Қазақ тілі апталығының сыры мен жетістігі.
Оқу жылы басталғалы мектепте әртүрлі пәннен жарыстар мен тренингтер өтіп келеді. Олардың әрқайсысы еліміздің болашағы, жас ұрпақты тәрбиелеу мен жөн сілтеуге бағытталса, осы айдың сегізінші жұлдызында орын алған бұл апталықтың мән-мағынасы бір бөлек болмақ.
Ақан негізгі мектебінде бастауыш сыныптар арасында қазақ тілі апталығы өткен болатын. Апталыққа бастауыш сынып оқушылары қатысты.
Бірінші күнінде, «Ана тілім қазынам» тақырыбында оқушылар өлең-тақпақтарын айтып, кейін «Үш бидің шешендік сөздерінен» сахналық көрінісін қойып, өз өнерлерін көрсете білді.
Екінші күні «Бастауыш сынып дарабозы» атты интеллектуалды сайыс өтті. Сайыста барлық оқушыларға жиырма сұрақ қойылып, сұраққа жауап берген алты оқушы іріктеліп, келесі сайыстың түрлеріне қатыса алды. Әр сыныптан, екі оқушының өз білімін сынауға мүмкіндігі болды. Сайыс төрт түрлі деңгейде өткен еді. Бірінші айналым – «Бәйге», екінші айналым – «Ұшқыр ой», келесі айналым – «Кім шапшаң?», соңғы айналым – «Сөзжұмбақ сыры» деп аталған болатын. Оқушылар барлық деңгейде берілген тапсырмаларды орындап, өз білімдерін көрсете білді. Оқушылардың қоржындары бос қайтпай, 1-ші орынды 4-ші сынып оқушысы Қабдраш Рахат, 2-ші орынды 2-ші сынып оқушысы Шәріп Ерхан, 3-ші орынды 1-ші сынып оқушысы Рустам жеңіп алды. Оқу ісінің меңгерушісі Балтабаева Жанар Садыбекқызының мәлімдеуі бойынша, оқушылар үшін ең қызықты әрі танымдысы болған дәл осы сайыс.
Үшінші күні «Өлең сөздің патшасы» атты бәйгеден, оқушылар мәнерлеп оқу машығын шыңдай түсті.
Төртінші күні «Менің ана тілім» тақырыбына оқушылар шығарма жазған еді. Бұл қорытындылау күнінде, әр қатысушы өзінің пікірі мен алған әсерімен бөлісе алды.
Апталықтың мақсаты- оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытып, ана тілін сүйетін әрі болашаққа үлесін қоса білетін білімді де ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеу.
Ақан негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Абдульманова.А.А.
Достарыңызбен бөлісу: |