Айыптау журналист аузымен айтылмауы тиіс



Дата02.07.2016
өлшемі49.05 Kb.
#172014

Айыптау журналист аузымен айтылмауы тиіс




Қазақстан Республикасының Конституциясында, «БАҚ туралы» заң мен ҚР Азаматтық кодексінде мемлекеттің басты құндылығы Адам екендігі, оның құқықтары мен бостандықтарының бірінші кезекте тұратындығы айтылады. Қазақстанда өткізіліп жатқан кез келген халықаралық келелі жиындарда Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет екендігі, жеке адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтыны, ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайтыны, мұндай елдегі ақпарат кеңістігі де жариялы, азат, объективті екендігі жиі сөз болады. Бірақ, Жаңаөзен оқиғасы жоғарыда аталған көп мәселеге күдікпен қарауымызға себепші болды.

Ел трагедиясына айналған Маңғыс­тау өңіріндегі жағдайды жедел халыққа жет­кізуге отандық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса кірісті. Алайда, жекелеген арна, интернет портал мен басылым журналистері «БАҚ туралы» заң­да көрсетілген журналист құқықтары мен міндеттері мәселелерінде асыра­сілтеушілікке жол беріп, журналист этикасын естен шығарды. «Ел аман, жұрт тынышта» ақылы тасып жүретін кейбір әріптестер осы жолы «БАҚ туралы» заңның 5-тарауы 20-бабында көрсетілген «Журналист алынатын, та­ратылатын ақпараттың дұрыстығын тексеруге міндетті» ұстанымын ұмытса керек. Мәселен, Хабар арнасының «Жеті күн» ақпараттық сараптама бағ­дарламасы: «...Балалардың көз ал­дында бассыздық жасаған құтырған тобыр әр ұлттың ішінде өз сілімтіктері бар деген сөздің рас екенін тағы бір дәлелдеді», «қала тұрғындары аран­датушылардың барлығы есірткі шегіп алған деп отыр. «Құтырған иттер» жалпы алғанда, 46 нысанды, 20 автокөлікті өртеп, тона­ды. Соның ішінде «Өзенмұнайгаз» директорының үйіне де өрт қойды» («Азаттық» радиосы), – деген «қарғап-сілеуге» толы ақпаратты республика аймақтарына жария етіп үлгерді. Отан­дық өзге телеарналар мен интернет порталдар, кейбір басылымдар «Бұ­зақылар, басбұзарлар, маскүнемдер мен нашақорлар» деген мәтінді жарыса жазысты. 


«Қазақстан-Zaman» газетінің бас директоры Ахмет Аляз көпшілікке жаңалықты біржақты таратудың кәсіп­тік этикаға жат­пайтындығын айтады. «Мен Қазақ­стандағы біраз ақпарат көздерін жіті қадағалап отырмын. Ара­сында «бас­бұзарлар, бұзақылар, алқаштар» дегендей айыптауларды байқап қал­дым. Бұндай айыптаулар журна­лист аузымен айтылуға тиіс емес еді. Журналистің міндеті – объективті болу. Ақпаратты бейтараптылық ұстаным­мен беруге тиіс болатын. Ол бір жаққа қарай ойы­сып, бір тараптың ғана мұратын растап шығу деген сөз емес», – дейді. Естеріңізде болса, бізде шетелдік журналистер мен саясаттанушы, ғалымдардың қатысуымен жыл сайын журналистердің Еуразиялық форумы өтеді. Сол басқосудың бір кеңесінде «Үрей індеті» жайлы кең көлемді тал­қылау болған. Онда халық арасында үрей туғызып, оқиғаның бояуын қоюлату дұрыс емес екендігі ба­са айтылған-ды. Бұл мәселенің ауадан алын­бағанын ескерсек, кез келген елде журналистен қай кезде болса да объективтілікті талап ететінін аңғарамыз.

Ұлыбритания премьер-министрі кеңсесінің бұрынғы арнаулы өкілі Даррен Мерфидің: «Соңғы жылдарағы әр жерде қылаң берген (ВИЧ; СПИД; шошқа тұмауы) түрлі індеттер жайлы ақпарат беруде елдің зәре-құтын қашырған ақпараттар берілді, жаңсақ пайымдар жасалды. Бұған ақпарат таратқан журналистер ғана емес, мәселенің шынайы бейнесін жұрттан жасырып жабуға тырысқан тиісті мекемелер мен шенеуніктер де кінәлі. Мәселені жасырып, жабуға тырысқан билік пен жалған ақпаратты таратқан журналистер де халықты адастырды, үрейін еселеді. Оның орнына екі тарапқа да мәселенің ашығын айтып, оның жан-жақты зерттелуін талап еткені әлдеқайда тиімді болған болар еді» деген сөзі сол кезде жарық көрген басылымдарда жиі жарияланған. Ал, “Әл-Жазира интернешнл” телеарнасының аға жүргізушісі Стивен Коул дәл сол жиында “Өкінішке қарай, жақсы диктор деуге келетін жүргізуші көп, бірақ олар нашар журналистер. Қандай сұрақ қоятыныңды біліп, билік орындары кейде жариялап жіберетін жалған мағлұматты жоққа шығара білу аса маңызды” деген пікірі өзінің бүгінгі күні де өзекті екендігін дәлелдегендей. Құдды бір, «жеті күндік» жүргізушілерге бағытталып айтылғандай. Өзіміз қатысқан сол басқосуда модератор болған қазақстандық журналист Владимир Рерих «бұқарамен байланыстағы аса маңызды мәселе – бәріміз жұрттың ғылым туралы түсінігін кеңейтіп, қауіп-қатерді дұрыс бағалауына көмектесуіміз керек» деген ой айтқан еді. Алайда, өз әріптестерінің бұл ұстанымы хабарлық журналистерге сабақ болмаған сияқты.


ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі өкілі Дуня Миятович сөз бостандығы – сөзсіз баршаны тегіс қамтитын құндылық екендігін, көптеген елдерде бұл ұлттық мәдениеттің бөлшегіне айналу керектігін жиі айтады. Өкінішке қарай, ТМД елдерінің арасында өзін көшбасшы санайтын елдің журналистері (қалай болғанда да) ел қасіретін көрсету мәселесінде ұлттық мәдениеттің үлгісін көрсете алмады.
 Журналистика этикасына қатысты жас шәкірттерге дәріс оқып жүрген ұстаз, «Мінбер» интернет газетінің редакторы Есенгүл Кәпқызы да отандық БАҚ өкілдерінің мемлекеттік маңызы бар осындай елдік істе бейтараптық ұстанымда бола алмағанына наразы. «Мемлекеттік ақпарат құралдарының тоқсан пайыздан астамы осы мәселеде биліктің сөзін сөйлейтінін дәлелдеп берді. Бірақ оларға қанша жерден билікшіл болса да, өз тараптарынан «басбұзарлар, бұзақылар» дегендей көзқарастарды қоспай-ақ, ресми орындардың жіберіп отырған ақпараттарын ресмилендіріп қана беріп отыруы керек еді. Өкінішке қарай, кей әріптестердің қолынан қарапайым ғана кәсіптік этиканы сақтау да келмеді» – деп күйінеді ол.
Біздің Ата Заңымызда: «Қазақстан Республикасының азаматтарының бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы» екені айтылған. Жаңаөзендегі жағдайға себепші топтың алдағы уақытта Ата Заңның осындай баптары негізінде ел алдында да, тарих алдында да ақталатынын ескеретін болсақ, ереуілшілерді «құтырған итке», «басбұзар бұзақыға» теңеген кейбір әріптестеріміздің өз әрекеттерін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі 129-бап (Жала жабу), 130-бап (Қорлау), 169-бап (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру) негізіне салып, салмақтағаны пайдалы. Ақпарат құралдары арқылы есімдері елге мәлім болған сол «басбұзарлар мен бұзақылардың, құтырған иттердің» құнын даулай алатын қарапайым халқы бар екенін де ескерген дұрыс.
Ресми орган, прокуратура өкілі Нұрдәулет Сүйіндіковтың журналистерге «ресми мәліметтерге ғана сүйеніп, шынайы ақпаратты беріңіздер» деген өтініші мемлекеттік БАҚ өкілдерінің мәртебесін айқындағандай. Журналисті төртінші билікке балайтын принципке сүйенсек, бұл биліктің де ешкімге тәуелсіз, еркін ойлы, обьективті көзқараста болуға құқықты екені еске түседі. Ендеше, Сүйіндіков мырзаның баспасөз мәслихаты деп жинап алып, «ешқандай сұрақ қоймайсыздар!» деген әмірін қай заңымыздың қандай бабына жатқызсақ екен?
Қаңтар айына белгіленіп отырған РҚ Парламент мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау ісінде барынша әділетті, барынша шынайы, барынша обьективті ұстанымда болуға уағда жасасып, арнайы Хартия қабылдаған Бас редакторлар коллегиясының Жаңаөзен сияқты елдік істерге де арналған арнайы Хартиясы әуел бастан-ақ қабылдануға тиіс еді. Бірақ, белді бұқаралық ақпарат құралдарының тізігінін ұстап отырған зиялылар мұндай мәселелерді ұмыт қалдырса керек...
 Журналистердің «Гиппократ антындай» жүгінетін қатып қалған ережесі жоқ. Алайда, әр журналистің азаматтық принципінің асқақ болуы, елдік істердегі ұстанымының азат болуы айтарлықтай маңызға ие. Осы үде ғана ертеңгі қазақ журналистикасының таза тарихын жасайтыны анық...
Шолпан ҚАРАЕВА,
 «Заң газеті»
 


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет