374. Кезекшілер сызыққа:
Қазақтан Республикасының Президенті;
бөлім командирі мен одан жоғары барлық тікелей бастықтар, армия генералдары, генерал-полковниктер, адмиралдар және әскери бөлімді (бөлімшені) инспекциялау (тексеру) жүргізуге басшылық жасау үшін тағайындалған адамдар келгенде сызыққа шақыртылады.
375. Кезекшілер, сондай-ақ лагерьлік жиын бойынша кезекшінің командасы бойынша сызыққа шақыртылады.
Кезекшілерді сызыққа шақырту "Кезекшілер сызыққа" немесе "Бірінші ротаның кезекшісі, сызыққа" командасын беретін сызықтағы тәуліктік кезекшілер арқылы жүргізіледі.
"Ұйқыға" сигналынан (командасынан) кейін "Ұйқыдан тұр" командасына дейін кезекшілерді сызыққа шақыру үшін команда берілмейді.
376. Кезекшілерді сызыққа шақырған кезде, олар далаға қарап, өз орындарына:
1) роталар бойынша кезекшілер (сол қапталдағыдан басқа) – өз роталарының оң қапталдарына кезекті тәуліктік кезекшінің алдында бір адымда; батальон ротасының сол қапталындағы кезекші – сол қапталда;
2) лагерьлік жиын бойынша кезекші – ту тіреуішіне қарама-қарсы оның алдында үш адымда; оның көмекшісі – кезекшінің артқы жағында бір адымда;
3) кезекші сигнал беруші-дағырашы – лагерьлік жиын бойынша кезекшінің көмекшісінің артқы жағында роталар бойынша кезекшілердің сызығында тұрады.
377. 374-тармақта көрсетілген адамдарды лагерьге келгенде қарсы алу үшін лагерьлік жиын бойынша кезекші бөлімнің келетін адамдар күтілетін қапталына шығады; көрсетілген адамдар келісімен ол оларға баяндайды және оларға ілесіп жүреді.
Келген командирді (бастықты) бөлім командирі қарсы алған және оған баяндаған жағдайда лагерьлік жиын бойынша кезекші тек өзін таныстырады.
4. Әскерлерді тасымалдау кезіндегі ішкі қызмет ерекшеліктері
Жалпы ережелер
378. Саны көп әскери бөлімдер, бөлімшелер мен командалар теміржол және су көлігімен тасымалдау үшін әскери эшелондарға құрылады.
Әрбір әскери эшелонға (командаға) нөмір беріледі.
Әуе көлігімен тасымалдау кезінде әрбір әуе кемесі үшін әскери командалар жасақталады.
379. Әскери эшелонның (команданың) жеке құрамы белгіленген мінез-құлық қағидаларын, әскерлерді тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптарын білуге және сақтауға, қырағы болуға, мемлекеттік құпияларды сақтауға және әскери мүлікті ұқыпты ұстауға тиіс.
380. Әрбір әскери эшелонда әскери бөлім командирінің бұйрығымен әскери эшелон бастығы, әскери эшелон бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық (тәрбие және идеологиялық) жұмыстар жөніндегі орынбасары, жауынгерлік қамтамасыз ету жөніндегі көмекшісі, жабдықтау жөніндегі көмекшісі, байланыс бастығы, дәрігер (фельдшер) тағайындалады.
Әскери командада команда бастығы тағайындалады.
Вагондар (адамдарға арналған кеме үй-жайлары) бойынша жетекшілерді оларда бөлімшелерін тасымалдайтын командирлер немесе әскери эшелон бастығы, ал әуе кемелерінің салондары бойынша тәуліктік кезекшілерді әскери команда бастығы тағайындайды.
Әскери эшелон (команда) бастығының әскери атағы мен тегі, әскери эшелонның (команданың) нөмірі барлық жеке құрамға жарияланады.
Өз құзыреті шегінде әскери қатынастар мен көлік органдарының лауазымды адамдарынан басқа кез келгенге әскери эшелон (команда) бастығының іс-қимылына араласуға жол берілмейді.
Үлкен командирлердің (бастықтардың) барлық бұйрықтары (командалары) әскери эшелон бастығы арқылы беріледі.
381. Әскери эшелондағы тәуліктік нарядтың қызметі осы Жарғының талаптарына сәйкес ұйымдастырылады.
Әскери эшелонда ішкі және қарауылдық қызметтерді өткеру үшін:
1) әскери эшелон бойынша кезекші мен оның көмекшісі;
2) роталар (оларға тиісті бөлімшелер) бойынша кезекшілер;
3) вагондар (адамдарға арналған кеме үй-жайлары, әуе кемесінің салоны) бойынша тәуліктік кезекшілер;
4) қарауыл;
5) кезекші бөлімше;
6) кезекші байланысшы;
7) кезекші сигнал беруші тағайындалады;
8) тәуліктік нарядтың басқа да адамдары тағайындалуы мүмкін.
382. Әскери эшелонның (команданың) жеке құрамына:
1) әскери қатынастар мен көлік органдары лауазымды адамдарының жұмысына араласуға;
2) пойызды (кемені, әуе кемесін) аялдауға тиісті уақытынан артық ұстауға;
3) белгіленген команда немесе сигнал берілгенше отырғызуды және түсіруді (әуе кемесіндегі өз орнын тастап кетуге) жүргізуге, вагондарға (кеменің палубасына) секіруге немесе олардан пойыз (кеме) жүріп бара жатқанда секіруге;
4) пойыз қозғалысының қауіпсіздігі мен адамдардың өміріне қауіп төндіретін жағдайларды қоспағанда, пойызды тоқтату тұтқасымен тоқтатуға;
5) вагондарда (кемелерде) жазулар жазуға, плакаттарды, ұрандарды, жалаушаларды жапсыруға және ілуге;
6) хаттар мен жеделхаттарда әскери бөлім атауын көрсетуге және тасымалдау туралы ескертуге, бөгде адамдармен ол туралы әңгімелер жүргізуге; тиеу-түсіру орындарында және вагондарда (кеме үй-жайларында, әуе кемелерінде) хаттар, газеттер, қағаз бен басқаларды қалдыруға;
7) вагондардың төбелерінде, платформаларда, тежеу алаңдарында, машиналардың кабиналары мен шынақтарында, танкілер мұнараларында, ал теміржолдардың электрлендірілген учаскелерінде болуға, одан басқа байланыс желілерінің темір тіректері мен жерге берілетін құрылғыларына жанасуға, байланыс сымдарына екі метрден таяу жақындауға;
8) кеменің қызметтік үй-жайларында, кеме командасының жұмыс орындарында, құтқару қайықтарында болуға; шлюздердің қабырғаларына өрмелеуге;
9) вагон есіктерінің аралығында отыруға немесе тұруға, вагондардың есік жақтауларына (кемелердің леерлік қоршауларына, планширлеріне) сүйенуге;
10) вагондарда (кемелерде) жарық беру мен жылытудың белгіленбеген түрлерін қолдануға;
11) тиегеннен кейін техникаға жанармай құюды (толық құюды) жүргізуге;
12) теміржолдармен (порт, әуежай аумағында) орынсыз жүруге, аумақты бүлдіруге және станция (порттар, әуежайлар) шегінде от жағуға; эшелонға (командаға) тиесілі емес көлік құралын рұқсатсыз алуға;
13) тоқтау және қозғалыс кезінде вагондардан (кемелерден) қандай да бір затты лақтыруға жол берілмейді.
383. Әскери эшелонмен бөгде адамдарды және әскери эшелонға қатысты емес жүктерді тасымалдауға жол берілмейді. Көліктің, жолшыбай әскери командалар лауазымды адамдарының әскери эшелонмен жол жүруіне қатынас жолдарындағы әскери комендант рұқсат береді.
Қауіпті жүктер эшелонның, әскери қатынастар мен көлік органдары лауазымды адамдарының ұдайы бақылауымен көлік түрлеріне қолданылатын нормативтік құжаттар талаптарына қатаң сәйкестікте тасымалданады.
384. Әскери эшелоннан (командадан) қалып қойған әскери қызметші қатынас жолдарындағы әскери комендантқа, ал ол болмаған кезде станция (порт, әуежай) бастығына келуге, қалып қою себебін баяндауға (хабарлауға), әскери эшелонның (команданың) нөмірін айтуға және әскери коменданттың немесе станция (порт, әуежай) бастығының нұсқауы бойынша іс-қимыл жасауға міндетті.
Достарыңызбен бөлісу: |