Еңбек адамы “Алма піс, аузыма түс”, дейтін қоғамның өсіп, өркендемесі анық. Еңбекпен ғана өркениетті елге айналуға болады. Еңбек идеясы – елдің әлеуетін жақсарту. Ал еңбек адамы бәсекеге қабілетті, жасампаз қоғамды қалыптастырады. Сонда елдің ертеңін жасайтын еңбек адамы дегеніміз кімдер? Елді бір адам ғана дамытпайды. Қоғамның әрбір мүшесінің өз міндеті бар. Мемлекет үшін барлық сала мамандары бірдей қажет. Еңбекпен айналысып, өзіне де, еліне де қызмет қылғандар нағыз еңбек адамы. Драматург Сұлтанәлі Балғабаев бір сұхбатында: “Еңбек адамы десе, далада жұмыс істеп жүрген жанды көрсетуге тырысады. Еңбек адамы деген тек қана диханды, шопанды ғана білдірмейді. Еңбек адамы деген кез келген салада болу керек”, деген еді. Жаны бар сөз. Сөздің басында айтқанымыздай, әр адамның адал еңбегі ел ертеңіне қосылған үлес.
Президенттің еңбек адамына ерекше тоқталып, мән беруі бекер емес. Қасым Жомарт Кемелұлы өз сөзінде: “Қазір аянбай еңбек ететін кез. Сол себепті арқаны кеңге салмай бірден іске кірісуіміз керек. Босаңсуға болмайды”, деді. Мемлекет басшысы айтқандай елді ең жақсы қоғамға жеткізетін дәл осы еңбек пен еңбек адамдары. Экономикасы дамыған, әлеуеті мықты, әділетті қоғамды қалайтын әрбір азамат еңбектенуі керек.
Кейбіреулерге “ Жаңа Қазақстан” бүгін-ақ бола салуы керек сияқты көрінетіні рас. Бірақ оған уақыт керек және “Жаңа қазақстанды” тек президент қалыптастырмайды. Билік қана ертеңді ертегідей етіп бермейді. Бұл “қолынан іс келетін, елге беріле қызмет қылатын” қоғам мүшелерінің қолындағы іс және барлық адамның мойнындағы жүк. Жақсы өмір сүру үшін әрбір адам еңбек адамына айналуы қажет. Кез-келген маман өз ісіне жауапкершілікпен қарай білсе, елге пайдасын тигізсе еңбек адамының адалдығы сол болмақ. Президент те: “кәсібилік, адалдық және қарапайымдылық біздің басты қағидаттарымыз”, деп қадап айтқан болатын.
Мемлекет басшысы тағы бір сөзінде: “Жастар жетістікке жету үшін көп еңбектену керек. Жаңа білім алуға, тың тәжірбие жинауға ұмтылған жөн. Сонда жастарымыз өз кәсібінің хас шебері атанады. Әрдайым сұранысқа ие болады. Қоғамда сыйлы болады”, деген еді. Демек, сапалы білім алу да еңбек адамына айналу. Өйткені қазіргі ғылыми технологиялық заманда біліммен алға жылжи аламыз. Президент айтқандай: “Тек үйренетін емес өзгеге үйрететін ұлтқа айналуымыз қажет. Сондай-ақ тек тұтынушы емес, жаңа дүниені өндіруші ұлт атануымыз керек”.
Еңбек адамының ел экономикасының дамуында алатын орны ерекше. Сондықтан да, қоғамның масылдық психологияға жұтылып кетпеуі, үкіметтен ғана үлкен істер күтпеуі үшін адамдар еңбек идеясын түсінуі қажет. Қоғамда еңбек адамының жасаған істері бағаланып, мәртебесі қалыптасуы керек.
“Еңбегіне қарай - құрмет, жасына қарай - ізет”, дейді қазақ. Президент те осы турасында: “Еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуі тиіс. Әсіресе, ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұмысшы, шаруа сияқты мамандардың мәртебесін одан әрі арттыра түсуіміз қажет. Ол еліміздегі ең сыйлы азаматтарға айналуы керек. Осы кәсіп иелері құрметпен сыйға ие болғанда ғана қоғамымыз шынымен жаңарды деп айта аламыз”, деді.
Адамды адам еткен еңбек. Ендеше еңбек адамының ел құрметіне ие болу керегі рас. Қазіргі әлемнің, қоғамның жеткен жетістігі – адамзаттың ақыл ойы мен еңбегінің жемісі. Демек еңбек адамы дегеніміз қара жұмысшы ғана емес, қоғам үшін игілікті іс істеп жүрген істей алатын барлық адам.
Айтолған Жүнісхан