Ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісу аумағына қоныс аудару себептері[өңдеу | қайнарын өңдеу]
XIX ғасырдың 70—80-жылдары патша үкіметінің бастамасы бойынша ұйғырлар мен дүнгендер Жетісу жеріне қоныс аудара бастады. Бұған дейін олар Қытайдың Іле өлкесінің аумағында тұрып келген еді.
Онда тұрған ұйғырлар мен дүнгендер XVIII ғасырда және XIX ғасырдың бірінші жартысында Қытай үкіметіне қарсы бірнеше рет көтеріліс жасады. Олар өздерінің ұлттық тәуелсіздігі жолында күресті. Алайда Қытай әскерлері ол көтерілістерді аяусыз басып-жаныштады. Ұйғырлар мен дүнгендердің күресі барысында Іле өлкесінде Іле сұлтандығы құрылған болатын. Бұл мемлекеттік бірлестіктің құрылуы ондағы ішкі қарама-қайшылықтарды асқындырып жіберді. 1871 жылы Ресей әскерлері ол аймақты жаулап алды. Патша үкіметі өлке тұрғындарының отбасылық істеріне және мүліктің қарым-қатынастарына араласпау саясатын ұстанды. Олардың жергілікті өкімет органдары құрылды. Бірақ оларды патша әкімшілігі өз бақылауында ұстады. Жалпы жағдай едәуір тұрақтандырылғандай болды.
Алайда дүние жүзі жұртшылығының қысым жасауымен ол өлкені Қытайға қайтару жөнінде келіссөздер жүргізіле бастады. Міне, осы кезде ұйғырлар мен дүнгендердің бұдан былайғы тағдыры туралы мәселе көтерілді. 1881 жылы екі империя арасында Санкт-Петербург бейбіт келісімшарты жасалды. Ұйғырлар мен дүнгендер бір жылдың ішінде Жетісу облысының аумағына қоныс аударуы жөнінде өздері нақты шешім қабылдауға құқықты болды. Бұл мәселе бойынша жергілікті халықтың арасында пікірі сұрастырылды. Сөйтіп 100 мыңға жуық ұйғыр мен дүнген Қазақстан аумағына өтуге тілек білдірді.[1]
Ұйғырлар мен дүнгендердің Қазақстанға қоныс аудара бастауы[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Дүнгендердің Қазақстан аумағына алғашқы қоныс аударуы 1877 жылдың желтоқсан айында басталды. Сол жылы Қытай жазалаушыларынан құтылу үшін қашқан 4 мыңға жуық дүнген Жетісу жеріне жетіп жығылды. Қоныс аударушы дүнгендердің алғашқы толқынын Бый Янь Ху басқарды. Екінші толқын 1884 жылы өтті. Ал ұйғырлардың Жетісу жеріне қоныс аударуы 1881 жылғы күзде басталып, 1884 жылға дейін жалғасты. Олардың бір бөлігі көршілес Қырғызстанға барып жайғасты.
Ұйғырлар мен дүнгендерді Қазақстан мен Орта Азияға қоныстандыру арқылы патша үкіметі екі түрлі мақсат көздеді: біріншіден, Қытайдың Құлжа өңіріндегі экономикалық базасын осалдата түспек болды; екіншіден, әскери-саяси жағдай шиеленісіп кете қалған жағдайда оларды Қытайға қарсы әскери күш ретінде пайдалануды мақсат етті. Алайда патша үкіметі бұл жөнінде жергілікті қазақ халқының пікірімен санаспады. Бұл кезде Жетісу жері мемлекеттік меншік деп жарияланып койған болатын.
Ұйғырлар мен дүнгендер белгілі бір аумақта өз алдарына жеке қоныстануды қалады. Сөйтіп қоныс аударушылар негізінен Жетісу жеріндегі Верный және Жаркент уездеріне орналастырылды.
Қазақстан аумағындағы ұйғырлар мен дүнгендердің саны бірте-бірте арта түсті. Мәселен, 1897 жылы Қазақстанда 56 мың ұйғыр, 14 мың дүнген болса, 1907 жылы ұйғырлар 64 мыңға, ал дүнгендер 20 мың адамға жетті.[1]
Қоныс аударушылардың ауыр жағдайы[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Ұйғырлар мен дүнгендер бұрынғы отырған жерлеріндегі өңделіп бапталған жерлерін, жеміс беріп тұрған бау-бақшаларын, үй-жайларын түгел тастап кеткен болатын. Сондықтан да алғашқы жылдары едәуір қиындықты бастарынан қешірді. Жер кепелер мен күркелерде тұрды. Үй салып алуға Жетісуда ағаш өте қымбат болатын. Себетін тұқым, бағатын мал, құрылыс материалдары да жетіспеді. Ұйғырлардың шағын бір бөлігі Қытайдың Іле өлкесіне қайта көшіп кетті.
Қоныс аударып келгендерге шағын жер телімдері берілді. Егер коныс аударушы орыс шаруаларының әрбір ер азаматына 20-25 десятинадан жер берілсе, ұйғырлар мен дүнгендер 5-7 десятинадан ғана жер алды.
Алғашқы кезде еңбек құралдары да, оларды сатып алуға қаржы да жетіспеді. Дүнгендерге арық қазып, егінді қолдан суаратын жерлер бөлінді. Ол жерлер құнарсыз еді, әрі олар тастақты болатын. Сондықтан да олардың үштен бірі ғана игерілді. Дүнген халқының бір бөлігі қайыршылық халге ұшырады. 1914 жылы барлық дүнген шаруашылықтарының 42 пайызы егін сала алған жоқ. Қайыршыланып, қалаға көшіп кеткен дүнгендер өздерінің алғашқы орналасқан жеріндегі болыстарға алым-салық төлеп тұруға міндетті болды.
Ұйғырлардың шаруашылығы[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Ұйғырлардың үйлері өзендер мен көлдердің жағасына салынып, дуалмен қоршалды. Әр елді мекеннің өз мешіті, дүкендері мен шағын базарлары болды. Ұйғыр болысын сонау Қытайда Іле өлкесінде тұрған кездерінде сайланған болыс биледі. Басқару жүйесінде сонымен қатар ақсақалдар (старшындар), қазылар (судьялар), онбасы мен елубасы атты билік өкілдері де болды.
Ұйғырлар негізінен тау етегіндегі егіншілікке неғұрлым қолайлы жерлерге орналасты. Егістік жерлерді суландыру үшін бұрынғы ескі арықтарды жөндеді және жаңа арық-каналдар қазды. Кейбір каналдардың ұзындығы 40 шақырымға дейін жетті.
Ұйғырлар негізінен көкөніс, дәнді дақылдар өсірумен айналысты. Олардың егіс далалары шағын бола тұрса да алуан түрлі дақылдардың 4-5, ал неғұрлым ауқатты отбасылары 12 түріне дейін екті. Дәнді дақылдар арасында бидайдың, арпаның, тарының және сұлының үлесі көбірек болды. Суы мол жерлерде күріш өсірілді. Сондай-ақ майлы дақылдар (қара сора, кендір, қыша) егілді. Жоңышқа егу де елеулі көлемде болды. Ұйғырлар сонымен қатар бау-бақша екті, жібек құртын өсірумен айналысты. Ұйғырлардың аулаларында жеміс ағаштары көп өсірілді. Мал шаруашылығы қосалқы кәсіп сипатында болды. Жұмыс көлігі ретінде өгіз, жылқы және есек ұстады.
Сыртқа барып жұмыс істеуде жук тасу кәсібімен көбірек айналысты. Ұйғырлар алыпсатарлықты да кәсіп етті. Олар Верныйдан Ташкентке тауар алып барып сатты. Олардың қалалар мен селоларда түрлі қолөнер кәсіпшіліктері де дамыды. Жаркент пен Верный қалаларында тұратын ұйғырлар етік тігумен, темір ұсталығымен, зергерлікпен, сабын қайнатумен, т.б. әр түрлі кәсіптермен айналысты. Бай ұйғырлар кейін қазақтар мен орыс шаруаларынан және жергілікті қазақтардан жер телімдерін жалға алып отырды. XX ғасырдың бас кезінде ұйғырлардың су диірмендері, темір ұстаханалары, май шайқайтын, былғары жасайтын, тон тігетін және тері илейтін шағын зауыттары болды. Олардың дүкендері, асханалары, күріш ақтайтын шеберханалары да бар еді. Атақты бай ұйғырлардың бірі Верный уезінің Жаркент болысында тұратын Уәли Ахун Юлдашев болды. Оның бір өзі 10 мың десятинаға жуық жерді жалға ала алатын. Ол сонымен қатар астық саудасын да өз монополиясына айналдырып үлгерді. У.А. Юлдашев Англиядан алдырған пароходын Іле өзеніне алғашқылардың бірі болып жүргізді.[1]
Дүнгендердің кәсіпшілігі[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Дүнген ақсүйектері.
Дүнгендердің негізгі шаруашылық кәсібі егіншілік, бау-бақша өсіру, ұсақ-түйек сауда жасау, басқа да әр түрлі кәсіп түрлерімен айланысу болды. XX ғасырдың 80-жылдарынан бастап олар Жетісуда алғашқылардың бірі болып күріш еге бастады. Бау-бақша өсірумен, бағбандықпен айналысты. Дүнгендер капуста, пияз, сарымсақ, бұршақ, ас бұршақ, бұрыш, шомыр, сәбіз, аскөк, асқабақ, кияр сияқты алуан түрлі дақылдар өсірудің шебері болды. Олар орыс шаруаларынан кызанақ және картоп өсіруді де үйреніп алды.
Дүнгендерде мал өсіру қосалқы сипат алды. Жайылымның жеі іспеушілігі мал өсіруді едәуір шектеуге мәжбүр етті.
Дүнгендер жүк тасу кәсібімен айналысу үшін жылқы мен өгіз ұстады. Жүк тасу әдетте ауыл шаруашылық жұмыстары аяқталып, жиын-терін біткеннен кейін басталатын. Олар өздері өндірген ауыл шаруашылық өнімдерін Әулиеатаға, Верныйға, Ташкентке, Жаркентке, сондай-ақ Шыңжаңға алып барып сататын. Ал қайтарында Ресей мен Қытай өнеркәсібі шығарған бұйымдарды ала келетін.
Дүнгендер өз шаруашылықтарында аздаған сиыр, қой, ешкі ұстады. Ал ауыл шаруашылық жұмыстарынан қолдары босаған кезде қамыстан ши тоқыды. Ол үшін тайланған бау-бау қамысты пайдаланды. Дүнгендердің бірқатарының май шайқайтын, күріш кептіретін, сіркесу дайындайтын шағын кәсіпорындары болды. Сынған ыдыстарды құрсаулап жөндеуді кәсіп етушілер де аз болған жоқ.
Материалдық тұрғыдан жағдайлары жақсарған дүнгендердің арасында да өз көпестері шықты. 1905 жылы Жаркенттің өзінде ғана 167 дүнген көпесі болды. Олардың қытай тілін жақсы білуі Қытаймен екі арадағы сауда-саттықты монополияға айналдырып алуларына жағдай жасады.[1]
Ұйғырлар мен дүнгендердің рухани мәдениеті[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Ұйғырлар мен дүнгендердің рухани мәдениетін зерттеумен кезінде Ш. Уәлиханов, Н.М. Пржевалъский, В.И. Роборовский және басқалары айналысқан болатын. Олар бұл халықтардың тарихы, этнографиясы, мәдениеті жөнінде бай мағлұматтар қалдырды.
XX ғасырдың 20-жылдарына дейін дүнгендер Қытай иероглифін, сонымен қатар араб алфавитін пайдаланып келді. Дүнгендердің көпшілігі қазақ, орыс және қырғыз тілдерін жақсы білді. Олардың өлең-жырлары мен аңыз-әңгімелерінің едәуір бөлігі Қытайда тұрғандағы ұлт-азаттық қозғалысына арналған болатын. Дүнгендердің сатиралық әзіл әңгімелері мен әндері халық арасында кеңінен тарады. Ақын By Сан байлар мен сарандарды, екі жүзді, жәдігөй жауыздарды айыптайтын, күлкі ететін өлендер жазды. Дүнгендердің ғажайып ертегілері бар. Ертегілер мен аңыз әңгіме айтушылар фофуди деп аталады.
XIX ғасырда ұйғырларда халық арасынан шыққан Садыр Палуан, Назугум сияқты бір топ атақшы әншілер — қошықшылар болды. Олар ұйғыр халқының Цинь билеушілеріне қарсы ұлт-азаттық қозғалысын өздерінің өлең-жырларына арқау етті. Ұйғыр ақындарының шығармаларында 1916 жылғы оқиғалар да өз көрінісін тапты. Ол кезде ұйғырлардың да ер-азаматтары майдан тылында жұмыс істеу үшін әскер қатарына шақырылған болатын.
Ұйғырлар мен дүнгендер Қазақстанға өздерінің бірегей материалдық және рухани мәдениетін, өзіндік ерекшелігі бар шаруашылық кәсібін ала келді. Жалпы алғанда қазақтар мен қоныс аударып келген ұйғыр, дүнгендердің арасында тату-тәтті бейбіт қарым-қатынас орнады. Олардың мұсылман дінінде болуы да едәуір дәрежеде оң ықпал етті. Алайда ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударып келуі қазақтардың онсыз да ауыр жер мәселесінің қиындап, нашарлай түсуіне де өз әсерін тигізді.[1]
Дереккөздер[өңдеу | қайнарын өңдеу]
↑ Мынаған өту:a b c d e Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр — 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Қабылдинов З.Е., Қайыпбаева А.Т./ Алматы: Атамұра, 2008. — 352 бет. ISBN 9965-34-816-2
Достарыңызбен бөлісу: |