Аудан әкімі Мирхан Дуанбековтің Ауданның 2012 жылғы



Дата16.06.2016
өлшемі117.5 Kb.
#139795


Аудан әкімі Мирхан Дуанбековтің «Ауданның 2012 жылғы

әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және алдағы жылға арналған міндеттер мен бағыттары туралы» аудан тұрғындары алдындағы есеп беру баяндамасы

Құрметті ағайын! Қадірменді қауым!

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес жыл сайын барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдында атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңнің міндеттері туралы есеп беріп отыруы елімізде дәстүрге айналды.

Сіздермен дәстүрлі жыл басындағы есеп беру кездесуіміздің басты мақсаты - ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының жай-күйі мен проблемалық мәселелер туралы келелі әңгіме қозғау, өздеріңізбен ашық пікірлесу, тұрмыс-тіршілігіміздің алға басуына ықпал ететін ұсыныс-кеңестеріңізді білу болып табылады.



Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы:

«Қазақстан-2050» Стратегиясы
Жылдың басты оқиғасы «Қазақстан-2050» Стратегиясының қабылдануы болды. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылдың 14 желтоқсанында «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Онда Елбасы Қазақстан-2030 Стратегиясында белгіленген негізгі міндеттер орындалғанын атап көрсетіп, еліміздің 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жаңа Стратегиясын негіздеп берді. Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі айрықша оқиға - Президент Жолдауын барша қазақстандықтар ой елегінен өткізіп, кеңінен талқылауда.

Өздеріңізге жақсы мәлім, сонау қиыншылықтарға толы 1997 жылы Н.Назарбаев ең алғаш халыққа Жолдау арнап, 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясын жариялағанда оны жұрттың басым көпшілігі түсіне қойған жоқ. Ол жылдар еліміздің экономикалық ахуалы әлі түзеліп кете қоймаған, жалақы мен зейнетақының кешіктіріліп берілетін, жұмыссыздықтың жаппай белең алған кездері болатын. Шындығында күрделі экономикалық жағдайда тұрған ел үшін сонау 2030 жылды бағдар етіп қойылған Стратегия орындалмас армандай көрінгені рас. Алайда, Елбасы мен қазақстандықтар бірлесе отырып, алға қойылған міндеттерді біртіндеп жүзеге асыра білді.

Бұл жолдағы ең басты жетістігіміз – тәуелсіз Қазақстанды құрғанымыз. Мемлекеттік шекарамыз заңдық тұрғыдан ресімделді. Елдің тұтастандырылған экономикалық кеңістігі құрылды. Билік тармақтарының бөлінуіне негізделген заманауи мемлекеттік басқару жүйесін жасаған тарихи маңызды конституциялық және саяси реформалар жүргізілді.

Елдің жаңа елордасы – Астана бой көтерді. Біздің еліміз  кеңестік кеңістікте  Европа Қауіпсіздігі және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық еткен, осы Ұйымның Саммитін өткізген және ғаламдық ауқымдағы іс-шара – ЭКСПО-2017-ні өзінде өткізетін бірінші ел болып отыр.

Қоғам әрбір қадам басқан сайын демократияландыру мен адам құқықтары саласындағы ең жоғары стандарттарға жақындап келеді. Этникалық, мәдени және діни әралуандыққа қарамастан, елімізде бейбітшілік пен саяси тұрақтылық дәйекті сақталып келеді.

Бұл біздің бірлігіміздің, табанды да қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, ұмтылыстарымыз бен үміттеріміздің жанды көрінісі. Сонымен қатар, бұл тұрғыда ең әуелі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болашақты көрегендікпен пайымдай білуі аса маңызды роль атқарғаны сөзсіз.

Елбасы аталған Жолдауында «2030 Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақстан орнықты» дей келіп, енді біздің алдымызда жаңа міндет тұрғанын жариялады.

Жаңа Стратегияны қабылдау сәтінде мемлекет басшысы бүгінгі жаһанды алаңдатып отырған он сын-қатерді нақты көрсетіп, олардың салдарларын айқындады. 

«Біздің басты мақсатымыз, - деп атап көрсетті Президент. - 2050 жылға қарай Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру. Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс».

Жаңа Қазақстан-2050 Стратегиясының негізгі 7 бағыты Жолдауда нақты айқындалды.

Біріншіден түгел қамтитын экономикалық прагматизм тұрғысында экономикалық даму мәселелері нақтыланған. Келесі бағыт – кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау. Жоспар бойынша шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екі есе өсуге тиіс.

Үшінші бағыт – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік. Мемлекет, әсіресе, жаһандық дағдарыс жағдайында, азаматтарға ең төменгі әлеуметтік стандарт кепілдігін беретін болады. Елдің барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттары  енгізіледі. Саламатты өмір салтын сақтауда дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту бойынша жаңа шаралар қабылданады.

Келесі бағыт – білім және кәсіби машық. Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Ол үшін мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшетін боламыз.

Бесінші бағыт – мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту.

Президент бекіткен Жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасы ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды және азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысуын кеңейтеді. Селолық әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер беріліп, олардың ауылдағы ахуалға ықпалы күшейтіледі. 

Бірақ, сонымен бірге, қоғамдық бақылауды,  жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек. Сондықтан биылғы жылдан бастап мәслихат арқылы  ауыл әкімдерінің сайланбалылығы енгізіледі.

Алтыншы бағытта дәйекті және болжамды сыртқы саясат арқылы аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту көзделген.

Жетінші бағыт – жаңа Қазақстандық патриотизм. Бұл бағыттағы басты мақсат - біз қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты. Осы тұрғыда өз бойымызда  және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Елбасы барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдігі туралы айта келіп, мұнда ерекше жауапкершілік біздерге, қазақтарға жүктелетінін атап көрсетті.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы қазіргі уақыт пен әлемдегі саясатқа терең талдау жасала отырып түзілген тарихи құжат. Бұл шын мәнінде болашаққа жасалған бағдар, келешекке тартылған жол. Ұлт Көшбасшысы қай кездегідей кемеңгерлік ойларын ортаға салды және қазақ елінің болашағына айқын бағдар көрсетті. Және де қай кездегідей Қазақстанның бір ел, бір мемлекет екендігін, бірлік болған жерде ғана тірлік болатынын, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік бүгінгі бізге жүктелетінін тағы да қадап айтты.

Жолдауда қойылған міндеттер үстіміздегі 2013 жылдан бастап-ақ жүзеге асырыла бастады. Онда сіздер мен біздердің алдымызға ауқымды міндеттер қойылып отыр. Сондықтан барлығымыз Елбасы Жолдауы мен 2050 Стратегиясының тарихи мәні мен маңызын түсіне біліп, алдымыздағы мақсатымызға жету үшін аянбай еңбек етуге тиіспіз.

Бұл ырғыздықтарға да тікелей қатысты екені белгілі. Жалпы аудан тұрғындары қоғам өміріне белсенді араласып, Елбасы саясатын жүзеге асыруға лайықты атсалысып келеді. Сондықтан «Қазақстан-2030» Стратегиясының орындалуында барша қазақстандықтармен бірге ырғыздықтардың да үлесі бар екені сөзсіз. Аудан тұрғындары кешегі өтпелі кезеңнің қиындықтарын қайыспай көтеріп, болашаққа нық сеніммен қарай білді. Аталған Стратегия жүзеге асырылған жылдары ауданымызда зор ауқымдағы істер атқарылды. Олардың негізгілеріне ғана қысқаша тоқталып өтейін.

Ауданда жыл сайын әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсімге қол жеткізілді. Тұрғындардың тұрмыс деңгейі айтарлықтай өсті. Жыл сайын тұрақты жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасы артты.

Білім беру саласында оқушылардың білім сапасын көтеру, сондай-ақ, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жабдықталуына ерекше мән беріліп, жүзеге асырылып келеді. Осы жылдар ішінде №1 қазақ орта мектебі ашылды, аудан орталығындағы бұрынғы орта мектеп гимназияға айналдырылды, Т.Жүргенов атындағы, Т.Жаманмұрынов атындағы орта мектептердің ғимараттары жаңадан бой көтерді. Биылдың өзінде Құйлыс, Құтикөл ауылдарынан жаңа мектеп ғимараттары салынуда. «Балапан» бағдарламасы сәтті іске асырылып келеді. Бұрынғы жабылып қалған балабақшалар қайта қалпына келтіріліп, әрбір селолық округте жаңадан балабақшалар ашылды.

Мәдениет саласында 1997 жылдан бастау алатын «Аймақты әнмен тербетіп» атты өнер мерекесі тұрақты өткізіліп, жыл сайын ауқымын үлкейтіп келеді. Селолық округтерде клуб және кітапхана тұрғындарға кең көлемде қызмет көрсетеді.

Денсаулық сақтау саласында аудандық орталық аурухана бүгінгі күн талабына сай күрделі жөндеуден өткізіліп, қажетті мамандармен және құрал-жабдықтармен қамтылған. Елді мекендерде дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер жұмыс жасайды.

Аудан тұрғындары негізінен телефонмен қамтылған, жыл сайын Интернетке қосылушылар саны арта түсуде. Аудан орталығы мен бірнеше елді мекенде мобильді телефон байланысы жолға қойылған.

Құтикөл мен Аманкөл ауылдарына ауыз су құбыры тартылды, Құрылыс селосында да ауыз су мәселесі шешімін тапты. Құмтоғай ауылынан сумен қамту жүйесінің құрылысын салудың жобалау сметалық құжаттары жасақталды. Қалыбай, Құйлыс, Жайсаңбай ауылдарын сумен қамту жүйесінің құрылысын салудың жобалау сметалық құжаттары жасақталуда.

Ырғыз селосына газ құбыры құрылысын салу жұмыстары басталды. Бұл жобаға 2012 жылға республикалық бюджеттен - 450 млн. теңге қаржы бөлініп, игерілді. Газ құбырын тарту жұмыстары келесі жылы аяқталуға тиіс.

Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық қайта жаңғырту транзиттік дәлізінің Ырғыз ауданы жерінен өтетін бөлігі толық жаңғыртылып, қазір халық оның қызметін пайдалануда. Болашақта бұл жол бойында халықаралық стандарттарға сай қызметтер көрсетілетін болады.

Аудан орталығы – Ырғыз селосы соңғы жылдары жаңғырып, көркейіп келеді. Селоның ұзақ жылдарға арналған бас жоспары бекітілді. Осы жоспарға сәйкес ол жыл өткен сайын іргесін кеңіте түсуде. Мемлекеттік коммуналдық және жеке тұрғын үйлер көптеп салынуда. Селоның орталық көшелеріне асфальт төселді. Ғимараттар заманауи түрге келтіріліп, күрделі жөндеуден өткізілген. Кәсіпкерлік нысандары көбейе түсуде. Селоішілік ауыз су жүйесі толық жөндеуден өткізілді.

Табиғат қорғау ісінде 2007 жылы ашылған «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты өңірдің табиғи ахуалын сақтауда жұмыстар жүргізуде.

Бұрынғы Тәуіп селолық округінің құрамындағы Жайсаңбай өз алдына селолық округ болып ашылып, жұмыс жасап келеді.

Жалпы түйіндеп айтар болсақ, ауызбіршілік пен ынтымақты ту еткен Ырғыз халқы жоққа жасымай, барға тасымай, заман талабына сай еңбек етіп, тұрмысын түзеп келеді. Шешімін күткен проблемалар жоқ емес, дегенмен ірі деңгейдегі негізгі мәселелер біртіндеп шешіліп келе жатқаны өздеріңізге жақсы мәлім. Міне, осындай үлкен ауқымдағы ірі жобаларды сәтті жүзеге асырған аудан халқы Елбасы межелеген 2050 Стратегиясын іске асыруда да елдік мүддеге елеулі үлес қоса беретіні сөзсіз.

Осы тұрғыда өткен 2012 жыл да ауданымыз үшін оңды экономикалық көрсеткіштермен, әлеуметтік саладағы жақсы жетістіктермен сипатталды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгерілеушілікке қол жеткізілді.


Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың орындалуы
Ауданда Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен мен оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» салалық бағдарламасы жүзеге асырылуда.

2012 жылы бағдарлама аясында үйде оқытылатын мүгедек балаларды бағдарламамен қамтамасыз ету, бір мектепті химия кабинетімен жабдықтау жүзеге асырылды, Оған республикалық бюджеттен 6,4 млн. теңге және «Балапан» бағдарламасы бойынша 3 балабақша мен 8 шағын орталық қызметін қамтамасыз етуге 71,2 млн. теңге қаражат жұмсалды.

2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыруда 6 бағыт бойынша скринингтік тексерулер жүргізілді, бекітілген жоспарға сәйкес аурудың алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандық бюджеттен 468,0 мың теңге қаржы жұмсалып, шаралар ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда Ырғыз селосында 200 тонналық сыйымдылықтағы көкөніс сақтау қоймасын салу жобасы жүзеге асырылуда. Жоба 2012-2013 жылдарға жоспарланған.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 2012 жылға 2520 мың теңге бөлініп, 3 селолық округте балалардың ойын алаңдарын орнату жұмыстары аяқталды.

2012 жыл ауданның экономикалық даму көрсеткіштері барлық салалардағы негізгі индикаторлардың елеулі өсуімен сипатталды.
Өнеркәсіп
2012 жылы 1263,6 млн. теңге өнеркәсіп өнімі өндірілді, 2011 жылмен салыстырғанда нақты көлемі индексі 101,0 % құрайды.


Агроөнеркәсіптік кешен
2012 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 6407,8 млн. теңгені немесе нақты көлем индексі 101,3 пайызды құрады.

Ауылшаруашылығы саласына 2012 жылы 263,3 млн. теңгенің инвестициясы тартылды, бұл өткен 2011 жылдан 4,6 есе артық. «Ырғыз селолық несиелік серіктестігінен» 8 құрылым 54,3 млн. теңгенің мал мүлкін, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша барлығы 7 құрылым 56,1 млн. теңгеге мүйізді ірі қара, «Шалғайдағы жайылымдық қой шаруашылығының пилоттық жобасын дамыту» бағдарламасы негізінде 20 шаруашылық 152,1 млн. теңгеге 6038 бас қой малын сатып алды. Ауылшаруашылығы техникаларын жаңалауға 15,3 млн. теңгеге қаражат тартылды.

2012 жылдың соңына ауданда 214 ауылшаруашылығы құрылымдары жұмыс жасайды.



Жер қатынастары
Ауданның жер қоры 4151,2 мың гектар. 2012 жылы ауылшаруашылығы жер пайдаланушыларының саны - 210 бірлік.

Жер учаскесін сатудан 2,9 млн. теңге, жалға беруден 8,3 млн. теңге бюджетке кірістелді.

2012 жылы жүргізілген ауылшаруашылығы жерлерін түгендеуге байланысты пайдаланылмай отырған 21 жер учаскесі 35107 гектар жер анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылды.
Шағын кәсіпкерлік
Аудан бойынша тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілері саны 468 бірлік. Кәсіпкерлікте жұмыс жасайтындар саны 1860 адам, шағын кәсіпкерлікте өндірілген өнім, көрсетілген қызмет көлемі 840 млн. теңге, кәсіпкерліктен салық түсімі 144,7 млн. теңгені құрайды.

Шағын кәсіпкерлікті қаржылай қолдау мақсатында «Ырғыз-несие» микрокредиттік ұйымы арқылы 2 жобаға – 0,9 млн. теңге, «Облыстық ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 12 жобаға - 13,5 млн. теңге, барлығы 14,4 млн. теңгеге қаржыландырылды.

Бөлшек сауда айналымы 590,3 млн. теңгені құрап, нақты 2,4 пайызға өсті.

Инвестиция
Негізгі капиталға 2012 жылы 2145,6 млрд. млн. теңге инвестиция тартылды.

Құрылыс
2012 жылы барлығы 6305 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие алған 2 кәсіпкерлік нысаны инженерлік инфрақұрылыммен қамтылды.


Инфрақұрылымның жайы
Ауыз сумен қамтуда 5 елді мекен су құбырынан, 3 елді мекен тасымал ауыз суымен қамтамасыз етіледі. Құмтоғай ауылының сумен қамту жүйелерінің құрылысын салудың жобалау сметалық құжаты дайын, құрылыс жұмыстарына қаражат бөлінуіне жұмыстар жасалуда. Жайсаңбай, Қалыбай, Құйлыс ауылдарының сумен қамту жүйелерінің құрылысын салудың жобалау сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Аталған 4 елді мекеннің сумен қамту жүйелеріне 28 млн. 152 мың теңге бөлінген.

Айырқызыл жер асты су қоры нақтылануда.

«Ақши» лиманды су жүйесі қайта жарақтандырылудан өтті. «Қыл», «Қожа» жерлерінде бөгеттер салынды.

Салық-бюджет жайы
2012 жылы бюджетке салық және басқа да түсімдерден 299,0 млн. теңге кірістелді, бұл өткен жылға қарағанда 34 пайызға артық. Жергілікті бюджетке түсім 217,2 млн. теңгені құрады, немесе 2011 жылдан 19,3 пайыз артты. Бюджеттің шығысы 99,9 пайызға атқарылды.

Салық базасын ұлғайтуда атқарылған жұмыстар нәтижесінде бюджетке қосымша 6839,2 мың теңге салық есептелінді.


Еңбек нарығы
Аудандағы тіркелген жұмыссыздар саны 27 адам. 2012 жылы 275 жаңа жұмыс орны қосылды, 318 жұмыссыз еңбекке орналасты, ақылы қоғамдық жұмысқа 370 жұмыссыз бағытталды, 53 жұмыссыз үшін әлеуметтік жұмыс орыны ұйымдастырылды, жастар практикасы бойынша 36 жас жұмыспен қамтылды.

2012 жылы «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы бойынша 187 адам еңбекке орналасуға өтініш білдірді. Одан «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының 1-бағыты бойынша 65 адам әлеуметтік жұмыстарға, 49 жұмыссыз жастар практикасына, 29 адам кәсіптік оқуға тартылды, 3 адам біліктілігін арттыру курсынан өтті. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының 2 бағыты бойынша 8 адам кәсіптік білім, 12 адам 20,1 млн. теңге несие алды. Даму әлеуеті төмен елді мекенге теңестірілген Қалалыкөл ауылынан 4 отбасы Ақтөбе қаласына қоныс аударып, арнайы төлемдер жасалды. 4-бағыт бойынша ауылдық елді мекендерді көркейту жобасынан орталық аудандық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстарына 14 жұмыссызға жолдама берілді.


Әлеуметтік қорғау
Аз қамтылған азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда - ең төменгі зейнетақы және ең төменгі зейнетақыдан төмен алатын зейнеткерлерге І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектерге барлығы 256 адамға 11736,1 мың теңге көмек берілді.

2012 жылы Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, яғни 2 адамға 43,6 мың теңге, соғыстан оралмаған және елге оралып қайтыс болған жауынгер жесіріне, барлығы 29 адамға 1735,1 мың теңге, Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек еткен 148 адамға 3653,7 мың теңге, ауған жауынгері мен Чернобыль апатында зардап шеккен 10 жауынгерге 483,9 мың теңге барлығы 188 адамға 5916,3 мың теңге коммуналдық төлемдерден жеңілдіктер төленді.

І, ІІ топтағы 4 мүгедекке және 2 жалғыз басты ана, 1 Ұлы Отан соғысы жесіріне тұрғын үйлерін жөндеуге 1062,4 мың теңге әлеуметтік көмек төленді.

16 жасқа дейінгі мүгедек баласы бар 43 отбасына ай сайын 3000 мың теңге қосымша көмек, 7 мүгедек балаға үйден әлеуметтік көмек, 7 мүгедекке жеке көмекші тағайындалды, 6 мүгедек баланың ем алу кезіндегі жол ақысына төлем жасалды.



Білім
Мектепке дейінгі тәрбие беретін 13 мекемеде 755 бала, 16 шағын орталықтарда 286 бала тәрбиеленуде.

23 жалпы білім беру мектептерінде 2012-2013 оқу жылында 3147 оқушы білім алуда. Өткен оқу жылын 181 оқушы аяқтап, 137-сі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты, аудан бойынша ортақ балл - 67,7.

Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуда жергілікті бюджеттен Темірастау, Шеңбертал орта мектептерінің базасы жаңаланды, М.Төлегенов атындағы орта мектепке республикалық бюджет қаражаты есебінен химия кабинеті алынды. 2012-2013 жылдарға жоспарланған Құтикөл және Құйлыс ауылдарында орта мектеп құрылысы салынуда, Жайсаңбай ауылында 60 орындық орта мектеп құрылысының жобалау сметалық құжаты дайындалуда.


    Денсаулық



Денсаулық сақтау саласында облыстық бюджет қаражатына Ақши аулында медициналық пункт ғимараты салынды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында орталық аудандық аурухана мен емхана сыртқы күрделі жөндеуден өтті.

Мәдениет
2012 жылы 600 көркемөнерпаздар концерті, 460 жастар кеші, 554 тақырыптық кештер, 56 байқау, барлығы 1670 мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылып, ақылы қызмет көлемі 2604,7 мың құрады.
Дене шынықтыру және спорт
Ауданда 60 спорттық құрылғылар бар. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасайды. Аудандық деңгейде спорттың 13 түрінен 64 рет жарыс өткізіліп, облыстық дәрежедегі жарыстарға спорттың 7 түрінен 178 адам, республикалық дәрежедегі жарыстарға спорттың 2 түрінен 4 рет 35 адам қатысты. «Көркейе бер, туған жер» акциясы аясында Ырғыз селосында бокс залының құрылысы, Қарақұдық ауылында спорт алаңы салынып, аудандық ауыл жастарының спартакиадасы өткізілді.
Қоғамдық-саяси жағдай
Аудан әкімі жанынан құрылған 7 ақпараттық топ Қазақстан Республикасының 2030 жылға даму Стратегиясын насихаттауда 251 кездесу өткізіп, 16081 адамды қамтыды, мерзімді баспасөзде 26 рет мақала жарияланды. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын насихаттауда 248 кездесу өткізіліп, 14348 адамды қамтылды. Мерзімді баспасөзде 67 мақала жарияланды, 3 рет дөңгелек стол өткізілді.

Аудандық «Үгіт керуені» барлық елді мекендерде тұрғындармен кездесіп, дәрігерлік көмектер көрсетілді.

Ауданның қоғамдық-саяси жағдайы тұрақты. «Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының» діни бірлестігінің 3 филиалы, 2 үкіметтік емес ұйым тіркелген.

«Көркейе бер, туған жер!» акциясы
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің былтырғы халыққа Жолдауында өңірлерді дамыту арқылы тұтастай елімізді өркендетіп, халықтың тұрмыс деңгейін жақсарта түсуге мүмкіндік туатынын айтқан еді. Осы тұрғыда облыс әкімі Архимед Бегежанұлының бастамасымен қолға алынған «Көркейе бер, туған жер!» акциясы ырғыздықтар тарапынан да қолдау тапты. Аудандық ардагерлер кеңесі барша жерлестерге үндеу жариялады, оған жер-жерлердегі Ырғыздан шыққан азаматтар үн қосты. Акцияны жүзеге асыру жөнінде арнайы жоспар жасалып, соған сәйкес жұмыстар жүргізілді.

Қысқаша түйіндесем, акция бойынша 2012 жылы 55 нысанда 90 млн. 697 мың теңгенің жұмысы атқарылды.

Аталған шараға сыртта жүрген ағайындармен қатар ауданымыздың азаматтары да қолдау білдіріп, белсенділікпен атсалысты. Алдағы уақытта да жалғасын табатын акцияға ырғыздықтар жаңаша серпінмен үлес қоса береді деп сенемін.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес жайы
Аудан әкімдігі тарапынан бүгінгі қоғамымыздағы қауіпті дерттің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Бұл бағытта барлық бөлімдер мен селолық округтерде сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу жөніндегі жұмыстар жалғастырылуда. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының тиісті заңдылықтарын түсіндіру
жұмыстары үнемі күн тәртібінде тұрған мәселе. Барлық мекеме,
кәсіпорын, ұйымдарда көрнекі және қол жетімді орындарда азаматтардың лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері жөніндегі арыз-шағымдарына арналған жәшіктер орнатылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстар атқарылуда. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясымен бірлесіп кең ауқымды акциялар өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мақалалар жарияланып, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

Біз бұл бағытта қатаң көзқарасты ұстана отырып, қызметкерлеріміздің құқықтық білімін жетілдіруге күш сала беретін боламыз.
Аудан әкімінің 2012 жылы тұрғындармен есепті кездесуінде

айтылған ұсыныстардың орындалу барысы туралы ақпарат
Аудан әкімінің 2012 жылғы есепті кездесуінде айтылған мәселелерді шешу жөнінде іс-шаралар жоспары бекітіліп, республикалық, облыстық деңгейлерде шешімін табуы тиіс 8 проблемалық мәселе қойылды, оның 2-уі шешімін тапты. Ақши ауылында медициналық пункт құрылысы салынды, Б.Алманов атындағы орта мектептің жылу жүйесіне «Көркейе бер, туған жер!» акциясы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілді.

6 проблемалық мәселе бойынша шешімін табуы үшін іс-шаралар атқарылуда. Атап айтқанда:

1. Аманкөл селолық клубын «Көркейе бер туған жер!» акциясы аясында жеке азаматтың қолдауымен жөндеу жүргізуге ұсынылған болатын, кәсіпкердің қаржыландыру мәселесіне байланысты 2013 жылға жоспарланып отыр.

2. Жайсаңбай селосын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысын салу жобасының жобалау сметалық құжаты дайындалып, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды.

3. Қалыбай селолық клубын жөндеудің жобалау сметалық құжаты 2009 жылы дайындалғанмен, мемлекеттік сараптамадан өткізілмегендіктен, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының 4-ші бағыты бойынша 2014 жылға қаржыландыруға сұраныс жасалды.

4. Нұра селосын ауыз сумен қамтуда жер асты су көздерін зерделеу жұмыстарын жүргізуге ықпал ету жөнінде облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасына сұраныс жолданып, 2013 жылы зерделеу жұмыстарының басталуына қаражат бөлініп, конкурс өткізіледі.

5. Құмтоғай, Қарақұдық ауылдарын сумен қамтуда «Құмтоғай селосын сумен қамту» жобалау сметалық құжаттамасын жасақтауға 7,152 млн. теңге бөлініп, игерілді. Жобалау сметалық құжаттары жасақталып, құрылыс жұмысына қаржы бөлу жөнінде сұраныс берілді. Қарақұдық селосының жер асты суын зерделеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлу жөнінде облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасына сұраныс берілді.

6. Құйлыс селосындағы көпірді жөндеу үшін жобалау сметалық құжатын жасауға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қаржы бөлу жөнінде сұраныс жолданды.


2013 жылы атқарылатын міндеттер
2013 жылы «Сыбаға», «Шалғайдағы жайылымдық мал шаруашылығын дамыту» бағдарламалары бойынша жобаларға қаражат тарту жалғасын табады.

Индустрияландыру картасы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы, шағын несиелендіру көздері бойынша қаражат тарту және кәсіпкерліктің белсенділігін арттыру бойынша шаралар жүзеге асырылады.

Салыққа 207,2 млн. теңге кірістеу жоспарын орындауда салық базасын ұлғайту жұмыстары жалғастырылады. 2013 жылы тартылатын инвестиция көлемін өткен жылдан төмендетпеу міндеті қойылады.

16,8 млн. теңге республикалық қаражат есебінен мемлекеттік коммуналдық, сондай-ақ жеке қаражат есебінен 5000 шаршы метр жеке тұрғын үй құрылысы салынады. 15 млн. теңгеге республикалық бюджет қаражатына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіледі.

Ауданды газдандыруда 2013 жылы 715 млн. теңгенің жұмысы атқарылады. Жол қатынасын жақсартуда «Шалқар-Ырғыз» республикалық маңыздағы автожолының Ырғыз селосына кіре берістегі 11,3 шақырымына күрделі жөндеу жүргізіледі, бұл мақсатқа республикалық, облыстық бюджеттерден 250,0 млн. теңге қаражат бөлініп отыр.

Құтикөл, Құйлыс ауылдарында 150 орындық орта мектептер пайдалануға беріледі, Жайсаңбай аулында 60 орындық орта мектептің құрылысы басталады. Шеңбертал орта мектебі химия кабинетімен жабдықталады.

«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында «Арай» мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтеді.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 3 елді мекенде балалар ойын алаңы, 4 елді мекенде көше жарығын жақсарту қолға алынады. «Көркейе бер, туған жер!» акциясы жалғасын табады.




Қорытынды
Құрметті қауым!

Аудан көлемінде атқарылып жатқан барлық игі істерде сан түрлі салада еңбек ететін тұрғындардың ортақ мақсат жолындағы еселі еңбектері зор. Сонымен бірге, ауданымыз үшін маңызды проблемалық мәселелерді шешуде облыс әкімі Архимед Бегежанұлы Мұхамбетовтің нақты қолдауын сезініп отырғанымызды айту парыз. Облыс басшысы шалғай өңірдің жай-күйі мен тыныс-тіршілігіне үнемі жете көңіл бөліп келеді.

Бүгін жылдағы дәстүрмен сіздермен кездесіп өткен жылдың негізгі қорытындыларын шығарып отырмыз. Атқарылып жатқан жұмыстар көз алдарыңызда, ілгерілеушіліктер күнделікті тұрмысымыздан-ақ айқын сезіледі. Діттеген жерден шыға алмай қалған тұстарымыз да кездесетінін жоққа шығаруға болмайды, дегенмен негізгі ой-мақсаттарымыз орындалды. Сондықтан өткен жылдың ауданымыз үшін бергені мол деп ойлаймын. Жаңа 2013 жыл да қарбалас жұмыстармен басталып кетті. Қазақстанның ұзақ мерзімді 2050 Стратегиясын орындау жөніндегі жұмыстар бастау алатын бұл жылы атқаратын шаруаларымыз аз емес.

Ең бастысы қол жеткен жетістіктерді тұрақтандырып, экономикада, әлеуметтік-мәдени салаларда белгіленген шараларды нақтылы іске асыру міндеті тұр. Елбасы Жолдауында айтылғандай «Бейбіт күндегі белестерді бағындырып, алдағы сындардан сүрінбей өтеріміз, ең алдымен, өзімізге, бірлігіміз бен берекемізге байланысты». Сондықтан береке-бірлікті тірлігіміздің шамшырағы етіп ұстанып, жаңа биіктерге қадам жасай берейік!






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет