Ә мәтіні
Қазақстанда бай мен кедей арақатынасы 22:1 қатынасындай екен. Яғни халқымыздың ең бай 10 пайызын ең кедей 10 пайызға бөлгенде 21 есе айырмашылық шығады екен. Біз қанша бай мемлекет болсақ та, егер осы айырмашылық үлкен болса, дамыған ел қатарына қосыла алмаймыз. Осы алшақтықтың бірқатар себептері бар.
Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жүйе байлардың байи, кедейлердің кедейлене түсуіне «жағдай жасап» отыр. Еліміздің үлкен қалаларындағы тұрғын үй құны өте қымбат, оған жағдайы төмен отбасы ешқашан қол жеткізе алмайды. Жаңа салып жатқан үйлерді көбіне бақуатты адамдар сатып алады. Кейбіреулері ескі пәтерін сатуға асықпай, оны жалға беру арқылы ақша табуда.
Бізде ақшасы жоқ, бірақ идеясы бар адамның кәсіпкерлік айналысып, үлкен компания ашуына мүмкіндік аз. АҚШ-та белгілі бір идеясы бар адам жақсы инвесторлар тауып, акционерлік қоғам құру арқылы қалтасында ақшасы жоқ болса да, еңбектеніп әлемнің ең бай адамдарының қатарына ене алады. Стив Джобс пен Билл Гейтс осыған үздік мысал. Ал бізде бастаманы қолдайтын инвесторлар жоқтың қасы. Оған қоса, кәсіпкерлерді қолдауға арналған банк несиелерінің пайыздары да өте жоғары. Ал өзің тиын-тебен жинап, бір кәсіп бастайын десең, техника да, офис те, ғимарат та өте қымбат. Сатып алудан бөлек, олардың жалға алу құны да бастаушы кәсіпкерге қолжетімсіз.
Бай мен кедейге бірдей салық салынуы. Дамыған елдердің көбінде прогрессивтік табыс салығы енгізілген және ол бойынша неғұрлым көп табысқа қол жеткізетіндер табысының 40, 50 немесе тіпті 70 пайызына дейін мемлекетке өткізеді. Прогрессивтік табыс салығы біздің елде 2011 жылы енгізілді, алайда оның көлемі дамыған елдердікіне жетпейді. Осы секілді факторлар әсерінен, Қазақстанда бай мен кедей арасындағы айырмашылық өте үлкен деңгейде сақталып келеді. (245 сөз)
А мәтіні
Сәулет өнері мен дизайнда Еуропаға мұсылмандардан енген жаңалықтар
Бүгінгі күні сырты абажурмен қапталмаған шам жоқтың қасы. Абажур жасау өндірісі осыдан 500 жыл бұрын Османлы империясында жолға қойылған. Мұсылмандар жарыққа ұмтылған жәндіктердің ашық отқа күйіп өлмесі үшін мешіттердегі шамдардың үстін керамикалық және шыны ыдыстармен жауып қоятын. Дінімізде тірі жандыны, ол тіпті жәндік болса да отпен өлтіруге тыйым салынған еді. Еуропаға шамды сыртынан қоршап тұратын абажурлар 200 жылдан кейін ғана енді. Алғаш Францияда көшедегі шамдарды жаңбыр мен желден қоршау үшін қолданылды.
Ислам елдерімен тығыз байланысты өнер туындыларының бірі – кілемдер. Кілем тоқу б.д.д. оңтүстік Каспийдің көшпелі тайпалары арасында пайда болған. Ең ескі кілем үлгісі (V ғасырда тоқылған) Алтай өңірінен табылды. Еуропаға кілемдер ХІ ғасырда крестшілер арқылы келді. Олардың қымбат әрі сирек болғаны сонша, еуропалықтар кілемді жерге төсеуге қимай, қабырғаларды сәндеген. Ал, еуропалық кілем тоқу өндірісі Францияда басталды. XVII ғасырда патша IV Генрихтің бұйрығымен түрік кілемдерінің үлгісімен кілем тоқитын зауыт ашылды.
Биік үйлер қазіргі заманның жетістігі болып саналады. Бірақ мұсылман сәулетшілері ерекше технология қолдану арқылы тігінен құрылыс салу ғылымын 1000 жыл бұрын игерген. Йеменнің Хадрамут ауданында қыш тастан салынған әлемдегі ең ескі биік үйлері бар Шибам деген ерекше қала орналасқан. Йеменде биік үйлер IX ғасырларда салына бастайды, дегенмен ғимаратты салу технологиясы сол кезеңнен әлі күнге көп өзгере қоймаған. Биіктігі 30 метрге жететін зәулім ғимараттар күйдірілмеген қыш кірпіштен тұрғызылған. Кірпіш саз балшыққа туралған қамысты араластыру арқылы жасалады, басқа ешбір қосынды жоқ. Бұл ғимараттардың мықтылығы мен беріктігі құрылыс барысындағы кішкене ғана қулығында – қабырғалардың қалыңдығы биіктеген сайын жұқара береді. Мысалы, ең жоғары қабатындағы қабырғалардың қалыңдығы ең төменде орналасқан қабырғалардан бес есе жұқа.
Достарыңызбен бөлісу: |