Қазақ балалар баспасөзінің дамуы



Дата16.06.2016
өлшемі74.5 Kb.
#140014
ҚАЗАҚ БАЛАЛАР БАСПАСӨЗІНІҢ ДАМУЫ
М.Б.Шындалиева

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан

Бүгінгі таңдағы дамыған балалар баспасөзі бірден пайда бола қойған жоқ. Жалпы балалар баспасөзінің тууының өзі көне дәуірлердегі адамдардың бір-бірімен ақпарат алмасуынан бастау алады. Қазіргі балалар баспасөзі қазақ публицистикасының бір бөлшегі. Қазақ зерттеушілерінің ішінде публицистикаға тұңғыш анықтаманы Ахмет Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде берді. «Көсем сөз шешен сөз сияқты әлеуметке айтқанын істету мақсатымен шығарылатын сөз. Шешен сөзден мұның айырылатын жері – шешен сөз ауызша айтылады, көсем сөз жазумен айтылады. Көсем сөз кезіндегі әлеуметке керек іске мұрындық болып істеу ыждахатымен айтылады» [1, 223-224-б]. Шын мәнінде публицистика әлеуметтік, қоғамдық, саяси мәні бар бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерін көтеретін, көпшілікке сол кезеңдегі басты міндеттерді аңғартып, саяси-әлеуметтік оқиғалардың сыр-сипатын ашып береді. Публицистика белгілі бір күннің, белгілі бір дәуірдің тарихын сол күннің, сол дәуірдің саясатымен, философиялық көзқарасымен байланыстыра отырып жасайды. Ол қоғамдық мәселелерді сырттай емес, өмірмен, тәжірбиемен ұштастыра отырып баяндайды. «Көсем сөз – мерзімді баспасөз бетіндегі көптеген жанрларға бірдей қатысты ұғым. Сондықтан көсемсөзшілер (публицистер) айтпақ ойы, оны жеткізу ыңғайына қарай кейде памфлет, кейде эссе, мақала, ашық хат, кейде фельетон жазып, жариялайды» [2,122-б]. Нағыз публицистикада әлеуметтік-тәрбиелік ықпал жасаудың орасан зор күші бар. Өйткені ол оқырманға, көрерменге, тыңдаушыға дұрыс бағыт сілтейді. Адамдардың ақыл-ойы мен сөздеріне әсер етудің маңызды рөлін атқарады. Публицистикалық құбылыстарға ғылыми тұрғыдан баға беру, дәлелдеудің айқындығы, өткірлік, барынша ықпал етуге ұмтылушылық тән.

Қазақ зерттеушілерінің ой-тұжырымдары публицистика туралы білім көкжиегін кеңейте түседі. Т.С.Амандосов: «Публицистика - өмірдің сырлы суреті. Публицистика арқауы – шындық. Публицистика адамдар арасындағы әлеуметтік қарым-қатынастардың көрінісі деген сөз, яғни өмірдің әлеуметтік, саяси-экономикалық, өндірістік, ғылыми және рухани, тағы басқа құбылыстарын, өмір фактілерін байыптап түсіндіріп береді» [3,128-б],- деп ой түйеді. Ал Т.Қожакеев: «Публицистика нақты өмірден орын алып отырған мәнді оқиға-фактілер төңірегіндегі пікірді қозғап, сол туралы дұрыс ұғым қалыптастыруға ықпал жасайды. Яғни, публицистика – фактінің, нақты оқиғаның жанры» [4,127-б],- дейді. Зерттеуші Т.Ыдырысов публицистика жайлы мынадай пікір білдіреді: «Публицистика – жазушы мен журналистің әлеуметтік пікір айтуы, күнделікті өмірге, әрқилы қоғамдық шабытпен терең ой топтап, жұртшылықты белгілі бір оқиғаға, құбылысқа ерте, еліктіре білуі» [5,71-б]. Сонымен қорыта айтқанда, публицистика дегеніміз – публицистикалық шығармалардың жиынтығы. Яғни, очерктер мен фельетондар, мақалалар мен ашық хаттар, эсселер мен репортаждар, жиынтығы.

Журналистика – белгілі бір қызмет саласы және әсер ету сферасы, түрлі бұқаралық ақпарат құралдарын, ұйымдар мен мекемелердің басын құрайтын белгілі бір аппарат, әлеуметтік институт. Ал, публицистика – белгілі бір нысаны, орны, функциясы, мазмұны мен құрылымы, пішіні бар, белгілі бір жанрлар жүйесі бар, қоғам мүшелеріне әсер ету тәсілдері бар тұтас шығармашылықтың түрі. Соның ішінде қазақ публицистикасының бір бөлшегі – балалар баспасөзі. Оның пайда болуы, өзіндік даму тарихы туралы зерттеу бүгінгі күннің маңызды мәселелелердің бірі. Осы тақырыпты таңдаудың сәті түсіп, зерттеу нысанына айналдыру барысында көп маңызды мәселелерді кезіктіріп, тілге тиек етпекпіз. Бұл мақалада кешегі мен бүгінгі балалар бапасөзінің ішінде өзіндік орны бар, негізі болып табылатын «Пионер» журналының тарихы мен дамуы, қалыптасуы кеңінен сөз болады. ХХ ғасыр басынан басталатын қазақ балалар баспасөзі мен бүгінгі таңдағы балалар баспасөзінің даму арналарын ашып, анықтау, соның барысында тақырыптық, проблемалық, жанрлық, пішіндік өзгерістерді біртұтас бірлікте пайымдау болып табылады. Үшінші мыңжылдықтың басында әлем адам өмірінің барлық қырларын өркениетті жаһандандыру үдерісіне негізделген жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Ол тәуелсіздігін алған Қазақстан Республикасы оның жетістіктеі мен кемшін тұстарын бастан кеше отырып, үдеріске нақты қатысушы болып отыр. Қазақстандық БАҚ-тардың жаһандану дәуірінде адамның дамуына тиімді әсер ете алатын мүмкіншіліктері жеткілікті. Бүгінгі күні елімізде ақпараттық рыноктың негізі қалыптасып, аса қажетті элементтері пайда болды десе де болғандай. Елімізде 2116 БАҚ жұмыс істейтінін ескерсек, соның ішінде балаларға арналған БАҚ-тың саны елуге жуық оның ішінде мемлекеттік және мемлекеттік еместері де бар. Ақпараттар кеңістігі өзгеріп, дамып, әлемдік медиа-компаниялар құрылып, әлемдік медиа қауымдастыққа шығып келеміз.

1925 жылғы қаңтар айында Орынбор қаласының Троицк көшесіндегі 37-үйде қазақ балаларына арналған тұңғыш журнал шықты. Бақытты өмірге түбегейлі бет бұрған халықтың тарихында қалуға тиіс бұл игі іске басшылықты жас республикамыздың толып жатқан ұйымдары жалынды публицист Ерғали Алдоңғарұлына тапсырған болатын. Зерек қаламгер жаңа журналдың жұмысына құлшына кіріскен. «Бұл 1920-жылдар – Қазақстанның түкпір-түкпірінде пионер қозғалысының белең ала бастаған кезі еді. Мойнына қызыл галстук таққан жас жеткіншектер жер жүзі пролетариатының ұлы көсемі – В.И.Ленин ісіне адал болуға серт беріп, революция жеңістерін түбегейлі баянды етуге жұмылған» [6, 4-б ]. Сол кезеңдегі «Пионердің» жарыққа шығуы жас ұрпақтың ойлау мәдениетіне жаңаша бетбұрыс әкелген, балалардың кеңестік өмірдің негізгі қағидаларын бойына тез әрі терең сіңіріп, өздері таптық күреске жұмылған ірі саяси күшке айнала басталуына куәгер. Тұңғыш сандағы «Балалар ұйымы туралы», «Жас пионер басшысы қандай қалып сақтау керек?», «Екібастұз кеніндегі пионерлер жайы» [6, 4-б] секілді мақалалар бір қолдан шыққанына қарамастан, қазақ халқының жас буынына биік мақсат, айқын бағытқа жол сілтеуге жасалған ірі қадамдар еді.

Мұрағат қойнауындағы сарғайған парақтарды ақтарып отырсақ, онан бүгінде есімі жұртшылыққа танымал Шолпан Иманбаева, Жүсіпбек Арыстанов секілді ақын, журналистің, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов секілді туған әдебиетіміздің іргетасын қалаған ірі қаламгерлердің шығармалары жарияланғанын көреміз. «Пионер» 1931 жылы Қызылорда қаласында «Екпінді жас» деген атпен шыға бастады. «Екпінді жас» «Пионердің» әуелгі міндетін толығымен атқарып, республика пионерлері мен қызметкерлерінің өмірінен өз оқушыларын ұдайы хабардар етіп отырды. Оның шығуына С.Мұқанов, Б.Майлиндей көрнекті жазушылар үнемі жәрдемдесіп отырды. Ал, Әмина Мәметова (Мәншүктің анасы) журналға бас редактор болып қол қойған. «Пионер» журналы 1937-1939 жылдары «Вожатыйға көмекші», «Вожатый» деген атпен де шығып тұрды. Бұл – Қазақстандағы пионер қозғалысының терең қалыптасып, социалистік қоғамның ірі міндеттеріне түбегейлі бет алған кезеңі еді.

1939 жылы журнал қайтадан өзінің әуелгі «Пионер» деген атымен жарық көріп, лениншіл жас жеткіншектердің қолына тиді. Бұл кезде негізінен әдеби басылым болған журнал балалардың еңбекке араласуын, Отанымыздың экономикасы мен қорғаныс қуатын барынша нығайтуға тікелей атсалысып, әскери-патриоттық тәрбиені негізгі міндет санағанына куә боламыз. Жамбыл Жабаевтың жас ұрпақты ынтымақшыл бірлікке, отыншылдыққа тәрбиелеген өлеңдері «Пионер» арқылы қалың жас оқырмандардың көкейіне қонды. Журнал халық батыры Аманкелді Имановтың әскери жорық жолдарымен өзінің тұңғыш тарихи-этнографиялық экспедициясын ұйымдастырды. Кремльде тұңғыш рет жоғары үкімет наградасын алған 12 жасар пионер, қазақ қызы Роза Шамжанованы республика жеткіншектеріне таныстырған осы «Пионер» журналы.

Фашизм тұтқиылдан тап берген кезде журнал қызметкерлері де қару алып майданға аттанды. 1946 жылы «Пионер» қайта шыға бастады. Оның алғашқы санына М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, С.Мұқанов алғысөз жазды. «Менің пәлендей ғылым адамы болуыма, менің пәлендей өнер адамы болуыма ең алғаш қозғау салып, ой талабымды оятқанның бірі «Пионер» журналы болып еді, дейтін болсын» [7, 11-б],- деп жазды заманымыздың ұлы жазушысы М.Әуезов. Журнал соғыстан соң 1960 жылға дейін үзбей шығып тұрды. Осы уақыт аралығында «Пионер» өзінің мыңдаған оқырмандарын шаруашылықты қайта қалпына келтіруге, тың далаларды бірге көтеруге үндеп, оларды ғылым мен техника үйірмелеріне тартып, білімін тереңдетті.

Сол кезеңдегі өскелең ұрпаққа деген зор қамқорлығының нәтижесінде 1978 жылдың январь айында «Пионер» қайтадан жарыққа шықты. «Пионер» журналы алдағы ғасырға бет алған жас жеткіншектердің рухани шежіресін жазған үстіне жаза түсуде. Журналдың бүгінгі бет-бейнесінен Қазақстан жас ұрпағының жарқын келбетін көре аламыз.

«Пионердің» тарихы дегенде тоқталмай өтуге болмайтын бір нәрсе – оның үлкен жауапкершілігін азаматқа тән алып жүріп, редакция жұмысының ыстық-суығын көтеріскен, журналға игі еңбегін сіңірген жандардың қастерлі есімдері. Соның ішінде екі бірдей талантты журналист, ақын-жазушының есімі ерекше. Олар Хасен Сейілханов пен Секен Дайырбеков. Хасен Сейілханов 1939-1941 жылдар аралығында «Пионерге» басшылық етті. Таланты енді ғана гүлін жайып келе жатқан жас жазушы, ақын журналдың ұйымдастырылуына, қалыптасуына үлкен еңбек сіңірді, жас қазақ ұландарына тәрбие беру жұмысына ерекше үлес қосты. «1941 жылы Москва түбіндегі сұрапылда ерлікпен қаза тапқан «Пионердің» редакторы бүгіндері сарғайған суреттен сол жап-жас, жігерлі күйінде қарайды...» [8, 8-б].

Секен Дайырбеков – «Пионердің» әуелі жауапты секретары, ал 1941 жылы бас редакторы болып істеді. Ол да жас, талантты ақын, журналист еді. Соғыс жылдары ауыр науқасқа шалдыққан ол 1945 жылы дүниеден кетіпті. «Ізгілік жаны игіден шығады»,- дейді дана халық. «Пионердің» шығармашылық ұжымының өзара үлкен достығының куәсіндей кішкентай ғана кітап бар. Ол - өмірден ерте кеткен жас ақын Секен Дайырбековтың «Арман» [9] атты жыр жинағы. 1950 жылы жарық көрген кітаптың алғы сөзін жазып, әріптес досының аз ғана мұрасын құрастырған «Пионердің» 1946-1952 жылдардағы редакторы Төкен Әбдірахманов. Ал осы жинақта Хасен Сейілхановқа арналған автордың сағынышты өлеңі де жүр.

1942 жылы жазылған осы өлең мен 1950 жылы дос қамқорлығымен жарық көрген жинақтың қастерлілігі – бұлардың үлкен достықтың, мақсаты бір, бір ыстық ұяның балапанындай болған үш азаматтың риясыз достығының, жан жылуының айқын белгісі екендігінде.

1946 жылдың шілде айынан бастап «Пионер» журналы қайтадан шыға бастады. Сол жылдары журналдың редколлегия мүшесі болып, аз уақыт үш номеріне редактор ретінде қол қойғандардың бірі – Нұрхан Ахметова. Қазақ балаларын білімге ынталандыру, өнерді сүюге құштарландыру, биік жан-жақты жақсы өнегесі бар азамат етіп қалыптастыру міндетін «Пионер» журналы сол алғашқы номерлерінен бастап өзіне жүктепті. «Журналдың әрбір санының жоспарын құру үстінде қандай тақырыпта қандай нәрселер береміз деген мәселенің төңірегінде қызу талқылау жасаймыз. Әйтеуір, журнал қайткенде де оқушы қолына рухани қазына боп тиюі керек деген ой әрқайсымызды тыншытпайды. Қазір сол жылдардағы журнал беттеріне көз жүгіртіп отырып, соғыстан кейінгі мезгілдегі пионерлердің өмірін, балалар әдебиетінің өсу жолындағы бет-бедерін танығандай боламын» [10, 3-б]. Сол кезде журналға автор болуға жазушыларымыз үлкен құлшыныс білдіріп отырғаны байқалады. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қасым Аманжолов, Хамит Ерғалиев, Әбу Сәрсенбаев, Дихан Әбілев тағы да басқа қазақтың ірі жазушылары балаларға өздерінің талантты сөздерін арнады, шығармалар жазды.

Журнал бетінде бұрын астанамыз болған Алматының өсу, сәулеттену бейнесін оқушыларға үнемі таныстырылып отырған. Республиканың Ғылым Академиясының ашылуы жөнінде академик Қаныш Сәтбаевтың балаларға арнап жазған мақаласы жарияланған. «Пионер» республиканың сол кездегі өмірін дәйекті түрде жаза білген басылымдардың бірі болды десек артық емес. Уақыт өте келе, өмір өзгереді. Журнал да мезгілмен бірге қозғалып, тақырып ауқымын кеңейте берді. «Пионерді» елуінші жылдардың пионерлері де оқыды. Енді, міне, жаңарған, жасарған үлкен тарихы бар «Пионер» бүгінгі оқушының қолында. Өткенге шегініс жасасақ, бүгіннің бастауларын, артқа тастаған белестерін еске түсіреміз.

Мұхтар Әуезов: «Пионер» журналының қайта шыға бастауына шын қуанамыз. Қазақтың жас жеткіншек, талапкер, үміткер гүлдері өз тілінде, ана тілінде көркем тәрбие алмағы аса қымбат. «Пионер» әдебиеттен, көркем өнерден, ғылым-білімнен, әлеумет, саясат тірлігінен – баршасынан да өз оқушысына дән-дерек, нәр-қорек беріп тұрмақ» [11,11-б]. Ақындық, артистікке, күйшілік, суретшілікке кішкентайдан баули берсе, нұр үстіне нұр екенін жұрттың бәрі біледі. Бірақ тек бұл салалар емес, ғылымға да жас жеткіншек өзін-өзі ерте күннен ұқыпты, ынталы етіп әзірлеп бейімдей бере алады. Сол аса қымбат, қажет те. «Пионер» журналы өзінің оқушыларын осы айтқандай келешектерге, ұлы Отанының көрнекті азаматы ететін келешектерге әзірлеуші, дос, көмекші болып келеді. Журналдың оқушылары мен жас жазушылары арасынан сегіз қырлы, гүл-гүл жанған жас өнерпаздар көп шыққанын тарих дәлелдеп отыр. «Кейін солар атақты асыл азамат боп пісіп, толған шақтарында өздерінің естегісін шолғанда: «Менің пәлендей ғылым адамы болуыма, менің пәлендей өнер адамы болуыма ең алғаш қозғау салып, ой талабымды оятқанның бірі «Пионер» журналы болып еді»[11,11-б],- дейтін болсын. Журналдың осындай сапасы болсын. «Пионердің» шығуына қуаныш білдірумен қатар, сондайлық талап қойып сенім артамыз.

«Пионер» тарихы туған халқымыздың ұлы перзенттері Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов есімдерімен тығыз байланысты. Олар ел қамын, болашағын ойлайтын өздеріне тән үлкендікпен «Пионерге» қуана тілектес болды, журналдың қалыптасуына тікелей ықпал етіп отырды. 1925 жылы «Пионердің» № 2-3 сандарында «Нық» деген бүркеншік атпен Бейімбет Майлиннің «Жолаушы Мырқымбай» атты қысқа әңгімесі жарияланыпты. Ал 1946 жылы «Пионер» қайта шыға бастағанда Мұхтар, Қаныш, Сәбит ағалар ізгі тілектерін білдірді. «Пионер» журналының 1925 жылғы №2-3 сандарында шыққан Б.Майлиннің «Жолаушы Мырқымбай» әңгімесі төмендегідей:

Мырқымбай жол жүріп бір мешіті бар ауылға кез болып түсе қалған. Уақыт дәл бесін. Түскен үйінің қожалары мешітке намазға кеткен екен. Мырқымбай бұрын намаз оқып мешітке барып сопылық қылған адам емес. Сонда да түскен үйінің, келген ауылының мешіті бар сопы ауыл екенін біліп, жалма-жан құман алып, дәрет алған болып, жүгіріп мешітке келді.

Мешіттің төр жағында ақ сәлделі молда: қолында көк асасы бар, сақалы беліне түскен, құтырып-ақ отыр. Мырқымбайдың жұрттың алдына шыққандай сықыны жоқ: үсті-басы жыртық-жыртық...

Келіп бір шалдың жанына отыра қалды. Көп ұзамай-ақ жанындағы шалына қараса көзінен жасы бұлаудай болып аққан. Еңкілдеп жылап отыр. Молда құтбаны жылмитып жатыр. Жұрт тым-тырыс. Мырқымбай не қылса да жанындағы шалдың неге жылағанын білгісі келіп ақырын шалдан: «Сіз неге жылайсыз? Молданың оқып тұрған құтпасының мағынасына түсініп отырсың ба? Түсінсең маған да айтшы, не деп тұр?» - деді. Шал қозғала беріп: «Ойбай, неменесіне түсінейін. Жылағанымның мәнісі мынау: былтыр мал дегенде жалғыз көк тоқал ешкім бар еді. Сол ешкім жоғалып кетіп еді. Шөп жегенде сол ешкімнің сақалы ана молданың сақалындай шошаңдап тұрушы еді. Молданың сақалының селкілдегенінен жоғалған ешкімнің сақалы есіме түсіп, сонан көңілім бұзылып жылап отырмын» [12,13-б],- деген қысқа ғана әңгімесі басылған.

«Балалар, бұл Академия – болашақтағы ғылым иесі сендердің академияларың. Сендер ғылымға жан-тәндеріңмен беріліп, өздеріңді ғылым адамы болуға бейімдей беруге тиіссіңдер. Өлке байлығын тексерудегі, ауа райын бақылаудағы, түрлі модельдер жасаудағы, ән-күй үйренудегі сендердің ұшқыр ақылдарың ғылымға көп пайда келтіреді. Адам қандай ғылым, қандай өнердің болса да қайраткері болуы үшін, оған жастайынан бой ұрып, машықтануы тиіс» [13, 12-б],- дейді академик Қ.Сәтбаев.

«Ұлы Отан соғысының салдарынан жабылып қалған «Пионер» журналының қайтадан шыға бастауы аса қуанышты оқиға. Олай дейтін себебім, расын айту керек, қазақ тілінде балалар әдебиеті жоқтың қасы. Соғыстан бұрын қазақ тілінде балаларға арналып «Октябрь балалары» газеті мен «Пионер» журналы шығатын еді де, балалардың білімін көтеруге, көркем сезімін өркендетуге көп көмек беретін еді. Соғыс кезінде бұл екі баспасөздің тоқталуы, балалардың рухани өсуіне көп кедергі жасады. Енді, сол газет пен журнал қайтадан шығып отыр. Бұл – бір қуаныш болса, екіншіден – соғыс жылдары балалар қызығып оқитын көп ерліктер туғызды; соғыстан кейін халқымыз жаңа қарқынмен, сталиндік жаңа бесжылдықты орындауға кірісті. Осының бәрі, егер жазып бере алсақ, балаларға аса қажетті азық. Журнал, сөз жоқ, алдына мұны программа етіп қояды. Журналдың шығуына қуанумен қатар, мен өзім, осы журналға үзбей жазып тұруды өзімнің борышым деп санаймын [14,12-б],- деген жазушы С.Мұқанов сөзінің жаны бар.

«Пионерде» жұмыс істеген жылдар ерекше бір нұрлы сәулесімен есімде қалды. Мұның екі басты себебі бар. Біріншісі – біздің шағын ғана творчестволық коллектив үлкен мұрат үшін жұмыс істеді. Олай дейтінім елдің, халықтың ертеңгі асқақ еңсесін, болмыс-бітімін өздерінің азаматтық келбетімен танытуға тиіс балғын ұрпаққа қызмет етуден, оның бүгінгі «Пионердің» басты мақсаты қай кезде де осы болып келді» [15, 6-б]. Елуінші жылдардың алғашқы жартысындағы журнал тігінділерін ашып, парақтағанда оның бүгінгі «Пионердің» заңды түрде өткен жолы екенін айқын аңғаруға болады. Редакция ұжымы ең алдымен республика пионерлері мен мектеп оқушылары өміріндегі жаңалықтарды, олардың білім алу мен еңбекке араласудағы, пионерлік істердегі жетістіктерін мүмкіндігінше кеңінен көрсетіп отыруға көңіл бөліп келген. Мектептерден, дружиналар мен отрядтардан келіп жататын хаттар, осы тақырыптағы мақалалар мен очерктер журнал беттерінде жиі көрініп отырған. Балалардың танымдық шеңберін кеңейту, олардың мүмкіндігінше көп нәрседен хабардар болуына жағдай жасау – журналдың ерекше назар аударып отыратын мәселесі болғанына көзіміз жетті.

Ғылым мен техника жаңалықтары, табиғаттың сан алуан сыры, өмірге уақыт енгізіп жатқан жаңалықтар, ұлан байтақ Отанымыздың қайнаған өміріндегі жасампаздық өзгерістер, әлемдегі оқиғалар... қысқасы, бұл журналда барлық тақырыптар сөз болған. Негізінен әдеби басылым болып есептелетін «Пионердің» беттерінде жарық көрген әдеби шығармалар осы мақсатты – балалардың өнегелі тәрбие алуын, олардың азаматтық болмысын қалыптастыруды көздейтін.

Ерекше айтатын бір жай – «Пионер» туған әдебиетіміздің қалыптасуына үлкен көмегі тиген, талантты ақын-жазушыларымыздың көбінің қаламгер ретінде төселуіне әсер еткен басылым болды. «Пионерді» соншалық ыстық көрсететін екінші себебі – оның жұмысына атсалысқан азаматтар – редакция қызметкерлері мен авторлардың үлкен тобы. 1952-1955 жылдар аралығында редактор болған С.Қирабаевпен бірге белгілі аудармашы Мұқамбет Нұртазин (жауапты хатшы), талантты жазушы Мұқан Иманжанов пен ақын Мұзафар Әлімбаев (бөлім меңгерушілері), суретші Николай Лебедев және техникалық редактор Израиль Наумович Соскинд жұмыс істеген. Осы шағын ғана ұжым журнал жұмысына үлкен еңбек сіңіргенін көреміз.

Әсіресе, көкірегі сәулелі, жаны ізгі азамат Мұқан Иманжановтың орны журнал тарихында да, төл әдебиетіміз тарихында да ерекше еді. Мұқан Иманжановтың басшылығы, Мұзафар Әлімбаевтың көмегімен редакцияға шетінен талантты бір топ жастар топтастырылды. Бүгінгі белгілі ақын-жазушыларымыз Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Еркеш Ибраһим, Сәкен Жүнісов, Әбіш Кекілбаев сияқты сол кезгі талапты жастардың көптеген өлең, әңгіме, повестері «Пионердің» бетінде жиі жарық көріп отырды. Өмірден ерте кеткен талантты ақын Қосжан Мүсірепов те шығармашылық жолын «Пионерден» бастаған-ды. Аға ұрпақ өкілдері С.Бегалин, С.Омаров, Х.Ерғалиев, С.Бақбергеновтердің шығармалары журналда жиі жарияланып тұрғанына көзіміз жетті. «Пионерге» өз шығармаларымен, мақалаларымен қатысып отырмаған ақын-жазушы кем де кем десе де болғандай. Сол авторлардың үлкен тобы қазақ балаларының журналына әрқайсы өз үлесін қосты. Бүгіндері ойласақ, соның бәрі бір үлкен, мұратты іске саналы азаматтардың қуана қосқан үлесі екен.

Жас ұрпақтың сүйікті журналы «Пионер» де Ұлы Отан соғысы жылдарының қиыншылық кезеңдерінде уақытша жұмысын тоқтатты. Мерзімдік баспасөз ұйымдарының ішінде «Социалистік Қазақстан» мен облыстық газеттер ғана шағын көлеммен шығып тұрды. Журналистер мен жазушылар бейбіт күндері қаламдарын серік етсе, енді қолдарына қару ұстап, неміс бақыншыларына қарсы бетпе-бет шайқасқа кірді.

«Пионер» журналы 1945 жылдың екінші жартысында, шілде айынан бастап қайта ашылды. Бұл қазақ балалары үшін, мектеп оқушылары мен пионерлер үшін зор қуаныш еді. Бұл кезеңдегі оның редакторы - Төкен Әбдірахманов болды.

Журналдың игі мақсаттарының бірі соғыс алдында жаңа қалыптасып қалған балаң да жас қанат балалар әдебиетін есейту, өркендету болды. Соғыс жылдарында мектепте оқып, одан кейін жоғары оқу орындарында білім алған білімді жастар легі балалар тақырыбына шығармалар жазып, «Пионер» журналының төңірегінде өздерінің шығармашылық қанаттарын қатайтты. 1946 жылдың аяқ шенінде журнал редакциясына жазушы Мұқан Иманжанов келгеннен кейін балалар тақырыбына жазушылар легі барған сайын көбейе берді. Мұқан Иманжанов әдебиетке, өзі ұзақ жылдар қызмет еткен «Пионер» журналына қатты жаны ашитын. Ол зейнеткерлікке біржола шыққан кезде: «Кадр алу редактордың ісі ғой. Сенің ішкі жұмысыңа қол сұққандық емес. Менің бұл жеке пікірім. Көкшетауда Сәкен Жүнісов деген бір жас қаламгер бар. Бірді-екілі әңгімесін жарияладық. Түбі осыдан жақсы жазушы шығады»,- деді. Біз көп ұзамай Көкшетаудың Қызылту ауданында мұғалім болып жүрген Сәкенді қызметке шақыртып алдық. Мұзафар Әлімбаев «Қазақ әдебиеті» газетіне ауысқандықтан, орнына Тұманбай Молдағалиевті қызметке алдық. Кейін Сәкен Жүнісов Москваға оқуға кеткенде Қызылордадан Нәсіретдин Сералиевті шақыртып алдық. Нәсіретдин ол кезде бойдақ еді, үйсіз-күйсіз бабы келмегендіктен, ол Қызылордаға қайтып кетті. Орнына Зейнолла Серікқалиев келді. Тұманбай «Жазушы» баспасына ауысқандықтан, ол орынға Жәнібек Кәрбозин келді. Ал Мұхамбет Нұртазин журналдың жауапты секретары, Николай Иванович Лебедев көркемдеуші редактор болып, журналдың соңғы кезеңдеріне дейін қызмет етті» [16, 21-б]. Бұлардың бәрі де іскер журналистер, әдебиетті шын сүйетін қаламгерлер болған. Олардың ұйымдастырушылығы арқасында журналдың төңірегіне балалар тақырыбына жазатын ақын-жазушылардың үлкен бір тобы шоғырланды. Бір кезде іргесін Қалмақан Әбдіқадыров, Өтебай Тұрманжанов, Сапарғали Бегалин, Сейітжан Омаров, Зияш Қалауова, Баубек Бұлқышев, Мұқан Иманжанов, Секен Дайырбеков қалаған балалар әдебиеті күмбезінің шаңырағын Б.Соқпақбаев, Н.Ғабдуллин, С.Сарғасқаев, Қ.Ыдырысов, Ә.Дүйсенбиев, Н.Сералиев, Е.Мырзахметов, Ш.Смаханұлы, С.Баязитов, Ж.Кәрбозин, тағы басқалары жоғары көтерді. Балалар әдебиеті, оның ішінде балалар баспасөзі үлкен, өскелең, қазақ әдебиетінің жауқазын бір бұтағы болды. Журнал редакциясы қызметкерлері мен авторлары елімізде, республикамызда болып жатқан маңызды оқиғалардың бәріне де ат салысты. Тың көтеруге байланысты шағын әңгімелер де, өлеңдер де журнал бетінде жарияланып отырды.

1960 жылдан бастап республика жастарын техникаға баулу мақсатымен, «Пионер» журналының орнына «Білім және еңбек» журналы ашылды. «Пионер» журналы он сегіз жылдан кейін қайта ашылды. Ол өзінің алғашқы санынан бастап, балалар әдебиетінің тізгінін берік ұстап келеді. Журналдың бұрынғы жақсы дәстүрлері мен авторларын, оқырман қауымын оның 70 жылдан асқан шығармашылық еңбектеріне үлкен құрметпен қарау әрбір қазақ азаматының парызы деп білеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Байтұрсынов А. Шығармалары. – Алматы. Жазушы, 1989. - 320-б.

2. Даль В. Толковый словарь. Т.Ш. – Москва.: Государственное издательство иностранных и национальных словарей., 1956. – С.535.

3. Амандосов Т.С.Совет журналистикасының теориясы мен практикасы. – Алматы. Мектеп, 1978. -273-б.

4. Қожакеев. Т.Жас тілшілер серігі. – Алматы. Рауан, 1981. -224-б.

5. Ыдырысов Т. Шеберлік бастауы. – Алматы. – Мектеп, 1984. -191-б.

6. Көпішев Ә. Жас ұрпақ өмірінің жаршысы. // Жетісу. 1995. 5 наурыз.

7. Әуезов М. Менің талабымды оятқанның бірі «Пионер» журналы. // Пионер. 1946. №2. 11-бет.

8. Нұртазин М. Ізгіліктің ізіндей. // Пионер. 1956. №1. 8-бет.

9. Дайырбеков С. Арман. – Алматы. Мектеп. 1950.

10. Ахметова Н. Рухани қазына. // Пионер. 1946. №3. 5-бет.

11. Әуезов М. «Пионер» журналына. // Пионер. 1946. №1. 5-бет.

12. Б.Майлин Жолаушы Мырқымбай // Пионер. 1925. №2-3.

13. Сәтбаев Қ. «Пионер» журналына. // Пионер. 1946. №1. 5-бет.

14. Мұқанов С. «Пионер» журналына. // Пионер. 1946. №1. 5-бет.



15. Қирабаев С. Үлкен мұрат ұстанған. // Пионер. 1950. №6. 8-бет.

16. Ыдырысов Р. Жас ұрпақтың сүйікті журналы. // Білім және еңбек. 1985. №1.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет