Абылай хан әулеті



Дата24.02.2016
өлшемі83 Kb.
#17417
АБЫЛАЙ ХАН ӘУЛЕТІ. Абылайдың 12 әйелінен 40 қызы, 30 ұлы болған. Ұлдарының бізге белгілілері: Сағындық — Шуақбай атты қарақалпақ бегінің қызы Сайман ханымнан: Уәли, Шыңғыс, Әділ, Есім; Қашқар бегі Кенже сарттың қызы Бабақ ханымнан: Шеген, Рүстем, Оспан, Сыздық, Әбітай, Әбділдә; Қалмақ ханы Қалдан Сереннің туысы Хошу мерген ноянның қызы Топыш ханымнан: Қамбар мен Қасым; Сарғалдақ қожаның қарындасынан: Тоқ, Қосым, Арық; Атығай-Қарауылдың қызы Тоқта ханымнан: Сығай, Тағай, Сүйік, Әли, Құлан, Тоғым; Орыс сұлудан (тұтқын) — Шама; басқа әйелдерінен: Ғұмыр, Байыр, Жәңгір, Сыпатай. Абылай хан 1781 жылы қайтыс болғаннан кейін үлкен ұлы Уәли (1738 — 1819) орнына хан болып сайланды. Уәлидің тұлғасын оның Орынбор губернаторы генерал Рейнсдорпқа (1774 жылы, 2 маусым) жазған хаты аңғартады: “Жоғары мәртебелі сіздің Шынаят мырза арқылы жіберген хатыңызды алдық, тек әкем — Абылай хан орнында болмады, ол қалың қолмен сырттағы жауға аттанған еді, жауымыздың тас-талқаны шығарылғандығы жайлы хабар алып отырмыз. Ал мұндағы елді оның орнына мен басқарып отырмын. Сіздер де қандыбалақ қарақшыны ұстапсыздар (Е. Пугачевті. — редактор), бұл хабарды естіп мен қуанып қалдым. Себебі Ұлы мәртебелі императордың біз жауына жау, досына доспыз ғой!”. Орыс бақылаушысы Чучалов Уәли туралы: “Уәли әкесі Абылай сияқты өркөкірек, алған бағытынан қайтпайтын қайсар, әрі құбылмалы. Ол мені бір-ақ рет қабылдады. Бұл қылығын: “Әкем де Ресей жақтан келгендермен бір-ақ рет кездескен еді,” — деп дәлелдеді” — дейді (Казахско-русские отношения в XVІІІ-XІX веках, А., 1964, 106-б.). 1782 жылы 25 ақпанда ІІ-Екатерина Уәлиді Орта жүздің ханы етіп бекіту туралы әмір еткен грамотаға қол қояды. Сол жылы 2 қарашада Петропавловск бекінісінде Уфа мен Симбирскінің генерал губернаторы Якобийдің қатысуымен Уәлидің таққа отыру және ант беру рәсімі өткізіледі. Уәли хан Ресейдің қазақ хандығында жүргізген империялық қитұрқы саясатына тосқауыл болуға тырысты. Деректер Ресей билеушілерінің ел ішінде ханға наразы күштер болса жасырын қолдап, керек болса ақша да беріп, ұшқынды өртке айналдырып отырғанын айғақтайды. Орта жүздің Кіші жүзбен, Ұлы жүзбен ағайындық, туыстық, мемлекеттік байланыстарын үзіп, араларын алшақтатуға тырысқан. 1781 жылы Ресейде Кіші жүздің ханы Нұралы мен Айшуақ сұлтан тұтқынға алынғанда Уәли хан бұған наразылық білдіреді. Ханның бұл әрекетіне Орынбордың генерал губернаторы барон О.Игельстром төмендегідей жауап береді: “Жоғары дәрежелі хан, Ұлы мәртебелі императрица Сізге тек қана Орта жүзді билікке берді, ал қазақтың Кіші жүзінің ісі, ондағы жағдай Сізге мүлдем тапсырылмаған болатын” (Материалы по истории Казахской ССР, 4-т., М.-Л., 1940, 102-б.). “Аңдыған жау алмай қоймайды” дегендей, Уәли ханның көзі тірісінде 1815 жылы Орта жүзде тағы бір хан сайланады. Ол — Кіші жүздің ханы Әбілқайырды өлтірген Барақ сұлтанның ұрпағы Бөкей еді. Уәли ханның 14 ұлы болған: Ғұбайдолла (Абайділдә), Есім, Тәуке, Ғаббас (Аббас), Жошы, Төрежан, Әбілмәмбет (Мәмке), Хамза, Шыңғыс, Абылай (Әбен), Шеген (Шепе), Әлі (Әлжан), Қанқожа, Бегалы. Ғұбайдолладан Болат, одан Сұлтанғазы (Шоқанның замандасы, Омбы кадет корпусын бітірген, генералмайор) туады. Уәли хан өлген соң оның тұңғыш ұлы Ғұбайдолла хан сайланады, бірақ патша үкіметі бұл шешімді бекітпейді. 1823 жылы қытайлықтар Ғұбайдолланы хан деп таниды. Ресей қазақ хандығын тарату мақсатымен 1822 жылы Жарғы қабылдап, Қазақстанда сыртқы округтер ұйымдастыра бастаған тұста Ғұбайдолла Көкшетау округінің аға сұлтаны болып тағайындалады, оған медаль беріліп, шапан жабуға шешім қабылданады. Ғұбайдолла бәрінен де бас тартады. Туысы — Қасым сұлтанның баласы Саржанмен ойы бір жерден шығып, Ресей империясының қысымына қарсылық көрсетті. 1824 жылы Қытаймен байланыс орнатуға әрекеттеніп жүргенде, сотник Карбышевтің отряды Ғұбайдолланы Баянауылда (90-ға жуық сұлтан-билерімен бірге) ұстайды. Кейін ол Сібірге, Березовкаға жер аударылады. Уәли ханның ұлы Шыңғыс (1815 — 1905) 40-жылдан астам уақыт аға сұлтан болған, полковник, ресми түрде орыс дворяндарының санатына қосылған. Әйелі — Шорман бидің қызы Зейнеп. Шыңғыс пен Зейнептің 7 ұлы, 6 қызы болды, оның атақтылары: Шоқан (Мұхаммед-Қанафия, 1835 — 65), Мақы (Әбіл-Мақыжан, 1845 — 1916), Махмед (Омбы кадет корпусын бітірген, 1849 — 1916), Қозыке (Сақыпкерей, 1854 — 96). Шоқан небәрі 30 жыл өмір сүріп, қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырды. Оның ғылымның әр саласында жазған еңбектері ойының тереңдігімен, тарихи деректерді айшықты талдау-таразылауымен, ұшқыр түйінімен күні бүгінге дейін маңызын жоймай келеді. Шоқанның інісі Мақы талантты өнер иесі — суретші болған. Ол француз суретшісі Лежемен бірге “Орнаменты всех времен и стилей” (СПб, 1890) атты зерттеу шығарған. 1876 жылы Санкт-Петербургте өткен ориенталистердің көрмесінде Мақының қолөнер бұйымдары алтын медаль алды. Ол Саумалкөл, Тораңғұл елді мекендері үшін қоғамдық үйлердің жобаларын жасады. Г.Н. Потаниннің айтуынша: “орыс қоғамында Мақыны құрмет көрсетіп қарсы алады екен, оны биік тәрбиелі жүріс-тұрысы әрі ақжарқын мінез-құлқы үшін жақсы көретін”, (Ч.Ч. Валиханов. Собр. соч., 4-т., А., 1985, 241, 290-б.). Шоқанның тағы бір інісі Қозыке — нәзік сезімді сазгер, Ақан серінің досы болды. Оның шығарған “Керқұнажын”, “Көкшетаудың биігі” т.б. әндері әншілер репертуарынан түспей келеді. Қозыке туындыларының ішіндегі ең асқағы, саздысы әрі әсерлісі — “Топай көк” әні. Оны біздің заманымызға атақты әнші Жарылғапберді жеткізді. Бұл әннің тылсым қасиетін М. ӘуезовАбай жолы” романында шабытпен суреттейді. Шыңғыстың Махмед атты баласы 1916 жылы ұлт-азаттық соғыс кезінде ақтардың қолынан қаза тапты. Абылай ханның ұрпақтарынан аты әйгілісі — Қасым сұлтанның үрім-бұтағы. Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күресіп, елін, жерін қорғауға бар күш-жігерін, ақыл-ойын жұмсаған, ақыры сол жолда жанын қиған Абылай ханның ұлы Қасым және оның балалары Саржан, Есенгелді, Кенесары һәм Наурызбай болды. Қасым сұлтанның батырлығы, ер-жүректігі, еліне деген шексіз махаббаты, тар жол, тайғақ кешудегі табандылығы әкесінен дарыған. Қасымның біртуар бейнесі оның Батыс-Сібір генерал-губернаторы Капцевичке (17.09.1824 жылы) қатаң талаптар қойып жазған хатынан айқын аңғарылады: “... Сіз менің мына сұрақтарыма жауап берсеңіз екен: 1) Сіздер неге біздің халыққа қысымшылық жасап отырсыздар? 2) Біздің жерде неге бекіністер салынып жатыр? 3) Суымызға неге ау құрылған? 4) Орыстар иемденіп жатқан көлдерден неге қазақтарға тұз алуға болмайды? Осының бәрі кімнің бұйрығымен жасалып отыр? Менің әкем мен ағам Уәлидің мұрагері, хан болып сайланған Ғұбайдолла серіктерімен бірге зорлықпен ұсталды. Ғұбайдолла Ресейге қандай қиянат жасаған екен? Маған айтыңыздар! Ал, қазақтарға жамандық жасаса, анығын білу өзіміздің де қолымыздан келеді. Егер менің бауырымның не істегенін ашып айтпасаңыздар, бізге өкпелемейсіздер, сәті түскенде жауапқа тартамыз. Біздің қол астымыздағы, сіздерге бодан болмаған қазақтарға жамандық жасамаңыздар, себебі, әкем Абылай хан мен мемлекет басшысы императрица арасындағы бейбіт келісімде шекара көрсетілген. Егерде біздің жердегі салынған бекіністер жойылмаса, қазақтарға деген қастандық тоқталмаса — бұл жағдайда ренжімейтін боласыздар. Ресей жерін алатын болсақ, оған байланысты біздің арам ниетіміз жоқ. Ал, енді, сіздер бізге қарсы соғыс ашатын күнде, біз қарап отыра алмаймыз, Ресей тарапынан жасалған түрлі алдау, арбау және қастандыққа көнетін шамамыз жоқ. Сөз боп отырған мәселелер жайындағы ойларыңызды маған дереу хабарлаңыз” (Казахско-русские отношения в XVІІІ-XІX в., А., 1964, 215-б.). Қасым батыр балалары Саржан, Есенгелді, Әлжанмен бірге қару, оқ-дәрі жиып, келіссөз жүргізіп жүрген кезде қоқандықтардың сатқындығынан мерт болды. Одан кейін тарих сахнасына Қасымның батыр ұлдары Кенесары мен Наурызбай шықты, он жыл бойы Абылайдың ақ туын қолдарынан түсірмеді. Өздерінің үндеулерінде Абылай заманында “қазақтар еркін, бейбіт өмір сүргенін” үнемі еске салып отырды. “Кенесары өзі бастаған сарбаздар қолын, асықтай үйіріп, тыңдата білді. Олардың биік рухына Еуропа әскерінің кез келген қолбасшысы қызғанышпен қарар еді” — деп жазды Н.Середа (“Вестник Европы”, СПб, 1870). Хан Кене әкесінің жолын қуды, қозғалысының басты арнасы азаттық пен тәуелсіздік болды. Патша үкіметінің өкіліне жазған наразылық хатында Кенесары: “Бабамыз марқұм Абылайдан мұраға қалған жерлер: Есіл-Нұра, Ақтау, Ұлытау, Қарқаралы, Қазалық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Аққайың, Тұзақтан бастап Оралға дейін, тақта отырған патша тұсында бізден тартып алынып бекіністер салынды. Қазір де, атамекен жеріміз күн сайын тартып алынуда, бекіністер салынып халық қан қақсауда. Бұл жай тек болашағымыз үшін емес, бүгінгі, күнбе күнгі тіршілігімізге де қауіпті”. Кенесарының ұлы Сыздық (1839—1910) сұлтан да ата жолынан айнымай бар ғұмырын ел бостандығына арнады. Тарихшы Н. Павловтың айтуынша: “Тұрандағы аса ірі тұлғалардың бірі болып табылатын даланың осынау жаужүрек ұлының бойына бізге деген өшпенділік ана сүтімен сіңгендей еді. Сыздықтың сирек кездесер оқшау бір ерекшелігі — атақ, мансап, қадір-құрмет іздемегендігі”. АБЫЛАЙ ХАН ӘУЛЕТІнің шежіресінде Әділ сұлтанның үрім-бұтағының алатын орны бөлек. Хан Абылай баласы Әділді Қытай империясына аманат етіп жіберген (Ч.Ч.Уәлиханов. Собр. соч., 1-т., А.,1961, 428-б). Қытайдан еліне қайтып келген Әділ Жетісуда тұрып, Ұлы жүздің сұлтаны атанды. 1815 жылы Ташкенттің түбінде қайтыс болды. Әділдің Абылай (Құлан), Ғали, Ералы, Нұралы, Бегалы, Тінәлі, Төлек, Мамырхан, Тәуке, Қайып, Көшен және Сейілхан деген ұлдары Ұлы жүздің Дулат, Албан, Жалайыр, Шапырашты, Суан руларын биледі. 1823 жылы бұлардың бәрі Сүйін Абылайхановтың артынан Ресейдің билігіне көшті. Әділ ұрпағының ең атақтысы Тезек төре (1821 — 79) болды. П.П.Семенов-Тянь-Шанскийдің айтуынша ол: “Ұлы жүз сұлтандарының ішіндегі ең ержүрек әрі алғыр адам, қазақтың кең даласына тегіс танымал кісі” болған. АБЫЛАЙ ХАН ӘУЛЕТІнің кейінгі ұрпақтарынан елге белгілерінің бірегейі — тарихшы Ермұхан Бекмаханұлы Бекмаханов (1915—66). Ол Уәлиханның Тәуке деген баласының ұрпағы (Тәукеден Жанбөбек, одан Беген, одан Бекмахан, одан — Ермұхан). Бекмаханов 1947 жылы жарық көрген “Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында” атты монографиялық еңбегі үшін қуғынға ұшырап, түрмеге қамалды. Оның бар “кінәсі” — ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі Кенесарыға берген әділетті бағасы еді. Ермұханның қызы Нәйла Бекмаханова — тарих ғылым докторы, профессор, беделді ғалым. Кезінде Алашорданың өкіметі — Халық Кеңесінің мүшесі болған, саяси қуғынның құрбаны Әзімхан Ахметұлы Кенесариннің ұлы КСРО-ға еңбек сіңірген геолог, геология-минерология ғылымының докторы, гидрогеолог., Өзбекстан Ғылым Академиясының мүше-корроспондент Нәтай Әзімханұлы Кенесарин (1910 — 75) бабасының атын алып жүргені үшін жапа шекті, ғылымға сіңірген еңбегі еленбей, Қазақстаннан қуылды. Әзімхан Кенесариннің отбасынан өрбіген Мұхамедхан (1912 — 80), Хамида (1914 — 78), Мадияр (1918 — 65), Тәуке (1927жылыт.) балаларының, биологтар Напуса (1930), Гаухар (1943), философтар Баян (1934), Раушан (1937), Анатолий (1947) Кенесариндердің, сондай-ақ Ғабит (1921), Гүлжанат (1938), Нэль (1940), Болат және Едіге (1945) Уәлихановтардың Қазақстан ғылымына қосқан өз үлестері бар. Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылым докторы, профессор Шәкір Ыбыраев (1950жылыт.) — Кенесарының ағасы Бопының немересі. Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Шотаев Аман (1943) — Абылайдың ұлы Әділдің ұрпағы (Әділден — Төлек, одан — Сәтемір — Шота — Ілияс — Нұғыман — Аман) жануарлар генетикасы, селекциясы және морфологиясы саласындағы белгілі ғалым. Ол қазақтың мол етті кроссбред жүнді қойының авторы. Аманның ағасы Шернияз Нұғыманов (1941) агроном-экономист, інісі Арын Нұғыманов (1941) — танымал дәрігер-хирург. Қазақстан Республикасы-ның еңбек сіңірген архитекторы, Мемлекет сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Елтаңбасының, Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің және 20-ға жуық ескерткіштердің авторы Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихан (1932) — Шоқанның інісі Мақының немересі. Абылайдың ұлы Сығай, одан — Байғара, одан — Бексұлтан, одан — Иманғали, одан — Әнуарбек. Әнуарбекұлы Әбілқайыр Бексұлтанов (1943) — өндіріс жаңашылы, ауыл ш. ғылым кандидаты. А.ә-нен Ыдырыс Мақыұлы Уәлиханов (1884 —1960) — Троицкінің Расулия медресесін бітірген, 50 жылдан астам мұғалім болған, Ахметқазы Қазыкемелұлы Шотаев (1909 —92) — Абылайұлы Шегеннің ұрпағы, Қазақ КСР-не еңбегі сіңген педагог әрі мүсінші Қаусыл Жәкіұлы (Қазан университетін бітірген), Жанғали мен Хайролла Құлышұлдары, Құжжат Нұрышұлы Уәлиханов (1916 — 89) — саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, 10 жылын айдауда өткізген математика пәнінің мұғалімі, Ажар Ешманқызы, Татухан Абылайханов сияқты ұстаздар, Әділ Маратұлы Шотаев Санкт-Петербург көркемсурет академиясын бітірген мүсінші, Арыстан Құжжатұлы Уәлиханов талантты сәулетші (1955), Кенесарының Әбубәкір атты ұлының шөбересі, ұстаз әрі домбырашы Файзолла Үрзімов сынды өнер қайраткерлері, Кеңестер Одағының Батыры Александр Гаврилович Моисеевский сынды генерал шықты.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет