Асанканова шолпан агытаевна



бет1/6
Дата16.06.2016
өлшемі0.65 Mb.
#139352
  1   2   3   4   5   6


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті


ӘӨЖ 37. 035, 6 (574)



АСАНКАНОВА ШОЛПАН АГЫТАЕВНА

С.Қалиевтың еңбектеріндегі оқушыларға ұлттық тәрбие беру мәселелері
6М010300 - Педагогика және психология мамандығы бойынша

педагогика ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация

Ғылыми жетекші:

п.ғ.к., профессор Х.Е.Нұғманова

Қызылорда, 2012ж

НОРМАТИВТІК СІЛТЕМЕЛЕР
Осы диссертациялық жұмыста келесі нормативтік сілтемелер қолданылды:


  1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» - 27.07.2007-№313 ШЗ РК заңы.

  2. Ағымды үлгерімді бақылауды, білім алушының аралық және қортынды аттестациялауын жүргізу ережесі (ҚР Білім және ғылым министрлігі 18.03.2008 ж. №125 бұйрығы, өзгерістері және толықтыруларымен 1.11.2010 ж. №506. 16.03.2011 ж. №94 бұйрықтары).

  3. ҚР Мемлекеттік жалпыға міндетті жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру стандарты 5.04.033-2011. Магистратура.

  4. ҚР МЖМБС 7.09.102-2009, 6М0100300 – Педагогика және психология мамандығы. Магистратура.

  5. ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2009 жылы 28 мамырдағы №247 бұйрығымен бекітілген ҚР бакалавриат және магистрант мамандықтарының жіктеуіші мен жоғары білім беру мамандықтарының жіктеуішінің сәйкестік тізбесі.

  6. Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтарының жіктеуіші (01.09.2009 жылы енгізілген).

  7. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ҒМС бекіткен, магистрлік диссертацияға қойылатын талаптар (хаттама №2, 25.11.2009 ж).



МАЗМҰНЫ





Кіріспе........................................................................................................



4

І

С.Қалиевтың педагог-ғалым ретінде қалыптасуына тарихи-педагогикалық сипаттама




1.1

Ғалым-педагогтің өмір жолдары және оның ғылыми-педагогикалық қызметтері..................................................................................................

7


1.2

С.Қалиевтың ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыттары және оның ғылыми-педагогикалық кадрлар дайындаудағы үлесі...........................


19


ІІ

С. Қалиевтың еңбектеріндегі ұлттық тәрбие туралы ой-пікірлерін болашақ педагогтардың кәсіби даярлығында пайдалану




2.1

С.Қалиевтың еңбектеріндегі ұлттық тәрбие туралы идеяларын педагогика курсын оқытуда пайдалану...................................................

36


2.2

Ғалым-педагогтің ұлттық тәлім-тәрбие туралы ой-пікірлерін сабақтан тыс жұмыстарда қолдану жолдары.........................................


51





Қорытынды .............................................................................................



76




Пайдаланылған әдебиеттер...................................................................



78


Кіріспе

Қазіргі кезде педагогика ғылымы әлеуметтік-мәдени өзгерістер жағдайында дамып келеді. Бұл өзгерістердің нәтижесі білімдік реформалардың табысты дамуына байланысты.

Қазақстан Республикасының егеменді ел болып, төл тілінің мемлекеттік тіл болуымен қатар өткен тарихымызды қайта қарап, ондағы рухани құндылықтардың қорына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлғалардың еңбектерін зерделеп, зерттеу маңызды мәселелердің бірі болуда.

Қазақстан жағдайында ұлттық тәлім-тәрбие саласында әртүрлі проблемалары әсіресе, халықтың педагогикалық тағылымдарын жастар тәрбиесінде тиімді пайдалану негізгі проблема болып отырғаны Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, Г.Шәймерденова, К.Қожахметова, Г.Хамитова, С.Ұзақбаева, С.Ғаббасов, Қ.Бөлеев, Г.Әлсатов, Ж.Асанов, Ә.Табылдиев т.б. ғалымдардың зерттеулерінде жан-жақты қарастырылды. Егемендік алған күннен бастап елімізде білім беру жүйесінде жаңа өзгерістер болды.

Қазақстан үкіметі қабылдаған «Білім туралы Заңының», «Білім жүйесі» аталатын екінші бөлімінде «Білім беру жүйесінің басты міндеттері Қазақстан Республикасына шын берілген, адал патриот азамат даярлау ... олар мемлекеттің белгілерінің мәні мен маңызын терең түсінген, халықтың дәстүрлерін қастерлейтін ... халықтар достығының негізінде тәрбиеленген халық Отан, отбасы алдындағы жеке бастың міндеттері мен құқықтарын терең түсінген... Қазақстанда тіршілік етуші қазақ халқының басқа да халықтардың тілін, тарихын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын қадір тұтып, игеріп, кепілді азамат болуы керек» [1] - делінген. Психология, этнопсихология, этнопедагогика ғылымдарының жағдайын талдау арқылы тарихи педагогикалық білімнің және этнопедагогика теориясы мен практикасының даму перспективасын анықтауға мүмкіндік туды.

Қазақстанның этнопедагогика және этнопсихология ғылымдарының дамуына үлкен үлес қосқан белгілі ғалым-педагог С.Қалиевтің этнопедагогикалық идеяларын зерделеуге арналған зерттеулер жоқтың қасы екенін байқадық. Ғалым туралы газет-журналдардағы мақалалар көлемінде ғана жарық көрген. Профессор С.Қалиевтің этнопедагогикалық идеялары белгілі дәрежеде арнайы зерделеніп, өз бағасын алған жоқ десек те болады.

Сонымен, келтірілген шағын талдау негізінде профессор С.Қалиевтың этнопедагогика, педагогика ғылымдарына қосқан үлесі біздің таңдаған проблемамыздың көкейтестілігін көрсетеді және зерттеуді «С.Қалиевтың еңбектеріндегі оқушыларға ұлттық тәрбие беру мәселелері» деп атауға себеп болды.

Зерттеудің мақсаты: С.Қалиевтың педагогикалық және ғылыми-әдістемелік еңбектеріне таңдау жасау, жүйелеу және оны оқу-тәрбие үдерісінде пайдаланудың жолдарын анықтау.

Зерттеудің нысаны: С.Қалиевтың ғылыми педагогикалық еңбектері.

Зерттеу пәні: Профессор С.Қаливтың еңбектеріндегі ұлттық тәлім-тәрбие идеялары.

Зерттеудің міндеттері:

- С.Қалиевтың ғылыми-педагог ретінде қалыптасуына әсер еткен жағдайларды негіздеу;

- Қазақстанның этнопедагогика ғылымының дамуында қосқан үлесін көрсету;

- С.Қалиевтың жалпы педагогикалық, этнопедагогикалық идеяларын пайдаланудың жолдарын анықтау.



Зерттеудің ғылыми болжамы: егер, С.Қалиевтың еңбектеріндегі ұлттық тәлім-тәрбиелік көзқарастарына тарихи этнопедагогикалық тұрғыдан талдау жасалынып жүйеленсе, олар мемлекеттің оқу-тәрбие үдерісіне ендірілсе, сонда жастардың ұлттық құндылықтарды бағалауына, намысын оятып, патриоттық сезімінің оянуына, елін, жерін, тарихын, туған тілін құрметтеп, адамгершілік-имандылық қасиеттерін дамытуға әсерін тигізіп, тұлғасын қалыптастыруға мүмкіндік жасайды.

Зерттеудің жетекші идеясы: С.Қалиевтың қазақ халқының сан ғасырлық асыл мұраларын зерттеу негізінде олардың даналық дәстүрлерін, тұжырымдарын, тәлім - тәрбиелік ойларын айқындады. Халқымыздың тәрбие құралдары мен бағыттарын мектептің оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану оқушылардың ұлтжанды, саналы азамат болып қалыптасуына ықпалын тигізеді.

Зерттеудің әдіснамалық-теориялық негіздері: Этнопедагогика, философия және психология ғылымдарының жеке адамды дамыту туралы ілімдері, жеке тұлғаны қалыптастыру теориясы, іс-әрекет теориясы, таным теориясы, жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтардың тарихи сабақтастығы, жүйелілік принципі, ғылыми-тарихнамалық принцип, теория мен тәжірибе арасындағы байланыстар туралы қағидалар, жеке тұлғаны әлеуметтендіру теориясы болып табылады.

Зерттеу көздері: С.Қалиевтың ғылыми педагогикалық еңбектері, С.Қалиев туралы жазылған мерзімді басылым материалдары, ұлттық кітапхана мен Республикадағы өзгеде кітапханалардағы С.Қалиевке қатысты материалдар.

Зерттеу әдістері: Зерттеу мәселесі бойынша педагогикалық, этнопсихологиялық, этнопедагогикалық еңбектерге теориялық, әдістемелік тұрғыдан талдау; оқу тәрбиесінде этнопедагогика материалдарын пайдалану әдістемелеріне сипаттама, жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие жұмыстарына бақылау, сауалнама жүргізу; алдыңғы қатарлы озық тәжірибелерді жинақтау, қорыту.

Зерттеудің негізгі кезеңдері:

Бірінші кезеңде (2010-2011ж.ж) зерртеу мәселесі бойынша философиялық, психологиялық, педагогикалық, этнопедагогикалық, ғылыми-әдістемелік әдебиеттерге талдау жасалды; С.Қалиевтың шығармаларының негізгі бағыттары анықталып, сипатталды; зерттеудің ғылыми аппараты анықталды.

Екінші кезеңде (2011-2012ж.ж) Зерттеу тақырыбы бойынша жинақталған материалдарды талдау жалғастырылды; зерттеу тақырыбы бойынша сауалнама, тәжірибелік жұмыстар жүргізілді. Жинақталған материалдар және бақылау, тәжірибелік жұмыстардың нәтижелері сараланып, магистрлік диссертация әдеби тұрғыда рәсімделді.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі:

- профессор С.Қалиевтың қазақ этнопедагогикасының дамуына қосқан үлесіне жан-жақты сипаттама берілді;

- оқу үдерісі, оқыту барысында және аудиторияда, аудиториядан тыс жұмыстарда ғалым-педагогтің еңбектеріндегі ұлттық тәрбие туралы тұжырымдары жүйелі түрде пайдалану жолдары анықталды.

Зерттеудің практикалық мәнділігі:

- С.Қалиевтың ұлттық тәрбиенің мазмұны, әдістері туралы ой-пікірлері оқу-тәрбие үрдісінде пайдаланылды;

- зерттеу материалдарын педагогика мамандарының біліктілігін жетілдіру институтында пайдалануға болады;

- арнайы курс ұсынылды;



Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және тәжірибеге енгізу:

«Педагогика және психология» мамандығы бойынша «Педагогика тарихы», «Этнопедагогика» пәндерінен лекциялық, семинар сабақтарында, өздігінен орындалатын жұмыстарда пайдаланылды. Зерттеу нәтижелері бойынша 2 ғылыми мақала жарияланды.



Диссертацияның құрылымы: диссертация кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І С.Қалиевтың педагог-ғалым ретінде қалыптасуына тарихи-педагогикалық сипаттама

1.1 Ғалым-педагогтің өмір жолдары және оның ғылыми-педагогикалық қызметтері
Еліміздің ғасырлар тоғысында тәуелсіз елге айналып, саяси, әлеуметтік және экономикалық жүйесі әлемдік өркениет үлгісінде қайта құрылуы білім беру саласында – қазақ ұлттық мектебін жасау, оқушыларға ұлттық тәрбие беру, оған қазіргі мектеп мұғалімдері мен болашақ мұғалімдерді кәсіби дайындау проблемаларын шешу қажеттігін қойып отыр.

Қазіргі кезде педагогика ғылымы әлеуметтік-мәдени өзгерістердің қарсаңында дамып келе жатыр. Осы өзгерістер позитивтік нәтиже беру үшін көп жағдайда білім беру реформаларына байланысты болады. Білім беруде дәстүрлі ұлттық құндылықтармен қатар педагогиканың инновациялық талаптарымен және қоғамның гуманистік, демократиялық құндылықтарымен тығыз байланысты болады.

Қазақстанда жүріп жатқан терең әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер адамдардың бір-біріне деген көзқарасын өзгертіп, келеңсіз жағдайлардың өрбуіне, рухани құндылықтардың төмендеуіне әкеліп соқтырғаны белгілі. Ал, ол өз кезегінде жас ұрпақ тәрбиесін жаңаша жүргізуді талап етеді. Бүгінгі таңда жас ұрпақ тұлғасы ұлттық құндылықтар негізінде жаңаша тұрғыда қажет болып отыр. Жастарға ұлттық тәрбие беру мәселелерін теориялық тұрғыдан терең зерттеп, елеулі үлес қосқан Қазақстанның көрнекті ғалымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Қалиев.

Серғазы Қалиев 1929 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл селосында дүниеге келген. 1949 жылы Семей педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетін бітіргеннен кейін бірнеше орта мектептерде мұғалім, 1957 жылдан 1966 жылдары Аягөз қаласындағы қазақ орта мектебінің директоры, 1966 жылы оқу бөлімінде мектеп инспекторы, ал 1981-2005 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясында зертхана меңгерушісі, директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Ғалым 2005 жылдан бүгінгі күнге дейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында профессор қызметін атқарып, мектеп мұғалімдері мен студенттеріне өзінің бойындағы бар білімін, бай тәрбиесін жалықпай беріп келеді.

Серғазы Қалиұлының ұстаздық-ғалым жолы, өзі айтқандай үш кезеңнен тұрады. Өмірінің алғашқы 20 жылы есею, орта және жоғары білім алу жылдары, екінші 30 жылы институт бітіріп, мектепте мұғалім, мектеп инспекторы, Аякөз аудандық жастар комитетінің 1-ші хатшысы, аудандық кеңес парткомы төрағасының орынбасары, Аякөз қаласындағы Теміржол қазақ орта мектебінің директоры, кейінгі 15 жыл қазақ теміржолы оқу бөлімінің бастығының орынбасары, қазақ темір жолы оқу бөлімінің бастығының орынбасары, қазақ темір жол басқармасы оқу бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. Ал, өмірінің үшінші кезеңі 1980 жылдан бергі 30 жыл педагогика ғылымына арналды. Соның 24 жылы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылымдар академиясында аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі, институт директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, педагогикалық зерттеу орталығының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Соңғы жылдары Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде профессорлық қызметті атқарып келеді.

«Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында қиындықты халықпен бірге көріп, өзінің бар білімін шәкірттеріне беруге тырысқан ұстаздарды күні бүгінге дейін ұмытпаймын. Мен 1936 жылы бұрынға Семей облысы, Абай ауданы, Қарауыл селосындағы Абай орта мектебіне оқуға барып, 1944-45 оқу жылында осы орта мектепте 9-сыныпты бітірдім. Соғыстың ауыр жылдарында бізді Т.Мақпозов, О.Асылаев, С.Қарымсақов, К.Алдабергенов, Н.Құлжанова, З.Сүлейменова, Т.Әбдірахманова, Т.Жабагин сияқты өз ісіне шынайы берілген ұстаздар оқытты. Олар оқу құралдарының тапшылығына қарамастан, конспекті жаздырып, жаттатып, суық мектеп ішінде өздері де шыдап, бізді де шыңдап шығарды. Ол кезде оқулық, дәптер дегендер жоқ. Дәптер орнына ескі кітаптың беттерін пайдаланғанбыз» [2. 6].

«1991 жылы профессор Қ.Жарықбаев екеуміз Монғолияның Баян-Олгий аймағында 10 күн жолсапарда болып, су мұнараларын аралап, ата-аналармен, мұғалімдермен, оушылармен дидарласу – көп нәрсені білуге себепкер болды. Қай елге бармайыз, қай жерде болмайық шетел зиялылары қазақ мәдениеті мен өнеріне ықылас білдіріп, зор баға беретінін байқадық» [2. 13].

Бүгінгі жаһандану кезінде ұлттық менталитетті жоғалтпай әлемдік өркениетке өзіндік қолтаңбасымен ену аса жауапты жұмыс. Бқл істе этномәдениеттің бұрынын және бүгінін жалғастыра жастар бойына дарыту этнопедагогтардың ел алдындағы абыройлы борышы болмақ.

«Қазақстан ғасырлар тоғысында тәуелсіз елге айналып отырған жағдайда, саяси, әлеуметтік және экономикалық жүйесі әлемдік өркениет үлгісінде өайта құрылуы білім беру саласында – Қазақ ұлттық мектебін жасау, оқушыларға ұлттық тәрбие беру, оған қазіргі педагогтар мен болашақ мұғалімдерді кәсіби дайындау проблемаларын шешу қажеттігін қойып отыр» [3. 22] - дейді Қазақстанның белгілі этнопедагог ғалымы Қ.Бөлеев.

Енді С.Қалиұлының өз шәкірттері туралы сөзін келтірейік: «Бәрінен де зор атақ – ұстаздың шәкірттер жүрегінен мәңгі орын алуы. Менің көптеген шәкірттерім жаңа жыл, жеңіс күнімен Қазақстан Республикасынң егемендігі т.б мереке күндерінде ашық хат, жеделхат жолдап немес телефон арқылы ыстық ықыластарын, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп жатады. Мен үшін осыдан артық алғыс, осыдан үлкен сый болмас деп ойлаймын».

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор С.Қалиұлы еңбек жолын мектеп мұғалімінен бастаған.

Ол 1949 жылы Семей педагогикалық институтының тіл және әдебиет факултетін бітіріп, облыстық оқу бөлімінің жолдамасымен Семей облысы, Аягөз ауданы, Сергиполь орта мектебіне мұғалім болып келеді. Бір жыл мұғалім қызметін атқарып шыққаннан кейін Аягөз аудандық оқу бөліміне инспектор болып тағайындалады.

Өзінің өмір тәжірибесінің аздығына қарамастан аудандағы 58 мектеп мұғалімдерінің сабақтарына қатысып, өз білгенін басқаларға үйрете жүріп, өзі де тәжірибелі Қ.Жилысов, М.Жантасов, М.Жүсіпов, Т.Жоламанов, С.Күдерин, Ғ.Қасенғазин, А.Мусин, А.Алыбаев секілді озат мұғалімдерден әдіскерлік шеберлікті үйренді. Алдыңғы қатарлы мұғалімдердің тәжірибесін қорытып, «Олардың ісі көпке үлгі» атты жинақ шығарады. Аудандық «Жаңа ауыл», облыстық «Екпінді» газеттеріне мұғалімдердің іс-тәжірибелерінен жиі-жиі мақалалар жазып тұрды.

С.Қалиұлы 1951-1954 жылдары Аягөз аудандық Жастар комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқару кезінде де жастар ұйымына тікелей басшылық жасап, оқушы жастар слетін, олимпиадалық, спортакиадалық жарыстарын өткізуге белсене қатысып, жастар арасында көпшілік тәрбие жұмыстарын жандандыруға ерекше назар аударды.

1953 жылы тың игеру науқаны кызу басталған кезде С.Қалиев Қарақол, Сарытерек, Мыңбұлақ совхоздарына Украина, Молдавия, Беларуссия республикаларынан келген жастардан комсомолдық екпінді жастар бригадасын құрып, еңбекке жұмылдыру ісін қолға ала отырып, жастардың спротпен, көркемөнермен айналысуына да баса көңіл бөлді. Мектеп бітіруші оқушылардан шопандар бригадасын құрып, Ақшатау қой совхозындағы жастар тобына басшылық жасайды.

1953 жылы С.Қалиұлы Қазақстан Жастар одағының IV съезіне делегат болып қатысады.

С.Қалиұлы 1954-1957 жылдары Аягөз аудандық Кеңес атқару комитетінің орынбасары қызметін атқарып, оқу-ағарту, мәдениет, денсаулық сақтау, сауда және спорт жұмыстарына басшалық жасайды. Егіс алқаптарына ағаш отырғызу, ауыл-селоны көгалдандыру істерінде де С.Қалиұлы өзінің шебер ұйымдастырушылығын танытты. Ол 1951-1959 жылдары бірнеше рет Аягөз аудандық Кеңестеріне депутат болып сайланды.

1957 жылдан 1966 жыл аралығында С.Қалиұлы өзінің сұрануымен Аягөз қаласындағы 1700 оқушысы, 85 мұғалімі, 200 балалық қоғамдық интернаты бар теміржол қазақ орта мектебінде директорлық қызметін атқарады. Мектепте оқу-тәрбие ісін жолға қоюмен бірге хор, оркестр, спорт командаларын ұйымдастырып, оқушылардың аудандық жарыстардан жүлделі орындарға ие болуына мүмкіндік туғызды.

С.Қалиұлы 1959-1961 оқу жылдарында оқушылармен ата-аналардың күшімен ағаш, тігін шеберханаларын салып, іске қосады. Сөйтіп, оқуды өнімді еңбекпен тығыз ұштастырады.

С.Қалиұлы 1966 жылы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының аспирантура бөліміне сырттай оқуға түседі. Осымен байланысты Алматы қаласына ауысып, Қазақ темір жолының оқу бөліміне мектеп инспекторы болып орналасады. Алғашқыда мектеп инспекторы, кейінгі екі жыл оқу бөлімі бастығының орынбасары, 1972-1981 жылдары оқу бөлімінің бастығы қызметін атқарады.

1971 жылы «Ғ.Мүсірепов творчествосын мектепте оқыту» деген тақырыпта Қырғыз мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесінде педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертация қорғайды.

С.Қалиұлы Қазақ теміржолына қарасты 560 мектеп, 260 мектепке дейінгі мекеме, 4 техникум, 6 техникалық мектептерге он төрт жылдай басшылық жасап, олардың оқу-тәрбие жұмысын жақсартуда, материалдық-техникалық базасын нығайтуда, білікті кадрлармен қамтамасыз етуде игілікті істер атқарды. Мектептерді кабинеттік жүйеге көшіруді ұйымдастыруда белсене жұмыс атқарып, 800-ге тарта кабинеттерді жабдықтайды. Гурьев-Бейнеу-Астрахан, Володаровка-Қызылту теміржол линияларында жаңадан 68 мектепті, 29 балабақшасын, 2 техникумды іске қосып, теміржол бойында оқу-ағарту ісін дамытуға сүбелі үлес қосты. Осы еңбектері үшін С.Қалиұлы «Еңбектегі үздік еңбегі» медалімен, КазССР және КСРО ағарту ісінің озаты белгілерімен және КСРО Қатынас жолдар министрлігі мен Орталық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталады. 1974 жылы мұғалімдердің Бүкілодақтық ІІІ съезіне делегат болып қатысады.

С.Қалиұлы 1981 жылы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылымдарды ғылыми-зерттеу институтына аға ғылыми қызметкер болып орналысып, 1984-1987 жылдары педагогика тарихы бөлімінің меңгерушісі, ал 1987-1993 жылдары институт директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, педагогикалық ғылыми орталықтың директоры қызметтерін атқарады.

С.Қалиұлы итнститут директорының орынбасары қызметін атқарған кездерде де ғылыми-зерттеу ісін жолға қоюда елеулі істер атқарып, тер төкті. Оның басшылығымен мектептерде оқуды жаңа бағдарлама бойынша оқыту, 6 жасар балаларды мектепте даярлау, оларға сай оқу-әдістемелік құралдар жасау, «Қазақтың тәлімдік ой-пікірлер антологиясының» екі томын даярлау істері, институттың 60 жылдығын өткізу, ұлы педагог Ы.Алтынсариннің 150-160 жылдық, көрнекі педагог-ғалым Т.Тәжібаев, Қ.Жұбанов, Ә.Сембаевтардың 80-90 жылдығына арнап конференциялар өткізу, ғылыми жинақ шығару істерінің бәрі С.Қалиұлының тікелей араласуымен іске асырылады. Соңғы жылдары этнопедагогика және тәрбие лабораториясын басқара жүріп, академик М.О.Әуезовтің 100 жылдығына, ұлы ақын Абайдың 150 жылдығына, көрнекті педагог-ғалым Ә.Сыдықов пен академик-ғалым Ә.Марғұланның 100 жылдығына арнап ғылыми конференциялар өткізу, педагогикалық жинақтар шығару істері де С.Қалиұлының басшылығымен істелген істер.

Серғазы Қалиұлы педагогикалық ынтымақтастық идеясын басшылыққа ала отырып, өзінің 1980 жылы жызған «Түркісіб және оқу-ағарту ісі» атты еңбегінде теміржол орта мектептерінде оқуды өнімді еңбекпен ұштастырудағы істелген игілікті істерге кеңінен тоқталып, мектептердегі кабинеттік жүйе бойынша оқыту, өндіріс бригадасын құру, өндірістік цехтар мен бригадалардың мектептегі оқу-тәрбие істеріне белсене араласуы, қамқорлыққа алу т.б мәселелері талдауға алған. С.Қалиұлы мектеп бітіруші шәкірттердің теориялық білімдерін өндіріс цехтары мен мектеп шеберханаларында, оқу кабинеттері мен лабораторияларында тәжірибелік жұмыстарды шебер ұштастыруға баса көңіл бөледі. Соның нәтижесінде мектеп бітіруші жастар аттестатпен бірге токарь, слесарь, тігінші, аспазшы, машинист жүргізуші, электрик-монтер мамандықтарын қоса меңгерген куәліктерге ие болды.

Педагог - ғалым С.Қалиұлы өзінің тәжірибесін ғылыми тұрғыда жинақтап еңбек жазумен бірге, республикадағы басқа озат тәжірибелі ұстаздар еңбегіне де зер салып, олардың оқыту мен тәрбие істеріндегі озат тәжірибелерін ғылыми-педагогикалық тұрғыдан қарастырып, басқаларға үлгі етіп ұсынуды ұмытпады. Мәселен, оның Көкшетау облысы Щучинск қаласындағы қазақ орта мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қазақ ССР-і оқу-ағарту ісінің озық қызметкері Таңсық Жұрынованың жиырма жылдық ұстаздық шеберлігін ашып көрсетуге арналған (1988 жылы «Мектеп» баспасынан жарық көрген) «Оқушыларды оқу еңбегінде дағдыландыру» атты ғылыми-әдістемелік еңбегін атауға болады. Сексенінші жылдары баспасөз беттерінде педагог-методист ғалымдар арнайы сөз етіп жүрген проблемалар: дамыта оқыту, проблемалық оқыту әдісі, оқу процесін оптимизациялау мәселелері болатын. Бұл проблемалармен Ресейде Ю.К.Бабанский, М.М.Паташник, ал Қазақстанда Ақтөбе қаласындағы №17 орта мектептің директоры Ә.Алғиев, педагог-ғалымдар Г.Лұқпанов, Я.С.Бенцион т.б айналысқан еді.

Олар бүкіл мектеп ұжымының бірлескен іс-тәжірибесін оңтайландыру тұрғысынан жинақтау ісімен айналысса, С.Қалиұлы жеке озат мұғалімдердің ұзақ жылдық тәжірибесін оқу-тәрбие ісінде қолдану не берді дегенге нақтылы жауап іздестірді. С.Қалиұлы баланы оқу еңбегіне үйрету үшін озат мұғалімдердің оқушыларымен үздіксіз жүйелі жаттықтыру жұмысын жүргізу арқылы, оларды кітапқа, білімге деген құмарлығын туғызудағы әдіс, шеберлігін аша білді. Білімге қызығушылық бала бойында оның басқаларға еліктеуінен, оқу еңбегіне шығармашылық табыспен ізденіс, ұдайы дәне жүйелі түрде кірісе білу арқылы дамиды деген тұжырым жасайды.

С.Қалиұлы өзінің осы еңбегінде жастарды жан-жақты жетілген білімді, мәдениетті, қиялшыл, өмірген құштар азамат етіп тәрбиелеп шығу ұстаздың ұлағаттылығына, білім өресі мен әдіс шеберлігінің молдығына, жас жеткіншектердің психологиялық ой-сезіміне терең үңіліп, оның жүрегіне жол таба білуіне негізделеді, яғни оқушы мен оқытушының рухани өсуі бір-бірінің іс-әрекеті мен қарым-қатынасына тікелей байланысты деп қарайды. Оқушы жастардың жүрегін тебірентіп, ой-сезіміне әсер ету үшін С.Қалиұлының пайымдауынша, ұстаз бойында үш түрлі қасиет болуы керек. Біріншіден, әдебиеттен сабақ беруші мұғалімнің саяси сауатты, жан-жақты эрудициялық мол білімнің болуы шарт; екіншіден, өз бойындағы білімді оқушы жүрегіне ұялата алатындай әдіскерлік шеберлік қажет; үшіншіден, оқушылардың әдеби білімді меңгеру дәрежесін сабақ процесі үстінде айқын анықтайтын, олардың психологиялық ой-сезімінің өсуі, даму өресін бақылып сезе білетін, бала психологиясында әсерленушілік сезім тебіренісін туғыза алатын шебер психолог болуы керек.

Автор осы үш қасиетті бойына жинаған, өз пәнін жанындай жақсы көретін, әр сабаққа үлкен жауапкершілікпен қарап, оқушылармен бірлесе еңбек ете отырып, үнемі шығармашылықпен, ізденіспен сабақ өткізетін білгір әдебиетші, сезімтал психолог, шебер методист, мұғалім Т.Жұрынованың тәжірибесіне кеңінен тоқталады.

С.Қалиұлы методист-ғалым ретінде Үштөбе темір жол мектебінде директор болған, Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалім Қали Саттыбаевтың отыз жылдық мектеп басқару ісіне арнап «Аялы жан» атты еңбек жазды. Сондай-ақ Қазақ ССР-і оқу-ағарту ісінің озат методист мұғалімдері: М.Садуақасова (Абай ауданы), Қ.Назарғалиева, Л.Әуешова (Алматы қаласы), Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалімдер: А.Ақбербаев (Сарыөзек станциясы), Ә.Қасымбековтардың (Шар станциясы) ұстаздық жолдарына арналған бірнеше мақала, очерктері республикалық газет, журнал беттерінде жарық көрді. Бұл оның өз бойындағы білімді халыққа берумен бірге, оны көпшілік қауымға үлгі етіп ұсына білуге деген құштарлық танытуы деуге болады.

«Шәкіртсіз ғалым - тұл» деген қағиданы берік ұстаным тұтқан С.Қалиұлының өзінің ғылыми жұмыстарын шәкірт даярлау ісімен де тығыз ұштастыруда. Орта мектепте, Қыздар институты мен «Қайнар» университетінде педагогика тарихынан дәріс берген уақыттарында оның алдынан жүздеген жастар өмірге жолдама алып шыққаны мәлім. Солардың ішінде ұстазы мақтаныш тұтар Х.Қазыханов, С.Ұзақбаева, Е.Омаров, С.Маусымбаев, С.Садықов, Т.Садықбеков, С.Жолдасбеков сынды ондаған ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары бар.

С.Қалиұлы этнопедагогиканың өзекті мәселелері бойынша 1991 жылы республикалық, ал 1991-2004 жылдарда Шымкент, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Семей, Жезқазған, Жамбыл қалаларында аймақтық, облыстық конференцияларға да қатысып, ғылыми баяндамалар жасады. Сондай-ақ Бішкек, Ташкент, Баку, Москва, Ұлан-Батыр қалаларында өткен халықаралық конференцияларда баяндама жасап, өз әріптестерімен пікір алмасты.

С.Қалиұлының оқу-ағарту ісін жетік білуі, еңбек жолын ауыл мұғалімінен бастауы, оқу-ағарту жұмысын ұйымдастырудағы белсенді қайраткерлік істері, педагогикалық технологияларды практикалық істермен шебер ұштастыруы кейінгі жастарға үлгі болуға тұрарлық мәселелер.

Оған бір дәлел: С.Қалиұлы ұзақ жылдар бойы этнопедагогика және тәрбие мәселелерінің өзекті проблемаларын баспасөз беттерінде көтере жүріп, жоғары оқу орындарында этнопедагогика кафедраларының, ал білім академиясында этнопедагогика және тәрбие лабораторияларын ашуға мұрындық болды. Ол білім академиясы жанынан тәрбие проблемалары институтын ашуға да белсенді атсалысып, оның Жарғысын, Ережесін, штаттық кестесін жасап, Министрлікке бекіттірді.

Соның нәтижесінде ҚР Білім және ғылым министрлігі 3 мамыр 2000 жылы №452 бұйрығымен қазақ білім академиясы жанынан тәрбие институты ашылып, бүгінгі күнге дейін республика оқу-ағарту мекемелеріндегі тәрбие мәселелерінің теориялық та, практикалық та жақтарымен тікелей айналысып келеді.

Профессор С.Қалиұлы орта мектептің 9 сыныбына арналған қазақ әдебиеті оқулығының (2001 жылы бірінші және 2007 жылы екінші), Этнопедагогика пәні бойынша 9-11 сыныптарға арналған факультативтік курс оқу-әдістемелік кешеннің (бағдарлама, оқу құралы және әдістеме) авторлар тобының мүшесі.

1999-2000 жылдары С.Қалиұлы авторлар бірлестігінде орта мектеп мұғалімдеріне арнап «Тәрбие теориясы мен әдістемесі» (2000), «Тәрбие хрестоматиясы» (2001) атты оқу-әдістемелік құралдарын ұсынды. Сондай-ақ 2001 жылы «Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін дамытудың педагогикалық негіздері» атты монографиясын «Білім» баспасынан шығарып, ұстаздар қауымына тарту етті.

Профессор С.Қалиұлының басшылығымен бір топ педагог-ғалымдарды қатыстыра отырып, Қазақ білім академиясы 2001 жылы оқушы жастар тәрбиесінің кешенді бағдарламасын жасап, министрліктің алқа мәжілісінде бекіттірді.

Профессор С.Қалиұлының басшылығымен 1998 жылы республикада «Болашақ» атты оқушылардың ерікті қоғамының Жарғысы мен Ережесі жасалып, бірнеше мектептерде эксперименттік сынақтан өтті. Оның нәтижесі 1998 жылы қараша айында «Қазақстан мұғалімі», «Учитель Казахстана» газеттерінде жарияланды.

Профессор С.Қалиұлы өзінің шәкірттері, ғылыми ізденушілер: М.Құрсабаев, Ж.Жұмашеваларға арнайы тақырыптар беріп, 2007-2009 жылдары орта мектеп оқушылар ұйымының іс-тәжірибесімен кандидаттық диссертациялар қорғатты. Бұлар профессор С.Қалиұлының жетекшілігімен қорғаған 24 адамның бірі және бірегейі.

Профессор С.Қалиұлы 1996 жылы «Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері» деген тақырыпта педагогика ғылымдарының докторы дәрежесін қорғады. 2004 жылы Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының толық мүшесі болып сайланды. Оның қаламынан 48 кітап, 400-ге жуық мақала жарық көрді.

Профессор С.Қалиұлының ұзақ жылдық жемісті еңбегі үкімет пен министрлік тарапынан аталып өтті, Ы.Алтынсарин атындағы, Қазақстан Республикасына 10 жылдығы медальдарымен және Қазақстан Республикасы ғылымына сіңірген еңбегі үшін белгілерімен марапатталды.

Серғазы Қалиұлының өмірбаяны мен танысқанда біз мынандай мәліметтерді көрдік: Оның шынайы да талапты ұстаз болуы тегінде екенін байқадық. Ғалым бір тілшіге берген сұхбатында былай депті: «Ұстаз болу өнеге, тектілікке де байланысты деуге болады. Бұрын би мен болыстың байдың тұқымымыз деуден сақтанушы едік. Бүгінде ата-бабамыздың өнері мен кәсібін ашық айтуға мүмкіндік туып отыр. Менің жетінші атам Әнет баба деген кісі. Орта жүзге билік айтқан, Бұқара, Станбулда арабша діни жоғары оқу орындарын оқып бітірген Әулама молда, аузы дуалы атақты би атанған».

Әнет баба 1627-1723 жылдары Тәуке ханның кезінде өмір сүрген. Ол Тәукенің ақылшы-кеңесші билерінің бірі, «Жеті жарғының» авторы. Қазақтың атақты үш биі: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің батагөй ұстазы болған. Әнет бабаның оларға берген батасы, ақыл-кеңес, өнегелі өсиет сөздері «Қазақтың жүз биі» атты еңбекте бар». Ал, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман - Мамыр» қиссасында Әнет баба туралы былай делінген:

Арғынның Әнет бабам ел ағасы,

Әрі би, әрі молда – ғұламасы,

Үлгі айтқан орта жүзге ғәділ екен.

Сол кезде тоқсан беске келген жасы - деген өлеңі бабаның елді билеудегі жоғары қадір-қасиетін көрсетеді. Ғалым бабасы туралы былай дейді: «Менің бойымдағы ұстаздық қасиет сол әулие бабамыз Әнеттің қаны арқылы берілуі де мүмкін». Ғалым Серғазы Қалиевтің бұл ойымен келіспеуге болмайды, себебі оның көп жылдар қызметтес болған Қазақстанға белгілі ғалымдардың айтуынша «Ол әлі ширақ, алда атқарар істердің жауаптылығын сезгендей, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығын толастатқан емес, қаламы - жүйрік, ойы - ұшқыр ғалымның дәл қазір атқарып жатқан істері әрі ауқымды, әрі тарихи мәнді» - дейді профессор Н.Н.Нұрахметов [4. 51].

Аспирантураны бітіргеннен кейін Серғазы Қалиұлы білім беру саласының басқару қызметтерін атқара жүріп 1971 жылы Қырғыз мемлекеттік университетінде «Ғабит Мүсіреповтың шығармашылығын орта мектепте оқытудың жолдары» атты тақырып бойынша РСФСР педагогика ғылымдарының академигі, кеңестер Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің жетекшілігімен педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғап шықты. Ғалым Алтынсарин атындағы Ұлттық педагогикалық ғылымдар академиясында аға ғылыми қызметкер, зетхана меңгеруші бола жүре үздіксіз ғылыммен айналысты.

Ғалымның тікелей басшылығымен 1994-1998 жылдары «Қазақстан тәлім-тәрбиелік ой-пікір антологиясының» орысша-қазақша үш томдығы басылып шықты. Аталмыш еңбекте VІ ғ. көне Орхон-Енесей жазуының тәлімдік үлгілерінен бастап, Әл-Фараби, М.Қашқари, Ж.Баласағұни, С.Сарай, А.Иассауи секілді орта ғасыр ғұламаларының озық ойларының, XV-XVIII ғасырындағы хандық дәуірдегі ақын-жыраулардың тәлімдік ой-пікірлеріне, XIX ғ. Шоқан, Ыбырай, Абай бастаған ағартушылардың озық ойларына жан-жақты талдау жасады.

Еңбектің 2-ші томы А.Байтұрсынов, Ш.Құдайбердіұлы, М.Дулатов, Х.Досмұхамбетов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан т.б. кеңестік дәуірдегі педагог-ғалымдар мен қоғам қайраткерлері Ә.Бөкейханов, М.Шоқай, С.Садуәқасов, О.Жандосов, Т.Жүргенов, І.Омаровтардың еңбектеріндегі білім, тәрбие, ғылым мәселелеріне талдау жасады.

С.Қалиұлы 1981 жылдан бүгінгі күнге дейін бұрынғы Ы. Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында (бүгінде Қазақ білім академиясы деп аталады) аға ғылыми қызметкер болып орналасып, 1984-1987 жылдары педагогика тарихы бөлімінің меңгерушісі, ал 1987-1990 жылдары институт директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, 1993-2001 жылдары этнопедагогика және тәрбие теориясы зертхана меңгерушісі, 2003-2004 жылдары педагогикалық ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметтерін атқарған.

Жоғарыда көрсетілген жылдардағы қызметі жайлы былай деп жазды: «Осы жылдарды көз алдыма елестетсем қыруар істер атқарылған секілді. Мәселен, мектептерде барлық пәндер бойынша жаңа бағдарламалар жасау, пәндерді жаңа бағдарламамен оқыту, 6 жасар балаларды мектепке даярлау, оларға қажетті оқу-әдістемелік құралдар кешенін жасау, Кеңестік дәуірдегі (1917-1990 ж.ж.) «Қазақстан мектептері тарихы мен педагогикалық ойлар көрсеткіштерінің» 2 кітабын (1987-1990 ж.ж) жасау, «Қазақтың тәлімдік ой-пікірлерінің ХIV ғасырлық антологиясының» 3 томын (орысша, қазақша) даярлап шығардық... Ы.Алтынсариннің туғанына 150 (1991) және 160 (2001) жылдық, академик, профессорлар Т.Тәжібаев, Қ.Жұбанов, Ә. Сембаев, Ә. Марғұлан, Ә. Сыдықывтардың 80, 90, 100 жылдық мерейтойларына арнап ғылыми-практикалық конференциялар өткізу және олардың мерейтойларынан ғылыми жинақтар шығару істерімен айналыстық» [5. 4-5].

Бұл орасан зор жұмыстардың басы-қасында профессор С.Қалиев жүріп, белгілі ғалымдардың өнегелі істерімен, еңбектерін жас ұрпақ тәрбиесінде пайдаланудың жолдарын танып, үлгі-өнеге етіп ұсынды.

Сонымен, Серғазы Қалиұлының ұстаздық-ғалымдық өмір жолы үш кезеңнен тұрады: Өмірінің бастапқы 20 жылы есею, орта және жоғары білім алу жылдары; екінші 30 жыл институт бітіріп, мектепте мұғалім, мектеп инспекторы, Аякөз аудандық жастар комитетінің 1-ші хатшысы, аудандық Кеңес парткомы төрағасының орынбасары, Қазақ теміржол басқармасы оқу бөлімінің бастығының орынбасары, Аякөз қаласындағы қазақ орта мектебінің директоры, кейінгі 15 жыл Қазақ теміржол оқу бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. Үшінші кезеңі 1980 жылдан бері 30 жыл педагогика ғылымына арналды. 1924 жылы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылымдар академиясында аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі, институт директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, педагогикалық зерттеу орталығының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Кейінгі жылдары мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде профессорлық қызмет атқарып келді.

Ғалым-педагог 30 жылдай үнемі халық педагогикасын зерттеп, 10-нан астам монаграфия, 7 оқулық, көптеген бағдарламалар, 48 кітап, 400-ге тарта ғылыми мақалалар жазды. Бұлардың ішіндегі ең бастыларын келтірсек: «Халық педагогикасының ауыз әдебиетіндегі көрінісі» (1986), «XV-XIVғ.ғ. ақын-жыраулар поэзиясындағы педагогикалық ойлар» (1990), «М.О.Әуезовтың педагогикалық ой-пікірлері» (1991), «Қазақ халқының тәлім-тәрбие тарихнамасы» (профессор Қ.Б.Жарықбаевпен авторлық бірлестікте), «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», «Қазақ тәлім-тәрбиесі» (Қ.Б.Жарықбаевпен бірлестікте, 1995), «Қазақ этнопедагогикасының теориялық мәселелері және тарихы» (1999), «Тәлім-тәрбие хрестоматиясы» (авторлар бірлестігінде, 2000), «Қазақ тәлімінің тарихы» (профессор Ш.Беркібаева мен бірлестікте, 2005), «Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясының 6 томы». Көрсетілген еңбектер туралы ғалым былай деп жазды: «Көпшілік кітаптарым сирек кездесетін қордың мүлкіне айналды. Менің көптеген кітаптарымды қайдан тауып алуға болады - деген жастардың сұраныс хаттары күні бүгінге дейін пошта арқылы келіп жатады» [6. 222].

Осы диссертацияны жазу барысында магистрант ретінде ғалымның еңбектерін табу өте қиын. Әлі талай-талай зерттеушілерде таба алмайтын шығар, сондықтан мұндай қажетті кітаптарды қайта басып шығарса дейміз. Жазған кітаптардың мұндай сұранысы, ол еңбектердің құндылығын көрсетеді деп ойлаймыз.

Тілшінің «Шәкірсіз ғалым - тұл» деген халық қағидасына байланысты өзіңіздің шәкірттеріңізді атасаңыз - деген сұрағына былай жауап айтқан: «Мен Аякөз орта мектебінде бала оқытқан 10 жылымды былай қойғанда, соңғы жылдары Алматы Қыздар педагогикалық институтында (2001 ж бүгінгі күнге дейін), Қайнар Университетінде (1977-2000 ж.ж) «Этнопедагогика тарихынан» студенттерге дәріс беріп келемін. Менің жолымды қуған шәкірттерімнің ішінен: Х.Қазыханов, С.Ұзақбаева, Е.Омаров, С.Маусымбаев, С.Иманбаева, Т.Садықбеков, Қ.Әмірғазин сияқты он шақты ғылым докторлары, ондаған ғылым кандидаттары шыкты» [7. 25 ].

С.Қалиевтың жетекшілігімен соңғы 15 жыл ішінде 22 ғылым кандидаты, 2 ғылым докторы қорғады. Ғалымның Қазақстанның педагогикалық ғылымына сіңірген еңбегі азды-көпті бағаланды: «Еңбектегі ерлігі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игеру», «Еңбек ардагері», «Ы.Алтынсарин» атындағы медальдармен, Қазақстан Республикасы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «КСРО және Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің озаты» белгілерімен, 2001 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен, ал 2003 жылы Елбасының президенттік степендиясымен, 2004 жылы ҚР Білім және Ғылым министрлігінде педагогика ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеулері үшін Ы.Алтынсарин атындағы сыйлықпен, 2007 жылы Министрліктің «Қазақстан Респуликасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен марапатталған.

Ғалым еңбектері этнопедагогика тарихымен ғана шектелмейді. Ол сондай-ақ педагогика, әлеуметтік педагогика салаларында жарық көрген мақала, кітаптардың авторы, ақыл тұрғындарының психологиялық ерекшеліктері, баланы мектепке дайындау мәселелері, көп ұлтты Қазақстандағы отбасы тәрбиесі, ұстаздар ұжымы ынтымақтастығының ролі, жастардың еңбек, имандылық тәрбиесі мен мамандықтардың таңдау, ерік-жігер қасиеттерінің қалыптасуы секілді толып жатқан тәлімдік сипатта жарық көрген еңбектер осы айтылғанның айғағы болып табылады. Осы жоғарыдағы еңбектердің барлығында да Серғазы Қалиұлы сан ғасырлық тарихы бар, қазақ халқының көне заманнан бергі тәлім-тәрбиесін, педагогикалық оқу-ағарту туралы ой-пікірдің қалыптасу бағыттарын саралап, бүгінгі өмірдің талаптарына сәйкес зерттеп жазды. С.Қалиевтың ғылыми ізденіс бағыттарының негізі - ағартушылықты, тәрбие, оқу-ағарту, білім беруді, оның ішінде этнопедагогикалық ілімді зерттеуді, жаңа рухта жас ұрпақ тәрбиелеу, адамгершілік, жақсы мінез-құлық қалыптастыруды өзінің биік межесі етіп ұстаған.

Сонымен, педагог-ғалымның қызметтердегі өмірі Қазақстанның білім, ғылым салаларының барлығын қамтиды. Ол Қазақстанның педагогика, этнопедагогика ғылымдарының дамуына үлкен үлесін қосты. Серғазы Қалиев жас кезінен педагогтік қызметте адал еңбек етіп келе жатқан көп қырлы ғалым. Ғылыми педагогиканың даму жолында алға жетелеп жүрген ғалым кешікпей 1992 жылдан бастап, яғни Қазақстанның егемендік алған алғашқы жылдардан-ақ халқымыздың ғасырлар бойы мысқалдап жинаған тәлім-тәрбиесінің тарихын зерттеуге кірісіп, бүгінгі күнге дейін қажырлықпен үлкен зерттеулер жүргізіп жүргені ғалымның тәрбие жөніндегі бай тәрбиесін жете білгенін көрсетеді. 2009 жылдың маусым айының 25-ші жұлдызында Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының толық мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақ мемелекеттік қыздар педагогикалық институтының профессоры Серғазы Қалиұлы 80 жасқа келгенін педагогикалық жұртшылық атап өтті.

Егеменді ел болған 20 жыл ішінде Қазақстанымыздың көрнекті педагог-ғалымдары жаңа тарихтың әрбір керемет жақтарын зерттеуге белсене қатысқандары белгілі. Ал, профессор Серғазы Қалиұлы 3 мың жылды қамтитын қазақ халқының тәлімдік ойлар антологиясының 10 томдығын дауындау үстінде. Бұл еңбектің алдыңғы алтыншы томы жарық көрді. Ұстаз-ғалым бұл еңбекті соңғы 25 жыл бойы үздіксіз зерттеп келе жатқан екен.

Осы жерде «Этнопедагогика» журналының алқа мүшесі, белсенді автор, шынайы жанашыр, көрнекті ғалым Серғазы Қалиұлын «Қазақ этнопедагогикасының абызы - 80 жаста» айдарымен өлең жолдарын беріпті, содан үзінді келтіруді жөн көрдік:

Білім кенін инемен қазған терек,

Еңбегі ерекшелеу елден ерек.

Этно тәрбиеге соқпақ салып,

Қазақтың тағлымын зерделеген.

...Сан жылдар ғылымға тер төккеніңіз,

Танимыз Қалиевтің мектебін біз.

Алда тұр антология – жоспарыңыз,

Ол да бір асатұғын асқарыңыз.

Он томдығын шығармай тоқтамаңыз,

Нәтижесін көрсетіп бастадыңыз.

Мәуесі бәйтеректей көрінесіз,

Ғылымға тарих болып өрілесіз.

Тектіліктің тамыры суымайды,

Ғылымның шыққан кезде төріне сіз.

Қарттықты тек жеңеді биік сана,

Ізгілік іздегеннің ойы жаңа.

Абыздықтың ауылына туын тігіп,

Сексенде әлі сергек тұр, бұл Серағаң.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет