Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 249 қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.
2. Тұжырымдаманы іске асыруға жауапты орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, мүдделі ұйымдар (келісу бойынша):
1) Тұжырымдаманы іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;
2) Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін;
3) есепті жылдан кейінгі жылдың 15 сәуірінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне Тұжырымдаманың іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынып тұрсын.
3. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі есепті жылдан кейінгі жылдың 1 мамырынан кешіктірмей Қазақстан Республикасының мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдарына Тұжырымдаманың іске асырылуы туралы есеп ұсынып тұрсын, сондай-ақ оны бірінші басшының қолын қойғызып, интернет-ресурста (қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қоспағанда) орналастырып тұрсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне жүктелсін.
5. "Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 24 қарашадағы № 941 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.