Қазақстан Республикасының әуежайларында арнайы көліктің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қағиданы бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 2 шілдедегі №768 қаулысы
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 32) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының әуежайларында арнайы көліктің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қағида бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. МӘСІМОВ
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы «2» шілдедегі
№768 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының әуежайларында арнайы
көлiктің жұмысын ұйымдастыру жөнiндегi
қағида
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының әуежайларында арнайы көлiктiң жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қағида (бұдан әрі – Қағида) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) ұсынымдарын ескере отырып, «Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңына және азаматтық авиация саласындағы басқа да нормативтiк-құқықтық актiлерге сәйкес әзірленді.
Осы Қағида жолаушыға, багажға, жүктерге және әуе кемелеріне қызмет көрсету, сондай-ақ әуеайлақты әуе кемелерінің ұшуына дайындау кезінде Қазақстан Республикасының әуежайларында арнайы көліктің жұмысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидада пайдаланылатын негiзгi терминдер мен анықтамалар:
1) әуе кемесінің тұрақ орны – перронда бөлінген, әуе кемесінің тұрағына арналған учаске;
2) ұшып көтерілу-қону жолағы (ҰҚЖ) – әуе кемелерiнiң ұшып көтерілуі мен қонуына дайындалған құрлық әуеайлағындағы белгiлi бiр тiк бұрышты учаске;
3) арнайы көлік қызметі – азаматтық авиация ұйымының әуе кемелеріне техникалық және коммерциялық қызмет көрсетуді, әуеайлақты пайдаланып ұстауды, сондай-ақ басқа да шаруашылықішілік жұмыстарды арнайы көлікпен қамтамасыз ететін және осы мақсаттар үшін техниканың қажетті саны, техникалық қызмет көрсету мен жөндеу үшін өндірістік ғимараттар мен жабдықтары бар құрылымдық бөлімшесі;
4) күрделi жөндеу – бұйымның базалық бөлшектерін қоса алғанда, оның кез келген бөлшегін ауыстырып немесе қалпына келтіріп, оның жарамдылығын қалпына келтіру және ресурстарын толық немесе толық дерлік қалпына келтіру үшін орындалатын жөндеу;
5) коммерциялық қызмет көрсету – әуе кемесiмен тасымалдау кезiнде багажға, жүкке, жолаушыларға, авиапоштаға белгіленген төлем үшін қызмет көрсету;
6) құны арзан техникалық мүлiк – негiзгi құралдардан (автокөлiктен, жұмыс машиналары мен механизмдерден) басқа тауарлық-материалдық құндылықтар;
7) иесiздендірілмеген жөндеу әдiсi – қалпына келтiрiлген құрамдас бөлшектердің бұйымның белгiлi бiр данасына тиесілілігі сақталатын жөндеу әдiсi;
8) иесiздендірілген жөндеу әдiсi – қалпына келтiрiлген құрамдас бөлшектердің бұйымның белгiлi бiр данасына тиесілігі сақталмайтын жөндеу әдiсi;
9) шұғыл тұрақ – әуеайлақтағы жасанды жабыны бар, арнайы жабдықталған жұмыс объектілеріне қызмет көрсету үшін қажетті, ақаусыз жүрiп жүрген және май құйылған арнайы көлiктер тұрағына арналған алаң;
10) техникалық қызмет көрсетудің (жөндеудің) кезеңділігі –техникалық қызмет көрсетудің (жөндеудің) белгiлi бiр түрi мен келесi немесе бұдан да күрделi басқа түрі арасындағы уақыт немесе атқарылатын жұмыс аралығы. Техникалық қызмет көрсету (жөндеу) түрi деп мына белгiлердiң бiрi: қолданылу кезеңi, кезеңдiлiгi, жұмыс көлемi, пайдалану шарттары, т.б. арқылы ерекшеленетiн техникалық қызмет көрсету (жөндеу) түсініледі;
11) кезеңдiк техникалық қызмет көрсету – пайдалану құжаттарында белгiленген атқарылатын жұмыс мәні немесе уақыт аралығы арқылы орындалатын техникалық қызмет көрсету;
12) өлшеу құралдарын тексеру – өлшеу құралдарының белгiленген техникалық талаптарға сәйкестiгiн айқындау және растау мақсатында мемлекеттiк метрологиялық қызмет немесе соған уәкiлеттiк берілген басқа органдар орындайтын операциялар жиынтығы;
13) толассыз техникалық қызмет көрсету әдiсi – арнаулы жұмыс орындарында белгiлi бiр техникалық дәйектiлiкпен және ырғақпен техникалық қызмет көрсетуді орындау;
14) өндiрiстiк санитария – зиянды өндiрiстiк факторлар әсерінің алдын алатын ұйымдастырушылық, гигиеналық және санитариялық-гигиеналық іс-шаралар мен құралдар жүйесi;
15) желідегі жұмыс – жұмыс объектілерінде арнайы көліктермен орындалатын жұмыстар кешенi;
16) жөндеу – бұйымның жарамдылығын немесе жұмысқа қабілетін қалпына келтіру және бұйымдардың немесе олардың құрамдас бөлшетерінің ресурстарын қалпына келтіру жөніндегі операциялар кешені;
17) маусымдық техникалық қызмет көрсету – бұйымды күзгі-қысқы немесе көктемгі-жазғы шарттарда пайдалануға дайындау үшін орындалатын техникалық қызмет көрсету;
18) арнайы көлiк қызметi – азаматтық авиация ұйымының әуе кемелерiне техникалық және коммерциялық қызмет көрсетуді, әуеайлақты пайдалану жағдайында күтіп ұстауды, сондай-ақ шаруашылықiшiлік басқа да жұмыстарды арнайы көлікпен қамтамасыз ететін және осы мақсат үшiн қажеттi техника саны, өндiрiстiк ғимараттары мен арнайы көлікке техникалық қызмет көрсетуге және оны жөндеуге арналған жабдығы бар құрылымдық бөлiмшесi;
19) арнайы көлік – әуе кемелерiне техникалық, коммерциялық қызмет көрсету, ұшуды радиомен, жарықпен және техникалық қамтамасыз ету, әуеайлақтарды пайдалану жағдайында күтіп ұстау үшiн және әуежайдағы басқа да жұмыстар үшін жұмыс органдарымен (құрылғылармен) жарақталған, автокөлiк немесе трактор шассиiне орнатылған, өздiгiнен жүретiн техникалық құрал;
20) жөндеудiң агрегаттық әдiсi – жөндеудiң иесiздендірілген әдiсi, мұнда бұзылып қалған агрегаттар жаңасымен немесе алдын ала жөнделгенiмен ауыстырылады. Агрегат дегенiмiз толық өзара алмасу қасиеттерi бар, еркiн құрастырылған және әр түрлi мақсаттағы бұйымдарда белгiлi бiр функцияларды орындайтын құрастыру бiрлiгi;
21) техникалық диагностикалау – диагностикалау объектісінің техникалық жай-күйін белгілі бір дәлдiкпен айқындау үдерісі. Қажет болған жағдайда бұзылған жерлерді, оның түрi мен себептерін көрсете отырып, объектінің техникалық жай-күйі туралы қорытынды (диагностикалау) нәтижесi болып табылады;
22) техникалық қызмет көрсету – арнайы көлікті мақсаты бойынша пайдаланған, күткен, сақтаған және тасымалдаған кезде бұйымның жұмысқа қабілетін немесе жарамдылығын қамтамасыз ету жөніндегі опреациялар кешені немесе операциялар;
23) ағымдағы жөндеу – бұйымның жұмысқа қабілетін қамтамасыз ету немесе қалпына келтіру үшін орындалатын және жекелеген бөлшектердi ауыстырудан және (немесе) қалпына келтiруден тұратын жөндеу;
24) қауiпсiздiк техникасы – жұмыс iстеп тұрған қауiптi өндiрiстiк факторларға әсердің алдын алатын ұйымдық және техникалық іс-шаралар мен құралдар жүйесi;
25) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық авиация қызметі саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2. Арнайы көлiк қызметiнiң негiзгi мiндеттерi мен функциялары
3. Арнайы көлiк қызметiнiң негiзгi мiндеттерi:
1) технологиялық кестелер мен белгiленген қағидалар бойынша әуе кемелерiне уақтылы әрі сапалы техникалық қызмет көрсетуді жүргізу жөнiндегi жұмыстарды арнайы көлікпен қамтамасыз ету;
2) технологияға сәйкес әуе кемелерiне коммерциялық қызмет көрсету жөнiндегi жұмыстарды арнайы көлікпен қамтамасыз ету;
3) әуе кемелерiне авиациялық жанар-жағармай құю, сондай-ақ әуе кемелерiнiң бактарынан жанар-жағармайды құйып алу жөніндегі жұмыстарды арнайы көлікпен қамтамасыз ету;
4) әуеайлақты пайдалану үшін күтіп ұстау жөнiндегi жұмыстарды әуеайлақ механизмдерiмен қамтамасыз ету;
5) авиациялық-техникалық мүлiктi, шаруашылық жүктерін тасымалдауды және азаматтық авиация ұйымындағы көлiк жұмыстарының басқа түрлерiн жүзеге асыру;
6) трассаларда, әуеайлақтарда, авиациялық жұмыстардың, ұшуды авариялық құтқарумен қамтамасыз ету аймақтарында әуе кемелерiмен радиобайланысты ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды арнайы көліктермен, сырқат жолаушыларға шұғыл қызмет көрсетуді жүргізу, ұшу қауiпсiздiгiн медициналық қамтамасыз ету және авиациялық оқиғаларды тергеу үшiн автофургондармен қамтамасыз ету;
7) осы Қағиданың, Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы нормативтік-құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес өндiрiстiк қызметтi ұйымдастыру және жүзеге асыру;
8) арнайы көлікті, жабдықты, пайдалану және жөндеу материалдарын тiкелей мақсаты бойынша және белгiленген нормалар мен қағидаларға сәйкес тиiмдi әрі ұтымды пайдалануды жүзеге асыру;
9) арнайы көлікті дұрыс техникалық пайдалану мен жөндеудi ұйымдастыру;
10) қызметтегi арнайы көліктердің барлығын техникалық дұрыс пайдалануды, күтіп ұстауды (сақтауды) және жөндеудi ұйымдастыру және жүзеге асыру;
11) арнайы көлiк қызметiнiң жеке құрамын пайдалануға түскен жаңа техниканы игеруге даярлау, арнайы көлікті пайдалану мен жөндеу саласындағы жетістіктерді, өнертабыстарды енгiзу;
12) азаматтық авиация ұйымдарының жоспарлау органдарымен бiрлесіп, арнайы көліктерді пайдалану жоспарларын жасауға және шаруашылықiшілiк есептi арнайы көлiк қызметiнiң барлық салаларына енгiзуге қатысу;
13) арнайы көлікті пайдалану кезiнде осы Қағиданың және Зауыт қағидасының талаптарын сақтау, белгiленген есеп пен есептілікті жүргiзу, қосалқы бөлшектердi, автошиналарды, жанар-жағармай материалдарын және басқа автотрактор мүлкн дұрыс пайдалану;
14) арнайы көлікті пайдаланудың өзiндiк құнын азайту, жөндеуаралық мерзiмдi ұлғайту жөнiндегі іс-шараларды өткiзу, белгiленген тәртiппен техниканы күрделi жөндеуге, оларды уақтылы өткiзуді қамтамасыз етуге арналған өтінім-жоспарлар жасау;
15) арнайы көлік жұмысын бақылауды қамтамасыз ету, олардың қауiпсiз жұмыс iстеуiн ұйымдастыру және желідегі жүргiзушiлерге уақтылы техникалық көмек көрсету;
16) арнайы көлiк қызметiнің кiнәсiнен әуе кемелерімен болатын жол-көлiк оқиғаларына, зақымдану жағдайларына және олардың ұшуының кідіруіне қарсы күрес жөнiндегi ұсыныстарды талдау, әзірлеу және іске асыру;
17) арнайы көлiк қызметi жұмыскерлерінің техникалық, экономикалық және мәдени деңгейiн ұдайы арттырып отыру, жеке құрамның белгiленген талаптарды орындауын қамтамасыз ету, еңбек тәртiбiн қатаң сақтау;
18) жеке құрамның абыройлы борыш сезiмi мен сенiп тапсырылған техника үшін жауаптылығын қалыптастыру және өндiрiстiк тапсырмаларды орындау.
3. Арнайы көліктің тұрақ орындары
4. Арнайы көлікті сақтауды жабық үй-жайларда, төбесі қалқаланған немесе ашық алаңдарда жүзеге асыруға болады. Бұл ретте төмендегiдей шарттар сақталуға тиiс:
1) жұмыс сипатына қарай дереу шығуға үнемi әзір тұру талап етілетін автобустар мен жеңiл автомобильдер, сондай-ақ арнайы көлік жабық үй-жайлардағы тұрақ орындарымен бiрiншi кезекте қамтамасыз етілуге тиіс;
2) отын және майқұйғыш көлiктер, жылжымалы отын құю агрегаттары, сондай-ақ сұйық отын тасымалдауға арналған автоцистерналар ашық, төбесі қалқаланған алаңдарда немесе тiкелей сыртқа шығатын есiгi бар бiр қабатты ғимараттардың оқшауланған үй-жайларында сақталуға тиіс;
3) ассенизациялық автомобильдер, сондай-ақ улы заттарды тасымалдайтын арнайы көлік басқа мақсаттағы арнайы көліктен бөлек қойылуға тиiс;
4) ауа және азот құйғыштар, сондай-ақ басқа газ баллонды арнайы көлік төбесi қалқаланған немесе ашық алаңдарда бөлек қойылуға тиiс.
5. Арнайы көлікті сақтау тәсiлдерi жылдың кез келген мезгiлiнде олардың сақталуы мен тоқтаусыз жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуi тиiс. Осы мақсатта климат жағдайлары осылайша талап ететiн жерлерде арнайы көлікті ашық алаңдарда, төбесі қалқаланған жерлерде немесе от жағылмайтын үй-жайларда сақтаған кезде қозғалтқыштарды iске қосар алдында жылытуға арналған жабдық көзделуге тиiс.
6. Арнайы көлікті тұрақ орындарына орналастырылу тәртiбiн арнайы көлiк қызметiнiң бастығы айқындайды. Тұрақ орындарына және қызмет көрсету бекеттеріне орналастыру кезінде арнайы көлік пен ғимараттардың және үй-жайлардың элементтері арасында құрылыс нормаларында белгiленген аралық сақталуға тиiс.
7. Тұрақ орындарында отын, жағармай, сүрту және басқа материалдарды сақтауға тыйым салынады.
8. Консервациядағы арнайы көліктердің тұратын орны арнайы көлiк қызметiнің өндiрiстiк-техникалық базасының аумағында жабдықталады және ол қоршалып, күзетiлуге тиiс.
9. Шұғыл тұрақтарға тек жарамды, отын құйылған және пайдалануға әзір арнайы көліктер орналастырылады. Қызмет көрсету мен жөндеудi талап ететiн арнайы көлік үшiн бөлек жайлар немесе ашық алаңдар берiлуi тиiс.
10. Шұғыл қызмет көрсету аймағында арнайы көлікті орналастыру схемасы әрбiр әуежайда ұшу-қону жолағының, жерде жүргізу жолының, тұратын орнының, перрондардың, әуеайлақ құрылыстарының аумақтық орналасу ерекшелiгi мен мөлшері жасанды жабыны бар арнайы алаңдардың болуын есепке ала отырып жасалуы тиiс.
11. Арнайы көліктердің қозғалысы үшін қауiптi тұрақтар мен аймақтарда тәулiктiң кез келген уақытында анық көрiнетiн бiрыңғай үлгiдегi жол белгiлерi қойылуы тиiс. Жол белгiлерi әуе кемелерi қозғалысының толық қауiпсiздiгiн сақтауды есепке ала отырып орналастырылады.
12. Арнайы көліктер тұратын жерлер шұғыл байланыс құралдарымен жабдықталуы тиiс.
13. Шұғыл қамтамасыз ету аймағында арнайы көліктер тұратын жерлер құрылыс нормалары мен ережелерге сәйкес жүргiзушiлер құрамына арналған тазалық-тұрмыстық бөлмелермен, сондай-ақ күнделiктi қызмет көрсететiн алаңдармен және арнайы бөлмелермен жабдықталуы тиiс.
14. Арнайы көлік жұмысын шұғыл басқаруды жүргiзушiлермен радио арқылы байланыс жасай алатын қызметтердің диспетчерлерi жүзеге асырады.
4. Арнайы көлікті желіге шығару
15. Арнайы көлікті желіге шығаруға дайындауды арнайы көлiк қызметiнiң инженер-техник және жүргiзушiлер құрамы жүзеге асырады және ол мыналарды қамтиды:
1) күнделiктi техникалық қызмет көрсетудi Зауыт қағидалары мен арнайы көлікке техникалық қызмет көрсету жөнiндегi қолданыстағы нұсқаулардың талаптарына сәйкес орындау;
2) гаражға келген соң бақылап тексеру кезiнде және желіге шығарда (ауысымды өткiзгенде) анықталған ақауларды жою;
3) арнайы көлікке жанар-жағар май материалдарын және арнайы сұйықтықтар құю;
4) қозғалтқыштар мен арнайы көлік жүйесiн іске қосу және тексеру;
5) белгiленген құжаттаманы ресiмдеу.
16. Осы Қағида талаптарына сәйкес қажетті құжаттамасы бар жүргiзушi медициналық байқаудан өткен соң, сондай-ақ арнайы көлікті желіге шығаруға дайындау жұмыстарын орындаған соң оны тексерiп байқауға ұсынады.
17. Арнайы көлікті желіге шығаруды колонна механигi жүзеге асырады, ол арнайы көлікті тексерiп байқайды және оның техникалық жарамдылығын жол парағына немесе формулярға өз қолын қойып куәландырады.
18. Желіге шығар алдында арнайы көліктің техникалық жай-күйін тексеру үшiн қарау шұңқырлары, эстакадалары, жарығы бар арнайы орындар жабдықталады. Колонна механигiнде арнайы көліктің техникалық жай-күйін анықтау және тексеру үшiн қажеттi аспаптар мен керек-жарақтар болуы тиiс.
19. Желіге шығар алдында арнайы көлікті тексерiп байқау кезiнде әуе кемесiнiң қозғалыс қауiпсiздiгiне және қызмет көрсетуге әсер ететiн агрегаттар мен тораптардың жарамдылығына, сондай-ақ спидометрдiң пломбалану жағдайына және оның көрсеткіштерінің жол қағазындағы жазбаларымен сәйкес келуiне ерекше көңiл бөлiнедi.
Ақауы бар, әуе кемесiнiң қозғалысы мен техникалық қызмет көрсетуге қауiп төндiретiн арнайы көлікті пайдалануға жол берiлмейдi.
Ұшу-қону жолағындағы және жерде жүру жолдарындағы жұмыстарға арналған арнайы көліктер, егер жарқылдақ оттары, радиостанция және сүйретпелi қондырғылары болмаса, пайдалануға жiберiлмейдi.
20. Арнайы көлік желіден қайтып келгенде және оларды ауысым бойынша өткiзгенде колонна механигi:
1) негiзгi шасси мен арнайы құрал-жабдықтардың жарамдылығын тексередi;
2) жол парағына спидометр көрсеткiшiн және арнайы көліктің жолдан қайтып келген уақытын (ауысым өткiзу) қояды;
3) арнайы көліктерді жөндеуде пайда болған ақауларды жоюды ұйымдастырады және жөндеу аймағына тапсырысты ресiмдейдi;
4) жол парағына арнайы көліктердің жолдан келу (ауысым өткiзу) дерегiн қол қою арқылы бекiтедi. Арнайы көліктердің және арнайы құрал-жабдықтардың барлық ақаулары туралы колонна бастығына баяндайды және ауысым қабылдау-өткiзу журналына жазады.
5. Арнайы көлікті пайдалану
21. Арнайы көлікті пайдалану инженер-техникалық және ұйымдастыру шаралары жүйесiн қамтиды, ол:
1) ең аз еңбек шығындары мен материалдық қорларды қолдана отырып, арнайы көліктерді тиiмдi пайдалануды;
2) белгiленген сақтық қор және жұмысқа жарамды мерзiм барысында арнайы көліктердің берiлген сипатын сақтауды қамтамасыз етедi.
22. Арнайы көліктің нақты түрлерiн пайдалану ерекшелiктерi Шығарушы зауыт қағидаларында, сондай-ақ пайдалану жөнiндегi қолданыстағы нұсқаулықтарда анықталады.
23. Арнайы көлікті пайдалануды жүзеге асыратын адамдардың тиiстi теориялық және практикалық даярлығы болуы, техникалық сипаттаманы, жұмыс қағидаттары мен пайдаланылатын техниканың және жекелеген агрегаттардың құрылысын, арнайы көліктерді пайдалану жөнiндегi нұсқауларды, жұмыс тәртiбiн, белгiленген шектеулердi, көктемгi-жазғы және күзгi-қысқы кезеңде, сондай-ақ ерекше жағдайларда пайдалану ерекшелiктерiн бiлуi тиiс.
24. Арнайы көліктерді техникалық пайдалану үдерiсiнде арнайы көлiк қызметiн жөндеу шеберханасының жеке құрамы техникалық қызмет көрсетудi, мерзiмдi жұмыстарды және машиналарды ағымдағы жөндеуден өткiзедi.
Жүргiзушiлер құрамы, механиктер, бригадирлер арнайы көліктерге техникалық қызмет көрсету мен оларды пайдалануды жүзеге асырады, арнайы көліктердің тiкелей мақсатта пайдаланылуы мен сақталуын қамтамасыз етедi, әуе кемесiне уақытында және сапалы қызмет көрсетуге жауапты болады.
25. Инженерлiк-техникалық құрам арнайы көлiк қызметiнiң барлық учаскелеріндегі жұмыстарды бақылайды, өндiрiстiк жоспарлар мен тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етедi.
26. Азаматтық авиация ұйымының арнайы көліктерінің техникалық жағдайы мен пайдаланылуы, олардың мазмұны мен қызмет көрсетуi мынадай жолдармен жүзеге асырылады:
1) арнайы көлік қызметінің, азаматтық авиация ұйымының басшылары жүргiзетiн бақылау мақсатындағы тексеру;
2) уәкілетті органда тиісті мемлекеттік органдардың жылдық техникалық байқауы;
3) әуежай, уәкiлеттi орган комиссиясының тексеруi.
Арнайы көлікті байқауды жүргiзу жөнiндегi негiзгi ережелер осы Қағиданың 5, 6-қосымшаларында берiлген.
27. Жаңа, сондай-ақ күрделi жөндеуден өткен арнайы көліктер мен механизмдер шығарушы зауыт пен жөндеу кәсiпорындарының техникалық шарттарының талаптарына сәйкес жүргiзiп байқаудан өтуi тиiс.
28. Арнайы көлікті жүргiзiп байқау кезiнде оның барлық тораптары мен агрегаттарын бақылау-өлшеу аспаптарының көмегiмен сынап көру жүргiзiледi, оның көрсеткiштерi сол тораптың немесе агрегаттың техникалық пайдалану сипатына сәйкес келуi тиiс.
29. Жүргiзiп байқау кезiнде арнайы көліктер ең төменгі жүктемемен және қозғалыстың төменгi жылдамдығында пайдаланылуы тиiс. Өту қиын жолдарда, көктайғақ кезiнде, сондай-ақ тiркеме жабдықтарымен бiрге жүргiзiп байқауға тыйым салынады.
30. Есептен шығару мерзiмi аяқталмаған құрал-жабдықтарды бөлшектеу арқылы арнайы көліктерді бiр үлгіден (жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша уәкілетті органда мемлекеттік тіркеуге жатпайтын) екiншiсiне қайта жабдықтау және босатылған шассиге немесе басқа арнайы құрал-жабдықтарға орнату ерекше жағдайда заңнамада белгіленген тәртіппен жүргiзiледi.
31. Амортизациялық ресурсын аяқтаған арнайы жабдықты есептен шығару және бөлшектеуден кейін арнайы көліктердің бір үлгісін екіншісіне қайта жабдықтау (жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша уәкілетті органда мемлекеттік тіркеуге жатпайтын) заңнамада белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
6. Арнайы көліктерді пайдалану тәртiбi
32. Әуе кемелерiн пайдалануға және әуеайлақты күтіп ұстауға байланысты азаматтық авиация ұйымының қызметтерiн арнайы көліктермен қамтамасыз ету жоспарланған жұмыс көлемiн есепке ала отырып жасалатын Арнайы көліктерді бөлу табелiне сәйкес, сондай-ақ арнайы көліктер мен жүргiзушiлер құрамының нақты санына байланысты жүргiзiледi. Арнайы көліктерді бөлу табелi жылына екi рет көктемгi-жазғы және күзгi-қысқы дайындық кездерiнде жасалады, оны азаматтық авиация ұйымының жетекшiсi бекiтедi.
33. Азаматтық авиация ұйымының шаруашылық мұқтаждары үшін арнайы көлік қажеттілігі арнайы көлік қызметіне алдыңғы күнгі сағат 15.00-ден кешiктiрiлмей берiлген өтінім хаттардың негiзiнде қанағаттандырылады. Өтінімдердің негiзiнде арнайы көлік қызметінің мүмкiндiктерiн есепке ала отырып шаруашылық тасымалдаудың әр күнiне машина бөлу жоспары жасалады, оған арнайы көлiк қызметiнің бастығы қол қояды және әуежайдың бас инженерi (бастықтың жердегi қызмет жөнiндегi орынбасары) бекiтедi.
34. Ерекше жағдайларда (авариялар, дүлей апаттар және т.б.) арнайы көлік жұмытардың жүргізілуі үшін жауапты лауазымды адамның талабы бойынша арнайы көлiк қызметiнің бастығына баяндай отырып, арнайы көлiк қызметiнің диспетчерi арқылы бөлiнедi.
35. Арнайы көліктің желіге уақытында шығуын бақылауды арнайы көлiк қызметiнің диспетчерi, ауысым бастығы (ауысым инженерi) жүзеге асырады (5-қосымша).
36. Әуежайдың басқа қызметiне бөлiнетін арнайы көлік олардың жұмысын ұйымдастыруға, мақсатына орай бағыт бойынша уақытында және ұтымды пайдалануға, сондай-ақ еңбек қауiпсiздiгiнiң талаптарын сақтауға бақылау жасайтын қызметке тiкелей бағынысты болады. Азаматтық авиация ұйымының жүргiзушiлерi мен машиналарын iссапарға жiберу тәртiбiн азаматтық авиация ұйымының бастығы белгiлейдi.
37. Пайдаланушы қызмет кiнәсiнен агрегаттар, арнайы құрал-жабдықтар және керек-жарақтар (сым, фишка, ауыстырғыштар, отын құятын тапаншалар, жеңдер және т.б.) сынған жағдайда осы қызмет өкiлi (тiкелей кiнәлi адам) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
38. Арнайы көлiк қызметi:
1) арнайы көлік бөлудiң бекiтiлген табелiне сәйкес басқа қызмет өтінімдерінің уақытында және толық орындалуын;
2) әуе кемесiне техникалық және коммерциялық қызмет көрсету жөнiндегi жұмыстардың сапалы және уақытында орындалуын әрі авиажолаушыларға жоғары мәдени қызмет көрсетудiң қамтамасыз етілуін;
3) арнайы көліктің техникалық жарамдылығын және олардың қосымша құралдармен жарақталуын;
4) жүргiзушiлер құрамының арнайы көліктің осы үлгісіндегі жұмысқа даярлығын;
5) жүргізушілер құрамы мен тракторшылардың арнайы көлік пен механизмдердің бекiтiлген үлгілерінде жұмыс iстеуге, әуе кемесi мен авиажолаушыларға қызмет көрсетуге, әуеайлақтарды пайдалану жағдайында күтіп ұстауға даярлығын бақылайды.
39. Барлық арнайы көліктерді әуежай қызметтерi аса тиiмдi және тек тiкелей мақсатта белгiленген жұмыс көлемi шеңберiнде ғана пайдалануы тиiс.
7. Арнайы көліктің жұмысын ұйымдастыру,
әуе кемелерінің бұзылуын және жол-көлiк
оқиғаларын болдырмау жөніндегі іс-шаралар
40. Әуежайлардағы арнайы көліктер жұмысын ұйымдастыру әуе кемесiне уақытында әрi сапалы қызмет көрсетуге, жерде олардың бұзылуын болдырмауға, әуеайлақтарды пайдалануға әзір ұстауға және жол-көлiк апатының алдын алуды қамтамасыз етуге бағытталған.
41. Арнайы көлікпен әуе кемесiне қызмет көрсету және әуеайлақты дайындау жұмыстарын орындау кезінде азаматтық авиация саласындағы қолданыстағы нормативтiк құқықтық құжаттар мен осы Қағиданың азаматтық авиация ұйымдарының жұмыстарды жүргізу тәртiбi мен өзара iс қимылын, әуеайлақтағы арнайы көлік қозғалысын ұйымдастыру, әуе кемесiнiң ақауы мен жол-көлiк оқиғасының алдын алу жөнiндегi шаралар айқындалғанталаптары қатаң сақталуы тиiс.
42. Әуеайлақтағы арнайы көліктердің пайдаланылуын ұйымдастыруды және ұшу алаңындағы жұмыстарды орындау кезiнде ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуді бақылау әуежайдың жердегi құрылысты пайдалану және құрылыс жөнiндегi бастығының орынбасарына жүктеледi.
43. Азаматтық авиация ұйымы қызметiне бөлiнген арнайы көлік жұмысын ұйымдастыруды және оның қауiпсiздiгiн бақылау арнайы көліктерді пайдаланатын қызмет бастықтарына жүктеледi.
44. Бекiтiлген тiзiм бойынша техникалық жарамды арнайы көліктерді өз уақытында бөлу мен олардың авариясыз жұмысын қамтамасыз етудi бақылау арнайы көлiк қызметiнің бастығына жүктеледi.
45. Әуеайлақта жұмыс iстеуге тек сыртқы түрi қанағаттанарлық әрі өрт сөндiру және медициналық қобдиша заттарымен жабдықталған техникалық жарамды арнайы көліктер жiберiледi. Бұдан басқа, ұшу жолы мен жүру жолында жұмыс iстейтiн машиналар радиобайланыс құралдарымен, қуатты және жарқылдақ оттармен, сүйреткіш қондырғылармен жабдықталуға тиiс.
Әуе кемесiне қызмет көрсететiн машиналар радиобайланыс құралдарымен және тірек қалыптармен, ал жүк тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзетiн машиналар, траптар, жүк автомобильдерi амортизаторлық қондырғылармен жабдықталуы тиiс.
46. Арнайы көліктің техникалық жай-күйі Шығарушы зауыттар қағидасының талаптарына сәйкес келуi тиiс және азаматтық авиация ұйымдарындағы еңбек қауiпсiздiгiнiң талаптары мен ережелерiне жауап беруi тиiс.
47. Әуе кемелерiне техникалық қызмет көрсету кезiнде пайдаланатын машиналардың арнайы құрал-жабдықтарының техникалық жағдайы әуе кемелерiне техникалық қызмет көрсетуге арналған арнайы көліктерді пайдалану талаптарына сәйкес келуi тиiс.
48. Әуеайлақтағы барлық үлгiдегi арнайы көліктердің қозғалысы белгiленген бағытта ғана азаматтық авиация ұйымының бастығы бекiткен жердегi техника қозғалысын ұйымдастыру мен орналастыру схемасы бойынша жүзеге асырылуы тиiс.
Достарыңызбен бөлісу: |