Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісі
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің жобасына
түсіндірме жазба
Кәсіпкерлік кодекс жобасы (бұдан әрі – КК жобасы) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1547 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2014 жылға арналған жоспарының 39-1-тармағына сәйкес әзірленді.
«Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 27 ақпандағы Жарлығына сәйкес Үкіметке КК жобасында кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу туралы заңнамалық актілердің нормаларын шоғырландыру тапсырылды.
Өз кезегінде, қазіргі уақытта кәсіпкерлік қызмет туралы заңнама түрлі салаға тиесілі нормативтік құқықтық актілердің ауқымды санынан тұрады.
Осыған байланысты кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саласына қатысты нормативтік құқықтық актілердің ауқымды санын жүйелеуге бағытталған КК жобасы әзірленді.
КК жобасын әзірлеудің мақсаты кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылы саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру және дамыту, оның ішінде кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу және қолдау, кәсіпкерлік қатынастарды құқықтық реттеудегі олқылықтарды, қайшылықтарды жою, сондай-ақ Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік еркіндікті қамтамасыз ететін құқықтық, экономикалық және әлеуметтік алғышарттар мен кепілдіктерді айқындау болып табылады.
КК жобасын реттеу нысанасы кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылына, оның ішінде кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу және қолдауға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар болып табылады.
КК жобасында «функционалды заңдар» негізінен, кәсіпкерлік қызметті реттеуші заңдар шоғырландырылған. Кәсіпкерлік қызметтің салалық түрлері бұрынғыша арнайы заңдар арқылы реттелетін болады.
КК жобасы кәсіпкерлік, кәсіпкерлік субъектілері (дара кәсіпкерлер мен коммерциялық заңды тұлғалар), Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ кәсіпкерліктің өзге де бірлескен субъектілері туралы жалпы нормаларды және олардың жұмыс істеу шарттарын қамтиды.
КК жобасында кәсіпкерлік қызмет үшін зор маңызға ие және оның жақсартылуына бағытталған мәселелердің ауқымды тобы реттелген.
1. Негізінде кәсіпкерлік субъектілері және мемлекет өзара іс-қимыл жасайтын бірыңғай қағидаттар бекітілді. Бұл ретте ұсынылған кейбір қағидаттар жаңалық болып табылады. Бұларға кәсіпкерлікті әлеуметтік ынталандыру; кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің шектеулі қатысуы; кәсіпкерлік саласында өздігінен реттелуді дамыту; кәсіпкерлік субъектілері және мемлекеттің өзара жауапкершілігі және т.с.с. жатады.
2. Кәсіпкерлік субъектілері қызметіндегі корпоративтік басқару институты көзделеді.
3. Кәсіпкерлік субъектілері және мемлекеттің өзара іс-қимылы мәселелеріне арналған жеке бөлім бекітілді. Кәсіпкерлік субъектілері және мемлекеттің өзара іс-қимылы мынадай институттардың іске асырылуы: кәсіпкерлік субъектілерінің норма шығармашылыққа қатысуы, мемлекеттік тапсырыс, мемлекеттік-жеке әріптестік, әлеуметтік жауапкершілік, мемлекеттік реттеу, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асырылатын болады.
4. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу нысандары мен құралдары, атап айтқанда, экономикалық бәсекелестік; рұқсаттар мен хабарламалар; техникалық реттеу; бағаларды мемлекеттік реттеу; міндетті сақтандыру; кәсіпкерлікті мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйеленді.
5. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау нысандары мен тәсілдері жүйеленді. КК жобасында дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеудің түрлі тәсілдері сипатталып, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл бойынша жалпы қағидалар бекітілген. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау нысандарының бірі ретінде мемлекеттік органдардың іс-әрекеттері мен актілеріне кәсіпкерлік субъектілерінің шағым жасауы да көзделген.
6. Дара кәсіпкерлікті мемлкеттік қолдау, оның ішінде шағын кәсіпкерлікті, агроөнеркәсіптік кешенді, индустриалды-инновациялық қызметті қолдау шаралары жүйелі түрде бекітілді, тиісті заңдарды үйлестіру негізінде үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары бекітілді.
Жалпы алғанда КК жобасы шеңберінде 11 заң («Жеке кәсіпкерлік туралы», «Шаруа немесе фермер қожалығы туралы», «Тауарлар импорты жағдайында ішкі рынокты қорғау шаралары туралы», «Демпингке қарсы шаралар туралы», «Субсидиялар және өтем шаралары туралы», «Инвестициялар туралы», «Техникалық реттеу туралы», «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы», «Бәсекелестік туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы», «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы»), ішінара – 2 заң («Бәсекелестік туралы», «Концессиялар туралы») шоғырландырылды
КК жобасын қабылдау теріс құқықтық және әлеуметтiк-экономикалық салдарға әкеп соқпайды.
Жобаны iске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржылық шығындарды талап етпейді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Достарыңызбен бөлісу: |