Қаленова Т.С., т.ғ.к.
ЖАҢА ӘЛЕМДЕГІ ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚТАРЫ
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің алдына жаңа мемлекеттілік жүйесін қалыптастыру мәселесі қойылды. Осы орайда құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам құру, ұлт және ұлттық идея, этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынас мәселелері өзекті зерттеу тақырыптарына айналды. Өйткені Қазақстан сияқты полиэтникалық мемлекетте аталған мәселелерді біржақты шешу мүмкін емес.
Көпұлтты Қазақстан үшін әсіресе ұлтаралық келісім мен татулық мәселелері ең маңызды саяси ұстаным болып табылатындығы бүгінгі күні дәлелдеуді қажет етпейтін факт. Тәуелсіз Қазақстанның ішкі саясатының негізгі басымдықтарының бірі, бұл- елімізде саяси тұрақтылықты мақсатты түрде сақтау және оны одан ары нығайта түсу.
Бүгінгі күні Қазақстанның 140-қа жуық этнос өкілдерінен тұратын 15 миллионнан астам халқы бар. Қазақстанның этникалық құрамы белгілі бір уақыттарда әр түрлі себептерге байланысты айтарлықтай өзгеріске ұшырап отырғандығы мәлім. Мәселен, 1990-жылдары посткеңестік мемлекеттерде миграция процесі өте күшті болды. Өйткені КСРО құлаған соңғы уақытта бұрынғы Одақ құрамында болған республикадағы басқа ұлт өкілдері өздерінің этникалық Отанына қайтуға мүдделі болды, әрі соған мүмкіндік алды. Мұндай жағдай көпұлтты Қазақстанда да айрықша байқалды. Мәселен, 1991 жылы республикаға сырттан 170 787, оның ішінде ТМД елдерінен 161 738, ал ТМД-дан басқа мемлекеттерден 9 049 адам келсе, 228 437 адам, оның 150 731-і ТМД-ға, 77 692 адам ТМД-дан басқа елдерге кеткен болатын.
Әсіресе, 1994 жылғы миграциялық тасқын Қазақстан демографиялық құрылымында ерекше көрініс берді. Көрсетілген жылы 70 398 адам елге келсе, олардың 63 863-і ТМД-дан, ал 6 526-ы ТМД-дан өзге елдерден болды, өзге елдерден кеткендердің санын 477 068 адам құрады, оның 372 053-і ТМД-ға, 105 015 адам бұдан басқа мемлекеттерге кетті[1]. Осылайша басқа этнос өкілдерінің Отанына қайтуы, сол сияқты шет жерлердегі қазақтардың елге келуі республиканың этникалық құрамының өзгеруіне тікелей ықпал етті. 1999 санақ мәліметтері бойынша, еліміздің тұрғындар санының 53,30 % -ын жергілікті ұлт өкілдері-қазақтар, 30, 02%-ын орыстар, 2, 47% -ын өзбектер, 3, 68% -ын украиндар, 1, 41%-ын ұйғырлар, 1, 67% -ын татарлар, 2, 38 %-ын немістер, 5, 07%-ын басқа этностар құрайды. Сондай-ақ, кейінгі кезде республикада реэмигранттар саны да артып келеді. Мәселен, 2007 жылы республикаға 42 246 орыс, 1 663 өзбек, 5 594 украин, 2 770 ұйғыр, 3 145 татар, 3 256 неміс, 11 012 басқа ұлт өкілдері қайта келген[2].
Мұндай жағдайды бірнеше себептермен түсіндіруге болады. Біріншіден, Қазақстанда ұзақ уақыт бойы басқа ұлт өкілдерінің бірнеше ұрпағы қалыптасқан, яғни жақын туыстық байланыстың орнығуы.
Екіншіден, республикадағы өзге этнос өкілдерінің саяси құқығы мен бостандығы толығымен Қазақстан Республикасы Конституциясында заңды түрде бекітілген. Атап айтқанда бұл Бас құжатта: «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең; тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды (14-бап)».Сондай-ақ, «әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар» (19 бап 2 бөлімшесі) [3].
Үшіншіден, қазіргі кезде Қазақстан саяси тұрақты және экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекет, бұл қазақстандық басқа ұлт өкілдерінің елімізде қолайлы өмір сүрулеріне барлық жағдайды жасайды. Сондықтан Қазақстан бүгінгі күні тек қана полиэтникалық мемлекеттердің бірі ғана емес, ең бастысы- тағдыры қазақ халқы тарихымен тығыз байланысқан басқа ұлт өкілдері үшін туған Отанына айналды. Ендеше осындай жағдайда қазіргі күні бірыңғай қазақстандық азаматтық қоғам қалыптастыру мәселесінің туындауы заңды деп айтуға болады. Өйткені көпұлтты республика тұрғындары өздерін Қазақстан азаматы деп қабылдауы аса қажет, өйткені бұл мемлекеттің тәуелсіздігін баянды етудің басты кепілі.
Осы мәселеде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың рөлі өте зор. Өйткені Елбасы «қазақстандық ұлт» қалыптастырудың негізгі бастамашысы және оны жүзеге асырудың нақты жолдарын айқындаушы тұлға болып табылады. Әрине бұл мәселе қысқа уақыттың ішінде және оңай шешілетін мәселе еместігі айдан анық. Сондықтан Елбасы бастамасымен бұл мәселе бірнеше кезеңдер бойынша жан-жақты қарастырыла отырып, жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 1996 жылы сәуірде өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының ІІІ сессиясында Елбасы республикада азаматтық ортақтық құру мәселесін көтерген болатын. Ал 1997 жылы маусымдағы ҚХА ІҮ сессиясында Президентпен жаңа қазақстандық азаматтықты қалыптастыру ең маңызды саяси мәселелердің бірі ретінде аталып көрсетілген еді. ҚХА ҮІІ сессиясында «қазақстандықтар қалыптастыру», ал кейінгі жылдары бәсекеге қабілетті қазақстандық ұлт қалыптастыру мәселесі қойылуда.
«Қазақстандық ұлт» терминін этникалық жағынан емес, азаматтық тұрғыдан түсіну қажет. Мәселе еліміздің бір азаматтық ортақтығы турасында»,- деген Елбасының айтқаны бұл мәселеде ешқандай түсіндіруді қажет етпейді. Десек те бұл арада бір-ақ мәселені ерекше атап өту қажет, бұл «қазақстандық ұлт» тек қана қазақ ұлты негізінде қалыптаса алады.
Негізінен алғанда, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан бергі уақытта құқықтық мемлекет құру, қоғам өмірінің экономикалық, саяси, әлеуметтік өзгерістер енгізу, нарықтық экономиканы, көппартиялылық жүйені қалыптастыру, қоғамдағы көптеген демократиялық және құқықтық институттарды нығайту салаларында елеулі нәтижеге жетті.
Қазақстанда ұлттық саяси-құқықтық жүйені негіздеудің ерекше үдерісі 1990 жылдың басынан басталды. Ең алғаш заңдық негізде «құқықтық мемлекет» термині - 1993 жылы қабылданған Конституцияның кіріспе бөлімінде тәуелсіз мемлекетті негіздеу мақсатында Қазақстан халқының құқықтық мемлекет құруға ұмтылысы ретінде айқындалды.
Құқықтық мемлекеттің негізгі принциптерінің, ерекшеліктерінің бірі- барлық құқықтық актілердің мемлекеттің негізгі заңы – Конституцияға сәйкес болуы. 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Заң Қазақстан Республикасының егемендігін заңды түрде бекітті. Бұл заңның құрылымы және мазмұны тәуелсіз Қазақстан дамуының ең алғашқы кезеңдерінің мемлекеттік және қоғамдық қатынастарының реттелуіне сәйкес келді.
Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуының жаңа кезеңі егеменді Қазақстанның қажеттіліктеріне жауап бере алатын Қазақстан Республикасының 1995 жылы 30 тамызда осы екінші Конституциясының қабылдануымен сипатталады. Ол Конституцияның негізінде құқықтық мемлекетке бастау болған демократиялық дамуды бекіткен конституциялық заңдар қабылданды. Мемлекеттік-құқықтық жүйені түбегейлі өзгерткен реформалар жүргізіліп, қазіргі күндегі мемлекетті басқару жүйесі қалыптасып, жұмыс істей бастады.
Конституцияда заңның үстемдігін бекіткен, заң мен сот алдындағы тепе-теңдікті көрсететін басқа да баптарында құқықтық мемлекеттің идеясы өз дамуын тапты.
Құқықтық мемлекетті одан әрі дамыту жолында мынадай Конституциялық заңдар қабылданды: «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» , «Қазақстан Республикасының Парламенті және ондағы депутаттардың мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы», «Қазақстан Республикасының соттар және соттар дәрежесі туралы», «Республикалық референдум туралы», «Қазақстан Республикасының сайлау туралы». Қазақстан Республикасының Президентінің «Қазақстан Республикасындағы Конституция кеңесі туралы» конституциялық заңдық күші бар Жарлығы және басқа да заң актілері Қазақстанның ұлттық заң жүйесінің негізін қалыптастырды.
Жалпы алғанда, Қазақстанда құқықтық мемлекет құрудағы ең негізгі жетістіктердің бірі 1995 жылы қабылданған Конституцияда биліктердің тармақтарға бөлінуінің демократиялық принципінің бекітілуі болып табылады. Бұл қағидат Конституцияның 3-бабының 4-тармағында былай деп көрсетілген: «Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады».
Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 2002 жылы 20 қыркүйекте бекітілген Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының тұжырымдамасы Қазақстандағы құқықтық мемлекетті қалыптастыру жұмысын жеделдету және жетілдіруге қуатты серпіліс берді.
Қазақстан Республикасының құқықтық саясатты жүзеге асырудағы ең басты мақсаты халықаралық шартты-құқықтық саясат, ол әлемдік қарусыздану, экология, сауда, халықаралық терроризм, ұйымдасқан қылмыс, кіріс көзін жасыру, этносаралық қатынастар, адам құқықтарын қорғау, адамзаттың мәдени мұрасын сақтау.
Бүгінгі күні Қазақстан халқы өз алдына құқықтық мемлекетті негіздеп әрі жетілдіруді биік мақсат етіп қойып отыр. Бұл мақсатқа оңай жолмен жету мүмкін емес екені анық. Қазақстан Республикасы Президенті атап өткендей: «Ең алдымен, конституционализм дегеніміз – құқықты мемлекеттің басы, өйткені, ол енді абсолютті емес, бірақ әлі жан-жақты дамымаған. Мемлекетті конституцияландыру оны бастапқы ұйымдастыру көрінісі іспетті, ал мемлекеттік органдардың жанды тініне және қоғамның күнделікті өміріне конституциялық-либералдық ережелер мен нормалардың әрі қарай дендеп енуі құқықты мемлекет пен азаматтық қоғамға жол тарту болып табылады. Құқықтық мемлекет – бұл тұрақты конституциялық құқық тәртібінің нәтижесі. Азаматтық қоғам – экономикалық еркіндіктер мен либералдық-демократиялық тәртіп негізінде, кеңестік кезеңдегі көзі ашық авторитаризм элементтерімен болса да, жеке тұлғаның дербестігін орнықтыру және қоғамның өздігімен реттелу салдары. Осыған байланысты айрықша айтарым, Қазақстаннан жоғары дәрежеде дамыған елдердегідей сияқты конституционализм жағдайына көзді ашып-жұмғанша көшуді талап ету әділетсіздік болар еді». [4].
Құқықтық мемлекеттің ең негізгі белгілерінің бірі заңның үстемдігі болып табылады. Құқықтық мемлекеттің қалыптасуын, дамуын, жетілуін, еліміздің конституциялық дамуынан көре аламыз. Өйткені, Конституцияда мемлекеттің дамуының барлық қырлары айқындалған.
Қазақстан Республикасы бүгінгі таңда конституциялық-құқықтық дамудың жаңа кезеңінде өмір сүріп отыр. Халықаралық талаптарға сәйкес жүргізілген конституциялық реформалар қоғамдағы саяси күштер мүмкіндіктерінің заңды консенсусы ғана емес. Ол жеке тұлға, қоғам және мемлекет арасындағы қолайлы қатынастарды орнықтыруға қызмет етеді.
Азаматтық қоғам – құқық және мемлекет тарапынан қорғалатын, қоғам мен мемлекеттің және оларға әсерін тигізетін, мемлекет тарапынан құрылатын қоғамдық құрылымдардың өміріндегі мәселелерді шешуге белсене қатысатын, жеке бостандыққа ие экономикалық тәуелсіз адамдардың қоғамы.
1980 жылдың соңы мен 1990 жылдардың басындағы экономикалық, әлеуметтік және саяси салалардағы түбегейлі реформалар әр түрлі әлеуметтік топтардың мүдделері мен құқықтарын қорғау үшін қоғамдық бірлестіктерге бірігуді тездетті. Қазақстанда экономикалық мемлекеттік емес бөлігіндегі жұмыскерлердің мүдделерін қорғайтын тұңғыш тәуелсіз кәсіподақтар қалыптаса бастады. Азаматтық өзіндік сананың қалыптасуының айқын көрінісі -1989 жылы ядролық полигондарды жабу міндетін алған белгілі қоғам қайраткері О.Сүлейменов жетекшілік жасаған «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысының құрылуы. Азаматтық қоғамның және оның институттарының белгілі деңгейде дамуы мемлекет қызметінде осы үдерісті жүргізуге бейімделген саяси, құқықтық шарттардың жасауына ықпал етеді.
1990 жылдардың басында құрамына 28 әр түрлі ұйымдар, партиялар, қозғалыстар біріктірген әлеуметтік қорғау Коалициясы құрылып, ол қоғамдағы күрделі мәселелерді талдап, олардың шешу жолдарын, тетіктерін бірлесе ұсынуымен айналысты.
1991 жылы 27 маусымда Қазақ ССР-нің «Қазақ ССР-гі қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңы қабылданып, соның нәтижесінде мемлекетімізде бірнеше саяси партиялар және славяндардың республикалық «Лад» қозғалысы, Қазақстанның азаматтық қозғалысы, «Азат», «Мемориал» қоғамдық-ағартушылық қоғамы, «Единство» қозғалысы, Алматы Хельсинск тобы, «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы, зейнеткерлердің «Поколение» қозғалыстары құрылған болатын. Осылайша, Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет болып қалыптасу үрдісі барысында күрделі де, түбегейлі өзгерістерге әкелген саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік қайтақұрулардан өтті. Ал қазіргі күні Қазақстан Республикасында бірыңғай-азаматтық қоғамды қалыптастыру проблемасы қолға алынып, мемлекеттің тәуелсіздігін баянды етуге бағытталған батыл қадамдар жасалынуда.
Тәуелсіздік алған алғашқы кезеңде бірнеше ұлт пен бірнеше дін қатар өмір сүретін Қазақстанда ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар тұтанып кетуі әбден мүмкін еді. Өкінішке орай, посткеңестік мемлекеттерде өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында этникалық қайшылықтар негізінде туындаған қақтығыстар әлі тоқтатылған жоқ. Бұған Молдовадағы Приднестровье, Ресейдегі Шешенстан, Әзірбайжандағы Таулы Қарабақ, Грузиядағы Абхазия, Оңтүстік Осетия мәселелері дәлел.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев мемлекетіміз тәуелсіздікке қол жеткізген алдыңғы жылдардан бастап, біздің көпұлтты еліміздегі татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, қауіпсіздігі мен бейбітшілігін қорғауға бар күш-жігерін салып, этносаралық және конфессияаралық тұрақтылық пен ынтымақты, келісім мен тыныштықты сақтау ісіне жіті көңіл бөліп келеді. Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнап жасайтын жылсайынғы Жолдауларында да үнемі бұл мәселеге қатысты ой-пайымдауларын білдіріп, маңызды ұсыныстар жасайды.
Осы күні, Елбасымыз өзі бас болып жүргізіп отырған көреген саясатының арқасында тәуелсіз елімізде сенімі мен көзқарасы әралуан сан ұлт пен ұлыстың, мақсат-мүдделері ортақ, тату-тәтті, береке бірлікте өмір сүруде. Нәтижесінде, Қазақстандағы этникалық үйлесімділік бүгінгі күні әлемге танылған, жетекші дамыған мемлекеттермен жоғары бағаланып, мойындалған және тәжірбие аларлықтай үлгіге айналды.
Әрине, кез-келген халықтың рухани, мәдени болмысы дінмен тығыз байланысты. Демек, кез-келген халықтың тарихи тағдырында діннің шешуші рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуінің көкжиектерін айқындайтын басты факторлардың бірі екендігін көрсетеді.
Қазақстан тәуелсіз ел болып жарияланған соң, дін бостандығы жаңа арнаға түсіп, Қазақстан Республикасы өзін зайырлы мемлекет деп жариялады. Сондықтан әрбір Қазақстан азаматы «қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы» (ҚР Конституциясы,19 бап 1бөлімшесі) болып табылады.
1992 жылы 15 қаңтарда «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданды. Заңда Қазақстан Республикасындағы барлық діни бірлестіктердің діни сенім бостандығы мен өзара сыйластық қарым-қатынастарының берік негізі қаланды. Бұл Заң бүгінгі күні еліміздегі діни жағдай мен үйлесімділікті реттеуші басты құжат. Сонымен қатар, мемлекеттің басты Заңына сәйкес, діннің және діни бірлестіктердің әлеуметтік қызметтерін реттеудің халықаралық тәжірибелеріне негізделіп жасалынған басқа да нормативтік-құқықтық құжаттар бар.
2005 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Ассамблеясының II cессиясында жасаған ұсынысы бойынша Құрбан айт пен Рождествоның алғашқы күндері мерекелік демалыс күндері етіп жарияланғаны белгілі.
Қазіргі кезде республикада 2009 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша: 4 221 мың діни бірлестіктер, топтар мен қайрымдылық қорлары әрекет етеді. Діни бірлестіктер 40-тан астам конфессиялар мен деноминацияларды құрайды және де олардың қарамағында 3 179 ғибадат ғимараттары бар. Яғни 2 266 мешіттер мен 263 православие шіркеуі және заңды тұлға және филиалдар ретінде тіркелген діни бірлестіктердің саны 3 577 [5]. Олардың ішінде исламдық 1652: 1642 суниттік және 2 шииттік, 2 сопылық және 4 ахмадия ағымдары бар. Сонымен бірге, православиялық шіркеуге жататын 241 діни бірлестік, 7 старообрядтық шіркеу, римдік-католиктік шіркеуінің 77 бірлестігі, 946 протестанттық бірлестіктері жұмыс істейді.
Бүгінгі күні Қазақстанда дәстүрлі емес діни қауымдар да бар, олардың қатарына: 5 буддистік қауым, 24 индуистік, 12 кришнаиттік, 23 Бахаи, 2 трасцендентальдық медитация қауымы жатады[6]. Бұл көрсетілген мәліметтерден елімізде дін мәселесі мемлекет тарапынан ешқандай қыспақсыз өркениетті жолмен шешіліп отырғандығын көрсетеді. Бұл алдымен Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің өз дінін сақтап қалуға үлкен мүмкіндік береді. Осы себептен, әлемде дінаралық қайшылықтар негізінде соғыстар жүргізіліп жатқанда, елімізде бірнеше діндердің қатар, бейбіт өмір сүруі, алдымен, мемлекет ішінде саяси тұрақтылықты, одан этносаралық және дінаралық келісімді қамтамасыз етеді.
2003, 2006, 2009 жылдары Елордада үш Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері өтті. Бұл өз ретінен Қазақ Елін бүкіл әлем жұртшылығына діндер сұхбатының халықаралық орталығы ретінде танытты.
2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I съезіне әлемнің 17 елінен делегация мүшелері қатысқан болатын. Съезде діни айырмашылықтарды жеккөрушілік пен керісушілікті тұтандыру үшін пайдалануға жол бермеуге, адамзатты діндер мен мәдениеттер қақтығыстарынан сақтандыруға, халықтың діни сенімдерін халықаралық лаңкестік ұйымдарының пайдалануына қарсы тұру сияқты маңызды мәселелер қарастырылған еді.
2006 жылдың 12-14 қыркүйегінде еліміздің астанасында өткен кезекті Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің II съезі әлемнің 43 елінен 29 делегация қатысуымен өткені мәлім. Сондай-ақ, бұл съезге діни конфессия көшбасшылары ғана емес, жетекші халықаралық ұйымдар көшбасшылары мен елшілері, Еуропа және Азия елдерінің жетекші ғалымдары мен саяси қайраткерлері де қатысты.
Жалпы алғанда, кейіннен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің I және II съездерінде қарастырылған мәселелер Ислам Конференциясы Ұйымының бас хатшылығымен біріге отырып Астана қаласында өткізілген «Орталық Азиядағы Ислам өркениеті» атты конференцияда жалғастырылған болатын. Аталған конференцияға жиырма үш мұсылман және батыс мемлекеттерінен өкілдер қатысқан болатын.
Ал 2009 жылы 1-2 шілде аралығында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің III съезіне әлемдік діни конфессиялардың 60-тан астам делегациялары қатысты. Съезде жасалынған негізгі пайымдаулар мен тұжырымдамалар мазмұны әлемдегі барлық діндер ынтымақтастыққа тырысуы керек, барлық халықтар бейбіт өмір сүру үшін төзімділікке, шыдамдылыққа және өзара түсіністікке ұмтылуы қажет дегенге саяды.
Негізінен, конфессияаралық және ұлтаралық шыдамдылықты нығайту мәселесі кез-келген мемлекет үшін аса маңызды болып табылады. Өйткені бұл мәселенің шешілуіне елдің ішкі саяси тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздігі тікелей байлаулы. Әсіресе, дінаралық сұхбат азаматтық қоғам құруда және барлық халықтың әл-ауқатын жақсартуда, әртүрлі мәдениеттер мен діндер арасында үйлесімділік пен өзаратүсіністік қалыптастыруда, ең бастысы- қақтығыстар мен дау-жанжалдардың алдын алуда және оларды мүлдем болдырмауда шешуші рөл атқарады.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың елімізде дін мәселесінің оңды шешілуіне және де осылайша бүкіл әлемге Қазақстанның бейбітшілікті сақтаушы мемлекет болып танылуындағы еңбегі аса зор екендігі көпшілікке аян. Осы орайда Елбасы: «...Бізге төзімділік немесе діни фанатизм жат. Бұл рухани дәстүр, бұл қандай шеңберде болмасын Құдайдың Сөзіне деген ғашықтық. Бұл Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің ең маңызды негіздерінің бірі. Біз әлемге өзіміздің толеранттылығымызбен, ұлтаралық, конфессияаралық келісім мен диалогты сақтауымызбен танылдық. Біздің еліміздің өскелең дүниетанымдық әлеуеті бұдан ары қарай да сақталуға, дамуға тиіс»,- деп дін мәселесінде аса сақтық таныту қажеттігін қашанда болсын баса көрсетеді.
2006 жылдың 28 маусымындағы №593 Қазақстан Республикасының Қаулысымен «Қазақстандық этникааралық және конфессияаралық келісім үлгісін жетілдіру бойынша» арнайы Бағдарлама қабылданған болатын. Әрине, бұл құжат елімізде ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуда және Қазақстан халықтары арасындағы келісім мен татулықты бекіте түсуде ұйымдастырушы, үйлестіруші басты құжат болды десе де болады.
2008 жылы 6 ақпанда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Елбасы Қазақстан Республикасында одан ары қарай қоғамдық тұрақтылықты қамтамсыз етуде, ұлтаралық келісімді барынша нығайта түсуде және қазақстандық бірегейлік пен Отанына деген сүйіспеншілік қалыптастыруда Қазақстан халық Ассамблеясының рөлін ерекше атап көрсеткен болатын. Қазақстанның этникалық құрамында жүз қырыққа жуық ұлт өкілдері бар екендігі аян. Сондықтан мемлекеттің саяси тұрақтылығы мен бейбіт өмір кепілдігі- этносаралық келісім мен татулық.
Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасындағы ұлтаралық және дінаралық келісімнің бірнеше негіздерін бөліп алып көрсетуге болады. Олар:
-
мемлекетіміздің басты ішкі саяси ұстанымы- ұлтаралық келісім мен татулығы болып табылуы;
-
Қазақстан Республикасы Конституциясында ұлтаралық және
дінаралық мәселелерді оңды шешудің басты қағидаларының нақты айқындалуы;
-
Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы өзге ұлт өкілдері болып
табылатындықтан, орыс тілінің ресми тіл ретінде мемлекеттік тілмен қатар қолданылуы;
-
Қазақстан Республикасының зайырлы мемлекет болып табылуы.
Қорыта айтқанда, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігі мен саяси тұрақтылығының басты тұғыры – ұлтаралық және дінаралық келісім болып табылады. Бұл әсіресе республика тұрғындарының этникалық құрамын ескерсек, өте маңызды. Осы себепті көпұлтты республикада келісім мен татулықтың тұрақты болуы аса қажет. Әрі бұл үрдіс Қазақ қоғамында бүгін ғана пайда болған құбылыс емес. Мұның тамыры тереңде ата-баба дәстүрінде жатыр. Мәселен, қазақ халқы қашан да болсын елдікке, соның ішінде ел берекесінің тұрақты болуына аса мән берген. Ата-бабамыз: «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп ынтымаққа шақырып қана қоймай, «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» дегенді де ескертеді. Сан ғасыр бойы мәңгілік жалғастығын тауып келе жатқан қазақ халқындағы осы бір қасиетті үрдіс бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның да басты қағидасына айналды. Ол – Қазақ елі тәуелсіздігінің мәңгі мұқалмастығының негізі дер едік.
Кезінде Кеңес Одағы құрамында болған мемлекеттердің бірқатарында орын алған ұлтаралық қарама-қайшылықтар негізінде туындаған жанжалдардан біздің еліміз аман өтті. Дегенменен тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында еліміздің кейбір аймақтарында бірқатар ұлтаралық шиеленісті жағдайлар туындағаны мәлім. Мәселен, Орал, Шығыс Қазақстан облыстарында казактардың еліміз аумағынан жер бөліп алуға әрекеттенгені көрініс тапқан-ды[7]. Сондай-ақ, 1991 жылы Алматы облысы, Еңбекші қазақ ауданында жергілікті ұлт пен түрік-месхитиндер арасын ушықтырған оқиғаның түп-төркіні де осы ұлтаралық қарым-қатынастың шиеленісуіне байланысты болды[8].
1989 жылы Гурьев облысы, Жаңа-Өзен қаласында тұтанған ұлтаралық сипаттағы қайшылықты сол кездегі ішкі саяси жағдайға қауіп төндірген жеке оқиға еді десек те, дер кезінде мемлекет тарапынан тиісті іс-шаралар жүргізілмегенде соңы неге апарып соғатыны белгісіз еді[9]. Ендеше Қазақ елінің шаңырағын шайқалтуға бағытталған осындай жәйсіздіктер тамырының терең жайылмауының басты себебі – қазақ ұлтының ақылға тоқтамдығы, кең пейілділігі мен шыдамдылығында жатыр. Елімізді мекен еткен басқа ұлт өкілдері қазақтың осы бір тамаша қасиеттерін тереңнен түйсініп, аса жоғары бағалайды.
Әрине, 140-қа жуық этнос өкілдері тұратын еліміз үшін тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудың, этносаралық келісім мен татулықты дамытудың маңызы аса зор. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап-ақ Елбасының бастамасымен елімізде ұлтаралық қарым-қатынастарды реттеу, үйлестіру жұмыстарымен айналысатын арнайы ұйым құрудың жолдары жан-жақты қарастырылды. Осындай ізденістердің нәтижесінде 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кеңесші орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Қазіргі таңда ҚХА – Қазақстандағы тұрақтылық пен тұтастықты берік сақтаудың маңызды тұғырларының бірі.
1990-шы жылдардың екінші жартысында посткеңестік мемлекеттердің бірқатарында осындай Ассамблеялар құрылған болатын. Мысал үшін, 1994 жылы 21 қаңтарда көршілес қырғыз елінде, сол кездегі Қырғызстан Республикасының Президенті – А.А. Ақаевке 11 ұлттық-мәдени орталық жетекшілерінің ұсыныстары бойынша Қырғызстан халқы Құрылтайы шақыртылып, онда Қырғызстан халқы Ассамблеясы құрылған еді. Сол Құрылтайда «Бірлік, бейбітшілік және келісім Декларациясы» жарияланды. Ресей Федерациясындағы 160-тан астам халық өкілдерін біріктіретін «Ресей халықтары Ассамблеясының» өзі РФ Президентінің 1996 жылы 15 маусымдағы Бұйрығымен бекітіліп, РФ мемлекеттік «Ұлттық саясаты Тұжырымдамасына» сәйкес, 1998 жылы ғана құрылды.
Сайып келгенде, бұл Ассамблеялардың түпкі мақсаттары – бүкіл халықты «бір тудың астына» біріктіре отырып, елде жалпы тұрақтылықты қамтамасыз ету. Мәселен, Ресей Федерациясы халқы Ассамблеяның стратегиялық мақсаты – көпұлтты Отанды біріктіру, қай ұлтқа жататындығына қарамастан, әрбір адамды, әрбір халықты қадір тұтуды берік орнату, ортақ үйі- ұлы Ресейді салуға бағытталған жұмыстарды жүргізу [10].
Көршілес Қырғызстан халқы Ассамблеясының мақсаты – жергілікті қырғыздармен қатар, Қырғызстан халқын құрайтын, барлық этностардың және ҚР-дың ұлттық азшылық топтары мүдделерін де жүзеге асыру және қорғау; Қырғызстанның барлық этностарын жақындастыратын кез-келген жағдайларға, әрі оларды жалпыадамзаттық гуманистік құндылықтарға қосуға атсалысу, көпұлттық қарым-қатынастарды ушықтыратын жағдайлардың алдын алып отыру; халықаралық қарым-қатынастарда қарама-қайшылықтар мен лаңкестікті болдырмау [11].
Қазақстан халықтары Ассамблеясының мақсаты – қазақ халқының топтастырушы рөлiн арқау ете отырып, қазақстандық патриотизмді дамыту; Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негiзiнде қазақстандық-азаматтық бiрегейлiкті, бәсекеге қабiлеттi ұлтты қалыптастыру үрдісiнде этносаралық келiсiмдi қамтамасыз ету болып табылады [12].
Қорыта келгенде, Ресей Федерациясы халқының Ассамблеясы алдына қойылған мақсаттардың түп негізі – Ресей Федерациясында тұратын басқа ұлт өкілдерін Ұлы Ресейді құруға жұмылдыруға саяды.
Ал қоғамдық-саяси, мәдени-ағартушылық, қайырымдылық және де басқа бағыттар бойынша жұмыс атқаратын Қырғызстан халқы Ассамблеясы мақсаты– Қырғызстан халқын біріктіре отырып, ұлтаралық келісім орнату және сыртқы саяси жағдайды бақылап-бағдарлап отыру.
Біздің Ассамблеяның басты мақсаты – азаматтық және рухани-мәдени ортақтық негiзiнде бүкіл Қазақстан халқын біріктіру арқылы Қазақстан Республикасын жаңа даму жолына бастау.
ҚХА-ның тікелей араласуымен қазіргі кезде Қазақстанда 621-ге жуық этномәдени бірлестік қызмет жасайды. Сонымен қатар республикада 11 тілде газет-журнал шығарылып, 8 тілде радиохабарлар таратылады және 7 тілде телехабарлар көрсетіледі. Әрине, мұның барлығы мемлекеттік саясатымыздың ұлтаралық және дінаралық келісім мен татулықты сақтап, нығайтудағы бағытының дұрыстығын дәлелдейді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының құқықтық мәртебесінің артуына Елбасының қосқан үлесі зор. Мәселен, 2007 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген түзетулер бойынша Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіне Ассамблеядан 9 депутат сайланды. 2008 жылы 20 қазанда Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға қол қойғаны мәлім.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев Ассамблеяның ХІV сессиясында сөйлеген сөзінде Ассамблея қызметінің басты қағидалары қатарында:
-
Қазақстандағы этностық, конфессиялық, мәдени және тіл ерекшеліктерін;
-
этностардың мәдениеті мен тілдерін дамытуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайларды;
-
сондай-ақ, қазақ ұлтының толеранттылығы мен жауапкершілігін;
-
қазақ этносының ынтымақтастықты нығайтудағы рөлін;
-
Қазақстан халқының бірлігін атап көрсеткен еді[13].
Ал Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХҮ сессиясында жасаған баяндамасында: «Береке басы – бірлік», дейді қазақ. Ал береке-бірлігі жарасқан елдің туы биік, болашағы жарқын болатынын тарихтың өзі дәлелдеп отыр.
Біз дүние жүзі бір-бірімен етене араласып, біте қайнасқан кезеңде өмір сүрудеміз. Әлемді шарпыған дағдарыс әлі аяқталған жоқ. Жаһандық сипатқа ие болған қиындықтар қайта айналып соғуы мүмкін. Сондықтан, ең қастерлі қазынамызды - тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайта беру үшін бізге ең әуелі бірлік қажет!»,-деп ел бірлігі мен ынтымақтастығын барынша нығайта түсуді мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы ретінде атап өткен болатын[14].
Жалпы алғанда, ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынастарды реттеп, үйлестіру мәселесінде өзіндік жаңа үлгіге ие болған, елімізде татулық пен ынтымақтастықты берік орнатуда ұйтқы болған ұйым– Қазақстан халқы Ассамблеясының үлесі айрықша.
«Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт-тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады»-деген болатын Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері- М. Жұмабаев. Міне, бабамыз Мағжан айтқандай қазақ тілінсіз қазақ болмайды, ал қазақ ұлтынсыз Қазақ елі болмайды.
Қазіргі күні тәуелсіз Қазақстан бүкіл әлемге экономикасы қарқынды дамушы, жаңа саяси реформалар жүргізу арқылы өзіндік саяси мемлекеттілік қалыптастырған, халықаралық деңгейде саяси тұрақты мемлекет ретінде танылған посткеңестік елдер ішіндегі көшбасшы мемлекет. Дегенменен ұзақ жылдар бойы Қазақстанда жүргізілген Ресейдің отарлау саясаты Отан тарихында ізін мәңгі өшпестей батыра салып кеткендігі бүгінгі күнгі ащы шындық. Солардың ішіндегі ең маңыздысы және жанға бататыны- қазақ тілі мәселесі болып табылады. Тек қана Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі заң жүзінде бекітілгені аян.
Негізінен алғанда, Қазақстанда мемлекеттік тіл мәселесі 1989 жылы 11 қыркүйекте қабылданған «Тіл туралы» Заңында алғаш рет заңды түрде көтерілген болатын. Алайда қазақ тілі өзінің мемлекеттік тіл ретіндегі тиісілі дәрежедегі мәнін тек қана 1997 жылы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» қабылданған Заңында тапты. Бұл Заңның І тарауының 4 бабы бойынша қазақ тілі- Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып бекітілді. Ал орыс тілі аталған Заңның І тарауының 5, ІІ тарауының 8 -15 және ІІІ тарауының 16-18 баптарында Қазақстан Республикасы Конституциясының І бөлімінің 7 бабына сәйкес мемлекеттік тілімен қатар қолданылатыны заңдастырылды. Аталған Заңды жүзеге асыру бойынша кейінен бірқатар маңызды құжаттар қабылданғаны белгілі. Атап айтқанда, 1998 жылғы 14 тамызда «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту туралы» Үкіметтің №769 қаулысы қабылданды. Қаулыда іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу туралы айтылды. Әрине, бұл мемлекеттік тілді дамытудағы ең маңызды құжат деп айтуға болады. Өйткені жетпіс жыл бойы барлық одақтас республикаларда орыс тілі интернационалдық тіл есебінде үстем болғаны мәлім. Ал жоғарыда айтылған қаулы қабылданған соң қазақ тілінің мәртебесі өсіп, шынайы мемлекеттік тіл ретінде көтерілуіне бірден-бір негіз болғаны сөзсіз. Сондай-ақ, бұл іс-шаралар Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 4 қарашадағы №3186 Жарғысымен қабылданған «Қазақстан Республикасының тіл саясаты тұжырымдамасында» өзінің логикалық жалғастығын тапты.
Мемлекеттік тілді барынша дамыту іс-шараларына қатысты қабылданған өзіндік мазмұны жағынан өміршең мәнді болып келетін келесі бір құжат- Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы №550 Өкімімен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы». Бағдарламада мемлекеттік тілді нығайтудың басты жоспары айқындалды. Бұл құжатта республикада іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізудің нақты міндеттері айқындалып, оларды жүзеге асыру мерзімі белгіленді.
Мемлекеттік тілді дамытудың алғашқы жылдарында республикада осы мақсаттағы іс-шараларды ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын жүргізу үшін бірнеше ресми органдар құрылған болатын. Мәселен, 1998 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанынан Мемлекеттік терминологиялық комиссиясы, ҚР Үкіметінің 1999 жылдың 9 қазанындағы № 1545 Қаулысымен «Республикалық мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығы» деген республикалық мемлекеттік қазынашылық кәсіпорны ашылғаны белгілі.
Алайда осындай кешенді жұмыстардың жүргізілуіне қарамастан, әлі де болса бүгінгі күні біздің елімізде мемлекеттік тіл шешуін таппай келе жатқан күрделі мәселелердің қатарында. Мұның басты себептерінің бірі- Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілін керек етпеуінің емес, керісінше орыс тілді өз қандастарымыздың ана тілін уйренуге деген ынтасының жоқтығы. Тағы осы арада айта кететін өкінішті жағдай, бұл- билік басында отырған шенеуніктер арасында да қазірдің өзінде мүлде мемлекеттік тілді білмейтіндері бар. Мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты іштен туындап жатқан осындай жағымсыз жәйттер жалпы алғанда республикада қазақ тілінің дамып, жетілуіне үнемі бөгет жасайтыны анық.
Дегенменен қазақ зиялы қауымы арасында мемлекеттік тіл мәселесінде аянбай қызмет көрсетіп жүрген азаматтары бар. Бірақ санаулы десе болады, әсіресе осы орайда М. Шаханов пен А. Айталы сияқты белгілі қоғам қайраткерлерін жеке атап өту қажет. Тағы осы арада таңданыс тудыратыны Елбасымен неше мәрте қазақ тілін дамытудың басты бағыттары белгіленіп, айқындалғанымен, оның іс жүзінде толық асырылмай жатуы.
Сондай-ақ, ана тілі мәселесінде бар жанын салып еңбектеніп жүрген қазақстандық басқа ұлт өкілдерінің зиялы қауымының белді мүшелері де белгілі. Мәселен, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Асылы Осман. Бұл мәселедегі А. Османның ой-пікірі келесідей: «Қазақ тілінің мәртебесі мен меңгеру туралы әңгіменің айтылып келе жатқанына, қарап отырсаң, 20 жылдай болыпты. Түк жоқ деуден аулақпын, бірақ көпшілік құлшына меңгеріп, мойындап, мәртебесін биіктетіп жатыр деп айта алмаймын.
...Тілді меңгеру үшін бұйрықтарды аудармашыға беріп қазақшалап, аптасына 1- 2 рет қазақ тілі сабағына барып қоюмен шектелуге болмайды. Ол-аз. Бұрын Мәскеуді сылтау етуші едік, енді кімге қарап отырмыз. Тіл-қоғамдық қызметімен тіл. Тілдің мәні де, сәні де қолданыспен кіреді. Тілді үйрену жүйелі түрде жүргізілетін үздіксіз үдеріс болуға тиіс»[15].
Тәуелсіздік алған он жеті жыл бойы елімізде мемлекеттік тіл мәселесінің шешуін толық таппай отырған жауыр мәселеге айналуының бірнеше түбірлі себептері бар. Алайда оның басты айқын себебі- кеңес үкіметінің ұлт мәселесіндегі «солақай» саясаты. Басқаша айтқанда, Коммунистік партияның «кеңестік халық» қалыптастыру желеуімен үнемі орыс тілінің дамып, нығаюын барынша күшейтіп отыруы болды. Соның салдарынан қазіргі кезде Қазақ қоғамында қазақ тілді және орыстілді қазақтар деген екі топ қалыптасқан. Бұл қазақтардың өз ішінде бөлшектеніп, ата-анасы баласын, баласы ата-анасын түсінбейтін кер заман болғанының дәлелі. Әрине, мұндай мәселенің түпкі туындау себебі- Ресей патшалығының, кейіннен Кеңес үкіметінің орыстандыру саясатында жатыр. Үлкенді де кішіні де қазақша сөйлеуге үйретуге еліміз тек қана егемендік алғаннан кейін ғана қол жеткізгені жасырын емес. Сол кезден бастап мемлекет тарапынан қазақ тіліне оқытуға ерекше ден қойылуда.
Елімізде мемлекеттік тілді тиімді оқытуды арттыру мақсатында 16 аймақтық, 15 қалалық, аудандық қазақ тіліне оқыту орталықтары жұмыс істесе, 2008 жылы осындай тағы отыз орталықтарын ашу, ал 2010 жылы олардың саны жүзден астам болады деп жоспарлануда[16].
Бүгінгі Қазақстан Республикасында Елбасының тікелей араласуымен мемлекеттік тілді жан-жақты дамыту және мемлекеттік тіл бүкіл қазақстандықтардың құндылығына айналуы үшін қыруар жүмыстар жүргізілуде. Мәселен, мемлекеттік тілді дамытуға мемлекет тарапынан 2005 жылы 133 миллион, ал 2006-да 560, 2007-де 3 миллиардтан астам, 2008 жылы 5 миллиардтан аса теңге бөлінді[17].
Тәуелсіздік алған кезден бастап Қазақстанда 883 қазақ мектептері жұмыс істей бастады. Қазіргі кезде барлығы 7 721-нің ішінде 3 788-і- таза қазақ мектептері. Бұл 50 пайыз дан астамы дегенді білдіреді. Оларда 1 миллион 545 мың оқушы оқиды.
Қазақстанда 140-қа жуық ұлт өкілдері тұратыны белгілі. Елімізде Қазақстан Республикасы Конституциясының ІІ бөлімі, 19 бабының 2 тармақшасына сәйкес «әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар».
Бүгінгі күні республикамызда қазақ тілінен өзге тілдерде оқытатын жалпы білім беру мектептерінің саны 1 852. Оның ішінде 1 727-і орыс, 2-і тәжік, 63-і өзбек, 1-і украин, 4-і ағылшын, 1-і түрік, 14-і ұйғыр мектептері[18].
Қазіргі кезде Қазақстан тек қана экономикасы дамуы жағынан ғана емес білім және ғылым салалары дамуы жағынан алдыңғы қатарға шыққан мемлекеттердің бірі. Ендеше Елбасы бастамасымен қазақстандықтардың алдағы уақытта үш тілде: мемлекеттік тіл- қазақ тілінде, сонымен бірге орыс және ағылшын тілдерінде қоса сөйлеуі әлемдік білім мен ғылым кеңістігіне еркін енуімізге мүмкіндік ашатыны анық.
Елбасы 2008 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында “Тілдердің үш тұғырлылығы” мәдени жобасын іске асыруды жеделдету керектігін баса көрсетіп, мемлекеттік тілді оқытуда халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін қолдану қажеттігін айтқан болатын.
ҚР Президенті Н. Назарбаевтың үш тұғырлы тіл қалыптастыру идеясының түп негізіндегі мәнісі осында жатыр. Бұл шындығында Қазақстанның болашақта өркениетті елдер қатарына қосылуының бірден-бір жолы.
Қазақ тілінің бүгінгі күнгі шын мәніндегі мемлекеттік мәртебесінде дамып, қалыптасуында Елбасының еңбегі орасан зор. Елбасының осы орайда: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы- Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?! Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған- оның ғажайып тілі», деп жазғанмын. Бұл халқым деп, қабырғалы қазағым деп, тайсаң-тағаң, тарықсаң-панаң боламын деп айтқан иман сөзім!»[19],- деп айтқаны белгілі.
Елбасының қазақ тілін дамытуға аса мән беруі тек емес. Өйткені бүгін мемлекеттік тілді дамытуға қатысты ертеңге қалдыруға болмайтын бірнеше мәселелер бар, атап көрсеткенде, олар:
-
«Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңының негізінде бүгінгі күннің талап-тілектеріне жауап беретін Мемлекеттік тіл туралы» Заңын қабылдау;
-
қазақ тіліне оқытудың тиімді, оңтайлы жолдарын арттыру, ол үшін инновациялық оқыту үлгілерін, оқыту-әдістемелік құралдарын шетелдік тәжірибелерді пайдалану арқылы жетілдіре түсу;
-
іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді 100 пайызға жеткізу;
-
мемлекеттік тілде жарияланатын бұқаралық ақпарат құралдары санын көбейту;
-
республикалық телеарналар мен радиоарналарда мемлекеттік тілде жүргізілетін бағдарламаларды арттыру және де олардың
сапасын көтеру және тағы басқа осы сияқты маңызды мәселелерді шешіп алмайынша, әрбір Қазақстан Республикасы азаматы мемлекеттік тілді білу алдымен бұл Отанына деген сүйіспеншілік арқылы туындайтын өз елі алдындағы парызы екендігін ұғынуға қол жеткізу мүмкін емес.
Кейінгі жылдары Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын одан ары қарай жетілдіру жөніндегі комиссиясымен Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» Заңын қабылдау туралы мәселе көтеріліп жүргені белгілі. Әйтсе де бұл Заң жобасы әлі талқыланып, қарастырылуда. Алдағы уақытта бұл жобаның өз тиісілі деңгейіне жеткізіліп заңды күшіне енетіні анық. Өйткені бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін маңызды бірнеше құндылықтар қатарында мемлекеттік тіл ең бастысы. Сондықтан барлық қазақстандықтардың тағдырына қатысты тіл саясаты қашан да болсын жалпыұлттық мүддені шешуге бағытталып құрылады және соған қызмет жасайды.
Сонымен, қорыта келгенде, қазіргі кезде Қазақстан Республикасының әлеуметтік-саяси және экономикалық жағынан қарқынды дамуының негізі- мемлекеттегі ішкі саяси тұрақтылық болып табылады. Ал мұның басты кепілдігі- елдегі ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісім екендігі еш даусыз. Сондықтан қазіргі кезеңдегі республикадағы ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынас, этносаяси үдерістер, құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам құру, Қазақстан халқы Ассамблеясының саяси-құқықтық және тарихи мәні, мемлекеттік тіл және үштұғырлы тіл саясаты, мемлекеттік сәйкестілік қалыптастыру сияқты мәселелері Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтары болып табылады.
ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ДЕРЕКТЕР
-
Казахстан за годы независимости. 1997- 2007. (Статистический сборник), Астана, 2008. C.17
-
Қазақстанның демографиялық жылнамалығы, 2007, Астана, 2008. Б. 672
-
Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы, 1995. – 30 тамыз. 10 Б.
-
Назарбаев Н.А. «Шынайы конституционализмсіз ашық өркениетті қоғам жоқ». // Қазақстан Республикасы Конституциясының түсіндірме сөздігі. – Алматы: Жеті Жарғы, 1996. 14 Б.
-
Мырзаев Б., Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктер және дін саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптері // «Дін және құқық» журналы №2 (10), Астана – 2009.
-
http://irgetas.com/media/print/21.html, Н. Байтенова, Б. Бейсенов egemen.kz.
-
Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты (алда-ҚР ПМ).7-қ.-1-т.-618-іс.-114-п.
-
ҚР ПМ.7-қ.-2-т.-39-іс.-2-3-пп.
-
ҚР ПМ.708-қ.-139-т.-1715-іс.-75-п.
-
www.anrorg.ru
-
www.assamblea.kz
-
Егемен Қазақстан, 2008 ж. 24 қазан
13. Егемен Қазақстан, 2008 ж. 21 қазан
-
Егемен Қазақстан, 2009 ж. 27 қазан
-
Тіл тағдыры-Ел тағдыры // Егемен Қазақстан. 2006 ж. 6 мамыр
-
ҚР Президенті Н. Назарбаевтың қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары журналистеріне берген сұхбаты //Егемен Қазақстан. 2008 ж. 31 мамыр
-
ҚР Президенті Н. Назарбаевтың қазақтілді бұқаралық ақрапат құралдары журналистеріне берген сұхбаты...
-
ҚР Статистикалық мәліметтер агенттігі мәліметтері. 2008 ж.
-
Қазақтың болашағы- ана тілінде. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбаты //Ана тілі. 2006 ж.11мамыр
«Мемлекет тарихы», №4, 2009, 73-85 бб.
Достарыңызбен бөлісу: |