Қазақстан Республикасының қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу құқығының негіздері
Мақсаты: Қазақстан Республикасының қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу құқығының негіздері туралы білім қалыптастыру
1.Қылмыстық құқықтың түсінігі және белгілері.
2.Қылмыстың ұғымы.
3.Қылмыстың құрамдарының түсінігі.
4.Қылмыстық жазалаудың түрлері
5.Қылмыстық процесті жүргізудің тәртібі.
Кылмыстық кұқық заң шығарушы органдар қабылдаған қылмыс пен жаза, қылмыстық жауаптылық негізі, жаза жүйелерін, жазаны тағайындаудың тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатуды белгілейтін зандылық нормалардың жиынтығы болып табылады.
Қылмыстық құқық Жалпы және Ерекше бөлімнен тұрады.
Қылмыстың түсінігі мен белгілері. ҚР ҚК 9-бабына сәйкес қылмыс осы кодексте жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты қоғамдық қауіпті әрекет (іс-әрекет немесе әректсіздік) қылмыс деп танылады. Қылмыс әр уақытта да адамның нақты іс-әрекетінің, мінез-құлқының сыртқа шыққан көрінісі. Ол адамның құқыққа қайшы мінез-құлқы белсенді әрекет күйінде немесе әректсіздік күйде болуы мүмкін. Бұл жерде әрекет дегеніміз адамның қылмыстық заң тыйым салған нәрселерді істеуі, ал әрекетсіздік дегеніміз адамның заң, нормативтік актілер, нұсқаулар немесе арнаулы жарлықтар, бұйрықтар бойынша өзіне жүктелген міндетін орындамауы болып табылады.
Қылмыстың белгілері:
1) қылмыстық құқыққа қайшылық;
2) қоғамға қауіптілік;
3) кінәлілік;
4) жазаланушылық.
Қылмыстың санаттары деп оларды нақты белгілері бойынша топқа бөлуді айтамыз. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі қылмысты санаттау туралы арнаулы норма енгізіліп, онда қылмыс сипатына және қоғамға қауіптілік дәрежесіне және кінәнің түріне түріне байланысты онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр болып санаттарға бөлінген.
Қылмыстық кодекстің 10-бабына сәйкес жасалғаны үшін осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза (бас бостандығынан айырудан):
қасақана жасалған әрекет - екі, абайсызда жасалған әрекет бес жылдан аспайтын болса - онша ауыр емес деп саналады;
қасақана жасалған әрекет - бес, абайсызда жасалған әрекет те бес жылдан аспайтын болса - орташа ауыр;
қасақана жасалған әрекет он екі жылдан аспайтын болса - ауыр;
қасақана жасалған әрекет он екі жылдан аспайтын болса немесе өлім жазасы көзделсе - аса ауыр қылмыс деп танылады.
Қылмыстық жауаптылық және оның негіздері. Мемлекет өз азаматтарынан Конституцияда көрсетілген белгілі бір әлеуметтік міндеттерді қатаң орындауды талап етеді, оны орындамаған ретте азаматтарға заңда көрсетілген негізде моральдық немесе құқықтық жауапкершілік жүктеледі. Құқықтық жауапкершіліктің ішіндегі ең қатал түрі қылмыстық жауаптылық болып табылады да, ал оған дәйекті түрдегі негіздер болуы керек.
Қылмыстық жауаптылықтың негізін дұрыс анықтау құқық қолдану органдары қызметінің заңдылықты қатаң сақтауына кепіл бере отырып, азаматты жауапқа тарту үшін қылмыстық заңда көрсетілген қылмыс құрамының барлық белгілері болуын талап етеді.
Қылмыстың құрамдары - бұл қылмыстың объективтік және субъективтік жақтарынан құралатын белгілерінің жиынтығы. Ондай белгілер төрт топқа бөлінеді: 1) қылмыстың объектісі; 2) қылмыстың объективтік жағы; 3) қылмыстың субъектісі; 4) қылмыстың субъективтік жағы.
1. Қылмыстың объектісі - қылмыскердің қиянат жасайтын және де қылмыстық заңдармен қорғалатын коғамдық қатынастар. Олар мыналар болуы мүмкін: саяси және экономикалық құрылымдар, меншік, адам және оның құқықтары мен бостандықтары, құқықтық тәртіп, сот төрелігі, әскери қызмет.
2. Қылмыстың объективтік жағы - ол қылмыстың сыртқы көрінісіне жататын белгісі:
қылмыскердің қоғамға қауіпті әрекеті немесе әрекетсіздігі;
әрекет пен әрекетсіздік арқылы туындаған қоғамға қауіпті нәтиже;
әрекет пен әрекетсіздік және қоғамға қауіпті нәтиже арасындағы себепті
байланыс.
3. Қылмыстың субъектісі - ол қылмыс жасаған уақытта есі дұрыс және 16 жасқа толған адам. Кейбір ауыр қылмыстар үшін (кісі өлтіру, зорлау, адам ұрлау, кісі тонау, қорқытып тартып алу т. б.) қылмыстық жауаптылыққа адам 14 жастан тартылады.
Қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген қауіпті әрекет жасаған кезде есі дұрыс емес күйде болған, яғни созылмалы психикалық ауруы, психикасының уақытша бұзылуы, кемақылдылығы салдарынан өзінің іс-әрекетінің іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ұғына алмаған немесе оған ие бола алмаған адам қылмыстық жауапқа тартылмайды. Бұларға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін. Алкогольді ішімдікті, есірткі заттарды немесе басқа да есеңгірететін заттарды пайдалану салдарынан мас күйінде жасалған қылмыс үшін адам қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды.
4. Қылмыстың субъективтік жағы - бұл адамның қоғамға істеген қауіпті іс-әрекет немесе әрекетсіздігіне және солардан туатын қауіпті нәтижеге психикалық қатынасы. Қылмыстың сыртқы жағын бейнелейтін объективтік жаққа қарағанда субъективтік жақ қылмыстың ішкі мөнін, мазмүнын білдіреді.
Қылмыстың субъективтік жағының мазмұнын мынадай заңдылық белгілері: кінә, қылмыстық ниет, мақсат құрайды. Осы белгілердің жиынтығы қылмыс істеген, яғни қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған адамның жан-дүниесінде орын алған ішкі өзгерістерді, оның санасы мен еркінің өзара байланысын бейнелеп береді.
Кінә - бұл адамның өзінің қасақаналықпен немесе абайсызда істейтін қоғамға қауіпті іс-әрекетіне және оның қоғамға зиянды зардабына деген көзқарастарының жиынтығының көрсеткіші.
Істелген әрбір қылмыс үшін кінәнің болуы - объективті ақиқат. Қылмыс субъектісінің кінәлілігі туралы тұжырымды сот іс бойынша жинақтаған дәлелдемелер арқылы анықтайды. Кiнә екі түрл іболады: қасақаналық және абайсыздық. Тікелей немесе жанама ниетпен жасалған әрекет - қасақана, менмендікпен немесе немқұрайлылықпен жасалған әрекет абайсыздықта жасалған қылмыс деп танылады.
Қылмыстық ниет деп белгілі бір қажеттіліктер мен мүдделердің іштей түрткі болуына байланысты адамның соларды басшылыққа ала отырып, саналы түрде қылмыс істеуге бел бууын, ал қылмыстық мақсат деп адамның қылмыс істеу арқылы болашақта белгілі бір нәтижеге жетуін айтамыз.
Қылмыстық жаза мемлекеттік күштеу шараларының бірі болып табылады жөне ол мемлекеттің қылмыспен қарсы күрес жүргізу құралдарының бірі ретінде қолданылады.
Жаза - соттың үкімі бойынша тағайындалатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады және адамды құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе оларды шектеу болып табылады.
Жазаның белгілері:
мемлекеттік күштеу шарасы ретінде қылмыстық заңмен ғана белгіленеді;
мемлекеттік күштеу шарасы ретіндегі қылмыстық жазаны мемлекет атынан тек қана сот тағайындайды;
заңда көрсетілген тәртіппен сотталған адамды жазадан босату, сондай-ақ тағайындалған қылмыстық жазаны жеңілдету тағы да сот арқылы жүзеге асырылады;
қылмыстық жаза жария түрде ашықтан-ашық тағайындалады;
мемлекеттік күштеу шаралары ретінде қылмыстық жаза қылмыстық заңда көрсетілген нақты қылмыс жасаған кінәлі адамға қолданылуы мүмкін.
Жазаның мақсаты әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, сондай-ақ сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстар жасауынан сақтандыру болып табылады. Жаза тән азабын шектіруді немесе адамның қадір-қасиетін қорлауды мақсат етпейді.
Жазаның түрлері. Қылмыстық заңның өзінде барлық соттар үшін міндетті болып табылатын жекелеген жазаларды қолданудың шарты, шегі және тәртібі белгіленген.
Сотталған адамға келтірілетін бас бостандығынан айырудың мәніне қарай жазаның түрлері мынандай топтарға бөлінеді:
Сотталған адамға моральдық жағынан әсер ететін жаза түрлері. Бұған жататындар: қоғамдық жұмыстарға тарту, арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградадан айыру.
Сотталған адамның құқығына шек қоюмен байланысты жаза түрлері: белгілі бір лауазым атқару немесе белгілі бір қызметпен шұғылдану қүқығынан айыру, әскери қызмет бойынша шектелу.
Сотталған адамды материалдық жағынан айыруға байланысты жазалар: түзеу жұмыстары, айыппұл, мүлікті тәркілеу.
Сотталған адамның құқығынан немесе бас бостандығынан айыруға байланысты жаза түрлері: өлім жазасы, бас бостандығынан айыру, қамау, тәртіптік әскери бөлімде үстау.
Бұлардан басқа жазаларды негізгі, қосымша деп топтауға болады. Негізгі жазалар дегеніміз заң бойынша жеке-дара жаза ретінде, жазаның мақсатын жүзеге асыру үшін қолданылатын жаза түрлерін айтамыз (39 бап, 1 бөлігі).
Негізгі жязалар: айыппұл салу, белгілі бір лауазым атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, әскери қызмет бойынша шектеу, бас бостандығын шектеу, қамау, тәртіптік әскери бөлімде ұстау, бас бостандығынан айыру, өлім жазасы.
Қосымшя жазалар негізгі жазаға қосылып тағайындалады және жазаның мақсатын жүзеге асыруда көмекші рөль атқарады.
Қосымша жазалар: арнаулы әскери атағынан, сьныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградалардан айыру; мүлкін тәркілеу.
Айыппұл заңда көзделген шекте айлық есептік көрсеткіштің (сол мерзімге) немесе белгілі бір табысының мөлшерінде ақша өндіріп алу.
Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында белгілі бір лауазымды атқаруға, не белгілі бір кәсіптік немесе өзге де қызметпен айналысуына тыйым салудан тұрады.
Қоғамдық жұмыстарға тарту деп жергілікті өкімет органдары белгілеген жұмыстарды сотталған адамның қоғамның пайдасына тегін істеуін айтады.
Түзеу жұмыстары соталған адамды мәжбүрлеп еңбекке тарта отырып, үкімде көрсетілген мерзімде оның ай сайынғы табысының бір бөлігін мемлекет пайдасына ұстауды білдіретін жазаның бір түрі болып табылады.
Бас бостандығын шектеу сотталған адамды қоғамнан оқшауламай арнаулы мекемеде бір жылдан бес жылға дейінгі мерзімге, оны қадағалауды жүзеге асыру жағдайында, ұстаудан тұрады.
Бас бостандығынан айыру дегеніміз сотталған адамды сот белгілеген мерзімде күшпен қоғамнан оқшаулап, оны арнайы белгіленген түзеу мекемелеріне орналастыруды жүзеге асыру болып табылады. Бас бостандығынан айрылғанда сотталған адамның құқылық жағдайы елеулі шектеуге түседі, ол қоғамнан оқшауланады, өз қалауы бойынша еңбек қызметін атқаруға шек қойылады, уақыт мөлшері өз бетімен пайдалануына тежеу салынады, т. б.
Бас бостандығынан айыру жазасы тек негізгі жаза ретінде 6 айдан 15 жылға, не ауыр қылмыстар үшін - жиырма жылға дейін, не өмір бойына белгіленеді.
Өлім жазасы - жазаның ең ауыр, ерекше түрі болып табылады. Ешкiмнiң, өз бетiнше, адам өмipiн қиюға хақысы жоқ. Өлiм жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесiлген адамға кeшipiм жасау туралы өтініш ету хақы бар. Өлім жазасы әйелдерге, 18 жасқа толмағандарға және 65-тен асқан еркектерге қолданылмайды.
Мүлікті тәркілеу - сотталған адамның меншігі болып табылатын мүліктің бәрін немесе бір бөлігін мемлекеттік меншікке ықтиярсыз түрде тегін алу болып табылады.
Қылмыстық іс жүргізу құқығы (бұдан былай ҚІЖҚ) - қылмыстық іс бойынша іс жүргізу тәртібін белгілейтін және алдын ала тексеру, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдарының қылмыстық іс қозғау, тергеу, үкімді орындаумен байланысты мәселелерді сотта қарау және сотта шешу жөніндегі қызметін реттейтін құқықтық нормалар жүйесі болып табылады.
Қылмыстық процессуалдық құқықтың қайнар көздері. Анықтау, тергеу, прокуратура және сот органдарының қылмыстық сот төрелігін атқару жөніндегі қызметін реттейтін заңдар мен заңға сәйкес нормативтік актілер ҚІЖҚ қайнар көздері болып табылады. Оларға: Қазақстан Республикасының Конституциясы, конституциялық заңдар, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі (бұдан былай Кодекс), Қазақстан Республикасының қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттар, Конституциялық Кеңестің қылмыстық сот ісін жүргізу мәселелері жөніндегі нормативтік қаулылары, Жоғарғы Соттың қылмыстық сот ісін жүргізу мәселелері жөніндегі нормативтік қаулылары жатады.
Қылмыстық процеске қатысушылар. Қылмыстық процеске қатысушылар деп қылмыстық істерді тергеуге және қарауға өздерінің немесе өздері білдіретін құқықтар мен заңды мүдделерді қорғауы мақсатымен мемлекеттік органдар тартатын немесе қатыстыратын және іс жүргізушілік кең құқықтар берілген жеке және заңды тұлғаларды, қылмыстық сот ісін жүргізуге өкілетті лауазымды адамдар мен мемлекеттік органдарды, сондай-ақ қосалқы функциялар атқаратын адамдар мен органдарды түсіну керек.
Қылмыстық процеске қатысушыларды мынадай топтарға бөліп жіктеуге болады:
сот;
қылмыстық ізге түсу функциясын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар;
өз құқықтары мен мүдделерін немесе өздері білдіретін құқықтар мен мүдделерді қорғап процеске қатысушылар;
қылмыстық процеске қатысушы өзге де адамдар.
Дәлелдеме – оның негізінде анықтаушы, тергеуші, прокурор, сот ҚІЖК белгіленген тәртіппен Қылмыстық Кодексте көзделген әрекеттердің болғандығын немесе болмағандығын, айыпталушының бұл әрекетті жасағандығын немесе жасамағандығын және айыпталушының кінәлілігінің не кінәлі емес екендігін, сондай-ақ істі дұрыс шешу үшін маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтайтын заңды түрде алынған іс жүзіндегі деректер қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
Қылмыстық іс қозғау. Азаматтардың арыздары, кінәсін мойындап келуі, мемлекеттік органның лауазымды адамының немесе ұйымда басқару функцияларын атқарып отырған адамның хабарламасы, бұқаралық ақпарат органдарындағы хабар, лауазымды адамдардың және қылмыстық іс қозғауға құқық берілген органдардың қылмыс туралы мәліметтерді тікелей анықтауы қылмыстық іс қозғауға себеп болады. Қылмыстық іс қозғауға қылымыстық іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлар болмай, қылмыс белгілерін көрсететін жеткілікті деректердің болуы негіз болып табылады.
Алдын ала тергеу жүргізу ұғымы, мәні, нысандары. Анықтау - анықтау органдарының ҚІЖК белгіленген өкілеттілігі шегінде істің мән-жайының жиынтығын анықтау, белгілеу, бекіту және қылмыс жасаған адамдарды жауапқа тарту жөніндегі сотқа дейінгі қызметінің іс жүргізу нысаны болып табылады.
Алдын ала тергеу (алдын ала іздестіру) - уәкілетті органдардың Кодексте белгіленген өкілеттілігі шегінде істің мән-жайының жиынтығын анықтау, белгілеу, бекіту және қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жауапқа тарту жөніндегі сотқа дейінгі қызметінің іс жүргізу нысаны болып табылады
Достарыңызбен бөлісу: |