Астана ақшамы. - 2012. - № 30.- 15 наурыз
Сайлауқызы Н.
«Амал» күнін айшықтады
Өлгені тірілмесе де, өшкені жанып, жоғалғаны түгенделе бастаған ұрпақ тағы бір дәстүрін ұлықтап қолға алды. Кеше, 14 наурыз күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде қаламыздағы бірқатар жоғарғы оқу орындарының студенттері жиналып, алғаш рет «Амал» мейрамын өткізді. Айтулы шараға көрнекті ақын Фариза Оңғарсынова да қонақ ретінде шақырылған екен.
«Амал» мейрамы – бұл көктемнің келіп, Наурыз мерекесіне жол ашылғанын білдіретін мереке. Бұл күні қыс бойы қақаған аязда үйден шыға алмай, өз тіршілігімен әлек болып қалған жұрт көрісіп амандасады. Жастар жағы үлкендерді іздеп барып, көрісіп, амалдың ақ таңы тууымен, көктемнің басталып, тіршіліктің қайта түлеуімен құттықтайды. Сөйтіп ауыз дуалы, үлкен ақсақалдардың батасын алады.
Көрісу салтына байланысты бұл күн кейбір жерлерде «көрісу күні» деп те аталады. Қазақта бұрыннан болып, бүгінде кейбір аймақтарда, Жамбыл облысының кей жерлерінде, әсіресе батыс өңірлерінде сақталып қалған бұл дәстүрдің өзіндік ғибраты мол.
Ал, кешегі шара ҚазАТУ техникалық факультетінің 2 курс студенті Ерлан Қылаубаев бастаған бір топ жастардың мұрындық болуымен ұйымдастырылған.
-Талай жыл Алматыда тұрдым. Астанаға келгеніме де он жылдан асып кетті. Бірақ «Амал» мерекесін жастар ұлықтап атап өткенін бірінші рет көріп, қуанып отырмын. Бұл күн, расында да, жәй күн емес. Адамзат тарихында үш күнтізбе болған болса, соның соңғы үшіншісі біздің көп ұғымымызды өзгертіп жіберген. Негізі «Амал» мерекесі көктем туып, жер бусанған 1 Наурыз күні тойланатын болған. Ал, күнтізбе ауысқанда бұрынғы 1 наурыз қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға дөп келді. Шын мәнінде бұл Наурыз мерекесінің де басталуы, - деді Фариза апа арнау сөзінде.
Ақын сөзінің соңында төл дәстүрімізді жаңғыртуға күш салған жастарға қолдау білдіріп, олардың өз идеясын жүзеге асыруына мүмкіндік берген оқу ордасының ректоры Ақылбек Күрішбаевқа ризашылығын білдірді.
Елордада алғаш рет өтіп отырса да, «Амал» мерекесі залға жиналған жастардың ұлттық рухын көтергендей болды. Ата салты бойынша, Л.Гумилов атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті, жас ақын Алмас Сүйінбекұлы көпшілікке суырып-салып арнау әнін жолдады. Қазақтың дәстүрін дәріптеп, ұлттың ізгі қасиеттерін, алдағы Наурыз мерекесін жырға қосқан жігіттің сөз-маржанына көрермен жастар арқаланып, қол соқты.
Кештің соңы елордалық студенттердің концерттік бағдарламасына ұласты.
Достарыңызбен бөлісу: |