Кіріспе
Соңғы
жылдары
лингвистикалық
зерттеулерде
жаңа
ғылыми
парадигмаларды қарқынды дамуы нәтижесінде коммуниканттардың сөйлеу
әрекеттеріндегі көмекші семиотикалық жүйелерге қызығушылық артып келеді.
Осыған байланысты субъектінің мәтін түзуі мен қабылдауындағы
пунктуацияның қызметіне де айрықша көңіл бөліне бастады. «Пунктуация»
сөзінің өзі түрліше сипатталып, семиотикалық кодтың өзіндік ерекшелігі
толыққанды ашыла қоймады, сол себепті тыныс белгілердің қызметі жан-жақты
сараланып, жіктеле қоймады. Қазақ тілі дамуының жаңа кезеңіндегі демократия,
экспрессивтілік, инновациялық үдерістердің кең қанат жаюы пунктуация
жүйесіне де ықпал етті. Пунктуацияның функционалды аспектісі мәтіндегі
тыныс белгілер қойылысының пунктуациялық нормалармен қаншалықты сәйкес
келетінін, автор (адресант) қолданысы мен оқырман (адресат) қабылдау деңгейін
сипаттауға мүмкіндік береді. Пунктуация семиотикалық код ретінде
коммуникациялық ортаның талаптарына бейімделеді. Ол ақпарат жеткізумен
қатар мәтінді коммуникативті-прагматикалық тұрғыдан да ұйыстырады. Осыған
байланысты пунктуацияны түрлі қырынан қарастыру қажет, атап айтқанда,
сөйлем құрылымында – сөйленімнің құрылымдық негізі ретінде, сөйленім
құрылымында – жазба тілде жүзеге асқан коммуникативті актідегі функционалды
бірлік ретінде, мәтін құрылымында – тұтас семиотикалық жүйе ретінде
сипатталуы тиіс.
Пунктуация – мәтіннің бейвербалды компоненті, яғни пунктуация – жазба
коммуникацияда қолданылатын қосымша семиотикалық (бейвербалды) жүйе.
Пунктуация жүйесі тыныс белгілердің екі түрлі қызметіне – бөліну және
оқшаулану қызметіне негізделген; осылайша тыныс белгілерінің екі тобын –
жалқы (нүкте, үтір, көп нүкте, сызықша, қос нүкте, сұрақ және леп белгілері)
және жұп деп (қос үтір, қос сызықша, жақша, тырнақша) ерекше бөліп атауға
болады. Басылған мәтіннің көлемдік-композициялық жақтан ажыратылуы үшін
қолданылатын таңбалар пунктуация ауқымына кіреді (жұлдызшалар, ұзын
сызық, үзік сызық, дөңгелекше, көрнекі шрифт, абзац).
Пунктуация мәселесі баспасөзде дүркін-дүркін көтеріліп, жазуда тыныс
белгілерін дұрыс қоя білудің маңызы, тыныс белгі ережелері, оларды қолдану
мәселесі жиі айтыла бастады. Бұл пікірлердің барлығы қазақ тілі пунктуациясына
баса назар аударылып, оны жазудың көмекші құралы ретінде тануға түрткі
болғаны сөзсіз. Бұл орайда Жиенбаев С. «Сөйлемнің тыныс белгілері»
(Алматы, 1940), Тыныс белгілері («Халық мұғалімі». 1939. №17-18. 78-94-б.),
Ысқақов А., Хасенов Ә. «Тыныс белгілер» (Алматы, 1951), Хасенов Ә.
«Пунктуацияны оқыту жолдары» (Алматы,1957), «Синтаксис пен
пунктуацияның кейбір мәселелері» (Алматы, 1957), Мұсабекова Ф. «Тыныс
белгілерін оқытудың кейбір мәселелері» (Алматы,1959), «Қазіргі қазақ
тіліндегі жай сөйлем пунктуациясының негіздері» (Алматы, 1959), «Қазіргі
қазақ тілінің пунктуациясы» (Алматы, 1973), Сыздықова Р. «Қазақ
орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш» (Алматы, 1960),
Сыздықова Р., Неталиева Қ. «Қазақ пунктуациясының ережелері» (Алматы,
1961) т.с.с. Бүгінгі таңда пунктуация мәселелері бойынша толық әрі жүйелі
мағлұмат беретін еңбек ретінде Р.Сыздықованың «Емле және тыныс белгілері»
атты зерттеуін атауға болады.
1960 жылы баспа қызметкерлері мен мұғалімдерге арналып қазақ тілі емлесі
мен тыныс белгілері ережелерін бір жерге жинақтап баяндайтын тұңғыш
анықтағыш шыққан болатын. Оның өңделіп, толықтырылған екінші басылымы
1974 жылы жарық көрді. Алғашқы басылымдардың екеуінде де «Анықтағыш»
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы 1957 жылы маусымның 5-інде бекіткен
«Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелерін» басшылыққа алып жазылған
болатын. Екінші басылымы шыққаннан кейінгі жиырма жылдай уақыттың ішінде
қазақ емле ережелерінің жаңа редакциясы (түзетілген түрі) жасалып, бұрынғы
қағидалар біраз өңделген болатын. Соған сәйкес емле ережелерінің жаңа
редакциясы түзіліп, ол да Жоғарғы Кеңес Президиумының 1983 жылғы
тамыздың 25-індегі Жарлығымен бекітілген еді.
Қазақ тілі дамуының жаңа кезеңіндегі демократия, экспрессивтілік,
инновациялық үдерістердің кең қанат жаюы пунктуация жүйесіне де ықпал етті.
Заманауи үрдістерде тыныс белгілер, бір жағынан, қазіргі тыныс белгілер
жүйесін байытса, екінші жағынан, мәтін құрастырушылар мен қабылдаушылар
үшін елеулі қиындықтар тудырып отыр. Сол себепті тыныс белгілердің қойылу
заңдылықтарын әркім өз бетінше шешпеу үшін олардың синтаксистік
құрылымдардағы қолданысын нақтылау қажет. Экспрессивті синтаксистің
дамуына байланысты тыныс белгілердің қызметі кеңейді, жаңа синтаксистік
оралымдар тыныс белгілердің қызметін арттырып отыр. Бұл үдеріс тілдік
жүйенің даму көрсеткіші болумен қатар жазушылардың (жазумен айналысатын)
адамдардың сипатын да айқындай алады. Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі
тыныс белгілердің қолданысындағы өзгерістерді көрсетіп, тыныс белгілердің
қызметінің қаншалықты кеңейіп жатқанынын да көрсете алады. «Жазу
ноталары» саналатын тыныс белгілер жазба мәтінді шашыратпай, жинақтап
жеткізуге мүмкіндік береді. Пунктуациялық норманы орнықтыру үшін алдымен
метатілін жүйелеу қажет, тыныс белгілердің ережелері мен қолданылу
орындарын білумен қатар, оның мәнін ұғынып, қағидаларын, ұстанымдарын
түсіну қажет.