Қауқарлы Қарағанды – қуатты Қазақстан
Бұрнағы күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды өңіріндегі жұмыс сапары аяқталды. Екі күн бойы өңірдің тыныс-тіршілігімен танысқан Елбасы бірқатар жаңа нысандардың ашылу салтанатында болды. Сонымен қатар, экономикалық және әлеуметтік маңызы бар жаңа жобалардың тұсауын кесті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өндірісті аймаққа жұмыс сапарының екінші күні ауыл шаруашылығына мамандандырылған жеңіл ұшақтар шығарумен айналысатын «ҚазАвиаСпектр» ЖШС зауытында жалғасты. Биылғы жазда іргесі қаланған зауыт межелі мерзімде іске қосылды. Экономикалық өрлеудің нақты айғағы болатын бұл жобаның құны 1 млрд. 648 млн. теңге. Оның 202 млн. теңгесі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде бөлінген.
Зауыт бастапқыда егістік алқаптарын химикаттармен өңдеуге арналған «Фермер-2» және «Фермер-500» ұшақтарын құрастырмақшы. Бұл тек ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын мамандандырылған ұшақтар. Олардың салмағы 960 кило. Ұшақтар сағатына 200 километр жылдамдықпен самғай алады. Бір ұшқанда 30-дан 180 гектарға дейін алқапты өңдеп шығуға қауқары жетіп тұр. «ҚазАвиаСпектр» ЖШС директорының орынбасары Бақытжан Сейітқұловтың сөзіне қарағанда, тапсырыстар да аз емес көрінеді. 1 ұшақты жасап шығаруға үш жыл жұмсалса, тапсырыста тұрған 100 ұшақты құрастыру жұмысын өздеріңіз бағамдай беріңіздер. Алдағы уақытта түрлі мақсаттарда қолдануға болатын төрт орындық «Сұңқар» ұшақтарын шығару жоспарланып отыр. Көкке бір көтерілгенінде 1500 километрді еңсере алатын «Сұңқарды» аэросурет жұмыстарын жүргізуге, мұнайгаз құбырларын түгендеп, күзетуге, тіптен іскерлік сапарларға пайдалануға да болады. Мемлекет қолдауымен айналдырған 3-4 жыл ішінде 9 адамға арналған «Экспедишн» ұшағын шығару жоспарда тұр. 6-8 адамға арналған реактивті отандық ұшақ түрлері де көгімізде самғайтын күн алыс емес. Зауыт бұл мақсатқа 2019 жылға қарай қол жеткізбек ниетте. Бұл әуе көліктері төтенше жағдайларда қолдануға таптырмайтын тасымал құралы. Сонымен қатар, санавиацияны дамытудың негізгі қадамдары болмақ.
Өңірдің жаңа өнімдері – «Фермер-2» мен «Фермер-500» үлгілерінің мүмкіндіктері Мемлекет басшысы назарына ұсынылды.
Айтылған жобалардың орындалуын көрген Нұрсұлтан Назарбаев зауытта ұйымдастырылған телекөпір арқылы облыс кәсіпорындарында атқарылған маңызды нысандарды іске қосты. Өңір өмірінде болып жатқан маңызды оқиғалар, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы барысын облыс әкімі Серік Ахметов баян етті. Жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен облыстың 2015 жылға дейінгі даму жолын тілге тиек етті.
Тәуелсіздік жылдарында өндірісті өңірдің әлеуметтік ахуалы тұрақталып қана қоймай, дамудың даңғыл жолына түсті. Бұған аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері айқын дәлел. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, экономиканың шағын және орта бизнес сияқты жетекші салаларымен қатар, әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалған емес.
20 жыл ішінде аймақтың жалпы өнім көлемі айтарлықтай артып, былтырғы көрсеткіш бойынша 2 трлн. теңгені құраса, инвестиция үлесі де анағұрлым артқанын айтуға болады. Облыс экономикасына құйылған инвестиция биыл 1,5 трлн. теңгеден асып түскен. Оның 600 млрд-ы өңдеуші сектор үлесіне бұйырды. Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асуы инвестиция көлемін 2015 жылға қарай 30 пайызға арттыруға мүмкіндік бермек. Индустрияландыру картасына енгізілген 50 жоба аймақ үшін аса маңызды. Өз кезегінде олар аймақ экономикасына 300 млрд. теңге құйып, 5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға жағдай жасайды.
Өңір өндірісіне тың леп беріп, экономикалық серпін жасайтын екі инновациялық жоба да сөз етілді. Олар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Технологиялық газды тазарту және метан газын залалсыздандыратын өндірістік құрал-жабдықтарды дайындау жұмысы жалғасуда. Ірі инвестициялық жобалар тартуға жағдай жасап, аймақтың әлеуетін арттыру көзделген. Осы мақсатта арнаулы экономикалық аймақтың құрылуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашары хақ. Ол металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі сынды салаларға басымдық беретін болады. Бүгінгі күннің өзінде оннан аса инвестор аталған жобаға ат салысуға дайын.
Аймақ басшысы орта және шағын бизнес секторы, агроөнеркәсіп, білім беру мен денсаулық сақтау салаларының даму барысы мен қаржыландырылуы жайлы да айтып өтті.
Бұдан соң онлайн жүйесі арқылы ұйымдастырылған телекөпір арқылы іске қосылатын өнеркәсіп еңбеккерлерімен байланыс орнатылды.
Елбасы алдымен «Қарағандыэнергоорталық» ЖШС 3 жылу-электр орталығының ұжым мүшелерімен байланысқа шықты. Мұнда қуаты 157 МВТ пен 185 Гкалл/сағат болатын жаңа турбогенератор салынған болатын. Бұл жоба энергетикалық және жылу қуатын өндіруді барынша ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол аймақтың жарық пен жылуға тапшылығын жоюға бағытталғанын айта кету керек. Жалпы құны 10 млрд. теңгеден асатын жобада 20 жаңа орын ашылыпты. Жас жұмысшы Төлеуқұл Дуанбеков жаңа жоба негізінде жұмысқа орналасқанын айта келіп, Елбасына алғыс білдірді. Жеткен жетістіктерімен ұжымды құттықтаған Н.Назарбаев жаңа өндіріс буынының іске қосылуына рұқсат берді.
Ақтас кентінде орналасқан, телекоммуникациялық кабель шығаратын «Кэлсис» ЖШС-не кезек берілді. LAN желісі жүйелеріне арналған кабель шығару жұмысын бастауға рұқсат сұралғаннан кейін бірден іске кірісті. Мұнда жыл ішінде шығарылатын 33 мың километр кабель белгі беру сапасын жақсартып, интернет жылдамдығын арттыруға мүмкіндік жасайды.
Елбасы содан кейін Бұқар жырау ауданының Үштөбе аулындағы қайта жаңғыртылған құс фабрикасы ұжымы мүшелерімен телекөпір арқылы жүздесті. Кәсіпорынның жылына 110 миллион жұмыртқа өндіруге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, 150 адамды жұмыспен қамтып отыр. Фабрика қызметкерлерінің еңбегіне табыс тілеген Елбасы жаңа жобаның іске қосылуына куә болды.
Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесі облыста кең бағыт алған. Бүгіннің өзінде қарағандылық бүлдіршіндердің 80 пайызы мектеп жасына дейінгі мекемелермен қамтылғанын ерекше атап өтуге болады. Алдағы үш жылда барлық бөбектер балабақшаға барады деген үлкен мақсат бар. Осы орайда, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде облыс әкімдігі мен түріктің «7 Pіrаmіt» компаниясы арасындағы жоба мәселені толық шешуге мүмкіндік бермек. Аталмыш жоба аясында Қарағандының әр жерінде әрқайсы 320 орындық 11 балабақша бой көтермек. Жоба 3-6 жас аралығындағы сәбилер үшін 3500 орын ашылуына жағдай жасайды. Бұл жайлы Мемлекет басшысы мен жиналғандарға түрік компаниясы басшысы Олу Мұстафа мәлімдеді. Сапалы қызмет көрсететіндіктерін жеткізді ол. Осы ретте экранның ар жағында тұрған жас ана Әсел Тәукенова ата-аналар атынан Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс білдірді. Жобаға сәттілік тілеген Елбасы сөзінен кейін «Кең дала-2» ықшам ауданында балабақша құрылысы басталып кетті.
Теміртауда «Тұлпар тальга» теміржол рельстерін жасап шығару жұмысы қолға алынбақ. Телекөпір кезінде «Қазақстан теміржолы» АҚ басшысы Асқар Мәмин мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшысы Виджай Махадеван арасында ортақ іс жайлы екі жақты меморандумға қол қойылды. Ертеңгі күні ел экономикасын арттыруға бағытталған үлкен жобалардың бірі бұл.
Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір арқылы кездесуге қатысушылар алдында индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында елімізде іске асырылып жатқан жобалардың орындалуы мен олардың отандық экономикаға қосар үлкен үлесі жайлы сөз қозғады.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы отандық өндірістің алып ошағы саналатын Жезқазған аймағының әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуға арналған арнайы бағдарлама қабылданғанын, соның негізінде 5-6 жыл ішінде аймақ халқының әлеуеті артатынын жеткізді. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттен 130 млрд. теңге бөлінетінін де айтып өтті. Жағымды хабар жиналғандарды тағы бір серпілтіп тастады.
– Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы сапарым елдегі үдемелі индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асу барысын бағамдауға бағытталған, – деді Елбасы. – Бұл – өте маңызды бағдарлама. Оның парқы мемлекетті қайта құрғанмен бірдей. Қазақстан Кеңес одағы құрамында шикізат өндіретін ел ретінде ғана дамыды. Бірақ бүгінгі таңда біз басқа мемлекеттерге шикізат өндіретін ел деңгейінде қалып қоя алмаймыз. Тәуелсіздік жылдарындағы ең басты жұмысымыз индустрияландыру болды. Ең қиыны да осы. Ешкім бізге өзінің жаңа технологиясын ұсынбайды. Сондықтан, өзіміз дамытуымыз керек. Ал бұл үшін жастарды оқытып, кішкентайынан ғылымға баулып өсіру қажет.
Жаңа өндіріс бұл – жаңа жұмыс орындары. Бұған дейін елімізде болмаған мыңдаған жаңа өндірістер іске қосылып жатыр. Индустрияландыру бағдарламасының көздегені де – халықтың әл-ауқатын арттыру. Біз жаңа бағыттарды бағындыруды бастадық. Биылдың өзінде Қазақстанда 234 жаңа өндіріс ашылды. Жалпы құны 600 млрд. болатын тағы 122-сі жұмысын бастағалы тұр. Соңғы екі жылдың ішінде-ақ 44 мың жұмыс орны құрылады. Бұл – мыңдаған қазақстандықтардың тұрмысы жақсарады деген сөз. Еліміздің биылғы жылғы даму көрсеткіші 7 пайызды құрап отыр. Дағдарыс уақытында бұл – жоғары көрсеткіш. Дамушы жас елдер арасында Қазақстан Қытай мен Катардан кейінгі үшінші орында.
Ел экономикасын еселеуге бағытталған жұмысты жалғастыра береміз. Бүгіндері елімізде ешқашан болып көрмеген өндірістер құрылып жатыр. Қарағандыда тұңғыш авиация зауыты ірге көтерді. Бұған дейін мұндай мүмкіндіктер жоқ еді. Қарағанды – еліміздегі ең өнеркәсіпті аймақ. Мұнда энергетика мен көмір, қара және түсті металлургия, машина жасау, химия және ауыл шаруашылығы және басқа салалар қарқынды дамуда. Мектептер, ауруханалар, спорт кешендері салынуда. Осының барлығы әрі қарай да ел қуатын арттырып, тұрмысын жақсара беретін болады.
Ел Президентінің өңірге сапары Тәуелсіздік монументінің ашылуымен мәресіне жетті. Монументтің ашылу салтанатына жиналған қауым Елбасын ыстық ықыласпен қарсы алды. 20 жыл ішінде ел үшін еселі еңбек еткен Ұлт көшбасшысына қашанда зор құрмет бар мұнда. Ақ гранитпен қапталып, алтынмен апталған монументтің биіктігі 47 метр, салмағы 16 тонна. Стелланың ұшар басындағы, қанатын кеңге жайған қыран құс пен шапағын шашқан алтын күн тәуелсіздігіміздің нышаны іспеттес болып сонадайдан жарқырайды. Стелланың төрт құбыласы тең. Онда 4 тұлпар бейнеленген. Ал олардың қанаттарының арасында медальондар бедерленген. Монументтің қасбетінде Қазақстан Республикасының Елтаңбасы мен Мемлекет басшысының Тәуелсіздік туралы айтқан сөзі қашалып жазылған. Монумент маңайы да абаттандырылып, жаңартылғанын байқау қиын емес.
Қарағандының қақ төрінен орын алған монумент орында кеңестік «күн көсемнің» ескерткіші тұратын-ды кезінде. Жаңа заман өткеннің қалдығы мен тозаңын өзі-ақ күресінге тастады. Қазақ халқының азаттық үшін арпалысқан ғасырлар бойғы күресі мен Тәуелсіз Қазақстанның осы жылдар ішінде қол жеткізген толағай табысы мен жарқын болашағының белгісіне айналып үлгерді Тәуелсіздік монументі.
Жансая ОМАРБЕКОВА.
Орталық Қазақстан. - 2011. - 24 қараша (№ 194/195). - 1 б.
Достарыңызбен бөлісу: |