Қазақстан республикасы үкіметінің конституциялық- ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘртебесі



Дата01.07.2016
өлшемі46 Kb.
#169867
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ- ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІ
Исаев М.

ҚазҰАУ- нің 1 курс магистранты

Ғылыми жетекшісі:

з.ғ.к., Даркенбаев А.И.


Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес атқарушы билік органдарының біртұтас жүйесіне үкімет, орталық атқарушы органдар, сондай-ақ ведомстволар және жергілікті атқарушы органдар жатады. Қазақстан Республикасының Үкіметі – мемлекеттің орталық атқарушы органы. Үкімет жұмысының нәтижесіне қарап елдегі тұрақтылық туралы ой түюге болады. Үкімет – мемлекет жүйесіндегі басты функционалды орган. Сондықтан да мемлекетті дамытудағы басты жауапкершілік соған жүктеледі. Осынау ауқымды міндетті орындаудың деңгейі мен көлемі, қарқыны мен моделі әр мемлекетте әртүрлі болуы мүмкін.

Қазіргі жағдайдағы атқарушы билік – бұл көлбеу және тік бағыттағы құрылымдары бар күрделі мемлекеттік организм. Атқарушы биліктің барлық құрылымдық элементтерінің өздеріне лайықты конституциялық жолмен ресімделген өкілеттіктері, ерекшеліктері болады. Олардың мемлекеттік басқару және мемлекеттік құрылыс нысандарындағы өзгешеліктері алдын ала келісіледі. Сөйтіп, бүгінгі таңда атқарушы билік органдары жалпы және арнайы құзыреттері бар алқалы және жеке, орталық және жергілікті органдардың басын біріктірген көп салалы һәм көп функционалды күрделі жүйені құрайды. Ал, бұл өз кезегінде сөз жоқ, олардың өкілеттіктерін нақты белгілеп, қызметтерінің үйлестірілуін қамтамасыз етіп отыруға мүмкіндік беретін құқықтық базаның болуын талап етеді.

Атқарушы биліктің қызметі Ата заңымыздың 3-бабының төртінші тармағында бекітілген мемлекеттік билікті үш тармаққа бөлу принципінің шегінде жүзеге асырылады. Әрі сол біртұтас атқару жүйесінің шегінде барлық басқару деңгейлері бойынша функциялар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың арасындағы өкілеттіктер жүйелі түрде бөлінуі қажет. Сонымен, қазіргі ең басты мақсат, барлық конституциялық институттарды реформалау жұмыстарын аяғына дейін жеткізу болып табылады [1].

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев айтқандай, бұрынғы КСРО-дан Қазақстанға ешбір әзірлігі жоқ, ұйымдастырылуы нашар мемлекеттік басқару мұраға қалды [2]. Сондықтан тәуелсіз мемлекет мәртебесіне ие болған бірінші күннен бастап-ақ Қазақстан Республикасында мемлекеттік құрылыс, биліктің заң шығарушы және атқарушы органдарын жасақтау, экономикалық және құқықтық реформаларды жүзеге асыру жөніндегі ауқымды жұмыстар қанатын кеңге жая бастады [3]. Осы бағдарламаның аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі бастаған атқарушы органдардың жүйесі түгел өзгеріске ұшырап, жетілдіру бағытындағы жұмыстар күні бүгінге дейін жалғасын табуда.

Атқарушы билік жүйесінде дербес конституциялық институт ретінде Қазақстан Республикасының Үкіметіне орталық орын бөлінеді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 64-бабының бірінші тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі атқарушы органдардың жүйесін басқарады, сондай-ақ олардың қызметіне басшылық жасайды, оны үйлестіреді және оған бағыт-бағдар нұсқайды. Осы мақсатпен Үкіметке экономика, қаржы, әлеуметтік-мәдени, құқық қорғау, әкімшілік-саяси құрылыс салаларындағы қызметтерде кең өкілеттіктер берілген [1].

Еліміздің алдында тұрған басты мақсаттардың бірі – ең маңызды міндеттер мен өкілеттіктерді орындауға жұмылдырылған, жаңа мақсаттарды жүзеге асыруға бейім, қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілікті мойнына ала алатын, ұлттық мүдделерді қорғаушы ықшам әрі кәсіби үкімет құру [4]. Осындай талаптарға сай Қазақстан Республикасының Үкіметін құру және қызметін ұйымдастыру мәселелері, оның өтпелі кезеңдегі міндеттерін қоса алғанда бұрын да қарастырылғанмен Қазақстан ғылымында үкімет өкілеттігінің құқықтық проблемалары мен оларды мемлекеттік биліктің бөліну принциптеріне сәйкес жүзеге асыру жөнінде толыққанды талдаулар жоқ.

Қазақстанның орталық атқарушы органының өкілеттігі жөніндегі теориялық және іс жүзіндегі көзқарастар, мәселен, Қазақстанның және жақын шет елдердің ғылыми әдебиеттерінде әлі сол ғылыми ұғыну дәрежесінде. Осыларды ой елегінен өткізе отырып, біз Үкіметтің міндеттері, оларды жетілдіру тәсілдері және жүзеге асырудағы проблемалар туралы теориялық һәм практикалық тұрғыда зерттеудің аса маңызды, кешіктіруді күттірмейтін шаруа екендігін айтқымыз келеді. Сонымен, жоғарыда сөз болған жағдайлар биліктің бөліну принциптеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің конституциялық-құқықтық міндеті мен өкілеттігіне байланысты мәселелерді өзіміздің диссертациялық зерттеуіміздің тақырыбы етіп алуымызға себепші болды.

Үкіметтің қызметі мен міндеті, өкілеттігі жөнінде бірінші мәрте мемлекеттік биліктің бөліну теориясының негізін қалаушы Ш. Монтескьенің еңбектерінде сөз болды. Ол өзінің әйгілі «Заңдардың рухы туралы», «Парсы хаттары» атты жұмыстарында алғаш рет мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінуі жөнінде мәселе көтерді [5].

Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілеттігі жалпы, мемлекеттің атқарушы билігінің жоғары буыны ретінде белгіленеді. Солардың ішіндегі ең бастыларына ел Үкіметінің іс жүзінде Конституцияның, заңдардың, Президент жарлықтарының, Үкімет бағдарламасының, халықаралық шарттардың, т.б. орындалуына байланысты құқықтары жатады. Бірақ Үкіметтің өкілеттігі тек Конституцияны, заңдарды, жарлықтарды орындаумен шектеліп қалмайды, оның ауқымы одан әлдеқайда үлкен әрі күрделі. Оған кейде тіпті атқарушылық қызметке жатпайтын элементтер де еніп кетеді.

Сол үшін де 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 66-бабында Үкіметтің негізгі міндеттері мен өкілеттіктері көрсетіле отырып «...өзіне Конституциямен, заңдармен және Президент актілерімен жүктелген өзге де қызметтерді орындайды» деп жазылса керек. Сонымен, Үкіметтің басты өкілеттіктерінің Ата заңымыздың 66-бабында анықталғанын көреміз. Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» конституциялық заң күші бар жарлығының 9-бабында толығырақ әрі нақтырақ ашыла түседі [6].

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстанда заңдық нормалар мемлекеттік биліктің үш тармаққа бөліну принципіне бағындырылған, яғни Үкіметтің, Парламенттің және соттың арасында күш тепе-теңдігі мұқият сақталады. Президент мемлекеттік билік тармақтарының бәрінен жоғары тұрады. Мемлекеттік билік жүйесінің мұндай құрылымы бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы үшін өзін-өзі ақтап отыр. Дегенмен де, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жұмысын тиімдірек етіп, жауапкершілігін арттыра түсу үшін оның қызметіне байланысты заңнамаларды әлгі де жетілдіре түсу қажет.

Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттің орталық атқарушы органы болып табылады. Сол себепті елдегі экономикалық, саяси және құқықтық жағдайлар көбіне соған қатысты шешілмек. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметі негізінен адамға, оның мүддесі мен ізгілігіне бағытталуы тиіс. Бұл – қазіргі демократиялық мемлекет дамуының ең басты конституциялық принципі мен бағыты. Әрине, осынау міндеттің жүзеге асырылу деңгейі, қарқыны және моделі әр мемлекетте әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ Үкіметтің жұмысының тиімділігіне қарап сол елдің тұрақтылығы жөнінде болжам айтуға әбден болады. Әрі бұл ереженің демократияға бет бұрған кез келген мемлекетке қатысы бары және анық.

Осы айтылғандар ескеріле отырып, қабылданатын шешімдердің жауапкершілігін толық мойнына алуға қабілетті, өз алдына дербес конституциялық институт ретінде Үкіметтің рөлі мен орны Қазақстан Республикасының Конституциясында жаңа тұрғыда белгіленді. Ата заңымыздың 64-бабының бірінші тармағына сәйкес Үкімет атқарушы органдардың жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық жасайды. Бұдан басқа, Үкімет – жалпы ұзыреті бар орталық атқарушы орган, әрі осы тұрғыда – атқарушы биліктің жалғыз органы [1].

Заң әдебиеттерінде үкімет туралы анықтама беру үшін оның мемлекет механизміндегі мәні, мақсаты, құрамы, міндеттері толық және нақты ашылуы тиіс. Мысалы, рессейлік ғалым С. Кошкиннің жасаған тұжырымы бойынша, үкімет – елде атқарушылық және басқарушылық жетекшілікті, яғни әкімшілік қызметті жүзеге асырушы жалпы құзыреті бар алқалы орган [7].

Қазақстан Республикасының Конституциясы Қазақстан Республикасы Үкіметінің төменде көрсетілген қызметтерін белгілейді:

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғану қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуін ең негізгі бағыттарын жасайды және олардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.

Осы ережеге сәйкес Үкімет қазіргі уақытта мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық өмірінінің барлық салаларында басты-басты бағдарламалар жасады. Бағдарламалардың негізгі бағыттарын Президент бекітеді, өйткені Қазақстан Республикасы Конституциясының 40 бабына сәйкес Президент мемлекеттің ішкі саясатын айқындайтын тұлға болып табылады және Конституцияның 44 бабының 8 тармағына сәйкес ол республиканың мемлекеттік бағдарламасын бекітеді [1].

Бірақ Үкімет бұл бағдарламаларды дайындап қана қоймайдыҚазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сүйене отырып, оның іске асырылуын да қамтамасыз етеді. «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңның 1 тармағында оның жүзеге асырылуы бойынша Үкімет стратегиялық және тактикалық шаралар дайындайды деп атап көрсетілген.

2. Парламентке республикалық бюджетті тапсырады және оның орындалғаны туралы есеп береді. Жыл сайын Қазақстан Респубикасының Үкіметі келесі жылға арналған республикалық бюджет жасайды. Осы басты қаржы құжаты арқылы мемлекеттің негізгі кірісі айқындалады, ол оны түрлі көздерден алады.(салықтан, алымнан, басқа түсімдерден), сондай ақ мемлекеттің халық шаруашылығының түрлі салаларына жұмсаған шығыстары да айқындалады. Алда тұрған қаржы жылына қаржы жобасын дайындаудың және мемлекеттік бюджеттік болжалды көрсеткішьерін ұзақ мерзімге жоспарлауға Қазақстан Респубикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Респубикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының индикативті жоспары негіз болып табылады.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі заң жобаларын Мәжіліске енгізеді және заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамашылығы, яғни заң жобаларын қабылдау үшін Парламентке ұсыну құқығы бар. Ол өзінің құзыреті шегінде заң жобаларын әзірлеп, оларды Мәжілістің қарауына енгізе алады. Үкімет тек заңдар негізінде жұмыс істейтін салаларға өкілеттігі жүретін мемлекеттік биліктің тармағы ретінде, әрине, тиісті заңдардың бірінші кезекте қабылданғанына мүдделі.

4. Мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады. Бұл мәселеге байланысты Республика Конституциясында мынадай нормалар жазылған: «Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді» (Қазақстан Республикасының Конституциясы 6-баптың екінші тармағы), «Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, мыналарға: ... 2) меншік режиміне және өзге де мүліктік құқықтарға қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға хақылы (Қазақстан Республикасының Конституциясы 61-баптың үшінші тармағының 2) тармақшасы), «Қазақстан Республикасының Үкіметі: 4) мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады» (Қазақстан Республикасының Конституциясы 66-баптың төртінші тармағы)[ 1].

5. Қазақстан Республикасының Үкіметі республиканың сыртқы саясатын жүргізу жөнінде шаралар әзірлейді. Осы міндетіне сәйкес, Үкімет келісімдер жүргізу және үкіметаралық келісімдерге қол қою туралы шешімдер қабылдайды; Қазақстан Республикасының шет ел мемлекеттерімен, халықаралық және аймақтық ұйымдармен қарым-қатынасын дамытуды қамтамасыз етеді; сыртқы экономикалық саясатты жүзеге асыру жөнінде іс-шаралар әзірлейді; сыртқы сауданы дамыту жөнінде іс-шаралар қабылдайды; халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық пен әрекеттестік орнатады.

Үкіметтің халықаралық шарттарды жасау мәселесі 1995 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасау және оның бұзылғандығын мәлімдеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлығы негізінде реттеледі [8].

6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қызметінің басқа бір түрі министрліктердің, мемлекеттік комитеттердің, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне басшылық жасау болып табылады.

Үкімет аталған органдардың заңдарды, Президент актілерін және Үкіметтің өзінің актілерін орындауларын бақылайды. Үкімет өз қарамағына жатпайтын министрліктер, мемлекеттік комитеттер және орталық органдар туралы ережелерді, олардың құрылымын, олардың орталық аппаратын және жергілікті органдарды ұстауға республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат мөлшерін бекітеді [9].

7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына бiрнеше органдар кіреді. Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасы Үкіметінің мынадай құрылымы белгіленген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан консультативтік- кеңесші органдар (комиссиялар, кеңестер) құрылуы мүмкін. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 Қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын қүру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нүсқаулықтың» 2-1 тармағына сәйкес, "Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі кейіннен Қазақстан Республикасының Үкіметі мүшелерінің алқа шешімін қабылдауды талап ететін аса маңызды мәселелер бойынша комиссияларды басқарады.

8. Орталық атқарушы органның ведомствосына бiрнеше функциялар жүктелген. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 18 желтоқсандағы № 2688 «Үкімет туралы» Конституциялық заңының 24-бабы бойынша: «Республиканың орталық атқарушы органының комитеті ведомство болып табылады. Ведомствоның аумақтық бөлімшелері болуы мүмкін. Ведомствоны тиісті орталық атқарушы орган басшысының ұсынуымен Республика Үкіметі құрады, қайта ұйымдастырады және таратады.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңның 2 бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Конституциясының негізінде және осы Конституциялық заңның, республиканың заңдарының және өзге де нормативтік құқықтық актілерінің орындалуы жолында іс-әрекет жасайды.

Сонымен, Үкімет экономика, әлеуметтік-мәдени қызмет салаларында, әкімшілік-саяси құрылыс, құқық қорғау іс-әрекеттерінде кең көлемді құзіретке ие бола отырып, орталық атқарушы органдардың (министрліктердің және агенттіктердің) басым көпшілігінің қызметтерін біріктіреді, басқарады және олардың іс-әрекеттеріне бағыт-бағдар береді. Бұдан Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттің және қоғамның дамуында атқаратын ролі өте зор екені белгілі болады.

Сондықтан да еліміздің алдында тұрған міндеттердің ішінде-ықшамдалған және кәсіби, ең негізгі деген қызметтерді орындауға жұмылдырылған және басымдылық мақсаттар мен мүдделерді жүзеге асыра алатын және ұлттық мүдделерді қорғау жолында тұратын Үкімет құру міндеті тұр [5]. Қазіргі кезеңдегі Үкіметтің атқаратын қызметі осы жоғарыда айтылғандар ескеріле отырып, белгіленді. Бұл орайда оны айқындағанда дүние жүзінің көптеген елдерінің тәжірибиелері сәтті пайдаланылды.

Қазақстан Республикасының Үкіметі өнім шығарудың түрлерін және көлемін белгілеу мәселелеріне, еңбек ақы мәселелеріне, өндірісте штат кестесін белгілеуге араласпайды. Бұл іс-әрекеттерде Үкімет саясаттың көптеген салаларына ықпал ететін нарықтың шарттарын ескереді. Әлеуметтік салаға келетін болсақ, бұл сала ел Үкіметтің әрдайым назарында тұрады және көп жағдайларда бұл мәселерді Үкімет құқықтық жолдармен реттейді (зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелері, жеңілдіктер жасау, табысы аз адамдарға қолдау көрсету).



Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республиасының Конститутциясы. Алматы Жеті жарғы, 2007 жыл.

2. Назарбаев Н.А. Казахстан – 2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы: Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. – Алматы, 2002. – 5 б.


  1. Медиева Ж.К. Правовые проблемы совершенствования деятельности местных испольнительных органов Республики Казахстан. – Алматы, 2003.

4. Назарбаев Н. Казахстан – 2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы: Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. – Алматы, 1997

5.Монтескье Ш. Избранные произведения. – М., 1955.



  1. Қазақстан Республикасы. 1995 жылғы 18 желтоқсандағы № 2688 конституциялық Заңы. Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы //

  2. Конституционное (государственное) право зарубежных стран / под ред. Страшуна Б.А. – М.: «Бек», 1995. – Т. 2. – 278 с.

  3. Қазақстан Республикасының Президенті. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасау және оның бұзылғандығын мәлімдеу тәртібі туралы: 1995 жылдың 12 желтоқсанындағы № 2679 заң күші бар Жарлығы //

9. Правительство Республики Казахстан. Регламент утвержденный Постановлением Правительства Республики Казахстан от 22 февраля 1996 г.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет