Алматы Жетісу маржаны



Дата17.07.2016
өлшемі254.2 Kb.
#205446
Алматы - Жетісу маржаны
Алматы - Еуразиялық контитенттің маңызды және ыңғайлы жерінде орналасып, Ұлы Жібек Жолының транзиттік пункті болып табылады. Сонымен қатар қаламыз туризмнің әрі қарай дамуы мен жетілуіне үлкен мүмкіндіктері бар. Осында Қазақстанның 713 тіркелген фирмаларының 470 туристік ұйымы орналасқан. 3000 мыңдай адам қызмет істейді. 2003 жылы олар 100250 адамға қызмет көрсетті.
Туризм саласының дамуы арқасында шетел туристердің саны көбеюде. Егер 2000 жылы Алматы қаласы 20700-ге жуық туристерді қабылдаса, қазіргі кезде туристер саны – 42000, ал ішкі маршруттардағы қызмет көрсетілген туристер саны 2000 жылдан бастап 3600-ден 20000-ға дейін өсті.
Мамандардың айтуы бойынша, қала 300 000 астам туристерді қабылдай алады.
Шетел мемлекеттерінің Қазақстанға қызығушылығы, туристік фирмалардың ішкі және сыртқы туризмді ұйымдастыру белсенділігі өсуде. 2000 жылы ішкі және сыртқы туризммен 20 фирма айналысса, қазіргі кезде олардың саны 50-ге дейін жетті.

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ БАС ЖОСПАРЫНЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАЛАРЫ


1. Бас жоспардың мақсаты
Алматы қаласын 2020 жылға дейінгі кезеңге дамытудың Бас жоспары қалада қолайлы тіршілік ортасын құру мен тұрақты дамыту, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғат пен мәдени мұраны сақтау мақсатында Алматының қала құрылысын дамытуды жоспарлайтын негізгі құжат болып табылады.
Бас жоспар Алматы қаласының Қазақстан Республикасының оңтүстік астанасы функциясын, Алматы мен Алматы агломерациясы дамуының өзара байланыстылығын іске асыру ескеріле отырып әзірленген.
Бас жоспар қала инфрақұрылымының перспективті және бірінші кезектегі бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыру, табиғи кешендер аумағын сақтау мен дамыту, тұрғын үйлерді реконструкциялау мен өндірістік аумақтарды қайта ұйымдастыру, қоғамдық, іскерлік және мәдени орталықтарды, туризм және демалыс нысандарын дамыту, жан-жақты ретке келтіру және қала тіршілігін эстетикалық тұрғыда ұйымдастыру, Алматының әкімшілік аудандары мен басқа да ауқмақтарын дамытудың қала құрылысы жоспарларын әзірлеу мен іске асыру, қаланы жоспарлау мен құрылыс жүргізу жобалары үшін негіз болып табылады.
Алматы қаласын дамытудың Бас жоспарының басты мақсаты – экологиялық жағынан қолайлы, қауіпсіз және әлеуметтік жағынан ыңғайлы тіршілік ету ортасын құруға бағытталған кешенді қала құрылысы іс-шараларын жүргізу.
Бас жоспардың негізгі архитектуралық-қала құрылысы идеясы: Алматы қаласының «қала-бақ» бейнесін сақтау және қалыптастыру.
2. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері
Демография.
Демографиялық процестердің динамикасы 2020 жылға дейін қоғамдық дамудың бүкіл құрамдас бөліктерінің өзара әрекетімен анықталады. Бұларға бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі, сол сияқты қоғам өмірінде өсіп келе жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер барысында қалыптасатын жаңа факторлар жатады.
Алматы қаласының демографиялық даму сипаты халықтың табиғи және миграциялық қозғалысымен анықталады. Олардың ауқымы мен бағыты төмендегідей әлеуметтік-экономикалық өзгерістер нәтижелеріне байланысты:

қаланың экономикалық әлеуетінің дамуы;

тұрғын үй нарығының дамуы;

жұмыспен қамтылу мен еңбекақы деңгейі;

мемлекеттік және жергілікті әлеуметтік саясат және басқалары.
Тұрғындардың болашақ санын болжау нұсқалары бала туудың кезеңдік төмендеуі мен артуы болжамы (1000 тұрғынға 11,5-тен 7,8-ге дейін және 15,2), өлімнің өсуі мен қысқаруы (1000 тұрғынға 11,8-ден 12,4-ке дейін және 8,2), тұрғындар өмірінің ұзақтығының өсуі мен миграциялық өсім ескеріле отырып есептелген. Миграцияның оң сальдосына 1998-2000 жылдардың өзінде қол жетті. Енді болжамды кезеңнің соңына дейін осындай болып қалады деп болжануда.
Алматы халқының 2020 жылға дейінгі кезеңге болжамды саны Алматыдағы, Алматы облысындағы және жалпы Қазақстан Республикасындағы демографиялық үрдістің тұрақтылығымен және инерциясымен анықталады. Бұның ішінде барынша тұрақтысы Алматы халқының жиынтық санының болжамы болып табылады. Бұған Алматы қаласының өзінің тұрақты тұрғындары және уақытша мекендейтін халқы жатады. Алматының жиынтық халқының болашақ саны барынша ықтимал болжам нұсқасы бойынша 1500 мың адамды құрайды, оның ішінде тұрақты халық – 1300 мың адам, уақытша тұратындар– 200 мың адам.
Халықтың жұмыспен қамтылу құрылымының есептік көрсеткіштері 2020 жылға қарай тұрғындардың қаланы түзуші топтары 189,5 мыңнан 327,6 мың адам, ал қызмет көрсетуші топтар экономиканың салалары бойынша жұмыспен қамтылғандардың жалпы санында 354,1 мыңнан 390,0-ге дейін жетеді деп болжануда.
Қаланы әлеуметтік және қала құрылысы тұрғысынан дамытудың басты мақсаты - әлеуметтік-психологиялық жайлылық пен халықты қарастырылып отырған аумақта тұруына қолайлы жоғары деңгейдегі жағдай жасау.
Алматының қала құрылысы дамуының негізгі бағыттары тиімділігнің экономикалық көрсеткіштері 2020 жылға дейін 2000 жылмен салыстырғанда төмендегілерді ұлғайту болып табылады:

жалпы аймақтық өнім өндірісі көлемін 3 есе арттыру;

салыстырмалы бағаларда күрделі салымдар көлемін 2,5 есе;

жан басына шаққандағы табысты 2 есе.


Тұрғын үй және азаматтық құрылыс.
Тұрғылықты ортаны жан-жақты қалыптастырудың негізгі бағыттары орташа алғанда 1 адамды 22 м2 тұрғын үймен қамтамасыз етуге дейін жеткізуді көздейді. Сөйтіп қаланың бүкіл тұрғын үй қорын 27,5 млн. м2-қа дейін ұлғайту көзделуде. Құрылыс 1,1 мың га (жалпы алаңы 2,42 млн. м2) бос тұрған аумаққа да, сол сияқты тозығы жеткен тұрғын үйлерді сүру және құрылыс алаңдарын барынша тиімді пайдалану есебінен реконструкцияланатын 1,8 мың га (жалпы алаңы 5,27 млн. м2) алаңға да жүргізілетін болады. Жеке тұрғын үй құрылысының үлесі бүкіл кезеңде тұрғын үй құрылысының жалпы көлемінің 37%-ын құрайды.
Алматының тұрғын үй аумағын реконструкциялау мен дамытудың басым бағдарламалары төмендегілер:
қала бөлігі құрылымындағы жүргізіліп жатқан құрылыстардағы тығыздығы төмен аудандарды жоғары қарқынды пайдалана отырып, реконструкциялау (магистралдар бойындағы, орталықтағы, қала тораптарындағы және басқа аумақтар), бұған жалпы алаңы 0,2 млн. м2 бір қабатты құрылыстарды сүру және осы аумақта жалпы алаңы 1,47 млн. м2 жерге жаңа көп қабатты құрылыс нысандарын салуға тұрғын үйден шығаруға өтемақы қосылады;
аяқталмаған құрылыс нысандарының құрылысын аяқтау және жүргізіліп жатқан құрылыс шегінен тыс 4,2 млн. м2 тұрғын үй қорын енгізе отырып, тұрғын үй кешендерін қалыптастыру, оның ішінде 0,7 млн. м2 өндірістік мақсаттағы аумақты қайта ұйымдастыру және қолданыстағы қоғамдық құрылысты ықшамдау есебінен;
байланыс аймақтарында табиғи-ландшафты қаңқаны және урбандалған аумақтарда қалалық және коттедждік үлгідегі 1,02 млн. м2 тұрғын үй қорына дейінгі көлемде аз қабатты тұрғын үй құрылыстары кешендерін қалыптастыру;
тарихи-мәдени құндылығы бар, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы, ХХ ғасырдың 20-50-жылдарындағы қала құрылысының үлгілері болып табылатын тұрғын үй кварталдары мен кешендерін реставрациялау, реконструкциялау және көріктендіру; тұрғын үй аумақтарын сақтау, Алматының орталық бөлігінің тұрғын үйлер аясын реабилитациялау және көріктендіру;
60-80-жылдарда және кейінгі жылдарда салынған ықшам аудандардағы жаппай құрылыс аудандарын кезең-кезеңмен реконструкциялау. Бұған күрделі жөндеу, қайта жобалау, реконструкцияланатын қорға құрылыс жүргізу, 115 млн. м2 амортизацияланған қорды сүру және жалпы алаңы 1,41 млн. м2 болатын жайлы жер сілкінісіне берік, жан-жақты жабдықталған жаңа биік (12-16 қабат) үйлер тұрғызу, қоғамдық аймақтардың және осы аймақтардың орталықтары жүйелерін архитектуралық-кеңістік тұрғысынан аяқтау және қалыптастыру кіреді.
Қаланың муниципалды тұрғын үй қоры қалыптасып отырған тұрғын үй нарығындағы маңызды элементтердің бірі. Халықтың әлеуметтік қорғалатын және соларға теңестірілген бөлігі үшін муниципалдық тұрғын үйлер құрылысы экономикасы дамыған елдердің тәжірибесі бойынша, құрылыстың жалпы көлемінің 20-25%-ін құрауы тиіс. Бұл негізінен ең арзан және көп қолданылатын технологияны пайдалану арқылы салынып, тұрғындарды заңда кепілдік берілген тұрғын үйлермен қамтамасыз ету деңгейіне бағытталған пәтерлері бар көп қабатты үйлер.
Жаңа муниципалдық тұрғын үйлер құрылысының көлемі 2020 жылға дейін салу көзделген тұрғын үйлерді енгізудің жалпы көлемінің 1,9 млн. м2 немесе орташа алғанда жылына 90 мың м2 болады.
Бас жоспарда жаңа әлеуметтік-экономикалық және қала құрылысы жағдайын ескере отырып, мекемелердің әлеуметтік-кепілдік берілген қызмет көрсетудің ең төменгі мөлшерінің нормативтік көрсеткіштеріне және қалалық маңызы бар нысандарды дамытудың 2020 жылға дейінгі нормативтік көрсеткіштеріне жету бағытында әлеуметтік саланы дамыту көзделген.
Бұл ретте жаңадан құрылыс жүргізу және жалпы алаңы 4,77 млн. шаршы м қызмет көрсету нысандарын реконструкциялау есебінен қаладағы қызмет көрсету қорын жалпы алаңы 7,97 млн. шаршы м шамаға жеткізе отырып, әлеуметтік салаға енгізу болжануда.
Экономикалық қызмет
Алматы аумағында эконмоикалық қызметтің саларалық құрылымдарын қайта ұйымдастыру ұсынылады. Оның ішінде: ғылымның, білімнің, мәдениеттің және жоғары технологиялық өнеркәсіптің ролін сақтау; өндірістік, іскерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды, қызмет көрсету, туризм және рекреация саласын ынталандыру; экологиялық қауіпті және ресурсы сыйымды өндірістерді қайта ұйымдастыру.
Материалдық өндіріс салаларына қайта құрылымдауды жүзеге асыру ғылымды қажет ететін және ресурсты үнемдейтін технологиялар пайдасын көздейді.
Алматы қаласының Қазақстан Республикасының бас қаласы мәртебесін сақтау болжанып, ғылыми-техникалық, білім беру, мәдени, әлеуметтік, өндірістік және инфрақұрылымдық әлеуетті, республикалық және халықаралық маңызы бар нарықтық инфрақұрылымдар институтын қарқынды дамыту болжануда.
Экономиканың мемлекеттік және жеке секторларының бұдан арғы тиімді үйлесуі мен өзара әрекет етуі жоспарланады.
Бас жоспарда өндірістік аумақтарды қайта ұйымдастыру ұсынылған. Бұл олардың экологиялық қауіпсіздігін артыру және осы аумақтарың қаланы дамытуда қала құрылысы әлеуетін барынша тиімді пайдалану мақсатын көздейді.
Қаланың рекреациялық инфрақұрылымы.
Қала туризмі экономикалық қызметтің жаңа саласына қызмет көрсету үшін рекреациялық инфрақұрылымды дамытуға арналған кешенді қалалық бағдарлама қала экономикасының жаңа тиімді секторын құруды мақсат тұтады. Бұл ретте Алматының тарихи-мәдени мұрасы мен керемет табиғат әлемін пайдалану, тарихи мұра мен табиғи әлеуетті сақтау, реставрациялау және жаңғырту істерінің қаржылық мәселелерін шешу көзделген.
Бағдарлама жыл сайын туристер ағынын 253,5 мың адамға дейін ұлғайтуды, оның ішінде отандық туристер ағынын 138,5 мың адамға және шетелдік туристер санын 115 мың адамға жеткізуді көздейді. Мұнда туристік мекемелерге деген жиынтық сұраныс 24,6 мың орын, оның ішінде 14,71 мың орын отандық туризм үшін ұйымдастырылған және 9,9 мың орын шетелдік туристерге арналған. Аймақтарды және туристер барып көретін нысандарды көріктендіру, төмендегілерді көздейтін кешенді туризм инфрақұрылымын құру:
Қазақстан Республикасы аумағындағы «Жібек жолы» бөлігіндегі туризм жүйесінің тораптық кешені ретінде Алматының және Алматы аймағының туристік кешенін дамыту; Ұлы Жібек жолының Алматы мемориалдық аймағының туристік мекемелерінің сыйымдылығын 25 мың орынға дейін арттыру, оның ішінде қаланың қонақүйлер желісін 5,8 мыңнан 7,8 мың орынға дейін жеткізу.
қаланың біртұтас туристік аймақтары жүйесін қалыптастыру, бұл туристер баратын және көретін орындар шегінде жаяу жүріп қарайтын маршруттарды біріктіруді, туристік мекемелерді орналастыру орындарын, қызмет көрсетуді және бос уақытын қамтамасыз етуді, туристік аймақтарды көлік маршруттары жүйесімен бірлестіруді көздейді;
туристер баратын және көретін нысандарды дамыту, оның ішінде ойын-сауық, спорттық нысандардың және сауықтыру кешендерінің өткізу мүмкіндігін ұлғайту, халықаралық туристік орталық, конгрестер, көрмелер, жәрмеңкелер салу;
қонақүй желісін, сауда-тұрмыстық нысандар желісін және ақпараттық қызмет көрсетуді, туристік бюро мен көлік агенттіктерін дамыту;
әуежайда, теміржол вокзалдарында көліктік туристік қызмет көрсету жүйесін дамыту, арнайы автокөліктер паркін және қызмет көрсету кәсіпорындарын және автомобиль прокатын дамыту, туристік аймақтарда автотұрақтардың сыйымдылығын арттыру;
3. Алматының қала құрылысы дамуының мақсаты
Алматының қала құрылысын дамытудың басты мақсаты – қаланы тұрақты дамыту және алматылықтардың қазіргі және болашақ буындары үшін өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізу төмендегілерді білдіреді:

тіршілік ету ортасының экологиялық қауіпсіздігі және табиғи кешеннің тұрақтылығы;

Қазақстан Республикасының ірі әрі әсем қаласын қала-бақ ретінде қалыптастыру;

қала құрылысы шешімдерінің мәдени сабақтастығы; кеңістіктік тұтастық, эстетикалық шешімі, қаланың өмір сүру ортасының үйлесімі мен әр алуандығы;

көлік және инженерлік инфрақұрылымның сенімділігі мен қауіпсіздігі, тұрғын үй проблемасын жан-жақты шешу, тұрғын үй аумақтарын реконструкциялау және дамыту, өмір сүру ортасын қалыптастыру;

өндірістік аумақты пайдалану тиімділігі;

қоғамдық орталықтар жүйесінің дамуы мен қол жетімділігі;
Көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу Алматы аумағын қайта ұйымдастыру мен көріктендіру, құрылыстарды реконструкциялау, өмір сүру ортасының сапалық сипаттарын көтеру арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
Алматы қаласын қала құрылысы тұрғысынан дамытуға қойылатын экологиялық талаптар:
тұрақты экологиялық қолайсыз аймақтарында өмір сүру ортасын түбегейлі сауықтыру, ең алдымен орталық бөлікте, қаланың оңтүстік-шығыс, шығыс және оңтүстік бөліктерінде;
табиғи кешеннің қолданыстағы аумағын қолайсыз антропогенді әсерлерден қорғау, шаруашылық қызмет нәтижесінде жоғалған шағын өзендер арналарын қайта қалпына келтіру, сондай-ақ резервтік аумақтардағы жаңа жасыл желектерді қалыптастыру бойынша іс-шараларды іске асыру;
өмір сүру ортасының жайлылығын арттыру, оның ішінде аумақты көгалдандыру және қаладағы тұрғын үй және қоғамдық аймақтарда мезоклиматтық және микроклиматтық жағдайды жақсарту арқылы.
Алматыны қала құрылысы тұрғысынан дамытудың қажетті шарттары төмендегілер:

халықтың денсаулығына елеулі қауіп төндіретін экологиялық қатерлі аймақтарды жою;

күшті техногенді ауыртпалыққа ұшыраған аумақтарды санациялау, реабилитациялау, қайта ұйымдастыру бойынша іс-шараларды іске асыру (рұқсат етілмеген қоқыс төгу аумақтары, магистральды көшелер бойындағы газдылығы мен шуы мол аймақтар және с.с.);

жоғары экологиялық қауіптің ошағы болып отырған өндірістерді жою; экологиялық таза қалдығы аз және қалдықсыз технологияны, лас сусыз өндіріс циклын ендіру, өнеркәсіп, энергетика, қала шаруашылығы нысандарын заманауи газды тазартатын, шаң ұстағыш және су тазартқыш жабдықтармен 100% жабдықтау;

сығымдалған және нығыздалған газбен жұмыс істейтін автомобильдер санын арттыру есебінен қолданыстағы мотор майларының түрлерінің құрылымын өзгерту;

ауыз судың сапа стандарттарының сақталуын және өндірістік және коммуналдық ағын сулары және жер үсті ағындарын тазартуды қамтамасыз ету;

үздіксіз қозғалатын автомагистралдар салу;

негізінен жүк көліктері және басқа да көліктер жүретін айналма автомагистральдер салу;

өндірістік және қатты тұрмыстық қалдықтарды толықтай қайта өңдеу және залалсыздандыру.
Тарихи-мәдени мұраны сақтауға және регенерацияға қойылатын талаптар
Алматы қала құрылысы тұрғысынан дамытудың негізгі бағыттары қаладағы тарихи-мәдени мұраны сақтауға және регенерациялауға қойылатын төмендегідей талаптардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс:

қала құрылысы және архитектуралық құралдармен қаланың бүкіл тарихи табиғи-ландшафты, жобалау, композициялық, археологиялық және орталық негізін сақтау, анықтау және мән беру мәселелерін қамтамасыз ету. Бұған бедердің тарихи белгілері, қалалық және табиғи ландшаф, көшелердің тарихи желілері, алаңдар мен кварталдар, қала құрылысы ансамблдерін салудың тарихи жүйесі, көрнекі доминант, қала кеңістігін көз алдыңа келтіретін аймақтарға мән беру, жылжымайтын мәдени ескеткіштер, құрылыстар мен көріктендірудің тарихи сипаты кіреді;

өзінің тарихи сипаттарын барынша толығырақ сақтаған көшелер мен кварталдарға «қорғалатын аумақ» мәртебесін беру;

аумақтағы жылжымайтын мәдени ескерткіштер аймақтары үшін олардың шекарасын анықтайтын құқықтық қала құрылысы регламенттерін және көрсетілген аумақтар мен аймақтар шекараларында қала құрылысы қызметін реттеу режимін орнату және сақтау;

тарихи табиғи ландшафты қорғау аймақтары үшін көрсетілген аймақтар шекараларын анықтайтын құқықтық қала құрылысы регламенттерін және осы шекаралар шегінде осындай ландшафтардың көрнекі келбетін қорғауды және қолайлы жағдайды қамтамасыз ететін қала құрылысы қызметін реттейтін режимдер орнату және сақтау;

жылжымайтын мәдениет ескерткіштерін реставрациялау және қалпына келтіру, анықтау, есепке алу, жылжымайтын мәдениет ескерткіштерін паспорттау бойынша жұмыс көлемін ұлғайту.


Табиғи кешен аумағын сақтау мен дамытудың негізгі бағыттары
Алматының табиғи кешені негізінен табиғатты қорғау, рекреациялық, сауықтыру және ландшафт түзуші және қаланың табиғи-ландшафты нобайын түзуші функцияларды орындайтын өсімдіктер мен (немесе) су нысандарынан тұратын аумақтар жиынтығын білдіреді. Табиғи кешен аумағына мыналар жатады: табиғи аумақтар – орман және орман бағы массивтері (Баум бағы), табиғи өзендер мен бұлақтардың құрылыс жүргізілмеген жазықтары; көгалдандырылған аумақтар – парктер, бақтар, гүлзарлар мен скверлер, бақ-парк өнері және ландшафтылық архитектура ескерткіштері, сондай-ақ тұрғын үйлердің көгалдандырылған аумақтары, қоғамдық, өндірістік және коммуналдық мақсаттағы нысандар; резервтік аумақтар – бұзылған және табиғи аумақтарды қалпына келтіру және қайта құру үшін, жаңа көгалдандырылған аумақтар жасау үшін резервтелген аумақтар.
Табиғи кешен аумақтарын сақтау мен дамытудың негізгі бағыттары төмендегілерді көздейді:

Алматы қаласының, қала маңындағы аймақтың және Алматы агломерациясының табиғи кешенінің тұтастығын сақтау;

әртүрлі сатылы деңгейдегі рекеациялық аймақты қалыптастыру;

жобалауды экологиялау және табиғи кешеннің нақты аумақтарын ұстап тұру; табиғи кешен аумағы алаңдарын 4-тен 14,2 мың га-ға дейін ұлғайту.


Аумақты архитектуралық-жоспарлауды ұйымдастыру
Бас жоспарда қаланы бұдан ары дамыту қала ішіндегі аумақтарды қарқынды пайдалана отырып, қала шегін қамтиды.
Қала аумақты дамуын негізгі жоспарлау бойлықтары бойындағы бос аумақтарды игеру есебінен алады: батыс, шығыс, солтүстік және оңтүстік бағыттарда (тау етегі – табиғи кешен).
Бас жоспарда жаңа тұрғын үй құрылысын көп қабатты, сол сияқты аз қабатты үйлер салу арқылы жүргізуі көзделген. Көп қабатты үйлер дәстүрлі түрде батыс бағытта Райымбек даңғылы мен Төле би көшесі аралығындағы аумақта, Абай даңғылы бойымен, сондай-ақ қаланың оңтүстік бөлігіндегі «Самалда» жүргізіле береді және қаланың орталық бөлігінде іріктеп реконстукциялау есебінен жүреді.
Қаланың негізгі магистралдарын қалыптастыру мақсатында жол өткелдері мен әртүрлі деңгейде автокөпірлер салу, негізгі қала құрылысы тораптарын дамыту Сейфуллин, Достық, Райымбек, Абай, Төле би даңғылдары, Жансүгіров, Жандосов, Шемякин, Солтүстік жартылай шеңбер, Фурманов көшелері бойындағы аз қабатты тұрғын үй қорын сүруді көздейді және т.б. Аз қабатты үйлер құрылысы солтүстік-батыс бағытта Рысқұлов даңғылының солтүстік аумағында Қарғалы және Боралдай өзендерінің аралығында, шығысында – Шемякин көшесі мен Кіші Алматы өзені аралығында, «КазПАС» солтүстік тоғаны аумағында, солтүстігінде – Бірінші май мұнай базасы ауданында, сондай-ақ басталған құрылыстың аяқталуы қажет аз қабатты үйлер салынған аудандарда дамиды.
Қаланың перспективті жоспарлау құрылымын қалыптастырудың негізі табиғи-экологиялық және көлік каркасы болып табылады. Табиғи-экологиялық каркас қала арқылы меридиан бағытымен ағып өтетін тау өзендерін, парктерді, скверлерді, бульварларды және басқа да қала «өкпесі» болып отырған көгалдандырылған аумақтарды қалыптастырады.
Сыртқы ортаны оның қаладағы элементтерімен жалғайтын негізгі табиғи шек бойынша (Ақсай, Есентай және Қарғалы, Үлкен және Кіші Алматы және т.б.) кең көгалдандырылған алаңдар құрылады.
Жалпы экологиялық каркастың құрылымы тау-жазық және жазықтағы ауа ағындарын циркуляциясын өткізу үшін меридианды және көлбеу бағытта өзара айқасатын көгалды дәліздерден тұратын ірі ұялы сетканы білдіреді. Жазықтағы желді өткізу үшін дәліздердің функциясын гүлзарлар, бульварлар, ҮАӨ бойындағы рекреациялдық аймақ болып табылатын кең бағыттағы демалыс аймақтары өзіне алады.
Қаланың урбандалған каркасының келесі элементі көлік магистарлі жүйесі болып табылады. Бас жоспар қолданыстағыларға қосымша көлбеу және енді магистарльдар, айналма автомобиль жолдарын, көлік құралдарына сервистік қызмет көрсету желілерін, автокөпірлер, жол өткелдерін, эстакадалар және т.б. салу арқылы қаланың көлік құрылымын дамытуды және жетілдіруді көздейді. Көше-жол желілерін дамыту негізіне қалалық біртұтас жүрдек жолдар жүйесін және қалалық маңызы бар магистралдар салу алынған. Соңғысын қозғалысы үздіксіз және реттелетін магстральдарға айналдыру көзделген.
Қала орталығынан көліктердің транзиттік ағынын сейілту үшін бас жоспарда қаланың негізгі жерлері мен оның орталық бөлігін орап үздіксіз қозғалыс жасауға мүмкіндік беретін шеңбер жолдар жүйесі көзделген.
Қала аумағын сыртқы транзиттік ағыннан оқшаулауды Үлкен Алматы Шеңберлі Автожолы (ҮАША) қамтамасыз етеді. Ол қаланы шығысында - Талғар трассасынан үлкен жартылай шеңбер жасай отырып, ал батысында – Жандосов көшесіне дейін орап өтеді.
Қала атмосферасын жақсарту мақсатында Бас жоспарда көше-жол желісін жетілдіу, метрополитенді енгізу, электр көліктер үлесін ұлғайту, автосервис желісін дамыту және т.б. көзделген.
Қаланың бұдан арғы өсуі жалпы қала орталығы жүйесінің тармақталуымен қоса жүреді. Қаланың негізгі өсу бағыттары бойынша ірі көлік тораптарында Бас жоспар қаланың негізгі орталығының қосалқы орталықтарын ұйымдастыруды көздейді.
Қаланың батыс бағытта өсуіне орай Қарғалы өзені бойымен және Абай даңғылы бойымен өтетін болашақ қалалық магистраль қиылысында жалпы қалалық орталықтың көп функциялы қосалқы орталығы болады. Қаланың солтүстік бағытында орталықты қалыптастырушы Алматы-1 теміржол вокзалы маңындағы алаң болып табылады.
Орталық ядроның үшінші қосалқы орталығы қаланың шығыс бөлігінде Құлжа және Талғар трассаларының қиылысында «Ежелгі Алмату» туристік кешені ретінде ұйымдастырылады.
Орталық ядрода тарихи қалыптасқан жобалау және архитектуралық-кеңістіктік құрылымды, құрылыстың тарихи типтері құрылымын сақтау және дамыту, жаяу жүргіншілер гүлзарлары, бульварлар, алаңдар жүйесін қалыптастыру, тарихи табиғи-ландшафты қаңқаның жоғалған элементтерін қайта жасау көзделген.
Бас жоспарда тарихи-мәдени қорды тарихи және археологиялық ескерткіштер базасында ары қарай сақтау, мәдени-танымдық орталықтар: «Ұлттық-этнографиялық» (Боралдайдағы сақ қорғандары ауданында) және Ұлы Жібек жолының бас трассасы – Құлжа трассасында «Ежелгі Алмату» орталықтарын құру бойынша іс-шаралар жүргізу ұсынылған.
Қоғамдық аумақтарды дамытудың негізгі бағыттары
Қызмет көрсету, мәдениет, бос уақыт, туризм. білім беру саласында, әкімшілік және іскерлік салада функциялар мен жұмыс орынларының негізгі бөлігін шоғырландыратын қоғамдық аумақтар қала аумағының урбандалған каркасының функционалдық және архитектуралық-кеңістіктік негізін құрайды.
Қоғамдық аумақтарды дамытудың негізгі бағыттары мыналарды көздейді: жалпы қалалық қоғамдық орталықтар аумағының біртұтас жүйесін дамыту, ірі тұрғын үй массивтеріне көп функционалды қызмет көрсету орталықтарының желісін дамыту.
Жалпықалалық қоғамдық орталықтар аумағының біртұтас жүйесін дамыту мыналарды көздейді:
осы жүйенің 1,15-тен 2,60 га-ға дейін аумақтық өсуі, қоғамдық құрылыс қоры алаңын 2,5 есе ұлайту – жалпы алаңы 3,21-ден 7,94 млн. шаршы м-ге дейін ұлғайту, оның ішінде әлеуметтік-кепілдік деңгейін 2,7 есе – жалпы алаңы 1,53-тен 4,06 млн. шаршы м-ге дейін және қалалық деңгейді 2,3 есе – жалпы алаңы 1,68-ден 3,88 млн. шаршы м-ге дейін.
билік органдарының, шет мемлекеттер өкілдіктерінің, дипломатиялық өкілдіктерінің нысандарын орналастыратын арнайы аймақтар қалыптастыру;
қаланың орталық аудандарының өкілдік, мәдени, бос уақыт фукциясын дамыту;
қаланың орталық бөлігіндегі қоғамдық аумақтарды (орталықтар, тораптар, көп функционалды аймақтар) және орталықтан тысқары бөлікті қарқынды дамыту, іскерлік, әкімшілік және сауда саласында жұмыс орындары функциясының негізгі тобын және көлік ағындарын шоғырландыру;
көлік тораптары және адам аяғы көп баратын тарихи және орталық белдеудегі табиғи парктер және перифериялық аудандар қалыптастырған қаланың урбандалған және табиғи аясындағы түйісу аймақтарында рекреациялық, спорттық, бос уақыт, мәдени орталықтарын қарқынды дамыту.
Жергілікті көп функциялы орталықтарды дамыту қаланың шеткері аймақтарындағы тұрғын үй массивтерінде осы аудандардың тұрғындары үшін барынша жайлы, оның ішінде жаяу бара алатын толыққанды сауда-саттық әлеуметтік инфрақұрылымдар мен жаппай сұраныстағы демалыс орындарын, көпшілікке арналған жұмыс орындарын құру мақсатын көздейді.
Алматы қаласының аумағын қала құрылысы тұрғысынан аймаққа бөлу
Алматы қаласын дамытудың Бас жоспарында аумақты қала құрылысы тұрғысынан аймақтарға бөлу «қала құрылысы» 2.07.01-89 ҚНжЕ-не және ҚР ҚНжЕ Б.1-7-97-ге сәйкес белгіленеді. Бас жоспар қала құрылысы кадастрлық сектор аумағы деңгейінде функционалдық пайдалануға (функционалдық мақсаты) қойылатын талаптарды белгілейді. Қала құрылысы кадастрлық секторы Алматының аумағын құрайды. Бұл магистральды көшелердің қызыл сызықтарын, табиғи кешен аумағының шекарасын, өзге де шекараларды есере отырып, қаланың шекара бірліктерімен шектелген. Алматының қала аумағы шектерінде 400-дей қала құрылысы кадастрлық секторы бар. Олардың орташа алаңы 60- 70 га болады.
Қала құрылысы кадастрлық секторының функционалдық мақсаты өз шегінде тұрғын үй, қоғамдық, өндірістік, табиғи нысандар учаскелері алаңдарының рұқсат етілген ара қатынасын белгілейді.
Қала құрылысы кадастрлық секторларында аумақтардың функционалдық мақсатын белгілеу Алматы қаласын қала құрылысы тұрғысынан дамыту мақсатына, талаптарына және негізгі бағыттарына сәйкес қала құрылысы қызметін жүзеге асыру кезінде қала аумағын пайдалануды қамтамасыз етудің заңды құралы болып табылады.
Қала құрылысы кадастрлық секторларында аумақтардың функционалдық мақсатын белгілеу қала құрылысы және жер учаскелерін пайдалану саласында шешімдер қабылдау кезінде билік органдары үшін міндетті болып табылады. Қала құрылысы кадастрлық секторында белгіленген функционалдық мақсатқа қайшы келетін қала құрылысы қызметі «Қала құрылысы» 2.01-89 ҚНжЕ-мен тыйым салынады.
Бас жоспар аясында қала құрылысы кадастрлық секторларында аумақтардың функционалдық мақсаты Алматы аумағын функционалдық аймаққа бөлудің Бас сұлбасымен белгіленеді.
Бас функционалдық аймақтарға бөлу сұлбасы Алматыны қала құрылысы тұрғысынан дамытудың негізгі бағыттарында және Бірінші кезектегі қала құрылысы шаралары бағдарламасында көзделген қала аумағын пайдалануға енгізілген өзгерістерді заңдық жағынан бекітеді.
Бас сұлба аумақты функционалдық пайдаланудың төмендегідей негізгі үрдістерін бейнелейді:
қаланың табиғи мақсаттағы аумақтарының және тұрғын үй аумақтарының үлесін бір мезгілде өндірістік аумақтарды қысқарта отырып ұлғайту;
қоғамдық мақсаттағы аумақтарды қарқынды ұлғайту;
арнайы мамандандырылған аумақтар үлесін қысқартып, функционалдық мақсаты аралас аумақтар үлесін ұлғайту.
4. Көлік инфрақұрылымын дамыту
Қала атмосферасын негізгі ластаушы көздер көлік (зиянды заттардың барлығының 80%-ға жуығы) болып табылады. Сондықтан, бас жоспарда жол-көше желілерін жақсарту, метрополитенді енгізу, электр көліктер үлесін арттыру, қозғалмалы құрамды жетілдіру, жанармай құю бекеттері мен техникалық қызмет көрсету желілерін оңтайлы дамыту ұсынылады.
Алматы қаласының қалалық қоғамдық көліктерінің негізгі түрлері: жүрдек-метрополитен;
жай – автобус, троллейбус, трамвай, маршруттық такси.
Бас жоспарда Алматы қаласында метрополитеннің 3 желісінің құрылысын аяқтап, кезең-кезеңмен пайдалануға беру ұсынылады.
Бірінші желі Райымбек атындағы станциядан (Райымек даңғылы мен Фурманов көшесінің солтүстік қиылысы) Фурманов көшесінің астымен Абай даңғылына дейін және Абай даңғылының астымен Сайн көшесіне дейін созылып жатыр. Бірінші желінің бірінші кезегі «Алатау» станциясымен (Гагарин көшесінің шығысы) аяқталады. Ол осыдан басқа желіге қайта отыратын бекет болады. Бірінші желіде барлығы 10 станция көзделген. Желінің жалпы ұзындығы 13,3 км, бірінші кезек – 8,5 км.
Екінші желі Орталық демалыс паркіндегі «Горкий паркінен» басталып, Жібек жолы көшесінің астымен Гоголь көшесіне қосылып, Әуезов көшесіне қарай бұрылыс жасап, содан кейін Абай даңғылы бойымен бірінші желіні кесіп өте отырып («Алатау» қайта отыру торабын ұйымдастыру үшін) және бұдан ары Розыбакиев көшесінің бойымен (батыс жағында) Торайғыров көшесіне дейін созылып, Орбита станциясымен аяқталады. Станциялардың барлығы – 9. Бірінші желідегі қайта отыру бекеті – біреу. Желінің ұзындығы – 14 км.
Үшінші желі (бірінші желінің жалғасы болып табылады) Райымбек атындағы станциядан басталып, солтүстікке қарай Алматы І темір жол вокзалына дейін созылады. Ол қолданыстағы Алматы-І станциясы мен Алматы-ІІ станциясын жалғастыратын темір жол бойына орналастырылады. Желінің жалғасы ішінара жер үстінде – ұзындығы 3,5 км. Бұл желінің жалпы ұзындығы 8,5 км. Станцияларының барлығы – 4.
Электр депо екі алаңда орналастырылады: біріншісі – Алматы-ІІ станциясының солтүстік шығыс маңында, екіншісі – Сайн мен Торайғыров көшелерінің батыс қиылысында.
Бас жоспарда аудандық деңгейдегі жаңа қозғалысы үздіксіз, реттелетін магистральдар салу және қолданыстағыларын реконструкциялау (жалпы ұзындығы 207 км )ғ сондай-ақ үш негізгі жүрдек көлік шеңбер жолын ұйымдастыру көзделген:
Үлкен шеңбер жол (ұзындығы 103 км ):
ҮАША (Үлкен Алматы шеңберлі автожолы) – шығысында Талғар трассасынан басталып, солтүстігінде әуежайды, Энергетика кентін, Ынтымақ кентін, Ащыбұлақ кентін, батысында ТЭЦ-2 ауданын, Авангард кентін жартылай орап, сыртта Алматы-Ұзынағаш автожолымен қиылыса отырып, сонымен Жандосов көшесіне дейін, бұдан ары Сайын көшесімен, л-Фараби даңғылымен, Оңтүстік-шығыс шеңбержол бойымен Талғар трассасына дейін және трасса бойымен тұйықталған жеріне дейін созылады.
Орташа шеңбер жол (ұзақтығы 61 км ): - Талғар трассасынан солтүстікке қарай автожолмен әуежайға Майлин көшесіне едйін, Бемаханов көшесімен мұнай базасына дейін, Боралдай шоссесіне, жолдың жарып ұзартылатын бөлігі Тереңқара өзенінің, Боралдай өзенінің бойы, Сайн көшесі, Әл-Фараби даңғылы, Оңтүстік-шығыс жартылай шеңбер жол, талғар трасасынан тұйықталған жерге дейін созылады.
Шағын шеңбер жол (ұзақтығы 32 км ): - Талғар трассасынан Рысқұлов даңғылы, Бөкейханов, Мұқанов, Байзақов көшелерімен, жолдың жаңа учаскесі ҚазМҰУ-дің батыс аумағындағы эстакада, Оңтүстік-шығыс жартылай шеңбер.
Магистралді көшелер мен жолдар қиылыстарындағы әртүрлі деңгейлерде автокөпірлер салу көзделуде. Барлығы 51 автокөпір салу көзделген, оның ішінде 2020 жылға дейін төмендегі көлік автошеңберлерінде: Үлкен шеңбержол – 7, Орташа шеңбер жол – 11, Шағын шеңбер жол – 7, сондай-ақ автосервис нысандарын дамыту (жанармай құю бееттері, автопаркингтер, гараждар, автомобильдер қоятын тұрақтар мен техникалық қызмет көрсету станциялары).
Электр көліктері бұдан әрі дамытылады – Медеу мұз айдынына дейін, Әл-Фараби даңғылымен, Сайын даңғылымен троллейбус маршруттары ашылады, қаланың батыс және орталық бөліктерінде трамвай маршруттары ұлғаяды.
5. Инженерлік инфрақұрылымның дамуы
Сумен қамтамасыз ету
Бас жоспар қаланы сумен қамтамасыз ету жүйесін дамытудың төмендегідей бағыттарын көздейді:
қолданыстағы су құбырларының зональды жүйесін сақтау және дамыту. Бұл ретте оның өнімділігін 1081 мың м3/тәулікке дейін ұлғайту, шаруашылық-ауыз су және өртке қарсы су құбырларын дамыту көзделген;
су қоймалары ғимараттарын реконструкциялау және жаңасын салу есебінен сумен қамтамасыз ету жүйесінің сенімділігін нығайту, қаланың резервуарлық паркінің сыйымдылығын ұлғайту, қолданыстағы су құбырлары желілерін реконструкциялау және жаңасын салу;
аз қабатты үйлері бар аудандарды (Шаңырақ 1-6, Әйгерім, Ұлжан, Школьник 1,2, Дубок, Таугүл-3, Дархан, Қалқаман 2,3, Думан 1,2 және басқалары), сондай-ақ қала шегіне кіретін кенттерді (Киров, Трудовик, Өжет, Ақбұлақ, Дружба, Қарасу және басқалары), жаңадан игеріліп жатқан қала құрылысы аудандарын (шығысында Алғабас кенті, батысында Первомайка кенті, Мамыр тұрғын үйлер ауданы) жаңа су құбырларын сала отырып, қолданыстағы сумен қамтамасыз ету жүйесіне магистралді желілер салып тұрақты сумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру;
қаладағы сумен қамтамасыз етудің қолданыстағы көздерін сақтау және дамыту (Үлкен Алматы және Шағын Алматы өзендерінің жерүсті суы, Алматы және Талғар жерасты суларының көзі), қоршаған ортаны сауықтыру есебінен судың сапасын жақсарту және сумен қамтамасыз етудің беткі көздері аймақтарында суды пайдалану жағдайын жақсарту, сол сияқты барлық қолданыстағы су өткізу станцияларын су тазартудың жаңа технологиясына көшіре отырып, біртіндеп реконструкциялау мен түрлендіру есебінен жақсарту.
Суды кері ағызу
Бас жоспарда кәріз жүйесін дамытуда мыналар көзделген: кәріз жүйесінің жұмыс істеу сенімділігін арттыру. Қолданыстағы толықтай биологиялық тазарту ғимаратын дамыту және ағын суларды тазартуды көздейтін биотоғандар салу, ағын суларды апатты жағдайда Іле өзеніне жібергішті және қала сыртындағы коллектордың үш торабын салу есебінен оның жалпы қуаттылығын 626 мың м3/тәулікке дейін жеткізу; кәріз желісін дамыту, жаңа магистральды коллекторлар салу, жарамсыз болып қалған «ескі» желілерді қайта салу, су айдайтын жаңа су сорғыш станциялар салу (2 дана), қуатты айдағыш су құбырларын ( 37 км ), Үлкен Алматы өзенінде су бөгеттерін ( 4 км ) салу, балық тоғандары арқылы өту ( 1 км );
зиянды заттардың қалалық кәріздерге түсіп кетуінің алдын алу мақсатында кәсіпорындарда технологиялық процестерді жетілдіру есебінен ағын суларды тазарту технологиясы мен сапасын жақсарту, аэрация станциясына жаңа биологиялық тазарту технологиясын енгізу.

Жылумен қамтамасыз ету


Алматы қаласында жылумен қамтамасыз ету жүйесін даытудың негізгі бағыттары бас жоспарда былайша көрсетілген:
заманауи технологиялар мен жабдықтар базасында жылумен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру, техникалық қайта жабдықтау және дамыту;
жекелеген тұтынушылардың жылумен қамтамасыз етуге деген сұранысы үшін (орталықтандырылмаған жылумен қамтамасыз ету аймағындағы жалпы жылу ауыртпалығының 10%-на жуық) жылумен қамтамасыз ету орталықтандырылмаған аймақтарда заманауи, жоғары сапалы және жылу мен электр қуатының дәстүрлі емес көздерін енгізу.
Жылу беру жүйесінде:

АТЭЦ-1 жабдығын біртіндеп жаңа заманауи, экологиялық таза, қуаттылығы 1300 Гкал/ч, негізгі отыны ретінде газды пайдаланатын жабдыққа ауыстыру;

АТЭЦ-2-ні екі энергетика қазандығымен және бір турбоагрегатпен кеңейту. АТЭЦ-2-де негізгі отын ретінде сапасы жақсартылған көмірді пайдалану ұсынылады. Табиғи газ буферлік ретінде пайдаланылады. Белгіленген қуаттылығы 1700 Гкал?ас;

АТЭЦ-2-ден Батыс жылу ауданына қарай жалпы ұзындығы 30 км-дей жаңа жылу магистралін салу, ұзындығы 13 км болатын насосты-бөлгіш станциясы бар АТЭЦ-2 мен АТЭЦ-1 жалғағыш жылу магистралін салу, жылу беру аймағында орын алған жылу магистралінің жекелеген учаскелерін салу және күшейту;

Батыс аудандағы жаңа көп қабатты құрылыстарды газбен жұмыс істейтін жаңа қазандық салу есебінен немесе электр қуатын пайдалану есебінен қажетті жылумен қамтамасыз ету;

Солтүстік жылу аймағында (первомайка кентінің батысында) газбен жұмыс істейтін жаңа солтүстік қазандық (ИСК) салу;

оңтүстік аудандық қазандықтарда заманауи жабдықты пайдалана отырып, реконструкциялау, түрлендіру және дамыту;

жаңа жылу желілерін салу және қолданыстағыларын заманауи технологияларды пайдалана отырып, арнасыз прокладканы қолданып реконструкциялау.


Электрмен қамтамасыз ету
Бас жоспарда электрмен қамтамасыз етуді дамытудың екі нұсқасы қарастырылған.
АТЭЦ-1,2,3-тің қолданыстағы негізгі жабдықтарының жұмысы ескеріле отырып, қалалық электр станцияларының шығаратын қуатын шегере отырып, минимальды нұсқа.
Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен «Электр энергиясын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасына» және Қазақстан Республикасының энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету бойынша 2005 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарына сәйкес максимальды нұсқа.
Қуаттың анықталған тапшылығын жабуды төмендегі көздер арқылы кезең-кезеңмен жүзеге асыру ұсынылады: жақын болашақта 10-15 жылда Екібастұз ГРЭС-інен, оны қолданыстағы 500 МВт болатын желі бойынша, ал кейіннен желі кернеуін 500 кВ – 800 МВт-қа дамыа отырып алуға болады.
Қазақстанның үш оңтүстік облысындағы қуат тапшылығын жабу үшін біршама ұзақ болашақта шығанақ алаңында базалық электр станциясын салу ұсынылады.
Қаланы электрмен қамтаасыз ету жүйесін дамытудың негізгі бағыттары мыналар: құрылыс жүргізіліп жатқан аймақтағы электр желілері мен ғимараттарын болашағын ескере отырып, реконструкциялау және қайта жабдықтау; әуе ЛЭП-ін біртіндеп кабельдіге ауыстыру;
желілердегі жоғалған қуатты 35-110 ке қалалық желі арқылы транзиттік артық ток есебінен төмендету;
жаңа құрылыс нысандарын электрмен қамтамасыз ету үшін жабық типтегі жаңа ПС 110/10кв салу;
220 кВ және одан да жоғары кернеулі сыртқы жүйе құраушы желілерді дамыту, екі ПС 220/110кв салу және қала маңында 220 кВ жоғары вольтты электр өткізу желілері шеңберін қалыптастыруды аяқтау;
электр энергиясын пайдаланғаны үшін дифференцияланған тарифтер енгізе отырып, барлық тұтыну салаларында электр үнемдейтін іс-шаралар енгізу.
Газбен қамтамасыз ету
Бас жоспар арқылы тұтынушылардың барлық санатын табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі толық көлемде белгіленген есепті мерзімде шешіледі. Болжамды тұтынылатын газды қамтамасыз ету үшін газбен қамту жүйесінің нысандары мен ғимараттарын орналастыру бойынша нормативтік құжаттар талаптарын сақтай отырып, жобада төмендегілер көзделген:
өткізу мүмкіндігі 690 мың м3/сағат және 550 мың м3/сағат болатын «ГРС-3» и «ГРС-2А» екі газбөлу станциясын салу;
ГРС-1 мен ГРС-2-ні жоғары қысымдағы газ реттеу пункттерінің жұмыс режиміне көшіру үшін реконструкциялау;
«ГРП қазандығы ЗТК» мен «ГРП Орбита қазандығы» екі бас газ реттеу пункттерінің құрылысы;
жаңадан құрылыс жүріп жатқан аудандарда ГРП мен ШРП салу және монтаждау;
жобаланатын және реконструкцияланатын аудандарда жоғары, орташа және төмен қысымдағы газ құбырларын салу.
Бас жоспарда газ шығынының есебі 2 нұсқада орындалған: энергия көздерін толық көлемде тұтынуды ескере отырып газдың максималды шығысы (1-нұсқа) 1085,0 мың куб.м/сағат, АТЭЦ-2 және солтүстік қазандықтың тұтынуын есепке алмастан (2-нұсқа) есепті шығыс 785,8 мың куб м/сағат болады.
6. Бас жоспарды іске асыру және мониторинг
Алматы қаласын дамытудың Бас жоспарын іске асыруды және мониторингін Алматының атқарушы және заң шығарушы билік органдары қамтамасыз етеді.
Алматы қаласының әкімдігі алматылықтарды Бас жоспардың іске асырылу барысымен тұрақты хабардар етеді. 2005 жылға дейін бірінші кезектегі қала құрылысы іс-шаралары бағдарламасын іске асыру нәтижелері бойынша Бас жоспарға түзетулер енгізіледі.
Бас жоспарға түзетулер әрбір 5 жылда жүргізіледі және кейінгі есепті кезеңге бірінші кезектегі қала құрылысы іс-шараларын қабылдаудан тұрады, ал қажет болған жағдайда – Алматы қаласының қала құрылысы дамуының негізгі бағыттары және Алматы қаласының аумағын қала құрылысы тұрғысынан аймақтарға бөлудің бас сұлбасы түзетуге ұшырайды.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет