Қазақ халқы шаруашылық жағдайы түнде көп жүруді қажет етті. Түннің қаншасы өткенін, таңның қашан атуын білу үшін, жер тараптарын айыру үшін малшылар жұлдыздар жүйесін бақылаған
Қазақ халқы шаруашылық жағдайы түнде көп жүруді қажет етті. Түннің қаншасы өткенін, таңның қашан атуын білу үшін, жер тараптарын айыру үшін малшылар жұлдыздар жүйесін бақылаған. Әлем бейнесінің шеңберінде аспан денелері атауларының берер ұлттық дүниетанымдық ақпараты мол. Мысалы, Жетіқарақшы туралы этимология қалай қалыптасқан екен? Жетіқарақшы. Қазақ атаулы түгел білетін шоқ жұлдыздың бірі – Жетіқарақшы (Большая Медведица). Жетіқарақшы Темірқазықты (дәлірек айтқанда дүние полюсін) тәулігіне бір рет айналып өтеді. Оның іңірдегі, түн ортасындағы, таң алдындағы орны жыл мезгілдеріне қарай әрқилы өзгеріп отырады. Мал шаруашылығымен шұғылданған ата-бабаларымыз Жетіқарақшының қозғалысын бақылай отырып, оны түн мезгілдерін анықтайтын аспан сағаты есебінде пайдалаған. «Жетіқарақшы бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін ұрлаған баукеспе ұры болыпты. Халық болып соңына түскен соң қылмысы басынан асқан жеті ұры жеткізбей аспанға қашып шығып кеткен. Бастаған – алдыңғы төртеуі, ана артындағы үшеуі ерер-ермес болып жүрген олардың құйыршығы. Екі бүйірдегі жарық жұлдыз – екі батыр. Сонау қатар тұрған екі жұлдыз Ақбозат пен Көкбозат батырлардың аттары. Олар Темірқазыққа арқандаулы. Шұбатылған арқаны да көрініп тұрады. Аттар Темірқазықты айнала оттайды. Оларды аңдыған жеті ұры да түнімен төңіректеп, айналып жүреді.