін қалаған ғалымдар?
Қазақ тіл білімінде мәтін лингвистикасын зерттеген ғалымдар?
Достарыңызбен бөлісу: |