Химия өнеркәсібі
Ескерту. Параграфқа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 01.08.2013 N 607 Жарлығымен.
Ағымдағы жағдайды қысқаша талдау
Әлемдегі химия өнеркәсібі өндірісінің жалпы көлемі шамамен 2 трлн. АҚШ долларын құрайды. Әлемдік өндірістегі қазақстандық өндірістің үлесі - 0,04%, елдің өнеркәсіптік өндірісінің көлемінде - 1,61%, елдің өңдеуші өнеркәсібінің көлемінде - 4,84%-ды құрайды.
2008 жылдың қорытындылары бойынша сала өнімі экспортының көлемі 101 млрд. теңгені немесе шамамен 0,84 млрд. АҚШ долларын, ал импорт - 92 млрд. теңгені немесе 0,76 млрд. АҚШ долларын құрады.
Саланы дамытудың проблемаларына мыналар жатады: шикізатты өңдеу деңгейінің төмендігі; өнімнің халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келмеуі; саланың технологиялық және техникалық артта қалуы; негізгі қорлардың тозуы (80%-дан жоғары); негізгі қорларды жаңарту коэффициентінің төмендігі (жылына 1-1,5%); одан әрі бөлу өнімдерін өндіру үшін бірқатар базалық өндірістердің болмауы; білікті кадрлар тапшылығы.
Қазіргі уақытта бәсекеге қабілетті химия өндірістерін жобалау жөніндегі инжинирингтік қызметтердің (талдамалық зерттеулер, жоба алды, жобалық құжаттама, жабдықтарды, технологияларды жобалау, құрылысты бақылау, қызметті сүйемелдеу) толық кешенін жүзеге асыруға қабілетті инжинирингтік компаниялар жоқ екені рас.
Негізгі міндет
Қосылған құны жоғары жоғары технологиялық, экспортқа бағдарланған және инновациялық өнім шығаруға бағытталған химия өнеркәсібінің бәсекеге қабілетті басым өндірістерін дамыту.
Нысаналы индикаторлар
1) Жалпы қосылған құнды 2008 жылғы деңгейге қарағанда нақты мәнде кемінде 70 %-ға ұлғайту.
2) Химия өнеркәсібі өнімінің экспорт көлемін 2008 жылғы деңгейге қарағанда нақты мәнде 38 %-ға ұлғайту.
3) Химия өнеркәсібі өнімдерін өндіруде еңбек өнімділігін 2008 жылғы деңгейге қарағанда нақты мәнде 2 есеге ұлғайту.
Саланы дамытудың негізгі бағыттары
Мыналар:
1) жылына кемінде: 1 млн. тонна минералды тыңайтқыштар (оның ішінде азотты және фосфорлы), 250 мың тонна калий тыңайтқыштары (оның ішінде хлорсыз), 200 мың тонна кешенді тыңайтқыштар, 30 мың тонна мембраналық әдіс бойынша каустикалық сода, натрий цианиді және агрохимия құралдары өндірістерін ұйымдастыру;
2) күкірт қышқылы өндірісінің көлемін жылына кемінде 500 мың тоннаға, синтетикалық жуғыш заттар өндірісінің көлемін жылына кемінде 20 мың тоннаға ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Осы мақсаттарда мынадай инвестициялық жобаларды іске асыру көзделеді:
1) мембраналық әдіс бойынша жылына 30 мың тонна каустикалық сода және өзге де өнімдер - хлор, натрий гипохлориті өндірісі (Павлодар облысы);
2) жылына 180 мың тоннаға дейін күкірт қышқылының өндірісі (Ақмола облысы);
3) жылына қуаты 650 мың тонна күкірт қышқылы цехын салу (Жамбыл облысы).
2014 жылдан бастап мынадай жобалар бойынша инфрақұрылымдық және құрылыс жұмыстары басталады:
1) жылына кемінде 1 млн. тонна азот-фосфорлы тыңайтқыштар өндірісін ұйымдастыру (Оңтүстік Қазақстан облысы «Үшбас» және «Герес» кен орындары);
2) кен байыту фабрикасын салу (Жамбыл облысы).
Жоғарыда көрсетілген жобаларды іске асыру шағын және орта бизнес кәсіпорындарының жоғары бөліністі өнімдер өндірісін ұйымдастыру үшін мүмкіндік ашады, саланың ғылымды қажет етуін ұлғайтуға, қолда бар ғылыми әзірлемелерді пайдалануға және сыртқы және ішкі нарықтардың қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары
Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету
Жамбыл облысында кешенді минералды тыңайтқыштар өндіру зауытын
салу жобасын энергетикалық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі
пысықталатын болады.
Жамбыл облысында кешенді минералды тыңайтқыштар өндіру зауытын, Оңтүстік Қазақстан облысында азот-фосфор тыңайтқыштарын өндіру зауытын салу жобаларын көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз ету мәселесі пысықталатын болады.
Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету
Химия саласы үшін мамандықтар бойынша кадрларға деген қажеттілік Қазақстанның ЖОО-да және ТжКБ оқу орындарында кадрлар даярлау есебінен қамтамасыз етіледі.
Жұмыс орындарында жеке жетекшілер бекітіле отырып, өндіріс кәсіпорындарында 3 ай мерзім өндірістік тәжірибеден өту жүйесі енгізіледі.
Әкімшілік кедергілерді алып тастау
Қазақстан Республикасының аумағында химиялық өнімдер айналысын реттеу саласында рәсімдерді жеңілдету мақсатында химиялық өнімдерді тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсету ішінара автоматтандырылатын болады.
Химия өнеркәсібі саласындағы техникалық реттеу
КО-ның химия саласы бойынша техникалық регламенттері, сондай-ақ осы техникалық регламенттерге дәлелдеу базасы ретінде қабылданатын стандарттар әзірленетін болады.
013 «Техникалық реттеу және метрология саласындағы қызметтер»
бюджеттік бағдарламасы шеңберінде халықаралық талаптармен үйлестірілген 225 ұлттық және өңірлік стандарт әзірлеу және енгізу көзделген.
Инновацияларды дамыту және технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу
«Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» 2012 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі - Заң) іске асыру мақсатында Заңның 4-тарауының 20-бабында көрсетілген тоғыз бағыт бойынша өтінімдік сипатқа ие инновациялық гранттар беру түрінде мемлекеттік қолдау жүзеге асырылады.
Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне инновациялық гранттар индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру жөніндегі шығындардың бір бөлігін өтеу және (немесе) төлеу арқылы беріледі.
Химия өндірісі саласында қызметі қазақстандық мамандар арасынан кемінде 30 білікті инженер даярлауға, өндірістерді жобалау жөніндегі қазіргі заманғы әдістемелер мен халықаралық стандарттар енгізуге, саланың инжинирингтік қызметтеріндегі жергілікті қамтуды кемінде 40 %-ға дейін ұлғайтуға, сала кәсіпорындарының қызметін ғылыми-инжинирингтік сүйемелдеу жүйесін қалыптастыруға бағытталатын мамандандырылған инжинирингтік компания құрылатын болады.
Тікелей инвестициялар үшін тартымды жағдайлар жасау
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ) «Біріккен химиялық компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - ЖШС) Химия өнеркәсібіндегі бағдарламаны іске асырудың негізгі операторы болады және жер қойнауын пайдалануға арналған иеліктен айыру құқықтарына ие болу, пайдалы қазбалар кен орындарын игеру мен әзірлеуге қатысу, халықаралық қаржы нарығында қажетті қарыз капиталын тартумен және стратегиялық инвесторларды іздестірумен айналысу бөлігінде мемлекеттің мүддесін қамтамасыз етеді. Химиялық өнімдер өндіру бойынша инвестициялық жобаларды, шағын және орта бизнес кәсіпорындарына жеңілдетілген кредит беру ұйымдастырылатын болады.
Отандық өндірушілердің минералды тыңайтқыштарын тұтынуды ынталандыру мақсатында ауыл шаруашылығының өнім өндірушілерін субсидиялау көлемдері ұлғайтылады.
Сауда саясаты
Экспортты қолдау мақсатында экспорттаушы химия кәсіпорындарының өндірілетін өнімді ілгерілетуіне қаржылай және сервистік қолдау көрсету көзделетін болады.
Химиялық өнімдерді экспорттауға лицензия алу рәсімі жеңілдетіледі, әрбір министрлікте келісімдер беру мерзімі азайтылатын болады.
2011-2018 жылдар кезеңіне Еуропалық Одақ (бұдан әрі - ЕО) елдері аумағы бойынша сары фосфор тасымалдау үшін цистерналардың жүрісіне арнайы рұқсаттар алу мәселесі (2011 жылдан бастап ЕО елдерінде оларға тыйым салынуына байланысты) шешілетін болады.
Ресурстық қамтамасыз ету
Химия өнеркәсібі үшін шикізат кен орындары бойынша іздестіру жұмыстары жүргізілетін болады.
Атом өнеркәсібі
Ескерту. Параграф жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 01.08.2013 N 607 Жарлығымен.
Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау
Қазақстанның атом өнеркәсібін негізінен уран өнеркәсібінің кәсіпорындары құрайды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда барланған уран қорының айтарлықтай көлемі бар - әлемде 2-ші орын алады.
2008 жылы Қазақстанда уран өндіру көлемі 8 512 тоннаны құрады. Қазақстанда уран өндіруді «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ) бірлескен және еншілес кәсіпорындары жүзеге асырады.
Қазақстанда неғұрлым жоғары бөліністі уран өнімін шығару үшін оны өндіруге қатысты реакторға дейінгі ядролық отын циклі өндірістерін құру және дамыту үшін Қазақстанда барлық алғышарттар бар, атап айтқанда:
1) табиғи уранның едәуір қоры мен ресурстарының болуы;
2) дамыған уран өндіруші өнеркәсіптің болуы;
3) атом электр станциялары үшін ядролық отын құрауыштарын өндіретін кәсіпорынның болуы;
4) елде уран өнеркәсібінің жоғары білікті мамандарының болуы.
Мақсаты
Қазақстанда жоғары технологиялы және ғылымды көп қажет ететін атом өнеркәсібін дамыту, озық технологиялар трансфертімен қамтамасыз ету.
Негізгі міндеттері
1. Уран өндірудің белгіленген нысаналы индикаторларын орындау.
2. Қазақстанда реакторға дейінгі ядролық отын циклінің өндірісін дамыту үшін жағдайлар жасау.
Нысаналы индикаторлар
1. Табиғи уранның әлемдік нарықтағы көшбасшылық позицияларын сақтау: уранның әлемдік нарығының конъюнктурасын ескере отырып және Қазақстан Республикасының құзыретті органымен келісілген жағдайда, жер қойнауын пайдалану келісімшарттары бойынша міндеттемелер шеңберінде 2014 жылы уран өндіру көлемін 22 - 25 мың тоннаға дейін ұлғайту.
Негізгі даму бағыттары
Атом өнеркәсібін дамыту мақсатында мынадай негізгі іс-шараларды іске асыру болжануда:
1) уранның ресурстық базасын қайта қалпына келтіру мақсатында Шу-Сарысу уран кендері провинциясының шегінде іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізу;
2) барланған уран қорын ұлғайту үшін геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу;
3) жұмыс істеп тұрған кеніштерде өндірістік қуаттылықты кеңейту
бойынша жұмысты жалғастыру;
4) жаңа өндіруші кешендерді пайдалануға қосу;
5) табиғи уран конверсиясы, жұмыс істеп тұрған ресейлік уран байыту кәсіпорнына қатысу арқылы уран изотоптарын бөлу қызметтеріне кепілдікті рұқсат ала отырып ядролық отын және оның құрауыштарын өндіру бойынша кәсіпорындардың әлемдік реакторға дейінгі ядролық отын цикліне әртараптандырылған тік интеграцияланған кешенін құру үшін жағдайлар жасау.
Қазақстан Республикасында атом өнеркәсібін дамытудың негізгі операторы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ болып табылады, ол орналастыру және жаңа кен орындарын іске қосу бойынша ірі жобаларға тікелей қатысу, іздестіру-бағалау және геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу арқылы уранды өндіру саласында отандық әлеуетті арттыруға шоғырландырылады.
Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары
Сервистік инфрақұрылымды қалыптастыру
Жерасты (қышқылды) шаймалау әдісімен жоспарланған уран өндіру
көлеміне қол жеткізу үшін күкірт қышқылы зауыттарын құру, химиялық
реагенттерді өндіру, бұрғылау құбырларының өндірісін құру жолымен уран өндіруді ресурстық қамтамасыз ету көзделген.
Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету
Атом өнеркәсібі үшін мамандарды даярлау, қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру бағдарламаларын іске асыру жалғастырылатын болады.
Мамандарды даярлау Қазақстанның ЖОО-да, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның біліктілікті арттыру жөніндегі арнайы ұйымдарында («Жоғары технологиялар институты» ЖШС, «Қазақстандық ядролық университет» ЖШС), сондай-ақ таяу және алыс шетелдердегі ЖОО-да жүргізілетін болады. Мамандарды қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру шетелдік мамандарды тарту арқылы, сондай-ақ таяу және алыс шетел ЖОО-да ұйымдастырылатын болады.
Әкімшілік кедергілерді алып тастау
Атом энергиясын пайдалану саласындағы қатынастарды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру үшін атом өнеркәсібіндегі қызметті лицензиялау мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жалғастырылатын болады.
1.2 Ішкі сұраныс негізінде салаларды дамыту
Экономиканы «дәстүрлі индустрияларда» қарқынды дамыту, қазақстандық қамтуды дамыту экономиканың жер қойнауын пайдаланушылардың, ұлттық компаниялар мен мемлекеттің сұранысына негізделген секторларын, ең алдымен машина жасауды, құрылыс индустриясын және фармацевтика өнеркәсібін дамыту үшін ынталандыру шарасы болады.
Бұл ретте ішкі сұранысты қамтамасыз етуден отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өндіріс факторлары өнімділігінің өсуі, инновациялық технологиялар енгізу есебінен олардың экспорттық әлеуетін өсіруге кезең-кезеңімен көшу осы салаларды дамыту стратегиясы болады.
Машина жасау
Ескерту. Параграфқа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 01.08.2013 N 607 Жарлығымен.
Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау
Машина жасау кешеніне 13 кіші сала кіреді: темір жол, мұнай-газ, кен-шахта және металлургия, автомобиль жасау, ауыл шаруашылығы, электр жабдығы және т.б. Қазақстанның өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі машина жасау кешені өнімінің үлесі 1990 жылы 15,9 %-дан 2008 жылы 2,9 %-ға төмендеді. 2008 жылы нарық сыйымдылығы 16 663 млн. долларды құрады, оның ішінде негізгі үлесті 15 475 млн. доллар импорт құрайды, бұл тауар импортының жалпы құрылымында 41% құрайды.
Саланы дамытудың негізгі проблемалары: кәсіпорындардың технологиялық артта қалуы; өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі; әлемдік өндірушілермен байланыстың болмауы; конструкторлық құжаттамаға қолжетімділік; инвестиция көлемінің аз болуы; зауытаралық кооперацияның болмауы; жабдықтың тозу деңгейінің жоғары болуы (43-80 %); білікті кадрлардың тапшылығы; машина жасау өнімінің сатудан кейінгі сервисі деңгейінің төмен болуы.
Мұнай-газдағы, кен шахтасындағы және металлургия машиналарын жасаудағы проблемалар: машина жасау кәсіпорындарының жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуының перспективалы жоспарлары, техникалық қайта жарақтану жоспарлары, кен орындары, өңірлер бөлінісінде мұнай-газ машиналарын жасау өнімдерінде қажеттілік, өнім импорты бойынша жоспарлар туралы хабардар болмауы болып табылады.
Ауыл шаруашылығы машинасын жасаудағы проблемалар: импортталатын құрамдас бөліктер мен материалдарды пайдалану; ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің төлем қабілеттілік сұранысының төмендігі; кредиттік ресурстарға қол жеткізудің қиындығы; отандық машина жасау өнімін өндіруді лизингтік компаниялардың қаржыландыру мүмкіндігінің заңнамалық шектелуі болып табылады.
Көлік машинасын жасаудағы проблемалар: ірі габаритті құймалардың болмауы, импортталатын құрамдас бөліктер мен материалдарды пайдалану болып табылады.
Мыналар қорғаныс өнеркәсібіндегі проблемалар болып табылады: ғылыми зерттеулердің мүлдем болмауы; өндірістің толық циклінің жоқтығы (негізінен жинақтауыштары шығарылады); басты тұтынушылар - Қазақстанның Қарулы Күштерімен, басқа да әскерлерімен және әскери құрылымдарымен тиімді өзара қарым-қатынастың жоқтығы; әлеуетті тұтынушылар (негізінен Қазақстанның әскери өнімдері ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттерді ғана қызықтыра алады) санының шектеулі болуы; өндіріс рентабельдігінің төмендігі, мемлекеттің жеткіліксіз қаржыландыруы.
Негізгі міндет
Ішкі нарықтың қажеттіліктерін барынша қанағаттандыру және қосылған құны жоғары түпкі өнім өндіруді ұлғайту есебінен экспортты кеңейту.
Нысаналы индикаторлар
1. Машина жасаудағы жалпы қосылған құнды 2008 жылғы деңгейге қарағанда нақты мәнде 70 %-ға ұлғайту.
2. Машина жасау саласындағы еңбек өнімділігін 2008 жылғы деңгейге қарағанда нақты мәнде 2,3 есеге ұлғайту.
3. Сала ресурстарының жалпы көлемінде 2008 жылғы деңгейге қарағанда 1,5 есеге отандық машина жасау өндірісі үлесінің өсімін қамтамасыз ету.
Саланы дамытудың негізгі бағыттары
Шығарылатын ассортиментті кеңейту жөніндегі икемді өндірістер құру мақсатында жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту және машина жасау өнімінің жаңа түрлерін игеру.
Бөлшектер мен құрамдас бөліктер өндірісін игеру арқылы
жергіліктендіру деңгейін ұлғайта отырып, ірі құрастыру өндірістерін
ұйымдастыру.
Қосылған құны жоғары машина жасау өнімдерін өндіру және сервистік қызмет көрсетуді дамыту (инжиниринг) бойынша қазіргі заманғы жаңа кәсіпорындар құру.
Көлік машинасын жасауда 2015 жылға қарай жергіліктендіру деңгейін 30 %-ға дейін жеткізе отырып, жеңіл автомобильдер мен құрамдас бөліктерді құрастырып өндіру ұйымдастырылады.
Теміржол машинасын жасауда локомотивтер, жүк вагондарын шығару ұлғаяды. Қуаты жылына 200 бірлікке дейінгі мамандандырылған платформа, жылына 600 бірлікке дейін хоппер-вагон өндірісі игеріледі. Теміржол машинасын жасау қажеттіліктері үшін болат құю өндірісі ұйымдастырылады.
Тікұшақ құрастыру өндірісінде жергілікті қамту ұлғаятын болады.
2015 жылға қарай екіжақты бағдарланған пилотсыз ұшу аппараттарын (бұдан әрі - ПҰА) жинақтау және техникалық қызмет көрсету бойынша орталық ұйымдастыру мәселесі пысықталатын болады.
Ауыл шаруашылығы машиналарын жасауда 2015 жылға қарай комбайндар шығару жылына 650 бірлікке дейін ұлғаятын болады, жылына 1 мың бірлік көлемінде тракторлар құрастырып шығару және аспалы жабдықтар жасау ұйымдастырылады. Елдің ірі облыстарында ауыл шаруашылығы техникаларын өткізу және қызмет көрсету бойынша тоғыз сауда-сервистік орталықтан тұратын желі құрылады.
Мұнай-газ машиналарын жасауда 2015 жылға қарай құбыр арматурасы, сұйықтық сорғыштары және бұрғылау машиналары өндірісі ұлғаятын болады. Газ-құбыр қондырғылары мен жабдығын жөндеу мен сервистік қызмет көрсету зауыты іске қосылады.
Тау-кен металлургия машина жасауында 2015 жылға қарай тау-кен
өнеркәсібіне арналған жабдықтар өндірісі ұлғаятын болады.
Электр техникалық машина жасауда 2015 жылға қарай аккумуляторлар, трансформаторлар және оқшаулағышпен оралған сымдар жасау өндірісі ұлғайтылып, қуаты 110 - 220 кВ класты трансформаторлар өндірісі игеріледі.
Мынадай инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр:
1) локомотив құрастыру зауыты, Астана қаласы - жылына 100 локомотив және Астана қаласының АЭА аумағындағы бөлшектер мен құрамдас бөліктер өндірісі;
2) автомобиль құрастырып шығару, Шығыс Қазақстан облысы - жылына 120 000 автомобиль және бөлшектер мен құрамдас бөліктер өндірісі технопаркі;
3) комбайн құрастырып шығару, Қостанай облысы - жылына 650 бірлік, бөлшектер мен құрамдас бөліктер өндірісі;
4) магистральды электровоздар құрастырып шығару, Астана қаласы - қуаты жылына 50 электровоз және бөлшектер мен құрамдас бөліктер өндірісі жөніндегі шағын және орта бизнес кәсіпорындарын дамыту;
5) Астана қаласында «Тальго» жолаушылар вагондарының өндірісі зауытын салу.
Қорғаныс өнеркәсібінде 2015 жылға қарай республиканың мемлекеттік қорғаныс тапсырысындағы жергілікті қамту үлесін елеулі арттыру үшін орын алған проблемаларды шешуге және нақты әлеует құруға бағытталған бағдарламалық шаралар іске асырылады.
Қазақстанның қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен кәсіпорындарын дамытудың негізгі бағыттары мемлекеттің әскери ұйымының әскери бағыттағы тауарларына деген неғұрлым перспективалы қажеттіліктерімен айқындалады.
Мемлекеттік органдар мен қорғаныс кәсіпорындары қазақстандық әскери мақсаттағы өнімдердің экспортын ұлғайту жөнінде тиімді, келісілген шаралар қабылдайтын болады.
Мемлекет пен қорғаныс кешенінің қорғаныс өндірісі саласындағы ҒЗТКЖ саны мен сапасын ұлғайтуға бағытталған өзара іс-қимылы жандандырылатын болады.
Мемлекеттік қолдаудың секторалдық және жобалық шаралары
Инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету
Шығыс Қазақстан облысында автоқұрауыштар шығаратын автозауыт пен технопарк құрылысын қажетті жер учаскесімен және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері пысықталатын болады.
Каспий өңірінде кеме құрылысын дамыту үшін инфрақұрылым ұйымдастыру мәселесі пысықталады.
Білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз ету
Машина жасау саласы үшін мамандықтар бойынша кадрларға деген қажеттілік Қазақстанның ЖОО-да және ТжКБ оқу орындарында кадрларды даярлау есебінен қамтамасыз етіледі.
2010 жылы Өскемен қаласында 700 оқушы орынға арналған машина жасау саласы үшін Өңіраралық кадрларды даярлау және қайта даярлау орталығының құрылысы басталатын болады.
2012 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының (бұдан әрі - «ҚТЖ» ҰК» АҚ) жылына 15 000 адам білім алуға мүмкіндігі бар «Көліктегі технология орталығы» іске қосылады.
Жергілікті жерлерде жеке жетекшілер бекітіле отырып, 3 ай мерзімге өндірістік кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өту жүйесі енгізілетін болады.
Техникалық регламенттерді енгізу
Мыналардың: автокөлік жабдықтарының; объектілерді қорғауға арналған өрт сөндіру техникасының; желдету жүйелерінің, төмен вольтті жабдықтардың; ауыл шаруашылығы және ағаш дайындау тракторларының, тіркемелер мен машиналарының; мұнай-газ кәсіпшілігі, бұрғылау, геологиялық барлау және геофизикалық жабдықтардың; стационарлық компрессорлық тоңазытқыш қондырғыларының; ауыл шаруашылығы шикізаты мен өсімдік шаруашылығы өнімін өңдеу жабдықтарының; ауыл шаруашылығы шикізаты мен мал шаруашылығы өнімін өңдеу жабдықтарының; су жылыту және бу қазандарының; шахталық көтеру қондырғыларының, көліктік-көтеру құралдарының; жоғары қысыммен жұмыс істейтін жабдықтардың; лифтілердің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар бойынша 14 техникалық регламент, сондай-ақ 169 мемлекеттік стандарт әзірленеді және енгізіледі.
Өндірісті метрологиялық қамтамасыз ету және машина жасау өнімінің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау үшін геометриялық шамалар мен физика-химиялық өлшемдердің мемлекеттік эталондары жаңғыртылатын болады.
Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдары КО шеңберінде техникалық регламенттерді әзірлеу кезінде отандық өндірушілердің мүдделерін қолдау бойынша белсенді саясат жүргізетін болады.
Инновацияларды дамыту және технологиялық қайта жаңғыртуға жәрдемдесу
Кәсіпорындардың қажеттіліктеріне қызмет көрсету үшін ауыл шаруашылығы, тау-кен металлургиясы, көлік және мұнайгаз машиналарын және аспап жасау сегменттері бойынша 5 конструкторлық бюро құру.
Машина жасау кәсіпорындарының негізгі қорларын жаңғырту мен
технологиялық қайта жарақтандыру үшін жеңілдікті шартпен жабдықтар
лизингі ұйымдастырылады.
Қазақстан Республикасының ғылым саласындағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық уәкілетті органның қорытындысы бойынша танылған жұмыстарды орындауға бұрын жұмсалған нақты шығыстардан салық салынатын табысты 50 %-ға азайту жолымен ҒЗТКЖ-ны дамытуды ынталандыру.
Тікелей инвестициялар үшін тартымды жағдайлар жасау
Саланы дамытуды қолдау сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушылардың, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдардың сала кәсіпорындарының тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін басым сатып алу жолымен жүзеге асырылатын болады.
Ауыл шаруашылығы техникасына ішкі сұраныс «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - «ҚазАгроҚаржы» АҚ) базасында өзімізде шығарылған техниканы жеңілдікті шартпен лизингке сатып алу есебінен қамтамасыз етіледі.
Отандық машина жасау өніміне ішкі сұраныс отандық машина жасау өнімін сатып алуға берілетін кредиттер бойынша сыйақының бір бөлігін өтеу тетігін пысықтау арқылы, сондай-ақ жаңа отандық автомобиль техникасын сатып алуға даму институттары арқылы лизингтік қаржыландыру құралдарын енгізу мәселесін пысықтау жолымен қамтамасыз етілетін болады.
Сонымен қатар атқарушы биліктің мемлекеттік органдары, олардың аумақтық органдары мен ведомстволық бағыныстағы мекемелері үшін автомобиль техникасын сатып алуды ұйымдастыру мәселесі пысықталады.
«Астана - жаңа қала» АЭА аумағында тікелей инвестицияларды қолдау мақсатында арнайы және қосарланған мақсаттағы өнім өндірісі орналастырылатын болады.
Сауда саясаты
Қазақстандық машина жасау өнімдерін Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан нарықтарына ілгерілету.
Қазақстандық машина жасау өнімінің экспортын ілгерілету үшін қаржылық ынталандыруды ұсыну.
Достарыңызбен бөлісу: |