Түсіндірме
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және атыс қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды пайдаланумен байланысты қылмыстардың алдын алу мақсатында 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілген болатын, ол бойынша халықтың заңсыз сақтауындағы атыс қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарын сатып алу қарастырылған.
Осы Заңды орындау бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 26 желтоқсандағы № 1299 қаулысымен бекітілген заңсыз сақтаудағы атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде өтемді тапсыру ережесін әзірледі.
Осы ережеде қару-жарақ заттарының әрбір бірлігін ерікті тапсырған азаматтарға мемлекеттен оннан жүз айлық есеп көрсеткішіне дейін төлемақы төлеу көзделген.
Атыс қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды қабылдау аумақтық ішкі істер органдарының барлық бөлімшелерінде жүргізіледі.
Заңсыз сақтаудағы атыс қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды тапсырған азаматтарға Қазақстан Республикасының сол жылға сәйкес республикалық бюджет туралы Заңымен белгіленген мынадай айлық есептік көрсеткіште:
1) автоматты ойық ұңғылы атыс қаруының әр бірлігі үшін жүз еселік айлық есептік көрсеткішке дейін;
2) ұзын ойық ұңғылы атыс қаруының (винтовкалар, карабиндер) әр бірлігі үшін елу еселік айлық есептік көрсеткішке дейін;
3) қысқа ойық ұңғылы атыс қаруының (тапаншалар, револьверлер) әр бірлігі үшін қырық еселік айлық есептік көрсеткішке дейін;
4) тегіс ұңғылы атыс қаруының әр бірлігі үшін отыз еселік айлық есептік көрсеткішке дейін;
5) жарақат салатын тапаншаның немесе револьвердің әр бірлігі үшін он еселік айлық есептік көрсеткішке дейін;
6) әр граната, мина, жару құрылғысы және артиллерия снаряды үшін жеті еселік айлық есептік көрсеткішке дейін;
7) жарылғыш заттардың әр 1000 грамы үшін алты еселік айлық есептік көрсеткішке дейін;
8) ойық қаруға арналған патрондарының әр бірлігі үшін айлық есептік көрсеткіштің жиырма төрттен бір бөлігіне дейін белгіленеді.
Сыйақы мөлшерін белгілеу кезінде қару-жарақ заттарының техникалық жай-күйі және оның атуға жарамдылығы ескеріледі.
Қару атуға жарамды болған жағдайда төлем ұсынылатын құнынан 100%, ал атуға жарамсыз болған жағдайда төлем ұсынылатын құнынан 50 % есебінен жүргізіледі.
Мына заттар мен құрылғыларға:
1) криминалист-маманның қорытындысы негізінде атыс қаруы, оқ-дәрілер немесе жарылғыш заттар болып танылмаған;
2) ҚР ІІМ-нің АДБ-да «Криминалдық қару» және «Тіркелген қару» есебінде тұрған;
3) қолдан жасалған оқ-дәрілерге;
4) тегіс ұңғылы, газды және жарақат салатын қарудың патрондарына сыйақы төленбейді.
Тіркелмеген атыс қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды ерікті тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
Ішкі істер министрлігі 2008 жылы халықтан тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарын сатып алу акциясын жүргізген болатын, оның нәтижесі бойынша 14 144 бірлік, оның ішінде 3 084-ойық ұңғылы, 10 800-тегіс ұңғылы, 260-травматикалық қару, 114-граната, снарядтар және миналар, 120,6 килограмм - жарылғыш заттар, 537 369 ойық ұңғылы қаруға арналған патрон заңсыз айналымнан алынған болатын.
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігі
Достарыңызбен бөлісу: |