Қазақ тіліндегі қос қызметті тұлғалардың тілдік табиғаты.
Досжанов Б.Ә Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Қазақстан)
В статье рассматривается вопросы двух функциональных форм которые выполняет как самостоятельные слова так и функции аффикса в составе антропонимов казахского языка.
The article deals with the linguistic nature of some word-forms, which are composed of Kazakh anthroponymy can act as independent words or as affixes.
Тіл білімінің дербес саласы – қазақ антропонимдерінің қалыптасқан өзіндік жүйелі құрылымы бар. Бүгінде олар кең мазмұнды антропонимдік қор құрып, сандық мөлшері жағынан елеулі дәрежеге көтеріліп отыр. Құрылымдық жүйесі дегенде, біз ең бірінші ойымызға кісі аттарының дыбыстық жақтарын, компоненттерінің өзара бірігуі мен тіркесуін және морфологиялық құрылымын еске аламыз. Антропонимжасамдық жүйеге қатысты алғанда осылардың әрқайсысының орны ерекше. Алайда біз мақала көлеміне шақтап, морфологиялық табиғатына, нақтырақ айтқанда, қазақ тіліндегі кейбір антрпонимжасамдық қосымшалардың мағыналық сипатына тоқталмақпыз.
Қазақ тіліндегі антропонимжасамдық қосымшалардың ішіндегі кейбірі тек грамматикалық табиғатымен шектелсе, енді біреулері лингвистикалық сипатына байланысты әрі грамматикалық, әрі лексикалық жағынан қарастыруды талап етеді. Мысалы, Ес-ен, Ес-ім, Ес-кен секілді кісі аттарының құрамындағы -ен, -ім, -кен қосымшалары әуелде еркелету мәнінде пайда болып, кейін тұрақты антропонимжасамдық қосымшаларға айналған тұлғалар. Бұлар тек грамматикалық мағынасымен ғана танылады. Ал тілімізде ертеректен антропоним компоненті ретіндегі қызметімен белгілі болып келген тұлғалардың сол мағынасын сақтай отырып, басқа сөздермен біріккенде, сонымен қатар қосымшаның қызметін атқаратын кездерінің болатыны да байқалады. Мысалы ман, бай, бек, хан, жан т.б. секілді сөздер қазіргі кезде жалқы есімдердің құрамында келгенде бірінші орында тұрса, лексикалық мағынасымен танылады да, екінші орында келгенде білдіретін мағыналары оларды дербес сөздерден гөрі қосымшаларға көбірек ұқсатады. Осы тұрғыдан келгенде бұл қосымшалардың табиғатына тән қос мағынаналылық мәселесі өзіне назар аударуды талап етеді.
Бүгінге дейінгі дамудың нәтижесінде грамматикалық құрамы мен мағынасы жағынан алғанда осы және т.б. компонентердің антропоним ретінде өзіндік ерекшеліктері қалыптасып, тұрақты қызметі де айқындалған. Бұл кісі аттарын тіл білімінің дербес саласы ретінде тануға мүмкіндік береді. Мысалы, ілгерідегі компоненттерді кез-келген сөзге жалғасақ, оны анропоним ретінде танимыз. Мысалы, Түлкібай, Алмабек, Мейізхан, Байжан т.б. біріккен сөздерді тек антропоним ретінде қабылдар едік. Бұлай болатын себебі мұндай тіркестер тек кісі есімдеріне ғана тән – тіркес құрамындағы сөздер мағыналық жағынан бірі-біріне қатысы жоқ, тілдің лексика-семантикалық заңдарына қайшы келетініне қарамастан, бірігіп тұр. Алайда ғасырлар бойғы даму үдерісінің барысында тілдік сана оларды кісі есімі ретінде қабылдаған, сондықтан ол тілде дағдылы құбылыс ретінде танылады.
Тілдік және тілден тыс факторлардың, сондай-ақ үнемі соңғы орында тұрып, антропонимжасамдық қызметте жұмсалудың нәтижесінде кейде сөздің лексикалық мағынасы әлсіреп, шылау немесе қосымшаға айналу үдерісін тудыруы мүмкін. Бұл әрине екінші орында тұрған компоненттердің бәріне ортақ жайт емес, бүгінге дейін кеңінен қолданылып, өзінің бастапқы мағынасынан алшақтаған не өзіне қосымша мағына үстеп, антропоним жасаушылық қызметке ие болғандарға ғана тән сипат.
Ғылыми еңбектерден түркі тілдерінің дамуы барысында мұндай өзгерістердің болғандығын байқаймыз. Тіл тарихын зерттеушілер, қазіргі қосымша ретінде жұмсалып жүрген грамматикалық тұлғалар бір кездерде дербес мағыналы сөз болған, деген пікір айтады. Оған бір мысал ретінде тілімізде І, ІІ жақтағы жіктік жалғауының қалыптасу тарихын атауға болады. М.Томанов «Жіктік жалғауының қалыптасуы, яғни жіктеу есімдігінің жақты білдіретін грамматикалық көрсеткіштерге айналуының басты тәсілі – поспозициялық қолданыс болғандығын көне, жаңа түркі тілдерінің материалдары дәлелдейді» – дей келе, бұған көне түркі тіліндегі («Үчин Күлүг Тіріг бен, Қырғыз оғлы мен») және жаңа түркі тіліндегі («тува тілінде: мен ада мен, сен ада сен т.б.» мен атамын, сен атасың т.б.) кей мысалдармен дәлел келтіреді [1, 20]. Сөйтіп, «Бұл фактілер жіктеу есімдіктерінің поспозициялық қолданыста жалғауларға айналуының есім не есім мәнді сөздер негізінде пайда болғандығын көрсетеді» - деген қорытынды жасайды [1, 144]. Қазіргі түркі тілдерінің кейбірінде жіктік жалғауы мен тұлғасында кездеседі. Демек, дербес түбірлердің қосымшаға айналуының бір тәсілі – поспозициялық қолданыс болып табылады. Қазақ антропонимдерінің құрамындағы дербес мәнді компоненттердің қосымшаға айналу үдерісінің (процесінің) көріністері де поспозициялық қолданыстың нәтижесінде жүзеге асып отыр. Қазіргі түркі тілдерінің ішінде ноғай, татар т.б. секілді тілдерде аталған тұлға әрі жіктеу есімдік, әрі жіктік жалғау қызметін атқарып, осылайша екі түрлі мәнде жұмсалады. Бұл тілдің тарихи дамуы барысындағы дербес мағыналы сөздердің қосымшаларға айналу үдерісінің бір көрсеткіші болып табылады.
Кісі аттары құрамындағы компоненттерге осы тұрғыдан келер болсақ, олардың да бірінші орында тұрғанда түбір сөз, екінші орында тұрғанда антропоним тудырушы қосымша ретінде танылуға бейімділігін көріп отырғандаймыз. Алайда, антрополексемалық компонентердің барлығы бірдей екінші орында келіп, қосымшалық қызмет атқара бермейді. Мысалы, Бал-мұқан, Бек-молда, Дос-босын т.б. антропонимдердің екінші компоненттері өздерінің лексика-семантикалық қызметтерімен ғана шектеледі. Дегенмен, алғашқы қосымшалардың соңғыларынан қандай айырмашылығы бар дегенге келелік.
Қосымшаға айналу үдерісінің басталуы негізінен антропоним құрамындағы компоненттің соңғы орында тұруымен қатар актив яғни жиі қолданылуымен де тікелей байланысты. Егер тілде тұрақты қолданылып, антропонимжасамдық қызметі жалпыхалықтық сипат ала алмаса, олардың бойында ондай өзгерістің болуы екіталай еді. Осыған орай әр компоненттегі қосымшалық мәннің сипаты әртүрлі. Мысалы, қазір жиі қолданылатын -ман (-бан, -пан)-ның бастапқы мағынасы көмескі тартқан, арнайы этимологиялық зертеулердің көмегімен ғана болмаса, жалпы көпшілікке түсініксіз. Ал бұл жөніндегі зерттеулерге сүйенсек, «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінде» «С.Аманжолов -ман аффиксі арабтан әуелде «адам» мағынасында еніп, кейін жұрнаққа айналған болуы керек дейді. Бұған мысал ретінде атарман, шабарман, аламан (аларман) сөздерін келтіреді... Бұған қарап аламан сөзі ал//ала қол -(әскер) және ман (адам) деген екі түбірден құралған күрделі сөз деп топшылауға болады» (А.Махмұтов) - деген тұжырым жасалса [2, 29], кісі аттарын зерттеуші Т. Жанұзақов та Қалқаман есімінің құрамындағы -ман тұлғасын сол мағынада таниды [2, 93]. Демек, -ман бір кезде дербес мағыналы сөз болса, қазір антропоним компоненті ретінде жиі қолданылады. Ілгерідегі болжамдарды бұл компоненттің антропонимжасамдық қызметі де нақтылай түсетін секілді. Мысалы, бірінші орында тұрғанда Ман-ай, Ман-ақ, Ман-тай, Ман-ас (Ман-аш), Ман-кен секілді антропонимдердің жасалуына негіз болады. Бұл жерде ман тұлғасы антропонимдер құрамында бірінші орында тұрып, өлі түбір ретінде де танылып тұр. Ал екінші орында келгенде көбіне антропоним тудырушылық қызметте жұмсалып, мынандай есімдер жасайды: Ай-ман, Ақ-ман, Бол-ман, Гүл-ман, Діл-ман, Ер-ман, Ел-ман, Құл-ман, Құс-пан, Қос-пан, Тұр-ман, Шар-ман, Шор-ман, Із-бан, т.б. Қосымшалардың қос мағыналылығы дегенде біз, әрі түбір, әрі қосымша ретінде қолданылатын осы мәселеге назар аударамыз.
Осы орайда мына жайттың да айтыла кеткені орынды: қазіргі антропонимдер құрамында Құсман (Құспан), Қосман (Қоспан) секілді есімдер бар. Осы есімдердің шығу тегі мен морфологиялық құрылымы жөнінде екі түрлі пікір түюге болады:
Біріншіден, олар араб тілінен енген Ъусман-ның қазақ тілінің заңдарына бейімделе қалыптасқан дыбыстық нұсқалары. Сондықтан бұларды морфологиялық тұрғыдан емес, фонетикалық жағынан ғана қарастырып, қазақ антропонимдерінің қатарына қосуға болар еді. Өйткені ислам дінімен байланысты қазақ тілінің, сондай-ақ антропонимдердің лексикалық қорына көптеген есімдердің қосылғаны тілдің тарихынан белгілі. Олардың көпшілігі дыбыстық жағынан қазір елеулі өзгерістерге түсіп, тіпті бірнеше тұлғаларда қалыптасып кеткен.
Екіншіден, аталған Құсман, Құспан, Қосман, Қоспанның бірінші компоненттерімен сәйкес келетін қазақ тілінде Құс-ан, Құс-жан, Құс-бек, Қос-ан, Қос-жан, Қос-ай, т.б. секілді есімдер бар. Бұл есімдердің бірінші компонентін Ъусманның дыбыстық тұлғасы ретінде тануға да және қазақ тіліндегі құс (қанаты бар жануар), қос (жұп, екеу) сөздерімен байланыстыруға да болады. Яғни, Ъусманның бірінші буыны қазақ тілінің дыбыстық заңдарына сай ғұс-, құс-, қос- болып тұлғалануы мүмкін, өйткені Ғұсман тұлғалы есім қазір қолданылады, сонымен қатар араб тіліндегі ع дыбысы қазақ тіліне қ, ғ болып өзгеріспен енгені белгілі, ал у дыбысының ұ-ға айналуы да қазақ тілі дыбыстық жүйесінің талабы [1.]. Қазақ тілінің антропонимжасамдық заңдары екі болжамды да жоққа шығармайтындықтан, екеуінің ара жігін ажырату өте қиын. Біздің негізгі мақсатымыз бұл есімдердің этимологиясын ашу болмағандықтан, ол мәселеге терең тоқталмаймыз. Алайда, антропонимжасамдық жүйе тұрғысынан келгенде, бұл жерден мынаны байқаймыз: Ъусман дыбыстық жағынан өзгеріп, Қосман мен Құсманға айналғаннан кейін құрамы араб тілінде біртұтас түбір болса да, қазақ тіліне енгеннен кейін Қос-ман, Құс-ман екіге ажырайды. Демек, қазақ тіліндегі мағынасы бөлек болғанмен, есімнің түбірі қос-, құс- болып осы екеуімен тұлғалас сөздерге айналса, -ман түріндегі екінші бөлігі де өзімен тұлғалас қосымшаға айналып отыр. Бұл ерекшелік түбірлер мен қосымшалардың табиғатындағы тоғысу құбылысы болып табылады. Кірме есімдердің кез-келген тіліге енуі, етенеленуі барысында мұндай құбылыстар жиі кездесіп тұрады. Олардың ара жігін ашып, нақты пікір түюде қиындық туып жатса, ол осы тоғысу үдерісінің нәтижесі екенін ескеруге тиіспіз. Ман тұлғасы қазір өзінің бастапқы мағынасынан ажырап қалғандықтан, кірме сөздердің құрамындағы осыған ұқсас формалардың оған келіп сіңіп кетуі аса қиындық тудырмауы мүмкін.
Енді ілгеріде атап өткеніміздей, антропоним құрамында екінші орында тұрып, қосымшаға айналу үдерісіне ұшыраған -жан, -тай, -бай, -бек, -хан тұлғалы компоненттерге оралалық. Қазақ тілінде осы компоненттермен келетін Айжан, Нұртай, Қошқарбай, Жылқыбек, Болатхан т.б. есімдер бар. Қазіргі кезде олардың әрқайсысы өзінің бастапқы мағынасын сақтап, «қошқарға бай», «Мұхтар есімді хан» немесе т.б. секілді мағыналарда қойылады деу қиын. Біздің пікірімізше қазір оларды антропонимжасамдық компоненттерден құралған дайын есімдер (конструкциялар) деп тануымыз керек, өйткені, осылардың әрқайсысының екінші компоненті өздерінің лексикалық мағынасымен қатар, жалғанған сөздердің кісі есімі екенін білдіретін қосымшалық мәнде де жұмсалады, яғни бұл тұлғаларға жиі айтылудың нәтижесінде кісі атын білдіру мәні тұрақты бекіген. Қазір -жан, -тай сөздеріне еркелету мәні жүктелген болса, -бай, -бек, -хан лауазымдары көнетіп, негізінен антропонимдер құрамында ғана сақталып келеді. Жалқы есімдердің өзге топтарынан антропонимдердің ерекшелігін танытуда, бұл элементтердің қызметі зор. Олардың туынды мағынасы өзі жалғанған сөздерге басқаша сипат беріп, антропоним ретінде танылуына мүмкіндік тудырады және сөздік қордағы басқа сөздерден даралап көрсетіп тұратындығына көптеген мысалдар келтіруге болады.
Даму сатысына байыппен қарар болсақ, дербес сөздердің антропонимдік мағынаға ие болғанға дейінгі аралықтағы өзгерістерін байқаймыз. Мысалы, аталғандардың ішінен жан сөзін алайық, әуелде өзге тілден енген дербес сөз ретінде қызмет етсе, кейін өзіне тым жақын санау көзқарасына байланысты күнім, айым т.б. секілді еркелетулермен мәндес негізде жаным мағынасы қалыптасқан. Еркелету мәнді сөздер кейде тәуелдік жалғауынсыз да айтылады: құлын, қарға, ботақан, күн т.б. -жан тұлғасы да осылайша қалыптасқан деген тұжырым жасауға болады. Бүгінде еркелету мәнінде Сәулені – Сәулежан, Болатты – Болатжан, Айгүлді – Айгүлжан (немесе Айжан) деп атау әлі бар. Осы дағды дәстүрлі құбылысқа айнала келіп, антропоним жасаудың жаңа бір үлгісі ретінде тілімізде тұрақтаған.
Қалыптасуына байланысты осы үдерістің (процесс) аталған қосымшалар бойындағы көрінісі де осы тектес, мағыналық жағынан тең дәрежеде дей алмаймыз. -хан мен бекке қарағанда -жан, -бай,-тай тұлғаларында еркелету мәні айқын. -жан қосымшасының еркелету мәнінде қолданылатындығы жөнінде зерттеуші, ғалым Т.Жанұзақов еңбегінде мынадай мысал келтіріледі: “Тайбек тайға мінгенде құламайтын, жығылмайтын, мықты берік отыратын бала болсын деген мақсатпен қойылған есім. Еркелетіп, қысқартып айту түрі – Тайжан” [3, 134]. Сондай-ақ, -бай тұлғасының да осындай мәнде жұмсалатындығына мынандай мысалдар келтіруге болады: Қайратты – Қақабай, Тоқтарды – Тоқабай, Жақанды – Жақабай, Ақанды – Ақабай т.б. деп еркелетеді. Әуелде бұл қосымшалар кісі аттарына еркелету мәнінде тіркеліп айтылса, кейін соның өзі дербес есімдерге айналып отырған. -тай сөзі де өзінің жылқы төлінің атауы ретіндегі лексикалық мағынасымен қатар, қазақ тіліндегі біріккен тұлғалы есімдердің құрамында келіп, еркелету мәнін үстейді. Орын талғамайды – бірінші орында да, соңғы жағында да қолданыла береді. Бірінші орында тұрғанда лексикалық мағынасында Тайжан, Тайбек, Тайман, Тайғара, Тайболат т.б. есімдердің жасалуына тірек болады. Ал екінші орында тұрғанда Ақтай, Жирентай, Бозтай, Құлтай, Қаратай т.б. секілді есімдердің жасалуына негіз болады. Бұл есімдердің бастапқы түрлері Ақболат, Жиренше, Бозжігіт, Құлмұхамет, Қараман т.б. болуы мүмкін. Ал қазіргі есімдердің арасында осы дәстүрлі жүйе бойынша Нұрболатты – Нұртай, Бектасты – Бектай немесе Бекентай, Базарбекті – Базартай т.б. деп еркелету әлі күнге дейін кездеседі.
Еркелетумен қатар бұл есімдер қазір жеке кісі аты ретінде де қолданылады. Демек, -тай қосымшасы еркелету мәнінде жұмсала отырып, антропоним жасау қабілетіне ие болған. Бұған ілгеріде аталғандармен бірге Байтай (Байболат, Байтас, Байбек т.б. болуы мүмкін) Сейтай, (Сейтжан, Сейтқали, Сейтнұр т.б. болуы мүмкін), Естай (Есжан, Есбек, Есімхан т.б. болуы мүмкін), Өстай (Өскенбай, Өскінбай, Өсербай т.б. болуы мүмкін), Жұматай, Шалатай т.б. секілді есімдер куә.
-бек, -хан сөздерінің ертедегі мағынасы жалпы көпшілікке белгілі лауазым атауларымен байланысты, ал антропонимдік жағынан алғанда тектілік, берік, мықты және хан секілді ұлы, лауазымы биік болсын – деген мағынада қолданылады. Бұл компоненттердің мағыналарында еркелету мәні аса байқалмайды. Ал антропонимжасамдық қабілеті жағынан алғанда өзгелермен тең дәрежеде деп санауға болады. Ал шығу тегі жағынан алғанда – бір кездегі лауазым атауларының антропоним ретінде тұрақтаған формасы. Өйткені, ілгеріде атап өткеніміздей, қазір -бек, -хан атақтары жоқ. Лауазым атауы ретіндегі мағынасы мен қызметінің қолданыстан ығысып, көмескіленуі және негізінен кісі аттарының құрамында ғана қолданылуы олардың антропонимжасамдық қабілетінің артуына әкеліп отыр, сөйтіп, -хан, -бек тұлғаларының да антропонимжасамдық қосымша қабілетіне ие болғаны байқалады.
Осы аталған әрі дербес сөз, әрі еркелету мәнді антрпорнимжасамдық қосымшалар дамуы барысында мағыналық жағынан да, қызметі жағынан да өзіндік ерекшеліктерге ие болған. Мысалы, жеке тұрғанда немесе бірінші орында тұрып, өзінен кейін дербес мағыналы сөзбен біріккенде не қосымша жалғағанда, оларды дербес лексикалық мағынасымен танысақ, екінші орында келіп антрпонимжасамдық, сондай-ақ еркелету мәнінде жұмсалуынан қосымшалық қасиетінің айқындала түскенін көреміз.
Әдебиет
-
М.Томанов Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. – Алматы, 1988.
-
Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. – Алматы, 1966.
-
Т.Жанұзақов Есіміңіз кім? Ваше имя? – Алматы, 1989.
-
htt//www.tatar.kz/isem_m_r/a_m_r.htm
Достарыңызбен бөлісу: |