Астана. 3 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ Өткен сенбі күні Астанадағы С



Дата30.06.2016
өлшемі29.61 Kb.
#168445
http://www.inform.kz/ShowArticle?id=2409101
2011-10-03 07:39:00.0

Қазақ агротехникалық университетінде «Алғашқы студенттік күз» дәстүрлі байқауы өтті

АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Өткен сенбі күні  Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің бірінші курс студенттері арасында өткен «Алғашқы студенттік күз» дәстүрлі байқауы үлкен гала-концертпен мәреге жетті.

Қазылар алқасының төрағасы, оқу орнының тәрбие жұмыстары және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Александр Майердің айтуынша, «Алғашқы студенттік күз» байқауы университет қабырғасында осымен 14-ші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Байқаудың басты мақсаты - 1 курс студенттерін бір-бірімен етене таныстыру, олардың арасынан белсенді де таланттыларды анықтап, ынталандыру.

Байқау әр жылы әртүрлі тақырып аясында өтеді. Биыл студенттер концерттік бағдарламаларын Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына арнады. Үш күнге созылған өнер додасына 8 факультет қатысты. Оқу орнының табалдырығын жаңа аттаған жастарға концерттік нөмірлерді жоғары деңгейде әзірлеуге қалыптасқан дәстүр бойынша жоғары курс студенттері мен факультеттер жетекшілері көмектесті. Нәтижесінде көрермендер мен қазылар назарына ұлттық рухқа, ұлттар арасындағы достық пен Отанға деген патриоттық сезімдерге толы концерттік бағдарламалар ұсынылды.

Ұлттық аспаптар ансамбльдері «Ерке сылқым», «Балбырауын», «Түркімен», «Әке толғауы», «Адай» күйлерін күмбірлете орындап, Туған елге ыстық сезімдерді оятатын «Атамекен», «Қазақ елі», «Сарыарқа», «Астана - махаббатым менің» әндерін шалқытты. Бірінші курс студенттердің арасында көркем сөздің шеберлері, қаламды жандарына серік еткендері де аз болмай шықты. Олар авторлық және танымал ақындардың өлеңдерін оқып, 55 жылдығын атап өткелі отырған аграрлық университетке арнауларын жолдады.  «Көңілділер мен тапқырлар» ұтқыр әрі ұтымды қалжыңдармен көрермендерді күлкіге бөлесе, «таңғалдыру жанрында» театрландырылған қойылымдарды, заманауи би үлгілерін, ерекше пластикалық икемділіктері мен гимнастикалық өнерлерін ортаға салды.

Биылғы байқаудың ерекшелігі «Алақай! Мен ҚазАТУ студентімін!» атты бейнероликтер сайысының енгізілуі. Яғни студенттер университеттегі алғашқы күндерден алған әсерлері туралы үш минуттық фильм түсіруі керек болды. Бұл байқауда компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру факультетіне тең келгендер болмады.

Бағалау кезінде әділқазылар алқасы сонымен қатар, концерттік бағдарламаның ұйымдастырылуы мен сапасын да назарға алды.



Ең үздік шыққан нөмірлер гала-концертке таңдап алынып, оның барысында жеңімпаз факультеттер жарияланды. Бірінші орынға экономикалық факультет табан тіреді, екінші орын агрономиялық факультетке бұйырса, үшінші жүлделі орынды энергетикалық және ветеринарлық факультеттер өзара бөлісті. Жеңімпаздар ректорат атынан ақшалай сыйақыларға ие болса, ең үздік концерттік нөмірді орындаушылар студенттік кәсіподақ ұйымының жеке сыйлықтарымен марапатталды.

Айта кетейік, үстіміздегі қазан айының соңында «Қазақстан» орталық концерт залында университетке жаңадан қабылданған 3 мыңнан астам жасты  студенттер қатарына қабылдау салтанаты өтеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет