Қайрат сақ, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Журналистика және саясаттану факультетінің деканы. Жақын да алыс – Үрімші



Дата29.02.2016
өлшемі88.59 Kb.
#32128
Қайрат САҚ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың

Журналистика және саясаттану

факультетінің деканы.



ЖАҚЫН ДА АЛЫС – ҮРІМШІ
Мынау тұрған Қытай Халық Республикасы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық районының (СҰАР) орталығы Үрімші қаласына алғашқы сапарым.

Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Үрімшідегі Синьзян университеті арасында тығыз байланыс орнату мақсатында таяуда іссапарда болған өкілдікті білім ордамыздың ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры. академик Р.І.Берсімбай бастап барды. Құрамында университеттің халықаралық байланыстар департаментінің директоры Б.Бегалиев, жалпы және теориялық физика кафедрасының меңгерушісі С.Тілеукенов, әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Д.Айтмағанбетов және осы жолдар авторы бар топ алдына қойған мақсатты толық орындап, айрықша мол әсер, аманат арқалап қайтқанын тарқату міндеті маған жүктелген.

Астана – Үрімші бағытында таңертеңгі сағат жетіден өткенде көкке самғаған ұшақ екі сағат уақытты араға салып Үрімші қаласы әуеалаңына қонғанда ондағы сағат тілі 11-ден асқанын көрсетіп тұрды. Сөйтсек, жергілікті уақыт дәл біздікімен сәйкес екеніне қарамастан шыңжаңдықтар Пекин уақытына бағынады екен. Кешегі кеңес заманында біз де Мәскеуге қарап сағатымызды түзететініміз осылайша есімізге түсті.

Әуеалаңынан қарсы алып, арнайы көлікпен Синьцзян университеті қалашығына алып барған аталған білім ордасының халықаралық байланыс бөлімінің жетекші маманы Никрам барлығымыздың назарымызды университет қонақ үйінің маңдайшасындағы электронды қондырғыға аударды. Ондағы жүгіртпе жолақтан орыс және қытай тілінде жазылған: «Горячо приветствуем состав делегации Евразийского национального университета им. Л.Н.Гумилева от всех преподавателей и студентов Синьцзянского университета», - деген сөздерді оқып көңіліміз бір өсіп қалды.

Түс ауа Синьцзян университеті бас ғимаратының салтанат залында екі университет өкілдерінің алғашқы ресми кездесуі басталды. Шыңжаңдағы маңдай алды жоғары оқу орны тарапынан біздерді осы білім ордасының проректоры Нұршат Жұмашұлы бастаған топ қабылдады. Бір жарым миллиард халқы бар Қытай елінде қазақ азаматының осындай биік лауазым иеленіп отырғанын көргенде көңіліміз көтеріліп қалды. Бізді бір таң қалдырғаны, қарсы алушылардың дені бірінші басшылар емес, олардың орынбасарлары екенін танысу барысында байқадық. Сөйтсек, мұның мәнісі мынада екен. Бұл елде қарсы алушылар басшысы міндетті түрде қонақтар жетекшісіне қарай анықталып, қасындағы нөкерлері соның лауазымына сай жасақталатын жазылмаған қағида бар екенін кейіннен сұрап білдік. Несі бар, қаперде ұстауға лайық шешім екен дегенді көңілге түйдік.

Екі ел университеттері ынтымақтастығына дәнекер болған бұл басқосудың маңызы айрықша екеніне тоқталған қос тарап басшылары өз жетекшіліктеріндегі топ құрамымен таныстырғаннан кейін бірден білім ордалары турлы толыққанды мағлұмат беруге көшті. Бір қуанарлығы, Еуразия ұлттық университеті туралы арнайы таспаға басылған деректі түсірілім мен ағылшын тілінде даярланған слайдтар кездесуге қатысушылар ынтызарлығын арттырып, білім ордамыздың 15 жылдық қысқа тарихында толағай табыстарға қол жеткізгенін даралап тұрды.

Нұршат Жұмашұлының айтуынша, Синьцзян университеті де Қытай Халық Республикасы (ҚХР) бойынша алғашқы жүздікке енген, Шыңжаң автономиялық районының маңдай алды жоғары оқу орны екен. 1924 жылы іргетасы қаланған білім ордасы бүгінде 23 институттан (біздіңше факультеттен) тұрады, оларда қазір 74 мамандық бойынша 30 мыңнан аса шәкірт оқиды, оның 19 мыңы бакалавр, 3640-ы аспирант (магистр). 20-ға тарта шет елден 400-ден аса студент, соның ішінде АҚШ, Ресей, Корея, Жапония секілді дамыған мемлекеттерден келіп білім алушылар бар. Қазақстаннан да барып оқушылар кездеседі . Университетте 2 мыңға таяу оқытушы, оның ішінде 200 профессор, 594 доцент, оның 286-ның докторлық ғылыми дәрежесі бар, 824 магистрант қызмет етеді екен.

Синьцзян университеті – Қытайдың атақты «211» бағдарламасына, түсінікті тілмен айтқанда, 21 ғасырдағы 100 жетекші университет құрылысы жобасына енген жоғары оқу орны. 2000 жылы ҚХР Білім министрлігі Синьцзян университетін жан-жақты қолдау үшін Қытайдың батыс бөлігін игеру стратегиялық жоспарына енгізген. 2004 жылдан бастап СҰАР үкіметі мен ҚХР Білім министрлігі Синьцзян униврситетін бірігіп қаржыландыруды қолға алды. Соның нәтижесінде жоғары оқу орнының құрылысы мен материалдық базасын жаңарту кейінгі он жылда айрықша қарқын алғаны көрініп тұр. Қазір университет үш бөліктен: бас, оңтүстік және солтүстік деп аталатын үш қалашықтан тұрады, жалпы құрылыс аумағы 1 млн шаршы метрді қамтиды.

Алғашқы күнгі салтанатты басқосу екі университет ынтымақтастығын ресми рәсімдеген мемарандумға қол қою мен естелік сыйлықтар алмасу, өкілдіктердің бірігіп суретке түсу шараларымен ұласты. Әсіресе, ресми түрде екі жақты байланыс орнатылуын Синьцзян университетінің профессор-оқытушылар құрамы айрықша шаттық сезіммен қабылдағаны көрініп тұрды. Олардың Қазақстанға келіп, тәжірибе алмасу, жер көріп, ел тану үшін бұл құжаттың маңызы орасан зор екені айтқан сөздері мен жайдары жүздерінен Сарыарқаның самалындай айқын ескенін көз көріп, ерекше ыстық сезімге бөлендік.

Қазақстанға деген ерен ілтипат, сағыныса көріскен қос ел азаматтарының мауқын басып, шер тарқатуы сол күні ақшамда арнайы жайылған дастархан үстінде айрықша көрініс тапты.

Әсіресе, Синьцзян университетінің профессоры Сенбай Далабайұлының домбырасын арнайы алдырып, әуелете ән шырқаған сәті аса әсерлі шықты. Шіркін, қазақ әні неткен керемет еді деп сүйсіндік іштей. Сөзбен айтып жеткізгісіз адам көңілінің сан тарау иірімдерін дөп басып сыртқа ағытқанда жан дүниеміз бір мұңайып, бір жадырап, мың құбылғанын несіне жасырайық. Елге деген сағыныш, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың тағдыр тауқыметі, азат қазақтың аңсары, көк байрақты Қазақстанға деген көл-көсір тілек ән болып өріліп, әуен болып шырқалғанда көңіл пернесін дөп басқандай күй кештік. «Әмәнда аман болыңыз, Сенбай аға!»,- деген сөздер дастархан басындағылардың ортақ тілегі болды.

Ауылдың алты ауызы айтылып болғаннан кейін шыңжаңдықтар қонақ кәде сұрап қиылғанда біздің топ та тосылып қалмады. ЕҰУ-дың әлеуметтік ғылымдар факультетінің жап-жас деканы Д.Рамазанұлы домбыраны қолға алып, атақты «Көріғұлы» мен «Әлқиса» күйлерін күмбірлете төгілткенде «әп, бәрекелді» деп төбеміз көкке екі елі жетпей, еңсеміз биіктеп сала берді. Басы табысты басталған сапар жақсы жалғасын тапты. Келесі күні Синьцзян университетінің Журналистика жән коммуникация институты профессор-оқытушылар құрамымен кездесу сәті түсті. Жолбасшымыз, академик Р.І.Берсімбай сапар мақсаты мен университетіміздің жетістіктері туралы қысқа да нұсқа таныстырып өткеннен кейін сөз кезегі аталған институт директоры, профессор Жаң Ли мырзаға тиді.

- Қош келдіңіздер, қадірлі қонақтар! Сапарларыңыз оң болсын! – деп ағынан жарылып сөз бастаған әріптесім институт тарихы мен қазіргі жағдайы туралы мәліметтерді алдымызға жайып салды.

Жалпы 1,5 млд халқы бар Қытай елінде журналистер даярлау бар болғаны 14 жоғары оқу орнында жүзеге асады екен. Ал халқының саны одан 100 есе кем Қазақстанда болашақ журналистерді оқыту отыз шақты білім ордасында орындалады деуге, шынын айтқанда, ұятымыз жетпеді.

Екі жылдан кейін 90 жылдық мерейтойын тойлайтын Синьцзян университетінде журналистер даярлау 1983 жылы қытай тілі факультеті құрамында ашылған журналистика кафедрасы негізінде жүзеге аса бастапты. 1999 жылы кафедра факультетке, ал 2003 жылы факультет институтқа айналған. Дәл қазір 4 мамандық бойынша мамандар даярлайды. Олар: газет ісі; теле және радиожурналистика; теле және радио жүргізушілері (дикторлар) және жарнама. Сөз реті келгенде айтпасқа болмайды. Біздің елімізде де журналистерді осындай мамандықтарға бөліп әзірлеу талабы туындағанын мәселе етіп көтеретін күн жетті. Қазір жоғарыдағы 4 сала мамандарын бір ғана «5В050400 – журналистика» мамандығы бойынша дайындау үстіндеміз. Соның салдарынан сапалы мамандар әзірлеуде көптеген қиындықтар туындауда. Оны тарата талдау – өз алдына жеке әңгіме арқауы. Бұл жолы тереңдеп бойламай-ақ, тоқ етерін айтсақ, тығырықтан шығар жол – Қазақстанның жоғары білім беру классификаторына мерзімді баспасөз бен теле-радиожурналистика мамандықтарын жеке-жеке еңгізіп, сала мамандарын дербес даярлауға көшу. Бұл ауадай қажет уақыт талабы екеніне іссапар барысында тағы да әбден көзіміз жтті.

Жаң Ли мырза берген мәліметтерге жүгінсек, институтта 870 студент (бакалавр), 200 аспирант (магистр) оқиды. Профессор-оқытушыларының саны – 52. 10 ғылым докторы, 4 профессор, 13 доцент қызмет етеді. Институттың арнайы құралдармен, заманауи техникамен жабдықталған 2 газет лабораториясы, 2 телестудиясы, 1 жарнама кабинеті, 1 фотолабораториясы бар екен.

Құлақпен естігеннен көзбен көрген артық деген қағида жетегіне еріп, әлгінде айтқан зертхана, студияларды аралап көру «мәртебесіне» ие болдық. Мәртебе деуіміздің де сыры бар. Байқауымызша, мұнда көлденең кісінің студенттермен дидарласуына рұқсат етіле бермейтін секілді. Оны мынадан байқадық. «Тележурналистика» пәніне арналған кабинетке кіріп барғанымызда лық толы студенттер үстінен түстік. Барлығының алдында бір-бір компьютер. Өздері түсірген телебағдарламаны монтаждап үйрену әлегінде. Қалыпты әдетімізге басып араларыңызда қазақ студенттері бар ма деп сұрап едік, 5-6 қыз орындарынан өре түрегелді. Олардың қал-жағдайын біліп, сыр-сұхбат құрмақ ойымыз бар еді. Бірақ мұндай дидарласу бағдарламада көрсетілмегендіктен бізді ерітіп жүрушілер жүздерінен артық кеттіңіздер дегендей үрей сезімді көріп, тосылып қалдық. Жолбасшымыз Рахметқали Іскендірұлы әңгіме ауанын лезде басқа арнаға бұрып, университетіміз туралы қысқа ақпарат берумен тосын жағдайдың тігісін жатқызып жіберді. Біздің студенттермен жолығуымызды осыдан кейін сапар соңына дейін күтіп алушы тарап сап тыйды. Дайындап барған дәрістерімізді оқуға да мүмкіндік тумады...

Есесіне сол күні ақшамда қонақ боп күтілуіміз кешегіден де асып түсті. Бұл кеште Синьцзян университетінде қызмет ететін ұйғыр ағайындар құрметіне бөлендік. Үрімжінің орталық базары жанындағы Ұйғыр этно сауық кешені нағыз заманауи демалыс орны дерсіз. Қала туристерінен арылмайтын орталық кереметін көзбен көріп, тамашасына қандық.

Көздің жауын алар кең сахна алдында шамамен мың кісі бірден қонақ боп күтіліп жатқан көріністі көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Екінші қабатта сыйлы қонақтарға арналған арнайы залдары тағы бар. Сахнадағы бар көрініс мұнда да көз алдыңызда өтіп жатады. Сондай салтанаты асқан залдың бірінде біздерге арналып дастархан жайылыпты. Ұйғыр ән-биін сахнадан көріп тамсанып, халық өнерін әспеттеу мен насихаттаудың тамаша үлгісіне басымызды идік, өнегесі мол тәжірибе екен дегенді көңілге түйдік.

Сапарымыздың үшінші күні Синьцзян университетінің саясаттану және әкімшілік басқару институты профессор-оқытушы құрамымен дидарласу сәті түсті.

- Біздің елде «Алыстағы ағайыннан, жақындағы көрші артық» деген мақал бар, - деп сөз бастаған институт директоры Иан Ли ханымға топ жетекшіміз лезде ұтымды жауап беріп, тапқырлық танытты:

- Сөзіңіздің жаны бар. Астанадан Үрімжіге дейін бар болғаны бір мың шақырым болса, Үрімжі мен Пекиннің арақашықтығы – 4 мың шақырым, - деп, әзіл-шыны аралас сөз қозғады. Академик Р.Берсімбайдың бұл лебізі кездесуге қатысушыларды ойлы күлкіге шомылдырып, көңіл төрінен ойып орын алды.

Кездесу басынан аяғына дейін қытай және қазақ тілінде өтті. Аталған институттың әлеуметтану кафедрасының доценті Сайрам Садуақасұлының аудармашылық қыры көп-көрім екен. Бұл бауырым әлеуметтану ғылымы бойынша жазылған кандидаттық диссертациясын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қорғаған екен. Екі ел университеттері арасындағы байланысқа дәнекер болуға жарап-ақ тұр.

Синьцзян университетіндегі кездесулеріміз Биология орталығында және Физика институтында сәтті жалғасын тапты. Қазіргі заманғы құнды қондырғылармен жабдықталған зертханаларын аралап, ғылымның қолданбалы мақсатын және оның қалай жүзеге асып жатқанын көргеннен кейін мамандарымыз тәжірибе алмасуға лайықты білім ордасы екен деген бағалар беріп жатты.

Елімізде генетика саласының жетекші маманы саналатын академик Р.Берсімбайдың айтуынша, бұдан бұрын келгенінде Биология орталығы салынайын деп жатқанын естіп, жоспарымен танысқан. Енді, міне, аз уақыттың ішінде ол іске қосылып, ғылыми құнды нақты нәтижелерін бере бастапты. Бұл нені көрсетеді? Қытай елінде ғылымға айрықша көңіл бөлініп отырғанының бұлтартпас айғағы демеске амалыңыз қалмайды.

Бізді мына жағдай айрықша қызықтырды. Кәдімгі тарақанның жасушасын (клеткасын) жүзім өсімдігіне егіп, тәжірибе жасалып жатқанын көрдік. Ғалымдардың пікірінше, ол жүзім өсімдігінің ыстық пен суыққа төзімділігін арттырып, өнімін еселеп арттыратын көрінеді. Міне, ғылымның пайдасы!

Физика институтында да қолданбалы мақсаттағы зертханалар біреу емес, бірнешеу екеніне көз жеткіздік. Жапонияда тәжірибе жинақтаған, атақты Мицубиси компаниясында ғылыми қызмет атқарған, философия (PhD) докторы, доцент Бейсенбай Садық бауырымыз магниттік материалдар зертханасына ертіп апарып, өзінің зерттеу нәтижелерін таныстырды. Оның жаңалығын арамыздағы осы саланың майталман маманы, ЕҰУ-дің жалпы және теориялық физика кафедрасының меңгерушісі, профессор С.Тілеукенов өте жоғары бағалады.

Шыңжаңдағы төрт күн, төрт түн төрт жылға азық болар әсерге бөледі. Алатаудың арғы жағындағы ағайынның амандығын біліп, арақатынас орнатудың алтын кілті – екі жақты келісімшартқа қол қойып, құшақ айқастырып қайтуымыз – сәтті сапарымыздың нақты нәтижесі, мәуелі жемісі.



Осы жерде елден сүйінші сұрайтындай жақсы бір жаңалығымыз бар. Университетіміздің бұрынғы ректоры, профессор Б.Ж.Әбдірайымның тікелей тапсырмасымен Синьцзян университетінде Абай атындағы қазақ мәдениеті мен тілі орталығын ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Осыған дейін мұндай орталықтар университетіміз ұйытқы болуымен бес елде ашылса, Алла жазса, алтыншысының тұсауын кесер күн жақын. Ел болып атқарылар іске университетіміз бастамашыл болуы – Тәуелсіз Қазақстанның төрткүл дүниеге танылып, ұлттық құндылықтарымыздың әлем бағалап, қадірлеуге қосылған теңдессіз үлес деп білеміз. Сапар барысында Үрімжі маңайындағы қазақ ауылдарына арнайы атбасын бұрып, ондағы бауырларымыздың амандық-саулығын білу мәртебесіне ие болдық. Ол - жеке әңгіме арқауы.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет