Анар ханым. Иә



Дата09.11.2023
өлшемі15.82 Kb.
#482743
Анар Фазылжан. Көңіл айту


Жүргізуші. Құрметті тыңдармандар, бұл – «Дұрыс сөйлейік!» бағдарламалар циклі. Анар ханым екеуміз көптеген мәселелерге байланысты сұқбат жүргізудеміз. Анар ханымнан біраз ақпараттар алудамыз. Өте қажетті ақпараттар десек қателескендігіміз емес. Келесі бір мәселе – көңіл айту. Иә?

Анар ханым. Иә.


Жүргізуші. Көңіл айтуды көбіне көп жастар үлкен өмірге араласқаннан кейін ғана бастан өткізіп жатады, «көңіл айтуға бару керек», сол кейде ыңғайсызданып жатады «мұны қалай жасау керек?», «қалай айту керек?», «мұның ережесі қандай?», «артық кетіп қалмаймын ба?» немесе «әттегенайлары бар ма?» деген сияқты, осы көңілді қалай айтамыз? Көңіл айту дегеніміз не? Осыған тоқталсақ.


Анар ханым. Өте жақсы. Шынында да тіл үйренушілер келеді маған, қазақ тілін білетін, бірақ ары қарай тереңдетіп үйренсем екен дегендер, мүлдем білмейтіндер, сонда олардың көбіне көп сұрайтыны – қазақы ортада осындай жағдаяттар туындап қалған кезде, мұның барлығы – ауызша сөз дискурсында туындайды, сондай кезде туындайды – енді «осы көңіл айтудың формалары қандай?» дейді. Жазбаша да көңіл айтулар болады, бірақ жазбаша көңіл айтудың стилі де бөлек, оның жөні де бөлек, оның енді ережелерін жазбаша мәтін туралы айтқанда ерекше тоқталармыз. Ал енді ауызша көңіл айтқан кезде мынау қазақы салт бойынша, қазақы әдеп, этикет бойынша айту керек. Мысалы, біз барлығымыз мұсылман мәдениетінің өкілі болғандықтан, көбіне көп қайтыс болған адамға «алды жәннат болсын!», «жаны жәннаттан болсын!», «көрі жарық болсын!», «жатқан жері жайлы болсын!», «топырағы торқа болсын!» деп айтамыз. Сосын көңіл айтып болғаннан кейін, көңіл айтқан үйден шығып бара жатқанда «бұл үйде той болсын!», «амандықпен кездесейік!», «арты жақсы болсын!» дегенді тілекті айтып кеткен абзал.


Жүргізуші. Мм.


Анар ханым. Бұл қайғыға ортақтықтың, сосын сол үй иесінің көңілін біраз көтерудің белгілері болып саналады. Бұл – қазақтың ерекше бір этикеті. Немесе «жасамаған жасын артындағыларға берсін!», «бала-шағасы өзі көрмеген қызықты осы дүниеде көрсін!» дейді. Сонан кейін жақсы тілек бар – «екі дүниенің абыройын берсін!» дейді. Мұсылман адам болғаннан кейін қазақтар, олар осы дүниенің қызығы үшін өмір сүруді мақсат тұтпайды. Адамның ең бірінші мақсаты, әрине осы дүниені абыроймен сүріп өту, сосын о дүниеге барғанда да өзінің күнәларына кешірім алып, Алланың рақымына бөлену. Сондықтан бұл тілек марқұм адам үшін өте керек тілек, айтылуға тиісті тілек деп өзімше солай ойлаймын. Сосын қазақтар қайтыс болған адам туралы сөйлеген кезде «Пәлембай, Бәлембай» деп тікелей айта салмайды. Оның атына «марқұм» деген сөзді қосып отырады.


Жүргізуші. Иә.


Анар ханым. «Марқұм» деп айта салмайды және. Ол «марқұм» деген сөзден кейін ол кісіге тілек айтады, әруағына: «марқұм, иманды болғыр, ол кісі сондай еді», «марқұм, жаны жәннатта болғыр, ол кісі мұндай еді» деп айтады. Енді қайтыс болған адам туралы жаман сөз ешқашан айтпайды. Егер енді...


Жүргізуші. «Жаман жер хабар бермесін» деп кейде бір...


Анар ханым. Иә, дұрыс айтасың. Егер енді ол кісінің ыңғайсыз бір қылықтары туралы айтпасқа болмайтын жағдаяттар болып қалады, ондай кезде «қара жер хабар бермесін!», «Алла өзі кешірсін!», «ол кісінің күнәларын Алла кешірсін!» деген тілектерді айтып барып қана айтады. Енді бір үлкен жақсы мақал бар қазақта: «қуанышты бөліссе көбейеді» дейді де, «қайғыны бөліссе азаяды» дейді. Сондықтан көңіл айту – бұл біздің күнделікті өмірімізде, бір өкініштісі, болмай қоймайтын жағдаят, сондықтан оның да өзінің этикетін білген абзал.




Жүргізуші. Рақмет сізге, Анар ханым. Біздің өскелең ұрпақ, қазақ тілін енді үйреніп жатқан, жалпы дәстүрменен танысып жатқан тыңдармандарымыз көңіл айтудың ерекшеліктерін және ол жердегі негізгі ерекшеліктермен таныс болды деген ойдамын. Рақмет сізге!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет