Қауқарлы Қарағанды – қуатты Қазақстан



Дата02.07.2016
өлшемі69.81 Kb.
#173385
Қауқарлы Қарағанды – қуатты Қазақстан


Бұрнағы күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды өңіріндегі жұмыс сапары аяқталды. Екі күн бойы өңірдің тыныс-тіршілігімен танысқан Елбасы бірқатар жаңа нысандардың ашылу салтанатында болды. Сонымен қатар, экономикалық және әлеуметтік маңызы бар жаңа жобалардың тұсауын кесті.

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың өндірісті аймаққа жұ­мыс сапарының екінші күні ауыл шаруашылығына маман­дандырылған жеңіл ұшақтар шы­ғарумен айналысатын «ҚазАвиа­Спектр» ЖШС зауытында жал­ғасты. Биылғы жазда іргесі қалан­ған зауыт межелі мерзімде іске қосылды. Экономикалық өрлеудің нақты айғағы болатын бұл жобаның құны 1 млрд. 648 млн. теңге. Оның 202 млн. теңгесі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде бөлін­ген.

Зауыт бастапқыда егістік ал­қаптарын химикаттармен өң­деу­ге арналған «Фермер-2» жә­не «Фермер-500» ұшақтарын құ­рас­тырмақшы. Бұл тек ауыл шаруашылығы саласында қолда­нылатын мамандандырылған ұшақ­тар. Олардың салмағы 960 кило. Ұшақтар сағатына 200 километр жылдамдықпен сам­ғай алады. Бір ұшқанда 30-дан 180 гектарға дейін алқапты өң­деп шығуға қауқары жетіп тұр. «ҚазАвиаСпектр» ЖШС дирек­торының орынбасары Бақытжан Сейітқұловтың сөзіне қарағанда, тапсырыстар да аз емес көрінеді. 1 ұшақты жасап шығаруға үш жыл жұмсалса, тапсырыста тұрған 100 ұшақты құрастыру жұмысын өздеріңіз бағамдай бе­ріңіздер. Алдағы уа­қытта түрлі мақсаттарда қол­дануға болатын төрт орындық «Сұңқар» ұшақтарын шығару жоспарланып отыр. Көкке бір кө­терілгенінде 1500 километрді ең­сере алатын «Сұңқарды» аэро­сурет жұмыстарын жүргізуге, мұнайгаз құбырларын түгендеп, күзетуге, тіптен іскерлік сапар­ларға пайдалануға да болады. Мемлекет қолдауымен айнал­дырған 3-4 жыл ішінде 9 адамға арналған «Экспедишн» ұшағын шығару жоспарда тұр. 6-8 адамға арналған реактивті отандық ұшақ түрлері де көгімізде самғайтын күн алыс емес. Зауыт бұл мақ­сатқа 2019 жылға қарай қол жеткізбек ниетте. Бұл әуе көліктері төтенше жағдайларда қолдануға таптырмайтын тасымал құралы. Сонымен қатар, санавиацияны дамытудың негізгі қадамдары болмақ.

Өңірдің жаңа өнімдері – «Фер­мер-2» мен «Фермер-500» үлгілерінің мүмкіндіктері Мем­лекет басшысы назарына ұсыныл­ды.

Айтылған жобалардың орын­далуын көрген Нұр­сұл­тан Назар­баев зауытта ұйым­дастырылған телекөпір арқылы облыс кәсіп­орындарында атқа­рыл­ған маңыз­ды нысандарды іске қосты. Өңір өмірінде болып жатқан маңызды оқиғалар, аймақтың әлеуметтік-экономикалық да­муы барысын облыс әкімі Серік Ах­метов баян етті. Жүзеге асырылып жатқан ин­вестициялық жобалар мен об­лыстың 2015 жылға дейінгі даму жолын тілге тиек етті.

Тәуелсіздік жылдарында өн­дірісті өңірдің әлеуметтік ахуа­лы тұрақталып қана қоймай, дамудың даңғыл жолына түсті. Бұған аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері ай­қын дәлел. Өнеркәсіп, ауыл ша­руашылығы, экономиканың шағын және орта бизнес сияқты жетекші салаларымен қатар, әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалған емес.

20 жыл ішінде аймақтың жал­пы өнім көлемі айтарлықтай ар­тып, былтырғы көрсеткіш бойын­ша 2 трлн. теңгені құра­са, инвестиция үлесі де ана­ғұрлым артқанын айтуға болады. Облыс экономикасына құйылған инвестиция биыл 1,5 трлн. теңгеден асып түскен. Оның 600 млрд-ы өңдеуші сектор үле­сіне бұйырды. Үдемелі индус­триялдық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асуы инвестиция көлемін 2015 жылға қарай 30 пайызға арт­ты­руға мүмкіндік бермек. Ин­дус­трияландыру картасына ен­гізілген 50 жоба аймақ үшін аса маңызды. Өз кезегінде олар аймақ экономикасына 300 млрд. теңге құйып, 5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға жағдай жасайды.

Өңір өндірісіне тың леп беріп, экономикалық серпін жасайтын екі инновациялық жоба да сөз етілді. Олар Мемлекет басшысының тап­­сырмасына сәйкес жүзеге асы­рылуда. Технологиялық газ­ды тазарту және метан га­зын залалсыздандыратын өнді­рістік құрал-жабдықтарды дайын­дау жұмысы жалғасуда. Ірі инвестициялық жобалар тартуға жағдай жасап, аймақтың әлеуетін арттыру көзделген. Осы мақсатта арнаулы экономикалық аймақтың құрылуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашары хақ. Ол металлургия, машина жасау, хи­мия өнер­кәсібі, құрылыс ма­те­риалдары өн­дірісі сынды са­лаларға ба­сымдық беретін бо­лады. Бүгінгі күннің өзінде оннан аса инвестор аталған жобаға ат салысуға дайын.


Аймақ басшысы орта жә­не шағын бизнес секторы, аг­ро­­­өнеркәсіп, білім беру мен ден­саулық сақтау сала­ла­ры­ның даму барысы мен қар­жы­ландырылуы жайлы да айтып өтті.
Бұдан соң онлайн жүйесі ар­қылы ұйымдастырылған телекөпір арқылы іске қосылатын өнеркәсіп еңбеккерлерімен байланыс ор­натылды.

Елбасы алдымен «Қарағанды­энергоорталық» ЖШС 3 жылу-электр орталығының ұжым мү­шелерімен байланысқа шық­­ты. Мұнда қуаты 157 МВТ пен 185 Гкалл/сағат бола­тын жаңа турбогенератор са­лын­ған болатын. Бұл жоба энер­гетикалық және жылу қуатын өндіруді барынша ұлғайтуға мүм­кіндік береді. Сонымен қа­тар, ол аймақтың жарық пен жылуға тапшылығын жоюға ба­ғытталғанын айта кету керек. Жал­пы құны 10 млрд. теңгеден асатын жобада 20 жаңа орын ашылыпты. Жас жұмысшы Тө­леуқұл Дуанбеков жаңа жоба негізінде жұмысқа орналасқанын айта келіп, Елбасына алғыс білдірді. Жеткен жетістіктерімен ұжымды құттықтаған Н.Назарбаев жаңа өндіріс буынының іске қосылуына рұқсат берді.

Ақтас кентінде орналасқан, телекоммуникациялық кабель шығаратын «Кэлсис» ЖШС-не кезек берілді. LAN желісі жүйе­леріне арналған кабель шы­ғару жұмысын бастауға рұқ­сат сұралғаннан кейін бір­ден іске кірісті. Мұнда жыл ішін­де шығарылатын 33 мың ки­лометр кабель белгі беру са­пасын жақсартып, интернет жыл­дамдығын арттыруға мүмкіндік жасайды.

Елбасы содан кейін Бұқар жы­рау ауданының Үштөбе аулын­дағы қайта жаңғыртылған құс фабрикасы ұжымы мүшелерімен телекөпір арқылы жүздесті. Кә­сіпорынның жылына 110 миллион жұмыртқа өндіруге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, 150 адамды жұмыспен қамтып отыр. Фабрика қызметкерлерінің еңбегіне табыс тілеген Елбасы жаңа жобаның іске қосылуына куә болды.

Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесі облыста кең бағыт ал­ған. Бүгіннің өзінде қарағандылық бүл­діршіндердің 80 пайызы мектеп жасына дейінгі мекемелермен қамтылғанын ерек­ше атап өтуге болады. Алдағы үш жыл­да барлық бөбектер балабақшаға барады деген үлкен мақсат бар. Осы орайда, мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік шеңберінде облыс әкімдігі мен түріктің «7 Pіrаmіt» компаниясы ара­сындағы жоба мәселені толық шешуге мүмкіндік бермек. Аталмыш жоба аясында Қарағандының әр же­рін­де әрқайсы 320 орындық 11 ба­лабақша бой көтермек. Жоба 3-6 жас аралығындағы сәбилер үшін 3500 орын ашылуына жағдай жасайды. Бұл жайлы Мемлекет басшысы мен жиналғандарға түрік компаниясы басшысы Олу Мұс­тафа мәлімдеді. Сапалы қызмет көр­сететіндіктерін жеткізді ол. Осы ретте экранның ар жағында тұрған жас ана Әсел Тәукенова ата-аналар атынан Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс білдірді. Жобаға сәттілік тілеген Елбасы сөзінен кейін «Кең дала-2» ықшам ауданында балабақша құрылысы басталып кетті.

Теміртауда «Тұлпар тальга» теміржол рельстерін жасап шығару жұмысы қолға алынбақ. Телекөпір кезінде «Қазақстан теміржолы» АҚ басшысы Асқар Мәмин мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшысы Виджай Махадеван ара­сында ортақ іс жайлы екі жақты мемо­рандумға қол қойылды. Ертеңгі күні ел экономикасын арттыруға бағытталған үлкен жобалардың бірі бұл.

Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір ар­қылы кездесуге қатысушылар алдында индустриялдық-инновациялық даму бағ­­дар­ламасы аясында елімізде іске асырылып жатқан жобалардың орын­далуы мен олардың отандық эконо­ми­каға қосар үлкен үлесі жайлы сөз қоз­ғады.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы отандық өндірістің алып ошағы са­налатын Жезқазған аймағының әлеу­меттік-экономикалық жағдайын дамыту­ға арналған арнайы бағдарлама қа­былданғанын, соның негізінде 5-6 жыл ішінде аймақ халқының әлеуеті ар­татынын жеткізді. Бұл мақсатқа рес­публикалық және облыстық бюджеттен 130 млрд. теңге бөлінетінін де айтып өтті. Жағымды хабар жиналғандарды тағы бір серпілтіп тастады.

– Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңындағы сапарым елдегі үдемелі ин­дус­триялдық-инновациялық даму бағдар­ламасының жүзеге асу барысын бағам­дауға бағытталған, – деді Елбасы. – Бұл – өте маңызды бағдарлама. Оның парқы мемлекетті қайта құрғанмен бірдей. Қа­зақстан Кеңес одағы құрамында ши­кізат өндіретін ел ретінде ғана да­мыды. Бірақ бүгінгі таңда біз басқа мем­лекеттерге шикізат өндіретін ел дең­гейінде қалып қоя алмаймыз. Тә­уелсіздік жылдарындағы ең басты жұ­мысымыз индустрияландыру болды. Ең қиыны да осы. Ешкім бізге өзінің жаңа технологиясын ұсынбайды. Сондықтан, өзіміз дамытуымыз керек. Ал бұл үшін жастарды оқытып, кішкентайынан ғылымға баулып өсіру қажет.

Жаңа өндіріс бұл – жаңа жұмыс орын­дары. Бұған дейін елімізде бол­маған мыңдаған жаңа өндірістер іске қосылып жатыр. Индустрияландыру бағ­­дарламасының көздегені де – ха­лықтың әл-ауқатын арттыру. Біз жаңа бағыттарды бағындыруды бастадық. Биылдың өзінде Қазақстанда 234 жаңа өндіріс ашылды. Жалпы құны 600 млрд. болатын тағы 122-сі жұмысын бастағалы тұр. Соңғы екі жылдың ішінде-ақ 44 мың жұмыс орны құрылады. Бұл – мың­даған қазақстандықтардың тұрмысы жақ­сарады деген сөз. Еліміздің биылғы жылғы даму көрсеткіші 7 пайызды құрап отыр. Дағдарыс уақытында бұл – жоғары көрсеткіш. Дамушы жас елдер арасында Қазақстан Қытай мен Катардан кейінгі үшінші орында.


Ел экономикасын еселеуге бағыт­талған жұмысты жалғастыра береміз. Бүгіндері елімізде ешқашан болып көр­меген өндірістер құрылып жатыр. Қа­рағандыда тұңғыш авиация зауыты ірге көтерді. Бұған дейін мұндай мүм­кіндіктер жоқ еді. Қарағанды – елі­міздегі ең өнеркәсіпті аймақ. Мұнда энер­гетика мен көмір, қара және түсті металлургия, машина жасау, химия жә­не ауыл шаруашылығы және басқа салалар қарқынды дамуда. Мектептер, ауруханалар, спорт кешендері салы­нуда. Осының барлығы әрі қарай да ел қуатын арттырып, тұрмысын жақсара беретін болады.

Ел Президентінің өңірге сапары Тәуелсіздік монументінің ашылуымен мәресіне жетті. Монументтің ашылу салтанатына жиналған қауым Елбасын ыстық ықыласпен қарсы алды. 20 жыл ішінде ел үшін еселі еңбек еткен Ұлт көшбасшысына қашанда зор құрмет бар мұнда. Ақ гранитпен қапталып, ал­тынмен апталған монументтің биіктігі 47 метр, салмағы 16 тонна. Стелланың ұшар басындағы, қанатын кеңге жайған қыран құс пен шапағын шашқан алтын күн тәуелсіздігіміздің нышаны іспеттес болып сонадайдан жарқырайды. Стел­ланың төрт құбыласы тең. Онда 4 тұлпар бейнеленген. Ал олардың қа­нат­тарының арасында медальондар бедерленген. Монументтің қасбетінде Қазақстан Республикасының Елтаңбасы мен Мемлекет басшысының Тәуелсіздік туралы айтқан сөзі қашалып жазылған. Монумент маңайы да абаттандырылып, жаңартылғанын байқау қиын емес.

Қарағандының қақ төрінен орын ал­ған монумент орында кеңестік «күн көсемнің» ескерткіші тұратын-ды кезінде. Жаңа заман өткеннің қалдығы мен то­заңын өзі-ақ күресінге тастады. Қазақ хал­қының азаттық үшін арпалысқан ға­сырлар бойғы күресі мен Тәуелсіз Қазақстанның осы жылдар ішінде қол жеткізген толағай табысы мен жарқын болашағының белгісіне айналып үлгерді Тәуелсіздік монументі.

Жансая ОМАРБЕКОВА.



Орталық Қазақстан. - 2011. - 24 қараша (№ 194/195). - 1 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет