Айқын. – 2012. - №189.-9 қазан
Бұқарқызы Х.
Ақпаратқа қолжетімділік арта түсті
Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері бұдан былай жоғары жылдамдықтағы ғаламтор желісімен жұмыс істейтін болды. Ал жатақханада тұратындары сабақтан тыс уақытта интернет үшін оқу корпусына барып әуре болмайды. Ғаламтор желісіне жатақханадағы бөлмесінен де «кіре алады». Олар республика аумағында тегін телефон байланысына да қол жеткізіп отыр. Студенттерге бұл сыйлықты жасаған - университет басшылығы мен «Астанателеком» қалалық телекоммуникациялар орталығы.
Айта кетейік, жуырда ғана С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті мен «Астанателеком» қалалық телекоммуникациялар орталығы бірлесе отырып қолға алған кампустық желі құрылысы аяқталды. Бұл жоба заманауи инфокоммуникациялық технологиялардың оқу үдерісіне, ЖОО қызметкерлерінің жұмысына, студенттер мен оқытушылар ұжымының өміріне кеңінен енгізілуіне мүмкіндік беріп отыр. Осылайша, «Астанателеком» ҚТО 50 Мбит/с жылдамдыққа дейін жететін кең жолақты интернет желісіне қатынауды қамтамасыз етіп, ҚазАТУ-дың төрт студенттік жатақханасында және екі оқу корпусында 500 iD TV және iD Phone қызмет нүктелерін қосты.
Аталған технологиялар әмбебаптығымен және оқу процесінде қолданылатын әртүрлі ақпарат түрлерін - дауыс, бейнеақпарат, мультимедиа және телеметриялық ақпаратты бір уақытта жеткізу қабілетімен ерекшеленеді. Тосын сыйға қатты қуанған студенттер бұл оқиғаны бөле-жара атап өтті. «Астанателеком» басшыларына алғыстарын шағын концерт ұйымдастыру арқылы білдіруді жөн көріпті.
«Астанателеком» ҚТО бас директоры Ермек Қуанышбековтiң айтуынша, компания ұдайы қызмет ауқымын кеңейту және технологиялық жаңалықтарды енгізу жұмыстарын жүргізіп келеді. Соның ішінде білім беру саласына инновациялық технологиялардың енгізілуі жаңа мүмкіндіктерді ашып, отандық білім сапасын көтереді деген сенімде. «Бүгінде компьютер қалам, қағаз сияқты кеңселік тауарға айналып келеді. Ал интернет желісіне қосылған компьютер студенттің жұмысына пайдалы. Сол себепті интернет нүктелерін жатақханаларға да орнаттық. Бұл оқу орнында шалғайдан, республиканың өзге өңірлерінен келіп оқитын студенттердің уақыттарын тиімді пайдалануына мүмкіндік береді. Сол балалар ата-аналарымен, бауырларымен жиі хабарласып тұрсын деп iD Phone телефон желісін де орнаттық» дейді Е.Қуанышбеков.
ҚазАТУ-дың экономика факультетінің 2-курс студенті Ақжол Мұстафин:
- Біз жылдамдығы жоғары интернеттің арқасында қажетті мәліметтерге қол жеткіземіз. Жаңалықтарды біліп отырамыз. Уақытты да үнемдейміз. Телефонның да игілігін көре бастадық, - дейді ағынан жарылып.
Бүгінгі таңда 9 мыңнан астам студент білім алып жатқан агротехникалық университеттің ректоры Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, бұл жоба жаңа технологияларды қолдану тәжірибесі, ақпаратқа қолжетімділік және білім алмасу есебінен болашақ мамандарды дайындау деңгейін көтеруге зор ықпалын тигізеді. «Заманауи техника студенттеріміздің негізгі мақсаттарына жетуде, өз саласында білікті маман болу жолында белсенді қолданылуы тиіс. Бұрын интернет жылдамдығы секундына 9 Мбит болса, қазір 50 Мбитке көтерілді, алдағы уақытта 100 Мбитке шығады. Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі таңда әлемдегі болып жатқан жаңалықтар бірінші кезекте ғаламторда ағылшын тілінде жарияланады. Ал біздің оқу орнында үш тілде дәріс жүргізіледі. Сондықтын студенттеріміз интернет арқылы ағылшын тіліндегі мәліметтермен еркін танысатын болады» дейді ректор.
Айта кетерлігі, «Астанателеком» ҚТО алғаш рет осыған ұқсас жобаны 2010 жылы Лев Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеті негізінде енгізгенді. «ENU.NET әлеуметтік студенттік желісі» жобасын жүзеге асыру барысында ЕҰУ студенттік үйлерінде 850 «iD Phone» + «iD TV» қызметтер топтамасы қосылып, интернет желісіне жоғары жылдамдықта қатынау қамтамасыз етілген болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |