Айқын. – 2013.№65. – 13 сәуір Дәулетұлы Б. Асық атып, ақсүйек ойнады



Дата30.06.2016
өлшемі14.8 Kb.
#168197
Айқын. – 2013. -№ 65. – 13 сәуір

Дәулетұлы Б.



Асық атып, ақсүйек ойнады

Елордадағы бірден-бір іргелі оқу орны - С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті соңғы жылдары өзінің ерекше бастамаларымен көзге түсіп жүр. Бұл жолы да 12 сәуір - Ғылым күні мен Ұлыстың ұлы мерекесі - әз Наурызды орайластырып өткізіп, қара шаңырақты шаттыққа бөледі.

Оқу ордасы мұндай сәтті шешімге кенеттен келмепті. Алдымен наурыз айының басында «Қыз сыны» және «Жігіт сұлтаны» байқаулары ұйымдастырылып, қазақтың аруы мен ер азаматына тән қасиеттер жастардың арасыңда насихатталған. Талғамы мен танымы, ажары мен ақылы келіскен Ажар Сыздықова мен қайраты мен қабілеті барлығынан асып түскен Абылайхан Аппазханды марапаттау да осы күнге белгіленіпті. Одан кейін Наурыз мейрамын атап өту бойынша факультеттер өзара сайысқа түскен. Тіпті ұлық мерекедегі жаңару, жандану, тазару дейтін ұғымдарды ұштастыру үшін «Үздік жатақхана» байқауын да қолға алып, он мың студенттің арасында сұрау салумен оны да анықтапты. Қазақы жыл басын жай бір күнмен өткізуді қаламай, маңызын арттыруға ерекше мән берген университет ректоры, про­фессор Ақылбек Күрішбаев «Керуен» тарихи қойылымынан соң сахнаға көтеріліп, жүлдегерлер мен жеңімпаздарды марапатады.



600 студенті «Қаражорға» биін билеген оқу орны жыл сайын Ұлыстың ұлы күнінде ұмытыла бастаған ұлттық дәстүрлерді қайта жаңғыртуға ұмтылып жүр. Айталық, өткен жылы «Сәукеле кигізу», «Ат тергеу», «Ашамайға мінгізу» сынды өзге ұлт өкілдері тұрмақ, өзіміздің қарақөздер ұмытып кеткен салттық ғұрыптарды көрініс етіп көрсетіпті. Ал кеше бір топ студент пен журналистен топ құрап, асық атудан өзара сайысқа түсуге мүмкіндік тудырды. Қала баласы күн сайын көретін ойын болмағандықтан ба, әйтеуір жиналған жұрт ойыншыларды таптап өтердей алға ентеліп, шулады. Біреуге қызық, біреуге таңсық көрінген асық атудың пайдасы мен тәртібін сұраушылар көп. Мергендік пен ептілікті, сергектік пен ширақтықты қалыптастыратын ойынның ережесін елге насихаттаса, тәп-тәуір бұқаралық спортқа айналғалы тұр. Ал көңілді тапқырлар клубының бір топ сайыпқыраны айтулы мейрамның қызығы мен қуанышын сезінген жастарды кешкілік ақсүйек ойынына шақырып жатты.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет