А мәтіні
ҒАЛАМДЫҚ ЖЫЛЫНУ ПРОБЛЕМАСЫ
«Адамзат баласы мен Табиғат-ананың айқасы жанайқай шегіне жетіп қалған сияқты. “Табиғатты бағындыру” қағидасы ұранға айналған ХХ ғасырдағы адам әрекеті қоршаған ортаның табиғи тепе-теңдігінің іргетасын шайқалтты. Тіршілік атаулы табиғатпен үйлесімді әрекеті арқылы ғана дами алатындығын, өзі де сол Табиғат-ананың бір баласы екенін жиі естен шығаратын адамзат тойымсыз тәбетін табиғатты тұқырту тәсілімен қанағаттандыру жолына түскен еді. Қанша жомарт болса да Жер жарықтық тойымсыздықтан тұншықты, қанша төзімді болса да Табиғат-ананың тынысы тарылды. Тарылғаны сол емес пе, ХХІ ғасыр бастауы табиғи апаттар мен сілкіністерден ес жиғызбай барады».
«Мәңгі жасыл құрлықтарды жаз ортасында қар басып, Гренландияның мұз құрсауларының жыл сайын 250 млрд. тоннасы еріп, бу мен суға айналып жатыр. Ғаламдық жылынуға мызғымайтындай көрінген Гренландия аралында пайда болған сөгінді-жарық ұлғайып келеді. Арктика мұздары көлемiнiң кiшiреюi де бұл қауіптің басы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сараптамасы бойынша, климаттың ғаламдық өзгеруінен бүгінде 150 мыңнан астам адам көз жұмған. Бүгінде әлемнің барлық жерінде ауа райының жаһандық жылыну үрдісі байқалып, бұл әлемдік экологтардың дабыл қағуына түрткі болып отыр».
Иә, жаһандық жылыну аңыздан ақиқатқа айналды. Қазіргі таңда жаһандық жылыну үрдісінің қоршаған ортаға орасан зор қауіп төндіріп келе жатқанына ешқандай күдік қалмады. Жер шары қызып барады. Өткен ғасырда ауаның температурасы бүкіл дүние жүзінде Цельсия бойынша 0,7 градусқа жылынған. Соның салдарынан Килиманджаро шыңдарын ғасырлар бойы құрсаған қарлар еріп, теңіз түбіндегі маржанды жартастар ізсіз жоғалуда.
http://group-global.org/kk/publication/21046-galamdyk-zhylynu-problemasy
|