Айжамал ибрагимқызы құдайбергенова


«1917-1939 жж. Қазақстандағы көші-қон үдерістері: түрлері, демографиялық дамуға тигізген әсерлері»



бет3/6
Дата25.02.2016
өлшемі465.5 Kb.
#19962
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6

«1917-1939 жж. Қазақстандағы көші-қон үдерістері: түрлері, демографиялық дамуға тигізген әсерлері» деп аталатын екінші тараудың «Қазақстандағы Кеңес өкіметі қарсаңындағы ахуал және көші-қонның негізгі үрдістері» деп аталатын бөлімінде кеңес дәуірі қарсаңындағы қазақ жерінде жүрген көші-қон үдерістері мен халықтану мәселесінің неден бастау алғаны сараланады. Кеңес дәуірі қарсаңында сақталған әкімшілік-аумақтық өзгерістерге, Қазақстанның саяси-экономикалық ахуалына қысқаша шолу жасалып, елдің демографиялық жай-күйі мен көші-қон қозғалыстарын туғызған факторлар анықталады.

Кеңес өкіметі орнау қарсаңындағы көші-қонның ерекшелігі - ішке Ресейдің орталық аймақтарынан келген шаруалар көші-қонының жалғасуы мен 1916 ж. көтерілісті басып-жаншу шараларынан қашқан қазақтардың сыртқа көші-қонының бұған дейін қалыптасып қалған көші-қон маршруттары арқылы жүзеге асуы. Диссертациялық зерттеудің бастау алар негізгі шекарасы болған 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілістің демографиялық салдарлары қарастырылады.

«1917-1939 жж. әкімшілік-аумақтық өзгерістер және көші-қон үдерістерінің басқарылуы» деп аталатын бөлімде халықтың орналасуы мен тығыздығына, сандық және сапалық көрсеткіштерінің динамикасы мен демографиялық көрсеткіштердің өзгерістеріне тікелей әсер ететін әкімшілік-аумақтық өзгерістер, осы кезеңдегі көші-қон үдерістерінің құқықтық қамсыздандырылуы, үдерісті басқарушы мемлекеттік органдардың түрлері мен қызметтері талданды.

Кеңес үкіметі орнаған кезде патшалық қоныстандыру саясатының салдары мен нәтижесі өз күшінде еді. Қазақстандағы қоныс аударатын бес аймақта ашылған қоныстандыру мекемелерінің көші-қон үдерісін реттеудегі отарлаумен ұштастырылған әдіс-амалдары мен қолданылатын терминдері кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында ерекше өзгеріске ұшырамады. Көші-қонға қатысты қабылданған қарар-құжаттарда қоныстандыру-отарлау термині жапсарлас қолданылса, көші-қон үдерісіне қатысты мемлекеттік органдар да патшалық кезеңнен халық санасына сіңірілген қоныстандыру-отарлау деген атаулармен қызмет жасады. Яғни, көші-қон үдерісіне қатысты ұғымдар ХХ ғ. 20 жж. ортасына дейінгі барлық кеңес үкіметінің декреттерінде, қаулылары мен шешімдерінде отарлау деген сөзбен баламаланып, ашық қолданылып отырды. Тек, ұлттық езгіні жою мүддесіне қайшы келуіне орай, қоныстандыру ұғымын отарлау ұғымымен теңестіруге болмайтындығы туралы пікірлердің әсерінен соң, 1925 ж. көші-қон үдерісін бақылап-реттеуші орган – Орталық отарлау комитеті (Центрколком) Бүкілодақтық қоныстандыру комитеті болып, Мемлекеттік отарлау ісі ғылыми-зерттеу институты (Госколонит) – Жерге орналастыру және қоныстандыру институты болып атауларын өзгертті. Бірақ, ғасырлар бойы отарлаудың арқасында жүргізілген қоныс аударулар бірдей мағынада қолданыла берді. Мысалы, Қазақ Егіншілік халық комиссариаты жанындағы қоныс аудару ісімен айналысатын Жерге орналастыру бөлімінде Отарлау бюросы, Отарлау және қоныстандыру бюросы немесе Қоныстандыру бөлімшесі деп атауын бірнеше рет өзгерткен бөлімше қызмет жасады. Ал, жергілікті жерлерде отарлау мен қоныс аудару ісімен айналысатын облыстық және губерниялық жер басқармалары мен осы мақсат үшін арнайы құрылған отарлау экспедициялары, қоныс аудару пункттері, орталық өкілдік берген агенттер қызмет жасады [19, 19-б.]. Яғни, кеңес үкіметіне дейін империяға бағынышты халықтардың санасын деформациялаған отарлаушылардың үстем идеологиясы кеңес билігі орнағаннан кейін де қазақ жеріне қоныстандыру ісінде басымдық танытты. Қазақстанға сырттан келімсектердің келуі күшейген сайын, қазақ ұлтының дербестігіне нұқсан келетінін, езілген халын жақсарта алмайтынын түсінген ұлт зиялылары қазақ халқын рухани сақтау мен жаңғыртудың бір жолы ретінде қазақ жеріне орыс шаруаларының қоныс аударуларын тоқтатуды ұсынып, көші-қоншыларды келтіруге әртүрлі деңгейде қарсылық жасап отырды. 1916 ж. ұлт азаттық көтеріліс, кеңес өкіметінің орнауы мен азамат соғысы жылдарында Қытайға кеткен босқындарды қайтару шаралары 1925 ж. аяқталды. 1924-1925 жж. Қазақ ОАК мен ХКК Қазақстанға сырттан көшіп келушілер мен өз ішіндегі көшіп-қонуды тоқтату туралы шешімдер қабылдайды [20]. Бірақ, өлкелік партия басшылығына Голощекин келгеннен кейінгі шешім-шаралар көші-қон үдерісінің жаңа кезеңін бастап береді.

«1917-1926 жж. көші-қон үдерістері: негізгі факторлары, түрлері және халық құрамына тигізген әсері» деп аталатын бөлімде 1917 ж. мен 1926 ж. Бүкілодақтық халық санағы арасын қамтыған бірінші кезеңдегі көші-қон үдерістерінің негізгі факторлары, түрлері мен халықтың құрамына тигізген әсерлері, демографиялық салдарлары талданады.

Бұл кезеңде саяси оқиғалардың ықпалымен және нәтижелерімен тұтасқан экономикалық, әлеуметтік, мәдени, діни, этностық және тұрмыстық факторлар кешені көші-қон қозғалысының белсендірілуіне ерекше әсер етті.

1916 ж. ұлт азаттық қозғалысқа қатысқандарды қудалаудан қашқандардан басталған қазақтар көші-қоны кеңес өкіметінің жеңісінен кейін де байқалды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1917-1918 жж., 1921-1922 жж. ашаршылықтар нәтижесінде сыртқы көші-қондағы тұрғылықты халықтың көші-қоны Қазақстаннан сыртқа қарай бағытталса, европалық ұлт өкілдерінің көші-қоны, керісінше, Қазақстанға ағылуын жалғастырды. Бұл кезеңде бұрынғы патша өкіметінің отарлауынан бастау алған көші-қон жаңа кеңестік түрге ауысты, бірақ патша өкіметі кезіндегідей көші-қоншылардың лек-легімен келуі өндірістендіру басталғанға дейін тоқтатылды. Қазақстанға өз бетінше көші-қонға тыйым салынды. Соған қарамастан, орыс, украин және т.б. ұлт өкілдерінің қазақ жеріне көші-қоны тоқтаған жоқ. Бірақ, Қазақстанға қарай бағытталған көші-қон қарқынының саябырсуына орай, бұл кезеңде қазақтар халық құрамындағы артықшылық үлесін сақтады. 1926 ж. санақта – 58,5% болды. Сондықтан, бұл кезеңді, салыстырмалы түрде, Қазақстанға сырттан бағытталған көші-қонның саябырсу кезеңі деп атаймыз.

1916 ж. ұлт-азаттық көтеріліс кезіндегі халықтың сыртқа көші-қоны


1917-1918 жж. Түркістан Республикасын жайлаған аштық пен 1921-1922 жж. Қазақстан аумағын түгел қамтығын ашаршылықтан туындаған стихиялы көші-қонмен ұласты. Бұл кезеңде де Қазақстаннан сыртқа қашқандар – қысым көрген жергілікті ұлт өкілдері де, сырттан келгендер – патшалық билік кезеңінен отарлық қоныстандыру ұғымы бойына сіңген европалық көші-қоншылар.
1917-1918 жж. Түркістан жеріндегі ашаршылық пен оның халыққа әкелген демографиялық апатты салдары, халықтың табиғи және механикалық қозғалысының барысы, бағыттары, нәтижелері осы бөлімде талдауға түсті.

Сонымен бірге, жұмыста көші-қоншылардың сырттан ағылуын тоқтатуға қатысты мәселеде мүдделес болған М. Тынышбаев, Т. Рысқұлов, С. Қожанов, О. Жандосов, Ж. Мыңбаев, С. Садуақасов және т.б. ұлттық саяси элита өкілдерінің көші-қонға байланысты көзқарасы мен іс-шаралары ашылады.

Осы жерде Столыпиндық қоныс аударулардан кейін 1925 ж. дейін ірі көші-қон ағындары болған жоқ және 1920 жж. көші-қон үдерістері Қазақстанның халық санының өзгерістеріне ерекше әсер етпеді деген кейбір тарихшылардың пікірімен келіспейтіндігімізді айта кетейік [21]. Себебі, 1926 ж. санақ 1,6 млн. көші-қоншыларды тіркесе, оның 800 мыңы 1916-1926 жж. көшіп келген. Яғни, жылына орта есеппен 80 мыңнан адам келіп отырған. Ал, 1897-1916 жж.
1301,4 мың адам немесе жылына орта есеппен 68,5 мың адамнан келген еді. Яғни, 1925 ж. дейін де көші-қон қозғалысына түскен көші-қоншылар аз болмады. Соның ішінде, қазақтардың да сыртқа және ішке көші-қоны бар.
1917 ж. кейінгі есептерде жаппай көшіп-қонбағанымен, көрші республикаларға көшкен қазақтар саны көрсетіледі. Сонымен бірге, 1920-1921 жж. ашаршылық кезіндегі өлім-жітім мен сыртқа көші-қон елдегі шаруашылықтың 14%-ын (119970) жойды: 1920 ж. 857480 болса, 1921 ж. 737510 шаруашылық қалды.

Бұл кезеңге тән сипат – туудың төмендігі, өлім-жітімнің көбеюі және халық өсімінің азаюы. Бірақ, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда, табиғи өсім біршама көтерілді. 1924 ж. орыстар мен қазақтардың табиғи өсімі, тиісінше, 25‰ мен 16,1‰, 1927 ж. 32,9‰ және 27,1‰ болды.

1926 ж. санақ материалдарын халық құрамын жастық-жыныстық белгілеріне сәйкес талдау республиканы әртүрлі кезеңде тітіренткен тарихи оқиғалардың әсерін көрсетеді. Ғасырдың саяси, экономикалық катаклизмдері жылдары туылғандар мен сол кезеңді басынан өткізгендер, өздерінен кейін туылғандарға қарағанда, санақ материалдарында аз мөлшерде болды: 0-4 жастағы
1923-1926 жылғылар 1921-1922 жж. аштықтан кейінгі компенсаторлық кезеңде туылғандар басқа жас топтарындағылардан анағұрлым көп. Ал, 1921-22 жж. балалар мен кәрі жастағылар көп өлген. Бұдан кейінгі санақтарда да
1921-1922 жж. туылғандар мен ерлер үлесі төмен болды. Ашаршылық пен жұт жылдарының нәтижесі санақтарда құлдырау кезеңдері болып көрінеді.
1921-1922 жж. ашаршылықтан кейін, жаппай сипат алмағанымен, Қазақстанның көптеген аймақтарында халықтың ашығуы тоқтамады. 1920-жж. өн бойындағы саяси-экономикалық реформалардан еңсесін көтере алмаған қазақ елі 1920-жж. соңында осы үдерістің шарықтау шегі болатын ашаршылыққа ұшырады.

1917-1926 жж. көші-қон үдерісін зерттегенде анықтағанымыз, осы кезеңдегі көші-қон құбылыстарының патшалық дәуірден мұралыққа қалған қоныстандырудың бағыттарымен, нәтижесі мен саяси мәнімен ұқсастығы. Таптық езгіні жоюға бағытталған жаңа қоғам орнату жолындағы күрес барысында Қазақстанға бағытталған көші-қон қазақ ұлты мен ел халқының қалыптасуы мен дамуында, халық құрамындағы сандық және сапалық көрсеткіштер мен үлестік арасалмақта дәуірлік өзгерістер туғызды. Ал,


1917-1926 жж. саябырсыған көші-қон үдерісі өлкелік партия басшылығына Голощекиннің келуімен жаңа қарқын алып, көші-қон үдерісіндегі жаңа кезеңнің басталуына әкелді. Сонымен, 1917-1926 жж. бұрынғы патша өкіметінің отарлауымен тұтасқан көші-қон саясаты жаңа кеңестік түрге ауысты.

«1926-1939 жж. көші-қон: жалпы сипаттамасы, халықтың әлеуметтік-ұлттық құрамына тигізген әсері мен демографиялық салдарлары» атты бөлімде Қазан төңкерісінен кейінгі Қазақстанға көші-қонның қайта өрлеген 1926-1939 жж. аралығын қамтитын екінші кезеңнің үдерістері талданады.

Қоныстандыру шараларының белсендірілу кезеңін бастаған орталықтың арнайы қаулылары мен республикадағы іс-шаралары [22], 1929 ж. республика үкіметі жанынан құрылған Қоныс аудару басқармасы мен көшіру-қоныстандыру мекемелерінің құрылымы, жұмыс істеу принциптері мен қызметі сараланады [23].



1929 ж. 13 ақпанында Қазөлкелік БК(б)П бюросы жанынан құрылған Қоныстандыру басқармасы өлкедегі қоныстандыру шараларын жүргізу жоспарын жасайды. Кеңес үкіметінің көші-қон саясатында бірден екі – ерікті және мәжбүрлі бағыттары пайда болды. ХХ ғ. 1920-30 жж. Қазақстан Кеңес Одағын аграрлы елден индустриалды елге айналдыру жоспарындағы негізгі өндірісті-шикізатты өлке болды. Ауыл шаруашылығына өзгерістер енгізіп, өлкенің пайдалы қазбалары мен энергетикалық ресурстарын шаруашылық айналымға тарту сырттан жұмыс күшінің үздіксіз келуіне жол ашты. Еңбек ресурстары қазақтың дәстүрлі шаруашылығын ұжымдастыру, отырықшыландыру арқылы жою және белсенді көші-қон саясатын жүргізу мен Лагерлердің бас басқармасы (ГУЛАГ) жүйесіне бағындырылған еңбек қоныстарын, түрмелер, еңбекпен түзеу лагерлері мен колонияларын ұйымдастыру секілді екі жолмен жинақталды.

Өндірістік көші-қон. 1927 ж. Қазақстанның ауыр индустриясындағы жұмысшылар саны 10,2 мың адам болса, 1939 ж. қарай 192,4 мың адамға жетті. Өндірістендіру нәтижесінде ерекше Орталық және Шығыс Қазақстанның шаруашылығын жаңаландыру шаралары жүргізілді. Мысалы, 1913 ж. салыстырғанда 1939 ж. өндіріс өнімі Қазақстан бойынша 16,9 есе, Солтүстік Қазақстанда 6,8 есе, Қарағанды облысында 27,7 есе өскен. Бұл жерде Солтүстік Қазақстанның өндірістендірілу деңгейі төмен көрінгенімен, Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда жоғары болды. 1932-1940 жж. республиканың индустриялық саласына жұмысшыларды ұйымдасқан қабылдау негізінде 559 мың адам келді [24]. Түрксіб, Қарағанды, Балқаш және басқа күрделі құрылысқа қарай ағылған жұмысшылардың стихиялық көші-қонын есепке алып, реттеу мүмкін болмады. 1928-1939 жж. механикалық өсім 1,8 млн. адамнан асты, оның 1150 мыңы (69%-ы) ірі индустриялық орталықтарға орналасты [25]. Қазақстанға сырттан халықтың ұйымдастырылған және стихиялы түрдегі көші-қоны қазақтардың темір жолдар мен ірі кәсіпорындардың құрылыстарына тартылуына кедергі келтірді. Міне, осындай жағдайлар өндірісте, қалалар мен жұмысшы поселкелеріндегі ұлттық мамандардың санының өсуі мүмкіндігіне теріс ықпал жасады.

1920-жж. соңы мен 1930-жж. басында кулактарды тап ретінде жою ісін жүзеге асыру мақсатында, Ресей мен Украинадан репрессияланған шаруалар әкелініп, аграрлық қоныстандыру саясаты да қатар жүрді. 1928-1930 жж. Қазақстанда құрылған кеңшарлар жұмысына КСРО-ның әралуан түкпірінен
65 мың отбасы көшіп келді [26].


Бұл кезеңдегі қазақтарды сыртқа ағылтқан ірі көші-қон ұжымдастыру кезіндегі 1929-1933 жж. ашаршылықтың зардабынан туындады. 1929-1931 жж. Қазақстанда 80 мың адам қатынасқан 372 көтеріліс қазақтардың республикадан тыс жерлерге көшуімен жалғасты. Ашаршылық жылдары республикадан
1130 мың адам кетті, олардың 676 мыңы қайтпай қалды, 454 мыңы кейінірек Қазақстанға қайта оралды. 1930-1933 жж. Қазақстанда ауыл халқы 2351,6 мың адамға кеміді [27]. Ресми мәліметтер бойынша, 1930 ж. 121,2 мың, ал 1931 ж. 1074 мың қазақ немесе қазақтардың үштен бірі көшіп кеткен. Ірі көтерілістерге қатысқаны үшін 1929-1931 жж ОГПУ органдары арқылы 5551 адам жазаға тартылды, оның 883-і атылды [28, 14-б.]. Күштеп ұжымдастырудың алдында 4836 мың адам болған Қазақстандағы қазақтардың ашаршылықта 1933 ж.
1149 мыңнан астамы босқынға айналған болып шығады.

Жұмыста босқыншылыққа ұшырап, шетке кеткен қазақтарды қайтарып, орналастыру жөніндегі Қазақстан басшылығының 1932-1933 жж. және


1935-1936 жж. шешім-шаралары жан-жақты талданады [29].

Еңбек көші-қоны. 1918-1920 жж. «әскери коммунизм» саясаты кезінде де, 1920-21 жж. да Қазақстаннан Ресейлік орталықтағы шаруашылық қажетіне адам ресурстары алынды.

Қазақстанға келген көші-қоншылардың негізгі дені өз еркімен келген жоқ. Мәжбүрлі көші-қонға 1929 ж. бастап келе бастаған саяси жазаланғандар, бұрынғы кулактар, арнайы қоныстанушылардың көші-қонын жатқызамыз. Өндірістендіру қарқыны, кең көлемдегі құрылыс, инфрақұрылымның жоқтығы арзан, ең дұрысы, тегін, тәртіпті және кез келген уақытта айдап алып кете беретін жұмыс күшін қажетсінді. Міне, осы кезде ірі құрылыстарға кең көлемде «халық жаулары» тартылды. ОГПУ-ІІХК-ның ГУЛАГ-тағы арнайы қоныстанушылар бөлімінің мәліметі бойынша республикаға 46091 отбасы немесе 180 мыңнан аса адам жер аударылған [28, 12-б.]. 1936 ж. саяси «сенімсіз» поляктар, 1937 ж. 21 тамыздағы қылмысты бұйрықтың шешімі бойынша (№ 1428-326 ЕҚ) корейлер, 1938 ж. қараша-желтоқсан айларында Әзірбайжаннан 1621 ирандық отбасы көші-қоны жекелеген халықтардың қуғын-сүргін депортациясын бастады. Лагерлер контингенті шамадан тыс толып кетті. Мысалы, Қарлагта тұтқындар саны 1935-1936 жж. 12 мыңға (25127 адамнан 37958 адамға) өсті [30].

Осы кезеңдегі ашаршылықтың зардабының тағы бір қыры - республикаға келген көші-қоншылар легі халық санын 1,3%-ға ғана өсірді. Салыстырсақ, Украинада 6,6%-ға, РКФСР-да 16,0%-ға, Қырғызстанда 45,6%-ға, Тәжікстанда 43,8%-ға, Арменияда 45,5%-ға, ал, КСРО-да 16,0%-ға өскен [31, С. 21-22].

Сонымен, 1926-1939 жж. көші-қон үдерістері қазақ халқын демографиялық апатқа әкелген саяси оқиғалармен өзара байланыста өрбіді. Демографиялық катаклизмдер басым бөлігі қазақ ұлты болып табылатын азиялық ұлт өкілдерін Қазақстаннан сыртқа көшірсе, ірі өнеркәсіптік және аграрлық көші-қондар, репрессиялық сипаттағы кулактық жер аударулар европалық ұлт өкілдерінің Қазақстанға қарай бағытталған көші-қонын күшейтті. Бұл кезеңнің соңына қарай республикадағы қазақтар үлесі төмендеп, 38,0%-ға түсті.



«1939-1945 жж. көші-қон үдерісі: факторлары, түрлері мен нәтижелері» атты тарауда көші-қон үдерісінің үшінші кезеңдегі тарихи факторлары, түрлері мен салдарлары, көші-қон үдерісінің Қазақстан халқының демографиялық дамуына тигізген әсері қарастырылады.

Екінші дүние жүзілік соғыс жылдарындағы көші-қон үдерістерін саяси мәніне, қарқындылығы мен бағыттарына қарай топтастыра отырып, республика шаруашылығын көтеру мақсатында жүргізілген көші-қон, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майданға мобилизациялау мен демобилизациялауға негізделген көші-қон; халықтардың эвакуациясы мен реэвакуациясы; этникалық белгілеріне қарай тұтастай халықтарды жер аудару – депортация; еңбек армиясының қатарын толықтыру мақсатындағы, соғыс тұтқындарының әкелінуіне негізделген көші-қон және т.б. түрлері талданды. Сырттан келген көші-қоншылар есебінен бұл жылдары халқының өсу қарқыны жөнінен Қазақстан КСРО бойынша тұрақты бірінші орында болды (одақтық көрсеткіштен 7 есе артық). Қазақстан халқы 1939 ж. 6151 мың адамнан 1945 ж. 5805 мыңға түсіп, 346 мың адамға немесе 5,6%-ға кеміді. 1941-1945 жж. Қазақстан халқы


599,8 мың адамға немесе 10%-ға кеміді. 1946 ж. 1 қаңтарында есептелінген 5933,8 мың адам 1941 ж. 1 қаңтардағы мөлшердің 92,4%-ы болды [32].

Республика ішіндегі көші-қон одақтық қажеттілікке тәуелділікте жүрді. Мысалы, өз бастауын патшалы Ресейдің отарлау-қоныстандыру саясатынан алған Мырзашөлді игеруге негізделген науқанға байланысты көші-қон, кен орындары мен өндіріс орындарының құрылысы және оны игеру сыртқы көші-қонмен бірге ішкі көші-қонды да белсендірді. Ішкі көші-қон сырттан келгендердің кейін аймақтарда орын ауыстыруларынан, республика халқының өз ішіндегі көші-қондық қоғалыстарынан, халықтың экономикалық, әлеуметтік жағдайы мен соғыс жағдайына бейімделген қатаң тәртіптің ашаршылыққа душар еткенінен туындады. Соғыс жылдарында оның қарсаңында басталған жоспарлы қоныстандыру шаралары тоқтатылды.

Көші-қон үдерістерінің ауқымы, барысы мен нәтижелері, сол қозғалысқа итермелейтін себептері тарихи кезеңдеріне орай алуан түрлі болып келеді. Мысалы, соғыс жылдарында тұтастай «қауіпті» халықтарды күштеп жер аударулар жаңа, ерекше қарқынмен және қатыгездікпен жүргізілді, сондай-ақ, мобилизация мен демобилизация, өнеркәсiп орындарымен бiрге халықтың эвакуациясы мен реэвакуациясы және ішкі көші-қон шұғыл түрде жүрді.

Соғыс жылдарында Қазақстанға келген көші-қоншылардың басым бөлігі (1939 ж. 55,3%-ы, 1941 ж. 41,3%-ы және 1946 ж. 51,7%-ы) тұрақтап қалды. Тек, реэвакуация белсенді жүрген 1944 ж. ғана көші-қон 59,4 мың адамдық кері айырымды көрсетіп, осы жылғы көші-қоншылардың тұрақтану коэффиценті -38,7%-дық кері айырымға тең болды.

Ұлы Отан соғысы жылдарындағи табиғи қозғалыстың негізгі үрдісін анықтауда көптеген зерттеулер туу төмендеп, өлім-жітім өсті, сол себепті табиғи өсім төмендеді деп көрсетеді. Осы жерде анықтап кетер жай, табиғи қозғалыс көрсеткішін талдасақ, онда табиғи өсім мен туу көрсеткішінің кемігені нақтыланады да, бірақ өлім-жітімнің өскені дәлелденбейді. Керісінше, соғыс жылдарында өлім-жітім көрсеткіштері де төмендеген.

1943 ж. және 1944 ж. республика халқының өсу үрдісі екі жыл бойы тоқтап қалды, ал 1944 ж. бойғы реэвакуация мен табиғи өсімнің төмендігі


1944-1946 жж. республика халқын 104, 1 мың адамға кемітті [32].
1941-1945 жж. республикаға 1257,6 мың адам келіп, 902,2 мың адам кетіп,
255,4 мың адам (келгендердің 20,3%-ы) тұрақтады [33]. Ауыл халқының саны кеміп, қала халқы көші-қон есебінен 13,3%-ға өсіп, 1939 ж. (27,7%) салыстырғанда 1945 ж. (37,8%) үлесі 11,1 пунктке көтерілдi. Соғыстан кейінгі жылдары да эвакуацияланғандар қайтып жатты, бірақ механикалық қозғалыс өзінің оң көрсеткіш көрсетуін жалғастырды: 1946 ж. Қазақстан халқы көші-қон есебінен 164,0 мың адамға өсті.

Екінші дүние жүзілік соғыс жылдарында елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайымен тығыз байланыста жүрген көші-қон республика халқының көпұлттану үдерісін жеделдетіп, халықтың жастық-жыныстық құрамындағы арасалмақты өзгертті. Осы кезден бастап, жастық-жыныстық құрылымның арасалмағында әйелдердің, қарттар мен балалардың үлесі басым бола бастады.



«1946-1959-жж. көші-қон үдерісі және оның демографиялық салдарлары» атты төртінші тарауда 1946 ж. мен 1959 ж. Бүкілодақтық халық санағы аралығын қамтитын төртінші кезеңдегі көші-қон үдерістерінің саяси аспектілері, халықтың саны мен құрамының динамикасына, табиғи өсімнің негізгі үрдістеріне әсер еткен көші-қон қозғалысының бағыттары, түрлері, оның Қазақстан қоғамының салалары мен ұлттардың даму ерекшеліктеріне ықпалы қарастырылады. Соғыстан кейінгі демобилизация, отбасылардың қайта бірігу мен некеге тұрудың өсуі табиғи қозғалыста компенсаторлық кезеңді туғызды. Халық шаруашылығын қалпына келтіру, жаңа өндіріс орындары (шикізаттық бағыттағы) мен әртүрлі көлік жолдарын іске қосу, жаңа қалалар мен қала типтес поселкелердің құрылуы, ауыл шаруашылығындағы реформалар, тың және тыңайған жерлерді игеру және т.б. негізіндегі көші-қонның өрістеуі мен табиғи өсім республика халқын 3360,2 мың адамға (56,6%-ға) өссе, оның
2346 мың адамы (69,8%-ы) 1955-1960 жж. тиесілі. 1939-1959 жж. республикадағы ауыл халқы 19,0%-ға, тың өлкесінде 83%-ға өсті. Тың жерлері игерілген облыстардағы механикалық өсiмнің бүкiл республикалық өсiмдегі үлесі 1952 ж. 2,3%, 1953 ж. 4,0% ғана болса, 1954 ж. 31%-ға, 1955 ж. 47%, ал 1956 ж. 49,9%-ға дейiн көтерiлді. Тың жерлері игерілген облыстарда халық 828 мың адамға (143 %-ға) өстi. Халқы ерекше қарқынды өскен Қостанай (343 мың адамға немесе 193,2 %-ға), Павлодар (204 мыңдай адамға, 181,1 %-ға) мен Көкшетау (187 мың адамға, 161,2 %-ға) облыстары болды. Қазақтар республикада 474 мың адамға өссе, бұл өлкеде 10,5 мың адамға кемiп, 1939 ж. деңгейінің 97,9 %-ын құрады. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысының халқы осы жылдары 84,5 мыңға кеміп, 1959 ж. 1939 ж. деңгейінің 84,4%-ын құрағанда, мұндағы орыстар 106,3%-ға, немістер 151,6%-ға өсті. Ал, қазақтар (44,1 пунктке) мен украиндар (42,7 пунктке) үлесі кеміген. 20 жыл iшiнде орыстардың 1523 мыңдық өсімінің ішіндегі 435,4 мыңы тың өлкесiндегi өсiм (28,6 %) есебінен. Қостанай (173 мың адамға немесе 246,5%-ға) мен Көкшетау (88 мыңнан аса адамға немесе 175,4%-ға) облыстарындағы орыстар саны өсті. Украиндар Солтүстік Қазақстан (31,6 мыңға) мен Ақмола (5 мыңға) облыстарында кемігенімен, Қостанай (46,3 мыңға, 144,5 %-ға) мен Көкшетау (11 мыңға, 121,8 %-ға) облыстарында көбейді. Немістер 539 %-ға, тың өлкесiнде 8-9 еседей өсті [34]. Қазақтар екі санақ арасындағы өсiмнiң 14,6 %-ын, орыстар 48,2 %-ын, басқа ұлттар 37,2 %-ын берді. Оңтүстiк Қазақстанда ғана қазақтардың табиғи өсiмі 66 %-дық үлеске ие болды. Тың қазақты тұқыртып, 1959 ж. санақта үлесін 29,7%-ға түсірді. Тың игеру кезінде ұлттық фактор есепке алынбады, көшіп келушiлер iшінде қазақтар саусақпен санарлықтай болды. Көші-қоншылар ішінде 1954-1962 жж. шетелден келген отандастарымыз да бар. Олар саяси идеологияның қатаң бақылауында жүріп-ақ, қазақтың этномәдениетіне өзіндік үлес қосты.

Диссертацияда әр түрлi себептермен ерiктi адамдар қатарына босатыла бастаған арнайы қоныстанушылардың мәселесі де талданады.

Бұл кезеңде Қазақстан халқының демографиялық дамуында сырттан келген көші-қоншылардың демографиялық мінез-құлқы шешуші рөл атқарды. Халық құрамында славян типтес халықтардың үлесі көтерілген сайын, табиғи өсім көрсеткіштеріндегі олардың шешуші рөлі жоғары болды. Мысалы, тың және тыңайған жерлерді игеру шарасының нәтижесінде, сырттан келгендер ішінде еңбек ету және некеге тұру жасындағылар үлесі мен әлеуетінің басым болуы. 1956-1964 жж. туу көрсеткіштерінің күрт өсуіне, табиғи өсім мен халық өсімінің көтерілуіне әкелді. Сырттан келген көші-қоншылардың негізгі дені 20-35 жастағылар және ер адамдар болғанымен, жыныстық арасалмақта ерлердің жетімсіздігін туғызған Ұлы Отан соғысынан кейінгі жағдай түзелмеді: 1959 ж. ерлер – 47,5%, әйелдер – 52,5% болды. Тың және тыңайған жерлері игерілген, өндірісі дамыған аймақтарда 25-49 жастағылар үлесінің жоғары болуынан некелесу көэффициенті де жоғары болды. 1955 ж. 20-29 жастағылар некеге тұрғандардың – 64,8 %-ы, 1957 ж. – 66,5 %-ы болды. Некелескендердің ішінде 18-29 жастағы әйелдер 1955 ж. – 76,1 %-ын, 1957 ж. – 78,3 %-ы құрады.
1950-1955 жж. некелесу көрсеткіші 0,8 %-ға өскенде, тың жерлері игерiлмеген Алматы (2,5%-ға), Батыс Қазақстан (1,4%-ға), Қызылорда (3,6%-ға) облыстарында төмендеп, тың жерлері игерiлген Павлодар (2,6 %-ға), Ақмола (4,0 %-ға), Көкшетау (4,2 %-ға) және Қостанай (6,0%-ға) облыстарында өскен. Некелесу коэффициентi тың игерiлген облыстарда жоғарғы, ал, Оңтүстiк және Батыс облыстарда төменгi деңгейдi көрсеттi. Мысалы, республикадағы орташа некелесу коэффициентi 1956 ж. 12,5 ‰, 1957 ж. 13 ‰ болғанда, жылдарға сәйкес, Ақмола (14,4‰; 15,3‰), Көкшетау (14,45‰; 16,2‰), Қостанай (14, ‰; 15,3 ‰) және т.б. облыстарында жоғары болды. Кейбiр аудандарда ерекше жоғары – Ақмола облысының Есiл ауданында 1956 ж. – 21‰-ге жеткен. Тың игерiлмеген облыстардағы көрсеткiш республикалық деңгейден төмен: Алматы (10,0‰, 9,7‰), Атырау (10,1‰, 10,6‰), Қызылорда (8,5‰, 9,9‰) және т.б. [35]. Тың игеру жылдарының аяғына қарай жалпы республикалық көрсеткiш барлық облыстарда бiртектес деңгейге түстi.

Қоғамдық ұйымдастыру жолымен көші-қон үдерісін мемлекеттік көлемде реттеу шараларының жетілмегендігінен елдегі әлеуметтік қайшылықтардың ұлтаралық жанжалдар түрінде көрінуі де осы кезеңге тән. Мысалы, 1959 ж. Теміртау оқиғасы осының дәлелі.

Тарауда көші-қоншылардың республика қала, село және аймақтар бойынша орналасуы, республика iшіндегi көші-қон үдерісінің барысы сараланады. Ішкі көші-қондағы басты үрдіс ауыл-қала бағыты, аймақтық ерекшеліктер мен экологиялық көші-қонның туындауының эндогендік факторлары көрсетіліп, урбанизациялау үдерісінің ішкі-сыртқы көші-қонмен тығыз байланысы нақтыланады.

1946-1959 жж. Қазақстандағы көші-қон қозғалысына 9570,7 мың адам түсті. Соның ішінде 5496,4 мың адам (57,4%) келіп, 4074,3 мың адам (42,6%) кеткен, айырмасындағы 1422,1 мың адам (14,8%) Қазақстанда тұрақтап қалды. Бұл кезеңдегі көші-қондық өсім жылына орта есеппен 12‰-ге тең болды. Көші-қоншылардың 713,9 мыңы 1946-1953 жж. тұрақтап қалғандар болса,


708,2 мыңы 1954-1959 жж. көші-қон нәтижесінде Қазақстанды тұрақты мекен етіп қалғандар (келгендердің 25,9%-ы) [36]. Ерекше 1946-1947 жж. келгендердің жылдық үлесі жоғары. Мысалы, 1946 ж. келгендердің 51,7%-ы тұрақтап қалған.

Диссертацияда көші-қон үдерістерінің республика халқының этно-демографиялық құрылымындағы өзгерістерге тигізген әсері талданады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет