«Байтұрсынов жазуы»
Ұлағатты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туған тіл туралы өзекті мақалаларында: «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. …Біздің заманымыз – жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деп жазған екен. Шындығында, ол қазақ әліпбиін түзеп, түрлеудің, ана тілінде оқулықтарды жазудың мәні зор екенін , ұлт тілінің келешегі үшін күрескен кемеңгер. Кемеңгерлігі сол, әркімнің тіліне еріп, адасып жүрген жұртына «Қазақ әліпбиін» тайға таңба басқандай жасап берді. Ахмет түрлеген әліпбиді күллі түркі жұрты, сонымен бірге орыс ғалымдарының «…енді түзетуді қажет етпейтін, тарихи тұрғыдан алғанда кемелденген, жетілген ұлттық графика» деп бағалағаны тарихи шындық.
Ахмет Байтұрсынұлы өз заманының ағысына қарсы тұра білген қайраткер. Қазақ халқының рухани көсемі болып, болашақтың жарық, тыныш, көк аспан астында өмір сүруіне өзінің ақылын арқау еткен. Өз достарының алды бола білген Ахмет өткір, алмас қылыштай адамның ойын осып өтетін сөздерімен өлең арқылы ой-сезімін білдірген. Қазақтың қазақ бола білуіне кеудесіндегі жанын да аямаған. Қарусыз-ақ сөзбен адам өлтіретін Ахмет қазақ елінің келешегін тәуелсіздікке жетелеген халықтың рухани жетекшісі. Халық үшін, халықтың мәдени-әлеуметтік болмысын көтеру үшін қызмет еткен.
Қазақ әліпбиінің атасы – Ахмет Байтұрсынұлы ұлт әліпбиін негіздегенде алдымен оның дыбыс өлшемін, яғни қазақтың сөйлеу мақамындағы дыбыс санын анықтаған. Әлбетте, ол сол кезгі қазақ тіліндегі ұғым-танымдар өресіндегі сөз қолданылысына, яғни тұтынудағы сөз қорына байланысты болатын. Белгілі бір атауларды атап, танымдарды түсіндіре алатын сөз қолданыстарының жиынтығындағы дыбыстар түзілімі – мағына құрайды. Қажет болған жағдайда, бұл дыбыстарды морземен де, эсперантомен де, тіпті сан түрінде де бейнелеуге болады. Алайда, бұлар әліпби болып шықпайды, орайға қарай шартты қолданыс түрлері ғана. Бұлар ұлттық ерекшеліктері жоқ, бұқаралық емес, шектеулі қолданыстағы жазу түрлері.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің өзіне дейінгі хат тілін де, халық әдебиетін де, сөйлеспелі сөз қолданылысын да зерделей келе, Қазақ тілінде 24 түрлі дыбыс бар. Оның бесеуі дауысты, он жетісі дауыссыз, екеуі жарты дауысты… Бұл дыбыстардың ішінде қ һәм ғ ылғи жуан айтылады. К мен г һәм е ылғи жіңішке айтылады. Өзге 19 дыбыстардың әр қайсысы бірде жуан, бірде жіңішке айтылады. Егерде бұл 19 дыбыстың жуан айтылуы үшін бір белгі, жіңішке айтылуы үшін бір белгі керек десек, .. онда 19 дыбысқа 38 белгі керек болар еді. Бұған дайым жуан айтылатын қ мен ғ-ны қосқанда, дайым жіңішке айтылатын к мен г, е-лерді қосқанда, бәріне 43 белгі (харіп) керек, – деп анықтай келе, араб таңбасының қазақ дыбыстарына жеткіліксіздігіне байланысты 38 белгі қажет ететін жуанды-жіңішкелі 19 дыбысқа айырымдық дәйекші белгісін қолдана отырып, 19 таңба үнемдейді. Сөйтіп, жіңішкелік үшін жалғыз ғана белгі алып, 43 түрлі дыбысты 25 белгімен дұрыстап жазуға болады, – деген қорытындыға келіп, осы негізде тұңғыш қазақ әліпбиін жасайды.
Қазақ тілін ана тілімізде тұңғыш зерттеуші Ахмет Байтұрсынұлы өзінің алдына жүйелі бағдарлама қойғанға ұқсайды: ол әуелі қазақтың ұлттық жазуын графикасын жасауды мақсат еткен, бұл үшін араб алфавиті негізіндегі «Байтұрсынов жазуы» (Төте жазу) дүниеге келген, екінші – сол жазумен сауат аштыруды ойлаған, бұл үшін «Оқу құралы» атты әліппе оқулығын жазған, одан соң қазақ тілінің грамматикалық құрылымын ана тілінде талдап беру мақсатын қойғаң бұл үшін «Тіл құралды» жазған.
Достарыңызбен бөлісу: |