«Анамның исі» тақырыбындағы мәтін оқуға беріледі.
Оқу жылының басында бесінші сыныптың жетекшісі өз шәкірттерінің барлығын бірдей жақсы көретінін, оларды көргеніне риза екенін айтты. Бұл, әрине, жалған болатын. Өйткені алдыңғы қатарда өзі жақсы көре қоймайтын бір бала бүрісіп отыр. Ол баланың өз сыныптастарымен ойнамайтынын және киімінің лас екенін, үстінен ешқашан жуынбағандай күлімсі иіс шығатынын байқаған болатын.
Уақыт өткен сайын мұғалімнің бұл оқушыға деген көзқарасы өзгере бастады. Оның жазба жұмыстарын қызыл қаламмен шимайлап, «екілік» деген бағаны аямай қоятын жағдайға жетті.
Бір күні мектептің оқу жөніндегі орынбасары бесінші сынып оқушыларының мінездемесіне талдау жасауды тапсырды. Ұстазы сүйкімсіз оқушының мінездемесін жазуды соңына қалдырды. Ол мінездемені қалай жазу керектігін біраз ойланып, бұрынғы жазылған мінездемелерін қолына алды. Сол кезде төбесіне мұздай су құйып жібергендей күйге түсті.
Бірінші сыныпта оқытқан ұстазы былай деп жазған екен: «Бұл – көзі нұр шашқан керемет бала. Үй тапсырмасын керемет мүлтіксіз орындайды. Ұқыпты әрі алғыр бала. Осындай талантты баланың ұстазы болудың өзі бір мәртебе».
Екінші сынып мұғалімінің мінездемесінде: «Ол - ғажап оқушы. Жолдастарына да өте сыйлы. Әйтсе де отбасындағы мәселе оны алаңдатып жүрген сыңайлы. Анасы ауыр дертке шалдығыпты. Айықпас аурумен арпалысып, өлім мен өмір арасында жатқан көрінеді. Баланың да жанын сыздатқаны аңғарылады. Шамасы оның үйдегі жағдайы ажалмен арпалысқа айналған сияқты» деп түйіндеген екен.
Үшінші сыныптағы тәрбиешісінің жазғанын тағатсыздана қолына алып, оқи бастайды.«Анасының өлімі баланың жан әлеміне ауыр соққы боп тиді. Ішкі дертіне қарамастан бала оқуға бар ынтасымен, ыждаһатпен ұмтылады. Әйтсе де үйде білім алуына әкесі көңіл бөлуді қойған. Баланың білім алу мәселесін тездетіп қолға алмасақ, жағдай қиындағалы тұр».
Мұнан кейінгі жағдайды төртінші сыныптағы ұстазы былай деп жалғастырыпты: «Баланың оқуға құлқы жоқ. Достары да жоқ. Сабақ үстінде жиі ұйықтап қала береді» депті. Мінездемелерді оқып шыққан мұғалімнің осы сәтте жүрегі сыздап қоя берді.
Әдеттегідей келесі оқу жылы келіп жетеді. Жаңа оқу жылының басталғанымен құттықтап, әлгі бала да бір затты ұстаздың қолына ұстатады. Мыж-мыжы шыққан қағазға әлденені орап әкелген екен. Түйіншекті көрген сыныптастары жарыса күледі. Тек мұғалім ғана қағазды ашып, ішінен көзі сынған білезік пен құтысында бітуге таяған аздаған иіссуды көріп, ерекше қуанды. Баланы құшағына қысып: «Мынау тамаша сыйлық қой!» – деп, білезікті қолына тағып алды. Баланың қуанышында шек жоқ. Ұстаздың тосын мінезіне қайран қалған оқушылар да күлкілерін сап тыйған.
Кейіннен көпшіліктің көзінше мұғалім құтыдағы иіссуды үстіне септі. Осылайша сабағын да бастап кеткен. Сабақ соңында көзінде нұры ойнаған бала ұстаздың жанына келіп, ерекше мейіріммен: «Білесіз бе, сізден анамның исі шығады», – деді.
Достарыңызбен бөлісу: |