-
Фамилия Мейрам
-
Имя Аякөз
-
Отчество Жүсіпқызы
-
Класс 7 «А»
-
Школа №11
-
Населеннннный пункт г.Жезказган
-
Научный руководитель Танабаева Сапаркул Рахимовна
-
Секция Прикладная математика
-
Тема доклада «Қазақ халқының байырғы өлшем бірліктері»
-
Язык Казахский
-
Требуется ли техническое оборудование (указать какое) слайды
Қазақ халқының байырғы өлшем бірліктері
Мейрам А.Ж.
7, №11мектеп, Жезқазған қаласы
жетекші:Танабаева С.Р.
Еліміздің әрбір парасатты азаматы, ең алдымен, өз халқының тілін, дінін, өткенін білуі қажет, себебі өзін, өз халқының жақсысын түсіне білген адам ғана өзгені де сыйлай алады. Туған тілінің асыл қазынасының тұнығынан тұшынып іше білген, оның інжу- маржанын мөлдіретіп тізіп ала білген ұрпақ қана халқын сүйеді, елінің ертеңін ойлайды.Байтақ далада сан ғасыр көші - қонды күндер кешкен қазақ халқы жан сезімін өлең – жырымен ағытқан, ақыл мен ойдың кені даналық сөз өнерінде деп қадірлеген, қылпылдап тұрған қылышқа қыңбаса да, жүйелі сөзге жүгінген. Сөз асылы жыраудан – жыршыға, атадан – балаға ұласып, тот баспай, ғасырлар аттап, біздің дәуірімізге жеткен.
Қазақтың барлық сөзінің шегі, өлшемі болған. Адамдар әрбір өлшемнің атқаратын міндеті бар екенін білген, сөйтіп оны ішкі рухани салмақтың сыртқы көрінісі деп қараған. Заттың сыртқы өлшемі, оның биіктігі мен тереңдігі, қаттылығы мен жұмсақтығы – бәрі түйсікке әсерін тигізетін құбылыстар.
Мәселен, өлшем бірліктерін білдіретін қазақтың көне сөздері өте көп кездеседі. Адамзат дүниесі дән өлшейтін мысқалдан бастап, астық өлшейтін шойын таразыларға толы. «Тарих дегеніміз адамзаттың кең арналы тәжірибесі, адам баласының ғасыр айдынында жүздесуі» дейді Марк Блок. Расында да мұқалуды білмейтін сөзді немен салыстыруға болар еді ? Мысалы «жұп» сөзін алайықшы, «тең» дегенді білдірмей ме ? Адамзат ана мен әке болып тең бөлінеді. Тау болса, ойпат неге болмасқа ? Яғни, әлем қарама – қарсылықтан жаратылған.
Қазақтың байырғы өлшем сөздерінің өзін нақтылы, жобалы өлшемдер, жер арақашықтығын білдіретін, салмақты, ұзындықты, көлемді, уақытты, жас мөлшерін білдіретін, қатты және сұйық заттардың өлшем бірліктері бола алатын түрлерге іріктеуге, саралауға әбден болады. Біздің халқымыздың ауыз әдебиетінде татымдай, шынтақтай, қолдаяқтай, шейін, дейін, қарай, таман, салым, тарта, жуық, таяу, торсықтай, есе, рет, қиян – қырлы, қара – құрым, үш тұмша, найза бойы, баданадай, қарыс, қадақ, тұтам, тамам, уыс, күректей, қасықтай, астаудай, шымшым, шаршы, кез, елі, қырық құрау, қарыс, аршын, адым, таспа, сүйем, батпан, тамшы, титтей, шайнам, табан, шайқам, әммә, тарыдай, уыс, бір ауық, кесек, тақыр, мысқал, азды - көпті, айшылық, күншілік, жылшылық, ұдай, құлаш, ықылым, кешелі – бүгінді, шым – шымдап, тосат, пұт, қылаң, мүшел, барабар, қат, т. б. сөздер өлшем бірліктері ретінде қолданылып келген.
Қазақ халқының мақал – мәтелдерінде жоғарыдағы өлшем сөздер жиі кездеседі. Мәселен : «Екі елі ауызға, төрт елі қақпақ», «Ауру батпандап кіреді, мысқалдап шығады», «Көңіл азып, тон тозса, берген көйлек кез болар», «Біреудің мінінің бір елі артықтығы ба», «Өмір көрген түлкінің үш – үштен іні «болады» (орыс мақалы).
Енді кейбір өлшем сөздердің мағынасына тоқталайық. Мәселен «батпан» сөзін алайық. «Батпан»-орыс патшаларының Ресейдің бұратаналар мекендейтін бөлігінде пайдалануға рұқсат берген көне азиялық салмақ өлшемі» деп жазады И. Е. Андреевскийдің басшылығымен шықан «Энциклопедиялық сөздіктегі» «Батпан» мақаласында.
Батпан туралы орыс әдебиетіндегі алғашқы дерек А. Никитиннің «Үш теңіздің ар жағына саяхат» атты кітабынан бастап кездеседі, Қазақтарда батпан өлшемі өте ерте заманнан бастап – ақ белгілі болған. Ол салмақ өлшемінің ең ауыр түрінде қолданылған.
Халық ауыз әдебиетіндегі «Батырлар жырында» алып батырлардың күрзісі үнемі батпан өлшемімен көрсетіледі. Егер Бұхарада бір батпан 7 пұт 32 фунтқа тең болса, Талас өңірінде 12 пұтқа тең болған. Батпанға ұқсас қазақта «дыр» деген сөз бар. Дыр – үлкен, ірі, зор. Батпан да, дыр да - өлшем. Өлшем - өлшеу бірлігі мөлшер, шама. Заттың көлемін, салмағын, қысымын, ыстық – суықтығын, т. б. сапаларын белгілі өлшем арқылы анықтайды. «Батпан», «дыр» - көлемдік өлшемдер.
Көлем – белгілі бір заттың аумағы, мөлшері, бір нәрсенің шегі, аясы. Көлемдік өлшемдер деген – көлемге лайықты, аумақтық, мөлшерлік өлшемдер. Өте аз көлемдік өлшемді білдіретін өлшем сөздердің бірі «шынашақ», «шынашақтай». «Шынашақ» - саусақтың кішкентайы. Оның бұлай аталуы бітіміне байланысты туған.
Түркі халықтарының бірі – құмық тілінде «шинчеки» сөзі қазақ тіліндегі «болмашы, өте кішкентай» мағынасында қолданылады. Осы « шинчеки » сөзі енді «шынашақ» тұлғасында өз тілімізде аталып жүр.
Ал«Әшмүшке»,«түйірдей»,«тырнақтай»«кенедей»,«тұрымтайдай», «тарыдай»,«титімдей»,«титтей»,«уыстай»,«тоқымдай»,«мытым»,«шымшым», «ұлтарақтай»,«тілдей», «тістем», «пәмдә», «мысқал», т. б. сөздері кішкене деген өлшемді білдіреді. Дәлірек айтар болсақ, мысқал – жиырма бес грамға тең салмақ өлшемі, 1 қадақта 96 мысқал бар.
Ал «қадақ» - екі жүз грамға тең салмақ өлшемі. «Қадақтай» - кішкентай, аз.
Ауыз әдебиетіндегі «Ер Тарғын» жырында :
Келген қалмақ көп еді,
Көп те болса қалмақтан,
Алты күн айғай салғанда,
Азғантай қалды қадақтай – деп жырлайды.
« Үш ғасыр жырлайды » еңбегінде :
Мысқалы мың теңгелік асыл заттар,
Барады арзан болып жылдан – жылға,
Жақсыны жау да болса, дұшпан тұтпа,
Жаманның басында тұр заман ақыр, -
делінсе, «Гауһарды мысқалдап өлшейді» - дейді қазақ мақалында. Мысқалдау – аз, аздау, там – тұмдау, мысқалдай – болар, болмас, кішкентай, азғантай. Әш - мүшке – қадақтың сегізден бір бөлігі.
Шығыс аңыздарының желісіне құрылған дастандар қазақ халқының бай мәдени мұрасының едәуір бөлігін құрайды. Олар дала халқы өмірінде дәстүрлі фольклормен қатар орын алады.
Мысалы, Атымтай жомарт, Қасым жомарт дастандарында жомарттық пен қонақжайлылық жырлана отырып, қазақтың байырғы өлшеуіш мазмұнындағы сөздері өте көп қолданылады.
Ажалына мен себеп болдым – ау деп,
Көзімнен қан аралас ақты тамшы,
немесе
Алуаны асап жеді табақтан,
Ашыққанда түйе өткендей
тамақтан.
Екеуі де, әсіресе патша алды,
Артығырақ он екі,
он үш қадақтан.
(« Қасым жомарт » дастанынан.)
Мұндай өлшем сөздер « Құлқаныс – Зеберше », «Қарқабат » дастандарында да жиі кездеседі.
Бір ауыз жүрегіме от тастадың ,
Қалмады сабыр-тағат
шыдайтұғын.
Құлқаныс, арызым бар,тоқтағын тез,
Кәмілге бір-екі ауыз сөйлеңіз сөз . « Қарқабат » дастанынан :
Ауыздары он қарыс,
Қайтпайтын жаудан ер еді,
немесе
Бес мысқал мойнындағы
жарқыраған,
Гауһардың менің таққан
белгім еді.
Қазақ халқының ауыз әдебиетінде ұзындық өлшеміндегі өлшем сөздер кез, аршын, сүйем, құлаш, тұтам, шынтақ, қарыс, елі, табан, т. б. түрінде кездеседі.
Кез – көне өлшем бірлік сөзі. Шамамен 70 – 80 см - ге тең ( дәлірек айтқанда 71, 12 см-ге) ұзындық өлшемі. Мысалы, « әлгі құлын алты айдың ішінде алты кез ат болып шығыпты » (қазақ ертегілерінен ).
Батырлар жырында :
Саурылған екі кез,
Шүйел белің құрған тез.
Сия берер айтсам сөз..
Ал « Алпамыс» жырында :
Аузын ашты келді де,
Жұдырықпен бір ұрып,
Қырық кез болат сандықты.
Кез басқа мағынада да кездеседі. Кез – метр. Кез – ұзындығы бір метрге тең ағаштан жасалған өлшемдік құрал. Кез – садақ оғының ойыс (ашаланып) келген түбі, серіппеге ілінер жері. Кез – түйенің екі өркешінің аралығындағы ойыс жер. Кезде – матаны кезбен өлшеу, кезге салу, метрлеу.
Құлаш- иық деңгейінде көтерілген қолдың екі саусағының арасына тең өлшем.
1 құлаш = 8 қарыс = 2,5 шариат кезі = 167,5 см.
2 таяқ тастам жер = 1 құлаш
Елі –сұқ саусақтың екінші буынының еніне тең өлшем:
1 елі ≈ 2 см
Қарыс – бас бармақ пен шынашақтың керіп ұстаған арасы.
1 қарыс ≈ 23 см
Шынтақ - ежелден бері қолданылып келе жатқан шамамен екі қарысқа тең өлшеуіш.
Аршын – метрге тең өлшем, кез. Аршын – заттың көлемін аршынмен өлшеу, мөлшерлеу. Мысалы:
Мұндай құс кез болып қалса
керегінде,
Ет берер кісінің ебі болса.
Таңырқап талай адам тұратұғын,
Жарты аршын құйрығының
ағы болса.
( Үш ғасыр жырлайды.)
Тағы да :
Ұзыны елу аршын,он кез еді,
Демімен тартады ішкі көрсе нені.
Балаңды бұл ретте қосып бер деп,
Қалайда қинап отыр өте мені.
(Т. Ізтілеуов. «Рүстем-Дастан»,1961 ж.)
. Алты жүз аршын болсын биіктігі,
Ай тұрсын алтын арай, сүйіп мұны.
(« Әбілхарис » ертегісінен. )
Аршын – ерте кездерде қолданылған ұзындық өлшемі. Ол қазір қолданылып жүрген «метр» өлшеміне жуық . Аршын сөзінің төркіні парсы тілі. Олардағы «әрш» сөзі бізде «шынтақ» деген мағына береді. Кейде шынтақ пен саусақ ұшына дейінгі аралықты да «арш» деп атайды. Міне, осылардың түбірлерінің біріне « ын » жұрнағы қосылып, ұзындық өлшемін білдіретін «аршын» атауы пайда болған.
Сүйем – қазақтың ұзындық өлшемін білдіретін метрологиялық сөз. Сүйем – бас бармақ пен сұқ саусақты керген кездегі ұзындық. «Сүйем» сөзі монғол тілінде «соом» тұлғасында, ал тунгус – маньчжур тілдерінде «суум» дыбыстық құрамында көрініп, бұларда да қазақ тіліндегі мағынада қолданылады. Бірақ осылардың бәрі сөздің алғашқы тұлғасы мен тұңғыш мағынасы емес. Оған себеп – қырғыз тіліндег «соомей», тунгус – маньчжур тілдеріндегі «суу» сөздері біздің тіліміздегі «сұқ қол» дегеннің орнына жұмсалады. Сондықтан «сүйем» өлшеміне саусақтың қатысы барлығына орай, осы сөздің тууына негіз болған деген ойды түйіндеуге болады. 1 сүйем ≈ 18 см
Мағынасы ескіріп, көнерген, бірақ кезінде қоғам өміріндегі, тарихындағы кезендерді еске салатын сөздерді историзм деп атайды. Мысалы, лек,тұрық, жүздік, мыңдық, жүзбасы, мыңбасы,үйір – үйір, отар – отар, ұйқы – тұйқы, үшбу, бума – бума, будақ – будақ, қыруар, т.б. Осылардың ішінен лек сөзіне тоқталып өтейік.
Лек – тілімізде көп жағдайда қос сөз түрінде келіп (лек – лек, лек – легімен) «шұбырған топ» мағынасын береді. «Лек» сөзінің тағдыры да «қыруар» сөзімен сәйкес. Көне сөздік бойынша мұның да парсы тілі арқылы қазақтарға енген үнді сөзі екенін білеміз. Ендеше лек сөзі жүз мың деген сандық өлшемді мегзейді.«Лек–легімен» дегеніміз, шындап келгенде, өлшеусіз, есептелмес, «жүз мыңдаған» сияқты нақтылы санды ұғындырады. Бұған керісінше, шамалы, қаралы, некен – саяқ, шақты,едәуір, бірқыдыру, қас пен көздің арасында, анағұрлым, сонша, т.б. – жобалы өлшем сөздер.
Халықтың уақытын анықтау белгілері.
Халық уақытты анықтауда өзіндік бай тәжірбие жинақтап, оны қолданудың сәті мен жолдарын және соған лайықты сөз өрнектерін де таба білді. Жылды, тоқсанды, айды, аптаны, тәулікті бөлудің шаруашылыққа сай реті мен ыңғайын да орайластыра келтіре білді. Ал мерзім, мезгіл өлшемдеріне келгенде халық өлшемі мен атауы да бай. Ұлттық ұғымда мерзім – уақыттың, мезгілдің шамасы мен ұзақтығын білдіреді (Мысалы: бие сауым, күн, ай, тоқан).
Мезгіл сол уақыттың бір сәтін ғана айқындайды. Мысалы: елең-алаң, түс-кеш, түн ортасы т.б. Қыс, көктем, жаз, күз – мезгіл өлшемдеріне жатады Мерзім өлшемдері: бір сәт, қас қағым, ә дегенше (1 сек), сүт пісірім (5-10 мин), бие сауым (1,5 сағат), ет пісірім (2,5-3 сағат), жарты күн, бір түн (тәуліктік) (24 сағат), апта (7 күн), ай (30-31 күн), тоқсан (3 ай), жыл (365 күн) немесе 12 ай, ғасыр (100 жыл). Адам өмірі де: жас (1 жыл), мүшелмен (12 жас) есептеліп, бір мүшел (13 жас), екі мүшел (25 жас), үш мүшел (37 жас), төрт мүшел (49 жас) ... т.с.с. бөлінеді. Мерзім өлшеміне күн, ай аттары да жатады. Уақыт мезгілдерін анықтауда және оның жиіліктерін жіктеп, айыруда халық теңеулері мен өлшемдері әрі қызық, әрі анық, әрі түрге де өте бай. Мысалы: елең-алаң, құланиек, таң сәрі, құлқын сәрі, таң бозара алакеуім, таң біліне, таң ата, күн шыға, күн қызара, күн қыза, күн көтеріле, күн арқан бойы көтеріле, түске жақын, тал түс, шаңқай түс, талма түс, сәске түс, түс ауа, түс қайта, бесін, екінді, кеш, көлеңке басы ұзара, күн бата, ымырт, іңір, апақ-сапақ, жөппелдеме, намаздыгер, ақшам (намазшам), ақшам жамырай, бей уақыт, қас қарая, түн қараңғысы, ай туа, түн ортасы, жұлдыз сөне т.б. Мұнан тек уақыт шамасы ғана емес халқымыздың таным-түсінік, ой, әр істің байыбына терең бойлау, бағдарлау, тіл қабілетінен жоғары тұрғанын дәлелдеп береді. Мезгілді қазақтар күндіз көлеңкеге, түнде жұлдызға қарап та анықтаған.
Мысқалдан батпанға дейін.
Халық өлшемдері – ұлт мәдениеті мен этнографиясының қызықты салаларының бірі болып саналады. «Халық айтса қалып айтпайды» дегендей халық өлшемі анық өлшем десек қателеспейміз. Өйткені оны ата-бабаларымыз бірнеше ғасырлар бойы қолданып және сол арқылы өлшем негіздерін жасаған. Енді халық өлшемдерінің негізгі түрлеріне жеке-жеке тоқталайық. Мұны халықтың өзі белгілегеніндей салмақ өлшемі, көлем өлшемі мен мөлшері, ұзындық өлшемі, қашықтық өлшемі, уақыт және мезгіл өлшемдері деп бөлуге болады.
Салмақ өлшемдерін халық былайшы жіктеген. Мысқал (1гр), қадақ (750 г), келі (1к), пұт (16кг), батпан (100 кг). Бұл өлшемдер мен бірге халық салмағынан жер ойылғандай, түйеге жүк болғандай деген сияқты бейнелеу, теңеу сияқты айшықты сөз өрнектерін қолданып ауыр, жеңіл деген сөздерді де пайдаланады.
Көлем өлшемдері бір заттың немесе малдың саны, көлемі мен мөлшерін, аумағын шамамен белгілейді. Мысалы: бір шымшым, бір шөкім, бір уыс, қос уыс, бір тілім, (нан), бір түйір, бір қолтық, бір шүйке,бір құшақ, бір қап, бір шелек, бір қасық, бір тамшы, бір арқа, бір шана, бір арба, бір табақ, бір шоқ( үкі, тал), бір топ(адам), бір қарын, бір сандық, бір қалта тағы сол сияқты. Мал саны мен көлемін де осылай шамамен ажыратады. Яғни бір отар, бір қора, бір табын, бір үйір, оншақты, жиырма шақты... заттың көлеміне, аумағына кейде бармақтай, шыншақтай, жұдырықтай, құмалақтай, етектей, алақандай деген теңеу сөздер де қолданыла береді.Сұйық заттарға мөлшер сөзі қолданылып,оны мөлшерлеп есептейді. Халық қалыңдық өлшемін де ұмытпаған. Мұны олар көбіне жылқы қазысының жұқа,қалыңына қарай айтқан. Айталық бұлт, пышақ сырты, қылыш сырты (бұлар 3 – 5мм шамасы), шынашақ, елі, бармақ(бұлар 1–2,5см),екі елі...,сере, табан (7–10см) т.с.с. Басқа заттардың қалыңдығы да көбінесе елімен яғни саусақ қырымен өлшенеді. Оны елі дейді.
Ұзындық және қашықтық өлшемі мүлде екі ұғымды, екі түрлі өлшемді білдіреді. Бір заттың (таяқтың, арқанның) ұзындығын анықтайды және ол (1;5см),екі елі, үш елі...,тұтам,сынық сүйем (14–15см),сүйем (17-18см),қарыс,кере қарыс (20-22см), кез (50см), аршын (75см), құлаш (1,80-2м), т.б. Балтасап,кебіс басындай деген өлшемдері де бар. Сол сияқты ұзын, қысқа деп шамамен есептей береді.
Қашықтық өлшемдері жердің қашықтығын (ауылдың ара қашықтығына) қолданылатын өлшем екені белгілі. Бұл өлшем түрлері былайша аталады: адым (қадам)(1м), таяқ тастам(10-15м), әй дейтін жер(100м), дауыс жететін жер(250-300м), шақырым (1км), иек астында, бір төбе астында(4-5км), қозы көш жер(5-6км), көз ұшында(6-7км), тай шаптырым(4-5км), құнан шаптырым(8-10км), ат шаптырым(25-30км), бір күндік жер,айшылық жол...т.б.
Көш жер – ұзындық өлшемі. Ол әр түрлі мағына алады. Мысалы,
-
Қозы көш жер орта есеппен 14,5 км,
-
Күзгі көш жер орта есеппен 25,5 км,
-
Орта көш жер шамамен 90 км.
Бұл межелер ауыл ішінде бұл күндері де жиі айтылады.
Ел ішінде тереңдік, биіктік өлшемдері де бар. Бұған терең, тайыз, биік, аласа деген сөздер қолданылады. Бір айта кетерлік жай жоғарыдағы аталған өлшемдер бірі-бірінің орнына жүрмейді.
Ауа райын бақылау, ыстық, суықты және оның өзіне тән өлшемін белгілеуде де халықтың өзіндік тәжірибелері мен қағидалары аз емес. Қанжылым, жылы, ыстық, суық, салқын, мұздай тағы да осылайша анықтап бір заттың, судың, астың немесе ауа райын белгілейді. Ауа райын жылы, ыстық, қапырық, қайнап тұр, күйіп тұр, аспан айналып жерге түскендей, ми қайнататын ыстық... деп жаз айындағы күн райын айтса, қыста: шуақ, май тоңғысыз, шыбынсыз жаз, суық, салқын, аяз, үскірік, бет қаратпас аяз, тіфу десетүкірік жерге түспейтін аяз деген теңеулер арқылы күннің қаншалықты суық екенін анықтап, соған сәйкесәрекет ете бастайды.
XX ғасырдың басына дейін ел ішінде XYIII ғасырдағы Әз-Тәуке хан басшылығымен жасалған әйгілі «Жеті жарғы» заң негізі құқықтық негізде шығын және құн мөлшерін де белгіледі. Дау – жанжал немесе ұрыс кезінде адам өлімі мен дене жарақатына сай айып, құн өлшемін бекітті. Мысалы: ер адам құны 100 жылқы. Біреудің белін сындырған толық адам құнын төлейді. Бір көзін шығарса адамның жарты құның төлейді. Ұрыс-төбелесте бас бармақ сынса 100, шынашақ сынса 20 қой төлейді. Дене зақымынан бала өлі туса: 5 айлық бала үшін – 5 ат, 5 айдан 9 айға дейінгі бала үшін әр айға бір түйе. Аталған заң негізінде 100 түйе 300 атқа немесе 1000 қойға теңестірілген (Ақиқат, N 6. 1993, 43 бет). Бұл мөлшерлердің әлеуметтік, мемлекеттік маңызы да өте зор болды.
Саудада әр заттың, малдың құнын, белгілеуде де орайлы әдістер мен жолдар таба білген. Ақшалай саудада тиын мен теңгені, алтын, күміс жамбы (қойтұяақ, тайтұяақ) сияқты құнды металдарды қолданған. Ал, айырбас саудада әркімнің келісіміне сәйкес шамамен түйені – құлынды биеге, биені – бұзаулы сиырға, сиырды – тай, құнанға, тайды – 3 – 4 қойға айырбастаған. Сөйтіп мал, бұйым саудасында да әр затқа лайық кесімді өлшемдері болған.
Қазақтарда әр түрлі өлшемдер жиі кездеседі. Олардың көбінің мағынасы әлі зерттелмеген. Кейбір көне өлшемдерді келтірейік.
1 көнек сүт шамамен 6 – 7 литр
1 шелек шамамен 12,3 литр,
1 қап шамамен 4 пұт = 65 – 66 кг.
1 мысқал шамамен 4,46 г,
1 қадақ бидай шамамен 19,47 кг,
1 жамбы күміс шамамен 6 кг,
1 кез шамамен 62 см,
1 пітір бидай шамамен 3 кг,
1 ширек шай шамамен 250 г,
1 әшімөңке шай шамамен 50 г,
1 таймөңке шай шамамен 25 г.
1 қайнатым шай шамамен 6,5 г,
1 шөкім тұз шамамен 12,5 г,
1 қазық бойы шамамен 3 метрдей,
1 көген шамамен 25,5 м,
1 бұршақ шамамен 3 – 4 сүйем,
1 сүйем шамамен 18 см.
Халық өлшемдерінің қырлары өте көп.
Қашықтық өлшемі:
Адым ( қадам ) 1 метр
Таяқ тастам 1015 метр
«Әй » дейтін жер 100 метр
Дауыс жететін жер 250-300 метр
Шақырым 1 километр
Тай шаптырым 4 – 5 километр
Қозы көш жер 5 – 6 километр
Салмақ өлшемі:
Мысқал 1 грамм
Қадақ 400 грамм
Келі 1 килограмм
Пұт 16 килограмм
Батпан 100 килограмм
Ұзындық өлшемі:
Елі 1,5 сантиметр
Тұтам, сынық сүйем 14 – 15 сантиметр
Сүйем 17 – 18 сантиметр
Қарыс 20 – 22 сантиметр
Кез 50 сантиметр
Аршын 75 сантиметр
Құлаш 1,80 метр
Мерзім ( уақыт өлшеуіші ):
Бір сәт 1 секунд
Сүт пісірім 5 – 10 минут
Бие сауым 1,5 сағат
Ет пісірім 2,5 – 3 сағат
Бір түн,бір күн 24 сағат
Апта 7 күн
Ай 30 – 31 күн
Тоқсан 3 ай
Жыл 365 күн
Ғасыр 100 жыл
1 мүшелмен 12 жыл
1 мүшел 13 жас
2 мүшел 25 жас
3 мүшел 37 жас
4 мүшел 49 жас
Қолданылған әдебиеттер:
-
Кенжеахметұлы. С. « Жеті қазына ». Алматы,
« Ана – тілі », 2000, 49 – б, 57– б
2. Нұрмағанбетов. Ә. « Сөз сырына саяхат ». Алматы,
«Жалын» 1990, 62 – б.
3. « Қырық қазына » - қазақ халқының ауызша есептері.
Алматы, « Мектеп », 1987 ж.
4. « Қазақстан мектебі ». 1999 жыл. № 6
5. « Ақиқат ». 1993 жыл. № 6, 43 бет
Достарыңызбен бөлісу: |